Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы
12 жылдық негізгі орта мектептің
базалық білім мазмұнын анықтау әдістері
Әдістемелік құрал
Астана
2013
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Ғылыми кеңесімен баспаға ұсынылды (2013 жылғы 27 ақпандағы № 1 хаттама).
12 жылдық негізгі орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері. Әдістемелік құрал. – Астана: Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2013. – 78 бет.
Әдістемелік құралда 12 жылдық мектептің негізгі орта деңгейі оқушыларының физиологиялық ерекшеліктері, психологиялық-педагогикалық аспектілері және негізгі орта білімнің базалық мазмұнын анықтау әдістемесі берілген. Сонымен қатар білім беру салалары бойынша негізгі орта мектепте оқытылатын оқу пәндерінің үлгілік базалық мазмұны енгізілген.
Бұл әдістемелік құрал жалпы білім беретін мектептердегі 12 жылдық оқытуға көшу экспериментін жүргізуші мұғалімдерге, әдіскерлерге және біліктілікті арттыру институттарының мамандарына арналған.
© Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясы, 2013
КІРІСПЕ
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 07 желтоқсандағы № 1118 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» көрсетілген міндеттердің бірі 12 жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын жаңғыртумен қоса жүзеге асыру болып табылады.
Мемлекеттік бағдарламада «орта білім берудің мақсаты: жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі жəне рухани дамыған азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеретін əлемде табысқа жетуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық игіліктері үшін бəсекеге қабілетті адами капиталды дамыту, 12 жылдық оқыту моделіне көшу» деп көрсетіліп, оны орындаудағы міндеттерінің бірі «12 жылдық оқыту моделіне көшуді білім беру мазмұнын жаңғырту арқылы жүзеге асыру» делінген. Яғни жоғарыда аталған құжатта белгіленгендей, 12 жылдық оқытуға көшу үшін білім мазмұнын жаңғырту басты мәселе болып табылады [1].
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Орта білім берудің мақсаты – жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өздігінен дұрыс және адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру» - деп айқындала отырып, оны орындаудағы міндеттер төмендегідей белгіленген:
-
азаматтыққа, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрметпен қарауға, елжандылыққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу;
-
білім сапасын түпкілікті бағалаудың субъективтік факторларының әсерін азайту;
-
оқушылардың сапалы білім алуға, функционалдық сауаттылыққа, ал мұғалімдердің біліктілігі мен педагогикалық шеберлігін ұдайы арттыруға деген уәждемелерін арттыру;
-
білім алушылардың еңбек салада бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін кәсіптік дағдылар алуына жағдай жасау;
-
денсаулық сақтайтын және ақпараттық технологияларды енгізу;
-
даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды оқытуға жағдай жасау [2].
Осы тұжырымдамада қойылған міндеттерді іске асыру үшін мыналар қажет:
-
білім берудің мазмұнын орталық білімнен біліктілік мазмұнына қарай (нәтижеге бағдарланған білім беру) өзгерту;
-
білім берудің мазмұнын дүниені тұтастай қабылдауды қамтамасыз ететін: тіл мен әдебиет, адамтану, қоғамтану, математика, информатика, жаратылыстану, өнер, технология, дене тәрбиесі сияқты білім беру салалары арқылы іске асыру;
-
оқушылардың жеке қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес жоғарғы сатыдағы бейіндік және кәсіптік бағдарлы оқыту жүйесін құру;
-
білікті жұмысшы кадрларын, техникалық және қызмет көрсету еңбегінің мамандарын даярлаудың кәсіптік білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын жаңарту;
-
техникалық және кәсіптік білім беруді сапалы ұйымдастыру үшін ынталандырудың және жұмыс берушілердің қаражаттарын тартудың нормативтік және құқықтық тетіктерін әзірлеу» - деп айқындап берілгендіктен, сол үрдістен шығу үшін мектепте оқытылатын пәндердің базалық білім мазмұнын жаңғырту қажеттігі туындағаны сөзсіз.
Жаңа білім беру мазмұнының базалық принципінің бірі - əрбір мектепте тұлғаның адамгершілік-рухани қасиеттерін дамытуды ынталандыратын ізгі білім беру ортасын құру. Егемен елімізде жүзеге асырылып жатқан ілгерілеу саясаты қоғам өмірінің барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізуде. Қазіргі таңдағы күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беруді әлемдік деңгейге жеткізу үлкен орын алады. Осыдан-ақ, мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына ұмтылуына байланысты әлемдік білім кеңістігіне кіру қажеттігі туындап отырғанын көруге болады. Мұның өзі егемен еліміздің білім мазмұны мен құрылымының әлемдік елдер деңгейіне сай болуын меңзейді [12].
Қазіргі таңда білім беру жүйесінің алдына қойылып отырған өзекті міндеттердің бірі дүниежүзілік деңгейге сәйкес келетін, жастарға сапалы білім беруге жағдай жасайтын және олардың үйлесімді дамуына, жеке бастың тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған жаңа үлгідегі мектеп құру болып отыр. Бұл мақсатты орындау орта білімнің 12 жылдық оқытуға көшуімен астасып жатыр.
Еліміз 12 жылдық орта білім беруге көшу мәселесін шешуде алыс-жақын шетелдердің іс-тәжірибелеріне және соңғы кездегі педагогика мен психология ғылымдарының алдыңғы қатарлы зерттеу нәтижелеріне сүйенуде. 12 жылдық орта білімге көшу мәселесі тыңғылықты дайындықты қажет етеді. Атап айтқанда білім беру орындарының үйлесімді дайындығын, әрбір мұғалімнің өз ісін қайта қарауын, білімнің теориялық және әдістемелік тұстарын жетілдіру. Сонымен қатар, 12 жылдық орта білімге көшу осыған байланысты жарық көретін әрбір мемлекеттік құжаттар талаптарының дер кезінде орындалуын және мұғалімдер мен оқушылар қауымына ұсынылатын оқулықтардың, оқу құралдарының педагогикалық, әдістемелік және психологиялық тұрғыдан негізделуін керек етеді [10].
12 жылдық негізгі орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтауға арналған әдістемелік құралдың мақсаты: 12 жылдық мектептің негізгі орта білімінің базалық мазмұнын анықтау әдістерін сипаттау.
Ал оны шешудің міндеттері:
-
5-10-сынып оқушыларының физиологиялық ерекшеліктерін және олардың оқу жүктемесіне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптарын сипаттау;
-
5-10-сынып оқушыларын оқытудың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктерін сипаттау;
-
5-10-сыныптарға арналған оқу пәндерінің ерекшеліктерін сипаттау;
-
негізгі орта мектепте оқытудың нәтижелеріне қойылатын қазіргі талаптарды талдау;
-
оқытудың дидактикалық және жеке әдістемелік принциптерін есепке ала отырып, 5-10-сыныптардың пәндері бойынша базалық мазмұнды анықтаудың әдістемесін әзірлеу;
-
5-10-сыныптарда негізгі пәндер бойынша үлгілік базалық мазмұнды айқындау.
12 жылдық мектеп - жаңа қоғам мектебі, болашақ мектебі, яғни мәдени саналы, халықтық мәдениетке интеграцияланған, жеке бағыттылық, баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасайтын және өзін-өзі тануына көмек көрсететін, физиологиялық және рухани таза, ізгілендірілген, өмірмен, қоршаған ортамен байланыс жасай алатын, әлеуметтік өмірге бейімделген, бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып, жетілдіретін мектеп болуға тиіс.
Білім беру жүйесін тиімді басқару мен сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін мектептің, жергілікті қауымдастықтың, әлеуметтік әріптестер мен мемлекеттік басқару органдарының қызметін білу қажет. Мектептерде есеп беру және басшылық, басқару, тиісті құжаттарын әзірлеу жүйесін жетілдіру; білім сапасын диагностикалау мен мониторинг мектеп қызметінің жүйесіне, тұлғалық- қызметтік, құзіреттілік тәсілдерге оқытудың әдістемелік жүйесіне және білім сапасын бағалаудың жаңа рейтингтік жүйесін енгізу [11].
Ал 12 жылдық мектепте мұғалімнің басты міндетінің бірі - жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған жұмыстарға зор көңіл бөлу. Мұндай бағыттағы жұмыстар оқушының белсенділігін, шығармашылық қабілетін, әлеуметтік жауапкершілігін, өмірде өз білімін іске асыру мүмкіндігін дамытуға қолайлы жағдайлар туғызуы керек. Сонымен қатар, мұғалімнің кәсіби-әдістемелік даму деңгейіне, тұлғалық қажеттілігі мен сұранысына негізделе отырып, инновациялық мектептерге қойылатын талаптарға сай әдіснамалық ұйымдастырылатын басқару жүйесі нәтижелі болуын қамтамасыз ету қажет.
1 12 жылдық мектептің 5-10-сынып оқушыларының физиологиялық ерекшіліктері
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-ІІІ «Білім туралы» Заңының 16-бабында: «Негізгі орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары білім алушылардың ғылым жүйесінің базалық негіздерін меңгеруге, олардың бойында тұлғааралық және этносаралық қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, жеке адамның өзін-өзі билеуіне және кәсіптік бағдарлануына бағытталады»,- деп көрсетілген [3].
Негізгі орта білім берудің басты міндетi – білім алушылар игерген білім, білік, дағдылар мен әрекеттердің тәсілдерін басшылыққа ала отырып, олардың мәдени деңгейі мен дүниетанымын қалыптастыруда физиологиялық ерекшеліктерін ескеру.
Оқыту бала ағзасының үйренуге деген қабілетіне негізделген анатомиялық-физиологиялық аппаратының күрделі қызметі негізінде құрылады. Физиология саласындағы соңғы зерттеулер оқып-білу әуелден-ақ адамның бойында бар табиғи қасиет екендігін дәлелдеп отыр. Ол адамның қоршаған орта мен өзін тани алуынан байқалады, яғни меңгеру үдерісі кезінде көрініс табады.
Әр адамда оқуға деген қабілетілік әртүрлі болып келеді. Оқу – есте сақтаумен тікелей байланыстағы және одан бөліп қарауға болмайтын үдеріс. Оқу үнемі толықтыруды және өзгерістер енгізіп отыруды қажет етеді, ал есте сақтау қабілеті алған білімді меңгеру мен сақтауды қамтамасыз етеді.
ХХ ғасырдың басында алғаш рет оқытуды физиологиялық әдістер көмегімен зерттеу басталды. Қазір де оқыту физиологияның кең түрдегі зерттеу аймағына айналды. Оқытудың әртүрі заңдылықтары мен олардың физиологиялық тетіктерін зерттеу жүйке жүйесі қызметінің іргелі ұстанымдарын анықтауды қамтиды.
Адам миы – ағзаның барлық күрделі қызмет жүйесінің жұмыс істеуіне жауап беретін ерекше аппарат. Қазіргі таңда оқытудың нейрофизиологиялық негізін зерттеуге көптеген мүмкіндіктер туып отыр.
Физиология ғылымында жоғарғы жүйке қызметі мидың жүйелі, жасушалы және молекулярлы деп бөлінетін үдерістерін әртүрлі деңгейде ұйымдастыру тетіктеріне байланысты құрылады деп сипатталады. Оқу мен есте сақтау - мидың жаңаны қабылдауының нәтижесі. Адам миының негізгі қасиеті оның құрылымдық және қызметтік көпқырлылығы, яғни көп нәрсені тұтас қабылдай алу қабілеті болып табылады.
Оқытудың физиологиялық негіздерін түсіндіру Аристотель еңбектерінен бастау алады. Ал мидың түрлі қызметі алғаш рет И.М.Сеченов пен И.П.Павловтың ғылыми еңбектерінде сипатталды.
Көптеген физиологтар мидың саналы қызметіне оның тек сол жақ бөлігі жауап береді, яғни негізгі рөл атқарады деп есептейді. Сол жақ ми бөлігі ойды қорытады, оны сөзбен жеткізеді және біздің тілімізге жауап береді. Мидың сол жақ бөлігі алынған ақпаратты кезегімен қорытып отырады, сондықтан да оң жақ бөлігіне қарағанда баяу.
Енді дидактикаға келер болсақ. Көптеген ғалымдар (педагогтар, психологтар, физиологтар) мектеп әдістемесінде «сол жақтық» оқыту басым, яғни білім берудің логикасы мен мазмұнын құруға қатаң логистикалық, дискурсивтік-сараптамалық тұрғыдан келеді. Егер математик-ғалым саналы немесе саналы емес түрде өз көзқарастары тұрғысында «логистикалық» мектепке жататын болса, оның оқулығы дедуктивті ойлауға басымырақ құрылады. Ол оқулықтың мазмұны мен математикалық ойлары «қатал» логика мен қатаң қорытындылармен бүркемеленеді. Мұндай оқулықтар барынша абстрактілі болып келеді. Мұғалімдер мұндай жайға жиі ұшырасады. Ондай оқулықпен жұмыс істеу мұғалімге де, оқушыға да қиындық тигізеді.
Осындай «логистикалық» оқулықпен математиканы оқыту мидың сол жақ бөлігіне көп салмақ түсіреді де, мидың оң жақ бөлігі басылып қалады. Нәтижесінде миға біркелкі күш түспейді және мидың қызметі тиімсіз болады.
Осының нәтижесінде оқыту жетістіктері де төмен деңгейді көрсетеді. Мұндай жағдайда білімді психологиялық типі жағынан логикалық түрге жататын оқушы ғана меңгереді. Осыдан психикалық қызметі сезім болып табылатын көптеген оқушылар математиканы оқуда қиындықтарға кездеседі.
Ал математик-ғалым өз көзқарасы тұрғысынан интуитив мектебіне жатса, ондай адамның оң жақ жартышарлы оқулығын бала өмір бойы ұмытпайды. Заманауи психологиялық талдаулар мен физиологиялық зерттеулер нәтижелері ғана математиктердің ғылымды меңгеру туралы ойларына түсінік бере алды. Математикалық ойлау кезінде мидың екі бөлігі де тиімді жұмыс істейтіндей мазмұнды оқулықтар құрастыру қажет.
Оқытудағы физиологиялық ерекшеліктер туралы айта келе келесі қорытындыға тоқталамыз: оқытудың физиологиялық тетіктерін білу оқу үдерісінде баланы тұлға ретінде дамытуға шексіз мүмкіндіктер береді.
Баланың өсіп-жетілуінде жеткіншек жастың алатын орны ерекше. Бұл жас кезеңінде бала ағзасында және оның жан дүниесінің дамуында күрделі психофизиологиялық өзгерістер болады. Осы өзгерістерге байланысты баланың қоршаған ортаға, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа, іс-әрекеттерге деген көзқарастары өзгереді. Осы жас кезеңінде ағзаның қайта құрылуымен байланысты жеткіншектер жаңа проблемаларды шешуі қажет болғанда, оның бұл проблемаларды өз бетімен шешуге мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. Осы тұрғыда оқушылардың жеке тұлғалық ерекшеліктерін зерттеп, оларды өнегелі етіп тәрбиелеу мектептің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Жеткіншек кезеңнің басты ерекшеліктерінің бірі физиологиялық және жыныстық жетілу жасөспірімдер үшін іштей толқуларды туғызады. Бірақ бұл өзгерістер әр жасөспірімде түрлі жолдармен жүзеге асады. Жеткіншек ағзасында осындай өзгерістер олардың психикасы мен мінез-құлқына үлкен әсер етеді деп ойлайды үлкендер. Сондықтан да бұл кезеңде шамадан тыс ренжігіштік, ашушаңдық, өжеттік, шапшаңдық бой көтереді. Бұл кезеңде достық пен құрбы-құрдастар ұжымының маңыздылығы арта түседі. Жеткіншек кезеңде достыққа түрткі болатын нәрселер тереңдей түседі. Өзара достық қатынастардың үзілуін жеткіншектер аса ауыртпалықпен қабылдайды.
А.Е.Личконың айтуы бойынша жеткіншектің жеке басы дамуының аса маңызды факторы - оның өзінің ауқымды әлеуметтік белсенділігі; ол белгілі бір үлгілер мен игіліктерді, үлкендерден және жолдастары мен, ақырында өзіне қанағаттанарлық қарым-қатынас орнатуға (өзінің жеке басы мен өзiнің болашағын және ниетін, мақсаты мен міндетін жүзеге асыру әрекеттерін жобалау) бағытталады [13].
Жеткіншек кезең – мінез-құлықтың қалыптасуында ерекше орын алатын кезең. Бұған дейін жеке мінез-құлықтарды айтатын болсақ, ал жеткіншек кезеңде мінез бірте-бірте тұрақтанады, бір негізге түсе бастайды, өзінің қылығын басқара алуға мүмкіндігі жетеді.
Төменгі сынып оқушысымен салыстырғанда, жеткіншек бір емес, бірнеше пәндерді қатар оқитындықтан, барлық мұғалімдермен дұрыс қарым-қатынас жасай алуы керек, олардың өзіндік ерекшеліктері мен талаптарын ескеруі тиіс. Жеткіншек кезеңдегі белсенділікке ұмтылыс өзі қаламаған іс-әрекеттерге, тәртіп бұзушылыққа, кей кезде өз ортасынан алшақтауға әкеліп соқтыратын физикалық дамудың ерекшеліктері деп қарастырған жөн. Алайда, бұл нәрселерден жеткіншек кезеңді айналмай өтуге болмайды екен деп әсте ойлауға болмайды. Жетекшілері қатаң талап қойған, жақсы ұйымдасқан ұжымдарда жеткіншек қылығының көрінісі өзгеше болып келеді. Нақ осындай ұжымда ғана жеткіншектердің бойында адалдық, достыққа деген тұрақтылық, ұжымды сыйлай білу сезімі қалыптасады. Солай бола тұрса да, оқу - олар үшін іс-әрекеттің бастысы болып қала береді. Алайда жеткіншектердің психикасындағы негізгі жаңа өзгерістер қоғамдық пайдалы іспен байланысты болады. Бұл қоғамдық пайдалы іс жеткіншектердің құрбыларымен, жолдастарымен араласуын және өзін ұстай білу қабілетін қанағаттандыра алғанда ғана әсерлі болмақ. Жасөспірімдерді азамат ретінде тәрбиелеудің болашағы нақ осы қоғамдық пайдалы іспен байланысты десек артық емес. Қоғамдық пайдалы істі ұйымдастырған кезде жасөспірімдер өз шағын тобының мақсаты мен міндеттері және қызығушылығымен шектеліп қалмайтындай жағын ескерген маңызды. Әйтпесе, бұл жағдай топтық өзімшілдіктің де туғызуы мүмкін. Бұл іс-әрекетте бастысы, жеткіншек өз ісінің маңызын түсініп, жетістіктерге қол жеткізуі тиіс. Кейде іс-әрекеттің бастамасында үлкен қызығушылық байқалады.
Балаларды сыныптан тыс жұмыстың мазмұны ғана емес, формасы да қызықтырады. Оларды батырлық, қиял қызықтырады, оларға бірге саяхатқа шығу, зерттеу жұмыстарын жүргізу ерекше ұнайды.
Жеткіншек кезеңде осы шақтың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, баланың лидерлік тұлғасын дамытуды мақсат етуіміз қажет.
Болашақта саналы, белсенді және мақсатқа бағытталған жеке адамды қалыптастыру – бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік гуманитарлық жүйелердің жоспарлы қағидасы деп айтуға болады. Себебі, физиологиялық және психологиялық тұрғыда белсенді, өмірлік позициясы айқындалған жеткіншектерді дамытып, қалыптастыру – білім беру мекемелерінің алдында тұрған зор міндет [5].
2 12 жылдық мектептің 5-10-сыныптарында оқытудың психологиялық-педагогикалық ерекшіліктері
Психологияда жеткіншек жас кезеңі ең күрделі және көптеген ерекшеліктермен сипатталатын жас кезеңі болып есептеледі. Осы жас кезеңінде организмнің қайта құрылуымен байланысты жеткіншектер жаңа проблемаларды шешуі керек. Бала бұл проблемаларды өз бетімен шешуге мүмкіндігі болмай қалады.
Мектеп жасында негізінен есте ұстау, ерік аңғарымдылығы сияқты психологиялық кабілеттер қалыптасып, баланың ерік-жігері жетіле түседі. Бұл – психологиялық жағынан ерекше атап өтетін кезең.
Жеткіншектің психикалық іс-әрекет динамизмі ұқсас мөлшерде оны әлеуметтік жағымды, сол сияқты әлеуметті теріс ықпалдар бағытына бейімді етеді.
Адам өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі - жеткіншектік кезең (14-16 жас). Бұл кезеңде жеткіншек бала да емес, ересек те емес. Осы кезең адамның «әлеуметтік импритинг» жасы. Яғни, адам барлық жағдайға жоғары деңгейде әсерлене отырып, ересек бола бастайды.
Осы жас кезеңіне тән бірқатар мінез-құлық стереотиптері бар:
1) Оппозиция реакциясы - жеткіншек мінез-құлқы және іс-әрекетіне қарсылық мөлшерден тыс шектеулер, үлкендердің оның қызығушылықтарына немқұрайлы қарау негізінде туындайды.
2) Имитация реакциясы - белгілі бір адамға, бейнеге еліктеу негізінде байқалады.
3) Теріс имитация реакциясы - белгіленген модельге қарама-қайшы мінез-құлық негізінде пайда болады.
4) Орын толтыру (компенсация) реакциясы – бір саладағы сәтсіздік екінші саладағы табыспен толықтырылады.
5) Гиперкомпенсация реакциясы - өзі үшін қиын салада табысты ұмтылу.
6) Эмансипация реакциясы - үлкендердің қорғауынан босануға ұмтылу, өзіндік тұжырымдалу.
7) Топтау реакциясы - құрбыларын топтарға біріктіру.
8) Қызығушылық реакциясы жеткіншек қызығушылықтарының түрлі бағыттарында көрінеді.
Жеке адамның бір-бірінен ажырағысыз және оған пәрменді түрде ықпал ететін тұлғалық ерекшеліктері өзара байланысты. Анықтауыш қасиеттер - жеке адамның әлеуметтік сипаттамасы, оның себептері, мүдделері, мақсаттары. Жеке адам болу үшін психикалық дамудық белгілі бір дәрежесіне өтіп, басқа адамдарға қарағанда ерекшелігі бар екенін білетіндей біртұтас тұлға болуы тиіс. Өмір бойы даму мен тәрбиенің нәтижесінде жеке адамның орнығып, жетілуін қалыптасу деп атайды.
Жеке адамның қалыптасуы - күрделі, ағзаның өсуі мен жетілуін, стихиялы әсерлерді, мақсатты, ұйымдасқан тәрбиені қамтитын қарама-қайшылықты процесс. Жеке адамның қалыптасуы өмірге келген сәтінен басталады да жеткіншек және жасөспірім шақта жеделдей түседі, ал ересек шақта өзінің біршама аяқталу кезеңіне жетеді.
Жеке адамның дамуы ағзаның өсуі мен жетілу процесі болып табылады. Бұл процестер психикалық дамумен өзара тығыз байланыста өтеді, оған ықпал жасайды, бірақ адамның жеке адам ретінде қалыптасуын белгілеп бере алмайды. Жеке адамның дамуы - бұл оның рухани өсуі мен жетілу процесі, яғни, оның барлық іс-әрекеттеріне, өзін қоршаған құбылыстарға, адамдарға деген қарым-қатынасқа, танымдық процестерінде болатын сапалық өзгерістерге қатысты адам үшін елеулі болып табылатын процесс. Жеке адамның, әсіресе, оның балалық және жасөспірім шақта дамып-жетілуі ең алдымен тәрбиенің ықпалы арқылы жүріп отырады. Бірақ тәрбие әсерінің дәрежесі мен сипаты көп жағдайда тәрбиенің даму заңдылықтарын қаншалықты ескергеніне байланысты болады. Сөйтіп, тәрбие мен дамудың арасында екі жақты байланыс болады.
Сондықтан адамның даму ерекшеліктерін тереңірек қарастырған жөн. Жеке тұлға мен қоғамдық ортаның қарым-қатынасы - философия, психология, педагогика, т.б. қоғамдық ғылымдардың ежелден айналысып келе жатқан көкейкесті мәселелерінің бірі. Бұл жөнінде кейінгі жылдары жарық көрген философиялық, педагогикалық, психологиялық, этикалық, ұлтаралық қарым-қатынастарға арналған еңбектерден басқа П.И.Подласыйдың, М.Ф.Харламовтың «Педагогика» (М.1996-1997), Б.С.Гершунскийдің «XXI ғасырда білім берудің философиясы» (1993), Г.К.Нұрғалиеваның «Тұлғаның құндылық бағытын қалыптастырудық методологиясы, практикасы» секілді ондаған монографиялық еңбектері жарық көрді. Адам баласы материалдық және рухани өмірдің ортасында тіршілік етеді де, өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ұжымның, ұлттың, рудық мүшесі ретінде өзіндік ақыл-парасатымен, жеке бастың өзіне тән ақыл-ой, ерік-жігер, мінез-құлық ерекшелігімен көрінуге тырысады. Қоғам мүшелерінің бәріне ортақ біркелкі мінез-құлықтың, қасиеттің болуы мүмкін емес.
Әр адам – өзінше жеке тұлға. Жеке тұлғаның ерекшелігі дегеніміз — оның өзіне тән мінез-құлғындағы, іс-әрекетіндегі, көзқарасындағы ерекшелігімен даралануы. Қоғамдық тұлғаларға ортақ этикалың бірыңғай талаптардың болуына қарамастан, қоршаған орта жөнінде әр адамның қалыптасқан өзіндік ой-пікірінің, көзқарасының болуы, олардың өзі өсіріп-білген құбылысқа деген көзқарасын, ой-пікірін білдіруі заңды құбылыс.
Мәселен, біреулер айналасындағы құбылысқа таңдана, тамашалай қараса, енді біреулер сын көзімен қарап, ой-қорытуы, сын пікірлер айтуы мүмкін. Адамдардың қоршаған ортадағы құбылыстарды түсініп қабылдауы да әртүрлі. Ол әр адамның жеке басына тән физиологиялық, психологиялық, биологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Жеке тұлғаның ой-санасының, білім көлемінің толысуына байланысты оның өмірге көзқарасы, белгілі құбылыстарға баға беруінде де өзгерістердің болуы, толысып жаңарып отыруы заңды құбылыс. Әр адам – саналы жеке тұлға. Сана ақыл-ойдан туындайды. Адамның ақыл-ойы біркелкі дамымайды. Адамдар бір-бірін бағалауда қателіктер жіберуі де мүмкін. Кейбір адамдар өзінің жеке басын басқалардан артық бағалауға тырысады. Жеке тұлғаға тән қасиеті - ақыл, ес, яғни, өмірді өзінің сана-сезім өлшемімен қарап бағалауға бейім тұруы. Сондықтан өмірді танып білу - миллиондаған жеке тұлғалардың сезім, түсінігінен тұрады. Жеке тұлғаның еске сақтауы өзге адамдардың тәжірибесін жинақтауға да негізделеді. Әрбір тұлға оларды оқып, көріп, оқығанын, естігенін, көргенін өз ойына тоқып, содан сабақ алу арқылы да өзінің іс-әрекетін, мінез-құлқын, сана-сезімін байытады. Адам өмірде өзі жіберген қателіктерден де, басқалардың қателіктерінен де сабақ алады. Оны қайталамауға тырысады. Мұны педагогикада адамның өзін-өзі тәрбиелеуі деп атайды. Басқалардың өнегелі іс-әрекетінен үйрену, оны өзінің жақсы қасиетіне айналдыру өмір заңы.
Тұлға — жеке адамның мақсатының орындалуы, ерік-жігерінің іске асуы, өзі жөніндегі ойын, еркін іске асыруға дайындығы және оны іске асыруының нәтижесі. Ерік-жігер механизмі дегеніміз - адамның өзіне тән қасиеттерін іске асыруы. Адам ойына келген іс-әрекетті іске асыруда ерікке жол береді. Бірақ адам бір нерсені істерде алдымен еркін ақыл-парасат таразысына салып, оны іске асыру жөн бе, басқалар оған қалай қарар екен? деген ойға қалады. Ерік-жігердің іске асырылуы ақыл мен санаға бағынышты. Өмірде кейбір адамдар бір іс-әрекетті іске асырарда өте байыппен қарап, осының нәтижесі қалай болар екен деп «мың ойланып, жүз толғанып» іске кіріседі, ал кейбіреулер бірден ойына алғанын апыр-топыр іске асырып, кейін опық жеп жатады. Осының бәрі адамның ерік-жігер күшінің түріне байланысты.
Тұлға дегеніміз - сезімнің, әсердің, ішкі күйініш-сүйініштің бойға жинақталған көрінісі. Алайда, әр тұлғаның эмоциялық сезім дүниесі әр басқа. Оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеу ісін жетілдіру үшін олардың жас және дербес ерекшеліктерін еске алып, оқу-тәрбие жұмысының барысында сана-сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету - мұғалімнің басты міндеті.
Мұғалім оқушының білімге, өнерге қызығушылық ынтасын, спорт ойындарына құштарлығын анықтайды, өзін-өзі тәрбиелеуге жүргізілетін жұмыстардың тақырыптарын ақыл-ой, құлық, еңбек, эстетикалық тәрбиесімен ұштастырып алады. Баланың өзін-өзі тәрбиелеу белсенділігін қоғамдық жұмыстарға байланысты тапсырмалар беріп, орындау арқылы дамытуға болады. Қоғамда атқаратын рөлі, белгілі құқығы бар адамды жеке адам деп түсінеміз. Ал, қалыптасу дегеніміз - адамның жеке басының дамуы мен тәрбиесінің нәтижесінде жетілуі, саналы өмір сүруге дайын болуы. Педагогика ғылымы жас ерекшеліктерін анықтауға баланың дамуын үнемі қозғалыс үрдісі ретінде қарастыра отырып, бұл қозғалыстан сан жағынан жинақталу, сапа жағынан елеулі өзгерістер болатынын алға тартады.
Достарыңызбен бөлісу: |