Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шiлдедегi N 296 Заңы
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2007 ж., N 16, 128-құжат; "Егемен Қазақстан" 2007 жылғы 1 тамыз, N 224-225 (24799)
МАЗМҰНЫ
Осы Заң Қазақстан Республикасы астанасының жұмыс iстеуi саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, оның қызметiнiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының астанасы
1. Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып табылады.
2. Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы (бұдан әрi - астана) ретiнде:
1) мемлекеттiң саяси және әкiмшiлiк орталығы;
2) Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Ақорда" Резиденциясында сақталатын Қазақстан Республикасы Конституциясы мәтiнiнiң түпнұсқасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы мен Мемлекеттiк елтаңбасының эталондары орналасқан жер болып табылады.
3. Астанада Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Ақорда" Резиденциясы, Қазақстан Республикасының Парламентi, Үкiметi, Жоғарғы Соты және өзге де орталық мемлекеттiк органдары орналасқан.
Жекелеген орталық мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының астанасынан тыс жерде орналасуы мүмкiн.
2-бап. Астананың мәртебесi туралы заңнама
1. Астананың мәртебесi туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Астананың рәмiздерi
Астананың өз рәмiздерi: елтаңбасы, туы және гимнi бар.
Рәмiздердiң сипаттамасын және оларды пайдалану тәртiбiн астананың мәслихаты айқындайды .
4-бап. Қаланың атақтары және ынталандырымдары
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға Астана қаласының экономикасын, әлеуметтiк саласын, ғылымы мен мәдениетiн дамытудағы ерекше еңбегi үшiн астана әкiмiнiң ұсынуы бойынша мәслихат "Астана қаласының құрметтi азаматы" атағын беруi мүмкiн.
2. Астананың жергiлiктi өкiлдi органы (мәслихаты) мен жергiлiктi атқарушы органы (әкiмдiгi) ынталандырудың өзге де түрлерiн белгiлеуге және қолдануға құқылы.
5-бап. Астананың аумағы және қала маңы аймағы
1. Астананың аумағын Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң ұсынуы бойынша және жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың пiкiрлерiн ескере отырып Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн және өзгертетiн Астана қаласы әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгi шекарасындағы жер, су объектiлерi құрайды. U080637
2. Қаламен бiртұтас әлеуметтiк, табиғи және шаруашылық аумақты құрайтын қала шегiнен тыс жерлер астананың қала маңы аймағын құрайды, оның көлемi мен шекарасын астананың мәслихаты мен әкiмдiгiнiң және аумағы қала маңы аймағына қосылған облыс мәслихаты мен әкiмдiгiнiң бiрлескен ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi және өзгертедi.
Қала маңы аймағын қосылған жерлердi пайдаланудың тәртiбi мен режимiн астананың мәслихаты мен әкiмдiгiнiң аумағы қала маңы аймағына қосылған облыс мәслихатымен және әкiмдiгiмен келiсiлген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды . P081101
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне:
1) мыналар:
астанада жолаушыларды және жүктi автомобиль көлiгiмен тасымалдау ережелерiн;
жеке және заңды тұлғалардың астана аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету ережелерiн бекiту;
2) астананың дамуы мәселелерi бойынша мемлекеттiк бағдарламаларды әзiрлеу;
3) өзiне Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
2-тарау. Астанадағы жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың
ерекшелiктерi
7-бап. Астананың жергiлiктi мемлекеттiк басқару
органдарының мiндеттерi
Астананың жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының қаланың Қазақстан Республикасының астанасы функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуi жөнiндегi мiндеттерi:
1) астананың Қазақстан Республикасының саяси, әкiмшiлiк, мәдени және экономикалық орталығының рөлiн орындауы үшiн жағдай жасау;
2) астананың әлемдегi басқа астаналар арасындағы бәсекелестiк мүмкiндiктерiн арттыру, орнықты дамыған қаланы құру;
3) астананы халықаралық қатынастар орталығы ретiнде дамыту;
4) Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Парламенттiң, Үкiметтiң, Жоғарғы Соттың, өзге де орталық мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн жағдай жасау;
5) жалпымемлекеттiк және халықаралық iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзу үшiн жағдай жасау;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыруы болып табылады.
8-бап. Астана мәслихатының өкiлеттiктерi
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiктермен қатар, астананың мәслихаты өз құзыретi шегiнде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттердiң жергiлiктi өкiлдi органдарымен халықаралық байланыстар орнатады;
2) астананың құрылыс салу ережесiн бекiткен кезде астана аумағындағы жер учаскелерiн игерудiң қосымша шарттарын айқындайды;
3) мыналарды:
астананы дамытудың экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларының жоспарларын, астананың бюджетiн және оның орындалуы туралы есептердi;
астанада сыртқы (көрнекi) жарнаманы орналастыру тәртiбi мен шарттары туралы ережелердi;
мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн бекiтедi;
4) жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн сатып алу туралы шарттардың жобаларын келiседi.
Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
9-бап. Астананың жергiлiктi атқарушы органының өкiлеттiгi
Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiктермен қатар, астананың жергiлiктi атқарушы органы өз құзыретi шегiнде:
1) коммуналдық заңды тұлғаларға бекiтiлмеген коммуналдық мүлiктiң тiзбесiн бекiтедi, республикалық меншiкке жатқызылған заңды тұлғаларды қоспағанда, астана аумағында тiркелген акционерлiк қоғамдар акцияларының және жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң қатысу үлестерiнiң мемлекеттiк пакеттерiн иеленудi, пайдалануды және оларға билiк етудi жүзеге асырады;
2) Астана қаласының коммуналдық меншiгiн иеленудi, пайдалануды және оған билiк етудi жүзеге асырады;
3) Астана қаласының коммуналдық меншiгiн жекешелендiру жөнiндегi қатынастарды реттейтiн қаулылар шығарады;
4) салық органының сұратуы бойынша бiр ай мерзiмде арнайы экономикалық аймақ аумағына әкелiнген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс процесiнде пайдаланылу фактiсiн растайтын құжаттарды бередi;
5) арнайы экономикалық аймақ аумағының құрылысы процесiне қатысушы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң есебiн жүргiзедi;
6) арнайы экономикалық аймақ аумағындағы қызметтi жүзеге асыру жөнiнде заңды тұлғалармен шарттар жасасады;
7) Қазақстан Республикасының бюджетi заңнамасына сәйкес қарыз алуды жүзеге асырады;
8) астананың аумағында және қала маңы аймағында қолданылатын мемлекеттiк сәулет, қала құрылысы және құрылыс саясатын әзiрлеуге қатысады;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бекiтiлген астананы дамыту мен салудың бас жоспарын, астананың қала маңы аймағына жатқызылған iргелес аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешендi схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) iске асыру жөнiндегi субъектiлердiң қызметiн үйлестiредi;
10) астана және қала маңы аймағы аумақтарын дамыту мен салудың бас жоспарының жобасын әзiрлеудi ұйымдастырады;
11) мыналарды:
астана және қала маңы аймағы аумақтарында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы мемлекеттiк нормативтердiң (мемлекеттiк нормативтiк құжаттардың) жобаларын;
астана және қала маңы аймағы аумақтарындағы сәулет, қала құрылысы қызметiн ерекше реттеудiң, сондай-ақ қала құрылысын регламенттеудiң ережелерiн;
бар ғимараттар мен құрылыстарды реконструкциялау, оның iшiнде тұрғын ғимараттардың мансардалық және типтiк қабаттарын салу процесiн реттеу ережелерiн келiседi;
12) астананың қала құрылысы кеңесi үшiн алдын ала қорытындылардың материалдарын дайындайды;
13) реконструкциялау объектiлерiн жобалау, салу және пайдалануға беру мерзiмiне бақылау жасауды жүзеге асырады;
14) астананы экологиялық, әлеуметтiк және мәдени дамытудың кешендi бағдарламаларын әзiрлейдi және iске асырады;
15) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтiк көмек көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн әзiрлейдi;
16) астанада еңбек мәселелерiн үйлестiредi және халықты жұмыспен қамту саясатының iске асырылуын қамтамасыз етедi;
17) астананы дамыту мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен астанада жалпымемлекеттiк және халықаралық iс-шараларды өткiзу үшiн жағдайлар жасайды;
19) жылумен, энергиямен, сумен, газбен жабдықтау жүйесiнiң, кәрiздiң және су қашыртудың, жол қызметiнiң, астаналық көлiк пен байланыстың барлық түрлерiнiң, абаттандырудың, көгалдандырудың, қаланы санитарлық тазартудың, сондай-ақ тұрғын үй қорын инженерлiк қамтамасыз етудiң, пайдалану мен жөндеудiң тиiмдi жұмыс iстеуi саласындағы қызметтi үйлестiредi;
20) астана аумағында медициналық қызметтер көрсететiн медициналық ұйымдардың қызметiн үйлестiредi;
21) iшкi сауда және тұрмыстық қызмет көрсету объектiлерiн дамыту мен олардың жұмыс iстеуi саласындағы саясатты iске асырады;
22) қалалық шаруашылық объектiлерiнiң, қаланы абаттандыру мен дамыту элементтерiнiң бiртұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асырады;
23) астананың көлiктi дамыту бағдарламасын әзiрлеп, астана мәслихатының бекiтуiне енгiзедi;
24) мүдделi мемлекеттiк органдармен келiсiм бойынша транзиттiк автомобиль көлiгi қозғалысының схемалары мен тәртiбiн айқындайды;
25) ақылы автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) ұйымдастырады;
26) мыналарды:
астана көшелерiнiң тiзбесiн;
автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру ережелерiн бекiтедi;
27) Қазақстан Республикасының Жер кодексiне және «Мемлекеттiк мүлiк туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер учаскелерiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иелiктен шығаруды жүзеге асырады;
28) астана аумағында мақсатқа сай пайдаланылмайтын жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қою туралы, жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн алып қоюға байланысты жер учаскесiн немесе өзге де жылжымайтын мүлiктi мәжбүрлеп иелiктен шығару туралы сотқа талап-арыз бередi.
29) Астана қаласының әкiмшiлiк-аумақтық шекарасы шегiнде Есiл өзенiнiң кеме қатынасы учаскесiнде су жолы жұмыстарын жүргiзудi қамтамасыз етедi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
10-бап. Астананың әкiмi
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген өкiлеттiктермен қатар, астана әкiмi өз құзыретi шегiнде:
1) Қазақстан Республикасының Президентiмен, Қазақстан Республикасының Парламентiмен, Үкiметiмен, өзге де орталық мемлекеттiк органдарымен, халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттер өкiлдерiмен қатынастарда астананың атынан өкiлдiк етедi;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тiкелей астана мүдделерiн қозғайтын Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобаларын келiседi;
3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарауына астананың жұмыс iстеуi мен оны дамыту мәселелерi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын және басқа да ұсыныстар енгiзедi;
4) астанада жалпымемлекеттiк және халықаралық сипаттағы iс-шараларды өткiзу туралы мәселелердi шешуге қатысады;
5) тиiстi мемлекеттiк органдарға астана аумағында орналасқан республикалық меншiктегi, қаланың астана функцияларын орындауын қамтамасыз ету үшiн зор маңызы бар объектiлердi қаланың коммуналдық меншiгiне беру туралы ұсыныстар енгiзедi.
11-бап. Астананың коммуналдық меншiгi
Астананың коммуналдық меншiгi Қазақстан Республикасы мемлекеттiк меншiгiнiң құрамдас бөлiгi болып табылады және мыналардан:
1) жеке меншiктегi жер учаскелерiн қоспағанда, астана аумағындағы жер учаскелерiне меншiктен;
2) астана әкiмдiгi акционерi (қатысушысы) ретiнде болатын акционерлiк қоғамдардағы акцияларға, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестердегi қатысу үлестерiне меншiк құқықтарынан;
3) астана көшелерiнен, жылжымайтын мүлiкке меншiктен;
4) астана әкiмдiгi меншiк иесi ретiнде болатын мемлекеттiк мекемелердiң және коммуналдық мемлекеттiк кәсiпорындардың мүлкiнен;
5) өзге де мүлiк пен құқықтардан, оның iшiнде мүлiктiк құқықтардан, активтерден тұрады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
12-бап. Астанадағы сәулет, қала құрылысы және
құрылыс қызметi
1. Астана қаласының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi Астананың бас жоспарына, қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасына, мемлекеттiк нормативтерге (мемлекеттiк нормативтiк құжаттарға) сәйкес және Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
2. Астана аумағын дамыту және құрылыс салу бас жоспарының мәселелерiн жалпы үйлестiру үшiн Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң, астана әкiмдiгiнiң өкiлдерiнен, отандық және шетелдiк сәулетшiлерден тұратын консультациялық-кеңесшi орган болып табылатын сәулетшiлiк кеңес құрады.
Сәулетшiлiк кеңестiң құзыретiне:
1) астана аумағының қала құрылысы қызметiн және құрылысын салуды дамыту бағыттарын әзiрлеу және айқындау;
2) сәулетшiлiк кеңес туралы ережеге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру жатады.
Астананың сәулетшiлiк кеңесiнiң жеке құрамын және ол туралы ереженi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi .
Сәулетшiлiк кеңес жыл сайын отырыс өткiзедi.
3. Астана аумағының құрылыс салу мәселелерiн қарау және үйлестiру үшiн астана әкiмi астананың қала құрылысы кеңесiн құрады.
Астананың қала құрылысы кеңесiн астана әкiмi басқарады.
Астананың қала құрылысы кеңесiнiң құрамына астана құрамына астана әкiмдiгiнiң өкiлдерi, сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi жергiлiктi атқарушы органының, астананың мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауының басшысы, жетекшi сәулетшiлер кiредi. Қала құрылысы кеңесiнiң жұмысына қоғамдық бiрлестiктердiң, қауымдастықтардың өкiлдерi және өзге де адамдар тартылуы мүмкiн.
Астананың қала құрылысы кеңесi:
1) астана аумағындағы және қала маңы аймағындағы сәулет-қала құрылысы жобаларын қарайды;
2) астананы монументтi-көркем безендiру мәселелерi бойынша ұсыныстарды қарайды және енгiзедi;
3) қала құрылысы кеңесi туралы ережеге сәйкес өзге де мiндеттердi жүзеге асырады.
Қала құрылысы кеңесi отырысының мерзiмдiлiгiн астана әкiмi айқындайды.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
13-бап. Астананың инфрақұрылымы
Астананың инфрақұрылымы:
1) инженерлiк инфрақұрылымды;
2) көлiктiк инфрақұрылымды;
3) тұрғын үй қорын, денсаулық сақтау, бiлiм беру және iшкi сауда объектiлерiн инженерлiк қамтамасыз ету, пайдалану және жөндеу жүйесiн;
4) абаттандыру және көгалдандыру жүйесiн;
5) астананың жұмыс iстеуi үшiн қажеттi басқа да объектiлер мен жүйелердi қамтиды.
3-тарау. Қорытынды ережелер
Ескерту. 3-тараудың атауына өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
14-бап. Мемлекет мұқтаждары үшiн жер учаскелерiн алып
қою ерекшелiктерi
Ескерту. 14-бап алып тасталды - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
15-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi
1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. Осы Заңның 9-бабының 4), 5), 6) тармақшалары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың әрекет ету кезеңiнде қолданылады.
3. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесi туралы" 1998 жылғы 20 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1998 ж., N 7-8, 79-құжат; 2001 ж., N 15-16, 228, 229-құжат; 2002 ж., N 6, 75-құжат; 2003 ж. N 24, 178-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Достарыңызбен бөлісу: |