ӘОЖ 631.1:334.012.63/.64(574)
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ
Бейсенов Мұхтар Серікұлы
non-progredi-est-regredi@mail.ru
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Заң факультетінің 2 курс студенті, Астана қаласы, Қазақстан Республикасы
Ғылыми жетекшісі – Шайханова Г.С.
Менің мақалаға өзек етіп таңдаған тақырыбым шағын және орта бизнесте ауыл шаруашылығын дамыту тақырыбының аясын қамтымақ.
Қазақ халқында «ауылым – алтын бесігім» деген тіркес бар. Халқымыздың өмірі ата замандардан бері ауылды жермен, ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты болып келген. Сондықтан мал шаруашылығы және егін шаруашылығы сияқты ел экономикасының потенциалы мол агроөнеркәсіп кешенін құрайтын шаруашылық түрлері халқымыздың дәстүрлі шаруашылығы болып табылатынын айтқым келеді және Республикамызда оны дамыту, жандандыру және бәсекеге қатілетті ету үшін барлық жағдайлардың барлығын, атап айтсам, егістік және жайылым жерлердің көлемі үлкен, Қазақстанның жылы қоңыржай климаты түрлі дәнді-дақылдарды өсіріп-өңдеуге қолайлы болып табылады және мемлекет басшысы мен үкімет басындағылар бұл саланың еліміз үшін перспективті болып табылатынын ұғып, оның дамыуына Ұлттық қордан жыл сайын мол қаржы-қаражат бөледі.
Қазіргі заманда етек алып жатқан құбылыстардың бірі – урбанизация. Халықтың басым көпшілігі қалада және ат бастарын қалаға бұратыны белгілі. Алайда бұл ауылды жерлердің потенциалы, экономикалық әлеуеті кемиді деген сөз емес. Керісінше агроөнеркәсіп секторын дамыту қазіргі таңда бірінші кезекті мәселе болып табылады. Себебі ауыл шаруашылығы мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және әлемдік нарықтағы , соның ішінде ДСҰ-дағы (Дүниежүзілік Сауда Ұйымы) экспорттық әлеуетімізді арттырудың маңызды звеносы болып табылады.
Ірі және ұсақ ауыл шаруашылық қожалықтары шағын және орта бизнес секторына жатады. Ал «кәсіпкерлік – ел дамуының темірқазығы» дейтін болсақ, кәсіпкерлікті қолдау мемлекет экономикасын тұрақтандырудың және ары қарай дамытудың маңызды тетігі болып табылады. Шаруашылықты жүргізудің жаңа фомаларын қолданбай еліміздің экономикасын жандандыру, халқымыздың әлеуметтік хал-ахуалын көтеру мүмкін емес. Соның бірі - шағын және орта бизнестің дамуы. Нақты айтқанда, жұмыссыздықты жоюда, жалақы мен зейнетақыны уақытылы төлеуде, рынокты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, жеке өндірушілердің монополиясын шектеуде, депрессияны бастан кешіріп отырған жекелеген аудандарды қалпына келтіруде осы шағын және орта бизнес шешуші фактор, яғни нарықтық қатынастарды алға жетелеуші буын болып табылады.Шағын және орта кәсіпорындардың тиімділігі мен артықшылықтары жайлы айтатын болсақ, біріншіден, олар аса үлкен қаржыны керек етпейді, екішіден, шағын және орта бизнес халықтың әл-ауқатын арттырып, қосымша жұмыс орындарының ашылуына, жалақының уақытында төленіп отыруына себін тигізеді, және үшінші бір ескеретін жайт, экономикалық дағдарыста ірі кәсіпорындар едәуір шығынға ұшырап, иілмелі нарық жүйесі алдында дәрменсіздік танытса, шағын және орта бизнес айтарлықтай зардап шекпей, озық технологияларды меңгере отырып, өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, тұрақтылық байқатты.
Экономиканың үдемелі дамуында шағын және орта кәсіпкерліктің маңызды басымдық болып табылатынын Елбасы әрдайым айтып өтеді. Мәселен, биылғы «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» жолдауының маңызды жеті бағытының бірі осы шағын және орта бизнесті қолдау, оны дамыту болып табылатынын айтып өткім келеді.
Әлемнің дамыған, экономикалық әлеуеті мықты мемлекеттерінің кәсіпкерлікті дамытудағы оң тәжірибесі біздің мемлекетке үлгі бола алады. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан -2050» Жолдауында: «Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90%-дан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50%-дан астамын береді. Сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Бұл кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек. Әрбір іскер қазақстандық осы ортаға кірігіп, инновациялық экономикадағы өз орнын табуға тиіс. Қазақстандықтардың бастамашылығында кең өріс ашу үшін жағдай жасалды, кәсіпкерлер ендігі жерде осы мүмкіндіктерді пайдалана білсе игі!», -деп айтқан болатын және келесі сөзінде «Шағын және орта бизнес 2050 жылға қарай Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің қазіргі 20 пайызы орнына кемінде 50 пайызын өндіретін болады.»[1]-, деп мемлекет алдына нақты міндет қояды.
Қазақстанның дүниежүзілік нарықтағы бәсекеге қабілеттілін арттырудың бір шарты – экспорттық әлеуетті нығайту. Қазақстанның экспорттауға мол мүмкіндігі бар тауарлар – жеңіл өнеркәсіп, яғни азық –түлік тауарлары, соның ішінде дәнді-дақылдардың түрлі сұрыптары және ет, сүт өнімдері.
Бұрынғы Кеңестер заманында мемлекетіміздің аумағында мал шаруашылығы үлкен қарқынмен дамыды. Шаруалар дәнді-дақылдар өсіру бойынша әлемдік рекордтар жасаған (мәселен, Ыбырай Жақаев), ал бір Семей ет комбинаты барлық Кеңестер одағын ет өнімдерімен қамтамасыз еткен болатын. Өкінішке орай, қазір Қазақстан ондай көрсеткіштермен мақтана алмайды. 90-жылдардың басында бір орталықтан басқару жүйесінің ыдырап, барлық субъектілер жаппай жекешелендірілген тұста еліміздің аталмыш секторы үлкен адымдармен кері басты. Республикадағы барлық мал санының орташа көрсеткіші тәуелсіздік жылдарында 45,1%-ға төмендеді. Мал санының төменгі көрсеткіштерін солтүстік және орталық облыстары көрсетті. Антирейтингтің көшбасшысы Ақмола облысы болып танылды. Бұл аймақтағы мал санының көрсеткіші кеңес заманындағы мал санынан 75%-ға төмендеді.
Аграрлық секторды Реформалаудың алғашқы он жылдығында (1991-2001 ж.ж) егістіктің жалпы көлемі республика бойынша 7,5 млн.гектарға азайса, ауыл шаруашылығы дақылдары егісінің көлемі 13,7 млн.гектарға қысқарыпты. Мәліметтерге қарағанда, 1990 жылы ауыл шаруашылғы өнімдерін өндіру мен сатудың рентабельдігі 46 % болған, оның ішінде егіншілік 105,4%, мал басының (жылқы – 33%, ірі қара малы –56%, қой және ешкі – 71%,) қысқаруы нәтижесінде, республикамызда ет өндірісі 2,4 есеге, сүт – 1,7 есеге және жұмыртқа 3,4 есеге төмендеген. Ал, астық өндірісі, 1998 жылы 1992 жылдың дәрежесімен салыстырғанда 2,4 есе, оның экспорты 6 есе төмендеп, дәнді дақылдардың орта жылдық өнімділігі 1991-1995 жылдары гектарына 9,3 ц, 1996-1997 жылдары – 8 центнер құраған. Аграрлық саладағы бұл үдерістерді бақылаушылар реформаны аумалы-төкпелі жүргізілді деп бағалады. Бұл дегеніміз, тәуелсіз Қазақсанның агроөнеркәсіп саласы үшін алғашқы он жылдық ең қиын кезең болғанын көрсетеді [2].
Еліміздің ішкі нарығында бір ет өнімдерінің 60 пайызы шет елден әкелінетіні ауыл шаруашылық секторындағы үлкен кемшілік болып табылатынын атап өтуге болады.
Жыл сайын үкіметтік мінбеде мал шаруашылығының дамуы мен мал санының көбеюі туралы айтылып келеді. Заң шығарушы органдармен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған көптеген заңдар, кодекстер және стратегиялық бағдарламалар қабылданып, іс жүзінде асырылып жатыр. Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты шаралар Елбасы Н.Назарбаевтың 1997 жылы 6 наурызда қабылдаған «Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді жеделдету шаралары» деген қаулысынан басталған.Ал нақты ауыл шаруашылығына қатысты іс шараларға 2010 жылы қабылданған «Бизнестің жол картасы-2020», ағымдағы жылдың ақпан айында қабылданған «Агробизнес-2020» сияқты бағдарламаларды атап өтуге болады. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында алдағы 7 жылда мал шаруашылығына 3 трлн. теңге (20 млрд. долларға жуық) ақша бөлінбек[3]. 2010 жылдан бастап «Бизнес жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасының іске қосылуының арқасында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікті қолдау құралдарының аясы айтарлықтай кеңейді. Шаруалар субсидиялардың және несие алу үрдісіндегі мемлекет тарапымен қарастырылған біршама жеңілдіктердің арқасында шаруашылықтарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік алып отыр.
Аграрлық секторды дамытудың бірден-бір жолы кәсіпорындардың техникалық-материалдық базасын нығайту, жаңарту болып табылады, яғни жаһандану үрдісі белең алған инновациялық технологиялар заманында аталмыш кешеннің заман талаптарына жауап беруі үлкен маңызға ие. Президентіміз Н.Назарбаевтың «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауындағы: «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды. Бұл – біздің дәстүрлі саламыз. Азық-түлікке деген қажеттілік арта береді. Бұл секторға инвестиция көбірек салынады. Сондықтан бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жаһандық ауыл шаруашылығы өндірісінде бәсеке өсе беретін болады. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек»[1] – деген сөзі осы саланы инновациялық түрде дамытуды меңзейді.
Мәселен, қазіргі таңда жаңа технологилардың және генді инжинерия құралдарымен мал шаруашылығында төрт түлік малды асылдандыру қолға алынып жатыр. Селекция арқылы асыл тұқымды ірі қара малды көбейтіп, сапалы ет өнімдерін әлемдік нарыққа шығару – көптеген шаруа қожалықтардың алдында тұрған перспективті міндет болып отыр. Оларға көмек ретінде Австралия, Канада, Шығыс Еуропа елдері сияқты мал шаруашылығы дамыған мемлекеттерден Герефорд тұқымы, Абердин-ангус , Шаролез, Лимузин [4] тұқымдарын сатып алу үшін субсидиялар бөлу қарастырылған. Қазақтың ақбас сиырының санын көбейту де жолға қойылған мәселелердің бірі болып табылады.
Сондай-ақ Қазақстан негізгі рөл атқаратын Еуразия экономикалық одақтың бірнеше миллионды нарығында біздің республикамыз үшін басымдықты экспорттық бағыттардың бірі ірі қара мал еті болып табылады. Ауыл шаруашылығы саласының сарапшылары бір ауыздан дәстүрлі отарлы мал шаруашылығын дамыту бойынша республиканың зор әлеуетін атайды. Сол себепті мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеудің арқасында мемлекеттің ішкі нарығындағы сұранысты «отандық» сапалы өніммен толықтай қамтамасыз ету және оны әлемдік нарыққа шығарып, бәсекеге қауһарлы ету бүгінгі күннің өзекті мәселесі әрі стратегиялық міндеті болып табылады деп айтуға болады.
Елімізде мал шаруашылығын дамыту ісінде шешімін таппай келе жатқан бірталай мәселелер бар. Нарықта қазақстандық ет өнімінің алдын орап әкететін ресей және беларусьтауар өндірушілерінің өнімдері. Ішкі нарықта сатуға қатысты мәселелердің бірі - мемлекет өсіруге беретін ірі қара мал асыл тұқымды және оны өсіру ерекшеліктеріне байланысты ондай ет отандық тұтынушы үшін қымбат болып табылады. Оған қоса елімізде өндіруші кәсіпорындар және ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар жетіспейді, ол да кезегінде шаруа қожалықтарының табысты қызметін тұсаулап отыр.
Сол себепті бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды қайта қарау қажеттілігінің орын алып отырғанын айтып өткіміз келеді.
Дәнді дақылдарды, соның ішінде бүкіл әлемде 148 елдің негізгі азық-түлігі болып табылатын және көптеген елдердің экономикасында ерекше орын алатын бидайды өсіруге де Қазақстанда мүмкіндіктер және қолайлы климаттық жағдайлар бар. Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің жалпы көлемі 91,7 млн. га, оның ішінде егістік жерлер 22,5 млн. га құрайды. Негізгі егістік жерлердің 70 пайызы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, және Павлодар облыстарында шоғырланған. Олар республикадағы астықтың 4/5 бөлігін өндіреді. Жалпы, өңірде дәнді дақылдардан басқа да ауылшаруашылық дақылдарын ауыспалы егіс танаптарына орналастыруға топырақ-климат жағдайлары біршама қолайлы және өндірілген астық, май өнімін экспорттауға мүмкіндік мол [5].
Қазақстан – аграрлық ел, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді еселеп көтеруге мүмкіндік беретін әлеуетке ие. Эксперттердің бағалауынша, республикамыздың ресурстық әлеуеті ауылшаруашылық өнімдерін ішкі сұраныстан үш есе жоғары деңгейде өндіруге жеткілікті. Соның бір дәлелі ретінде, БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Жак Диуф Астанада өткен IV экономикалық форумдағы баяндамасында Қазақстанның жаһандық ауылшаруашылық жүйесінде маңызды рөл атқаратынын және өзінің табиғи бай ресурстарымен, үлкен мүмкіндіктерімен ауылшаруашылық өндірісін және әлеуетін тұрақты өсіре отырып, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қомақты үлес қоса алатынын атап өтуін келтіре кетуге болады[6].
Дүниежүзі халқының саны артумен байланысты, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне, соның ішінде азық-түлік тауарларына деген сұраныс артатыны белгілі. Сол себепті бұл тұрғыда әлеуеті бар мемлекетіміз агроөнеркәсіп кешенін бизнес көзіне айналдырып, оны кешенді дамытуға тиісті. Бұл әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің басты кепілі болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
«Қазақстан-2050» жолдауы.
-
http://el.kz/m/articles/view/Аграрлы?-секторды-инновациялы?-ба?ытта-дамыту-біз-кешігіп-жатырмыз-ба-2014-07-30-1
-
http://agencyrating.kz/rating-krs-2/?lang=kz
-
Фермер жаднамасы «Қазақстанда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту»
-
http://egemen.kz/2013/?p=5610
-
http://economics.kazgazeta.kz/?p=1045
-
«Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауы.
-
Жеке кәсіпкерлік туралы Қазақстан Республикасының 2011.06.01
№378-VI Заңы
-
Сәбден О.XXI ғасырға қандай экономикамен кіреміз.Алматы:1997
-
Төлегенов Б.Т.-Ішкі фирмалық жоспарлау.-А;АТУ баспасы 2003
Достарыңызбен бөлісу: |