1. Экология ғылымының басқа ғылымдармен байланысын талқылау негізінде экологияның бөлімдерін атап көрсетіңіз
Экология (грекше oikos – үй, баспана, logos – ілім, ғылым) – тірі организмдер мен қоршаған ортаның қарым-қатынасын немесе тірі организмдердің ортадағы өмір сүру шарттарының жағдайын, организмдердің бір-бірімен өзара байланысын зерттейтін ғылым.
Қазіргі таңда экология ғылымы зерттелетін обьектілердің ерекшеліктеріне, әдістеріне байланысты бірнеше бөлімдерден тұрады:
Аутэкология (грекше autos - өзім) – жеке организмдердің қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейтін экология бөлімі. Аутэкология ұғымын алғаш рет 1896 жылы Шретер особьтар экологиясы үшін қолданды. Аутэкология алдымен организмдердің (особьтардың) өлі материядан айырмашылығын: зат алмасу, көбею, өзгергіштік және тұқым қуалаушылық, өсуі мен дамуы, тітіркенгіштігі, қозғалысы және бейімделушілік қасиеттері бар тіршілік иелері ретінде қарастырады. Аутэкологияның міндеті – түрлердің алуан түрлі экологиялық жағдайларға (ылғал, жоғары және төменгі температураға, ортаның тұздылығы) физиологиялық, морфологиялық және т.б. бейімделуін анықтау. Соңғы жылдары аутэкологияда жаңа бағыт – орта ластануының әсеріне организмнің жауап қайтару тетіктерін қоса зерттеу пайда болды.
Демэкология(грекше demos - халық) немесе популяциялар экологиясы–қоршаған орта факторларының популяцияға әсерін, популяция санының өзгеруін зерттейді. Бір түрге жататын организмдердің топ құрып тіршілік ету ерекшеліктері, биологиялық құрылымы (жас, жыныс, көбею, өлу, табиғаттағы саны, тығыздығы, таралуы және т.б.) табиғаттағы сан мөлшерінің реттелуі мен ауыл шаруашылығындағы маңызы туралы мәліметтерді қарастырады.
Эйдэкология(грекше eidos - түр) – түр мен оның популяцияларын органикалық дүние дамуының жоғары деңгейі тұрғысында қарастырады. Өйткені особь, популяция белгілі бір нақты түрлердің өкілдері. Сондықтан эйдэкология – особь, популяция, түр, биоценоз, биогеоценоз (экожүйе), биосфера деңгейіндегі қарым-қатынастар туралы зерттеулер жүргізеді.
Синэкология(грекше syn-бірге) немесе қауымдастықтар экологиясы (биоценология)–биоценоз түзетін әр түрге жататын өсімдіктер, жануарлар және микроорганизмдер популяцияларын, олардың түзілуін, дамуын, құрылымын, өзгеруін және қоршаған ортамен қарым-қатынасын зерттейді.
Экология, жалпы бүкіл биология ғылымының одан әрі дамуына, эволюциялық ілімінің негізін салушы ағылшын ғалымы Ч.Дарвин (1809-1882 жж.) зерттеулерінің маңызы зор. 1859 жылы Ч.Дарвиннің «Табиғи сұрыпталу бойынша түрлердің шығу тегі» еңбегінде, табиғатта «тіршілік үшін күрес», яғни, қоршаған ортамен қарама-қайшылығы көп байланыстар табиғи сұрыпталуға алып келеді, эволюцияның қозғаушы күші болып табылады, - деп атап өтті. Оған атақты орыс ғалымдары В.В.Докучаев(1846-1903 жж.), В.И.Вернадский (1863-1945 жж.), В.Н.Сукачев (1880-1967 жж.), Н.Ф.Реймерс (1931-1993 жж.) үлкен үлес қосты. Олардың ішінен В.И.Вернадский «биосфера» және «ноосфера» концепциясының негізгі қағидаларын да тұжырымдады.
«Экология» ұғымын ғылымға алғаш рет енгізген неміс ғалымы Э.Геккель (1866 ж) экологияға мынадай анықтама берді: «Экология деп, біз табиғат экономикасына қатысты барлық білімдерді – жануардың оны қоршаған органикалық және бейорганикалық ортамен, әсіресе оның өзімен тікелей немесе жанама қарым-қатынаста болатын жануарлармен және өсімдіктердің өзара ынтымақтастық немесе қастастық әрекеттерінің бар жиынтығын зерттеу деп түсінеміз».
Достарыңызбен бөлісу: |