Азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы № 156 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 28) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 23 қаңтардағы
№ 156 қаулысымен
бекітілген
Азаматтық авиация әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының)
пайдалануға жарамдылығының нормалары
1-бөлім. Әуеайлақтар
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы азаматтық авиациясы әуеайлақтарының (тікұшақ айлақтарының) пайдалануға жарамдылығының нормалары (бұдан әрі – ҚР АА ӘПЖН) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттары (бұдан әрі – ХААҰ стандарты) мен ұсынатын тәжірибесі ескеріле отырып әзірленді.
2. ҚР АА ӘПЖН азаматтық авиация мақсаттарында пайдаланылатын әуеайлақтарға (тікұшақ айлақтарға), оның ішінде бірлесіп пайдалану және бірлесіп орналасу әуеайлақтарына (тікұшақ айлақтарына) қойылатын негізгі ең аз талаптарды белгілейді.
3. Әуеайлақтар (тікұшақ айлақтар) мамандандырылған ұйымдар әзірлейтін, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) бекітетін бас жоспарлар бойынша жобалануға, салынуға және дамытылуға тиіс.
4. Әр әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарымен келісілген әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) даму перспективаларын ескеретін бекітілген бас жоспары болады. Әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) бас жоспары кем дегенде бес жылда бір рет қайта қаралады.
5. Әуеайлақ (тікұшақ айлақ) ауданында және оған жанасатын аумақта ғимараттар мен құрылыстар салуды келісуді әуеайлақтар орналасқан аумақтардағы немесе аудандардағы қалалардың (елді мекендердің) даму және жоспарлау жобалары бойынша қорытындылардың негізінде белгіленген тәртіппен уәкілетті орган жүргізеді. Қорытындыларды дайындауды азаматтық авиацияның жобалау ұйымдары жүргізеді.
6. Құрылыс аяқталған соң, құрылыс салушысы уәкілетті органның қарамағындағы мамандандырылған ұйымнан және кедергілер туралы электрондық деректердің мемлекеттік тізіліміне құрылыс объектісін енгізу үшін стандартталған аэронавигациялық форматта ұсынылған құрылыс объектісінің дәл координаттарын және биіктігін WGS-84 жүйесінде алады.
7. Әуеайлақ (тікұшақ айлақ) ҚР АА ӘПЖН талаптарына сәйкестігі белгіленгеннен соң ғана азаматтық әуе кемелерінің пайдалануына беріле алады. ҚР АА ӘПЖН талаптарынан уақытша ауытқуларға ұшулар қауіпсіздігінің эквиваленттік деңгейін қамтамасыз ететін өтемақы шаралары қарастырылған жағдайларда, жол берілуі мүмкін. Мұндай жағдайда әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) иесі (пайдаланушысы) ұшу қауіпсіздігі эквиваленттік деңгейінің қамтамасыз етілгенін растайтын қорытынды дайындап уәкілетті органмен бекіту үшін арнайы мамандандырылған ұйымдарды тартады.
8. Әуежайлар (тікұшақ айлақтар) әкімшілігі аэронавигациялық ақпарат қызметіне әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) аэронавигациялық деректерін ұсыну және олардың дұрыстығына жауапты болады.
9. Осы ҚР АА ӘПЖН-ға әуеайлақтарда және әуеайлақтар аудандарындағы әуе қозғалысының бақылауын және басқаруын ұйымдастыру бойынша ережелер, әуеайлақтың әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлік пункттердің (бұдан әрі – ӘҚҚК) құрамына, ӘҚБ АЖ қолданылуына, мақсаттарына және конфигурациясына қойылатын талаптардың ережелері кірмейді. Сондай-ақ, ұшулардың әуеайлақтық схемаларын белгілеудің және әуе кемелерінің ұшып көтерілуі мен қонуы үшін әуеайлақтар минимумын анықтаудың қағидалары мен әуеайлақтық қызметтерге қойылатын ұйымдастыру талаптары да кірмейді.
10. Әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) сипаттамалары мен параметрлерінің осы ҚР АА ӘПЖН талаптарына сәйкестігі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін әуеайлақтардың (тікұшақ айлақтарының) азаматтық әуе кемелерін пайдалануға жарамдылығының нормаларына сәйкестігін бағалау әдістемесі (бұдан әрі – СБӘ) бойынша анықталады.
11. Осы ҚР АА ӘПЖН мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) автоматтық радиопеленгатор – ӘҚҚК диспетчерлік пункттерінің индикаторларында әуе кемелері пеленгінің (азимутының) автоматтық өлшеуін және бейнеленуін қамтамасыз ететін, әуеайлақ (тікұшақ айлағы) ауданындағы әуе кемелерінің ұшуларын қамтамасыз ету үшін ЕЖЖ аралығындағы әуе электрбайланысы арналары бойынша радиосигналдарды сәулелейтін жабдық;
2) аралық күту орны – бұру-жылжу үстіндегі әуе кемелері және көлік құралдары тоқтайтын және тиісті диспетчерлік пункттен жылжуын жалғастыруға келесі рұқсатты алуды күтетін қозғалысты басқаруға арналған белгілі бір орын;
3) аспап-құралдық өлшеулердің күндізгі жағдайы үшін жарықтылық контрастының шекті мәні (аясының жарықтылығы 10 кд/м2-ден артық емес), 0,05-ке тең деп қабылданады;
4) аспап-құралдық ұшу – әуе кемесінің кеңістіктегі қалпын және оның орналасуын экипаж толығымен немесе ішінара пилотаждық және навигациялық аспап-құралдарымен анықтайтын жағдайда орындалатын ұшу;
5) атмосфералық қысым – атмосфераның жер бетіне түсіретін күші. Теңіз деңгейінде атмосфералық қысым орташа есеппен 1013, 25 гПа (мбар) мәніне тең, бұл биіктігі 760 мм сынап бағанының қысымына эквивалентті;
6) ауаның қатысты ылғалдығы – белгілі бір ғана температурадағы нақты абсолюттік ылғалдықтың тура сол температурада қанығу күйіне жетуі үшін абсолюттік ылғалдыққа қатынасы. Пайызбен көрсетіледі;
7) әуеайлақ – жер немесе су бетінің толықтай немесе ішінара әуе кемелерінің келуіне, жөнелтілуіне және осы жер бетімен қозғалуына арналған белгілі бір учаскесі (ғимараттарды, құрылыстарды және жабдықты қоса алғанда);
8) әуеайлақ (тікұшақ айлақ) ауданы – әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) және оған жанасатын жер өңірінің үстіндегі көлденең және тік жазықтықтардың шектерінде белгіленген әуе кеңістігі. Көрсетілген әуеайлақтың (тікұшақ айлақтың) шектерін азаматтық және (немесе) мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар бекітетін әдістемеге сәйкес ӘҚҚК органы белгілейді;
9) әуеайлақ маңындағы аумақ – әуеайлақтың бақылау нүктесінен 46 километр радиустегі жер бетiндегi учаске;
10) әуеайлақ объектілерін электрмен жабдықтаудың істен шығуы - кепілді қоректендіру қалқанындағы электрмен жабдықтаудың барынша рұқсат етілген уақыттан асатын үзілісі;
11) әуеайлақ оты – аэронавигациялық құрал ретінде пайдалануға арналған арнайы әуе кемесінде орнатылған оттардан басқа кез келген от.
12) әуеайлақтағы атмосфералық қысым – ұшу-қону жолағының (бұдан әрі – ҰҚЖ) табалдырығының деңгейіндегі атмосфералық қысымның сынап бағанының миллиметрдегі (сын.бағ.мм), миллибарлардағы (мбар) немесе гектопаскальдағы (гПа) мәні;
13) әуеайлақтағы жұмыс алаңы – маневр жасайтын алаңнан және перроннан (перрондар) тұратын әуе кемелерінің ұшып-көтерілуіне, қонуына және бұрып-жылжуына арналған ұшу алаңының арнайы дайындалған бөлігі;
14) әуеайлақтардың жарық-сигналдық жабдығының жүйесі – әуе кемелерінің ұшып-көтерілуін, қонуға кіруін, қонуын және бұрып-жылжуын қамтамасыз етуге арналған, белгілі бір схема бойынша әуеайлақта орналастырылған жарық-сигналдық аспаптардың, электрлік жабдықтың және қашықтықтан басқару аппаратурасының жиынтығы;
15) әуеайлақтық қозғалыс – әуеайлақтың маневрлер жасау алаңындағы барлық қозғалыс, сондай-ақ әуеайлақ ауданындағы барлық әуе кемелерінің ұшулары. Әуе кемесі, әуеайлақтың ұшулар шеңберіне енгенде одан шыққанда немесе оның шектерінде болғанда әуеайлақ ауданында ұшуды орындаушы болып саналады;
16) әуеайлақтық қосымша маркерлік радиомаяк – әуеайлақтың қонуға кіру аймағында жекелеген кедергілердің немесе басқа маңызды нүктелердің таңбалануын қамтамасыз ететін жабдық;
17) әуеайлақтық төсемдер – әуе кемелерінің, пайдалану және табиғи факторлардың жүктемелері мен әсерлерін қабылдайтын конструкциялар, олар әуеайлақтық төсемнің үстіңгі және төменгі қабаттарын қамтиды;
18) әуеайлақтық төсемнің үстіңгі қабаты («төсем» деп аталатын, әуе кемелерінің дөңгелектерінен түсетін жүктемелерді тікелей қабылдайтын, табиғи факторлардың әсерін (айнымалы температура-ылғалдықты режимнің, көп қайталанатын мұздану мен ерудің, күн радиациясы әсерінің, жел эрозиясының), авиациялық қозғалтқыштарының газ-ауалы ағындарының және әуеайлақты пайдалануға арналатын механизмдердің жылу және механикалық әсерлерін, сондай-ақ көктайғаққа қарсы қолданылатын химиялық құралдардың әсерін қабылдайды;
19) әуеайлақтық төсемнің (жасанды негіз деп аталатын), өздерінің көтергіштік функциясынан басқа сондай-ақ құрғатушы, қорысқа қарсы, термооқшаулағыш, ісінуге қарсы, гидрооқшаулағыш және басқа функцияларды төсеммен бірлесіп жүктеменің топырақтық негізге берілуін қамтамасыз ететін төменгі қабаты;
20) әуеайлақтық төсемнің түзулігінің жалпылама сипаттамасы (R) – әуе кемесінің осы төсемнің үстімен жылжуы кезінде кеменің конструкциясына әуеайлақтық төсемнің кедір-бұдырлылығының әсерін бейнелейтін сан;
21) әуеайлақтың бақылау нүктесі (бұдан әрі – АБН) – әуеайлақтың географиялық орналасқан жерін айқындайтын нүкте.
22) әуеайлақтың биіктігі – ұшу-қону жолағының (жолақтарының) ең жоғарғы нүктесінің абсолюттік биіктігі;
23) әуеайлақтың орналасатын ұшып-көтерілу арақашықтығы (бұдан әрі – ОҰКА) – орналастырылатын екпіндеу арақашықтығының (бұдан әрі – ОЕА) және егер көзделген болса, еркін аймақ ұзындығының қосындысы;
24) әуеайлақтың орналасатын үзілген ұшып-көтерілу арақашықтығы (бұдан әрі – ОҮҰКА) – орналастырылатын екпіндеу арақашықтығының (ОЕА) және егер көзделген болса, соңғы тежеу жолағы ұзындығының қосындысы;
25) әуеайлақтың орналасатын екпіндеу арақашықтығы (бұдан әрі – ОЕА) – орналастырылған деп және ұшып-көтерілетін ұшақтың екпіндеуіне жарамды деп жарияланатын ҰҚЖ ұзындығы;
26) әуеайлақтың орналасатын қону арақашықтығы (бұдан әрі – ОҚА) – ұшақтың қонғаннан кейін жүрісіне жарамды және орналастырылған деп жарияланатын ҰҚЖ ұзындығы;
27) ӘҚҚК диспетчерлік пункті – әуе қозғалысын басқару үшін қажетті жабдықпен жарақтандырылған ӘҚҚК диспетчерінің жұмыс орны;
28) әуе кемесінің бортынан бақылау – ұшу барысындағы әуе кемесінің бортында жасалған, бір немесе бірнеше метеорологиялық элементтерді бағалау;
29) әуе кемелерінің жіктелу саны (бұдан әрі – ACN) – негізінің беріктігі белгіленген дәрежеде стандартқа сай жасанды төсемге арналған әуе кемелерінің қатынасын көрсететін сан;
30) барлық жаққа бағытталған (VOR) ЕЖЖ азимуттық радиомаяк – ЕЖЖ аралығында істейтін және ӘК бортында әуе кемесінің радиомаяк орнатылған орынға қатысты азимутты анықтауға мүмкіндік беретін сигналдарды шығарады;
31) бастапқы өлшегіш метеомән түрлендіргіші - өлшеу тізбегінде бірінші болып тұратын өлшегіш метеомән түрлендіргіші (бұдан әрі – датчик). Өлшегіш метеомән түрлендіргіші – сигналды, өлшеу ақпаратын таратуға, одан әрі түрлендіруге, өңдеуге және (немесе) сақтауға ыңғайлы түрінде шығаруға арналатын, бірақта метеобақылаушының тікелей қабылдауына келмейтін метеомәнді өлшеуге арналатын құрал;
32) басты ҰҚЖ – әдетте, басым жел бағытында орналасатын және әуеайлақтың ең жоғары ұзындығын иеленетін ҰҚЖ;
33) белгілер – әуе кемелерінің және/немесе көлік құралдарының әуеайлақта жер үсті қозғалысын ұйымдастыруға арналған жер деңгейіне сай орнатылған және ондағы жазбалар, символдар, әріптер немесе сандар немесе олардың комбинациясы түріндегі ақпаратты олардың панелінде көрсететін құрылғылар. Олар жағдайға қарай тек бір ғана хабарламаны жіберетін сондай-ақ бірнеше алдын ала белгіленген хабарламалардың жіберілуін қамтамасыз ететін ауыспалы ақпарат бере алатын немесе қажет болса қандай да бір ақпараттың жіберілуін тоқтата алады;
34) бет үстінен көтерулі тікұшақ айлағы – тікұшақтарды қондыруға және жөнелтуге арналған жер бетінен көтеріңкі тұрған конструкцияға орналастырылған алаңша;
35) беттік деңгейдегі тікұшақ айлағы – жер немесе су бетінде орналасқан тікұшақ айлағы;
36) бұру-жылжу жолы (БЖЖ) – әуе кемелерінің бұрып-жылжуы үшін арнайы дайындалған әуеайлақтың ұшу алаңының бөлігі;
37) бұлттардың төменгі шегінің биіктігі (бұдан әрі – БТШБ) – вертикаль бойынша құрлық (су) беті мен бұлттардың ең төменгі шегінің арасындағы қашықтық;
38) бүйірлік қауіпсіздік жолағы (бұдан әрі – БҚЖ) – жасанды төсемнің шетіне жанасатын және жасанды төсемнен оған жанасатын бетке өтуді қамтамасыз ететіндей болып дайындалған учаске;
39) бірлесіп орналастыру әуеайлағы – ұшуларды қамтамасыз етуге және әртүрлі ведомстволардың қарамағындағы әуе кемелерін тұрақты орналастыруға арналған әуеайлақ;
40) тігінен көрінім – жер бетіндегі объектілердің тігінен төмен қарағанда көрінетін деңгейіне дейін жер бетінен барынша алыс қашықтық;
41) гидротікұшақ айлағы – суда орналасқан және арнайы жабдықталған тікұшақты пайдалану үшін арналған тікұшақ айлағы, ол судан әдеттегі ұшуларды немесе тоқтатылған ұшулардан соң сумен жылжып барып ұшып-көтерілуді орындауға мүмкіндік береді;
42) глиссада – қонуға кірудің соңғы кезеңінде әуе кемелерінің төмендеуі үшін белгіленетін ұшу бейіні;
43) глиссадалық радиомаяк курсының қисаюы – курс сызығының оның орташа қалпына қатысты ығысуы;
44) ГРМ-нің бұрыш-орынды сипаттамасы – радиомаяктің әрекет аймағының нүктелеріндегі модуляция тереңдігі айырымы мәнінің осы нүктелердің глиссадаға қатысты бұрыштық орналасуына тәуелділігі;
45) «Д» мәні – тікұшақтың айналып тұрған алып жүруші және бұрушы винттерімен қоса барынша үлкен өлшемінің мәні. Бұл мән әдетте, айналып тұрған алып жүруші винттің ең шеткі-алдыңғы нүктесінен бастап бұрушы винттің ең шеткі-артқы нүктесіне дейін өлшенеді;
46) «Д» шеңбері – алаңшаның өзі шеңберлі болмаған жағдайда диаметрі осы тікұшақ алаңшасында пайдаланылатын ең үлкен тікұшақтың «Д» мәніне тең келетін шартты шеңбер;
47) дәлдеу шеңбері – кез келген бағытта кедергілер кепілді түрде жоқ кезінде алып жүруші және бұрушы винттер айналып тұрған кезде пилоттың орындығы тура өзінің үстінде орналасатындай болып дәлме-дәл қонуға арналатын нүкте;
48) DME/N жүйесінің қабылдау-жауап беру жүйесі - таратылу уақыты бойынша ӘК бортында қабылдаушы-жауап берушіге дейін қашықтықты анықтайтын борттық сұрау сигналдарының қабылдануын және таратылуын қамтамасыз ететін құрал-жабдық;
49) екінші айналымға кетудің соңғы сатысы – қонуға қайта кіру немесе әуеайлақ ауданынан шығу схемасы бойынша белгіленген ұшу биіктігінің барынша қауіпсіз биіктігіне дейін көтерілу жүзеге асырылатын екінші айналымға кету сатысы;
50) еркін аймақ (бұдан әрі – ЕА) – орналасқан екпіндеу арақашықтығының соңына түйісетін немесе әуе кемесінің белгіленген мәнге дейін бастапқы биіктікті жинақтау үшін жарамды учаске ретінде таңдап алынған немесе дайындалған және әуежай қызметтерінің бақылауында болатын жер немесе су бетінің тікбұрышты учаскесі;
51) жабдықталмаған ұшу-қону жолағы – визуалді қонуға кіруді орындайтын әуе кемелеріне арналған ҰҚЖ;
52) жабдықталған ұшу-қону жолағы – аспап-құралдар бойынша қонуды орындайтын әуе кемелеріне арналған мынадай үлгідегі ҰҚЖ-ның бірі:
аспап-құралдар бойынша қонуға арналатын ҰҚЖ – визуалды құралдармен және ең болмағанда әуе кемесін қонуға кіруге бағыттауды қамтамасыз ете алатын визуалды емес құралдардың қандай да бір түрімен жабдықталған ҰҚЖ;
І санаттағы дәлме-дәл қонуға кіру ҰҚЖ-ы – қонуға шешім қабылдау бойынша 60 м-ден кем емес биіктікке дейін немесе 800 м-ден кем емес көрінім кезінде, немесе ҰҚЖ-дағы көрінім алыстығы 550 м-ден кем емес жағдайда қонуға кіруге арналған, радиомаяктік жүйе мен көзкөрінім құралдарымен жабдықталған ҰҚЖ;
ІІ санаттағы дәлме-дәл қонуға кіру ҰҚЖ-ы – 60 м-ден кем, бірақ та 30 м-ден кем емес шешім қабылдау биіктігіне дейін және ҰҚЖ-дағы көрінім алыстығы 300 м-ден кем емес жағдайда қонуға кіруге арналатын радиомаяктік жүйемен және көзкөрінімдік құралдармен жабдықталған ҰҚЖ;
ІІІ санаттағы дәлме-дәл қонуға кіру ҰҚЖ-ы – ҰҚЖ бетіне және оның бүкіл бетінің бойымен әрекет ететін, радиомаяктік жүйемен жабдықталған және:
IIIА – 30 м-ден кем биіктіктен қонуға кіруге шешім қабылдайтын немесе шешім қабылдауға биіктік бойынша шектеусіз және ҰҚЖ үстіндегі көрінім алыстығы 175 м-ден кем емес жағдайға арналған;
IIIВ – 15 м-ден кем биіктіктен қонуға кіруге шешім қабылдайтын немесе шешім қабылдауға биіктік бойынша шектеусіз және ҰҚЖ үстіндегі көрінім алыстығы 175 м-ден кем, бірақ 50 м-ден кем емес жағдайға арналған;
IIIС – қонуға кіруге биіктік бойынша және ҰҚЖ үстіндегі көрінім алыстығы бойынша шектеусіз жағдайға арналған радиомаяктік жүйемен жабдықталған ҰҚЖ;
53) жақын навигацияның әуеайлақтық радиотехникалық жүйесі – жер үсті радиомаякты орнатуға қатысты деректердің әуе кемесі бортына азимуттың және еңкіш алыстықтың ағымдағы мәндерінің берілуін қамтамасыз ететін жабдық;
54) жасанды төсем – әуе кемелерінің жүктемесін, пайдалану және табиғи факторлардың әсерін тікелей қабылдайтын әуеайлақтық жамылғының жоғарғы қабаты;
55) жеке жетектік радиостанция – әуе кемесінің әуеайлаққа (тікұшақ айлағына) жетуін, қону алдындағы маневрді және қонуға кіруді орындауын қамтамасыз ететін құрал-жабдық;
56) желдің жылдамдығы – ауаның жер бетіне қатысты қозғалысының жылдамдығы. Метеорологиялық ақпаратта, ұшып-көтерілу мен қонуды қамтамасыз ету кезінде берілетін желдің орташа барынша жоғары жылдамдығы;
57) желдің орташа жылдамдығы – желдің 2 және 10 мин ішінде өлшенген шапшаң жылдамдығының орташаландырылған мәндері;
58) желдің барынша жоғары жылдамдығы (соғулары) – 10 немесе 2 мин өткен уақыт ішінде алынған желдің шапшаң жылдамдығының ең жоғарғы мәні;
59) желілік оттар – алыстан қысқа жарық жолақ болып көрінетін аса үлкен емес аралықпен көлденең сызықта орналасқан үш немесе одан да көп оттар;
60) жерге қону нүктесі – номиналдық глиссаданың ҰҚЖ-мен қиылысының есептік нүктесі;
жоғарыда аталған «қону нүктесі» дегеніміз – әуе кемесінің міндетті түрде ҰҚЖ жер бетіне жанасуының нүктесі емес, ол есепті бастау нүктесі.
61) жергілікті бақылау-түзету станциясы (GBAS) – ғаламдық навигациялық спутниктік жүйеге жер үсті қызметтік қосымшасы ретінде пайдаланылатын жабдық;
62) жиек – әуеайлақ элементтерінің жасанды төсемінің (ҰҚЖ, бұру-жылжу жолы (бұдан әрі – БЖЖ) және т.б.) шетіне жанасатын және жасанды төсемнен оған іргелес жатқан топырақтық бетке өтуді қамтамасыз ететіндей етіп дайындалған учаске;
63) кедергі – әуе кемелерінің жер бетінде жылжуына арналған аймақта орналасқан барлық жылжымайтын (уақытша немесе тұрақты) және жылжымалы объектілер немесе олардың бөліктері. Әуе кемелерінің жер бетінде жылжуына арналған немесе әуе кемелерінің ұшу кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған, шартты беттен жоғарырақ тұрған аймақта орналасқан немесе ондай белгіленген беттерден тыс орналасқан және бағалау нәтижелері бойынша аэронавигация үшін қауіп төндіретін аймақта орналасқан объектілер немесе олардың бөліктері;
64) кедергілерден бос аймақ – ішкі ауыспалы беттің және қонғанда тоқтайтын бет пен ұшу жолағының бөлігі болатын, осы беттермен шектелген және сыртына қарай аэронавигация мақсаттарына арналған сынғақ объектілерден басқа ешқандай жылжымайтын кедергілері шықпайтын, қонуға беттеудің ішкі бетінің үстіндегі әуе кеңістігі;
65) кедергілерден бос сектор (КБС) – тікұшақ алаңшасында пайдаланылатын тікұшақтардың әр түрі үшін кедергісіз ұшып-көтерілу траекториясын қамтамасыз ететін радиусы бар 210ғ секторы, оның ішінде тікұшақ алаңшасының деңгейінен жоғары кедергілердің орналасуына тыйым салынған. Тікұшақ алаңшасынан 1 және 2 класты (ұшу-техникалық сипаттамалары бойынша) тікұшақтар үшін сектордың көлденең ұзақтығы жұмыс істемейтін бір қозғалтқышы бар тікұшақтың сипаттамаларына тәуелді;
66) кепілді қоректендіру қалқаны - электр энергиясының жұмыстық көзі істен шыққан жағдайда электр энергиясының тұтынушыларын резервтік көзге автоматты түрде қосылуын қамтамасыз ететін энергия таратқыш құрылғы;
67) конденсаторлық разрядты импульстік от – түтік ішіндегі газ арқылы жоғары кернеудегі электр разрядын өткізген кезде қарқындылығы жоғары және ұзақтығы өте қысқа жарық жарқылын шығаратын шам;
68) визуалды ұшу – әуе кемесінің кеңістіктегі қалпын және орналасуын экипаж табиғи көкжиек пен жердегі бағдарлар бойынша анықтайтын жағдайда орындалатын ұшу;
69) көріну – авиациялық мақсаттар үшiн көрiну келесi өлшемдерден ең басымды болып табылады:
жер жанында орналасқан жарық кезiнде бақылаған кезде құптауға болатын көлемдегi қара объектiні анықтауға және тануға болатын ең ұзақ қашықтық;
жарықтандырылмаған кезiнде жарықтарды 1000 кандел (кд) шамасында жарық күшiмен анықтауға болатын ең ұзақ қашықтық;
70) КРМ-нің (ГРМ) сезгіш аймағы – КРМ-нің (ГРМ) қауіпті аймағының сыртында орналасатын кеңістік, оның ішінде ILS сигналына кедергі жасайтын бөгеттердің туындауына жол бермеу үшін көлік құралдарының тұраққа қойылуына және (немесе) қозғалысына бақылау жүзеге асырылады;
71) курс сызығының номиналдық қалпы – ҰҚЖ-ның осьтік сызығымен бірдей келетін жағдайындағы курстың орташа сызығының қалпы;
72) курстық, глиссадалық радиомаяктардың (бұдан әрі – КРМ ГРМ) қауіпті аймағы – әуе кемелерін қоса алғанда, көлік құралдарының тұрақтауы немесе қозғалысы радиомаяк параметрлерінің сәйкес келмейтін өзгерістерін тудыруы мүмкін курстық (глиссадалық) радиомаяк айналасындағы кеңістік;
73) курстық радиомаяктің (бұдан әрі – КРМ) азимуттық сипаттамасы – модуляция тереңдіктері айырымы мәнінің тәуелділігі (КРМ ILS). (ILS – радиомаяк әрекеті аумағының нүктелерінде олардың курс сызығына қатысты (ILS принципі бойынша істейтін метрлік диапазондағы толқындар аспабымен қондыру жүйесінің жер үсті жабдығының) бұрыштық орналасу мәндері;
74) күрделі метеожағдай – көрінім 2000 м және одан аз және (немесе) бұлттардың төменгі шегінің биіктігі олардың жалпы саны екі октанттан астам кезінде 200 м және одан төмен;
75) қарқындылығы аз оттар жүйесі – қону оттарының күші 10 000 кд-ден кем әуеайлақтық оттар жүйесі;
76) қарқындылығы жоғары оттар жүйесі – қону оттарының күші кем дегенде 10 000 кд құрайтын әуеайлақтық оттар жүйесі;
77) қауіпсіздік аймағы– аэронавигация мақсаттарына қажетті кедергілерден басқа кедергілерден бос, ұшуға кірудің және ұшып-көтерілудің соңғы сатысы аймағының (бұдан әрі – FATO) айналасындағы тікұшақ айлағының белгілі бір аймағы. Ол тікұшақтар FATO шегінен амалсыз шығып кеткен жағдайда зақымдану қауіпін азайтуға арналған.
78) қауіпсіз қону аймағы – сызықпен және периметр оттарымен шектелген аймақ;
79) қону аймағы – жерге қонатын ұшақтардың ҰҚЖ-ға алғаш жанасуына арналған ҰҚЖ табалдырығынан кейін басталатын аймақ;
80) қону жүйесі жабдығының радиотехникалық қондыру жүйесі (бұдан әрі – ҚЖЖ) – әуе кемесінің әуеайлақтарға жетуін, қону алдындағы маневрін және қонуға кіруін қамтамасыз ететін жабдық;
81) қонуға беттеудің соңғы сатысы – құрал-аспап бойынша қонуға кіру сатысы, бұл кезде әуе кемесінің ҰҚЖ-ның бағыттағыш дәлізіне қарай шығуы және қону мақсатымен төмендеуі орындалады;
82) қондыру радиолокаторы – әуе кемелерінің қону алды түзусызықта курс сызығын және глиссаданы дұрыс ұстауын және диспетчерлердің командалары бойынша олардың қонуға кіруін жер бетінен бақылап қамтамасыз ететін жабдық;
83) құрал-аспап бойынша қонудың радиомаяктік жүйесі (РМЖ немесе ILS) – ILS қағидаты бойынша (ХААҰ стандарты) метрлік толқындар аралығында жұмыс істейтін қондыру жүйесінің жер үсті жабдығы;
84) магистральдік бұру-жылжу жолы – әдетте, ҰҚЖ бойында орналасатын және әуе кемелерінің ҰҚЖ-ның бір шетінен екінші шетіне бұрып-жылжуын қамтамасыз ететін бұру-жылжу жолы;
85) маневрлерді орындау ауданы – әуе кемелерінің ұшып-көтерілуіне, қонуына және олардың бұру-жылжуына арналған әуеайлақтың перронды қоспағандағы бір бөлігі;
86) маркер – аймақ, бағыт, шекара кедергісін көрсететін жер деңгейімен қатар орналасқан нысан;
87) маршруттағы қосалқы әуеайлақ – егер маршрутпен ұшу кезінде әуе кемесі штаттан тыс немесе авариялық жағдайға ұшыраса, әуе кемесі барып қона алатын әуеайлақ;
88) межелі әуеайлақ – ұшу жоспарында және ұшу тапсырмасында қонуға белгіленген әуеайлақ ретінде көрсетілген әуеайлақ;
89) межелі пункттің қосалқы әуеайлағы – егер қонуға белгіленген әуеайлаққа қону мүмкін емес немесе мақсатқа лайық болмаған жағдайда әуе кемесі ұшып бара алатын әуеайлақ. Өзінен әуе кемесі ұшып шыққан әуеайлақ та осы әуе кемесі үшін маршруттағы қосалқы әуеайлақ немесе межелі пункттің қосалқы әуеайлағы бола алады;
90) метеорологиялық көрінім алыстығы (МКА) – жарықтылығы қаныққан (барынша жоғары) мұнардың немесе тұманның аясындағы мүлдем қарайған беттің жарықтылық контрасты шекті (ең аз) мәніне жететін барынша алыс қашықтық;
91) метеорологиялық ақпарат – физикалық немесе күтілетін метеорологиялық жағдайларға қатысты метеорологиялық мәлімет, болжам немесе басқадай хабарлама;
92) метеорологиялық бақылаулардың репрезентативтілігі – әуеайлақта анықталатын (өлшенетін) атмосфера күйінің метеорологиялық деректерінің сипаттылығы (көрсетгіштегі);
93) метеорологиялық мәндер (метеомәндер) – ауа жағдайының бірқатарының және кейбір атмосфералық процестердің жалпы атауы. Оларға атмосфералық қысым, ауаның температурасы мен ылғалдылығы, желдің жылдамдығы мен бағыты, метеорологиялық көрінім алыстығы, бұлттану (саны, төменгі шегінің пішіні мен биіктігі), жауын-шашындардың саны мен түрлері, тұман, дауылдар, борандар және т.б. жатады;
94) нықтап бекітілген жиек – әуе кемесі қозғалтқыштарына өзге заттардың түсіп кетуіне және топырақ бетінің ағындық эрозиясына жол бермеуге арналатын жасанды төсемі бар жиек;
95) объективтік бақылау құралдары – әуе электрбайланысы арналары бойынша, сондай-ақ ӘҚҚК диспетчерлерінің әрекеттесу арналары бойынша ағымдағы уақытта, метеоақпаратты қоса бүкіл ұшулар ұзақтығының ішінде сөйлесулердің автоматтық тіркелуін қамтамасыз ететін жабдық;
96) от – жарық таратылуының берілген қисықсызығын ұстап тұратын жарық беру аспабы;
97) оттардың кіші жүйесі – бір функционалдық арналымдағы жарық-сигналдық жабдық жүйесінің оттар тобы;
98) оттың істен шығуы – әлдебір жағдайлар себебінен жарықтың орташа күшінің берілген шашырау бұрыштары жаңа оттың нормалық күшімен салыстырғанда 50%-дан астам азаюы;
99) перрон – жолаушылардың отыруы мен түсуіне, поштаны, жүктерді тиеу мен түсіруге басқа да қызмет түрлеріне арналған әуе кемесін орналастыратын арнайы дайындалған әуеайлақтағы ұшу алаңының бір бөлігі.
100) радиомаяк әрекетінің аймағы – радиомаяктің тиісті борт қабылдағыштың қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін әуе кеңістігінің аумағы;
101) соңғы қауіпсіздік аймағы (бұдан әрі – СҚБ) – ҰҚЖ-ның шетіне жалғасып жатқан және ұшу-қону жолағының осьтік сызығынан басталып екі жаққа симметриялы орналасқан аймақ ол ең алдымен ҰҚЖ жетпей төмендеген жағдайда немесе ҰҚЖ аймағының шегінен шығып кетіп қонғанда зақым келтірмеуге арналған;
102) соңғы тежеу жолағы – үзілген ұшып-көтерілу жағдайында әуе кемесін тоқтатуға арналған орналасатын екпіндеу арақашықтығының соңында орналасқан арнайы дайындалған тік төртбұрышты учаске;
103) сынғыш объект – әуе кемесіне барынша аз қауіп тудыру мақсатында түрлі соққының әсерінен иілуге немесе деформацияланған қирауға бейім және массасы аз объект;
104) таңбалауыш белгі (таңбалау) – аэронавигациялық ақпаратты жеткізуге арналған және әуеайлақтың үстіңгі бетіне орналасқан символ немесе символдар тобы;
105) таулы әуеайлақ – бедерлі пішінді өңірде әуеайлақтың бақылаулық нүктесінен 25 км радиустан астам және 500 м салыстырмалы асырылымдары бар бедерлі пішінді өңірде, сондай-ақ теңіз деңгейінен 1000 м және одан астам орналасқан әуеайлақ;
106) тиімді қарқындылық – бірдей көру қашықтығын ұқсас жағдайда бақылауды қамтитын және үнемі дәл сол түстей сәуле шашып тұратын оттың бірдей қарқындылығы яғни, жалтыл оттардың тиімді қарқындылығы;
107) топырақтық негіздер – әуеайлақтық төсемнің конструкциясы арқылы таратылған, жүктемелер қабылдауға арналатын жаймаланған және тығыздалған жергілікті және әкелінген топырақтар;
108) төсемнің жіктелу саны (PCN) – шексіз пайдалануға арналған жасанды төсемнің көтергіштік қабілетін көрсететін сан;
109) тұрақ орны (бұдан әрі – ТО) – әуеайлақта әуе кемесіне қызмет көрсету мақсатында оны орналастыруға арналып дайындалған алаңша;
110) тікұшақ айлағы – әуеайлақ немесе құрылыстың үстіңгі бетінің тікұшақтардың келуіне, жөнелтілуіне немесе осы үстіңгі беті арқылы қозғалуына толықтай немесе ішінара арналған белгілі бір учаскесі;
111) тікұшақ айлақтарының күрделі жағдай аймағы – өртті жедел тоқтату үшін, фюзеляждың бүтіндігін уақытша сақтау мақсатындағы және борттағы адамдардың көшірілуін қамтамасыз етуге арналған тікұшаққа іргелес жатқан аймақ;
112) тікұшақ айлақтың орналастырылатын ұшып-көтерілу арақашықтығы (TODAH) – қонуға кірудің және ұшып-көтерілудің соңғы сатысы аймағының ұзындығы мен орналастырылатын және тікұшақтардың ұшып-көтерілуін аяқтауына жарамды деп жарияланатын, кедергілерден бос тікұшақ жолағы ұзындығының (егер ол көзделген болса) қосындысы;
113) тікұшақ айлақтың орналастырылатын үзілген ұшып-көтерілу арақашықтығы (RTODAH) – 1-класты ұшу-техникалық сипаттамалары бар тікұшақтардың үзілген ұшып-көтерілуін аяқтауға жарамды және орналастырылатын деп жарияланатын, қонуға кірудің және ұшып-көтерілудің соңғы сатысы аймағының ұзындығы;
114) тікұшақ айлақтың орналастырылатын қону арақашықтығы (LDAH) – қонуға кірудің және ұшып-көтерілудің соңғы сатысы аймағының ұзындығы мен тікұшақтардың белгіленген биіктіктен қону маневрін аяқтауына жарамды және орналастырылатын деп жарияланатын кез келген қосымша аймақтың қосындысы;
115) тікұшақпалуба – тікұшақтарды пайдалануға арналған, суда қалқитын немесе жылжымайтын теңіз конструкциясында орналасқан алаңша;
116) тікұшақтарға арналған жер үсті БЖЖ – тек қана тікұшақтардың пайдалануына арналатын жер үсті БЖЖ;
117) тікұшақтың тұрақ орны (ТО) – тікұшақты қоюға арналған әуе кемесінің тұрақ орны, ал егер де әуеде бұрылуы көзделсе, тікұшақтың қонуына және жер бетінен көтерілуіне арналады;
118) уақытша әуеайлақ – жылдың белгілі бір жыл мезгілінде әуе кемелерінің ұшуларын қамтамасыз етуге арналған және тұрақты құрылыстары мен жабдығы жоқ, бірақ та белгіленген тәртіппен есепке алуға және тіркеуге жататын әуеайлақ;
119) ҰҚЖ жанындағы күту орны – егер тиісті диспетчерлік пункттен басқа бір нұсқау болмаса, басқарылатын әуе кемесі мен көлік құралдары тоқтайтын және күтетін, РМЖ-нің кризистік аймақтарын,ҰҚЖ-ын, кедергілерді шектеу беттерін қорғауға арналатын белгілі бір орын;
120) ҰҚЖ кеңеюі – әуе кемелерінің бұрылысын қамтамасыз етуге арналған ұшу-қону жолағының бөлігі;
121) ҰҚЖ көрiну қашықтығы (ағылшын тiлiндегi қысқармасы RVR)– ҰҚЖ-ның бiлiк желiсiнде орналасқан әуе кемесiнiң ұшқышы ұшу-қону жолағының белгiлеу белгiлердi немесе ҰҚЖ-ның бойы орналасқан жарықтарды көре алатын қашықтық;
122) ҰҚЖ табалдырығының деңгейіне келтірілген қысым – бастапқы өлшегіш түрлендіргіш орнатылған жерде өлшенген және ҰҚЖ табалдырығының деңгейіне келтірілген атмосфералық қысым;
123) ҰҚЖ табалдырығы – әуе кемесінің қонуына пайдалануға болатын әуеайлақтың ҰҚЖ-ы учаскесінің басы;
124) ҰҚЖ-ны қорғау оттары – пилоттарды немесе көлік құралдары жүргізушілерін олардың әрекеттегі ҰҚЖ шығып кетуі мүмкіндігінен сақтандырып ескертетін жарық-сигнал беру жүйесі;
125) ҰҚЖ-ның ығыстырылған табалдырығы – ұшу-қону жолағының басымен қиылыспайтын ұшу-қону жолағының табалдырығы;
126) ұшу алаңы – бір немесе бірнеше ұшу-қону жолақтары, бұру-жылжу жолдары, арнайы орнатылған перрондары мен алаңшалары орналасқан әуеайлақтың бөлігі;
127) ұшу жолағы – әуе кемесінің ұшуы мен қонуын қамтамасыз етуге арналған, әуе кемесінің зақымдану қаупін азайтатын және ұшу-қону жолағы шегінен асып кетпеуін, ұшып-көтерілуі және қонуы кезінде ҰҚЖ үстінен ұшып өтетін әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ұшу-қону жолағы мен тежеудің соңғы жолағын қоса алғандағы әуеайлақтың ұшу алаңының бір бөлігі;
128) ұшып-көтерілу кезіндегі қосалқы әуеайлақ – егер ұшып-көтеріле сала қону қажеттілігі туындай қалса, ал ұшып шыққан әуеайлақты пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда әуе кемесі (бұдан әрі – ӘК) қона алатын әуеайлақ;
129) ұшу-қону жолағы (ҰҚЖ) – әуе кемесінің ұшар алдында екпін алуына және қонған кезде жүріп барып тоқтауына арналған әуеайлақтың ұшу жолағының негізгі бөлігі;
130) ұшып-көтерілу және қону аймағы – әуе кемесінің ұшып-көтерілуі және қонуға кіруі кезіндегі маневрлерін қамтамасыз ететін шектерді қоса әуеайлақтың деңгейінен екінші эшелонның биіктігіне дейінгі әуе кеңістігі;
131) үзілген қону – орындалуы кедергілерден ұшып өтудің барынша аз қауіпсіз биіктігінен төмен кезінде тоқтатылатын қону;
132) үнемі сәуле шашып тұратын от – жылжымайтын нүктеден бақылау кезінде қарқындылығы тұрақты сәулелеу қабілетіне ие от;
133) шектелген кедергілер секторы (бұдан әрі – ШКС) – 150ғ секторы, оның ішінде, егер де бұл кедергілердің биіктігі шектелген болса, кедергілер орналасуы мүмкін;
134) шешім қабылдау биіктігі – белгіленген қатысты биіктік, бұл кезде, егер оған жеткенге дейін әуе кемесінің командирі қонуға кіруді жалғастыруға қажетті бағдарлармен визуалды түйісуге жете алмаса немесе әуе кемесінің кеңістіктегі орны не оның қозғалыс параметрлері қауіпсіз қонуды қамтамасыз ете алмайтындығы анықталса, бұл биіктікте екінші айналымға кету маневрі орындалуға тиіс;
135) электрмен жабдықтау сенімділігі санаты – тәуелсіз қоректендіру көздерінің санын және оларды қосу талаптарын белгілейтін электрмен жабдықтау жүйесінің сипаттамасы;
136) халықаралық әуеайлақ – өзінен азаматтық авиация және әуе кеңістігін пайдалану туралы келісімнің қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттерге әуе кемелерінің ұшулары жүзеге асырылатын әуеайлақ;
137) «А» ILS нүктесі – ҰҚЖ осьтік сызығы жалғасуының үстінде қонуға кіру бағытында ҰҚЖ табалдырығынан 7400 м қашықтықта орналасқан, глиссададағы нүкте;
138) «В» ILS нүктесі – ҰҚЖ осьтік сызығы жалғасуының үстінде қонуға кіру бағытында ҰҚЖ табалдырығынан 1050 м қашықтықта орналасқан, глиссададағы нүкте;
139) «С» ILS нүктесі – ҰҚЖ табалдырығы арқылы өтетін көлденең жазықтықтың үстінде 30 м биіктікте номиналдық глиссаданың төмендеп келе жатқан түзусызықтық бөлігінің жалғасы өтетін нүкте;
140) «Д» ILS нүктесі – ҰҚЖ өсінің үстінде 4 м биіктікте және ҰҚЖ табалдырығынан 900 м қашықтықта курстық маяктің бағытында орналасқан нүкте;
141) «Е» ILS нүктесі – ҰҚЖ өсінің үстінде 4 м биіктікте және ҰҚЖ соңынан 600 м қашықтықта ҰҚЖ табалдырығының бағытында орналасқан нүкте;
142) А типтік қарқындылығы аз бөгегіш оттар – үздіксіз қызыл сәуле шығарып тұратын және барынша қарқындылығы 10 кд-ден кем емес оттар;
143) В типтік қарқындылығы аз бөгегіш оттар – үздіксіз қызыл сәуле шығарып тұратын және барынша қарқындылығы 32 кд-ден кем емес оттар;
144) С типтік қарқындылығы аз бөгегіш оттар – жалтылдаған сары/көк түсті және барынша қарқындылығы 40 кд-ден 400 кд-ге дейінгі оттар;
145) D типтік қарқындылығы аз бөгегіш оттар – сары сәуле шашатын жалтылдаған және тиімді қарқындылығы 200 кд-ден 400 кд-ге дейінгі оттар;
146) А типтік қарқындылығы орташа бөгегіш оттар – тиімді қарқындылығы 20000/2000 кд ақ түсті сәулелейтін жалтылдаған от;
147) В типтік қарқындылығы орташа бөгегіш оттар – 2000 кд тиімді қарқындылықтағы қызыл сәулелі жалтылдаған от;
148) С типтік қарқындылығы орташа бөгегіш оттар – 2000 кд тиімді қарқындылықтағы үнемі қызыл сәуле шашатын от;
149) А типтік қарқындылығы жоғары бөгегіш оттар – 200000/20000/2000 кд тиімді қарқындылықтағы ақ түсті сәулелейтін жалтылдаған от;
150) В типтік бөгегіш оттар – 100000/20000/2000 кд тиімді қарқындылықтағы ақ сәулелі жалтылдаған от;
151) DME алысқа өлшегіш жабдығы (DME/N) – таратылу уақыты бойынша ӘК бортында қабылдаушы-жауап берушіге дейін қашықтықты анықтайтын борттық сұрау сигналдарының қабылдануын және таратылуын қамтамасыз ететін жабдық, сигналдардың таратылу уақыты бойынша ӘК бортында радиомаяктің орнатылған орнының бақылау нүктесіне дейінгі көлбеулі алыстық (алыстықтың нуль-индикациясы) анықталады;
152) ILS глиссадасы (немесе радиомаяктік қону жүйесі (бұдан әрі – РМЖ) – модуляция тереңдіктерінің айырымы нөлге тең және көлденең жазықтықпен ең аз бұрышты құрайтын ҰҚЖ-ның осьтік сызығы арқылы өтетін тік жазықтықтағы нүктелердің геометриялық орны;
153) ILS глиссадасының еңкею бұрышы – орташаландырылған ILS (СП) глиссадасы болып табылатын түзусызық пен көлденең жазықтық арсындағы бұрыш;
154) ILS глиссадасының жартылай секторы (сектор) – глиссаданы қамтитын және модуляция тереңдіктерінің айырымы 0,0875 (0,175)-ке тең және глиссадаға жақын нүктелердің геометриялық орындарымен шектелетін тік жазықтықтағы сектор;
155) ILS курсының жартылай секторы (сектор) – өздерінде КРМ ILS үшін модуляция тереңдіктерінің айырымы 0,0775 (0,155) курс сызығына жақын курстың сызығын қамтитын және нүктелердің геометриялық орындарымен шектелген көлденең жазықтықтағы сектор;
156) ILS тіректік нүктесі (немесе РМС) (Т нүктесі) – ILS глиссадасының төмендейтін түзусызықтық бөлігінің жалғасуы өтетін ҰҚЖ өсінің және ҰҚЖ табалдырығы қиылысының үстінде орналасқан белгілі бір биіктікте орналасатын нүкте;
157) NОТАМ – электр байланысы құралдарымен таралатын және кез келген азронавигациялық жабдықты iске қосу, оның жай-күйi немесе өзгерту, қызмет көрсету және ережелер немесе қауiп-қатер туралы ақпаратты, ұшулардың орындалуымен байланысты персонал үшiн маңызы аса зор уақтылы алдын алу туралы ақпаратты қамтитын хабарлама;
158) І санаттағы радиомаягі бар жүйе (РМЖ-I немесе ILS-І) – әуе кемесін әрекет аймағынан бастап курс сызығы глиссаданы ҰҚЖ табалдырығының деңгейінде жатқан көлденең жазықтықтың үстінде 60 м немесе одан кем биіктікте кесіп өтетін нүктеге дейін басқару үшін деректерді қамтамасыз ететін қондыру жүйесі;
159) ІІ санаттағы радиомаягі бар жүйе (РМЖ-ІI немесе ILS-ІІ) – әуе кемесін әрекет аймағынан бастап курс сызығы глиссаданы ҰҚЖ табалдырығының деңгейінде жатқан көлденең жазықтықтың үстінде 15 м немесе одан кем биіктікте кесіп өтетін нүктеге дейін басқару үшін деректерді қамтамасыз ететін қондыру жүйесі;
160) ІІІ санаттағы радиомаягі бар жүйе (РМЖ-IІI немесе ILS-ІІІ) – әуе кемесін әрекет аймағынан бастап ҰҚЖ бетіне дейін және оның бойымен басқару үшін қажетті деректерді қамтамасыз ететін қондыру жүйесі.
Достарыңызбен бөлісу: |