Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі



Дата16.06.2016
өлшемі56.12 Kb.
#139363
Айтыс, оның түрлері мен көркемдік ерекшеліктері
Қазақтың ауыз әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне тән ерекшеліктері, даму тарихы бар.

Айтыс халық ауыз әдебиетінің ерекше бір түрі. Айтыс қазақтан басқа арабтың бәдеуилер тайпасында және түрік тілдес елдердің бірқатарында, ірі ақындар айтысы Үндістан халықтарында бар.

Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе жатқанын айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің түрлері сараланып, бір-бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы басқалары да қосыла жүрген дәуірде туса керек деп топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде басталса керек.

Айтыстың ескі түрі деп есептелетін бәдік айтысының негізінде адам баласының табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, басқа айтыстардың ішінде қайсысы ерте, қайсысы кеш туды, оны айту қиын.

Дегенмен, кейбір айтыстардың мазмұнына, лексикасына, сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда болғанын топшылауға болады. Мысалы, жануарлар айтысына, өлі мен тірінің айтысына қарағаңда, жұмбақ айтысының анағұрлым кеш туғандығы анық.

Салт айтысының ескі түрі қыз бен жігіт айтысында негізгі тақырып – жастық көңіл күйі мен өнер сынасу болса, ақындар айтысында өнер салыстыру, сөз сынасудың үстіне әр ақын өз руын дәріптей жырлаушылық келіп қосылғанын көреміз. Әсіресе бұл XIX ғ. етегін кеңірек жайған. Осы дәуірде өмір сүрген атақты ақындар: Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара, т.б. түрлі тақырыпта шығарған қысқа өлеңдерімен қатар, айтысқа түсіп, сан алуан сөз тартыстарын бастарынан кешірген және тарихта көпшілігінің аттары осы айтыс арқылы сақталған.

Айтыс жанры қазақ ауыз әдебиетінде саны жағынан да, сапасы жағынан да айрықша орын алады. Тек қазақта ғана емес, бүкіл Шығыс елінде бар айтыс қазір өзінің жанрлық қасиетін, түрін қазақ әдебиетінде ғана сақтап қалып отыр.

Айтыстың өзіне тән ерекшеліктері бар. Ақындар айтысында "жаттама (трафарет) өлеңдер аз болады" (С.Мұқанов). Олар өлеңді табан астында шығарады, тосыннан айтысады. Айтыс үстінде талай күтпеген жайлар кездеседі. Айтысар тақырыбы белгісіз, тосын сұрауларға тап болады. Екі ақын да бірін-бірі тығырыққа қамау үшін, бірін-бірі сүріндіру үшін, өмір құбылыстарын жұмбақ етіп те тартады. Соның бәріне ақындар жөпелдемеде жауап беруге, дәлел айтуға әзір болуы керек. Мұның бәрі ақындардан сөзге жүйріктікті, білгірлікті, тапқырлықты, ұсталықты қажетсінумен қатар, ел-елдің шежіресін, тарихын, жер жайын, этнографиялық ерекшеліктерін білуді керек етеді. Олай болмаған күнде құр ділмарлықпен ештеңе өндіре алмайды, сайыста дәрменсіз болып қала береді. Жаттанды сөз өрнегін қолдану ақынға абырой әпермейді.

Ақындар айтыстың бас кезінде асқақ әуенге басады, өздерінің мойны озық сөз жүйрігі екенін таныта, қарсылас ақынын тұқырта, кеміте, үркіте сөйлейді. Әсет пен Ырысжан айтысында Ырысжан:

 

Дау айтып күні бұрын көрсетпелік,



Майданда озса жүйрікке есептелік.

Орта жүз түгел білген Ырысжанмын

Үш кессе қауқарым бар кесірткелік, –

 

деп, Әсетті ықтыра сөз тастайды, ал Әсет оған:



 

Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ,

Алты арысқа білінген екен менмін, –

 

деп, асқақ жауап қатады.



 

Ақындардың бірден асқақ кетуі тек бірін-бірі ығыстырып үркіту, тұқырту ниетін көздемейді, олар сонымен қатар бір-бірінің аяқ алысына, сөз саптасына, өнерлілігіне барлау да жасау мақсатын көздеген. Сөз майданында тосын кездескен, бір-біріне танымал емес ақындардың мұндай барлау жасауы табиғи да.

Ақындар айтысының тағы бір ерекшелігі "ойында өрелік жоқ" дегендей, айтысқа үлкен де, кіші де, еркек те, әйел де қатынаса береді. Тек талант-дарыны болса, бәйгеге түсер шамасы болса болғаны. Майталман ақынның жарыста таныла бастаған балаң ақынмен, ұлғайған ақынның жас қыз, келіншекпен айтысуы, сөзбен сілкілесуі шам емес.

Сонымен қатар айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің, жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады. Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды. Мұндай қылықты қазақ айтысқыштық, ұтымшылық деп санамайды. Оны қазақ "сиыршылау" деп атайды. Шынайы ақын өзінің ұтылғанын білсе, бірден жеңілгенін мойындап, әрі қарай сөз таластырмайды.

Ауыз әдебиетінің басқа жанрларына қарағанда, айтыстың ерекшелігі – оған көптеген әйел ақындар қатынасқан. Қазақ ақындар айтысында талантымен танылып, бүкіл елге аты жайылған әйгілі ақындар аз емес. Сара мен Ырысжан, Ақбала мен Күнбала, Тоғжан мен Тәбия сияқты ақындар – топтан озған жүйріктер. Осындай аяулы өнер иелерін халық қатты ардақтаған.

Ақындар айтысының ендігі бір ерекшелігі – онда "Халық театрының анық, дәл ұрығы бар" (М.Әуезов), айтыс әсерлі болуы үшін ақындар домбыраның не сырнайдың, қобыздың сүйемелдеуімен, әнмен айтады. Театр актерлеріндей олар сан алуан құбылыс жасайды.

Тарихта аты мәлім қазақ ақындарының көпшілігі осы айтыс өлеңдерінде тәрбиеленіп өсті. Айтыс – ақындық тәрбие мектебі. Сөз сайысы үстінде оның ақындық өнері шыңдала береді. Ақындар шаршы топ алдында сарапқа, сынға түскендіктен, сөзінің мазмұны мен көркемдік жақтарына зер салады. Айтыс жырларындағы үздік образ, шешен сөздер осы айтыс үстінде туған.

 

Айтыстың көркемдік ерекшелігі. Өлшеусіз талант әрі әнші екі саңлақтың шешен сөздері – өзінің көркемдік жағынан күні бүгінге дейін үлгі. Бұл айтыстың сөздері анықтық, тазалық, дәлдік жағынан болсын, көркемдік, сұлулық жағынан болсын қазақ поэзиясының төрінен орын алады.



Үздік теңеу, эпитет, жалпы троп пен фигураның бұл айтыстан небір шұрайлылары табылады.

 

Ақиық, мұзбалақпын жерге түспес,



Кең қолтық арғымақпын алқымы іспес, –

 

деген жолдардағы эпитеттік метафоралар, "қырандай желді күнгі аспандаймын" деген жолдағы теңеу үздік образдар екені сөзсіз.



Біржан өзін де, біреуді де дәріптегенде, өте шебер және көбірек қолданатын әдісі – метафора, әсіресе оның ұлғайған түрі.

Сол көркем сөз айшықтарын екі ақын да өз арман-мұраттарын, мұң-шерін айтып беру үшін шебер пайдалана білген. Біржан сөздеріндегі алуан түрлі эпитет, метафоралар, Сара сөзіндегі үздік теңеулер соны да көркем.

Біржан мен Сара айтыстарында ақындық көркем тілдің және бір түрі — ирония мен сарказмды шебер де ұтымды қолданған. Әсіресе айтыстың соңында Сараның Жиенқұлды шақыр деген жеріндегі сөз, сөйлем құрылысын алсақ, түгелдей ирония, сарказмға құрылады.

 

Көрінсін Біржан салға ай секілді,



Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді,

Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым,

Біржанға баламаймын тай секілді...

 

Мұнда сөйлемнің сыртқы құрылысы көркем, асыра мақтау болса да, ішкі мазмұнында Жиенқұлдың шын суреті мен шын қасиеті бұл мақтауды жоққа шығарады да, оны иронияға (әжуаға) айналдырады. Мұнда сырт жағынан болса да мақтау бар. Ал екінші үзіндіде Сара Жиенқұлды ашық шенейді:



 

Қонжиып мінер Құла жорға барса,

Келе алмас ол шірігің қорғаласа,

Ол бізді шын масқара қылар сонда,

Қорс етіп бармаймын деп үйде қалса.

 

Алдыңғы үзіндіде ішкі мазмұнына сыртқы құрылысы керісінше келсе, соңғы үзіндіде өзінің барлық күйін ашық, улы сарказммен айтып, Жиенқұлды өлтіре сынайды. Сол арқылы өз басын малға сатып, сүймеген адамына бергелі отырған айналасына да наразылығын білдіреді.



Сөйтіп, "Біржан мен Сара" айтысының негізгі түйіні – әйелдің бас бостандығы. Өткен ғасырда екі саңлақтың үн қосып, әйелдің бас бостандығын жырға арқау етуі, ескі феодалдық салтқа қарсы шығуы өз дәуірі үшін прогресшіл идея еді.

Құрылысы, түрі жағынан алғанда, бұл айтыс – салт айтыстың ең биігі.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет