7 зертханалық жұмыс Тақырып : Өркен және бүршік Жұмыстың мақсаты және міндеті



бет1/3
Дата20.10.2023
өлшемі486.51 Kb.
#481276
түріСабақ
  1   2   3
зертханалық жұмыс-7


7 зертханалық жұмыс
Тақырып : Өркен және бүршік


Жұмыстың мақсаты және міндеті: Өркен морфологиясын, оның бұтақтануын, бүршік құрылысын және олардың түрлерін талдау.
Жұмыстың мазмұны:
Жалпы түсінік
Өркен - бойында сабақ, жапырақ және бүршік орналасқан өсімдіктің негізгі мүшесі. Өркеннің барлық құрамды бөліктері біртұтас түзуші ұлпа жиынтығынан пайда болады. Өркеннің арқаулық өсі-сабақ. Оның жапырак шыққан жерін буын, екі буын арасын буынаралықтар деп атайды.
Буыннан шыққан жапырақпен жоғары өсетін сабақ арасындағы "бұрыштық" кеңістікті жапырақ қойнауы дейді. Сабақ бойындағы буын және буынаралықтар белгілі ретпен, өсу бағытында қайталанады да, өзара ұқсас, кұрылымды бөлімдер-метамерлер түзеді (грек. мета - бірлесе, мерис – бөлігі). Өркеннің мұндай құрылым бөлігі буыннан, буынаралықтан, жапырақтан, қолтық бүршіктен кұралған. Демек, өркен метамерлік құрылымды жүйе.
Сабақ өсімдіктің денесін жоғары көтеріп тұру, жапырақта пайда болған органикалык заттарды тамырға қарай, ал тамырдың топырақтан сіңірген суы мен минералды тұздарын жапыраққа қарай өткізу қызметтерін атқарады. Көпшілік жағдайда ол қорлық заттарды жинақтаушы және вегетативтік көбею мүшесі де бола алады.
Бүршік өркеннің үздіксіз өсуін, бұтақтануын және өркеңдер жүйесінің қалыптасуын қамтамасыз етеді. Бүршік дегеніміз -буынаралықтары өте қысқарған, түрі өзгерген - метаморфозданған өркен. Бүршік кұрамында өстік сабақ, оның өсу төбесі (конусы) бірін-бірі жаба орналасқан, бірнеше жас жапырақшалары болады. Бүршіктегі төменгі жапырақшалар ондағы ішкі жапырақшалары, өсу төбесін жоғары жағынан иіле жауьш орналасады. Көпшілік жағдайда бұл жапырақшалар - қабыршақты, біршама қатты, түсі, түрі өзгерген, саны әртүрлі, мысалы, еменде 20-дан астам, талда - 22, даражарнақтыларда - 1 ғана. Мұндай қабыршақтары бар бүршіктер жабық деп аталады (ақ қайың, жөке, емен және т.б.).
Ашық немесе жалаңаш бүршікте қабыршақтар болмайды. Ашык бүршік көптеген тропикалык және субтропикалык ағаштарына, (мәңгі жасыл) цитрус тұқымдастарына тән.
Гүлді өсімдіктерде бүршіктер келешекте не өсіп шығатынына байланысты: 1. гүл бүршігі; 2. жапырақ бүршігі; 3. вегетативті-генеративтік бүршіктер болып бөлінеді.
Гүл бүршігі - көлемі ірі, тек қысқарған өркеннің бойына ғана бітеді, бұдан келешекте гүл шығады.
Жапырақ бүршігі - көлемі гүл бүршігінен ұсақ келеді де, жапырақ өсіп шығады.
Вегетативті-генеративтік бүршіктен келешекте өркен метамері, гүл немесе гүл шоғыры өсіп шығады, Бүршіктің бұл түрі шөптесін өсімдіктерде және кейбір ағаштарда (мамыргүл, сирень), ырғай) болады.
Бүршіктер сабақта орналасу ретіне қарай: төбе және жанама бүршіктер болып бөлінеді. Жанама бүршіктерге қолтық және қосалқы бүршіктер жатады. Төбе бүршік - өсіп келе жаткан өркеннің дәл ұшында болады да, оның жасушаларының көбеюі нәтижесінде, өсімдіктің негізгі өркендері кеңістікте бойлай өседі.
Өсу конусында, жас жапырақшалар қойнауында (сабақ пен жапырақтың біріккен жерінде) экзогенді жолмен қолтық бүршіктер дамиды. Олар орналасуына карай:
1. сериялы (лат. сериес - қатар) - бір қолтықтан бірнеше бүршік дамиды да, бірінің үстіне бірі орналасады, мысалы, грек жаңғағы, ұшқат, аққараған т.б.;
2. коллатералды (лат. кол - бірге, латералс - бүйірлі) немесе бүйірлес орналасады, мысалы, астық тұқымдастарының біраз түрлері, алхоры т.б.;
3. биколлатералды бүршік - кеңістікте таспалы, екі қатарлы өзара бүйірлес орналасады;
4. айналмалы-бунақты бүршік, бір буын деңгейінде өсті айнала орналасады; мысалы, қара өрік.
Қосалкы немесе адвентивті (лат. адвентикус - кездейсоқ) бүршік-өсу конусының меристемасынан емес, қалыптасқан сабақтан, эндогенді (грек. эндон - ішінде, генос - туу) жолмен дамиды.
Бұйыққан бүршік жылдар бойы өспей, өзінің өсу қабілетін жоғалтпай, қолайлы кезеңде өсуге бейімделген өстік ұлпаға көмілген бүршіктер. Бұйыққан бүршіктің жандануына себепші, арқаулық діңнің, оның жанама бұтақтарының зақымдануы, өстің табиғи бұтақтарының закымдануы, өстің табиғи ескіруі немесе оның үсікке шалынуы, әдейі кесілуі. Бүршіктің бұл түрі өркендер жүйесінің ұзақ уақыт табиғи толығуына, оған қолайсыз әртүрлі жағдайларда қайта қалпына келуін камтамасыздандырады.
Бүрпгіктің ылғалды камерасында өркеннің меристемалық төбесі - апекс (лат. апекс - төбесі, өсу нүктесі), өсу нүктесі болады. Апекс өркеннің барлык мүшелерінің және ұлпаларының қалыптасуын қамтамасыз ететін, белсенді жұмыс атқаратын өсу орталығы. Апекстің тұрақты жаңалануын, оның төбелік меристемасының инициалды (лат. инициалис - алғашқы) жасушалары қамтамасыз етеді. Өркен апекстің тек ұшы, демек, өсу конусы ғана тегіс болады, онда алғашкы жапырақтар қалыптасады.
Өсу конусының сырт пішіні өсімдік түріне қарай өте катты өзгереді. Мысалы, жіңішке биік - элодея және астық тұқымдастарда; жарты шар тәріздес - шайқурайда; кейде жантақта, тегіс-селекшөпте, ойыс-бақажапырақта болуы мүмкін.
Бүршіктің өркенге айналуы, ең алғашқы жапырақтардың және бұтақтардың үдей өсуінен басталады. Ағаштарда, бұталарда және көпжылдық шөптерде бүршіктерден өркендер жылына бір рет- көктемде немесе жаздың басында дамиды да, онан соң тек келесі көктемде өркендейтін жаңа бүршіктер қалыптасады. Бүршіктерден жылына бір рет, бір вегетациялық маусымда өскен өркен - жылдық өркен немесе бір жылдық өркен деп аталады, Ағаштарда ол жылдық бүршік шеңберінің сақталуымен анықталады. Бір өсу кезеңінде пайда болған өркендерді элементарлык деп атайды.
Өркеннің бұтақтану тәсілі әртүрлі. Ол жанама бүршіктердің әрқилы орналасуына, өсу тәсіліне және өсімдіктің өсу ортасына, құрылымдық ерекшелігіне байланысты. Табиғатта сабағы нашар бұтақтанатын немесе бұтақтанбайтын өсімдіктерде болады (көпшілік пальмалар, жүгері, банандар). Табиғатта бұтақтың мынадай түрлерін ажыратады: айырлы немесе дихотомиялы, моноподилі, симподилі және жалған дихотомиялы.
Дихотомиялы бұтақтарды өсу ңүктесіндегі инициалдық жасушалар екіге айырылып бұтақтанады. Келесі кезекте бұл өстің төбелік бүршігі тағы екі айырылады, міне осы ретпен бұтақтану жалғаса береді (су шырмауығы - плаун).
Моноподилі бұтақтануда ұрықтан дамыған басты сабақ өсу конусын өмірлік сактайды да, негізгі өстің шексіз төбелік өсуге қабілеті сақталады. Демек, моноподилі бұтақтануда басты өстік сабақтың шексіз төбелік өсуге қабілеті бар. Сондықтан бұның екінші реттегі жанама бұтақтары, өзінің дамуында басты өстен барлык уақытта қалып отырады (шырша; қарағай).
Симподилі бұтақтануда басты өстің өсу конусы өзінің қызметін өте ерте тоқтатады. Негізінен өсуді жалғастыратын екінші реттегі өсь, міне осы ретпен бұтақтану жалғаса береді. Бұтақтанудың 6ұл түрінде басты өсь бірінші, екінші, үшінші реттегі бүйірлік бұтақтардан құралады, мысалы, жөке, алма, алмұрт және т.б.
Жалған дихотомиялы бұтақтану бұтақтанудың өз алдына ерекше түрі болып саналмайды. Бұл өстік сабақта жапырақ қарама-қарсы орналасқандағы симподилі бұтақтанудың бір түрі. Өсімдіктің бұтақтануының нәтижесінде оның еңсесінің аумағы артады да, фотосинтездік қабілеті жоғарлайды.
Көптеген шөп, бұта өсімдіктерінің буынаралыктарының мөлшеріне қарай - қысқарған және ұзарған буынаралықты өркендер ажыратылады. Ұзын буынаралықты өркендердің буындары бір-бірінен алшақтаған, өстік сабағы тегіс болып келеді, ұзарған өркен кеңістікте бойлап өсе береді, гүлдемейді, жеміссіз болады да, бойдақ, кейде сабау шыбық деп аталады.
Қысқарған өркеннің буынаралықтары жакын, сондықтан да олардың сырт көрінісі қыскартылған (қатпарлы), кедір-бұдыр болады. Қысқарған өркенде көбінесе гүл бүршіктері дамиды да, одан жеміс жетіледі, демек, бұны жемістік өркен деп атайды. Мұндай қысқарған өркендер мысалы: алма, өрік, шие, алмұрт, долана сияқты жемісті өсімдіктерде кездеседі.
Біраз жағдайда шөптесін өсімдіктердің жер үсті вегетативтік бөлігі немесе өсьтік сабағы біршама ықшамдалып қысқарған. Бұл жағдайда өсімдіктің пішіні тарбиған, топырақ бетіне жайыла орналасады (бақбақ, бақажапырақ). Олардың сабағының орнына тек жалғыз ғана сойдиып шығып түрған гүл сағағы болады. Мұндай ыкшамдалған сабақтарды ақбас капустадан және пияздан да көруге болады.
Өркеннің жер асты түрленуінің нәтижесінде тамырсабақ, түйнек, пиязшық, түйнек-пиязшық және столон (жатаған сабақ) пайда болады. Тамырсабақ қойнаулық бүршіктерінен жер үсті өркендері немесе оның жанама тармақтары қалыптасады. Тамырсабақ буындарында қосалқы тамырлар дамиды. Тамырсабақтың тамырдан ерекшелігі мұнда тамыр оймақшасы болмайды. Жер үсті өркендері сияқты тамырсабақтың бұтақтануы моноподилі және симподилІ больш келеді.
Түйнек, түйнек-пиязшық, пиязшық (жуашык.) және столон жер асты түрлене өзгерген өркендер. Бұл түрлене өзгерген өркендердің ортақ қызметтері вегетативті көбею, қорлық заттарды жинақтау және тиімді қыстап шығу. Бірак, кейбір өсімдік түрінде (оның метаморфозды өркенінде) бұл қызметтер әрқилы сипатта. Мысалы, қырлы шөпте тамыр сабақ қызметі қорлық заттарды жинақтау болса, жалбыз бен жатаған бидайықта көбею болып табылады.
Түйнек дегеніміз - сабағы өте белсенці жуандаған қабыршақты және бүршікті өркен. Түйнек вегетативтік көбею мүшесі қор жинаушы қызметін атқарады. Мысалы, картоп столондарының ұшындағы бүршіктердің көлемі жуандай үлкейіп, оның өсі паренхималанған, өсе келе үлкенді-кішілі түйнектерге (картопқа) айналады. Қабыршақтар орнындағы көзшеде бүршіктер дамиды.
Пиязшық (жуашық) - сағағы ыкшамдалып, қысқарған түбіртекке бөлінген, түрлене өзгерген жер асты, шырынды, етженді қабыршақты жапырақтар. Олар түбіртек бойына су және қоректік зат жинақтайды. Оның сыртқы қабыршақтары құрғақ, қорғаушы қызметін атқарады. Түбіртектің төбелік бүршігінен өркен, ал оның түбірінен қосалқы тамырлар дамиды. Пиязшықтар лалагүлдер тұқымдасына сипатты (сарымсақта, жуада, лалагүлде және қызғалдақта). Пиязшық вегетативтік көбею мүшесі.
Түйнек-пиязшық, түйнек пен пиязшыктың арасындағы өтпелі тері. Сырт көрінісінде пиязшыққа ұқсас та, ал морфологиялық жағынан түйнекке жақын. Оның жапырақ қабыршақтары құрғақ, ал қорлық заттар жуандаған сабағында (гладиолус, бәйшешек) жинақталады.
Өркеннің жер бетіндегі түрленуіне мұртшалар, столондар кладодий, филлокладий және тікендер жатады. Мұртша және жер бетіндегі столондар – 6ұл тамырсабақ пен кәдімгі жер үсті өркендерінің арасындағы өтпелі түрлері. Бұлардың төменгі жапырақтары мен қосалқы тамырлары жоқ. Мұртшалардың сабақтары өте нәзік, жіңішке, буынаралықтары ұзын, төбелік мүшелері тамырланған соң, жойылады (бүлдіргенде).
Кладодий (грек. гладос - бұтақ) - жасыл жапырақ тәрізді жалпақ, өзгерген сабақ. Мысалы, австриялық, мюлленбекия өсімдігінің жалпайған сабағы.
Филлокладий (грек. филон - жапырақ, кладос - бұтақ) -өсуі шекті, жапырақ тәрізді жалпайған өркен. Оның жалпайған бет жағында қабыршақты жапырақшалар және гүл шоғырлары пайда болады. Бұған мысал ретінде кірпішөпті (иглица) алуға болады.
Тікен (сояу) - шөл, шөлейт аудандарда өсетін өсімдіктерде жиі кездеседі. Кейбір өсімдіктерде ол түрі өзгерген өркен (кәдімгі алмұрт) екінші жағдайда - жапырақ (бөріқарақат), кейбіреулерінде- жапырақ серіктері.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет