Өніп – өсу, көбею жүйесі - сүтқоректілердің бәрі дара жыныстылар. Жыныс бездері жұп. Кейбір сүтқоректілерде аталық без өмір бойы дене қуысында болады.Басқа түрлерінде ен қалтасында орналасады.Аталық жыныс безін бойлай ен сағағы жатады. Ол көптеген ирек каналдар арқылы жыныс өнімдерін тұқым жолына шығарады. Тұқым жолдарының ұштары жыныс-несеп каналына енер алдында тұқым көпіршігін түзейді. Тұқым көпіршігі ұрықтың сұйық бөлімін құрауға қатысатын секрет бөледі. Шағылысу мүшесінің түп жағында бір жұп қуықмаңы безі болады. Бұл да жыныс-несеп каналына ашылады. Сперматозоидтар жүзіп жүретін сұйықтықты осы без бөледі.
Аналық жыныс безі де жұп, дене қуысының артында шажырқайға бекіп тұрады. Жұп жұмыртқа жолы жұмыртқа бездерінің жанына келіп ашылады. Жұмыртқа жолының жоғарғы бөлімін Фаллопий түтігі деп атайды. Олар ары қарай кеңейген жатырға, жатыр қынапқа ашылады. Кейбір сүтқоректілерде жатыр жұп болады. Оның оң және сол бөлімі қынапқа жеке-жеке тесік арқылы ашылады. Кейбір кеміргіштердің, жарғанаттардың, жыртқыштардың жатыры төменгі жағынан қосылып екі айыр жатыр түзейді. Киттәрізділер, тұяқтылардың жатыры қос мүйізді, ал приматтарда дара, қарапайым болады.
Сүткоректілер класының систематикасы
Алғашқы аңдар кластармағы - Prototheria Алғашқы аңдар немесе біртесіктілер – сүтқоретілердің ішіндегі ең қарапайымы. Олардың қарапайымдылығы рептилияларға жақындатады: клоаканың болуы, қабыршақты жамылғының рудимент күйінде сақталуы, басқыңқасында маңдайалды және маңдайарты сүйектерінің, иық белдеуінде бағанааралық және прокоракоидтың болуы, аяқтарының тұлғаның екі жағында орналасуы. Тері жамылғысы – түк, сүт бездері, астыңғы жақ бір тіс сүйегінен тұрады, ол тікелей қабыршақты сүйекпен байланысады. Екі шүйде ілмешегі тән және II-V-ші саусақтары үш буынды. Ең ежелгі қалдықтары үшқырлы азу тістері бар майда аңдар – Triconodontia.
Біртесіктілер отряды – Monotremata Отряд Австралия, Таймания және Жаңа Гвинеяда тараған қазіргі кездегі ең қарапайым 2 тұқымдасқа жататын 4 түрді біріктіреді. Біртесіктілер - дене тұрқы 30 см-ден 80 см-ге жетеді. Денесі ірі түктермен, тікенектермен немесе қалың мамықпен жабылған. Көздері кішкентай, құлақ қалқаны кішкентай не мүлдем болмайды. Табанымен жүрушілер, өкшесінде мүйізді тепкісі (батқысы) болады. Бассүйегі жалпақ, ұзарған жақтары мүйізді қапшықпен қапталған. Шықшыт сүйек өте кішкентай не болмайды.
Есту органдарының құрылысы қарапайым: ортаңғы құлақтағы балғашық пен төс сүйектері бір-бірімен бірігіп кеткен. Иық белдеуінде коракоид, прокоракоид және төс сүріншегі болады. Бессаусақты аяқтары тырнақпен аяқталады. Аталықтары мен аналықтарының жамбас белдеуінде қалта сүйектері болады. Көмекейде дыбыс сіңірлері болмайды. Миы үлкен, бірақ қыртыс құрылысы қарапайым. Иіс-сезу бөлімі өте үлкен. Якобсон мүшесі жақсы дамыған. Асқорыту бездері жоқ. Ішек пен қуық клоакаға ашылады. Жұмыртқа безі қызмет атқарады, жұмыртқа жолы клоакаға ашылады.
Ехидналар тұқымдасына (Tachyglossidae). Денесі ұзындығы 6 см-ге жететін инелермен жабылған(құрсағында болмайды) 3 түрді біріктіреді. Тер бездері дамымаған. Мойны қысқа, құйрығы байқалмайды.қысқа әрі күшті аяқтары иілген тырнақтармен жабдықталған, ол ін қазуға бейімдеушілік. Көзінде жыпылдақ жарғақ болмайды. Тұмсығы кішкентай ауызбен аяқталады. Қорегін жабысқақ сілекейлі тілімен аулайды. Тістері мүлдем болмайды. Орманды және бұталы ландшафтарды мекендейді.
Қорегін жабысқақ сілекейлі тілімен аулайды. Тістері мүлдем болмайды. Орманды және бұталы ландшафтарды мекендейді. Өкілдері: дене тұрқы 53 см-ге жететін Австралия ехиднасы(Nachyglossus aculeatus) және Тасмания ехиднасы(Tachyglossius setosus), сол сияқты тек Жаңа Гвинеяда тараған, дене тұрқы 80 см-ге жететін проехидна (Zaglossus bruijni).
Үйректұмсықтылар тұқымдасына (Ornithorhynchidae). Австралия мен Тасманияда тіршілік ететін бір түрі- үйректұмсық (Ornithorhynchus anatinus) жатады. Дене тұрқы 45 см-дей, жалпақ құйрығының ұзындығы 15 см. Денесін қалың қысқа қылшық пен түбіттен тұратын жүн басқан. Май және тер бездері болады. Жалпақ тұмсығының екі жағы мүйізді тақтайшамен жабдықталған, олар тілдің мүйізді тақтайшаларымен бірігіп елгезер(елек) түзейді: ол арқылы лай сүзіледі, қорегі қалады.
Тұмсығы сезгіш орган: ол жүйкеге бай жұмсақ терімен қапталған. Көзінде жыпылдақ жарғақ бар. Құлақ қалқаны болмайды. Миы кішкентай, сайшалары аз. Бессаусақты аяқтары жүзуге және қазуға бейімделген. Су омыртқасыздары және майда балықтармен қоректенеді. Суқоймаларының жағалауларын мекендейді.
Аңдар кластармағы –Theria Төменгі сатыдағы аңдар инфракласы немесе Қалталылар – Metatheria. Кластармағына төлдерін тірі туатын сүтқоректілер жатады. Сүт бездерінің жолдары емшекке ашылады. Балғашық және төс сүйектері бір-бірімен бірікпейді. Дабыл сүйегі әдетте бассүйегімен бірігіп кеткен. Астыңғы жақтың тәжі, бұрыш өсінділері мен шықшыт сүйегі барлық өкілдерінде жақсы дамыған. Тістері басым көпшілігінде гетеродонтты, дифиодонтты. Кеуде қаңқасында коракоид пен прокоракоид болмайды. Миында сүйелді дене болады, сирек те болса болмауы мүмкін. Қарынның сілемейлі қабығында асқорыту бездері болады. Клоака жоқ.
Қалталылардың плацентасы нашар дамыған, осыған орай төлдері өте әлсіз болып туады, өйткені жыныс жолында дамуы қысқа. Қалтасы және қалта сүйектері болады. Қынабы жұп. Тек жалған азу тісінде ғана сүттік және тұрақты генерация болады.
Қалталылар отряды – Marsupiala. Отрядқа Америка, Австралия және оған жақын жатқан аралдарда мекендейтін 2 отрядтармағы, 9 тұқымдас пен 200-ге жуық түр жатады. Құрлық, топырақ арасы, жартылау суда, ағашта (қалықтап ұшатын формалары бар) тіршілік етеді.
Дене тұрқы 4 см-ден 160 см-ге дейін ауытқып тұрады. Дене температурасы 34-36°. Тұмсығында және аяқтарында жақсы дамыған вибристері (сезгіш мұрттары) болады. Теріде тері және май бездері бар. Көзінде жыпылдақ жарғағы болады. Ортаңғы құлақтағы балғашық пен төс сүйектері бір-бірімен жиі бірігіп кеткен. Тіс саны мен формасы қоректену сипатына қарай өзгермелі. Миы қарапайым, сүйелді дене жоқ. Иіс-сезу бөлімі күшті жетілген. Қынабы мен жатыры жұп. Шағылысу мүшесінің басы екі айрық.
Көп күректістілер отрядтармағы (Polyprotodontia). Австралия мен Америкада тұтастай оңтүстігінде тараған 6 тұқымдас пен 100- ден аса түрді біріктіреді. Анатомиялық жағанан күректістері біршама көп: астыңғы жақтың бір жартысында 3-4, ал үстіңгісінде 3-5. Шошақ тістері жақсы жетілген, азу тістері үшкір бұдырлы. Отрядтармағының басқа өкілдері: қалталы қаптесер (Antechinus flavipes), қалталы сусар (Dasyurops maculatus), қалталы құмырсқажегіш (Myrmecobius fasciatus), қалталы көртышқан (Notoryctes typhlops), Тасмания жын-перісі (Sarcophilus harrisii) және басқалары.
Американың орманды және бұталы шіліктерінде мекендейді. Дене тұрқы 36-50 см, массасы 1,5-5,5 кг. Тұмсығы үшкірлеу, құлақтары үлкен, түксіз. Алақаны мен табаны қысқа, алдыңғы аяғындағы бірінші саусақ басқаларына қарама-қарсы орналасқан, тырнақсыз. Ұзын және жалаңаш құйрығы қармалағыш типті. Қорек талғамайтындар. Ағаш қуысында және топырақ жарықшаларына аналығы жылы ұя жасайды. Төлдерінің саны 8-18.