Қазақстан Республикасындағы геологиялық барлау жұмыстарының
2015 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту
туралы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы геологиялық барлау жұмыстарының 2015 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жылдың қорытындылары бойынша жылына бір рет Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Ө. Исекешевке жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы «21» мамырдағы
№ 526 қаулысымен
бекітілген
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы
|
Қазақстан Республикасындағы геологиялық барлау жұмыстарының 2015 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасы
|
Әзірлеу
үшін негіз
|
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 тамыздағы №1042 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының геология саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы;
Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысының 2014 жылғы 14 ақпандағы хаттамасының 8.1.5-тармағы
|
Бағдарламаны
әзірлеуге және іске асыруға
жауапты
мемлекеттік орган
| Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі
|
Мақсаты
|
Өнеркәсіптің барлық салаларын белсенді дамыту үшін минералдық ресурстарды ұтымды және кешенді пайдалану мен молайтуды қамтамасыз ету
|
Міндеттері
| -
-
1. Болжамды ресурстарды бағалай отырып, Қазақстан аумағының зерттелуін қамтамасыз ету.
-
2. Пайдалы қазбалардың негізгі түрлері бойынша қорлардың өсімі.
-
3. Геологиялық ақпараттардың деректер банкін және геоақпараттық жүйелерді қалыптастыру.
4. Мұнай және газ ұңғымаларын жою және консервациялау.
|
Іске асыру
мерзімі
|
2015 – 2019 жылдар
|
Нысаналы
индикаторлар
Қаржыландыру көздері мен көлемі
|
1. Пайдалы қазбалардың негізгі түрлерінің қорларын толықтыру пайызы (анықталған қорлардың өтелген қорларға арақатынасы, артуы бойынша).
2. Деректер банкін цифрлық геологиялық ақпаратпен толтыру.
3. Жойылатын және консервацияланатын мұнай және газ ұңғымаларының пайызы.
Бағдарламаны іске асыруға арналған қаржылық шығындар республикалық бюджет, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар есебінен қарастырылады.
Республикалық бюджет есебінен қаржыландыру көлемі:
2015 жылы – 9014 * млн. теңге;
2016 жылы – 12640 * млн. теңге;
2017 жылы – 30642 * млн. теңге;
2018 жылы – 32888 * млн. теңге;
2019 жылы – 34536 * млн. теңге.
Барлығы: 119 720* млн. теңге
* Бағдарламаны қаржыландыру көлемі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті қаржы жылдарына арналған республикалық бюджетті бекіту кезінде нақтыланатын болады.
|
2. Кіріспе
Қазақстан Республикасындағы геологиялық барлау жұмыстарының
2015 – 2019 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 14 ақпандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 тамыздағы № 1042 қаулысымен мақұлданған Қазақстан Республикасының геология саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бағдарламаны дайындаудың және іске асырудың қажеттілігі пайдалы қазбалардың, ең алдымен түсті металдар мен алтын қорларының толықтырылмауы бойынша орын алып отырған проблемаларға, геологиялық зерттеулерді технологиялық жетілдірудің, геологиялық барлау процесін ғылыми қамтамасыз етудің, саладағы инвестициялық жағдайды жақсартудың өзектілігіне негізделген.
3. Ағымдағы жағдайды талдау
-
1. Геология саласындағы ағымдағы жағдайды, сондай-ақ оның елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсерін бағалау
Пайдалы қазбаларға бай Қазақстан Республикасының жер қойнауы оның байлығы және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көздерінің бірі болып табылады.
Қазақстан жер қойнауының минералдық ресурстарға байлығы және олардың алуан түрлілігі бойынша пайдалы қазбаларға бай елдер тобына кіреді. Оның минералдық-шикізат қоры отын-энергетикалық кешен (көмірсутек, көмір, уран), қара, түсті, асыл және сирек кездесетін металдар кен орындарынан қалыптасқан. Қазақстанның әлемдік қордағы үлесі уран бойынша дөңгелектегенде – 18 %-ды, хром – 10 %-ды, қорғасын – 9 %-ды, мырыш – 8 %-ды, күмiс – 5 %-ды, марганец – 5 %-ды, мыс бойынша 5 %-ды құрайды.
Қазақстан энергетикалық шикізатты, қара, түсті, асыл металдарды ірі экспорттаушы болып табылады. Атап айтқанда, әлемде өндірілетін уранның 41 %-ы және хромның 16 %-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі.
Бұл ретте қазіргі уақытта экспорттың едәуір үлесін құрайтын түсті және асыл металдардың белсенді қоры шектеулі және 12-15 жылда игеріліп бітуі мүмкін.
Қазақстан кендерінің сапасы негiзгi әлемдік өндiрушiлерге қарағанда төмен.
Геология саласы жер қойнауын зерттеуді және Қазақстан экономикасының мұқтажы және геосаяси мүдделерін іске асыру үшін минералдық-шикізат қорын толықтыруды қамтамасыз етеді.
Әлемдік үрдіске сәйкес шикізаттық ресурстарды тұтыну көлемінің артуы оларды анықтау бойынша геологиялық зерттеулерді жүргізуді жандандырады. Жыл сайын өндіруді ұлғайту пайдалы қазбалар қорын толықтыру бойынша геологиялық-барлау жұмыстарының көлемін ұлғайтуды талап етеді.
Геология саласын дамыту Қазақстан Республикасының экономикалық дамуындағы негізге алынатын фактор болып табылады және елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына үлкен әсер етеді.
Айталық, осы Бағдарламаны іске асыру егжей-тегжейлі барлау жүргізу үшін ең перспективалы алаңдарды айқындауды көздейді, бұл ірі жеке компаниялардың инвестицияларын тартуға мүмкіндік береді.
«Қазгеология» акционерлік қоғамы «ILUKA», «RIO TINTO», «KORES», «ULMUS FUND» сияқты жетекші әлемдік компаниялармен технологиялар мен инвестициялар трансферті шартында бірлескен кәсіпорын құруда.
Тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі: 36 млн. АҚШ доллары.
Барлық компаниялар геологиялық барлаудың, деректер қорларын құрудың, зертханалық зерттеулердің, ресурстар мен қорларды есептеудің ең жаңа әдістері мен технологияларын қолданатын болады.
2. Сала үшін мықты және осал тұстарын,
мүмкіндіктер мен қауіптерді талдау
Әлемдік тау-кен өндіру саласындағы қазіргі жағдай бұрынғыдай тұрақсыз, ал нарықтар конъюнктурасы белгісіз күйде сақталып отыр. Қысқа мерзімді перспективада шикізатқа сұраныстың төмендеуі және бағалардың тұрақсыздығы сақталады деп болжанады. Солай болса да, ұзақ мерзімді перпективада ресурстарға деген әлемдік сұраныс өсетін болады, ал келешектегі перспективада әлемде шикізаттық тауардың тапшылығы қаупі сақталады.
Жеткіліксіз қаржыландыру, геологиялық-барлау процесіне ғылым мен практиканың заманауи жетістіктерінің енгізілмеуі, әлемдік өлшемдер бойынша қолайсыз инвестициялық орта жағдайында, геология саласы елдің минералдық-шикізат қорының толықтырылмауы бойынша ұлттық қауіпсіздік қауіпіне тап болды. Жыл сайын пайдалы қазбалар қорын толықтыру өзекті міндеттерге айналып барады, оның шешілуіне қиын ашылатын кен орындарын анықтай отырып, республиканың жер қойнауы әлеуетін толығырақ ашу негізінде қол жеткізуге болады.
Бағдарлама отандық өндіруші өнеркәсіптің перспективалы мұқтаждығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ минералдық-шикізат өнімінің экспортына бағытталуы тиіс.
Объективті талдау үшін оның мықты және осал тұстарын, сондай-ақ бар мүмкіндіктері мен қауіптерді нақты анықтау қажет.
Жағымды факторлар
|
Жағымсыз факторлар
|
Мықты тұстары
-
Қорлардың өсімін қамтамасыз ету үшін пайдалы қазбалардың барлық түрлерінің болжамды ресурстарының қомақты әлеуеті.
-
Жаңа пайдалы қазбалар кен орындарын ашу үшін қолайлы геологиялық жағдайлар.
-
Технологиялар трансферті және жолға қойылатын инфрақұрылым есебінен өңірлік геологиялық зерттеулерді қарқынды жүргізу.
-
Геология саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің едәуір өсу перспективасының болуы.
|
Осал тұстары
1. Түсті және асыл металдардың төмен ресурстық қоры.
2. Жер үстіндегі жеңіл қолжетімді кен орындары қорының азаюы.
3. Сапасы төмен барланған кен металдарын шығарудың тиімді технологияларының болмауы, бұл олардың игеруге тартылуын баяулатады.
4. Геология саласының дамыған инфрақұрылымының, оның ішінде мемлекеттік салалық ғылыми-зерттеу орталығының, жобалық, инжинирингтік, аэрогеофизикалық, геохимиялық кәсіпорындардың, кернді сақтау орындарының және т.б. бейінді ұйымдардың болмауы.
5. Жер қойнауы туралы деректер банкінің талдау модульдерінің, геологиялық ақпаратпен жұмыс жүргізу үшін автоматтандырылған қолжетімділіктің жоқтығы, деректер қорын толтырудың төмен деңгейі.
6. Білікті мамандардың айтарлықтай тапшылығы.
|
Мүмкіндіктері
1. Қазіргі заманғы тиімді технологиялардың негізінде геологиялық барлау жұмыстарын үдемелі жүргізу есебінен қорлардың өсімін ұлғайту.
2. Қолайлы инвестициялық жағдайлар жасау кезінде геологиялық барлауға инвестицияларды тарту (геологиялық ақпаратты құпиясыздандыру және еркін беру, жер қойнауын пайдалану құқығын беруді жеңілдету және т.б.).
|
Қауіптер
1. Бірқатар пайдалы қазбалар бойынша қорлардың толықтырылмауы, бұл негізінен қала түзуші болып табылатын жекелеген өндіруші және өңдеуші өндірістердің жұмыс істеуіне қауіп төндіреді.
2. Геологиялық барлау және ғылыми-қолданбалы жұмыстарды жүргізу үшін белгіленген тәртіппен бекітілген нормативтік-техникалық және әдістемелік құжаттардың жоқтығы сала дамуының құлдырауына әкеледі.
|
3. Геология саласын дамытудың негізгі проблемалары,
үрдістері мен алғышарттары
Қазіргі уақытта геология саласында мынадай проблемалар бар: түсті металдар мен алтын қорларының үнемі толықтырылмауы, геологиялық барлау жұмыстарын ескі технологиялар негізінде жүргізу, заманауи зертханалар түріндегі саланың қажетті инфрақұрылымының, салалық-ғылыми зерттеу институтының, сервистік компаниялардың дамыған желісінің болмауы, жұмыстардың ғылыми әзірлемелермен өте төмен сүйемелденуі. Геологиялық барлау жұмыстарының заңнамалық және нормативтік-техникалық негізі инвестициялық жағдайды және жұмыстарды жүргізу жағдайларын жақсарту мақсатында жетілдіруді талап етеді.
Геология саласын дамытудың алғышарттары мынадай:
1) елдің экономикалық дамуының тұрақты бағыты;
2) пайдалы қазбалардың барлық түрлерінің болжамды ресурстарымен қамтамасыз етілген минералдық-шикізат қорының зор әлеуеті;
3) әлемдік шикізат нарығының қолайлы конъюнктурасы;
4) Қазақстанның ұзақ мерзімді перспективадағы геосаяси және экономикалық мүдделері елдің минералдық-шикізат қорының жағдайына тәуелді болады.
4. Саланың инновациялық-талдамалық дамуын талдау
Геология саласын ғылыми-техникалық және ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету. Жер қойнауын геологиялық зерттеудің ғылымды көп қажетсінуі геологиялық барлауды ғылыми-технологиялық қамтамасыз етудің маңызды рөлін, ғылым мен өндірістің ажыратылмас байланысын, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері негізінде технологиялардың жаңартылуын айқындайды. Анықталған жер қойнауындағы пайдалы қазбалардың қалыптасу және орналасу заңдылықтары туралы геологиялық барлау жұмыстары нәтижелерінің нақтылық дәрежесі мамандардың кәсіби деңгейіне және олар қолданатын озық ғылыми-техникалық әдістер мен технологияларға тікелей байланысты.
Қазақстанда геологиялық барлауды қолдаудың ғылыми-технологиялық деңгейі зерттеулер сапасы бойынша да, сондай-ақ олардың көлемі бойынша да өте төмен деңгейге дейін төмендеді. Геологиялық зерттеулер жұмыстарды жүргізудің жаңа техникасы мен технологияларына негізделмейді. Отандық аппаратуралық-технологиялық кешендер мен құрал-жабдықтар іс жүзінде дайындалмайды және шығарылмайды. Елде бүгінгі күні мемлекетті жер қойнауының минералдық-шикізаттық әлеуетін жүйелі ғылыми-негізделген және нақты бағалаумен қамтамасыз етпейтін, әртүрлі ведомстволық тиесіліктегі бытыраңқы бірнеше ғылыми геологиялық мекемелер бар. Жер қойнауын геологиялық зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекеттік уәкілетті органның салалық институты жоқ.
Осы проблемаларды шешу үшін жер қойнауын геологиялық зерттеу үшін инновациялық технологияларды енгізу көзделіп отыр (бірінші кезекте бұл жаңа технологиялар негізінде геофизикалық, геохимиялық зерттеулерді, Жерді қашықтықтан зондтауды енгізуге байланысты), Назарбаев университеті жанынан жер қойнауын геологиялық зерттеудің салалық ғылыми-технологиялық орталығын құру мәселесі пысықталуда, оның негізінде геология саласын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету және мемлекеттік ұйымдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың қызметін ақпараттық-талдамалық сүйемелдеу іске асырылатын болады.
Жер қойнауының геологиялық құрылымы туралы ақпараттың тұрақты жаңартылуы, жаңа идеялар мен минерагендік тұжырымдамалардың пайда болуы, сондай-ақ экономикалық және геосаяси жағдайының өзгеруі жағдайларында геологиядағы ғылыми зерттеулер озық тәртіппен дамытылуы қажет. Олар тау-кен жыныстарының заттық құрылымын күрделі зертханалық-талдамалық зерттеулерді жүргізу мүмкіндігін, геологиялық, геофизикалық, геохимиялық және қашықтық деректердің үлкен көлемін өңдеу және кешенді талдау мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет. Зерттеулердің тереңдігін арттыру, минералдық-шикізат секторын дамытудың мемлекеттік салалық бағдарламаларын әзірлеу бойынша негізделген ұсыныстар олардың нәтижелері болуы тиіс.
5. Саланың дамуын қолданыстағы мемлекеттік реттеу
саясатын талдау
Геология саласы, бірыңғай құқықтық өрісте өз қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік басқару органдарының, меншік нысандары әртүрлі өндірістік және ғылыми ұйымдардың жиынтығы ретінде, елдің жер қойнауын геологиялық зерттеуді және минералдық-шикізат қорын алдын ала толықтыруды қамтамасыз етуге тиіс. Пайдалы қазбалардың барланған қорының өсімі, жер қойнауын пайдаланудың қауіпсіздігі мен кешенділігі геология саласы тиімділігінің басты өлшемдерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта геология ғылымы мен тәжірибесі қолайсыз жағдайларды бастан кешуде: бұрын болған геология саласының инфрақұрылымы (өндірістік бірліктер, ғылыми бөлімшелер, зертханалық база) жоқ, пайдалы қазбалар қоры сарқылып барады, жаңа шаруашылық жүргізу жағдайларында бұрын елеусіз болған проблемалар ашылды, ұрпақ ауысуы жүруде және моноқалаларды қолдау, сирек жерлер, көмір метаны және т.б. сияқты дәстүрлі емес салаларды дамыту бойынша жаңа міндеттер пайда болуда. Әйтсе де барлығы перспективаға арналып жасалуда және жоспарлануда, саланың проблемалары Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тікелей бақылауында. Осының барлығы геологияның дамуының, оның қазіргі заманғы қолданбалы ғылымға, тиімді техника мен технологияға негізделген экономиканың қуатты саласына айналуының кепілі болып табылады.
Мемлекеттік реттеу саясаты жаңа пайдалы қазбалар кен орындарын ашу және есепке алынатын объектілер қорының өсімі арқылы минералдық-шикізат базасын нығайтуға, жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалануға бағытталған саланың тұрақты дамуын көздейді.
Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 18 қаңтардағы № 99 қаулысымен бекітілген Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуге арналған келісімшарт (шарт) жасасу қағидалары, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 1301 қаулысымен бекітілген Мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қағидалары жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеудің нормативтік құқықтық негізі болып табылады.
Геологиялық зерттеулердің барлық түрлері геологиялық барлау жұмыстарының барлық түрлері үшін әзірленген нұсқаулықтарға және нормативтік талаптарға сәйкес жүргізіледі.
Мемлекет пен жер қойнауын пайдаланушылардың мүдделерін ескеру, олардың арасындағы өзара қатынастардың ашық үлгілерін құру негізінде осы саладағы мемлекеттік реттеу рәсімін жеңілдету жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнаманы жетілдірудің мақсаты болып табылады.
6. Қазақстанның жағдайларына бейімдеуге болатын, орын алып отырған проблемаларды шешу жөніндегі жағымды шетел тәжірибесіне шолу
Қазіргі уақытта минералдық-шикізат ресурстарын молайту жөніндегі проблемаларды шешудің өткірлігі мен қажеттілігін түсінудің ғаламдық сипаты бар. Бәсекеге қабілетті жаңа кен орындарын анықтау бойынша іс-шаралардың әмбебаптылығы елдердің географиялық орналасуына және олардың экономикалық даму деңгейіне байланыссыз жалпы іс-шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Әлемдегі барлық ең дамыған елдерде минералдық ресурстарды молайту процесіне мемлекет қатысады.
Тікелей қайтарымы жоқ, өңірлік геологиялық зерттеулерді орындауға мемлекеттің қатысу қағидаты және пайдалы қазбалардың кен орындарын іздеу және барлау саласына жеке капиталды тарту негізге алынған. Жеке компаниялардың қызығушылығы жер қойнауын пайдаланудың ұйымдық жүйесімен және тиісті салық саясатымен қамтамасыз етіледі. Геология саласы дамыған елдерде келтірілген жағдайлар озық техника мен технологияларды енгізуге компаниялардың қызығушылығымен, геологиялық ақпаратқа еркін қолжетімділікпен толықтырылады, бұл олардың геологиялық қызметтер нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Нарықтық жағдайлар мен қолайлы инвестициялық ахуал қолданбалы ғылымның дамуына, көптеген жас (шағын) компаниялардың және геологиялық барлау жұмыстарына арналған, қол қойылған лицензиялар мен келісімшарттардың едәуір көлемінің пайда болуына ықпал етеді.
Бағдарламада Қазақстан таяудағы уақытта әлемдік интеграциядағы ең ірі минералдық-шикізат мемлекеті болып қала беретіні және негізгі экспорттық тауарлардың қатарында минералдық ресурстар мен оларды қайта өндіру өнімдерінің сақталу факторы ескерілген.
Қазақстанның геология саласының жұмысы халықаралық тәжірибеге сәйкес технологиялар трансфертіне, геология саласының инфрақұрылымын дамытуға, геологиялық барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, саланы кадрлық қамтамасыз етуге және елдің шикізаттық, саяси және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін минералдық шикізаттың жаңа қорларын анықтауға бағытталатын болады.
Әлемнің ең дамыған елдерінің бәрінде минералдық ресурстарды молайту процесіне мемлекет қатысады.
Мемлекеттік инвестициялардың, сондай-ақ меншікті капиталдың пайдалы қазбалар кен орындарын анықтауға қатысу қағидаты негізге алынған. Бұл жеңілдікті кредит беруді, геологиялық ақпаратты пайдалану үшін төлемдерді, келісімшарттардың, жұмыс бағдарламаларының орындалуын бақылауды, келісімшарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұлдарды пайдалана отырып, жазалаушы, сондай-ақ ынталандырушы сипатқа ие тиісті салық саясатымен қамтамасыз етіледі.
Бұл ретте алынатын қаражат жаңа пайдалы қазбалар кен орындарын анықтау бойынша геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалуы мүмкін.
Геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыру жүйесімен қатар, кен орындарын іздеудің және барлаудың қазіргі заманғы әдістерін кеңінен енгізу, геологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізу, геологиялық барлау техникасы мен құрал-жабдығының жаңа түрлерін әзірлеу және енгізу, геологиялық зерттеулердің іздестіру құрамдасын ерекшелендіру қажет екенін Ресей Федерациясының тәжірибесі көрсетті.
Бұл ретте Қазақстан таяудағы уақытта әлемдік шоғырланудағы ең ірі минералдық шикізат мемлекеті болып қала беретінін және минералдық ресурстар мен оларды қайта өндіру өнімдері негізгі экспорттық тауар болып қала беретінін ескеру қажет.
Қазақстанның геология саласының жұмысы халықаралық тәжірибеге сәйкес соңғы нәтижеге – елдің шикізаттық, саяси және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін минералдық-шикізаттың жаңа қорын анықтауға бағытталатын болады.
4. Бағдарламаның мақсаттары, міндеттері, нысаналы индикаторлары және іске асыру нәтижелерінің көрсеткіштері
Достарыңызбен бөлісу: |