Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды және мүгедек балаларды әлеуметтік қамтамасыз ету
Республикада мүгедек балаларды әлеуметтік қорғауға, оңалтуға және оларды қоғамға қосуға маңызды мән беріледі.
Қазақстан Республикасында, 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, 54 495 мүгедек бала, оның ішінде бірінші топтағы 16 жасқа дейінгі 45 810 мүгедек бала, 18 дейінгі 1 016 мүгедек бала, екінші топтағы 18 жасқа дейінгі 3 052 мүгедек бала, үшінші топтағы 18 жасқа дейінгі 4 617 мүгедек бала есепте тұр.
Қазіргі кезде әлеуметтік қорғау жүйесінде әлеуметтік мекемелер желісі жұмыс істейді, олардың ішінде тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға арналған 3 интернат үй, 17 балалар психоневрологиялық интернат үйі, 6 оңалту орталығы, үйде әлеуметтік көмек көрсететін 160 бөлімше бар, оларда мүгедек балалардың 30% астамы (17 мыңнан астам адам) арнайы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
Мүгедек балалар тегін медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде тегін емдеумен, оңалтумен қамтамасыз етіледі. Амбулаториялық жағдайларда халықтың жекелеген санаттары, ауру түрлері бойынша, оның ішінде мүгедек балалар, тегін медикаменттермен және арнайы тағам өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Мүгедек балаларға оңалту көмегі өңірлік деңгейде де, республикалық деңгейде де көрсетіледі. Кешенді оңалту медициналық терапияны, психологиялық-педагогикалық түзетуді және әлеуметтік бейімделуді қамтиды.
Балаларға оңалту көмегі республикалық маңызы бар орталықтарда: Астана қаласы – балалар оңалту орталығы (РБОО), Алматы қаласы – «Балбұлақ» балалар оңалту орталығы, «Алатау» балалар клиникалық санаторийі, Бурабай курорты – балалар мен жасөспірімдерге арналған оңалту орталығы; 39 өңірлік деңгейдегі оңалту орталықтарында көрсетіледі, олардың қызметі жыл сайын мүмкіндіктері шектеулі 8,5 мыңға жуық балаға кешенді медициналық-психологиялық-педагогикалық және әлеуметтік оңалтуға бағытталған.
РБОО-да герман жабдығымен жарақтандырылған ортездік шағын-зауыт жұмыс істейді, ол денені және патологиясы өзгерген аяқ-қолды физиологиялық күйге келтіретін әртүрлі арнайы құралдар жасап шығарады, бұл оңалтудың ажырамас бөлігі болып табылады.
Есту қабілеті тумай жатып және туғаннан кейін қатты бұзылған мүгедек балаларға медициналық көмек көрсету үшін 2007 жылдан бері республикада кохлеарлық имплантация бойынша бірегей операциялар жүргізілуде. Осындай 430 операция жасалды. Есту қабілеті бұзылған балалар осындай операция жасату үшін бұдан бұрын шетелге жіберілетін.
Интернат үйлерде мүгедектердің тұрмыс сапасын арттыру үшін 2009 жылдан бастап Мүгедек балаларды әлеуметтік қорғау саласында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартын енгізуге республикалық бюджеттен жалпы сомасы 2,5 миллиард теңге (1,7 млн. АҚШ доллары) бөлінді, ол медициналық-әлеуметтік ұйымдарда әлеуметтік жұмыс бойынша мамандардың, әдіскерлердің, дефектолог мұғалімдердің, логопедтердің, дене шынықтыру мұғалімдерінің, еңбек бойынша нұсқаушылардың, музыкалық жетекшілердің, невропатологтардың, педиатр-дәрігерлердің, физиотерапевтердің, диетологтардың қосымша штат бірліктерін енгізуге жұмсалды. Баланың әлеуметтік даму деңгейін басшылыққа ала отырып, жасына қарай – бір топта 6-12 адамнан топтар жасақтау ұйымдастырылды, сөйтіп әрбір балаға жеке көзқарас таныту қамтамасыз етілді. Интернат үйлерді қазіргі заманғы көмекші, медициналық, оқу жабдықтарымен жарақтандыру мүгедек балалардың оңалту қызметтеріне деген қажеттіліктерін неғұрлым толық қанағаттандыру үшін жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.
Мақсатты ағымдағы трансферттер қаражаты есебінен психоневрологиялық ауруларға шалдыққан және (немесе) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға сондай-ақ жартылай стационар жағдайында – күндіз болу бөлімдерінде, отбасына қолдау көрсету қызметтерінде, үйге барып қызмет көрсету жағдайында арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді.
Жартылай стационарларды, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерін дамыту, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде дамыту интернат мекемелерінде бағылатын мүмкіндіктері шектеулі балалар санын қысқартуға бағытталған.
Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бәсекелестік нарығын қалыптастыру мақсатында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орындауға үкіметтік емес ұйымдар барған сайын кеңінен тартылуда:
2009 жылы ҮЕҰ арнайы әлеуметтік қызметтерімен психоневрологиялық ауруларға ұшыраған 1,5 мыңдай бала 156,9 млн. теңге сомаға қамтылды.
2010 жылы - психоневрологиялық ауруларға ұшыраған 2 мыңнан астам бала 446,5 млн. теңге сомаға қамтылды.
2011 жылы 273,6 млн. теңге сомаға 2,1 мың балаға қызмет көрсету жоспарланып отыр.
Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы қолданыстағы заңнамаға сәйкес мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға жеке оңалту бағдарламасына (ЖОБ) сәйкес жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік тапсырыс қаражаты есебінен санаторлық-курорттық емдеу, арнайы қозғалыс құралдары (орындық арбалар), техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар (протездік-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық құралдар мен міндетті гигиеналық құралдар (кіші дәрет қабылдағыштар, үлкен дәрет қабылдағыштар, жаялықтар) береді. Соңғы екі жыл ішінде 7 мыңнан астам балаға протез-ортопедиялық көмек көрсетілді. Көру және есту қабілеттері бұзылған 3 мыңға жуық бала сурдо-тифлотехникамен қамтамасыз етілді, мүгедек балаларға 1 748 орындық арба берілді. Жыл сайын 1000 бала санаториялық-курорттық емдеуге жіберіледі.
Оңалту жүйесін жетілдіру, мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсетуді күшейту және олардың өмір сапасын жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп 2010-2011 жылдарға арналған ауру мен мүгедектіктің алдын алу мәселелері бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі және қабылдады.
«Денсаулық сақтау объектілеріне санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық ережесін бекіту туралы» Денсаулық сақтау министрлігінің 2010 жылғы 23 шілдедегі № 533 бұйрығымен мүгедектердің қоғамдық орындарда болуының жайлы жағдайларын жасау үшін белгілі бір санитариялық нормалар бекітілді. Атап айтқанда, арбамен қозғалатын мүгедектер үшін кірме жолдар, ішкі жолдар мен жаяулар жолдары қатты жамылғымен жасалады және пандустар жабдықталады, сатылармен қозғалу үшін ересектер мен балалар үшін қосарланған ұстағыш тұтқалар, зағиптар мен нашар көрушілер үшін – ұстағыш тұтқалар учаскелері жабдықталады, сатының бірінші және соңғы баспалдақтары кедір-бұдыр етіп жасалып, қарама-қарсы бояумен боялады, әжетханаларда арнайы кабинеттер жабдықталады. Денсаулық сақтау министрлігі мүмкіндіктері шектеулі балалардың өзекті проблемаларын шешу мәселелерінде басқа мүдделі министрліктермен және ведомстволармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен тығыз ынтымақтастық жасайды.
Қазіргі кезде республикада мүмкіндіктері шектеулі 149 043 баланың бар екені анықталып отыр 2007 жылы – 147 мыңнан астам болған.
Мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру қызметтерін қанағаттандыру үшін республикада арнайы коррекциялық білім беру ұйымдарының тармақталған желісі жұмыс істейді:
11927 (27%) мектеп жасына дейінгі балаға тәрбие беруге арналған 39 арнайы балалар бақшасы мен жалпы тұрпаттағы балалар бақшалары жанында 274 арнайы топ;
жалпы білім беретін мектептер жанында 51,5 пайыз баланы қамтитын 102 коррекциялық мектеп және 1 155 арнайы сынып ( 2010 жылы -42,6%);
17 150 бала коррекциялық-педагогикалық көмек алатын жалпы білім беру ортасына тартылған.
21 мыңнан астам бала білім беру ортасына кіріктірілді: 1 397 бала - балабақшада тәрбиеленеді, 20 354 мыңнан астамы - 1 564 жалпы білім беретін мектепте білім алады, бұл олардың қоғамға әлеуметтік бейімделуі мен кірігуі мәселелерін тиімді шешуге ықпал етеді. Инклюзивті білім берумен балалардың 40%-ы қамтылған.
«Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы» ҚР Заңының 9-бабының
3-тармағын орындау мақсатында білім беру ұйымдарының жаңа тұрпаттары құрылды. Осындай ұйымдар құру қажеттілігіне балалардың бәріне біріне тегіс қазір бар арнайы (коррекциялық) мекемелер тұрпаттарында баламалы коррекциялық-педагогикалық қолдау алуға мүмкіндік бермейтін аурулардың алуан түрлігі себеп болып отыр.
Егер 2003 жылы 2 оңалту орталығы, 14 кабинет пен 99 логопедтік пункт ашылса, 2010 жылы – олардың саны тиісінше 20, 129 және 479 болды.
Білім беру ұйымдарының осы түрлері жалпы білім беретін мектептерде оқитын дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларға коррекциялық-педагогикалық қолдау көрсетуді және бұдан бұрын «оқи алмайтындар» деп есептеліп келген балаларды жалпы білім беретін процеске қосуды қамтамасыз етеді.
«Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабының 16 және 17-баптарына және «Мүмкіндіктері шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық коррекциялық қолдау туралы» ҚР Заңына сәйкес арнайы білім беру ұйымдарының жаңа түрлері: психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (60 мың балаға бір ПМПК), оңалту орталықтары (облысқа бір орталық), психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеттері (ауданға бір кабинет) ашылды.
Қазіргі кезде 57 облыстық, қалалық және аудандық ПМПК, оның ішінде бір республикалық ПМПК жұмыс істейді.
ПМПК желісінің кеңеюімен дамуында мүмкіндіктері шектеулі балаларды анықтау жақсарды. Мысалы, егер 2007 жылы дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалардың анықталған саны 147 мыңнан астам адамды құраса , 2011 жылы 149 мыңнан астам бала анықталды. Мүмкіндіктері шектеулі балалар мен арнайы ұйымдар желісі туралы деректердің орталықтандырылған банкі енгізілді. Бұл білім беру ұйымдарының желісін кеңейту, жалпы республика бойынша да, жекелеген өңірлер бойынша да арнайы білім жүйесін басқару сапасын жақсарту жөнінде үйлестірілген шаралар қолдануға мүмкіндік береді.
Мүмкіндіктері шектеулі балаларды, оның ішінде мүгедек балаларды үйде оқытуды ұйымдастыру үшін жағдайларды жақсарту мақсатында 2011 – 2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында қашықтықтан оқыту көзделген.
Бұл үшін 2011 жылдан 2013 жылға дейін арнайы жабдықпен қамтамасыз ету көзделген (мүгедек балалардың жұмыс орындарын ауру түрін, жеке басының ерекшеліктерін, мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін, осы орындарды Интернетке қосуды ескере отырып компьютерлік техниканың жинақтамасымен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықтау).
Мәселен, Павлодар облысында ерекше мұқтаждықтары бар барлық балалар үйде оқиды, компьютерлермен, электронды оқу бағдарламаларымен және оқулықтармен қамтамасыз етілген, Интернетке қосылған.
Арнайы білім беру ұйымдарына компьютерлік техника мен қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар ойдағыдай енгізілуде, олар балалардың әлеуметтік бейімделуі мен оңалуына, оқытушылар құрамының біліктілік деңгейін арттыруға, әрбір бала үшін оңалтудың жеке бағдарламаларын шығармашылық тұрғыда жасауға жәрдемдеседі.
«Білім туралы» Республика Заңының 14-бабына сәйкес дамуында мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың ұсыныстарын ескере отырып анықталатын оқушылар мен тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктері мен ықтимал мүмкіндіктерін ескеретін арнайы білім беретін оқу бағдарламалары жасалады.
Ұлттық ғылыми-практикалық коррекциялық педагогика орталығы өткізген талдауға сәйкес республика мектептерінің арнайы оқу әдебиетімен, оның ішінде көмекші мектептердің оқушылары үшін және көруі, естуі, сөйлеуі бұзылған балаларға арналған коррекциялық бағыттағы пәндер бойынша қамтамасыз етілуі 57% құрайды. Есту, көруі, тірек-қозғалыс аппаратының функциялары, сөйлеуі бұзылған, зияткерлігі сақталған психикалық дамуы кідірген балалар жалпы білім беретін мектептердің оқулықтары мен оқу-әдістемелік жинақтамалары бойынша оқиды, олармен қамтамасыз етілу 100% құрайды.
Бірегей оқулықтар мен оқу-әдістемелік жинақтамалардың 296 атауы шығарылды, олардың ішінде қазақ тілінде 39 % атау, орыс тілінде – 61 % атау балалар үшін:
зияткерлігі бұзылған – 133 атау (44,9 %);
естімейтін – 44 атау (14,7 %);
нашар еститін – 16 атау (5,4 %);
көрмейтін – 58 атау (Брайль ғарпімен) (19,6 %);
нашар көретін – 42 атау (ірі ғаріппен) (14,2 %);
сөйлеуі мүлдем бұзылған – 2 атау (0,7 %).
Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы қаражаты шеңберінде транферттер арқылы 2002 жылдан 2010 жылға дейін коррекциялық білім беру ұйымдары арнайы жабдықпен, көмекші техникалық және компенсаторлық оқыту құралдарымен: сурдотехникамен (сымсыз және сымды оқу сыныптары, аудиомерлер), тифлотехникамен (оқитын машианалар, тифлокешендер); релакцияға арналған сенсорлық және жұмсақ бөлмелермен, логопедтік және оқу тренажерлерімен қамтамасыз етілген. Бүгінде қамтамасыз етілу 40 – 60 % құрайды.
Кәсіби білім – мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың маңызды құралдарының бірі. Заңнамаға сәйкес бірінші және екінші топтардың мүгедектері мен мүгедек балаларға техникалық және кәсіптік, орта мектептен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде мынадай жеңілдіктер көзделген:
- білім беру ұйымына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы;
- мемлекеттік білім гранттарын бюджеттен қаржыландыру арқылы тегін мемлекеттік білім алу конкурсына қатысу кезінде бірдей көрсеткіштер жағдайында медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға болатын бірінші және екінші топтар мүгедектерінің, бала кезінен мүгедектердің, мүгедек балалардың артықшылық құқығы болады;
- мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта мектептен кейінгі және жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асырып жатқан білім беру ұйымдарында оқып жатқан мүгедектерді стипендиямен қамтамасыз ету жөніндегі жеңілдіктер;
- денсаулық жайы жалпы тұрпаттағы мектеп жасына дейінгі ұйымдар мен білім беру ұйымдарында болуына мүмкіндік бермейтін мүгедек балалар үшін балалар бақшалары мен басқа да арнайы коррекциялық ұйымдар құрылады;
- мүгедек балаларды тәрбиелеу мен оқытуды жалпы немесе арнайы мектеп жасына дейінгі ұйымдар мен басқа да оқу мекемелерінде жүзеге асыру мүмкіндігі болмағанда ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің тілегін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқыту үйде жүргізіледі.
Сонымен бірге оларды оқыту, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік қолдауды күшейту үшін бірдей мүмкіндіктер жасау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында жыл сайын:
медициналық тексеру (тегін) өткізіліп тұрады;
жатақханадан орын беріледі (тегін);
медициналық тексеру (тегін) өткізіліп тұрады;
жатақханадан орын беріледі (тегін);
материалдық көмек көрсетіледі;
дене шынықтыру сабақтарынан және ауыр дене еңбегінен босатылады (мүгедектік тобына және ауруының күрделілік дәрежесіне байланысты);
жеке сабақтар өткізіледі;
емтихандар тапсыру кезінде психологиялық және дене бітімінің ерекшеліктері ескеріледі;
психологтар әңгімелер өткізіп тұрады (жүйелі түрде);
оқу бітірушілерге жұмысқа тұру үшін жағдайлар жасалады және т.б., ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған.
Кәсіптік лицейлер мен колледждерде 605,2 мың адам, оның ішінде 1 392 І-ІІ топтардың мүгедектері мен мүмкіндіктері шектеулі жастар оқиды.
Соңғы үш жыл ішінде квота бойынша жоғары оқу орындарына оқуға түсетін адамдар санының көбеюі байқалады (2008-2009 оқу жылы –8 194 адам, 2010-2011 оқу жылы – 8 577 адам).
Адамдардың осы санатымен жұмыс істейтін кадрлар мен мамандар маңызды рөл атқарады. Дефектолог-мамандар даярлауды республикада 1978 жылдан бері Абай атындағы ҚазҰПУ-да педагогика кафедрасы жүзеге асырып келеді. Даярлау мемлекеттік және орыс тілдерінде төрт бағыт бойынша жүргізіледі: логопедия, олигофренопедагогика, сурдопедагогика, тифлопедагогика.
Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде оқыту олигофренопедагогика мен логопедия мамандықтары бойынша жүргізіледі
Сонымен бірге мүгедектер проблемалары бұрынғысынша өзекті, олар оны өз бетімен шеше алмайды. Мысалы, Қазақстанда қалалардың инфрақұрылымы дене бітімінің мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін әлі де болса бейімделмеген, емдеу мекемелері жетіспейді, жұмысқа тұру және жұмыспен қамту проблемасы ең өткір проблемалардың бірі болған күйінде қалып отыр, өйткені жұмыс берушілер мүгедектер өздеріне тапсырылған жұмысты орындай алмайтынына сенімді болып, осы адамдарды жұмысқа алудан бас тартады. Мұндай көзқарас мүгедектікке қабілеттен гөрі зор маңыз берілетін қауіп пен таптауырын түсініктерге сүйенеді. Сондықтан дамыған елдердің осы проблеманы мүгедектердің өздерінің қатысуымен зерделеу жөніндегі дүниежүзілік тәжірибені ескере отырып, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың өмір сапасын жақсарту бойынша ұзақ мерзімді жұмыс жоспары жасалуда.
Алдағы уақытта мүгедектерді, оның ішінде мүгедек балаларды еңбекпен қамту, денсаулық сақтау, білім, ақпарат саласындағы қызметтермен, мәдени және спорттық, саяси және қоғамдық өмірге қатысудың қолжетімділігімен қамтамасыз ету, медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жаңғырту, мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесі, оңалтуды жетілдіру, оңалту және арнайы әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттыру бойынша іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр
VI. Балалардың демалысы, бос уақыты және қоғамның мәдени өміріне қатысуы
Мәдени құқықтар балалардың рухани дамуына кепілдік береді, сонымен қатар әрбір баланың рухани, әлеуметтік және мәдени дамудың мүшесі болуына көмектеседі.Олар: мәдени құндылықтарға қолжетімділік құқығы, қоғамның мәдени өміріне тең және еркін қатысу құқығы, шығармашылық құқығы, демалуға және бос уақытын өткізуге құқығы.
Республикада 23 мыңнан астам мектептік спорттық секциялар, 425 балалар - жастар спорттық мектептері, 563 балалар мен жасөспірімдер клубтары, 330 балалар мен жасөспірімдердің музыкалық, көркемдік мектептері жұмыс істейді.
Балалардың демалысын ұйымдастырудың, аула клубтар желісін дамытудың оң тенденциясы байқалуда, Қарағанды – 112, Шығыс Қазақстан – 79, Павлодар – 60, Қостанай облыстарында – 46.
Балалар сауықтыру ұйымдарының желісін (Павлодар облысында тәулік бойы жұмыс істейтін оқу-сауықтыру орталығы ашылды, Қостанай облысында жетім балаларға арналған лагерь қайта қалпына келтірілді; Шығыс Қазақстан -26, Солтүстік Қазақстан – 19, Батыс Қазақстан облыстарында – 13 орталықтар желісі сақталуда) кеңейту, қайта қалпына келтіру және сақтау бойынша шаралар қабылданды.
2011 жылдың жазғы демалыс мерзімінде тегін сауықтыру демалысымен бірінші кезекте халықтың әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан, оның ішінде аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан балалар қамтылды.
Мысалы, 2011 жылы жазғы сауықтыру демалысымен жалпы білім мектептер арасындағы 1-10 сыныптардың 1 943 062 оқушы қамтылды, бұл 83,9%) (2010 жылы - 83%) құрайды.
Балалар 7 622 лагерьде, оның ішінде 212 қала сыртындағы, 52 шипажай, 5 089 мектеп жанындағы, 1 050 кәсіптік, 342 дебаттық, 620 спорттық және 257 палаткалық лагерлерде демалды.
1 млн.-нан астам оқушыларды еңбекпен қамту үшін 16 687 мектеп бригадалары құрылды.
Республикада жазғы демалыс уақытында оқушылардың жалпы санының 3 пайызын қамтыған 153 спорттық лагерлер қызмет көрсетті.
Жастарды қолдау мақсатында республиканың барлық өңірлерінде Балалар мен жастарға арналған ресурстық орталықтар және жастар ұйымдары құрылды. 2008 жылы 12 ресурстық орталық болса, 2009 жылы - 17, 2010 жылы - 21 ресурстық орталықтар жұмыс істеуде.
Республикалық бюджеттен жастар саясатын қаржыландырудың жалпы мөлшерінен 2010 жылы 716,5 млн. теңгені, 2011 жылы 991,2 млн. теңгені құрады.
Жергілікті бюджеттен жастар саясатын қаржыландырудың жалпы мөлшерінен 2010 жылы 1,1 млрд. теңге, 2011 жылы 1,35млрд. теңге бөлінді.
2011 жылы 40-тан астам республикалық конкурс, спорттық жарыстар, 2400-ден астам дөңгелек үстел мен акция өткізілді. Іс-шараларда 3,5 млн.-нан астам балалар мен жасөспірімдер қатысты.
Әр деңгейдегі дебат ойындарын өткізу балаларға белгілі бір мәселе бойынша ақпарат іздеуге және зерделеуге, сыни ойлауын қалыптастыруға, өздік білімін арттырумен айналысу қажеттілігін туындатады.
Дебат қозғалысының республикада екі бағыты бар: студенттік және мектептік. Жыл сайын әр облыста дебат турнирлеріне 1000 астам оқушы қатысады. 2010 жылғы қыркүйек-қазан айларында «Дебатерлердің республикалық ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігімен ұлттық дебат ойындарының екінші біріншілігі өткізілді.
2010 жылы Павлодар қаласында дәстүрге айналған Қазақстанның VI Облыстық жастар Дельфия ойындары өтті, оған 366 адам қатысты. Ойынның негізгі идеясы –дарынды жастардың өзін жүзеге асыруына тиімді жағдай жасау.
Елімізде оқушылардың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген гуманистік және демократиялық құндылықтарды қолдауын, төзімділігін, құқықтық өзіндік санасын, азаматтық жауапкершілігін тәрбиелеуге, заң мен құқықтық тәртіпті құрметтеуге негізделген әлеуметтік тәртібін, өзін анықтау мен жүзеге асыру қабілеттерін, саяси және құқықтық мәдениетін, рухани-адамгершілігін қалыптастыруға мүмкіндік беретін «Қоғамға қызмет ету» еріктілер қозғалысы дамып келеді.
2011 жылғы күзде Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарында пилотты мектептер оқушыларының заңнамалық бастамаларын облыстың мәслихат депутаттары, жергілікті атқару органдары және үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің қатысуымен Қоғамдық тыңдаулары өтті. Қатысушылардың жалпы саны 3 мың адамды құрады.
Оқушылармен балалардың бос уақытын сапалы ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрғын-үй коммуналдық сала, өздері өмір сүретін жергілікті жердің экологиялық жағдайын жақсарту мәселелері зерделеніп, қоғамдық тыңдауға шығарылды, қала аумағын аббаттандыру, балалар мен жастар үшін бос уақытын өткізу инфрақұрылымын дамыту бойынша қызықты, стандартты емес шешімдер ұсынылды, кәмелетке толмағандардың өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әсіресе компьютерлік клубтар бойынша ұсыныстар айтылды.
Каникул кезінде компьютер клубтарында бос уақыттарын өткізетін балалар саны өсіп келеді.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың рухани-адамгершілік дамуына, олардың денсаулығына зиян келтірмейтін ақпараттар немесе бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша компьютерлік клубтардың (Интернет-кафе) қызметтеріне бақылау жасауды іске асыру шаралары қабылдануда.
2010 жылы педагогтарға, психологтарға, ата-аналарға «Балалардың тәни және психикалық денсаулығына зиянды қатігездік пен зорлықты, порнографияны үгіттейтін аудио-бейнеөнімдер, компьютерлік және ақпараттық тасымалдағыштардың әсері. Олардың адамгершілік құндылықтарын қорғау» бағытында әдістемелік ұсыныстар (мемлекеттік және орыс тілінде) шығарылған.
2010 жылғы 19 сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау ведомствоаралық комиссиясының алтыншы отырысында балалар мен жасөспірімдердің дамуына компьютерлік клубтардың кері әсерін төмендету мәселесі қарастырылды.
Астана қаласының Есіл аудандық соты Қазақстан Республикасы аумағында шетелдік Бұқаралық ақпараттық құралдар өнімдерін жасөспірімдік порнографияны жарнамалайтын интернет-ресурстарды таратуды жою туралы 2011 жылдың 3 маусымында № 2-1078/11 шешім қабылдаған.
Балалардың әлеуметтік маңызды ақпараттарды алу қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 90-нан аса Бұқаралық ақпараттық құралдары жұмылдырылған, олардың ішінде: «Хабар» агенттігі, «Қазақстан» РТРК, «Рахат-ТВ», «Астана» телеарнасы, «Казинформ» ақпараттық агенттігі, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Литер», «Айқын», «Ақ желкен», «Альянс kz», «Балдырған», «Жас ұлан», «Дружные ребята» және т.б. газеттер.
«Қазақ радиосында» балаларды қорғау бағытында 4 бағдарлама жарық көрген. Бұлар «Жеткіншек», «Бап пен бақ», «Заман біздікі», «Балауса» - кәмелетке толмағандар арасында қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу бағытындағы бағдарламалар.
Бала құқықтары туралы Конвенция қағидалары мен ережелерін түсіндіру мәселесін талқылау, сондай-ақ, балалардың құқықтарын тәни барлық жазалаудың түрлерінен қорғау «Бетпе-бет», «Жеті күн», «Талап пен тәртіп», «Третьего не дано», «Сырға», «Көңілашар», «Бір күн», «Көзқарас», «Апта kz», «Азамат» және т.б. ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар аясында өткізілуде.
«Ел арна» телеарнасында балалардың мәдени, білімін жетілдіру бағытында жыл басынан бері 6 бағдарлама жарық көрген («Хочу быть», «Топ малыш», «Волшебные буквы» бағдарламалары, «Наши дети», «Мейірім» жобалары және т.б.)
Бұқаралық ақпараттық құралдар басылымдарында жасөспірімдер мен балалардың жетістіктеріне, Бала құқықтары туралы Ковенциясының 20 жылдығына арналған материалдар жарық көреді. Көбіне, «Миссия Батыра» («Экспресс К»), «Батыр стал послом» («Время»), «Добрая воля Батырхана» («Комсомольская правда»), «Бала тағдырына бей-жай қарауға болмайды» («Айқын») және т.б. мақалалар.
Республикада 256 балалар кітапханасы қызмет етеді. Балалар кітапханаларындағы оқырман бала саны – 1,5 миллион.
Бұқаралық ақпараттық құралдар басылымдарына, соның ішінде балалар көркем әдебиетіне, танымал қазақстандық балалар жазушылары мен ақындарының шығармаларын жандандыруда балалардың қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын «Қазақстан жазушылары – балаларға» атты мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Мектепішілік, қалалық кітапханаға балаларды тарту үшін аталмыш іс-шаралар орталық кітапханаларда балалар жазушыларының, ақындарының, тілшілерінің қатысуымен өтеді.
Бұдан басқа, балалар мен жасөспірімдерге арналған академиялық театрларда 100 мыңнан аса баланың қамтылуымен мемлекеттік және орыс тілінде 200-ден аса қойылымдар қойылған.
Достарыңызбен бөлісу: |