ҚАРМАҚШЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ Н.Ш.ШАМҰРАТОВТЫҢ
АУДАН ХАЛҚЫНА ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІНДЕ СӨЙЛЕЙЛЕГЕН СӨЗІ
ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ! ҚАДІРЛІ ҚОНАҚТАР!
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2013 жылғы №615 Жарлығын іске асыруда Президент Әкімшілігі Ұсынымдарына сәйкес жасалған кесте бойынша бүгінгі күнге дейін аудандағы 12 ауыл округінде және 2 кентте халықпен кездесулер өткізіп, ауданның өткен 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуына жан-жақты талдама жасалды, алдағы жылдың міндеттері белгіленді.
Ауыл округтері әкімдері мен аудан әкімінің есеп беру кестелері мен есепте жоспарланған мәселелері алдын-ала аудан әкімінің электронды сайтында, аудандық «Қармақшы таңы» газетінде жарияланып, халыққа жеткізілді.
Есеп беру кезінде халықтан түскен сұрақтар мен ұсыныс пікірлердің кейбіріне сол заматында жауап беріліп, қалғандары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінде жинақталып, сараптамадан өтуде. Бұған байланысты атқарылған жұмыстар жыл бойы халыққа хабардар етіліп отырады.
ҚҰРМЕТТІ ЖИЫНҒА ҚАТЫСУШЫЛАР!
Еліміздің жаңа экономикалық саясатын белгілеген Елбасымыз «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп аталатын халыққа арнаған биылғы жылғы Жолдауында «Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі» деп, елдегі бірлік пен тұрақтылықтың еліміздің саяси дамуы мен экономикалық өсіп өркендеудегі маңызына ерекше мән берген болатын.
Бүгінгі күні осынау ел өміріндегі бірегей құжат бүкіл Республикамыздағы сияқты біздің ауданда да кеңінен насихатталып, аудан активінде жан-жақты түсіндірілді. Жолдаудан туындайтын міндеттер мен Үкімет және облыс әкімі тапсырмаларын жүзеге асырудың нақты іс-шаралары белгіленді.
Әлемдік дағдарыс жағдайында экономикалық саясатқа қайта бағдар жасаған Елбасымыз Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 1 триллион теңге, шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу үшін 100 млрд теңге, банк секторын сауықтыру үшін 250 млрд. теңге және жаңа инвестициялар тарту үшін 81 млрд. теңге бөлуді тапсырды.
Сонымен қатар, Жолдауда көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, индустриялық инфрақұрылым, энергетикалық инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, су және жылумен қамтамасыз ететін құрылым, тұрғын үй инфрақұрылымы, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстарына басымдық берілетінін айтты.
«Мәңгілік ел» ұлттық идеясының өміршеңдігін жан-жақты көрсеткен бұл құжат «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында белгіленген Тәуелсіз еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуінің маңызды жолдарын айқындап беріп, алдағы ауқымды жұмыстардың негізі қаланды.
Алдағы қой жылы біздің еліміз үшін елеулі оқиғаға толы жыл болмақ.
Есейіп, еңсе тіктеген еліміздің Тәуелсіздігі жолында «мың өліп, мың тірілген» ата-бабаларымыздың ерен ерлігі мен берекеге бастайтын бірлігін ұлықтау – ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА 550 ЖЫЛ толу мерекесін тойлау жас ұрпаққа тарихымыз бен салт-дәстүрлеріміздің тәрбиелік мәнін танытса,
ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСТАҒЫ ЖЕҢІСТІҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ бейбіт өмір жолында кеудесін от пен оққа төсеп, азапқа толы ауыр күндерді басынан кешірген аға ұрпақтың ерлік істерін қастерлеуге үйретеді.
Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында тілі бөлек, тілегі бір, жүзі бөлек, жүрегі бір жандардың бір шаңырақ астында тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешіп жатқандығын паш ететін – ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ 20 жылдығы мерекесі мен әр бір азаматтың демократиялық, әлеуметтік, зайырлы, құқықтық қоғамның толық қанды мүшесі екендігін сезінуінің кепілі,
еліміздің басты құжаты – АТА ЗАҢЫМЫЗДЫҢ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯСЫНЫҢ ҚАБЫЛДАНҒАНЫНА 20 толу мерекесі атап өтілуі еліміздің әлем алдындағы айбарын айқындай түседі.
ҚҰРМЕТТІ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ!
Енді ауданның саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алда тұрған бірсыпыра мәселелерге тоқталып өтсем деймін.
АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІ бойынша аудан экономикасының жетекші саласы ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі 2014 жылы 6 млрд 89 млн. теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға өсті.
Барлығы 21 387 гектар жерге егіс егіліп, оның 14 321 гектарына күріш дақылы себілді. 2013 жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 685 гектарға, күріш көлемі 1 812 гектарға артық орналастырылды.
Ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп 676,6 млн теңге көлемінде субсидия беріліп, мемлекеттік қолдау көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 228,8 млн. теңгеге немесе 48,3 пайызға артты.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жиналған 13 143 гектар күріштің әр гектарынан 53,0 центнерден өнім алынып, 69 658 тонна сыр маржаны қамбаға құйылды.
Мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар аясында қолдау көрсетіліп келеді.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында 5 шаруа қожалығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Қызылорда филиалынан 48,0 млн теңге несие алып, оған 267 бас аналық, 14 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды.
Жергілікті мал тұқымын асылдандырудың өнімділігі мен сапасын жақсартуға байланысты «Казагромаркетинг» акционерлік қоғамының ақпараттық талдау жүйесіне 17 шаруашылық енгізілді.
Тұқымдық түрлендіруге енгізілген аналық саны 1 008 бас болып, ауданда жыл басындағы ірі қара малы аналығы 2013 жылғы 5,6 пайыздан 8,9 пайызға көтерілді.
2014 жылғы мал шаруашылығын дамытуға 21,9 млн теңге субсидия төленіп, 2013 жылғы көлемінен 10,0 млн теңгеге артық қолдау көрсетілді.
«Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» бағдарламалары аясында Қармақшы ауылдық округіндегі «Ибрагим» шаруа қожалығы 5,0 млн.теңге, Ақтөбе ауылынан Сәрсенов Қалдыбай 4,0 млн. теңге көлемінде қаржыға қой шаруашылығын дамытуға ниет білдіріп, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан несие алуға құжаттар даярланды. Сол сияқты Ақжар ауылының тұрғыны Сайлаубеков Өркен 250-300 бас қой алып өсіруге, Жаңажол ауылынан 40-50 бас көлемінде қой өсіруге ниет білдіріп, олардың құжаттарын даярлау жұмыстары жасалуда.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара басы 9,3 пайызға, жылқы 14,8 пайызға, түйе басы 0,3 пайызға өсті.
Есепті кезеңде 3 107 тонна ет, 5 266 тонна сүт, 722 мың дана жұмыртқа өнімдері өндірілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ет өнімі 100,1 пайызды құрады, сүт өнімі 5,7 пайызға өсті.
Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен 27,0 млн. теңге бөлініп, 13 ауылдық округтеріндегі мал дәрігерлік пункттер ғимаратпен қамтамасыз етіліп, телефон және интернет жүйесіне қосылды.
Сонымен қатар ауданның 13 елді мекендерінен типтік жобадағы мал қорымын салуға облыстық бюджеттен 129,4 млн. теңге қаржы бөлініп, елді мекендерде белгіленген жер телімдерінде құрылыс жұмыстары аяқталды.
Жосалы кентінде 2-і, Төретам кентінде бір мал сою алаңы жұмыс жасайтын болса, Ақай ауылдық округінде бір мал сою алаңын «Дос едік» шаруа қожалығы жетекшісі өз қаражаты есебінен салып, қазіргі таңда жұмыс жасауда.
Ауылдарға мамандарды тарту бағытында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 60 маманға 7,8 млн. теңге көтерме жәрдемақы және 71 маманға тұрғын үй сатып алуға 194,7 млн. теңге несие берілді.
ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫ. Ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 2 млрд 613 млн. теңгенің өнімін өндірді.
Шағын және орта кәсіпкерлік, сауда саласы бойынша 2014 жылы тіркелген шағын субъектілердің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға, онда жұмыспен қамтылғандар саны 13,5 пайызға өсті.
Шығарған өнім көлемі 9,2 пайызға, бюджетке түсірілген салықтар мен алымдар 2,0 пайызға өсіп отыр.
Аймақтық үйлестіру кеңесіне «үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша 2014 жылы 539,0 млн. теңгенің 4 жобасы ұсынылып, кеңес шешімімен мақұлданды.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде ұсынылған 47,1 млн. теңгені құрайтын 4 жоба кеңес шешімімен мақұлданып, толық қаржыландырылды.
Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктерде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 85,5 млн теңге болатын 8 жоба қаралуда оның ішінде екі жоба «Даму» қорына жолданды.
«АҚНИЕТ» әлеуметтік әріптестік бағдарламасы бойынша 2013 және 2014 жылдың қорытындысы бойынша 52 азамат жалпы соммасы 24,8 млн. теңге құрайтын грантқа ие болды. Грантқа ие болған 52 азаматтан бөлек қосымша 54 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді.
Ауданда кәсіпкерлікті қолдау және кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы және Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ-ның «Кәсіпкерлікті қолдау орталығы» ашылып, жұмыс жасауда.
Қазіргі таңда кәсіпкерлікті қолдау орталығының кеңесшілері аудан тұрғындарына бизнес-жоспар жасау, екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеу, бизнесті заңды түрде тіркеу және оны дамыту үшін қажетті ақпарат беріп аудан тұрғындарына тегін қызмет көрсетуде.
Несие ұйымдарына келетін болсақ қазіргі уақытта аудан бойынша 3 шағын несие ұйымы, 1 маркетинг орталығы, 1 кредиттік серіктестігі және 1 «Қазақстан халық банкі» Байқоныр аймақтық филиалының бөлімшесі жұмыс жасайды.
2014 жылы өз кәсібін дамытуға әр түрлі несие ұйымдарынан 233 кәсіпкерге 829,6 млн. теңге және ауданның 2 305 тұрғынына 1 млрд 628 млн. теңге тұтыну несиесі берілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жосалы кентінде №1 және №2 индустриялық аймақ үшін жер учаскелері бөлінді.
№1 индустриялық аймақ үшін 9,6 млн теңгеге жоба сметалық құжаттар әзірленіп, кәсіпкерлікті дамыту комитетіне 121,3 млн.теңгеге бюджеттік өтінім өткізілді.
№2 индустриялық аймаққа жоба сметалық құжаттар әзірлеуге аудандық бюджеттен 10 780,0 мың теңге бөлінді.
Қазіргі уакытта құжат мемлекеттік сараптама қорытындысын алып, республикаға бюджеттік өтінім өткізілуде. Бұл аймақта тамақ өнімдерін өндіретін және қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындар орналасатын болады.
2015 жылы сонымен бірге, өндіріс көлемін ұлғайту жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында ауданда LNG газ өндеу зауыты салыну жоспарлануда. Жоспар бойынша 2016 жылы құрылысты аяқтау көзделген. Аталған зауыт іске қосылғанда 250 жаңа жұмыс орындары ашылады.
Аудан бойынша бөлшек сауда тауар айналымы 2 млрд 747 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға өсті.
Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 29 млрд 116 млн. теңге көлемінде болды.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 12 тұрғын үйдің құрылысына 99,8 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Есепті кезеңде 21 207 шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,8 пайызға өсті.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 8 млрд 848 млн. теңгені құрады.
«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдармасы» аясында алдыңғы жылдары Жосалы кентіндегі көп пәтерлі екі тұрғын үйге 4,3 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2014 жылы Жосалы кентінде Абай көшесінде орналасқан 2 тұрғын үйге 8,1 млн теңге қаржыға жөндеу жұмыстары жалғасын тапты.
2015 жылы Жосалы кентіндегі 7 көпқабатты көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті 27 млн. 386 мың теңге қаржы бөлуге бюджеттік өтінім әзірленіп, тұрғындарының келісімдері алынды. Тиісті сметалық құжаттамалары әзірленіп, Қазақстан Республикасының ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды.
ЭЛЕКТР ЖҮЙЕСІ.
Төретам кентіндегі және Ақай елді мекеніндегі электр желісін қайта жаңғырту және Төретам кентінің қосалқы станцияларын кеңейту және қайта жаңғырту, Ақай елді мекенінде №14 қосалқы станциясының электр желісін кеңейту және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.
ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК.
Автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына да үлкен мән берілуде.
Өткен жылы 5 ауылдық округтің (Алдашбай ахун, Жаңажол, Төребай би, Қармақшы, Ақтөбе) 130,0 млн. теңгеге 8,2 шақырым көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2014 жылы тіректі елді мекен ретінде Төретам кентінің көшелеріне басымдылық беріліп, облыстық бюджеттен бөлінген 191,0 млн. теңгеге 15 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 20 көшені жарықтандыру мақсатында 217,0 млн теңге қаржы бөлінді.
Облыс әкімінің қолдауымен «Жалағаш-Жосалы» автожолының жөндеу жұмыстары биылғы жылы өз шешімін тапты. Облыстық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлініп, «ішкі жол» саналатын «Жосалы-Жалағаш» автожолының Қармақшы ауданы территориясындағы бөлігі қайта жаңғыртылды.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының біздің аудан территориясындағы бөлігі толық пайдалануға берілді.
2015 жылы да бұл салада үлкен жұмыстар атқару жоспарлануда. Жосалы кентінің 13,3 шақырымды құрайтын көшелеріне және Көмекбаев, Қуаңдария, Алдашбай ахун ауылдық округтері бойынша 6,3 шақырымды құрайтын көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары және «Жалағаш- Жосалы – Марал Ишан» автожолының 11,1 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу межеленіп отыр. Оның жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.
«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында биылғы жылы 445 млн. 162 мың теңге бөлініп, 3 жоба іске асырылуда.
Бұл, «Жосалы кентінде су құбыры желілерінің құрылысы» (4 кезең), «Ақай елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту» және «Тұрмағамбет елді мекеніндегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту» жұмыстары. 2015 жылы бұл жобалар жалғасын табады.
Елді мекендерді абаттандыру, көркейту - көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді.
Абаттандыруға 564,8 млн. теңге, көгалдандыруға 36,2 млн теңге, санитарияға 14,7 млн. теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстары жүргізілді.
Жосалы кентінің кіреберіс қақпасы жанына қойылған «Мәнгілік ел» монументі мен
«Этнопарк» жобасы толық аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді.
«Жастар» саябағы жанынан балалар шомылатын бассейн жасалып, жазғы демалыс уақытында балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына, мазмұнды дем алуына жағдайлар жасалды.
Жосалы кентіндегі орталық алаңға «Жүз шайыр елі» атанған Қармақшы жұртының өнер әлемінде мақтаныш етер тұлғалары – Сыр сүлейлеріне арналған композициялық көрініс – колоннада құрылысы аяқталды.
Барлық ауылдарда Жеңістің 70 жылдығына арналған аллеялар жасалып, абаттандырылып, көркейту жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жүмыстары.
Жосалы кенті бойынша көктемгі, күзгі көркейту жұмыстарын жүргізу 6 аймаққа бөлініп, әр аймақ бойынша комиссия жасақталды. Аймақта орналасқан бағыныстылық нысанына қарамастан әрбір мекемеге 114 көшелер мен аяқ су арықтары бөлініп, олардың тазалығын сенбілік сайын қамтамасыз ету тапсырылды.
Санитарлық жағдайды қамтамасыз ету және жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу үшін «Туған ел келбеті» кәсіпорнының жарғылық капиталы 134,7 млн. теңгеге ұлғайтылды. Оған жұмыстың әр түрін атқаруға бейімделген 10 техника сатып алынды.
ҚАРЖЫ.
Аудан бюджетінің 2015 жылдың 1 қаңтарына түсімдер болжамы 8 млрд. 39 млн. теңге болып, нақты 8 млрд. 102 млн. теңгеге атқарылып 100,8 пайызға орындалды.
Есепті кезеңге аудан бюджетінің өз кірістерінің жоспары 843 млн. 223 мың теңге болса, нақты атқарылуы 906 млн. 859 мың теңгені құрап, немесе 107,5 пайызға атқарылуы қамтамасыз етілді.
Аудан бюджетіне 63,0 млн. теңгеге салықтар мен түсімдер артық түсті. Облыстық бюджеттен алынатын трансферттер 7 млрд. 196 млн. теңге болып, 100,0 пайыз көлемінде толық алынды.
2014 жылы аудан бюджетінің шығындар жоспары 8 млрд. 232 млн. теңгеге атқарылды.
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП. Қылмыстың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларының нәтижесінде қылмыстың жалпы саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,5 пайызға төмендеді.
Есепті кезеңде аудан көлемінде жалпы саны 328 қылмыс тіркелді, оның ішінде ауыр және ерекше ауыр қылмыстың саны 27 болып, өткен жылғы тіркелген 34 қылмыспен салыстырғанда 21 пайызға төмендеп отыр.
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ. Ауданында 22 жалпы орта білім беретін мектеп пен 1 орталау мектеп жұмыс жасайды. Онда 8 743 оқушы білім алады.
2014 жылы білім саласында мектеп бітірушілері ұлттық бірыңғай тест тапсырып, 76,82 баллдық көрсеткішті жинақтап, облыста 1-ші орынды иеленді. Облыстық пәндік олимпиадаға қатысқан 16 оқушының 4-еуі жүлделі орынды иеленіп, 1-еуі Республикалық олимпиадаға жолдама алды.
Сонымен бірге, мектептердегі 1-2 сыныптардағы 1 998 оқушыға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 1 504 баласына 38 млн теңгенің ыстық тамағы берілді.
Ауданда 25 мектепке дейінгі балалар мекемелері бар (1840 бала тәрбиеленуде), (оның 3-уі жеке меншік, 170 бала тартылған).
Сондай-ақ, 20 шағын орталықтар жұмыс жасайды. Бүгінде бұл мекемелер 3-6 жастағы балалардың 94,6 пайызын қамтып отыр. Өткен жылы Төретам кентінен 280 орындық балабақша ашылды.
2015 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында Ақай ауылында 280 орындық балабақша, Төретам кентінде 60 орындық балабақша, Жосалы кенінде 70 орындық балабақша пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл мәселелер өзінің толықтай шешімін тапқан кезде, яғни 2015 жылдың аяғына 3-6 жас аралығындағы балалар 100,0 пайыз балабақшамен қамтылатын болады.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ БОЙЫНША.
Аудан тұрғындарына денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің сапалы медициналық көмек көрсетуге байланысты 2014 жылы аудандық орталық аурухана мен аудандық емхана біріктіріліп, амбулаториялық емханалық қызметі бар аудандық орталық аурухана шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын болып қайта ұйымдастырылды.
Ауысымына 250 келушілерге арналған аудандық емхана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Біріңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің бағдарламасына сәйкес тәуліктік стационарлардың төсек орындарын азайтып, күндізгі емдеу стационарына басым бағыт берілген.
Осы мақсатта күндізгі емдеу стационарында 2013 жылы – 2369 науқас емделсе, 2014 жылы – 2392 науқас емделген.
Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 2013 жылдың жыл қортындысымен – 68 жас болса, 2014 жылға - 70 жас төңірегінде болып отыр.
Сонымен қатар, 3 жылда ана өлімі тіркелмеген болса, бала шетінеуі төмендеді.
Өткен жыл МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА да бірсыпыра табыстарға қол жеткізілген жыл болды.
2014 жылы ауданда 789 мәдени шаралар өткізіліп, өзінің мазмұнымен, көркемдігімен көпшілік көңілінен шықты.
2014 жылы аудан көркемөнерпаздары 2-і халықаралық, 3 республикалық, 6-ы облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардың материалдық базасы нығая түсті. Аудандық мәдениет үйіне шатырымен жылжымалы сахна алынып, музыкалық дыбыс күшейткіш аппаратура, сахналық жарық эффектісін арттыратын қондырғылар, ЛЭД экран, түрлі сахналық киімдер алынды. Бұған 45,5 млн. бюджет қаражаты жұмсалды.
Осындай жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда қаласында өткен аудандардың өнер күндері бәсекесіндегі концерт пен сахналық қойылымдары үшін аудан өнерпаздары 1 орынды иеленді.
Өткен жылы Жаңажол, ІІІ-Интернационал ауылдарындағы мәдениет үйлері облыстық бюджеттен бөлінген 43,0 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді, жылумен жабдықтау жүйелері қайта жаңғыртылды.
Дүр Оңғар, Ақай ауылдық кітапханалары модельді кітапхана ретінде қайта ашылып жаңаша қызмет көрсете бастады.
Жосалы кентінен кітапхана мұражай ғимаратының құрылысы басталып, биыл жазда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жаңадан ашылатын мұражайға 1 500-ге жуық ескі жәдігерлер жинақталды.
Шалғай елді мекендер тұрғындарына, егіс бригадаларына, малшы қауымға мәдени қызмет көрсетуде «Зерде» автокөлігінің қызметін пайдалану айтарлықтай нәтиже берді.
ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫ бойынша да өткен жылы біршама жұмыстар атқарылды. Соның бірінде, өткен жылы аудан көлемінде 128 спорттық іс-шаралар ұйымдастырылса, оған барлығы 17 560 адам қатысқан болатын.
Осы орайда, Кеңес Одағының Батыры Т.Көмекбаев атындағы самбо күресінен дәстүрлі халықаралық мемориалды атап өтуге болады. Бұл спорттық шараға еліміздің барлық өңірлерінен және алыс жақын шет мемлекеттерден спортшылар қатысып отырады.
2013 жылы аудан тұрғындарының 23,0 пайызы спорт шұғылданған болса, 2014 жылы бұл көрсеткіш 24,0 пайызға жетіп отыр.
Аудан тұрғындарын бұқаралық спортпен қамтуды арттыру үшін «Қайнар» спорт клубының 27 штат бірлікте спорт нұсқаушылары жұмыс жасады. Оларға келушілердің саны 4 860 балаға жетті.
Ауданда екі спорт мектебі және «Спорт клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны жұмыс жасауда. Бұл мектептерде 1506 оқушы спорттың 9 түрімен шұғылданады.
2014 жыл аудан үшін спорт саласы бойынша табысты жыл болды. Аудан спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктерінде 18 алтын, 10 күміс, 21 қола медалдарды жеңіп алса, дзюдодан Қуаңдария ауылынан шыққан түлек Бауыржан Жауынтаев Нанкин (Қытай) қаласында өткен ІІ жазғы Жасөспірімдер Олимпиадасында чемпион атанды
және 5-7 желтоқсан аралығында Ғалымжан Әбдірахманов Ресейдің Орынбор қаласында өткен қазақ күресінен ересектер арасындағы Әлем чемпионатында 70 кг салмақта жеңімпаз атанып, ел абыройын асқақтатты.
2014 жылғы спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасына 17-і спортшымыз енді.
ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ.
2013 жылы экономикалық белсенді халыққа есептегенде аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 6,2 пайызды құраса, 2014 жылы аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрап, 0,6 пайызға төмендеп отыр.
Жыл көлемінде тұрақты жұмысқа 1 008 азамат орналастырылды, 874 жаңа жұмыс орындары ашылды, 803 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 198,6 млн. теңге қаржы қаралып, 4 жобаны жүзеге асырылды.
Атап айтқанда, ІІІ-Интернационал ауылында ауылдық дәрігерлік амбулатория құрылысы, Тұрмағанбет ауылындағы №29 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары,
Жосалы кентіндегі №6 «Айсұлу» балабақшасы және Иіркөл ауылындағы №106 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары.
Бағдарламаның 2-ші бағыты бойынша 122 адам 257,3 млн. теңге несие алып, өз кәсіптерін бастады.
Сонымен қатар, 39 азамат қайта даярлау курстарынан өтіп, оның 31-і жұмыспен қамтылды.
«Әлеуметтік жұмыс» орындарына 85 адам жолданып, «Жастар тәжірибесімен» 100 адам қамтылды.
«Оқу және қоныс аудару» бағыты бойынша Т.Көмекбаев ауылында екі пәтерлі 7 тұрғын үй құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Әр әлеуметтік төлемдерге жеке тоқталмай жалпы айтқанда аудан бойынша 3942 отбасына мемлекет тарапынан 217,3 млн. теңгенің түрлі әлеуметтік жәрдемақылар төленді.
ІШКІ САЯСАТ САЛАСЫ БОЙЫНША.
Аудан көлеміндегі қалыптасып отырған қоғамдық-саяси ахуалға мониторинг жүргізіліп отырады. Ауданда 2 басылым жұмыс жасайды. 2014 жылы бұқаралық құралдары арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге 7,8 млн теңге қаржы бөлінді.
Сонымен қатар, аудан бойынша 14-29 жас аралығында 13 302 жас тіркелген. Бұл аудан тұрғындарының 25,0 пайызын құрайды.
Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 2014 жылы 4,0 млн. теңге қаралып, 2 жоба жүзеге асырылды.
Сонымен қатар, ауданның «Қармақшы құрамасы» КТК командасы 2014 жылы табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, облыстық «Жайдарлы жаз» атты жазғы кубок жайдарман фестивалінде чемпион-2014 атанса, «Жарқ еткен жас ғұмыр» Балтабай Рүстемді еске алуға арналған жайдарман сайысында ІІІ орынмен, «Қазақстан КВН Одағы» республикалық премьер лигасында ІІ орынды иеленді.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде 17 үкiметтiк емес ұйым түрлі мақсатта іс-шаралар ұйымдастырып келеді.
2014 жылы аудандық бюджеттен 6 млн. 500 мың теңге қаржы бөлініп, үкіметтік емес ұйымдар арқылы 12 әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылды.
Ауданда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 12 мешіт, бұлардан өзге 2 діни бірлестік Әділет органдарында тіркеуден өтіп, жұмыс атқаруда.
Діни экстремизмнің алдын алу үшін діни тақырыбында шығармалар байқауы және «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілді
Бүгінгі күні кадр даярлау жұмысына байланысты ауданда мешіт имамдарының жетіспеушілігі байқалып отыр. Осыған орай, аудан әкімдігі тарапынан мешіт имамдарының кадр резервін жасақтау жұмыстары қолға алынды. Осыған орай еліміздегі діни медреселерде 4 азамат діни оқу орындарына түсіп, білім алуда.
ҚҰРМЕТТІ АҒАЙЫНДАР!
Аудан әкімдігі Елбасы саясатын жүзеге асыруда елмен етене арласып, кент, ауыл әкімі аппараты арқылы күнделікті жағдайдан хабардар болып отырады. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы, ең алдымен, ел игілігі үшін. Елбасы тапсырмаларының нақты орындалуы – оның елдің әл-ауқатын арттыру жолындағы саясатының жүзеге асырылып жатқандығының көрінісі деп білуіміз қажет.
Алдағы уақытта да өздеріңізбен қоян-қолтық жұмыс атқара отырып, Елбасы саясатын, Үкімет пен облыс әкімі тапсырмаларын жүзеге асыра береміз деп Сіздерді сендіргім келеді.
Тыңдағандарыңызға рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |