АҚТӨбе облысы флорасының антропогендік трансформациялану проблемасы



Дата26.06.2016
өлшемі50 Kb.
#158918
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ФЛОРАСЫНЫҢ АНТРОПОГЕНДІК

ТРАНСФОРМАЦИЯЛАНУ ПРОБЛЕМАСЫ
Казкеев Е.Т., Жұмабаева Г.С., Сержан А.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Қазақстан

Kaf.biol.Kazkeev@mail.ru


Биоалуантүрлілікті, соның ішінде флоралық әртүрлілікті зерттеу және сақтау қазіргі заманның басты әрі көкейтесті мәселелерінің бірі.   Дала зонасындағы түрлерді сақтау мәселесі  айрықша көңіл аудартады, өйткені Еуропа далалары бүкіл ландшафты зона экожүйелерінің антропогенді прессингке түсетіндігінің нақты мысалы болып отыр [1].

Қалалар мен қала агломерацияларының флорасы немесе урбанофлоралар антропогенді трансформацияланған типке жатады. Өзгерген (трансформацияланған) флора-бұл белгілі бір жерде антропогенді факторлардың әсерінен зоналық флораның өзгерісін көрсететін өсімдіктер түрлерінің жиынтығы [2].  Экожүйелердің антропогендік трансформациясы мәселелерімен айналысып жүрген Қазақстандық ғалымдардың пайымдауынша, Қазақстандағы антропогендік трансформация барлық жерлерде факторлар комплексімен және олардан туындайтын процестермен анықталады [3-6]. Оларды шартты түрде 3 топқа біріктіруге болады:

1.     Табиғи-өсімдіктер жамылғысында шапшаң, кейде апатты алмасуларға әкеліп соқтыратын (су тасқыны, теңіздер мен көлдердің  трансгрессиясы мен регрессиясы);

2.     Антропогендік-себептік (өзендер ағысын реттеу, жасанды су қоймаларын құру, мелиорация және т.б)-бұлар да кейде өсімдіктерде апатты алмасулар тудыратын немесе су астында қалдыру, қайта сорлану, батпақтану және шөлдену секілді алдын ала болжанбаған процестердің біртіндеп жүруіне әкеліп соғатын;   

3.     Антропогендік-тікелей адамдардың шаруашылық іс-әрекеттерімен байланысты: мал жаю, шөп шабу, жолдық деградация, жер жырту, техногендік әсер-өсімдіктер жабынында қысқа мерзімдік немесе ұзақ уақытқа созылатын бұзылулардың пайда болуына әкеліп соқтыратын факторлар мен процестер [7].

Бұл үш топ өзара байланысты.  Бұл орайда алдыңғы екі топқа жататын факторлар үшінші топ факторларынан туындайтын өзгерістердің жүретін экологиялық ортасы (фоны) секілді болып табылады. Соңғы, яғни адамдардың шаруашылық іс-әрекеттерімен байланысты факторлар, бірінші және екінші топтар туғызған жағымсыз процестерді едәуір тереңдетеді және өсімдіктер сукцессияларындағы векторлар бағытының өзгеруіне күшті әсер етеді [7].

Антропогенді күштердің дәрежесі мен күштілігі 1-шіден 6-шыға дейін жоғарылайды.

Барлық  топтарға тән жалпы белгі болып, флорогенездің ең жас формасы-антропогенді трансформация процесі дамуы кезінде көрінетін антропогенді факторлардың айқын әсері.  Олар әдетте адам шаруашылығы мен соған байланысты шаруашылық түрлері мен обьектілері жинақталған жерлерде пайда болады және әсер етеді. Ал, флорогенез дегеніміз, классикалық анықтамаға сүйенсек, географиялық жағдайға байланысты флораның пайда болуы (генезисі), көшуі (миграциясы) және тасымалдануы (трансформациясы) [8].  Флорогенез кезінде систематикалық және географиялық әртүрлі, әртүрлі жастағы және әртүрлі экологиялық түрлер біріккен кешен құрады. Олар әртүрлі экологиялық және тарихи факторлардың арқасында өсетін жерлерінің жағдайына сәйкес бірігіп дамиды [9].

Флорогенетикалық процестерге әсерін тигізетін факторлар табиғи және антропогенді болады. Антропогенді факторлар әсер еткенде флорогенезді құрайтын факторлардың: миграциясының, жойылу процестерінің, бір түрдің екіншісімен ауыстырылуының бағыты өзгеріп, динамикасы ұлғаяды. Ал, ол кезегінде флора табиғатының өзгерісіне-синантропизациясына әкеледі [2].

 «Синантропизация» термині дегенде, флораның антропогенді трансформациясы процесінің ең соңғы нәтижесі-адамның әрбір тікелей немесе жанама әсер етуінен өсімдік жабыны мен  флораның өзгерісін түсінеміз [10].   Бұл процестердің табиғи ортаға әсерін тигізетін негізгі факторлары болып, урбанизация, индустриализация, ортаның химизациясы (токсикациясы), тіршілік ортасының эутрофикациясы, су режимінің және ландшафт құрылымының өзгерісі саналады [10].

Жалпы, көптеген жерлерде синантропизацияның көріну сатылары мынадай:

1.  Аборигенді түрлер мен бөтен елді жерден келген (адвентивті) түрлердің араласуынан көрінетін флора құрамының гетерогендігі.

2.  Қалалар флорасының кедейленіп, олардың жаңа элементтермен толықтырылуы.

3.  Адаммен таралатын, яғни гемерофильді түрлер үлесінің көбеюі.

4.  Антропогенді күштерге сезімтал, яғни гемерофобты түрлер үлесінің азаюы.

5.  Эволюция процесінің жеке және популяциялық деңгейде тездетілуі.

6.  Бөтен елді мекен түрлері мен жергілікті бірлестіктердің араласып, жаңа түрлер түзуі.

Жалпы дала зонасындағы  қалалар агломерациясының флорасы аборигенді флора мен кейдейсоқ келіп қалған түрлерден құрылған.  Сол себептен, құрылымы мен флорогенетикалық процестерді түсіну үшін жергілікті флораның фондық әсерін ескеру қажет [10].

Урбанофлоралардың негізгі сипаттамасы олардың құрамындағы гемерофильді түрлердің көбейіп,  гемерофобты түрлердің азаюынан флораның кедейленуі болып табылады. Гемерофильді түрлерге апофиттер мен антропофиттер жатады (әдетте адвентивті түрлер). Гемерофобты түрлер көбіне өздерінің өсу аймағынан антропопрессия құбылысы нәтижесінде шығып қалады(мысалы, өндіріс орындары мен көліктер көптілігі). Соның нәтижесінде фитоценоздар деградацияға ұшырайды.  Қазақстанның  батыс өңіріне көз жүгіртсек, Ақтөбе қаласы бойынша  ластаушы көздер «Ақтөбе хром қосындылар зауыты» акционерлік қоғамы, «Ақтөбе ферроқорытпа зауыты» акционерлік қоғамы, «Ақтөбе жылу электр орталығы» акционерлік қоғамы болып табылады. «Ақтөбе ЖЭО-ғы» газбен және сұйық отынмен жұмыс жасайды, соның салдарынан қоршаған ортаға 70 % азот қышқылы тарайды. Ал Ақтөбе ферроқорытпа зауыты айналамызды қатты заттармен ластайды [11]. Қобда ауданында флораның антропогендік трансформациясы мал жаю, шөп шабу, жер жырту, жолдық деградация нәтижесінде туындайды [12]. Мартук, Қарғалы аудандарының флорасы да механикалық факторлардың әсерінен антропогендік трансформацияға ұшыраған. Әйтеке би ауданындағы Ырғыз өзені өсімдіктер жамылғысының антропогендік трансформациясы мал шаруашылығының дамуынан, жасанды шөп егу және пішен ору, ауыспалы жайылым нәтижелерінен туындап отыр [13]. Осылай қоршаған ортаға механикалық және химиялық әсер ету нәтижесінен фитоценоздың мынадай «қауіпті» аймақтары қалыптасады:

1. Бос, қаңырап қалған, шөлейттенген аймақтар;

2. Тек бұтатәрізді өсімдіктер аймағы;

3. Ағаштардың мүлдем жойылу аймағы;

4. Ағаштардың тұрақты өсу деңгейінің төмендеуі;

5. Зауыттардың әсер ету аймағы [10].

Апофитизацияның немесе аборигенді флора түрлерінің синантропты бірлестіктерге енуінің үлкен маңыздылығы бар және ол флораның антропогенді трансформациясының көрінуінің бір формасы болып есептелінеді. Апофиттер кен өндіру аймақтарында, бос, жалаңаш жерлерде, теміржол маңында және тұрғын үйлер маңында өседі. Бұлардың кейбір түрлері тарала алады [10].

Апофиттердің негізгі таралу және орын ауыстыру жолдары-темір жол үйінділері, жолдардың маңы, өзендердің жағасы, су қоймалары, теңіздер маңы.

Қазіргі кезде далалық зоналардың табиғи экотоптары мықты бұзылғандықтан, бұл жерлерде өсетін өсімдіктердің көпшілігін арамшөптер құрайды. Р.Вебер бойынша[10] , арамшөптер – жартылай мәдениетті өсімдіктер: адамдар оларды өсірмейді, бірақ олардың таралуына жағдай туғызады. Мұндай жағдай тоқтатылғаннан кейін, арамшөптер зоналық өсімдіктермен ауыстырылады, бірақ орын ауыстыру жылдамдығы сол жердің өсімдіктер жабынының бұзылу деңгейіне және бұл аймаққа адамның әсер ету ұзақтылығына байланысты болады. Қазіргі рудеральды өсімдіктер жабыны Вебер бойынша (рудеральды арамшөптер көбіне урбандалған аймақтарда кездеседі) негізінен мына жерлерде кездеседі:

1. Ауыл маңында-шаруашылық қожалықтарында, минералдық заттарға топырағы бай жайылымдарда;

2. Жиналған қалдықтар маңында;

3. Үйінділерде

4. Байланыс жолдары мен тиеу аймақтарында-бұл жолдармен көбіне әртүрлі адвентивті өсімдіктер тұқымдары түседі және таралады.

Ерекше назарда қазір көп таралған адвентивті түрлер аудартады. Флористиканың ерекше бағыты ретінде адвентивті флораны зерттеу тек 19 ғасырда қалыптасты және 20-шы ғасыр бойы аймақтық флораларды талдауда нақты бағытын тапты, жаңа тәсілдер мен ғылыми терминологияға ие болды [14].

Әдетте өсімдіктердің адвентивті түрлерін субэлемент ретінде антропофильді немесе синантропты элементке қосады. Адвентивті субэлемент дегеніміз-жабайы өсетін өсімдіктер жиынтығының жаңа жерлерге жеткізіліп (адамның тікелей және жанама әрекетінен өз ареалдарынан алыстауы), табиғи және (немесе) жасанды ортаға жерсінуі [15]. Адвентивті өсімдіктер болып, сол территорияның флорогенезінің жалпы дамуына қатысы жоқ өсімдіктер есептелінеді. Адвентивті өсімдіктердің бірқатар ерекшеліктері бар:

1.  Сол территорияда бұрын-соңды табылмаған;

2.  Сол территорияда археологиялық қазба жұмыстары жасалғанда да табылмаған;

3.  Өте сирек кездеседі (2-шілік өсетін орындарында да);

4.  Барлық тіршілік циклын өтпейді немесе өте сирек өтеді;

5.  Сол территорияда жақын туыстары жоқ;

6.  Ол негізгі ареалынан көшкен;

7.  Негізгі тарату факторы болып адам саналады [16].

Адвентивті түрлердің сипаттамалары көп болғанымен, оларды жан-жақты сипаттауға жеткіліксіз. Қазіргі кезге дейін олардың бірде-бір классификациясы жоқ.

Шет елдерден зерттелмеген жүктердің көп келуіне байланысты карантинді объектілердің ену қауіптілігі жоғары. Карантинді қауіпті жүктерге астық тұқымдастары, жеміс-жидектер, көкөністер, гүлдер т.б. жатады.  Сонымен қатар карантиндік бақылауға ботаникалық бақтар, элеватор, сауда базарлары, орман шаруашылығы да алынған.

Адвентивті өсімдіктердің алғашқы пайда болу ошағын жою мақсатында «Қазақстан Республикасының өте қауіпті, зиянды организмдер мен карантинді объектілерінің тізімі» (10.12.2002ж) құрылған. Ол мынадай 2 қатардан тұрады:

1. Күрес Республикалық бюджет есебінен жүзеге асатын карантинді объектілер

2. Ерекше қауіпті, зиянды организмдер.

1-ші  қатарға профилактикалық шаралар қолдануға болса, 2-ші қатарға күресудің биологиялық тәсілдері қолданылуы мүмкін.

 Қорыта келгенде,  трансформацияланған флораларға мынадай  қорытындылар жасауға болады:

1. Қай  аймақ флорасын алсақ та, олар табиғи-қорық фонды территориясындағы флораға, табиғи экотоптардың кедейленген флорасы мен мәдениеттелген флораларға репрезентативті. (Репрезентация-таңдап алынған сипаттамалардың популяция сипаттамаларына сәйкес келуі).

2. Трансформацияланған флораның әрбір типінің түр құрамы кедей келеді және олар аймақтық флораның барлық түрлерін қамтымайды.    

3. Урбанофлораларға, агрофитоценоздар флорасына және техногенді экотоп флораларына түр құрамынының кедейлігінен басқа, өсімдік жабынының  синантропизациясының барлық қасиеттері де тән (унификация, космополитизация, ксерофитизация және құрылымының барлық аспекттерінің қарапайымдануы).  Мұндай тенденцияларды көптеген авторлар да байқаған.


Пайдалынылған әдебиеттер:

1.  С.А.Айпеисова. Конспект флоры Актюбинского флористического округа., Актобе, 2012г

2.  Бурда Р.И. Антропогенная трансформация флоры., Киев, 1991г

3.  Байтулин И.О. Системный подход к сохранению и сбалансированному использованию биоразнобразия//Респ.семинар-Подг.этап разработки нац.стратегии и плана действии сохр. и сбаланс.использ. биол.разнообр.Алматы, 1996г.

4.  Байтулин И.О., Курочкина Л.Я., Макулбекова Г.Б. Пути определения вероятных изменений экосистем Северо-туранских пустынь// Охрана редких видов растений и растительности Казахстана. Алма-Ата, 1989г.

5.  Бижанова Г.К., Курочкина Л.Я. Антропогенные смены пастбищ Мойынкумов и их картографирование. Алма-Ата, 1989г.

6.  Аралбаев Н.К. О трансформации флор и проблемы сохранения и восстановления разнообразия флоры степей и пустынь Казахстана//Вестник КазГУ, 1999г.

7.  Огарь., Брагина Т.М. Трансформация экосистем и их компонентов: основные термины и понятия//Трансформация природных экосистем и их компонентов при опустынивании. Алматы,1999г.

8.   Попов М.Г. Основы флорогенетики. Москва, 1963г.

9.   Толмачев А.И. Введение в географию растений. Л;ЛГУ,1974.

10. Вахненко Д.В. Антропогенная трансформация флоры северо-восточного Приазовья в пределах Ростовской городской агломерации. Ростов-на-Дону,2000г.

11. Абаш А.С., Ералина Г.Ж. Ақтөбе облысының геоэкологиялық проблемалары. Алматы, 2010ж

12.Базарғалиева Ә.Б., Аралбаев Н.К. Қобда өзені аңғарының табиғи флорасын талдау. Ақтөбе,2005ж.

13.Казкеев Е.Т. Ақтөбе облысының флорасы және өсімдіктері. Ақтөбе,2010ж.

14. Протопопова В.В. Адвентивная флора Украины//Материал 3 Межд.конф.Донец.бот.сада НАН Укр. Донецк, 1998г.

15. Протопопова В.В. Адвентивные растения лесост.и степной зоны Украины. Киев,1973г.



16. Аистова Е.В. Адвентивная флора Амурской области. 2007год

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет