Мектептің қазіргі жағдайы мен болашағы толғандырады
«Еліміздің болашақта гүлденуі бүгіннен басталады» деп, Ел басының ой толғап, іске бағдар беріп, ұзақ мерзімге көз жіберіп, әрбір адамның,әсіресе, зиялы қауымның сезімін серпілтіп, ойын оятқаны - тарихи тағылым. Бағдар, бағыт болжам, көркемдік-бұл.
«Бүгін ауылдағы жағдай мейлінше қиындап отыр. Тіпті, балалар мектепке баруды қойған, тойып тамақ ішпейтін болған жерлерде бар» - дейді Ел басы. Рас, қаражат жетімсіздігін сылтау етіп, «қияметтің қыл көпіріндей» өтпелі кезеңінің қиындығын жеңу үшін, барынша әрекет жасаудың орнына, бас пайдасын ойлаған әкімдер мен шенеуніктер, болашақ болмысына қырсығын тигізіп жүр. Ата-аналар мен іскер азаматтардың, қоғамдық орындардың бірлескен бірлігі, көмегін мектепке дейінгі мекемелерді орынында орнықтырып, бала тәрбиесіне барынша күш салудың орнына, олар «қысқарту» тәсілін қазақ тілінде жұмыс істейтін 436 балабақшаны жауып тастады. Соның нәтижесінде 43000 бөбектер мен балдырғандар балабақшаға бармай қалды. Сондай-ақ өткен жылы 78 бастауыш мектеп (қазақ мектебі) шағын кешенді 235 қазақ мектебі, 200 қазақ мектептерінің қасындағы интернаттарды да жапты. («Новое поколения» - №37.1997).
Міне, ауылдағы «жағдай» осындай оспандар олқылықпен «құрылып» барады. Мектепте жұмыс істеп, күн көру қиындап кетті, өйткені жалақы аз. Бар жалақы уақытысында берілмегендіктен, онда тек нағыз ұстаздар ғана қалды. Ал кеткен ұстаздардың орнын көбінесе ұстаздық қабілеті де, бейімі де, ниеті де жоқ, «күнкөріс» үшін келген кейіпсіз, керенаулар, кержалқаулар мен кесір мінезділер басты. Сөйтіп, көптеген Қазақ мектептері қасиеттерінен ажырай бастады.
Ал ата-ана болса кейбіреуі ар, намыс, міндет дегенді ұмытты. Баланың оқуына қамқор жасай алмауда.
Шағын мектепті жапқан шенеуліктер ата-аналар арқылы және басқа «қиын» тірліктер арқылы балаларды көлікпен тасымалдау жұмысын ұйымдастыруға, немесе шағын интернаттар (мемлекеттің қаражатынсыз-ақ) ұйымдастыруға болатынын ойластырмады. Тағы бір мысал, жеке тұлғаның адам болып қалыптасуы үшін оның тән азығы мен қатар жан азығы толымды болуы керек. Ол үшін оқу құралдары, кітапхана, сахна, экран керек. Көп мектептерде кітапхана жабылды. Ал, рухани азықтың қажеттілігін қастерлеп бағалайтын ұстаздар тіпті болмағанда, өз сыныптарында кітап сөрелерін ұйымдастырып, оқушылар сұранысын қатерден аман алып қалды.
«Қысқарту» дегеннен шығады, мектептерді, интернаттарды қысқартумен қатар, «қысқартқыштар» мектептегі жеке пәндерге де ауыз сала бастады. «Орыс тілін ойрандап жатыр», «Ағылшын тілін алмайтын болыпты», «Суретті қысқартыпты», «Әдептілік дәрістерін оқытпайтын болыпты», «Мемлекеттік тілді міндетті түрде оқыту зандастырылмапты» деген сөздерді естігенде төбе шашымыз тік тұрды. Отынымыздағы әрбір азамат мемлекеттік тілді, орыс тілін, ағылшын тілін білмесе оны білімді деуге бола ма? Ал сурет пен әдептілік дәстүрін оқытпау, көркемдіктен көр соқыр қалдырып, әдептіліктен мақұрым ету ғой. Онда біз болашағымыздың балашағын қорлап, келешекке кесірлік жасағанымыз емес пе?
Әрине, игілікті істі ілгері жүргізуге қаражат қажет ақ, бірақ кілтсіз кіріптар қылып қойған заман қиыншылығын жеңуге бар күшімізді салып, санамызды сарқымасақ біздің елдігіміз, ерлігіміз, ойшылдығымыз бен оқымыстылығымыз қайда?
Елбасы: «Мектептерді, ең алдымен селолық жерлердегі мектептерді компьютерлендіруге кірісіп, осы мақсаттарға кемінде 22 миллион АҚШ долларын бөлу» деген қуанышты шешімін жариялады. Мектептер бұл игілікті қадірлей қабылдап, одан әрі қарай іске асыру үшін ең алдымен электр жарығының жеткіліктілігі, тұрақтылығы қажет. Әсіресе ауылда әр нәрсені сылтау етіп, ақы төлесе де, электр жарығы берілмейді. Екіншіден, компьютерлерді іс-әрекетте тиімді қолданып, шәкірттерді әрі қызықтырып, әрі оларға үлгілі істерді үйрететін нағыз ұстаз керек, яғни мамандарды қайта даярлау, жаңадан даярлау ісіне жаңаша кірісу қажеттілігі туып тұр. Ол туралы жұмған аузымызды ашпай ертеңгі күні компьютерлерді бұрыштағы әрі суық, әрі шаң басқан бір сыныпқа «орната» салып, артын аңғартпай, белгілі жұмысты берекесіздікке айналдыратындар көп. Оны өмір көрсетіп отырған жоқ па?
Елбасының: «Барлық деңгейдегі әкімдермен және жұртшылықпен бірлесе отырып, балалардың мектепке толық қатысуын және оларды толыққамды қамтамасыз ету» - деген шешімді бағдары осы қиын да, жауапты істерді міндеттеп тұр.
Міндетті оқу, мұғалімдерге қамқорлық жасау «бала тәрбиелеу баршамыздың ісіміз» - деп, біз жаппай сауатты ел болғанбыз…Сол бұрыннан қалыптасқан бүкіл әлеуметтік үрдістерді әрі қарай жалғастыру үшін әрбіріміз, әрбір ата-ана, әрбір әкім асқан ақылмен, зор іскерлікпен, жан салған жауапкершілікпен кірісуге бет алсақ, бұған қатыспайтын ешбір қоғам мүшесі қалмайды, игілікті істің нәтижесін кейін көреміз. Әсіресе, тәрбиенің тәлімділігін арттыратын мұрагерлер (11-8) жастар (9-11) ұйымын қалыптастыру қажет.
Егеменді еліміздің әрбір «мырзасы», «бикесі», «әкімі», «төрағасы», «төрайымы» ұстаздармен бірлесіп осы бір ой салатын жауапты іске қатысуды өз міндетім деп есептегенде ғана, меніңше сол батыл бағдардың талабынан шығамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |