473. Асхана бойынша кезекші сержанттардан (старшиналардан) тағайындалады. Ол қоймадан азық-түліктің алынуының, олардың қазандарға толық салынуының дұрыстығына, белгіленген нормалар бойынша тамақты уақтылы беруге, асүй мүкәммалы мен ыдысының сақталуына, сондай-ақ асханадағы санитариялық-гигиеналық жай-күйге және онда тәртіп сақтауға жауап береді. Асхана бойынша кезекші бөлім бойынша кезекшіге, бөлім командирінің тыл (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына бағынады. Оған асханада жұмыс істеу үшін тағайындалған тәуліктік наряд пен аспаздар бағынады.
474. Асхана бойынша жаңа кезекші белгіленген уақытта бөлім командирінің тыл (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына, ал ол болмағанда азық-түлік қызметінің бастығына нұсқау алуға келеді.
Тарату алдында асхана бойынша жаңа кезекші наряд құрамын тексереді, оны медициналық қарауға ұсынады және асхана бойынша тәуліктік нарядтың ведомосын толтырады. Таратудан кейін ол тізімдеме бойынша құжаттарды, асүй мүкәммалы мен ыдысын қабылдайды, технологиялық жабдықтардың дұрыстығын тексереді, асхана бойынша нарядтың жеке құрамы арасында жұмысты бөледі, асханада жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік, жеке және қоғамдық гигиена талаптары бойынша нұсқау беруді жүргізеді.
Кезекшілікті тапсыру және қабылдау туралы асхана бойынша бұрынғы және жаңа кезекшілер бөлімдер командирінің тыл (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына және бөлім бойынша кезекшіге баяндайды.
475. Асхана бойынша кезекші:
1) жабдықталымда тұрған жеке құрамның санын және ас тарату мәзірін білуге;
2) нұсқаушы-аспаздың (бас аспаздың) қоймадан азық-түлікті алуын, олардың нақты салмағын және дәрігермен (кезекші фельдшермен) бірлесіп, азық-түліктің сапасын жеке өзі бақылауға; қоймадан алынатын азық-түлік ас тарату мәзіріне сәйкес келмегенде ол туралы бөлім бойынша кезекшіге, медицина қызметінің бастығына және командирдің тыл (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына дереу баяндауға;
3) азық-түлікті өңдеуге, сондай-ақ ет пен балықты өңдеуді, әзір тамақты беруді тек аспаздардың жүргізуін бақылауды жүзеге асыруға;
4) ет пен балықты үлестерге бөлу кезінде болуға, олардың салмағын, сондай-ақ нұсқаушы-аспаздың (бас аспаздың) тамақ дайындау сапасын бақылауды есепке алу кітабындағы жазудың дұрыстығын тексеруге;
5) азық-түлікті қазанға салу кезінде қатысуға және бөліп салу бойынша барлық тиесілінің қазанға салмағы бойынша нақты салынуын бақылауға;
6) асханадағы жұмысқа медициналық қарап тексеруден өтпеген әскери қызметшілерді жібермеуге, жұмыс уақытында гигиена қағидаларының сақталуын қадағалауға;
7) асханада жұмыс істеу үшін тағайындалған әскери қызметшілер арасында жұмысты бөлуге;
8) асханада тазалық пен тәртіп сақтауға, асханада жеке құрамның баскиімде, пальтода (шинельде), жылы астары бар күртешеде және жұмыс (арнайы) киімінде, сондай-ақ кір (тазаланбаған) киім нысанында және аяқкиімде тамақ ішуіне жол бермеуге;
9) үстелдерді уақтылы жасау мен жинауға бақылауды жүзеге асыруға, асхана-асүй ыдысының берілуін, оны бөлімшелерден қабылдауды, сондай-ақ ыдысты сапалы жууды ұйымдастыруға; оны асханадан әкетуге рұқсат етпеуге;
10) дәрігер (фельдшер) сапасын тексермей және бөлім бойынша кезекшінің оны таратуға рұқсатынсыз тамақты беруге жол бермеуге, тамақты уақтылы және дұрыс беруді және оны бөлімшелерге беруде кезектіліктің нақты сақталуын бақылауды жүзеге асыруға;
11) азық-түлік қорларының тазалықта және реттілікте сақталуының, олардың сенімді сақталуының қамтамасыз етілуін талап етуге;
12) рота старшиналарының немесе роталар (бөлімшелер) бойынша кезекшілердің өтінімдері бойынша оның белгіленген мерзімнен артық сақталуына жол бермей, тамақ шығысын қалдыруға;
13) азық-түлікті өңдегеннен кейін қалдықтарды уақтылы жинап алуды ұйымдастыруға және асханаға іргелес аумақтың тазалығын қадағалауға;
14) асханаға бөгде адамдарды жібермеуге;
15) өрт қауіпсіздігі және технологиялық жабдықты пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге;
16) барлық кемшіліктер туралы бөлім бойынша кезекшіге немесе оның көмекшісіне баяндауға;
17) асханаға бөлім командирлерінің орынбасарлары және одан жоғары тура бастықтар, сондай-ақ бөлім бойынша кезекші мен оның көмекшісі келген кезде оларға өзін таныстыруға міндетті.
Мысалы: "Полковник мырза. Асхана бойынша кезекші сержант Оразғалиева".
476. Асхана бойынша кезекшіде асхана бойынша кезекшіге, бас аспазға (аспазға), нан кесушіге, асхана бойынша жұмысшыларға нұсқаулықтар; бөлімді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына және өрт қауіпсіздігі шаралары жөніндегі нұсқаулықтар; технологиялық жабдықтарда жұмыс істеу кезінде техника және қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқаулықтар; күн тәртібі, бөлімшелердің, тәуліктік нарядтың тамақ ішу кезектілігінің сұлбасы; кезекшілікті қабылдау және тапсыру кітабы; асханада бар мүлік пен жабдықтың тізімдемесі; дайындалған тамақтың сапасын бақылау кітабы; әзір тамақтың және азық-түлікті өңдеу кезіндегі қалдықтардың шығыс нормалары; азық-түліктерді пісіру ұзақтығының кестесі; нан, май мен қант беру нормалары және басқа да құжаттар болуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |