Қ АЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Ә. Табылдиев ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
Оқу-әдістемелік құрал
Алматы, 2010 УДК 371 ББК 74.6 Т12 Жалпы редакциясын басқарған және жауапты редактор п.ғ.д., профессор С.Ж. Пірәлиев Пікір жазғандар: п.ғ.д., профессорЛ.К. Керімов, п.ғ.д., профессор Р.К. Төлеубекова Табылдиев Ә. Т12 Ұлттық тәрбие: Оқу-әдістемелік құрал. –Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2010. – 252 б.
Кіріспе Қазақ халық педагогикасы (қазақ халқының халықтық педагогикасы, яғни қазақ этнопедагогикасы) - ұлттық тәрбиенің ғылыми-пәндік құралы. Қазақ халық педагогикасы (қазақ этнопедагогикасы) ғылым ретінде зерттеліп, пән ретінде айқындалып, ұлттық тәрбиенің ғылыми-әдістемелік оқу құралына айналды. Қазақ этнопедагогикасы ғылымын дамытып, қалыптастыруда қазақ ғалымдары, әсіресе, 1980 жылдардан бастап ерекше еңбек етті: Профессор Ұзақбаева С. "Балаларға эстетикалық тәрбие берудегі халық дәстүрлері" (1990) атты ғылыми-теориялық еңбегінде қазақ халқының әдет-ғұрыптарындағы көркемдікке тәрбиелеу үрдістерін, әдет-ғұрыптың әдептегі (ұлттық мәдениеттегі) көріністерін, олардың тәрбиелік мәнін, әдептің дәстүрге айналуы - ұлттық мәдениеттің деңгейін көрсететін құбылыс екенін, ұлттық тәрбиенің түп негізі (тамыры) халықтың салт-дәстүрлерінде жатқанын жан-жақты баяндап, ғылыми тұжырымдар жасады. Сөйтіп, халық педагогикасы туралы ғылыми теориялар түзіп, ұлттық тәрбиенің негізі - халық педагогикасы екенін дәлелдеп берді.
Профессорлар С.А.Ұзақбаева, К.Ж. Қожахметова "Жоғары мектеп студенттеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы" (1998) "Использование материалов казахской этнопедагогики при изучении педагогических дисциплин" (1998) деген ғылыми еңбектерінде қазақ халқының халықтық педагогикасының қыр-сырын ашып, оны педагогика пәнін оқыту кезінде пайдаланудың әдістемелік жолдарын көрсетті, бұл тақырыптарды оқытуда семинарлық, практикалық жұмыстарды ұйымдастыру үлгілерін ұсынды.
Ғалым Төлеубекова Р.К. "Бала тәрбиесіндегі халықтық педагогика" (1994) деген ғылыми-практикалық еңбегінде қазақ халқының халықтық педагогикасы - бала тәрбиесінің негізгі құралы екенін баян етті. Бұл еңбекте қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі ерекшеліктер жан-жақты баяндалып, сол ұлттық тәрбиені өмірде қолдану жолдары көрсетілді. Мұнда, көбінесе, халықтың салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәнін ашу жолдарын көрсете білу мақсаттары көзделді.
Ғалым Ғаббасов С. "Ізгілік әліппесі" (1993), "Халық педагогикасының негіздері" (1995) атты еңбектері арқылы, ұлттық тәрбие ана құрсағынан басталатынын дәлелдеді
Ғалым Бөлеев Қ. «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау» атты ғылыми-практикалық еңбегінде қазақ мектептерінің болашақ мұғалімдерін оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындаудың теориялық негіздерін жүйелеп көрсетті.
Ғалым Оразбекова К.А. "Иман және инабат" (1993), "Жеке тұлға ұлттық тәрбиесінің ғылыми-педагогикалық негіздері" (2003) атты еңбектері арқылы қазақтың халық педагогикасының жеке тұлғаны қалыптастырудағы ерекше ролін жан-жақты дәлелдеп, қазақ халқының ұлттық тәрбиесіндегі әдептік (этикалық) үрдістердің үлгілі нұсқалары халықтық педагогиканың (этнопедагогиканың) алтын арқауы екенін дәлелдеді.
Сөйтіп, қазақтың халық педагогикасының құндылықтары зерделі зерттеуші ғалымдардың еңбектері арқылы толыса берді.
Ғылыми жағынан толысып, пән ретінде колледждерде, жоғары оқу орындарында оқытыла бастаған «Ұлттық тәрбие» пәнін оқытудың әдіс-тәсілдерін, методологиялық (әдіснамалық) жүйесін жасап, халықтық педагогика - ұлттық мәдениеттің негізі екенін дәлелдеу үшін, жан-жақты ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туды. Осы бір игілікті қажеттілікті өтеу үшін, біз ұлттық тәрбие негізі ретінде қазақ этнопедагогикасының құрылымын анықтап, оны жоғары оқу орындарында оқытудағы тәжірибелерімізді жинақтап, оқытудың дидактикалық негіздері туралы зерттеулерімізді пайдаланып, «Ұлттық тәрбие» оқу құралын түздік.
Оқу құралында дәрістермен қатар, семинарлық сабақтардың, аралық бақылау жұмыстарының, студенттердің өзіндік жұмыстарының тақырыптары көрсетілді. Кредиттік оқу жүйесі бойынша, пәнді оқытушы оқыту жағдайы мен мүмкіншіліктеріне қарай, силлобустық (30+15+15) оқу жоспарын жасай алады.