Ќазаќстан республикасы денсаулыќ саќтау министірлігі


ПИРОГОВТЫҢ ЛИМФОЭПИТЕЛИАЛЬДЫ ЖҰТҚЫНШАҚ ШЕҢБЕРІ. БАДАМША БЕЗДЕРІ



бет10/51
Дата06.09.2022
өлшемі3.66 Mb.
#460291
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   51
Есимова Р.АС ҚОРЫТУ ТҮТІГІНІҢ МОРФОФУНКЦИОНАЛДЫҚ СИПАТТАМАСЫ

ПИРОГОВТЫҢ ЛИМФОЭПИТЕЛИАЛЬДЫ ЖҰТҚЫНШАҚ ШЕҢБЕРІ. БАДАМША БЕЗДЕРІ


Жұтқыншақтың тонзиллярлық аппаратының қалыптасуы. Бадамша бездер эмбриогенездің әр түрлі мезгілінде жұтқыншақтың эпителийінен және мезенхимадан дамиды: таңдай бадамша безі – 9 аптада, жұтқыншақ бадамша безі – 4 айда, тіл бадамша безі – 5 айда түзіледі.
Бадамша бездерінің көпқатарлы кірпікшелі эпителийі бірте-бірте мезенхимаға ене түсіп, тонзиллярлық синустарды түзейді де көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителийге айналады, тамырлар пайда болып, Т- және В- лимфоциттер келіп орналасады. Алғашқы лимфалық түйіншелер пайда болады. Бадамша бездердің қалыптасуы эмбриогенездің 6-шы айында аяқталады. Бадамша бездер балаларда жақсы дамып жетіледі, ал жыныстық есею кезінен бастап олардың кері дамуы басталады.
Бадамша бездерінің құрылысы. Ауыз қуысы мен жұтқыншақтың шекарасындағы шырышты қабықшада лимфоидты тіннің үлкен шоғырлары орналасқан. Олардың жиынтығы тыныс алу және асқорыту жолдарының аузын қоршап тұратын лимфоэпителиальдық жұтқыншақ шеңберін құрайды. Бұл шеңбердің ең үлкен шоғырлары бадамша бездері деп аталады. Орналасу орнына қарай олар таңдай бадамша безі, жұтқыншақ бадамша безі, тіл бадамша безі деп бөлінеді.
Аталмыш бадамша бездерінен басқа, ас қорыту түтігінің алдыңғы бөлігінің шырышты қабықшасында лимфоидты тіннің бірқатар жиынтығы қоныстанады да, олардың ішіндегі есту түтігі маңындағы – түтік бадамша бездері және көмей қуысындағы көмей бадамша бездері ең ірілері болып табылады.
Бадамша бездері ағза үшін маңызды қорғаныш қызметін атқарып, оған мұрын және ауыз қуыстары арқылы сыртқы ортадан ұдайы түсіп отыратын микробтарды залалсыздандырады. Құрамында лимфоидты тіні бар басқа мүшелермен қатар, олар гуморальдық және жасушалық иммунитеттің реакцияларына қатысатын лимфоциттердің түзілуін қамтамасыз етеді.
Таңдай бадамша бездері. Құрылысы. Таңдай бадамша бездері ересек организмде сопақша пішінді екі дене түрінде қалыптасқан, олар жұтқыншақтың екі жағында таңдай имектерінің арасында орналасқан. Әр бадамша безі меншікті табақшасында көптеген лимфа түйіндері орналасқан шырышты қабықшаның бірнеше қатпарларынан тұрады. Бадамша безінің үстіңгі бетінен мүшенің ішіне қарай 10-20 крипті шығып, тарамдалады да, олардан қосалқы криптілер пайда болады. Шырышты қабықша көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен жабылған. Көптеген тұстарда, әсіресе тереңдемелерде, эпителий көбінесе лимфоциттермен және түйіршікті лейкоциттермен қоныстандырылған. Эпителийдің қатпарына енетін лейкоциттер әдетте азды-көпті мөлшерде оның үстіне шығады да, ауыз қуысына тамақпен және ауамен бірге кіретін бактерияларға қарсы қозғалады.
Бадамша безінде микробтар лейкоциттердің көмегімен белсенді түрде жойылады және бұл кезде лейкоциттердің де біраз бөлігі жойылады. Әр түрлі ферменттердің және микробтардың зиянды әсерінен бадамша безінің эпителийі зақымданып бұзылады. Алайда бірсыпыра уақыттан соң эпителий қабатының жасушаларының көбеюінің арқасында бұл аймақтар қалпына келеді.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы эпителийге еніп тұратын бүртіктерді түзейді. Бұл қабаттың борпылдақ талшықты дәнекер тінінде көптеген лимфа түйіндері орналасқан. Бірқатар түйіндердің ортасында ашығырақ түсті аймақтар – герминативті орталықтар анықталады. Бадамша бездерінің лимфа түйіндері көбінесе бір-бірінен дәнекер тіннің жұқа қабатшалары арқылы бөлінген. Бірақ кейбір түйіндердің бірігіп кетуі ықтимал. Шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы байқалмайды.
Шырыш асты негіз лимфа түйіндері шоғырларының астында орналасып, бадамша безінің төңірегінде капсула түзейді де, одан бадамша безінің ішіне қарай дәнекер тіндік тосқауылдар кіреді. Бұл қабатта бадамша безінің негізгі қан және лимфа тамырлары мен оның жүйкеленуін жүзеге асыратын – жұтқыншақ нервісінің тармақтары орналасады. Бұл жерде шағын сілекей бездерінің секреторлық аяққы бөлімдері де болады. Бұл бездердің өзектері бадамша безі төңірегінде орналасқан шырышты қабықшаның бетіне ашылады. Шырыш асты негізінің сыртында жұтқыншақтың көлденең-жолақты бұлшықеттері – бұлшықетті қабықшаның аналогы жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   51




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет