Ақшұқыр селосы әкімінің 2014 жылда жасаған жұмыстары бойынша есебі Ақшұқыр селосы әкімінің аппараты 2014 жылғы жұмысын Елбасының «Қазақстан-2050»



Дата23.02.2016
өлшемі91.67 Kb.
#5623
Ақшұқыр селосы әкімінің 2014 жылда жасаған жұмыстары бойынша есебі
Ақшұқыр селосы әкімінің аппараты 2014 жылғы жұмысын Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасы, мемлекеттік бағдарламалар, облыстық және аудандық әкімдіктердің іс-қимыл жоспарын және тапсырмаларын басшылыққа ала отырып атқарды.

Аппарат құрамы: мемлекеттік қызметкерлер саны -4 және техникалық қызметкерлер саны -12 адамды құрайды. Мекеме балансында 1 автокөлік бар.

Әлеуметтік құрылым: селода 9 әлеуметтік нысан бар, статистикалық халық саны -7684 адам, үй саны – 1180, ардагерлер - 47, алтын алқа – 105, күміс алқа иегері саны – 66 адамды құрайды.

Мемлекеттік қызмет көрсету: Село әкімдігі 3 бағытта мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Балабақша кезегіне тіркеу қызметі бойынша – 169 өтініш түсіп, 169 бала кезекке қойылды. Қосалқы шаруашылығы болуы туралы анықтама беру қызметі бойынша – 53 өтініш , ветеринарлық анықтама беру қызметі бойынша – 9 өтініш түсіп, оның барлығы қанағаттандырылды.

Есепті жыл ішінде село әкімінің жеке қабылдауында 154 адам болып, оның ішінде 28-і ауызша өтінішпен, қалған 126 азамат жазбаша өтініш білдіріп, оның 103-і толықтай қанағаттандырылды, қалған 23-іне түсінік берілді.



Білім беру саласы: Селода 2 білім беру нысаны бар: М. Әбдіхалықов атындағы орта мектебі мен Ақшұқыр мектеп –лицейі. Аталған орта мектептерде барлығы 96 сынып бойынша 1743 оқушы қазіргі таңда білім алуда, 185 мұғалім білім береді. Материалдық-техникалық базалары толықтай талапқа сай қамтылған, интернетке қосылған. Мамандары толық, екі мектеп бойынша 366 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. «Мектепке жол» акциясы бойынша 900,6 мың теңге көлемінде 40 балаға көмек көрсетілді, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 13 білім және денсаулық саласы қызметкерлеріне көмектер көрсетілді, оның 12 –сіне 70 есе айлық есептік көрсеткіш көлдемінде бір жолғы көтерме жәрдемақымен қамтылса, 1 маман 1500 есе айлық есептік көрсеткіш көлемінде «тұрғын үй сатып алу несиесін» алды.

2014 жылдың ҰБТ орта ұпайы 75,4 болды. Бұл аудан мектептері бойынша 4 орын және өткен жылмен салыстырғанда 10 ұпай көрсеткішке ( 2013ж- 74,4) жоғарылады.

Мектептердегі үш ауысымдық оқытуды болдырмау мақсатында, Ақшұқыр ауылынан 2014 жылы қарашаның 12- сі күні жобалық қуаты 960 орынды Ақшұқыр мектеп –лицейі ашылды. Оқушылар тасымалы үшін 35 млн. теңге қаражат қаралып, жеңімпаз «Үш тұра» ЖШС-нің 8 автобусымен Ақшұқыр мектеп-лицейіне 818 оқушы тасымалдануда.

Аталған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бисенова Умитхан аудандық «Бастауыш сынып мұғалімдерінің пәндік олимпиадасының» бас жүлдесін, облыстық деңгейде ІІ орын иегері атанып бастаса, ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда қазақ тілі пәнінен 100℅ сапа көрсетіп «Үздік сынып жетекші», өзі де «Үздік сынып жетекші – 2014» байқауында ауданда бас жүлде, облыста І орын иегері, Жүсіпова Жазира ауданда «Үздік жас мұғалім» номинациясын, облыс әкімінің «Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік оқытушысы» грантын иемденді. Аудандық «Үздік тәрбиеші-2014» байқауында Үргешбаева Тазагүл ІІ орын жеңімпазы атанды. Аудандық «Жаратылыстану-математика пәндерінің үздік мұғалімі» байқауының І-ші орын иегері Токаева Айтбибінің сыныбы Халықаралық қашықтық олимпиадасына қатысып, үздік нәтиже көрсеткен. 2014-2015 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пәндік олимпиаданың ІІ (аудандық) кезеңі осы мектепке ұйымдастырылып, оған мектепішілік жеңімпаз 53 оқушы қатысып, оның 47-сі І,ІІ,ІІІ,ІV дәрежелі орындар иемденіп, 26 оқушы облысқа жолдама алды. «Ақшұқыр мектеп-лицейі» ұжымы командалық есеп бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Аудандық «Жас сұңқар -2014» байқауында «Үздік жыл оқушысы» атағын 10-сынып оқушысы Жаңабаев Данияр иемденді.

Ақтөбе қаласындағы Халықаралық экология және инженерия ғылым академиясы өткізген Республикалық «Үздік педагог -2014» байқауында тарих пәнінің мұғалімі Кадирова Алия «Білім беру ісінің үздігі»төсбелгісінің жеңімпазы атанды. 2010-2011 жылдың «Ең үздік директор» иегері атағын иемденген К.Қ. Тлеубаева облыстық «Үздік мектеп директоры -2014» байқауында да І орын тұғырынан көріне білді.



Мектепке дейінгі білім беру мекемелері – 4, оның ішінде «Балапан» бағдарламасы аясында 1 балабақша және 2 шағын орталық жұмыс жасайды.

Материалдық-техникалық базасы жасақталған, мамандармен толық қамтамасыз етілген.

Село әкімдігінің 2014 жылғы балабақша кезегінде 0-6 жас аралығында -499 бала кезекте тұр. Оның 3-6 жас аралығындағы 223 бала. Қазіргі таңда 3-6 жас аралығында 297 бала балабақшамен қамтамасыз етілген. Бұл 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамтуда 77 пайыз көрсеткіш.

2014 жылы «Бәйтерек» балабақшасы мемлекеттік аттестациядан өтті. «Жауқазын» балабақшасынан Республикалық «Үркер» марафонына 30 бүлдіршін қатысып, сертификат алды. Осы балабақшаның қызметкері Өсербаева Жемісгүл аудандық «Жас сұңқар ІҮ слетінде» «Үздік жас отбасы» номинациясына ие болды. Балабашқа директоры М.Шырақбай «Жапониядағы білім беру туры» бағдарламасы бойынша Жапония елінде біліктілік курсынан өтті.



Денсаулық саласы:

Ақшұқыр дәрігерлік амбулаториясы тұрғындарға медициналық тұрғыда қызмет көрсетеді. Амбулатория төрт салада қабылдау көрсетеді: жалпы практикалық дәрігер, гинеколог, стоматолог, балалар неврологі, 10 төсектік күндізгі стационар бар. Ақшұқыр дәрігерлік амбулаториясына 9496 адам тіркелген, оның ішінде балалар саны- 3336, жасөспірімдер саны- 322, 1 жасқа дейінгі бала саны - 321. 2014 жылы фтизиатор дәрігері алынды. Күндізгі стационарда ем алғандар саны – 690, үйде жатып емделгендер саны – 32.

Жеделжәрдем бөлімшесіне 5105 шақыру түсіп, күні-түні шұғыл медициналық көмек көрсетеді.

2014 жылы Ақшұқыр дәрігерлік амбулаториясы Алматы қаласында өткен «Денсаулық сақтау ұйымдарының жоғары мектебінің» ұйымдастыруымен «Маңғыстау облысы бойынша ең үздік амбулатория» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, дипломмен марапатталды.


Әлеуметтік сала:

Ақшұқыр селосы бойынша 2014 жылдың ішінде барлығы 720 адам әртүрлі деңгейдегі зейнетақы мен жәрдемақыларын алады, 1,2,3 топ мүгедектері – 174 адам, бала жастан мүгедектер - 40 адам, асыраушысынан айырылғандар – 43 адам, зағиптар- 21 адамды құрайды.

Атаулы әлеуметтік көмекке және балалар жәрдемақысына 2014 жыл бойынша 6 отбасы өтініш білдірді. Бір жолғы материалдық көмекке 28 отбасы арыз берді, оның ішінде 22 арыз қанағаттандырылды. Тіркеуде тұрған жағдайсыз отбасылардың саны – 14.

Ақшұқыр селосынан 2014 жылдың ішінде жұмыссыздыққа 105 адам тіркеліп, қазіргі таңда соның 81-і жұмысқа орналасты, оның ішінде «Бозашы оперейтинг» компаниясына – 26 адам, «МАЭРСК Ойл Қазақстан» компаниясына- 9 адам, нысаналы топтан 4 адам жұмысқа тартылды. Қалғандары селоға қарасты мекемелерге мамандықтары бойынша әр- түрлі жұмысқа орналасты.



Жұмыспен қамту -2020 бағдарламалары аясында 2014 жылы Ақшұқыр мәдениет үйінің ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 12 адам, «Бәйтерек» балабақшасының жөндеу жұмысына 7 адам, «Коммуналдық қызмет» мекемесіне 4 адам жолданып, жұмыспен қамтылды. Жұмыспен қамту орталығының жолдауымен 1 түлек село әкімі аппаратына жұмысқа қабылданды.

Жыл ішінде нысаналы топтан 4 адам, Жастар тәжірибесі бойынша биыл бітірген 1 түлек дәрігерлік амбулаторияға, ақылы қоғамдық жұмысына 4 адам жергілікті әкім аппаратына жұмысқа орналастырылды.



Жер қатынастары:

Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй жер кезегінде 7070 адам тұр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қажетті инженерлік инфрақұрылымның дайын болуына қарай өтініштер қанағаттандырылатын болады. Ақшұқыр селосының бас жоспары жасақталып, 25.02.2013 жылы Аудандық мәслихаттың №9/66 санды шешімімен бекітілді. Бас жоспардың аумағынан 60 гектар жер индустриалдық аймаққа белгіленді. Аталған аймақ көлемінде өз жобаларын іске асыру бойынша 65 өтініш тіркелініп, оның 8 өтініш қанағаттандырылып, ауыл әкімінің шешімі шықса, 10 өтініш комиссияда қаралып, комиссияның оң шешімін алды.

Бекітілген бас жоспардағы жер телімінен кәсіпкерлік мақсатта 1,2 га, жер аумағын кеңейтуге – 0,69 га, өндірістік базаларға 6,25 га жер телімдері берілген.

Шығарылған шешімдер саны -103.



Кәсіпкерлік саласы:

Селода 63 кәсіпкерлік нысан бар, село әкімдігіне тіркелген жеке кәсіпкерлер саны – 59, кәсіпкерлік саласындағы жұмысшылар саны – 68 адам.

«Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында ашылған кәсіпкерлік нысандарға 10 адам жолданып, жұмыспен қамтылды. 1 адам оқып сертификат алды.

Негізгі азық-түлікке баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 1 наубайхана меморандумға отырды. Жыл бойы негізгі азық- түлік түрлерінің бағасына мониторинг жүргізілді, баға қалыпты. 4 кәсіпкер аудандық жәрмеңкеге, 2 кәсіпкер облыстық көрмеге қатысты. «Маңғыстау облысының үздік кәсіпкерлері -2014» конкурсына, «ТАБЫС-2014» облыстық көрме-жәрмеңкеге «Қол өнер мүсіні» номинациясы бойынша Шынтемиров Қуаныш, «Қол өнер тігін шебері» номинациясы бойынша Мурзабаева Майра қатысып, марапатталды.



Мәдениет саласы, ішкі саясат жұмыстары:

Селолық мәдениет үйінің «Айна» этнографиялық халықтық концерттік ұжымының 1млн. 200 мың теңгеге 19 костюмі жаңартылды. Музыкалық аппаратура алуға демеушілік көмектен «НКОК» компаниясына 5 млн теңгеге сұраныс берілді. Жыл бойына 50 мәдени шара өткізілді, 10920 көрермен қатысты. 2 халықаралық конкурсқа Өтешова Іңкәр қатысып, жүлделі орынға ие болды. 2 республикалық конкурсқа 2 оқушы жолданып, Өтешова Іңкәр бас жүлде және Бақытова Айдана ІІ орындарды иеленді. 3 Облыстық байқауға 9 өнерпаз қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Село бойынша діни ахуал тұрақты.

«Жас Отан Жастар қанаты» ұйымының ұйымдастыруымен селодағы қарттарға мерекелік шара өткізілді, Маңғыстау облыстық Жастар мәселесі басқармасының «Үздік жас жетекші -2014» номинациясына «Жас отан Жастар қанаты» атқарушы хатшысы Елубаева Әсемгул ие болды.

«Мейірімді жүрек» акциясы бойынша қайырымдылық шараға 280 көрермен қатысып, түскен қаражатты Ақшұқыр селосының тұрғыны 4 жасар Жексенбі Нұрайға Алматы қаласына барып ота жасатуына беріліп, қайырымдылық көмек көрсетілді.

Спорт саласы.

Селода 2 ашық футбол алаңы бар. Ауыл жастары түрлі деңгейдегі спорттық шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. 1- маусым Балалар күнінен орай спорттық шараға 17 оқушы қатыстырылды. «Астана күні» мерекесіне орай «Ауыл әкімінің кубогы-2014» атты село ішілік кіші футболдан жарыс өткізіліп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Спортшылардың жаттығулары үшін селодағы мектептер спорт залдары кешкі мезгілдерде пайдалануға беріледі.

Коммуналдық сала.

Ақшұқыр селосында электр энергиясын тасымалдап, тоқ көзімен қамтамасыз етіп отырған «Коммуналдық қызмет» мекемесі. Өткен жылы селоның 20 және 21 шақырымда орналасқан үйлер үшін 3 дана КТП орнатылды. 2014 жылдың сәуір айынан бастап авариялық-диспетчерлік қызмет бөлімі құрылып, құрамына 3 диспетчер, 3 электрик, 3 жүргізуші тәулігіне 24 сағат қызмет көрсетіп келеді. 2014 жылға жергілікті бюджеттен көше жарықтандыру қызметі үшін 40 млн 308 мың теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Осы қаражатқа бағандарда орналасқан шамдар толық ауыстырылып, жаңартылды. Сумен 162 үйге ауыз су құбыры тартылған. Электр желісімен 90 пайыз қамтылған. Айдаров, Сәрсенов көшелерінің электр желілерін қайта құрылымдауға 71,0 млн. теңге қаражат қаралды.



Санитарлық тазалық бойынша. Селода тазалық мәселесі ұдайы қадағаланып, әрбір көше, асфальт жол бойына белгіленген тұрақты адамдар өз учаскелері бойынша тазалық жұмыстарын атқарып келеді. Қордаланған қоқыстарды және «Қошқар ата» қорымы артындағы ескі жиналған қоқысты шығару жұмыстары жүргізіліп, жұмыс жалғастырылуда. Тазалықпен айналысатын «Ұшқын Ақтау» ЖШС арқылы жүзеге асырылады. Бәсекелестік орталығынан ауыл тұрғындары мен осы аталған мекемемен келісім шарт негізінде жеке тұрғындардың қоқыстары уақытылы шығарылуда.

Көгалдандыру бойынша М.Әбдіхалықов атындағы орта мектебінің бастауыш филиалы жанынан 720 шаршы метр жерге ЖК «Атаманов» мекемесімен келісім шарт негізінде бақша қорғаны салынып, көктемде 100 түп тал егуге дайындалды. Селоны көгалдандыру мақсатында 200 түп ағаш тұрғындарға тегін таратылды. Ауыл ішіндегі отырғызылған талдар үнемі бақылауда болып, уақытылы суарылып отырылды.

Пошта саласы бойынша газет журналдар уақытында келіп, зейнетақылар, төлемдер мезгілінде таратылады. Барлық төлем түрлерін төлеу Казпочта арқылы жүзеге асырылып келеді. 51 – ардагерлер және алтын, күміс алқа иелері демеушілік арқылы газет – журналға тегін жаздырылды.

Байланыс жүйесі бойынша Село байланысы цифрлі эфирлік байланысқа көшірілді. «Қазақтелеком» мекемесі арқылы интернетке қосылу мәселесі шешілді.Қазіргі таңда 456 үй телефон желісіне қосылса, оның 102 сымсыз желідегі интернет және 78- 4G-лік интернет. Жеке үйлер, бюджеттік мекемелер, кәсіпкерлер интернетпен толық жұмыс жасауға толық мүмкіндік алды. Селода ұялы байланыстың барлық түрі қосылған және үздіксіз жұмыс жасауда.

Ауыл шаруашылығы саласы:

Селода «Жайлау» ЖШС-і орналасқан және 19 шаруа қожалығы тіркелген. Жеке сектормен қоса алғанда барлық мал саны: ірі-қара – 1725 мал басы, ұсақ мал – 3947 мал басын құрайды.

2014 жылдың тамыз айынан бастап ветеринарлық станция жұмысын бастады. Ұсақ малдарға бірдейлендіру жұмысы аяқталып, базаға енгізілді.

Ірі қара малдарға (түйе, сиыр) бірдейлендіру жұмысы жүргізілді, сонымен қатар базаға енгізу жұмыстары да жүргізілуде.

Жеке қосалқы шаруашылықтар бойынша шаруашылық кітабындағы деректер компъютерге құйылып, база жасақталды.

Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жеңілдетілген пайызбен 2 кәсіпкер несие алып, ірі қара малын өсіру және еділбай тұқымды қой өсіру бойынша кәсіппен айналысады.

Ауылшаруашылық тауарлары: сүт өнімдері бойынша 3 кәсіпкер 250 литр шұбат, сонымен қатар сүттен жасалатын өнімдерді жәрмеңкеге шығарды.

Өткен жылы селодан 1 кәсіпкерге жылыжайға жер телімі беріліп, өнімдерін халыққа қол жетімді бағамен сатуға шығарды.

Қуаңшылықтың салдарынан аздаған мал шығыны орын алды. Облыс, аудан әкімдігінің ықпалдасуымен жеңілдетілген бағамен жем және шөп азығын белгіленген оператор, жеке кәсіпкерлер арқылы сату ұйымдастырылды.

Қоғамдық тәртіп пен қылмыс.

Село бойынша қылмысқа және құқықбұзушылыққа бейім 62 тұлға профилактикалық есепте тұр.



Ақшұқыр селосының аумағында 29 қылмыстық оқиға тіркелген, атап айтқанда: ұрлық -21, тонау фактісі -1, алаяқтық -1, бұзақылық -5, зорлау фактісі-1 тіркелген. Осылардың 17-ы ашылып, 12-не қатысты криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Діни экстремизм, террорлық әрекеттердің жолын кесу, алдын алу шаралары бойынша Түпқараған ауданының ішкі істері бөлімінің бұйрығымен «Аймақ» жедел профилактикалық және басқа да көптеген шаралар өткізілді. Жағдай тұрақты.
Ақшұқыр селосы әкімі Мәлік ІЗТҰР

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет