305. Әрбір әскери қызметші өзінің денсаулығы мен айналасындағы адамдардың денсаулығы туралы қамқорлық көрсетуге, медицина қызметкерлерінен сырқатын жасырмауға, жеке және қоғамдық гигиена қағидаларын қатаң сақтауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға тиіс.
306. Жеке гигиена қағидалары:
1) таңертеңгілік жуынуды, тіс тазалауды және беліне дейін салқын сумен шайынуды;
2) тамақ ішер алдында қолын жууды;
3) ұйқыға жатар алдында жуынуды, тіс тазалау мен аяғын жууды;
4) уақтылы қырынуды, шашын және тырнағын алуды;
5) іш киімі мен төсек-орнын, шұлғауы мен ұйықтарын ауыстырумен апта сайын моншада жуынуды;
6) бөлімшеде душ қабылдауды;
7) киім-кешегін, аяқкиімі мен төсек-орнын таза ұстауды, жаға астарларын уақтылы ауыстыруды қамтиды.
Әскери қызметшілердің шаш үлгісі, мұрты (егер бар болса) ұқыпты болуға, гигиена талаптарына жауап беруге және жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға және керек-жарақтарды алып жүруге бөгет жасамауға тиіс.
307. Қоғамдық гигиена қағидалары:
1) ұйықтайтын үй-жайларда, дәретханаларда және басқа да жалпы пайдаланылатын бөлмелерде тазалық сақтауды;
2) үй-жайларды жиі желдетуді;
3) көпшілік орындарда, сондай-ақ әскери бөлім (бөлімше) орналасқан аумақта тазалық сақтауды қамтиды.
308. Әскери қызметшілердің жұқпалы ауруларды жұқтырмауын қамтамасыз ету үшін алдын ала егу жұмыстары жүргізіледі. Егулер жоспарлы және эпидемиялық көрсеткіштер бойынша болуы мүмкін.
Жоспарлы сақтандыру егулері әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамын алдын ала егулердің күнтізбелік жоспарына сәйкес, ал эпидемиялық көрсеткіштер бойынша үлкен командирдің (бастықтың) бұйрығымен жүргізіледі.
Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша егулерден әскери қызметшілер тек дәрігердің қорытындысы бойынша босатылады.
Егулер туралы белгілер медициналық кітапшаларға енгізіледі.
309. Әскери қызметші өзінде немесе онымен бірге бір пәтерде (жатақхана бөлмесінде), сондай-ақ казармада тұратын адамдар арасында жұқпалы аурудың туындағаны туралы медицина қызметкеріне баяндауға және медицина қызметі бастығының қорытындысы бойынша өзінің тікелей командирінің (бастығының) рұқсатымен қызметтік міндеттерін орындауға тиіс.
310. Әскери бөлімде жұқпалы аурумен сырқаттанған адам анықталған кезде медицина қызметінің бастығы ол туралы дереу командирге (бастыққа) және үлкен медицина бастығына баяндайды, сырқаттанған адамдарды белсенді анықтауды, оқшаулауды және госпитальға жатқызуды, бөлімшелерді залалсыздандыруды, сырқаттанған адаммен қарым-қатынаста болған адамдарды қадағалауды жүргізеді және санитариялық-гигиеналық бақылауды күшейтеді.
Қажет болған кезде әскери бөлімде қадағалау режимі немесе карантин енгізіледі, азаматтық тұрғындармен қарым-қатынас тоқтатылады немесе шектеледі, әскери бөлімнің ішінде жеке құрамның жиналысына және жаппай мәдени іс-шараларға жол берілмейді, қосымша оқшаулағыштар өрістетіледі.
311. Негізгі емдеу-алдын алу іс-шаралары әскери қызметшілерді амбулаториялық, стационарлық, санаториялық-курорттық емдеу және диспансерлеу болып табылады.
Жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында жүргізілетін емдеу-алдын алу іс-шаралары барлық әскери қызметшілер үшін міндетті.
Әскери қызметшілердің қызмет орны немесе тұрғылықты жері бойынша әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда медициналық көрсеткіштері бойынша тиісті бөлімшелер не арнайы жабдық болмаған кезде медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шегінде ведомстволық тиесілігіне және меншік нысанына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетіледі.
312. Диспансерлеу процесінде:
1) әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын медициналық бақылау;
2) ауруларды белсенді түрде ерте анықтау;
3) әскери қызметшілердің қызмет жағдайы мен тұрмысын зерделеу, олардың денсаулығына теріс әсер ететін факторларды анықтау;
4) алдын алу және емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу;
5) әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттауды жүргізу іс-шаралары жүргізіледі.
313. Әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын медициналық бақылау:
1) күн сайын жауынгерлік даярлық үдерісінде және тұрмыста жеке құрамды медициналық қадағалау;
2) әскери қызметшілерді медициналық тексеру;
3) әскери қызметшілерді тереңдетілген және бақылау медициналық тексерулер;
4) әскери қызметшілердің денсаулық жағдайына диспансерлік қарқынды қадағалау жүргізу жолымен жүзеге асырылады.
314. Медициналық тексеруге:
1) әскери бөлімнің (бөлімшенің) барлық жеке құрамы – алдын алу егулер жүргізу алдында;
2) барлық мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері – моншада жуынар алдында;
3) қарауылдың, кезекші күштердің (ауысымның) жеке құрамы – қарауылға және жауынгерлік кезекшілікке, жауынгерлік қызметке түсер алдында;
4) жұмысы қолайсыз факторлардың мүмкін болатын әсерімен байланысты әскери қызметшілер, сондай-ақ диспансерлік қарқынды қадағалаудағы адамдар – олар үшін белгіленген мерзімдерде;
5) күн сайын қызметке (жұмысқа) түсер алдында бөлімнің медицина қызметкері асхана қызметкерлері денесінің ашық жерлерін іріңді аурулар мен шағын жарақаттардың болуына қарап тексереді. Терінің іріңді аурулары, іріңдеген кесілген, күйген жаралары, сызаттарды, сондай-ақ аурулары және жұқпалы ауруларға күдігі бар адамдар қызметке (жұмысқа) жіберілмейді;
6) асхана бойынша нарядқа тағайындалатын жеке құрам – тәуліктік нарядты таратқанға дейін;
7) әскери бөлімге жаңадан келген, сондай-ақ демалыстардан, іссапарлардан және сауықтыру бойынша емдеу мекемелерінен келген, басқа әскери бөлімдерге кеткен барлық әскери қызметшілер – әскери бөлімге келген күні, бірақ оларды бөлімшеге жібергенге дейін;
8) жүргізушілер – рейске шығар алдында;
9) спорттық жарыстарға қатысушылар – жарыстар алдында алынады.
Бұдан басқа, аптасына бір рет әскери бөлім командирі белгілеген уақытта бөлімшенің мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің денесін қарап тексеруді жүргізеді.
315. Тереңдетілген медициналық тексеру:
1) мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері үшін – жылына екі рет;
2) келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үшін – төртінші тоқсанда жүргізіледі; екінші тоқсанда бақылау медициналық тексеру жүргізіледі.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді тереңдетілген медициналық тексеруге медициналық мекемелерден дәрігер-мамандар тартылады.
316. Әскери бөлімнің (бөлімшенің) әскери қызметшілерінің денсаулық жағдайын медициналық бақылау жөніндегі іс-шараларды жүргізу уақыты, тәртібі және орны бөлім бойынша бұйрықта жарияланады. Медициналық тексеруді демалыс күндері белгілеуге жол берілмейді.
317. Бөлімшенің жеке құрамын медициналық тексеруде барлық келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатысуға міндетті.
Бөлімшені медициналық тексеруге бөлімше командирі, ал медициналық қарап тексеруге рота старшинасы апарады. Олар дәрігерге бағыныстылардың денсаулық жағдайын өздерінің қадағалаулары туралы хабарлауға тиіс.
Бөлімшенің жеке құрамын медициналық тексеру және қарау нәтижелерін дәрігер медициналық кітапшаларға енгізеді. Денсаулық жағдайы бойынша диспансерлік қарқынды қадағалауды қажет ететін әскери қызметшілер есепке алынады және бақылау медициналық тексерулерге кезең-кезеңімен тартылады. Бөлімшенің (ротаның) командирі жеке құрамды толық медициналық тексеру үшін жауап береді.
318. Қандай да бір себеппен медициналық тексеруде болмаған әскери қызметшілерді бөлімше командирі мүмкіндік болған кезде осы үшін әскери бөлімнің медициналық пунктіне жібереді.
319. Әскери бөлімнің жеке құрамын медициналық тексерудің нәтижелерін, сондай-ақ қажетті емдеу-сауықтыру іс-шараларын жүргізу жөніндегі ұсыныстарды әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығы әскери бөлімнің командиріне баяндайды.
320. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін амбулаториялық қабылдау әскери бөлімнің медициналық пунктінде және гарнизонның әскери-медициналық мекемелерінде әскери бөлім командирі мен гарнизон бастығы белгілеген сағатта жүргізіледі.
Кенеттен сырқаттанған немесе жарақат алған әскери қызметшілер әскери бөлімнің медициналық пунктіне немесе гарнизонның әскери-емдеу мекемесіне тәуліктің кез келген уақытында дереу жіберіледі.
321. Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері әскери бөлімнің медициналық пунктіне рота бойынша кезекшімен рота санитариялық нұсқаушысының немесе бөлімше командирі тағайындаған үлкеннің командасымен жіберіледі. Рота старшинасының қолы қойылған сырқаттанған адамдарды жазу кітабы бөлімнің медициналық пункті бойынша кезекшісіне амбулаториялық қабылдау басталғанға дейін екі сағаттан кешіктірілмей ұсынылады.
Дәрігер ротаның сырқаттанған адамдарды жазу кітабына енгізілген барлық әскери қызметшілердің медициналық пунктке келуін бақылайды.
Медициналық пункттен тыс жерге дәрігерді (фельдшерді) шақыру және сырқатты қарап тексеру жағдайында сырқаттанған адамдар сырқатының сипатына байланысты емделу үшін әскери бөлімнің медициналық пунктіне, бөлімнен тыс емдеу мекемесіне (госпитальға, ауруханаға) жіберіледі немесе оларға амбулаториялық емдеу тағайындалады.
Дәрігердің қорытындысы бойынша келісімшарт бойынша әскери қызметшілер үй жағдайында емделу үшін қалдырылуы мүмкін.
Дәрігер сырқаттанған адамдарды қарап тексеру нәтижелері, көрсетілген медициналық көмектің сипаты және тағайындаулар туралы медициналық кітапшаларға тиісті белгілер жасайды, ал қорытындыны әскери қызметші медициналық қамтамасыз етілуде тұрған әскери бөлімнің медицина қызметі бастығының қорытындысын бекітумен сырқаттанған адамдарды жазу кітабына тіркейді.
Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері медициналық көмек алғаннан кейін ротаға санитариялық нұсқаушының немесе үлкеннің командасымен қайтып келеді. Команданың жетекшісі сырқаттанған адамдарды жазу кітабын рота бойынша кезекшіге береді, ол оны рота командиріне береді. Рота старшинасы сырқаттанған адамдарды жазу кітабындағы дәрігердің қорытындысы бойынша рота командирінің шешіміне сәйкес қажетті нұсқаулар береді.
322. Сырқаты бойынша әскери қызмет міндеттерін орындаудан уақытша босату, сабақтар мен жұмыстардан ішінара немесе толық босату туралы қорытындыны анықтама түрінде дәрігер, ал штатында дәрігер көзделмеген әскери бөлімдерде фельдшер кемінде үш күнге береді (денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бұйрығымен белгіленген тұмаумен жаппай ауыру кезеңінде – алты күнге).
Берілген мерзім өткеннен кейін әскери қызметшілер, қажет болған кезде қайта медициналық қарап тексеруге жіберілуге тиіс және қайта босатылуы мүмкін.
Алты тәулік өткеннен кейін, емдеуді жалғастыру қажет болған жағдайда сырқат емдеу мекемесіне тексерілуге жіберіледі.
Дәрігердің (фельдшердің) әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындаудан ішінара немесе толық босату туралы ұсынымдары лауазымды адамдардың міндетті түрде орындауына жатады.
Босату туралы құжаттарды ресімдеу дәрігер (фельдшер) емдеу үшін айқындаған уақытты қысқартпауға тиіс.
Әскери қызметші қызметке келе алмаған жағдайда өзінің ауырғаны туралы командирге (бастыққа) кез келген мүмкін болатын тәсілмен хабарлауға міндетті.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқарудан босату туралы және олардың сауыққаннан кейін қызметке шығуы әскери бөлім бойынша бұйрықта жарияланады.
Амбулаториялық емдеу тағайындалған сырқаттанған адамдар дәрілер қабылдау және басқа да емдеу процедураларын жүргізу үшін, сондай-ақ медицина мамандарының кеңесін қажет ететін адамдар әскери бөлімнің медициналық пунктіне дәрігер сырқаттанған адамдарды жазу кітабында (медициналық кітапшасында) көрсеткен күндері және сағатта жіберіледі.
323. Емдәмдік тамақтануды қажет ететін мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерін және әскери оқу орындарының курсанттарын тіркеу әскери бөлім командирінің бұйрығымен бөлімнің медицина қызметі бастығының қорытындысы негізінде үш ай мерзімге жүзеге асырылады.
324. Әскери бөлім медициналық пунктінің лазаретінде диагностикалаудың, емдеу мен медициналық оңалтудың мамандандырылған әдістерін талап етпейтін аурулар кезінде білікті медициналық көмек көрсетіледі.
Лазаретке түскен кезде сырқаттанған адамдар санитариялық өңдеуден өтеді.
325. Әскери қызметшілерді әскери бөлімнен тыс орналасқан стационарлық емделуге дәрігердің қорытындысы бойынша бөлім командирі, ал дәрігер болмағанда жедел көмек көрсету үшін медициналық пункт бойынша кезекші фельдшер (санитариялық нұсқаушы) бір уақытта әскери бөлімнің медицина қызметінің бастығына және бөлім бойынша кезекшіге баяндаумен жібереді.
Сырқаттанған адамдарды емдеу мекемесіне жеткізу фельдшердің (санитариялық нұсқаушының) ілесіп жүруімен әскери бөлімнің санитариялық немесе өзге де көлігімен жүзеге асырылады.
Әскери қызметшілер әскери бөлім орналасқан жерден тыс емделуге жіберілген кезде жыл мезгіліне сәйкес нысанда киінуі және өзімен бірге емделуге жіберу туралы бөлім бойынша бұйрықтан үзінді-көшірме, бөлім командирі қол қойған жолдама, медициналық кітапшасы, жеке басын куәландыратын құжаты, жеке гигиена заттары, қажетті жеке заттары мен азық-түлікке аттестат, қажет болған кезде жарақаты туралы анықтама мен медициналық сипаттамасы, ал гарнизон шегінен тыс емделуге кеткен кезде, одан басқа, медициналық мекеме орналасқан жерге дейін және кері қайтуға жолда жүру құжаттары болуға тиіс.
Әскери қызметшіні госпитальға шұғыл жатқызу кезінде медициналық мекемеге құжаттарды ұсыну жөніндегі міндет әскери бөлімнің командиріне жүктеледі.
Командир (бастық) стационарлық емделудегі әскери қызметшілерге баруды ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың емдеу мекемелерінде болуын бақылауға міндетті.
326. Әскери бөлім орналасқан жерден тыс стационарлық емделуге түскен барлық әскери қызметшілер туралы, сондай-ақ оларды сауығуы бойынша шығару туралы әскери-медициналық мекеме (бөлім) бастығы (командирі) сол күні осы әскери қызметшілер келген бөлімнің командиріне хабарлауға міндетті.
Келіп түскен сырқаттанған адамнан жұқпалы ауру табылғаны туралы және уланумен, жарақаттармен келіп түскен сырқаттанған адамдар туралы әскери-медициналық мекеме (бөлім) бастығы (командирі) сырқаттанған адам келіп түскен әскери бөлімнің командирін, ал жұқпалы ауру туралы, одан басқа жақын маңдағы санитариялық-эпидемиологиялық мекемені дереу хабардар етуге міндетті.
Демалыс немесе іссапар кезеңінде ауырған әскери қызметшілер шұғыл медициналық көрсеткіштер болған кезде олар қызмет өткеретін әскери бөлімнің командирлерін әскери полиция органдары немесе жергілікті әскери басқару органдары (жергілікті атқарушы органдар) арқылы дереу хабардар ете отырып медициналық мекемелерге госпитальға жатуы мүмкін.
Сауығып шыққаннан кейін әскери қызметшілер әскери госпитальдан немесе ауруханадан команда бойынша берілетін тиісті құжаттарымен әскери бөлімге жіберіледі, мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері әскери бөлімге сержанттар немесе офицерлер құрамы әскери қызметшілерінің (бөлімнің медицина қызметкерінің) ілесіп жүруімен жіберіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |