ӘДЕБИЕТ САБАҚТАРЫНДА ӘДІС-ТӘСІЛДЕРДІ
ТАҢДАУ ЖОЛДАРЫ
Ұтқырлық мұраты, мұғалімдерден сабақтың мақсатын жинақты түрде айқындап, белгілеп алғаннан кейін, сол мақсатты жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін де таңдап ала білуді талап етеді. Ол үшін әр мұғалім оұыту әдістемесін жете біліп, әрі оны сабақ мақсатына қарай іріктеп алып, шебер пайдалануы керек. Бұл – аса маңызды, мұғалімнен шығармашылық ізденісті, жүйелі, тиянақты жұмысты талап ететін мәселе. Мұғалім әр әдіс-тәсілдің өзіндік ерекшелігін, мүмкіндіктерін де жете білуі қажет. Көпшілік жағдайда мұғалімнің өзінің төселген, дағдыланған әдіс-тәсілі болады. Мұндай мұғаімдер қай тақырып болсын, оны қай сыныпта өткізсін, сабақтың негізгі мақсатын да еске алмастан, «дағдыға» айналған әдіс-тәсілмен сабақ жүргізе береді. Мұндай сабақтар тиімді өтеді, ол оқушыларға өз дәрежесінде білім бере алады деп айту қиын-ақ. Оқу тәрбие жұмыстарының барлық саласын бір өзі шешіп тастайтын әдіс-тәсіл жоқ. Сол себептен де мұғалім әдіс-тәсілдерді жете меңгеріп қоймай, оларды қай жағдайда, қалай пайдалануға болады, соны да ерекше ойлануы керек. Мысалы, тәжірибе көрсетіп жүргендей, бір жағдайда тиімді болған, пайдалы деп танылған әдіс-тәсілдер екінші жағдайда кейде тиімді, пайдалы бола бермейді. Неге олай, себебі не? Оқушылардың таным белсенділігін, ойлау қызметін дамытуда, жетілдіруде, оларға өз бетінше қорытынды, тұжырым жасата білуде проблемалық оқытудың маңызы ерекше. Оқытудың бұл түрі арқылы мұғалім оқушы алдында проблемалық жағдаят (ситуация) тудыратын танымдық-іздендіруші, шығармашылық сипаттағы зерттеу әдісіне бағытталған тапсырмалар береді және оны орындата алады. Дегенмен де, осы проблемалық оқыту әдіс-тәсілдерінің мүмкіншіліктері шексіз емес. Оқу материалының барлығы, барлық тақырыптар проблемалық жағдаятты талап етпейді. Сондай-ақ белсенділігі, білім дәрежесі орташа, не ортадан төмен сынып ұжымына проблемалық оқыту әр уақытта да жемісті болады деуге болмайды. Бұл әдіс-тәсілдер оның үстіне уақытты да көп талап етеді. Өтетін тақырып аса күрделі емес, әрі оқушы дербес, өздері шеш алмайтындай тапсырмаларға төселген жағдайда ғана проблемалық оқытуды басшылыққа алу тиімді.
Түсіндірмелі-репродуктивтік әдістің де өзіндік ерекшелігі, мүмкіншілігі бар. Бұл әдіс-тәсілдің ең тиімді жағы мұғалім білімді қысқа мерзім ішінде, барлық оқушыларды қамти отырып, береді. Оқу материалын ақпараттық сипатта, әңгімелеу, түсіндіру сипатында жеткізеді. Оқушылар да өз мүмкіндіктерінше ол білімді қабылдай алады. Бірақ репродукдивтік-түсіндірмелі әдісте оқушының дербес ойлауы арқылы жүргізетін өзіндік жұмыс түрлері әлсіз болып келеді. Сондай-ақ әдебиетті оқытуда тиімділігі ерекше, көрнекілік әдісінің де мүмкіндіктері әр түрлі. Көрнекілік – оқушылардың пәнге қызығушылығын, таным белсенділігін арттырады. Дегенмен, оны үнемі пайдалану оқушылардың дерексіз түрде ойлауын тежейді, көркем тілінің дамуына кедергі жасайды. Міне, сондықтан тиімділік идеялары да сабақта мұғалімнің өзі төселген бір әдіс-тәсілмен жұмыс істеуін, немесе өзі білетін барлық әдісті бір сабаққа үйіп-төгуін жоққа шығарады, әрі бір сүрлеу, бір ізбен жұмыс істеудің тиімсіздігін дәлелдейді. Тиімділік идеялары оқыту әдістерін үйлесімді түрде, сол сабақтағы оқу-тәрбие мақсаты, тақырып ерекшелігі, сабақ өткелі отырған сыныптың жеке-даралық, жағдайларын ескере отырып, таңдап, сұрыптап ала білуді талап етеді. Белгілі, нақтылы жағдайға байланысты тиімді, пайдалы деп сұрыпталынып алынған әдіс-тәсілдер екінші жағдайда тиімді болуы да мүмкін. Сол себепті әдіс-тәсілдерді үнемі бірлікте, үйлестіре пайдаланған дұрыс болады.
Өзіндік әдісін көрнекілікпен, практикалық жұмыстармен астастырып немесе зерттеу әдісін түсіндірмелі әдіспен үйлестіре пайдаланудың маңызы зор болмақ (әрине, қандай әдістерді қалай пайдалану сабақ мақсатына байланысты туындайды). Ал, кейде практикалық, танымдық-іздендіруші әдістерді көрнекілік әдіспен үйлестіре пайдалануға болады. Әдістәсілдерді үйлестіре қолдану – оқушылар еңбегін ғылыми, тиімді түрде ұйымдастырудың маңызды бір саласы. Мұндай сабақтардан оқушылар жалықпайды, әрі пәнге деген қызығушылығы, белсенділігі артады. Сабаққа әзірлік үстінде өтетін тақырыпқа зер сала отырып, оны қандай әдіс-тәсілдер арқылы түсіндіргенде ғана оқушыға берік те тиянақты білім беруге болатынын әбден ойластыру қажет. Ал өзі таңдап алған әдіс-тәсілдердің нәтижелі болуы ол мұғалімнің қаншалықты дәрежеде оқыту әдістерін жете біліп, жете меңгеруіне байланысты. Егер мұғалім сөздік әдісінің теориялық білім берудегі тиімділігін ескермесе немесе оқушылардың теориялық білімдерін өмірге пайдалана білу үшін, оны практикалық әдістермен үйлестіргенде, нәтижесі болатынын білмесе, әрине онда мұғалім таңдап алған әдіс-тәсілдер жүйесінің нәтижелілігі туралы сөз қозғаудың да қажеті жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |