Алғы сөз
Қазіргі әдеби тіліне тән қасиет – оның белгілі дәрежеде қалыптасқан нормаларының болатындығы, жеке стильдік тармақтарға саралануы, қоғамдық қызметінің кең болуы және жергілікті ерекшеліктерді зерттеудің маңыздылығы. Қоғамның дамуына байланысты әдеби тіл де үздіксіз даму, өзгеру, жетілу үстінде болады. Осыған орай әдеби тілдің тарихи кезеңдерде қалыптасу дәрежесі, сипаты өзгеріп, саны мен сапасы жағынан, құрылымы тұрғысынан өзгеріске түсіп отырады.
Аталған пән тыңдаушыларға қазақ әдеби тілі тарихының қалыптасу және даму кезеңдері, қазақ әдеби тілі нормалары мен оның түрлері және диалектологияның негізгі ұғымдары және терминдері, олардың лингвистикалық білім шеңбері жөнінде ғылыми тұрғыдан жүйелі білім беру мақсаты мен міндетін көздейді.
«Қазақ әдеби тілінің тарихы» пәні болашақ филолог мамандарға ұлт тілінің ең жоғары даму көрсеткіші - әдеби тіл, оның жалпыхалықтық тілмен, ауызекі сөйлеу тілімен арақатынасы сияқты мәселелердің теориялық-практикалық негізін ұғындыруда аса маңызды болып табылады.
Осы орайда білім алушы аталған пән бойынша төмендегідей білім-дағдысын меңгеруі тиіс:
- әдеби тіл ұғымы, сипаты, қоғамдық қызметі, түрлері;
- әдеби тілдің нормалары;
- әдеби тілдің көркем әдебиетпен, функционалдық стильдермен арақатынасы;
- қазақ әдеби тілінің қалыптасуы және даму кезеңдері жөніндегі ғылыми көзқарастар;
- қазақ әдеби тілінің қалыптасуына негіз болған тарихи арналар;
- тарихи арналар мен қазақ әдеби тіліндегі тілдік дәстүр жалғастығы;
- қазақ әдеби тілінің қалыптасуында халықтық дәуір;
- қазақ әдеби тілінің қалыптасуында ұлттық дәуір;
- қазақ әдеби тілінің даму кезеңдері;
- қазақ әдеби тілінің әрбір даму кезеңдеріндегі әдеби тілдің сипаты, өзгерісі, дамуы, нормалары;
«Қазақ әдеби тілінің тарихы» пәні қазіргі қазақ тілінің негізгі салалары, фонетика, тіл біліміне кіріспе сияқты ғылыми курстарын толық тыңдағаннан кейін оқытылады.
Пән «Қазақ тілінің тарихы», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы» курстарымен қатар қазақ әдебиетінің тарихына қатысты өткізілетін «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Хандық дәуір әдебиеті», «ХІХ ғ. және ХХ ғ. бас кезіндегі әдебиеті» пәндерімен тығыз байланысты.
Қазақ әдеби тілінің тарихын танытатын әдеби тіл үлгілерін танып-талдауда жоғарыда аталған пәндермен тығыз бірлікте оқыту – болашақ тіл-әдебиет маманының жалпы филологиялық білімін қалыптастыруда тиімді болып табылады.
Пән бойынша негізгі ұғымдар:
Әдеби тіл – орныққан, тұрақты нормалары бар, жалпыға бірдей түсінікті, ортақ, қоғамдық қызметі әр алуан, жалпы халықтық тілдің екшеленген, сұрыпталған, сымбатталған жүйелі түрі.
Достарыңызбен бөлісу: |