АУЫЗ ҚУЫСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТУЫНДЫЛАРЫ
Ауыз қуысының туындыларына ерін, ұрт, қызылиек, қатты және жұмсақ таңдайлар, тілшік, тіл, сілекей бездері, тістер, бадамша бездер жатқызылады. Ауыз қуысының құрылымдарын шартты түрде екіге бөлуге болады. Бірінші топқа кіретін құрылымдар ауыз қуысының қабырғасын түзейді, ал екінші топтағы мүшелер ауыз қуысының ішінде орналасады. Ауыз қуысының қабырғасын құрауға ерін, ұрт, қызылиек, қатты және жұмсақ таңдайлар, тілшік қатысады.
ЕРІН
Еріннің үш бөлігін ажыратады: терілік, аралық және шырышты (3 сурет). Еріннің негізін көлденең-жолақты бұлшық еттер құрайды.
Еріннің терілік бөлімін сыртынан базальды мембрананың үстіне орныққан көпқабатты жазық мүйізденетін эпителий қаптап тұрады. Эпителийдің астында борпылдақ талшықты дәнекер тіннің қабаты орналасқан. Дәнекер тін эпителийдің ішіне кіре орналасқан биік бүртіктерді түзейді. Бұл аймақтың құрылысы теріні еске салады, оның дәнекер тінінің құрамында май, тер бездері және түкті шаштар анықталады.
Еріннің аралық бөлігі өз кезегінде екі аймаққа бөлінеді. Ол аймақтар сыртқы және ішкі немесе тегіс және бүрлі деп аталады. Сыртқы аймақта эпителий тіні көпқабатты мүйізденген, терілік бөліммен салыстырғанда жұқарақ және мөлдір болады. Түкті шаштар мен тер бездері жойылады, май бездері сақталынады. Бездердің басым бөлігі үстіңгі ерінде орналасып, көбінесе ауыз бұрышы (езу) маңында шоғырланады. Эпителийдің астында орналасқан дәнекер тін қабатының бүртіктері терілік бөлімдегі бүртіктерден аласа болып келеді. Жаңа туған нәрестелердің ерінінің ішкі жағы эпителиалдық бүртіктермен қапталған, оларды кейде бүрлер деп те атайды. Бұл бүртіктер бала есейген сайын бірте-бірте тегістеледі түсіп, жойылады. Ересек адамда еріннің аралық бөлігінің ішкі аймағының эпителийі сыртқы аймақтағыға қарағанда үш-төрт есе қалыңырақ болады және мүйізденбейтін эпителиймен қапталады. Ішкі қабатта, әдетте, май бездері болмайды. Эпителийдің астындағы талшықты дәнекер тін жоғарғы қабатқа кіре орналасып биік бүртіктерді құрайды. Олардың құрамында көптеген қан капиллярлары анықталады. Мөлдір де жұқа эпителийден көрініп тұрған қан еріннің бұл аймағына қызыл түс беріп тұрады. Сондықтан бұл аймақты еріннің қызыл жиегі деп те атайды. Сонымен қатар бүртіктерде жүйкелік аяқтамалар мол болып, еріннің қызыл жиегіне жоғары сезімталдық қасиет береді.
3 сурет. Бала ерінінің сагиттальды кесіндісі. (В.Г.Елисеев, Ю.И.Афанасьев, Е.Ф.Котовский бойынша)
І – терілік бөлімі
ІІ – аралық бөлімі
ІІІ – шырышты бөлімі
1 – көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителий
2 – шырышты қабықшаның меншікті табақшасы
3 – шырыш асты негіз
3а - сілекей бездері
4 – қаңқалық бұлшықет тіні
Еріннің шырышты бөлігі көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған. Бірақ, эпителийдің жоғарғы қабатының жасушаларында аздаған кератин түйіршіктерін көруге болады. Эпителий бұл жерде еріннің басқа аймақтарына қарағанда қалыңырақ. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы аласа бүртіктерді құрайды. Бұл жерде шырышты қабықшаның бұлшықет табақшасы жоқ, сондықтан меншікті табақша еріннің шырыш асты негізіне ұласады. Екеуінің арасында айқын шекара байқалмайды. Шырыш асты негізде еріннің сілекей бездерінің секреторлық аяққы бөлімдері орналасады. Олардың көлемдері әртүрлі болады, ең үлкендері бұршақ дәнінің мөлшеріне дейін жетеді. Құрылымы жағынан олар альвеолярлық-түтікшелі болып келеді. Өндірілген өнімінің сипаты бойынша олар шырышты-белокты бездерге жатады. Шығару өзегі еріннің үстіне ашылып, көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителиймен қапталған.
Шырыш асты негіз көлденең-жолақты бұлшықетіне жалғасады. Шырышты бөліктің шырыш асты негізінде артериялар және еріннің қызыл етіне де таралатын кең веналық өрім орналасады.
ҰРТ
Ұрттың негізін көлденең-жолақты қаңқалық бұлшық еті құрайды. Ұрттың қабырғасында шырышты қабықша, шырыш асты негіз, бұлшықет қабаты және ұрттың сыртын жауып тұратын тері қабаты ажыратылады. Шырышты қабықшаның эпителиалдық табақшасы ұрт аймағында қалыңырақ болады. Эпителийдің қалыңдау болуы қабаттарды құрайтын эпителиоциттердің көлемдері үлкендеу екендігіне байланысты. Әсіресе тікенекті қабаттың жасушалары басқа аймақтардың жасушаларына қарағанда ірілеу болып келеді.
Шырышты қабықшаның меншікті табақшасы борпылдақ дәнекер тіннен құралған. Ерекшелігіне оның құрамында эластикалық талшықтардың молдығы және аласа бүртіктердің болуы жатады. Бұлшықет табақшасы жоқ.
Ұрттың шырышты қабықшасында үш аймақты ажыратады. Олар үстіңгі немесе максилярлық, астыңғы немесе мандибулярлық және ортаңғы немесе аралық деп аталады.
Ұрттың максилярлық және мандибулярлық аймақтарының құрылымы еріннің шырышты бөлігінің құрылымына ұқсас. Бұл жердегі эпителий көпқабатты жазық мүйізденбейтін болып келеді. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасының бүртіктерінің көлемдері кішірек. Шырыш асты негіз жақсы дамыған, оның құрамында ұрттың сілекей бездерінің секреторлық аяққы бөлімдері орналасқан. Бездердің ішіндегі көлемдері үлкендеулері түпкілікті тістердің маңында байқалады. Олардың кейбіреулері тереңдеп, ұрттың бұлшық еттерінің арасына орналасуы да кездеседі.
Ұрттың ортаңғы аймағы ауыз бұрышынан төменгі жақтың тармағына дейін созылатын, ені 10 мм шамасындағы жерді алып жатады. Эмбриондық кезеңде және бала туғаннан кейін бір жасқа дейін бұл аймақта еріннің аралық бөлігіндегі тәрізді эпителийлік бүрлер болады. Шырышты қабықшаның меншікті табақшасының бүртіктері еріннің аралық бөлігіндегідей ірі болады. Сілекей бездері бұл аймақта болмайды. Біраз кері дамыған май бездерінің қалдықтары анықталады. Ұрттың аралық аймағы терінің және ауыз қуысының шырышты қабықшасының түйіскен жері болып табылады. Ауыз қуысының қалыптасуы кезінде эмбриондық бастаманың тұтасуының нәтижесінде пайда болады.
Шырыш асты негіз ұртта жақсы дамып, жетілген. Оның құрамында көптеген қан тамырлары, жүйкелік аяқтамалар орналасады.
Ұрттың құрамындағы бұлшықет көлденең-жолақты қаңқалық бұлшық еттен құралған. Жоғарыда айтылғандай, олардың ішінде кейде ұрттың ірі сілекей бездерінің анықталуы мүмкін. Олардың секреторлық аяққы бөлімдері белокты-шырышты немесе шырышты жасушалардан құралған.
Достарыңызбен бөлісу: |