Қарағанды – 2010 Әож 616. 3 Кбж 54. 13 я 73 е 83 пікірсарапшылар: А. А. Кикимбаева



бет7/8
Дата17.07.2016
өлшемі3.66 Mb.
#205541
1   2   3   4   5   6   7   8

Тамырлануы. Артериялар аш ішектің қабырғасына ене отырып, үш өрім құрайды, олар: бұлшықетті қабықшаның ішкі және сыртқы қабаттарының арасындағы – бұлшықет аралық, шырыш асты негіздегі – кең орамды және шырышты қабықшадағы – қысқа орамды өрімдер. Кейінгісінен – ішек криптілері төңірегіндегі қан капиллярларын түзейтін артериолалар және әр бүрге еніп, сол жерде капиллярлар торына тарамдалатын 1-2 артериола шығады. Бүрдің гемокапиллярларынан қан оның бойымен өтетін венулаға жиналады. Аш ішектің веналары екі өрім құрайды. Олар: шырышты қабықшадағы өрім және шырыш асты негіздегі өрім. Ішек бүрлеріне қанның келуін реттейтін тұйықтаушы артериялар түріндегі көптеген артериоловенулярлық анастомоздар болады. Ас қорыту кезінде артериялар мен веналар арасындағы анастомоздар жабық болады да, бүкіл қан шырышты қабықшаға, оның бүрлеріне құйылады. Ашыққан уақытта бұл қосылымдар ашық болады да барлық қан шырышты қабықшаға соқпай өтеді. Тұйықтаушы веналар аш ішектен шығатын вена ағынының көлемін реттейді.

Аш ішектің лимфа тамырлары өте кең тармақталған тор түрінде болады. Әрбір ішек бүрінде оның ортаңғы бөлігінде орналасып, бүрдің ұшында тұйықтала бітетін лимфа капиллярлары бар. Оның саңылауы, қан капиллярына қарағанда, кеңдеу. Бүрлердің лимфа капиллярларынан лимфа – шырышты қабықшаның лимфа өріміне, ал одан – үлкен лимфа тамырларынан түзілген шырыш асты негіздің сәйкес өріміне ағып барады. Бұл өрімге сонымен қатар жекелеген және топтана орналасқан лимфа түйіндерін қоршап жатқан тығыз капиллярлар торы келіп құяды. Шырыш асты өрімнен бұлшықетті қабықшаның қабаттары арасында орналасқан лимфа тамырлары тарайды.



Жүйкеленуі. Афференттік иннервация жұлындық ганглийлердің сезімтал нерв талшықтарынан және олардың рецепторлық аяқтамаларынан түзілген бұлшықетті – ішек сезімтал өрімі арқылы жүзеге асады. Тармақты және бұтақты нерв аяқтамалары шырыш асты негізде және шырышты қабықшаның меншікті табақшасында жиі кездеседі. Олардың терминальдық бұтақтары тамырларға, дуоденальдық бездерге, ішек криптілері мен ішек бүрінің эпителийіне дейін жете орналасады. Сезімтал талшықтардың мол тармағы мықын ішегінде және илеоцекальдық аймақта орналасады. Олардың ішінде бұта пішіндестері басымырақ кездеседі. Жекелеген рецепторлар нерв ганглийлерінің өздерінде де болады.

Эфференттік иннервация симпатикалық және парасимпатикалық нервтер арқылы жүзеге асады. Ішек қабырғасының қалыңында парасимпатикалық бұлшықет – ішек және шырыш асты нерв өрімдері жақсы жетілген. Бұлшықет –ішек өрімі ұлтабарда басқа ішектерге қарағанда көбірек дамыған. Бұл жерде көптеген, тығыз орналасқан ірі ганглийлер байқалады. Аш ішектегі ганглийлердің мөлшері мен көлемі каудальдық бағытқа қарай кемиді. Ганглийлерде І және ІІ типті жасушаларды ажыратады және оларда І типті жасушалар көп. Олар әсіресе ұлтабарда, мықын ішегінің бастапқы бөлімінде және илеоцекальдық аймақта мол болады.



Аш ішектегі сіңірілу үрдісінің гистофизиологиясы. Ішек бүрлері аш ішектегі қабырғалық ас қорыту мен сіңіру үрдісін қамтамасыз ететін негізгі құрылымдар болып табылады. Бұл үрдісте ішек криптілері де елеулі қызмет атқарады. Ферменттердің әсерімен ыдыраған қоректік заттар бүрлердің бағаналы эпителиоциттеріне өтеді де, сол жерде бірқатар өзгерістерге ұшырайды. Содан соң олар шырышты қабықшаның меншікті табақшасы арқылы қан капиллярларына (ақуыздар, көмірсулар) немесе лимфа капиллярларына (майлар) өтеді. Бүр стромасында орналасқан жазық бұлшықет жасушалары жиырылған кезде, сіңірілген заттар осының әсерінен кеңейетін тамырларға өтуге мүмкіндік алады. Ішек бүрлері жазылғанда, қоректік заттар тағы да эпителий арқылы олардың стромасына өтеді, ал капилляр қайтадан қанмен толығады. Минут сайын әр бүр шамамен 4-6 рет жиырылады. Ішек бүрлерінің неғұрлым белсенді әрекеті сіңірілу үрдісінің үстінде байқалады. Аштық кезінде олардың қозғалысы тежеледі. Бір минут ішінде жеке алынған бүр химустан 0,03 куб.мм шамасындағы затты сіңіре алады. Аш ішекте 1,4 млн. бүр болса, онда минутына олар арқылы шамамен 45 куб. см қоректік зат сіңірілуі мүмкін.

Майлардың сіңірілуі ішек бүрінің ұшында басталып, оның табанына қарай таралады. Әуелі (тәжірибе жасалатын жануарды қоректендіргеннен кейін 20 минуттен соң) майдың ұсақ тамшылары (хиломикрондар) – бағаналы эпителиоциттің жолақты жиегінде, дәлірек айтқанда, оның микробүрлерінің арасындағы кеңістікте, сондай-ақ жасуша цитоплазмасының шеткері аймағында, жиекше астында орналасады. Бұл жерде олар липазалардың әсеріне ұшырайды. Оның барысында холинэстераза мен холинэстериннің көмегімен эстерленіп, жасуша жақсы сіңіретін холестерин эфиріне айнала алатын глицерин мен еркін май қышқылдары түзіледі. Жасуша қабаты арқылы өткеннен кейін, холестерин эфирі ыдырайды да, соның нәтижесінде еркін май қышқылы пайда болады. Олар жасушаға сіңген глицеринмен қайтадан қосылып, май тамшыларын құрайды. Глицерин мен май қышқылдарынан бейтарап майды синтездеуде эпителиоциттің митохондриялары, Гольджи кешені маңызды роль атқарады.

Сипатталған үрдіспен қатар бағаналы эпителиоциттердің эмульгирленген майды тікелей сіңіру мүмкіндігі жөнінде мағлұматтар бар. Содан соң хиломикрондар жасушаның базальдық бөлігіне ығыса бастайды. Біраз кейінірек (эксперимент басталғаннан 30 минут – 1 сағаттан соң) майдың ірі тамшылары ядро үстіндегі Гольджи кешені орналасқан цитоплазма аймағында байқалады.

Аш ішекке ақуыздың сіңірілу үрдісінің гистофизиологиясы аз зерттелген. Белоктық қосындыларды тек ұрық пен нәрестелердің ғана ішек эпителийінен көруге болады. Олардың бағаналы эпителиоциттерде пайда болуы, шамасы ұрықтың амниотикалық сұйықтықты жұтуымен түсіндіріледі.

Аш ішектегі көмірсулардың сіңірілуі бағаналы эпителиоциттердің гликогенді фосфорлау – гексоздарды фосфор қышқылының эфиріне айналдыру жолымен синтездеу қабілетіне байланысты болуы ықтимал. Ұрықтың аш ішек бүрлерінің эпителиоциттерінде гликогендердің көп мөлшері болады. Гликогеннің ересектердің аш ішек эпителиоциттерінде пайда болуы ішектерге көп мөлшерде қант түскен жағдайда ғана байқалады. Ол эпителиоциттердің жолақты жиегіндегі түйіршіктер түрінде көрінеді. Жасушалардың жиегінде және апикальды бөліктерінде көмірсуларды ыдырату мен сіңіру үрдістеріне қатысатын сілтілі және қышқыл фосфатаза мен фосфоамидаза бар. Эпителиоциттер арқылы сіңірілген қарапайым қанттар (негізінен – глюкоза) содан соң қан капиллярларына құйылады. Ішек эпителийі арқылы құрамында еріген минеральдық заттары бар судың, витаминдердің және басқа заттардың сіңірілуі жүзеге асады.
Тоқ ішек
Тоқ ішектің жалпы ұзындығы шамамен 1-1,5 м, ені 4-7 см-ге жуық болады. Тоқ ішектің құрамына келесі бөлімдер кіреді: соқыр ішек, аппендикс, жиекшелі ішек, тікішек. Жиекшелі ішектің өзін жоғары өрлейтін, көлденең, төмен бағытталған және сигма тәрізді деп бөледі.

Тоқ ішектің ішкі бетінің бірнеше құрылымдық ерекшеліктері бар. Біріншіден ол жерде айшық пішінді айналмалы қатпарлар болады. Қатпарларды түзеуге ішек қабырғасының барлық қабаттары қатысады. Қатпарлардың пайда болуы бұлшық ет қабықшасының құрылысына байланысты. Қатпарлар бұлшық еттің жолақтары орналасқан жерлерде болмайды. Бұл қатпардың пішінінің айшық тәрізді болуының себебі болып табылады. Екінші ерекшелік тоқ ішекте бүрлердің жоқтығы. Криптілер болады.

Тоқ ішек химустан белсенді түрде су сіңіру және нәжіс қалыптастыру секілді қызметтерді атқарады. Сұйықтықты сіңіру қабілетін дәрігердік тәжірибеде ауруға клизманың көмегімен қоректік заттарды енгізу үшін пайдаланады. Тоқ ішекте ас жентегінің ішектермен жылжуын жеңілдетіп, қорытылмаған тамақ қалдықтарының тұтасуына септесетін шырыштың әжептәуір мөлшері бөлінеді. Тоқ ішектің бір қызметі – бөлушілік қызметі. Бұл ішектің шырышты қабықшасы арқылы бірқатар заттар, мысалы, кальций, магний, фосфаттар, ауыр металдардың тұздары т.б. бөлінеді. Тоқ ішекте К және В витаминдері түзіледі. Бұл үрдіс ішектерде ұдайы болатын бактериалдық флораның қатысуымен жүзеге асады.

Тоқ ішекте бактериялардың көмегімен клетчатканың (талшықтардың) қорытылуы іске асырылады.



Дамуы. Жиектік және тік ішектің жамбас бөлігінің эпителийі энтодермадан дамиды. Тік ішектің анальді бөлігінің терілік және аралық аймақтарындағы эпителий – эктодермалық. Ішек тік және терілік эпителийлерінің арасындағы шекара көмескілеу көрінеді және тік ішектің бағаналы және аралық аймақтарының арасында орналасқан. Ішек түтігінің эпителийі ұрықтың құрсақ ішілік өмірінің 6-7–ші аптасында тез өседі. Эмбрионның ішегінің шырышты қабықшасындағы бүрлер мен криптілер бір мезгілде дерлік пайда болады. Кейінірек осы жерге мезенхима кіреді де, бұл бүрлердің ішек саңылауына көбірек шыға орналасуына алып келеді. Эмбриональдық дамудың 4-ші айында тоқ ішектің бастамасында бүрлердің мөлшері өте көп болады. Одан әрі шырышты қабықша бетінің жылдамдата өсуі бүрлердің созылуына және тегістелуіне әкеледі. Эмбриогенездің аяғына қарай тоқ ішекте бүрлер болмайды. Тоқ ішектің бұлшық етті қабықшасы құрсақ ішілік дамудың 3-айында, ал шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшасы 4-ші айында жетіледі.

Тоқ ішектің қабырғасының құрылысы ас қорыту түтігінің жалпы құрылымдық принципіне сәйкес. Оның құрамында төрт қабықшаны ажыратады: шырышты, шырыш асты негіз, бұлшық етті, сірі қабықшалар. Шырышты қабықшаның криптілері аш ішекпен салыстырғанда тереңірек, кеңдеу және көптеу болады. Жасушаларының ішінде ең көбі шырыш өндіретін бокал тәрізді эпителиоциттер. Бағаналы эпителиоциттердің саны аздау, микробүрлері аласа болады. Панет жасушалары мен жетілмеген эпителиоциттер криптілердің түбіне қарай орналасады. Эндокриноциттердің ішінен келесілерін көруге болады: ЕС-жасушалар, Д-жасушалар, Д1 -жасушалар.


ЖИЕКТІ ІШЕК
Жиекті ішектің қабырғасы шырышты қабықшадан, шырыш асты негізден, бұлшық етті және сірі қабықшалардан құралады (15 сурет). Шырышты қабықшада оның бетін едәуір ұлғайтатын көптеген айналмалы қатпарлар, криптілер бар, ал бүрлер жоқ. Қатпарлар ішектің ішкі бетінде шырышты қабықша мен шырыш асты негізден түзіледі. Олар көлденең орналасады және айшық пішінді болып келеді. Жиекті ішектің бездері тоқ ішекке қарағанда көбірек жетілген, жиірек орналасқан, көлемдері үлкенірек (0,4-0,7мм), қуыстары кеңірек, көптеген бокал тәрізді экзокриноциттері бар.

Шырышты қабықшаның эпителийі бір қабатты призмалық болып келеді. Жасушалардың негізгі 3 түрін – бағаналы эпителиоциттерді, бокал тәрізді экзокриноциттер мен асқазан – ішек эндокриноциттерін айырады. Сонымен қатар жіктелмеген эпителиоциттер де болады. Бағаналы эпителиоциттер шырышты қабықшаның бетінде және криптілерінде орналасады. Құрылысы жағынан олар аш ішектің осы тектес жасушаларына ұқсас, бірақ олардың жолақты жиекшесі жұқа. Шырыш бөлетін бокал тәрізді экзокриноциттер әсіресе криптілерде өте көп. Олардың құрылысы бұрынырақ сипатталған. Ішек криптілерінің түбінде жіктелмеген эпителиоциттер орналасады. Оларда митоз көріністері жиі анықталады. Бұл жасушалардың есебінен бағаналы эпителиоциттер мен бокал тәрізді экзокриноциттердің регенерациясы жүзеге асады. Сонымен бірге ара-тұра ацидофильді түйіршіктері бар эндокриндік жасушалар да кездеседі.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы ішек криптілерінің арасында орналасқан жұқа дәнекер тіннен тұратын қабатшаларды түзейді.



15 сурет. Тоқ ішектің қабырғасының құрылысы

1. шырышты қабықшаның эпителийі

2. ішек криптілері

3. шырышты қабықшаның меншікті табақшасы

4. шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы

5. шырыш асты негіз

6. тамыр


7. лимфа түйіншегі

8. бұлшықет қабықшасы

9. сірі қабықша

Бұл табақшада жекелеген лимфа түйіндері жиі кездеседі. Олардан лимфоциттер қоршап жатқан дәнекер тінге қоныс аударып, эпителийге дейін өтеді.

Шырышты қабықшаның бұлшықеттік табақшасы аш ішектегіден гөрі айқынырақ және екі қабаттан тұрады. Ішкі қабат тығызырақ келіп, негізінен жазық миоциттердің айналмалы орналасқан шоғырларынан құралған. Сыртқы қабат ішек бойымен жартылай бойлай, жартылай қиғаш бағытталған жазық миоциттердің шоғырлары түрінде қалыптасқан. Бұл қабаттағы бұлшық етті жасушалар ішкі қабатқа қарағанда сирегірек орналасқан.

Шырыш асты негізде көптеген май жасушалары болады. Бұл жерде қан тамырларының және нервтің шырыш асты өрімдері орналасқан. Жиектік ішектің шырыш асты негізінде көптеген лимфа түйіндері болады. Олар бұл жерге шырышты қабықшаның меншікті табақшасынан таралады.

Бұлшықетті қабықша жазық бұлшықеттердің екі: ішкі – айналмалы және сыртқы – бойлай қабаттары түрінде болады. Бұлшық етті қабықшаның сыртқы қабатының жиекті ішектегі құрылысы ерекше. Бұл қабат тұтас емес, ондағы жазық миоциттердің шоғырлары бүкіл ішектің өне бойымен созылатын үш жолаққа біріккен. Жолақтар арасындағы ішек аймақтарында жазық миоциттердің бойлай орналасқан шағын мөлшерінен тұратын жұқа қабат байқалады. Ішектің бұл аймақтары сыртқа томпайып шығатын үрлемелерді құрайды. Бұлшықетті қабықшаның екі қабатының арасындағы борпылдақ талшықты дәнекер тіннің жұқа қабатшасы бар. Ол арқылы тамырлар өтіп, бұлшықет – ішек нерв өрімі кіреді.

Сірі қабықша жиекті ішектің сыртын жауып жатады. Кей жерде оның саусақ тәрізді өсінділері бар. Бұл өсінділер шажырқаймен жабылған май тінінен тұрады.


Аппендикс
Бұл мүшеге лимфа тінінің үлкен шоғырларының болуы тән . Аппендикстің саңылауы балаларда – үшбұрыш, ересектерде – дөңгелек пішінді. Жыл өткен сайын бұл саңылау дәнекер тінмен бітелуі мүмкін.

Аппендикстің шырышты қабықшасында құрамында аз ғана мөлшерде бокал тәрізді жасушалары бар бір қабатты призмалық эпителиймен жабылған криптілер болады. Аппендикс криптілерінің түбінде, тоқ ішектің басқа бөлімдеріне қарағанда, ацидофильді түйіршіктері бар экзокриноциттер жиірек кездеседі. Бұл жерде олардан басқа жіктелмеген эпителиоциттер және эндокриндік ЕСL жасушалар орналасқан.

Тоқ ішектен аппендикстің айырмашылықтары болады. Айшық тәрізді қатпарлар болмайды, бокал тәрізді жасушалардың саны аса көп емес, бұлшық ет қабаттары тұтас. Шырышты қабықшаның құрамында,кейде шырыш асты негізге де кіре орналасатын, ірі лимфалық түйіншелер және фолликулааралық лимфоидты тін болады. Шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы өте нашар дамыған.

Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы, шырышты қабықшаның бұлшықетті табақшаның нашар жетілуіне байланысты, айқын шекарасыз шырыш асты негізге жалғасады. Меншікті табақшада және шырыш асты негізде лимфа тінінің көптеген топтары бар. Ішектің саңылауына инфекция түскен кезде оның қабырғаларында елеулі өзгерістер жүреді. Лимфа түйіндерінде үлкен ашық түсті орталықтар пайда болады. Лимфоциттер меншікті табақшаның дәнекер тінініне көптеп шоғырланады және олардың бір бөлігі эпителий арқылы аппендикстің саңылауына өтеді. Бұл жағдайларда ішектің саңылауларынан түлеген эпителиоциттер мен жойылған лимфоциттердің жиынтығын көруге болады. Шырыш асты негізде қан тамырлары және нервтің шырыш асты өрімі орналасқан.

Бұлшықетті қабықшаның екі: ішкі – айналмалы және сыртқы – бойлы қабаттары бар. Ішектің сыртқы жағы әдетте оның меншікті шажырқайын түзейтін сірі қабықшамен жабылған.

Аппендикс қорғаныштық қызмен атқарады. Ондағы лимфа тінінің жиынтықтары иммундық жүйенің шеткері бөлімдерінің құрамына кіреді. Бұл организмді инфекциядан қорғайды, бірақ қарқынды түрде жүрген қабыну үрдісі аппендикстің қабырғасының тесілуіне әкелуі мүмкін.


Тік ішек
Тік ішектің үш бөлімін ажыратады: ампула үсті бөлімі, ампулалық бөлімі және анальдық бөлімі (16 сурет). Анальдық бөлімінің өзі үш аймаққа бөлінеді.

Тік ішектің қабырғасы жиектік ішектің қабырғасын құрайтын қабықшалардан тұрады. Тік ішектің жамбас бөлігіндегі шырышты қабықшаның үш көлденең қатпарлары бар. Олар үнемі анықталады. Бұл қатпарлардың түзілуіне шырышты қабықша, шырыш асты негіз және бұлшық етті қабықшаның айналмалы қабаты қатысады. Бұл қабаттардан төмен қарай 8-10 бойлай орналасқан тұрақты емес қатпарлар бар, олардың арасында ойықтар болады. Бұл қатпарлар шырышты қабықшаның туындылары.

Ампула үсті бөлімінің қабырғасының құрылысы тоқ ішектің басқа бөлімдерінің құрылысына ұқсас. Ерекшеліктеріне шырыш асты негіздің өте жақсы дамуын және оның құрамында табақшалы денешіктердің – барорецепторлардың болуын жатқызады. Бұлшық ет қабықшасында сыртқы бойлай орналасқан қабат тұтас, жазық бұлшық ет тінінен тұрады. Сыртқы қабықшасы басында біраз аймағы сірі қабықшамен қапталып, кейін адвентициальды қабықшамен алмастырылады.

Ішектің анальды бөлігінде 3-бағаналы, аралық (геморраидальдық) және терілік аймақтар бар.


16 сурет. Тікішек.


1 – ампула үсті бөлімі

2 – ампула бөлімі

3 – анальдық бөлім

4 – бағаналық аймақ

5 – аралық (геморраидальдық) аймақ

6 – бұлшық ет қабықшасының сыртқы қабаты

7 – бұлшық ет қабықшасының ішкі қабаты

8 - аноректальды (айдаршалы) жолақ

9 – жұм бұлшық еті

10 – анальдық синустар (криптілер)

11 - терілік аймақ

Бағаналы аймақта тұрақты анықталатын 8-10 бойлай бағытталған қатпарлар тік ішек бағаналарын құрайды. Бағаналардың арасындағы тереңдемелер анальдық синустар (анальдық криптілер) деп аталады.

Аралық аймақта бұл түзілімдер бірігеді де ені 1 см шамасындағы шеңбер түріндегі тегіс беті бар шырышты қабықша аймағын қалыптастырады. Бұл аймақтың бағаналы аймақпен шекарасы иректелген жолақ арқылы айқын шектеледі. Бұл жолақты аноректальды немесе айдаршалы деп атайды. Ішектің қабырғасында ерекше құрылымдар орналасады. Бағаналы аймақта қабырғалары жұқа қан лакуналары және анальдық бездердің рудименттік қалдықтары, аралық аймақта геморроидальдық вена өрімі болады.

Тік ішектің шырышты қабықшасы эпителийден, меншікті және бұлшық етті табақшалардан тұрады. Эпителий тік ішектің жоғарғы бөлігінде – бір қабатты призмалық, төменгі бөлігінің бағаналы аймағында – көп қабатты текшелі, аралық аймағында - көпқабатты жазық мүйізденбейтін, терілік аймақта - көпқабатты жазық мүйізденетін болып келеді.

Тері түріндегі эпителийге айналу бірте-бірте өтеді. Тік ішектің эпителийінде жолақты жиегі бар бағаналы эпителиоциттер, бокал тәрізді экзокриноциттер және эндокриндік жасушалар кездеседі. Соңғылары әсіресе бағаналы аймақта көп болады. Тік ішектің жоғарғы бөлімінде эпителий ішек криптілерін түзеді. Олар жиекті ішектілерге қарағанда ұзынырақ , бірақ саны жағынан аз болады. Ішектің төменгі бөлігінде криптілер біртіндеп жойылады.

Меншікті табақша тік ішек қатпарларын қалыптастыруға қатысады. Бұл жерде жекелеген лимфа түйіндері мен тамырлар орналасады. Бағаналы аймақ төңірегінде бұл табақшада жұқа қабырғалы қан лакуналарының торы жатады. Бұлардың қан геморроидальдық веналарға ағады. Бұл аймақтың меншікті табақшасы арқылы шырыш асты негізде орналасқан бездердің өзектері өтеді.

Аралық аймақта шырышты қабықшаның құрамында эластикалық талшықтардың, сондай-ақ лимфоциттер мен тіндік базофильдердің көп мөлшері бар. Бұл жерде жекелеген май бездері де қоныстанады.

Анальдық тесікті қоршап жатқан терілік аймақта май бездеріне түкті шаштар қосылады. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасындағы тер бездері анустан 1—1,5 см қашықтықта пайда болып, аяққы бөлімдері шеңберлеген түтікшелер түрінде көрінеді. Бұлар апокринді типті бездерге жатады.

Шырышты қабықшаның бұлшық етті табақшасы, тоқ ішектің басқа да бөлімдеріндегідей, екі қабаттан тұрады. Оның тегіс миоциттерінің шоғырлары бағаналы аймаққа дейін созылатын жіңішке бойлай орналасқан шоғырларға ұласады.

Шырыш асты негізде қан тамырлары және нерв өрімдері орналасады. Бұл жерде табақшалы нерв денешіктері де кездеседі. Шырыш асты негізде геморроидальдық веналардың өрімі жатады. Бұл тамырлардың қабырғаларының тонусы бұзылған кезде варикозды кеңеюлер пайда болады. Патологиялық өзгерістер кезінде бұл түзілімдер қан кетуге себепкер болуы мүмкін. Тік ішектің бағаналы аймағының шырыш асты негізінде бұлшық етті қабықшаның айналмалы аймағының қабатына жетіп, оны тесетін, сөйтіп етаралық дәнекер тінде тұйықтала бітетін 6-8 тарамдалған түтікшелі түзілімдер бар. Олардың ұштарында текшелі жасушалардың бір немесе екі қабатымен қапталған ампулярлық кеңеюлері құрылады. Бұл рудиментарлық анальдық бездердің басты өзектерінің эпителийі полигональдық жасушалардың бірнеше қабатынан тұрады. Өзектің сағасы көпқабатты жазық эпителиймен жабылған. Бұл эпителиальдық түтікшелерді жануарлардың анальдық бездерінің гомологтары ретінде бағалайды.

Бұлшық етті қабықша екі: ішкі - айналмалы және сыртқы - бойлай қабаттардан тұрады. Айналмалы қабат тік ішектің әр түрлі деңгейінде жеке анатомиялық түзілімдер – сфинктер ретінде бөлектеніп екі қалыңдаманы құрайды. Бұлшық ет қабықшасының сыртқы бойлай қабаты – тоқ ішектің басқа бөлімдерінен өзгеше – ол тұтас болып келеді.

Екі бұлшық етті қабаттың арасында борпылдақ талшықты пішінделмеген дәнекер тіннің қабатшасы бар. Онда бұлшық ет – ішек өрімдері мен қан тамырлары ірге тебеді.

Сірі қабықша тік ішектің жоғарғы бөлігін жауып тұрады, тік ішектің төменгі бөлімдерінде дәнекер тіннен тұратын қабықша болады.

Жүйкеленуі. Тоқ ішектің парасимпатикалық бұлшық ет-ішек нерв өрімінде, проксимальдық бөлімдерден бастап, І типті моторлық нейрондар ІІ типті сезімтал нейрондармен алмастырылады.

Тік ішекте афференттік иннервацияда білінеді. Тоқ ішектегі афференттік талшықтар бұлшық етті қабықшада сезімтал өрім құрайды. Сезімтал аяқтамалар тегіс бұлшық еттерде аяқталатын бұтақшалар мен терминальдар түрінде көрінеді.



БІЛІМ ДЕҢГЕЙІН ТЕКСЕРУГЕ АРНАЛҒАН ТЕСТІЛЕР
1 есеп. Құрамында сілекей бездері бар еріннің бөлімі:

A). шырышты

B). терілік

C). аралық бөлімінің ішкі аймағы

D). аралық бөлімінің сыртқы аймағы

E). еріннің бұлшық ет қабықшасы


2 есеп. Ұрттың максилярлық және мандибулярлық аймақтарының шырышты қабықшасын қаптайтын эпителий:

A). көпқабатты жазық мүйізденбейтін

B). көпқабатты жазық мүйізденетін

C). бірқабатты призмалық

D). бірқабатты текшелі

E). өтпелі


3 есеп. Тілдің жапырақ тәрізді бүртігі орналасады:

A). тілдің төменгі бетінде

B). тілдің түбірі мен денесінің шекарасында

C). тілдің ұшында

D). тілдің денесінде

E). тілдің бүйір беттерінде

?

4 есеп. Шықшыт безінің секреторлық бөлімі тұрады:

A). белоктың жасушалар мен миоэпителиоциттерден

B). шырышты жасушалардан және миоэпителиоциттерден

C). шырышты, белокты және миоэпителиальды жасушалардан

D). жүйкелік және шырышты жасушалардан

E). шырышты және жазық бұлшық ет жасушаларынан


5 есеп. Жақасты және тіласты бездерінің аралас секреторлық бөлімдері тұрады:

A). белокты және миоэпителиальды жасушалардан

B). шырышты, белокты және миоэпителиальды жасушалардан

C). шырышты және миоэпителиальды жасушалардан

D). белокты және жүйке жасушаларынан

E). шырышты және жазық бұлшық ет жасушаларынан


6 есеп. Шықшыт сілекей безінің жолақты шығару өзегін қаптайтын эпителий:

A). бірқабатты жазық

B). екіқабатты

C). бірқабатты призмалық

D). көпқабатты текшелі

E). көпқабатты жазық


7 есеп. Қандай сілекей безінің белоктық, шырыштық және аралас аяққы бөлімдері бар?

A). тіл асты

B). жақ асты

C). шықшыт (құлақ маңы)

D). жақ асты және шықшыт

E). шықшыт және тіл асты


8 есеп. Ауыз қуысының шырышты қабықшасын қандай эпителий жауып тұрады?

A). бірқабатты призмалық

B). бірқабатты жазық

C). көпқабатты өтпелі

D). көп қабатты жазық мүйізденбейтін

E). көпқабатты жазық мүйізденетін


9 есеп. Тілдің түбірінде орналасқан сілекей бездері өнімінің құрамына орай:

A). майлы

B). шырышты

C). белокты

D). шырышты-белокты

E). белокты-шырышты


10 есеп. Өңештің шырышты қабықшасын қандай эпителий жауып тұрады:

A). бірқабатты призмалық

B). бірқабатты текшелі

C). бірқабатты жазық

D). көпқабатты жазық мүйізденетін

E). көпқабатты жазық мүйізденбейтін


11 есеп. Асқазанның фундальдық бездері құрылысы бойынша:

A). қарапайым текшелі тармақталған

B). қарапайым альвеолярлық тармақталмаған

C). қарапайым түтікшелі тармақталмаған

D). күрделі альвеолярлық тармақталған

E). күрделі альвеолярлы-түтікшелі тармақталған



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет