67. Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақтың ұлттық тарихи санасын қалыптастырудағы еңбегі («Түрік, қырғыз-қазақ һәм ханлар шежіресі»).
Абай даналығын бойына терең сіңірген ұлы ақынның дара шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ руханиятына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Қай еңбегін алып қарасаң да халық жүрегіне нұр, санасына сәуле түсіретін ой биігінен үн қатады. Ар-ұждан философиясын қалыптастырушы ойшылымыз дін тақырыбын ұлттық ұғыммен байланыстырып, ғылыми негізде еңбек жазған алғашқы қазақ. Ол сонымен бірге қазақтың шежіре-тарихын да алғаш зерттеп-зерделеген бірінші тұлға. Бұл бағытта Ш.Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегі еш теңдесі жоқ шығарма. Оны ауызекі тілде жұрт «Шәкәрім шежіресі» деп атап кеткен.
Тереңдей айтсақ, Шәкәрімнің сол шежіресі қазақ тарихын түгендеудің басы іспетті. Күндей күркіреген Көк түріктердің мұрагері, Ұлы даланың иегері қазақ жұртына көз алартқандар жұртымызды жойып жібере алмаса да, түрлі ат қойып, әлдекімдерге теліп жібергісі келген пиғылдар әр заманда аз болмаған. Алтай мен Каспий аралығында сан ғасыр бойы қаншама шайқас пен айқастардың өткені тарих беттерінен мәлім. Біресе үдере көшіп онда, біресе шайқаса жүріп мұнда мекендеген ата-бабаларымыз атақонысымызды жат қолынан қорғап қалған ерліктері ұзақ-сонар тарих. Айналып келгенде, елдік пен ерліктің үлгісін көрсетіп, жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орын алатын кең байтақ далаға иелік жасап отырған елдің тарихы, жұрттың шежіресін неге өзіне тән жазылмасқа!?
Осы сұрақ ұлы Абайды да қатты алаңдатқаны анық. Ұлы ақынның өзі тындырып үлгермеген, келешекке үміт арта көксеген дүниесінің бірі – еліміздің түп-тамырын тарихи құжаттармен бекітіп, бір ізбен қағазға түсіру болса керек. Соның алғашқы сатысы – хакім Абайдың Шәкәрімге «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» еңбегін жазуға бағыт бергендігі. Нақтылай кетсек, осы шежіре туралы тапсырма алғанда Шәкәрім 19 жаста екен. Арғы-бергі тарихымызды түгендеп, танымдық жүйеге енгізудің басы осылай басталған. Ол ағаның ініге бұйыра салған ағымдағы шаруалардың бірі емес, нағыз ғылыми ізденіс пен терең талдаулардан тұратын үлкен шығармашылық кеңістік болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |