№ 3 (106) 2015
59
босқындармен жұмыстар. Сонымен қатар ол арнайы жас ерекшеліктері бойынша топтардың
(балалар, жасөспірімдер, жастар, қарттар), мекемелердің, микроорталықтың ерекше сфераларының
әлеуметтік проблемаларын шешуге мамандануы да мүмкін.
Демек, әлеуметтік педагогика - баланы, жастар мен қарттарды, ересек адамдарды әлеуметтендірудің
заңдылықтарын зерттейтін ілім ретінде оны жан-жақты қарастырады. Әлеуметтік педагогика
зерттеу нысанына байланысты өз ішінде де салаларға бөлінеді. Бірақ, ол көбінесе қарастыратын
нысанының жас ерекшеліктері мен күйзелісті ахуалының өзгешелігіне байланысты. Мысалы,
қарттармен әлеуметтік-педагогикалық жұмыс, жастар арасындағы әлеуметтік-педагогикалық
жұмыс, мүгедек балалар арасындағы әлеуметтік-педагогикалық жұмыс секілді көптеген бөлімдер
мен тарауларға бөлінеді.
Қазіргі кезде қоғамдағы әр түрлі жаңарулар мен өзгерістердің ықпалы қатты әсер ететін ең бір
нәзік тұсы - бала. Сондықтан бұл жерде басты объект ретінде бала және онымен жұмыс мәселелері
қарастырылады. Сонымен, әлеуметтік педагогика - баланың, оқушының, студенттің білім, тәлім-
тәрбие алуына қоғамның тигізетін әсерін зерделейді. Жалпы айтқанда, баланың дұрыс тәрбиеленіп,
әлеуметтік тұлға болып қалыптасуына отбасы, білім, мәдениет, дін, т.б. тигізетін әсерін танып-
білетін ілім деуге болады.
Сонымен бірге әлеуметтік педагогиканың жеке өзіне тиісті теориясы, практикалық іс-шаралары,
құралдары мен әдіс-тәсілдері және технологиясы бар. Қандай ғылыми теория болмасын,
ол практикаға сүйеніп дамиды және жұмыс практикасынан оның теориялық анықтамалары
қалыптасады. Әлеуметтік педагогиканың ғылыми-теориялық және әлеуметтік-педагогикалық
іс-шаралары бар. Олар әлеуметтік педагог пен әлеуметтік қызметкерге тиесілі. Оның жүргізетін
іс-шаралары бір немесе бірнеше балаға, балалар психологиясына қоғамның тигізген әсерін білу,
көмектесу, кедергілерді жою, күйзелістен шығуға көмектесу жолдарын қарастырады [2].
Педагогикалық процесс қашанда оқытушылардың басшылығымен ұйымдастырылып,
оқушылардың өзара іс-әрекеттері негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан әлеуметтік-
педагогикалық қызмет те педагогикалық процестен тыс болуы мүмкін емес. Тұтас әлеуметтік-
педагогикалық процесс әлеуметтік педагог әрекетін ұйымдастыруда педагог пен ата-аналардың
және т.б. қатысуымен мақсатқа жетуін қамтиды. Әлеуметтік-педагогикалық процесс екі жақты
сипатқа ие болады. Әлеуметтік-педагогикалық процестің мақсаты мен міндеттері қашанда қоғам
мақсатын және міндетін қоғамдық тапсырыс ретінде жүзеге асыру арқылы анықталады [3].
Әлеуметтік педагог қызметінің қажеттілігі қоғамның бүгінгі нарықтық қатынас кезеңіндегі
құбылыстарға байланысты туындап отыр. Әлеуметтік педагог қызметінің жүйесі қамқорлыққа
алынған баланың өмірі мен әрекетіндегі қажеттіліктер мен мұқтаждықтардан туындайды [3].
Әлеуметтік педагог баланы адамгершілікке, ізгілікке, қамқор болуға үйрету және жеке өз мүддесін,
талабын қанағаттандыруға баулу, қабілеттерін дамытуына ынтасын ояту мақсатын көздейді. Тосын
жағдайларға ұшыраған, көмекке мұқтаж адамдарға көңіл бөлу, олардың мәселелерін шешуге қол
ұшын созып, ізгілікті қарым-қатынас орната білу қазіргі қай заманда да аса қажет.
Қазіргідей адам мен қоршаған ортаның, адам мен қоғамның арасында қарама-қайшылықтар
үдеп, адамдардың психикасына әсер ететін теріс көріністер орын алып отырған кезде әлеуметтік
тәлім-тәрбиенің маңызы зор. Ауыр күйзеліске ұшыраған жетім-жесірге, мүгедекке, қараусыз калған
жандарға, кедейшілік пен қайыршылыққа душар болғандарға, әр түрлі туа біткен не техногенді,
экологиялық апаттарға ұшыраған адамдарға қолдау көрсетіп, көмек беруде әлеуметтік-педагог пен
әлеуметтік қызметкер жұмысының өзіндік маңызы өте зор.
Достарыңызбен бөлісу: |