Қазақ тіліндегі орыс сөздерін латын графикасына икемдеудің ұлттық жобасы



Дата09.07.2016
өлшемі104.47 Kb.
#186219
Қазақ тіліндегі орыс сөздерін латын графикасына икемдеудің ұлттық жобасы
Ақымбек Съезд Шардарбекұлы.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филол.ғ.к.
Мақалада қазақ тіліндегі кірме сөздерді латын графикасына икемдеп жазу туралы сөз болады. Қазақ тіліндегі дыбыстық жағынан кірме әріп-таңбалары бар сөздерді болашақ емлелік өзгерістерге түсіру қажеттігі бар екені рас. Себебі латын графикасына негізделген жазу жүйемізде әріп таңбалардың аз болатыны белгілі. Сонда бас артық таңбалардың санын қысқарту қажеттігі туындайды.

Көпшілік арасында латын графикасындағы әріптердің санына ғана емес, олардың графикалық кескініне де қатысты әр түрлі пікірлер тоқтаусыз айтылып жүр. Мақала солардың бір шоғырын қамтып, өзіндік үлгі ұсынуға әрекет жасайды.



Түйін сөздер: графика, емле, жазылу нұсқасы.
Тілден тілге сөз ауысуы – заңды құбылыс. Бұл – тілді байытудың құнарлы да қарымды жолы. Мәселе тек солардың дыбыстық жақтан игерілуінде.

Бұл турасында А.Байтұрсынұлы мен X.Досмұхаметұлынан асып ешкім айтқан жоқ. Кірме сөз жат болып тұрмас үшін оны «жаншып, өз тілінің қалпына түсіріп" (А.Байтұрсынұлы) «өзінің заңымен өзгертіп» (X.Досмұхаметұлы) алу ләзім. Осындай өңдеуден өткен сөзде деген өгейлік, жаттық болмайды.

Қазақтың баба тілі – жат сөздерді бастықтырып, жуасытып, жұмсартудың хас шебері. Сол қара тілдің «қазанына» түскен кірме сөздің құрамында титтей де селкеулік, мүлт кету деген мүлде болмайды.

Бұған мысал ретінде тілімізге ертеректе енген араб-парсы сөздерін айтуға болады.

X.Досмұхаметұлы бұл туралы өте жақсы айтқан: «Қазақ тіліне сіңіп кеткен жат сөздер көп: қала, молда, шілде, амал, айып, әділ, әлім, әдет, ылаж, өмір, ар, құрбан, әкім, аспан, дұшпан, заңгер, құн, береке, патша, дастарқан, сабын, бедеу, Асан, Үсен, Сәмеке, Шайбақ, Сидақ, Мәмбет, Моделі, әзіл, масқара, дәулет, апат, есеп, шынжыр, несібе, серт, Әсет, ақырап, жеді, дүйсембі, секілді, тағы, талай сөздің бәрі қазақ тіліне жат тілдерден кірген сөздер.

Бұл сөздер біздің тілімізге соншама сіңіп кеткен, қазақ халқы бұлардың жат екендігін сезбейді. Байқап қарасақ, жоғарғы сөздердің бәрі де қазақ тілінің қай заңына да көнеді; қазақтың түбір сөздерімен бірдей болып өзгеріп, бірдей құбылады.

Қай жағынан қарағанда да бұларды жат сөздер деп айтуға болмайды, бұларды жат сөздер десек ел көнбейді. «Бұларды жат деген адамның өзін ел өзіне жат санайды». (X.Досмұхамедұлы. Аламан. Алматы, 1991, 89-6.)

Осылайша игеру қорғанышы (иммунитеті) берік халық тіліне тән. Ондай тіл: «Өзінің заңымен өзгертпей... ішіне ешбір жат сөзді алмайды, кіргізбейді». (Сонда, 90-6.)

Ол үшін сөздің жақсы жаманы, ұлы, кішісі жоқ; сүйенетін жалғыз тірегі – өз заңы. Алланың алда (Алдаберген), Мухаммадтың Махамбет түрде айтылуы бұған дәлел. Ертеректе тілімізге енген орыс сөздерінің игерілуінде де мін жоқ деуге болады: бөлке, бөтелке, бөрене, бөз, барқыт, бәтеңке, бәтіс, бажы, бөкебай, бөшке, доға, жәрмеңке, жәшік, жемпір, кәзекей, кәмпит, кереует, кәрзеңке, көпене, көшір, кір, кінәз, қалаш, қамыт, пүліш, пұт, резеңке, сажын, сәтен, сиса, сот, сіреңке, үстел, шіркеу және т.б.

Тілге жазу килігіп, оқығандар араласа (билік айта) бастаған тұста жат сөздердің игерілуінде селкеулік орын алып, тіл заңын бұзушылық ұшырай бастады. Бұған араб-парсы сөздерінің жазылуындағы ала-құлалықтар дәлел. Н. Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігін» (Алматы, 1-том, 1984; 2-том 1989) жай аударыстырып қарағанның өзінде бір сөздің әлденеше түрде жазылғанын аңғаруға болады. Автор былай дейді: «Біз қазақ тілінде кең өріс алған 400-ден астам араб сөздерінің қазақша жазылу түрлерін анықтап шықтық. Олардың шұбарлығы соншалық, оның себебін ашуға кісінің ақылы жетер емес. Оған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Оқылған әдебиеттерде: тасбих сөзінің – 20, ижтиһаттың – 12, ілтипаттың – 8, ғибраттың – 7, әрекеттің – 6, қауіптің – 5, ұжданның – 4 варианты кездесті. Әрқайсысымыз күніне жүз рет айтатын «рақметтің» (ауызекі айтылуы өз алдына) баспада: рақмет, рақымет, рахмат, рахмет, рахымет сияқты 5 түріне кездестік. (1-том, 4-6ет).

Бұл – жазудың, жазу мен айтылудың арасын парықтамағаннан болған іс. Сол Халел: «Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады (Аталған еңбегі, 91-6.), – деген еді.

Қазақтың байырғы тілінде: тәспі, ыждағат, ылтыйпат (ілтійпәт), ғыйбырат (дүрысы ібірәт), әрекет, қауып, ұждан, ырақымет түрде айтылатын сөздердің жазуда құбылуының екі себебі бар: біріншісі оқығандардың тіл заңын білмеуі, білсе де елемеуі; екіншісі, «жат әсерлерге бағыныштығы», еліктегіштігі.

Тіл заңы, тіл тарихы не дейді? Бұған да жауапты Ахметтен табамыз: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, қатта жүз жылдап та емес, мың жылдан саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде әр халықтың тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады» (А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы. Алматы, 1992, 174-6.)

Тілдегі «басқалық» алдымен сол тілдегі дыбыстардың саны мен сапасынан әсіресе сол дыбыстардың өзара тіркесінен байқалады. Мұны да алғаш аңғарып айтқан Ахмет: «Жөнге тілдің өзі табиғаты тартуынша әрқайсысын өз орнына қойған. Тілдің өзінің қойған орнынан басқа орынға қойса, онда ол қойғанымыз ол тілше болмайды. Ол тілше болмаған соң, оның түбі ол тілді бұзу, өзгерту болады». (Сонда, 398-6.)

Тілді халық жасайды. Ал тіл заңы сол халық тілінен туады. Айталық, тілдің дыбыстық заңдары жеке дыбыстың қолданылуына, оның өзге дыбыстармен қарым-катынасына, «тілдің өзінің қойған орнына» негізделеді.

Қазақ тілінің негізгі дыбыстық заңдары қарапайым да қораш. Ол бойынша: сөздер бірыңғай жуан не жіңішке болады, еріндік дауыстылардан соң еріндіктер айтылады (бұл – еміле ережесімен елеусіз күйге жеткен заң), қатаңдардан соң тек қатаңдар, ұяңдардан соң тек ұяңдар, үнділерден соң тек ұяңдар, қала берді үнділер ғана тұрады. Осы тәртіп сақталса, қазақ тілі сақталады. Бір дыбыс өз орнында тұрмаса, «оның түбі ол тілді бұзу, өзгерту болады» (Ахмет).

Ахмет осылай дегелі бір ғасырдан асты. Оның арасында қазақ халқына XX ғасырдың сұрапыл дауылы секілді болып Кеңес үкіметі келіп кетті. Құр келіп кетпей, тілімізді орыс сөздерінсіз өмір сүре алмайтындай етіп, қойыртпақтап, жат дыбыстармен берік қиюластырып қолымызға ұстатты. Тіл тазалығын ойлау қалып, қазақ тілін тіл ретінде ұстап қалудың өзі мұң болғаны анық.

Егер латын графикасына көшу кезінде ұлттық тілдің ерекшелігін сақтап, кейбір сөздердегі сірескен жат тілдің дыбыстық ерекшелігін сындырып қазақ тілінің жөніне саламыз десек, алдымен артық-ауыс дыбыстар мен дыбыстық тіркестерден арылып, халықаралық орыс тілінің сөздерін өз дыбыстық заңымызға сәйкес қайта сөйлетуіміз керек болады.

Ұсынғалы отырған жоба осы мақсаттан келіп шығады. Бұл айтуға оңай болғанмен, орындалуы қиын шаруа. Себебі адам ес білгелі бойына сіңіріп үйреніп қалған халықаралық термин сөздердің өңі айналып, өзгергеніне төзу – әсіресе Кеңестік кезеңнің ұрпақтарына тіптен қиын. Алайда тілдің ұлттық мүддесі осыны талан етеді, осылай істеуге мәжбүрлейді.

Қазіргі қазақ тілінде орыс тілі арқылы енген сан мыңдаған сөз бар. Олардың дені халықаралық (интернационалдық) ден аталатын термин сөздер. Солардың неғұрлым көпшілік қолдысы түрінде танылып, «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігіне» енгендері бес мыңнан асып жығылады. Солардың бәрін тегіс қарастырып шығу, қазақ тілінің дыбыстық қоры арқылы електен өткізіп сұрыптау болашақ латын графикасында болатын әріп санын қысқартып біржола жолымызды ашып алуға мүмкіндік береді.

Ал енді кірме сөздерді дыбыстық жақтан игеру әрі оңай, әрі тым қиын. Оңай болатыны – жоғарыда бір-ақ сөйлеммен айқындалған даңғыл дыбыстық заңдар бар. Қиын болатыны; біріншіден мың-мыңдаған сөзді бірден игеруден туса, сол басы ашық даңғыл заңдардың, екіншіден, қазіргі қауымға жат, жабайы көрінетіндігі. Сол қауымның түсінік-түйсігі, өресі тұрғысынан ойлағанда, соның бір өкілі біздің де көсіле алмай, кібіртіктей беретін тұсымыз көп. Сөйте тұра, тіл мүддесін қоғам, қауым қалауынан жоғары қойып, әспеттеуге тура келеді.

Жобада бірінші кезекте ұлттық мүдде тұрғандықтан, қазақ тілінің дыбыстық заңдары басшылыққа алынып, соны іске асыру көзделді.

Ол үшін:

1. Сөздер 28 әріппен жазылып, 28 дыбыс тұрғысынан сараланады (в, ф, х, һ, ц, ч, ә, э, и, у (дауысты), ю, я, ь, ъ әріптері пайдаланылмады). Мұнда 9 дауысты дыбысқа және 19 дауыссыз дыбысқа бір-бірден латын графикасын беру және тек сонымен ғана шектеліп қалуды жөн көреміз.



«Жасанды зерде» ғылыми-зерттеу институты ұсынып отырған әліпбилерден біз қабылдайтындар (http://www.alphabet.kz): Тоғыз дауысты: 1. a-a, 2. ae-ә, 3. e-е, 4. i-i, 5. o-о, 6. oe-ө, 7. u-ұ, 8. v-ү, 9. ы-y; Он тоғыз дауыс: 1. b-б, 2. c-ш, 3. d-д, 4. f-ғ, 5. g-г, 6. h-ң, 7. j-й, 8. k-к, 9. l-л, 10. m-м, 11. n-н, 12. p-п, 13. q-қ, 14. r-р, 15. s-с, 16. t-т, 17. w-у, 18. x-ж, 19. z-з. Ал ұлттық жоба үшін 1. kh-х, 2. ph-ф, 3. bh-в – дауыссыздары керек емес деп есептейміз.

2. Сөздер бірыңғай жуан, немесе бірыңғай жіңішке болып жазылады. Ара-тұра жуан-жіңішке, жіңішке-жуан болып екі жарылып тұратындарға жол беріледі. Мысалы: аптакіротійе, аптаматійзім, аптамобіл, аптамобілійзім, әксессұуар т.б. Бұлардың бір жартысы қазақтың өз сөзіне ұқсап тұруы ескеріледі.

3. Ерін үндестігінің маңызы да шет қалдырылмайды.

4. Дыбыстар тіркесі (қатаң-қатаң, ұяң-ұяң) қатты ескеріледі.

5. к, г, дыбыстарының маңайында тек жіңішке дыбыстардың тұратыны ескеріледі. Осыған байланысты орыс тілі бойынша айтуға үйренгендерге тым оғаш, жат көрінетін тіркестер пайда болды. Мысалы: әксентәлөгүйө (акценталогия), бійәлөгүйө (биология), бійөлүк (биолог), пійләлөгүйө (филология), пійлөлүк (филолог) т.б.

6. Қазақ тілінде о дыбысы тек бас (бірінші) буында ғана айтылады (столдың үстел болатыны осыдан). Алайда өзге тілде оқығандар бұл заңды ескермей, оны екінші, үшінші буынға жазып, айтуын қалыптастырды. Мысалы: қамзол, жалпош, абырой. Осы үлгімен о-ның өрісі ұзартуға болады: Ыстадыйон, аптаномұйа (автономия), аптадыром (автодром).

7. Қазақ тілінде сөз (буын) қос дауыссызға аяқталса, адыңғысы – үнді, кейінгісі қатаң дыбыс болады. Жобада осы үлгінің тұсауы шешіліп, жасанды тіркестерге жол берілді. Мысалы; әкәдемійк (академик), бәзійс (базис), беллетірійс (беллетрист), түурүйс (турист), әтейіс (атеист).

8. Жат сөздерді игеру үстінде дыбыстық заңға сәйкес кейбір жеке дыбыстардың түсіп қалуы, керісінше жамалуы заңды құбылыс. Бұл тілдің ішкі заңдылығын ескеруден шыққан талап. Мысалы; әртійкүләтсійе (артикуляция), декірет (декрет), кәпійләр (капилляр).

9. Қазақ тіліндегі сөздердің дауыссыз р, л, у дыбыстарына сөз басталмайтыны да назарда болды. Мысалы; ырадыйатор (радиатор), ілектір (лектор), ұутопұйа (утопия).

10. Жат сөздер халықтың сөйлеу тілінде, басқаша айтқанда, «қара қазанында» қайнап игерілуге тиіс. Оның өзінде «бірен-саран жат сөздер келсе, оны жаншып, кеміріп, өз тілінің қалпына түсіріп алу» (Ахмет) әрине, жеңіл. Ал латын графикасына көшкен жағдайда қаптаған көп сөздердің игеріп, емле қалыптастыру оңай шаруа болмасы анық. Ал оның үстіне осыншама тұлғасы өзгеріп шыға келген сөздерді көргенде көпшіліктің шошыры анық.

Алайда қазақ тілі өзінің дыбыстық жүйесін мойындап, тілдік қорғанышын қайта қалыптастыруға тиіс. Сонда ғана басқа тілдердің қасында терезесі тең болып шығатыны анық.

Ал енді жоғарыда аты аталған сайттың конвертері мен өзіміз ұсынатын терминдерді тұпнұсқа, аралық мәтін және нәтиже түрінде қарап көрелік.



Қазіргі тұпнұсқасы

http://www.alphabet.kz нұсқасы

Біздің нұсқа

аралық мәтін

Латын әрпіндегі нәтижесі

аралық мәтін

Латын әрпіндегі нәтижесі

армия

армыйа

аrmyja

армыйа (әрмійә)

аrmyja (aermіjae)

бактериоз

бактерыйоз

bakteryjoz

бәтерійөз

baekterіjoez

бронхит

бронхыйт

bronkhyjt

быранқыйт

byranqyjt

вольфрам

волфрам

bholphram

болпырам (бөлпірәм)

bolpyram (boelpiraem)

карбюратор

карбйұратор

karbjurator

кәрбүурәтөр

kaerbvuraetoer

офицер

офійсер

ophijser

әпійтсер

aepijtser

радиус

радыйұс

radyjus

ірәдійүус

iraedijvws

Әрине, осы үлгімен қазақ тіліндегі бар орысша интернационалдық сөздердің барлығын теріп салыстырып шығуға болар еді. Жоғарыда көрсетілген салыстыру шешім күтіп тұрған келелі мәселелердің бірі ғана. Ерте ме, кеш пе бұл мәселемен бетпе-бет келуге тура келеді. Сонда әріпті әріпке ауыстырып, мынау дұрыс әріп, мынау бұрыс қаріп деуден ұтарымыз аз болмақ екенін түсінеміз. Бастысы жаңа графика негізінде санаға қонымды, әрі ұлттық ерекшелігімізді көрсете алатын жаңаша емле қалыптастыру қажет. Сонда ғана тіліміздің жаңа көкжиектері анықталады.
Досмұхамедұлы X. Аламан. Алматы, 1991, 89-6.

Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. Алматы, 1992, 174-6.



http://www.alphabet.kz

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет