Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі


ІІІ ТАРАУ Әскерде санитарлық-эпидемиологиялық барлауды ұйымдастыру



бет2/6
Дата05.07.2016
өлшемі0.49 Mb.
#178868
1   2   3   4   5   6

ІІІ ТАРАУ

Әскерде санитарлық-эпидемиологиялық барлауды ұйымдастыру
3.1 Әскери әрекет жасалатын ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын бағалау белгілері

Санитарлық-эпидемиологиялық барлау–медициналық барлаудың бір бөлігі. Бұл медициналық қызметпен әскердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын, олардың орналасу ауданын және алдағы болатын соғыс әрекетін, әскердің жылжу бағытын, ықтимал қарсылас әскерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын, олардың орналасу ауданын және медициналық қызметтің жағдайын, жергілікті тұрғындар мен басқа да контингенттерден, табиғи ошақтардан немесе қарсыластың әскерінен әскерге жұқпалы аурулардың ену мүмкіндігін анықтайтын, олар туралы мәліметтер жинайтын шаралар жиынтығы.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлау әскердің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына қолайсыз әсер ететін факторын анықтап және дер кезінде эпидемияға қарсы нәтижелі шараларды ұйымдастыру мақсатында жүргізіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық барлау әскердің орналасу ауданында немесе қайда да бір орын ауыстырғанда, әскери ұрысқа дайындық кезеңінде, ұрыс кезінде және оның аяқталған кезінде жүргізіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық барлау санитарлық-гигиеналық және эпидемияға қарсы шараларды ұйымдастыруда аса маңызды орын алады және барлық медициналық қызметтің бөлімшелерінен оны жүргізе білуді талап етеді.

Қазіргі кезде биологиялық барлауды жүргізу қажеттілігі тууы мүмкін, бұлар: қарсыластың биологиялық қаруды қолдану туралы дайындығын анықтау мақсатында, егер қолдана қалса биологиялық қарудың заттарын жою мақсатында жүргізіледі.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлауды жүргізілу және дайындық кезеңдері:


  • дайындық кезеңі, бұл кезде барлау жүргізілетін ауданмен алдын ала танысу жүргізіледі, міндеттер қойылады;

  • барлауды жоспарлау, қажетті күш пен қару бөлінуін, барлау нысаналарын анықтауды, мерзімін бекіту, байланыс түрін, сонымен қатар, барлау кезіндегі ақпарат тарату кезеңділігін пысықтау;

  • әскерге жұқпалы аурулардың енуіне кедергі жасауға ұсыныстар мен шешім дайындап, тұрғылықты жерге барлау жүргізу;

  • барлаудың қорытындысын дайындау және эпид. барлаушының есеп картасын дайындау.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлауды жүргізудің жоспары:

  • санитарлық-эпидемиологиялық барлаудың нысаналары мен міндеттері;

  • барлаушы топтардың құрамы, олардың жабдықталуы, жүру бағыттары;

  • барлаудың басталу және аяқталу уақыты;

  • санитарлық-эпидемиологиялық барлаудың қорытындысы бойынша (ауызша баяндама) мәліметтерді дайындау тәртібі, орны және мерзімі.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлау туралы мәліметтер медициналық қызметтің аға бастығына баяндалады және сызбаға немесе сызба-картаға түсіріледі. Картаға түсірілген бұл сызба эпид. барлаушының есеп картасы болып табылады және жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық барлаудың есеп беру құжаты болып саналады. Дұрыс ұйымдастырылып, жүргізілген санитарлық-эпидемиологиялық барлау әскери бөлімшелерді эпидемиологиялық ошақтармен жанасудан сақтайды және әскердің арасындағы жұқпалы аурулардың пайда болуын және енуін ескертеді, әскердің эпидемиологиялық қолайлылығын қамтамасыз етеді.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлауды әскери, армиялық және майдандық деп бөледі.



Әскери санитарлық-эпидемиологиялық барлау (бірінші эшелон) барлық аймақта алдынғы шеп пен қосымшалардың тылына дейін медициналық құраммен жүргізіледі, оларға ротаның саниатарлық нұсқаушысы, батальон фельдшері, полктың медициналық пункттерінің санитарлық-эпидемиологиялық взводының мамандары және санитарлық-эпидемиологиялық зертхана жатады.

Олар медициналық барлаудың барлық элементтерін орындайды. Бұл кездегі жұмыстың негізгі әдісі сұрастыру және көзбен шолып тексеру, зертханаларға жіберуге сынамалар алу болып табылады. Бұл үшін санитарлық-эпидемиологиялық барлауға бөлінген медициналық қызметкерлер сыртқы орта нысаналарынан алынатын сынамалар (су,топырақ, буынаяқтылар) үшін қажетті құрал-жабдықтармен және науқастардан алынатын бөліністер үшін (құсық, қақырық, нәжіс, қан және т.б.) қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлауды жүргізудегі медициналық қызметтің әскери бөлімшелерінің міндеті болып табылады:


  • жұқпалы аурулардың ошақтарын анықтау;

  • әскерді жұқпалы аурулар ошақтарымен қатынаста болмауын ескерту;

  • әскерді сапалы тағам және сумен қамтамасыз етуді медициналық бақылау;

  • санитарлы-эпидемиологиялық барлаудың жоғарғы эшелонын (армиялық, майдандық) ақпараттау;

  • индикация үшін сынамалар алу және оларды зерттеу үшін бригаданың медициналық ротасының зертханасына, қосымшалар СЭЗ-на, майданның санитарлы-эпидемиологиялық жасағының зертханасына материалдарды жіберу.

Қосымшалар эпидемиологы барлаудың мәліметтерін жинақтайды және қажетті эпидемияға қарсы шараларды дайындайды.

Армиялық санитарлық-эпидемиологиялық барлау (екінші эшелон) әскери медициналық бригаданың санитарлы-эпидемиологиялық жасағының мамандарымен, бірлестіктің медицина қызметінің күштерімен және құралдарымен жүргізіледі.Оны армияның эпидемиологы арқылы бірлестіктің медицина қызметінің бастығы ұйымдастырады. Бұл барлаудың нысаналары әскердің жылжу бригадасындағы үлкен тұрғындар пункттері, жылжымалы базалар мен басқарма пункттерінің орналасу аудандары, тағам қоймалары, ықтимал қарсыластың аймағындағы жұқпалы аурулар ауруханалары болып табылады. Жергілікті тұрғындардың, әскери тұрғындардың, қашқындардың, жер ауыстырып келгендердің санитарлы-эпидемиологиялық жағдайына үлкен көңіл бөледі. Бірінші эшелонның жеке медициналық бригадасының санитарлы-эпидемиологиялық жасағы биологиялық қарудың қолдану факторын, эпидемиялық ошақтардың шоғырлануы мен жойылуын, кең таралған сызба бойынша индикациялауды анықтайды, басқа да қызметтерден алынған эпидемияға қарсы сұрақтары бойынша мәліметтерді өңдеуді жүзеге асырады.

Майданның санитарлы-эпидемиологиялық барлау (үшінші эшелон) майданның медициналық қызметінің күштері және заттарымен жүзеге асырылады. Негізгі тексеру нысаналары мен бақылау нысаналары госпитальді базалардың орналасу аудандары, тұрғындар пункттері, майдандық коммуникациялар және жол тораптары, қамтамасыз ету базаларының орналасу аудандары және басқарма пункттері болып табылады.

Майдандық санитарлық-эпидемиологиялық барлау майданның медициналық қызметінің бастығымен бірге майданның бас эпидемиологы арқылы ұйымдастырылады.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлаудың негізгі міндеттеріне сай бұл барлаудың негізгі нысаналары: нақты тұрғындар пункті, үйлер, пәтерлер, аймақтық учаскелер және басқа да әскерге жұқпалы аурулардың енуіне немесе оның таралуына қауіп тудыратын нысаналар. Бұл барлауда келесі негізгі сұрақтар анықталады:


  • тұрғындар арасындағы жұқпалы аурулар сырқаттанушылығы;

  • үй жануарлары мен синантропты кеміргіштер арасындағы эпизоотия-ның болуы;

  • жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарының болуы және олардың белсенділігі;

  • тұрғындар пунктінің санитарлық жағдайы (қоқыстарды жинау жүйесі, тағам және ауыз сумен қамтамасыз етілуі және т.б.);

  • жұқпалы ауруларды тасымалдаушылардың болуы;

  • тұрғындарды эпидемияға қарсы қамтамасыз ету жүйесі;

  • жергілікті ресурстардың болуы (санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орталықтары, моншалар, санитарлық өткізгіштер, ауруханалар, дәрі-дәрмек қоймалары, дезинфекциялық станциялар).

Бұл мәліметтерді толығымен медициналық мекемелерден және ветеринарлық қызмет мекемелерінен алуға болады. Сонымен қатар нақты мәліметтерді басқарушы органдар мен тұрғындардан алуға болады. Сұрастырудан басқа тұрғындар пунктін, аймақты және оның жерлерін көзбен шолып тексеру жүргізіледі. Аурулар анықталады, аймақ пен тұрғындар пункттерінің санитарлық жағдайы анықталады. Қажет болған жағдайда науқастардан жұғындар алынады (диагнозды дәлелдеу үшін) және қоршаған орта нысаналарынан зертханалық зерттеуге сынамалар алынады.

Барлық мәліметтер тіркеледі де, барлауды ұйымдастырған басшыға ауызша баяндама түрінде немесе эпидемиологиялық барлаудың есеп картасы түрінде жеткізіледі.


3.2 Санитарлық-эпидемиологиялық барлауға қойылатын талаптар. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылаудың ерекшеліктері. Бөлімшенің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын бағалау белгілері
Санитарлық-эпидемиологиялық барлауға қойылатын негізгі талаптар-ға:үзіліссіз дер кезінде жүргізу, нақты мәліметтер жинау, бір бағытта жүргізу, эшелонмен тасу жатады.

Санитарлық-эпидемиологиялық барлаудың негізгі әдістері:айналаны тексеру, байқау, сұрастыру болып табылады. Әскердің орналасу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайының өзгертілуі туралы үзілмейтін мәліметтер алып отыру үшін медицина қызметінің бастығы санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды ұйымдастырады.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау тұрғындар пункттерін және нысаналарды үзбей үнемі тексеру мақсатында жүргізіледі.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бағалау әскери бөлім мен ауданға (аймаққа) жеке беріледі және әскери құрамның жұқпалы сырқаттанушылығы туралы мәліметтер негізінде, аймақтың санитарлы-гигиеналық жағдайына, санитарлық-эпидемиологиялық және биологиялық барлаудың қорытындысы бойынша, сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау негізінде беріледі.

Әскери бөлімнің және әскердің орналасу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы: қолайлы, тұрақсыз, қолайсыз және төтенше болады деп қабылданған.

Әскери бөлімнің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қолайлы болып саналады, егер:



  • жедел жұғатын ауру мүлдем болмаса;

  • әскери бөлімнің қанағаттанарлық санитарлық-гигиеналық жағдайына (бұрын-соңды бұл жерде кездеспеген) бірен-саран жұқпалы аурулар кездессе;

  • әскер орналасқан ауданның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы сәтті болса;

  • ықтимал қарсылас әскер арасында биологиялық қаруды қолданбаса;

Бөлімнің әрекет ету ауданы қолайлы болып саналады, егер:

  • жергілікті тұрғындар арасында жедел жұқтырылған ауру болмаса;

  • жергілікті тұрғындар арасында бірен-саран жұқпалы аурулар бар және олардың әрі қарай таралуына жағдай жоқ;

  • әрекеттегі орналасу ауданының санитарлы-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлық;

  • эпизоотиялық жағдай әскерге қауіп төндірмейді;

  • қарсылас әскердің әрекеттегі орналасу ауданында биологиялық қаруды қолданбаса.

Әскери бөлімнің және оның орналасу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қолайлы болғанда бөлімнің медициналық қызметінің күштерімен жоспарлы эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі.

Бөлімшенің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз деп саналады, егер:



  • бұрын байқалмаған аурулардың бірен-саран кезедесуі;

  • жұқпалы аурулардың өршуі болса;

  • бөлімшенің санитарлық-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлық болғанда әрі қарай таралу тенденциясы жоқ топтық жұқпалы аурулар кездессе;

  • бөлімнің әрекет ету ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз немесе қолайсыз болса;

  • бөлімнің санитарлық-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлықсыз.

Бөлімнің әрекет ету ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тұрақсыз деп саналады, егер:

  • жергілікті тұрғындар арасында бұрын соңды кездеспеген топтық жұқпалы аурулар пайда болса;

  • зоонозды жұқпалардың әскерге ену қаупі бар эпизоотиялық ошақтары болса;

  • әскердің әрекет ету ауданының санитарлы-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлықсыз;

  • әскер ірі эпидемиялық ошақтардың немесе биологиялық зақымдалу ошақтарының маңайына орналасса.

Бөлімнің және орналасу ауданының тұрақсыз санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы туралы бөлімнің медициналық қызметінің бастығы медициналық қызметтің командиріне және бастығына баяндайды, қажетті қосымша шараларды ұсынады, олардың орындалуына қатысады және бақылау жүргізеді.

Бөлімнің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз деп саналады, егер:



  • жеке бөлімнің арасында топтық жұқпалы аурулар пайда болса және олардың әрі қарай таралуына жағдай болса;

  • аса қауіпті жұқпалы аурулар сирек те болса кездессе;

  • ықтимал қарсылас аса қауіпті жұқпалы аурулары жоқ биологиялық қаруды қолданса.

Бөлімнің орналасу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз деп саналады, егер:

  • жергілікті тұрғындар арасында жұқпалы аурулар санының эпидемиялық өршуі болса және олардың әрі қарай таралуына жағдай болса;

  • аса қауіпті жұқпалы аурулар сирек те болса кездессе.

Бөлімнің немесе ауданның қолайсыз санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы командирдің бұйрығымен жарияланады. Бөлімде обсервация тәртібі орнатылады. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізу үшін қосымшалар мен бірлестіктердің эпидемияға қарсы күштері мен құралдары жұмылдырылады.

Бөлімнің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы төтенше деп саналады, егер:



  • әскери жеке құрамның арасында жұқпалы аурулардың саны көбейіп, бөлімнің ұрысқа дайындығын әлсіретсе;

  • аса қауіпті жұқпалы аурулардың қайталанған жағдайы тіркелсе;

  • аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарының рецептуралары бар биологиялық қаруды қарсылас қолданғаны туралы фактілер анықталса.

Бөлімнің орналасу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы төтенше деп саналады, егер:

  • жергілікті тұрғындар арасында аса қауіпті топтық жұқпалы аурулар кездессе немесе әскерге қауіпті басқа да жұқпалы аурулар кең таралған болса;

  • бөлімнің орналасу ауданында биологиялық қару ретінде аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштары қолданса;

  • обаның табиғи ошақтары көбейсе және жергілікті тұрғындар арасында бұл аурумен ауырған сырқаттанушылық болса.

Бөлімнің төтенше санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы майдан бастығының бұйрығымен жарияланады. Бөлемде карантин орнатылады. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізу үшін бірлестіктердің медициналық қызметінің бастығымен бөлімге қажетті эпидемияға қарсы күштер мен құралдар жіберіледі.

Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы төтенше деп бағаланған аудандар әскерді орналастыру үшін қолданылмайды. Егер қажет болған жағдайда келесі шараларды ұсынылады:



  • әскер тұрғындар пунктінен шалғай жерде орналасады және жергілікті тұрғындармен жеке құрамның қатынасы болмайды, майданның медициналық қызметімен анықталған эпидемиялық ошақтарды жоюға барлық шаралар жиынтығы жүргізіледі.

Әскердің барлық көрсетілген ауданға орналасатын жеке құрамы төтенше санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың себебі болған жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егіледі, жеке әскери құрам мен жергілікті тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары ұйымдастырылады. Медициналық қызметтің бастығы әскерге жұқпалы аурулардың енуін ескертуге шаралар қолдануға міндетті. Әскердің орналасқан ауданында эпидемияға қарсы шаралар жергілікті денсаулық сақтау органдарының қатысуымен жүргізіледі.
3.3 Әскери бөлімнің және әрекеттегі ауданның санитарлық-эпидемиологиялық жағдайының бағалауына байланысты оңашалау (обсервация, карантин) шараларын енгізу ерекшеліктері
Оңашалау шаралары (обсервация, карантин) – жеке құрамның ерекше тәртібін қарастырады, әскерге жылжу кезінде жұқпалы аурудың енуін ескертеді, пайда болған эпидемиялық ошақтардың жойылуын және әскерден жұқпалы аурудың шығуын ескертеді.

Тәртіпті шектеу шаралары шартты түрде 3 категорияға бөлінеді: қатаң түрдегі медициналық бақылау, обсервация және карантин.



Медициналық қатаң бақылау – бөлімнің жеке құрамының арасында жұқпалы ауруларды белсенді түрде анықтап, анықталған науқастарды оңашалау және ауруханаға жатқызуға бағытталған шектеулі шаралар. Медициналық тасымалдау кезеңдерінде жараланғандарды және науқастарды сұрастырып, тексеру (термометрия, зертханалық сараптама және байқау) түрінде жүргізіледі. Қатаң түрдегі медициналық бақылау медициналық қызметтің бастығының шешімімен бөлімнің және орналасу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын бағалағанда енгізіледі.

Обсервация – бұл жұқпалы аурулардың таралуын ескертуге бағытталған оңашалау-шектеулі, емдеу-алдын алу және арнайы санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар жүйесі. Обсервация қатаң медициналық бақылаудан басқа жеке құрамның жылжуын және орналасуын шектеулі түрде қарастырады. Бұл тәртіпті бөлімнің әрекеттегі ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қолайсыз деп бағалаған жағдайда медициналық қызметтің бастығымен және командирімен енгізіледі. Шектеулі тәртіптің дәрежесі мен сипаты жұқпалы аурудың эпидемиологиялық ерекшеліктерімен және нақты жағдайымен анықталады.

Бөлімнің әрекет ету ауданының эпидемиялық қолайсыз жағдайында жеке құрамның эпидемиялық ошақтармен қатынасы тоқтатылады және медициналық қызметтің бақылауынсыз ауыз су мен тағамдарды қолдануға рұқсат етілмейді.

Обсервациядағы бөлімшелер мен жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасын шектеу бойынша шаралар қолданылады, обсервациядағы бөлімшелерден көліктердің шығуы мен келуіне шектеу қойылады.

Бөлімшеде арнайы емдеу-профилактикалық және эпидемияға қарсы санитарлық шаралар жүргізіледі.

Обсервацияның мерзімі дәлелденген жұқпалы аурудың максимальды инкубациялық кезеңінің ұзақтылығымен анықталады. Оны соңғы науқасты оңашалаған уақыттан бастап, зақымдалған ошақта дезинфекцияның аяқталу мерзімімен есептейді.

Егер ықтимал қарсылас биологиялық қару қолданды деп танылса немесе жоғары контагиозды жұқпалы аурудың тез таралу мүмкіншілігі туындаса, онда обсервацияның орнына карантин қойылады.



Карантин – бұл өте қатаң тәртіптегі шектеулі және эпидемияға қарсы, жеке құрамның толық оңашалануына, эпидемиялық ошақта жұқпалы аурулардың тоқтатылуына, қарулы күзетпен қамтамасыз етілуге бағытталған шаралар жүйесі. Карантин медициналық қызмет бастығының әскердің орналасу және әрекет ету ауданының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы төтенше деп бағаланғаны туралы хабарланғанда, армияның (майданның) әскери бастығының бұйрығымен енгізіледі.

Карантин кезінде нақты жұқпалы аурулардың және эпидемиялық ошақтың өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты шаралар жүргізіледі. Карантиндегі бөлімнің айналасына қарулы күзет қойылады. Шектеулі тәртіп шаралармен қамтамасыз етуге коменданттық қызмет ұйымдастырылады. Жұқпалы аурудың әрі қарай таралуын шектеу үшін карантин жағдайында жеке құрамды жекелеп топтастырып бөлімшелерге орналастырады. Карантиннің ұзақтығы обсервациядағы сияқты қойылады.

Карантин қойылған кезде келесі шаралар жүргізіледі:


  • бөлімнен шығу және бөлімге кіруге, іс сапарға, демалысқа шығуға, әскердің құрамын толықтыруға және әскерді басқа бөлімдерге ауыстыруға тыйым салынады;

  • жеке құрамға медициналық бақылауды (сұрастыру, термометрия) күшейтеді;

  • науқастарды немесе ауруға күдік тудырғандарды анықтау, оларды оңашалап және зертханалық әдістермен әскери-медициналық зертханаларда тексеру, әрі қарай ӘДЖАГ-на және ӘДАҚЖАГ-на арнайы көлікпен тасымалдау;

  • арнайы емдеу-алдын алу және эпидемияға қарсы шараларды жүргізу;

Карантинді режимге енгізілген бөлімшелер медикаменттермен, тағаммен және құралдармен қамтамасыз етіледі. Карантиндегі эпидемияға қарсы шараларды жүргізуге санитарлық-эпидемиологиялық және емдеу мекемелерінің мамандары бөлінеді. Жағдайға байланысты оңашалау-емдеу, дезинфекциялық және зертханалық сонымен қатар жедел профилактиканы жүргізуге егулер жүргізетін мамандар тобы құрастырылады.
IV тарау
Соғыс уақытында әскерге эпидемияға қарсы (алдын алу) санитарлық шараларды ұйымдастыру және оның мазмұны
Әскердегі эпидемияға қарсы шаралар 3 бағытқа бөлінеді:

  1. Әскери құрамның бөлімшелері мен қосымшалары арасында жұқпалы аурулардың пайда болуын ескерту және әскер арасындағы эпидемиялық ошақтарды дер кезінде жою шаралары.

  2. Әскерге жұқпалы аурулардың енуін ескерту бойынша шаралар.

  3. Әскерден жұқпалы аурулардың шығуын ескерту шаралары.


4.1 Жеке құрамды эпидемияға қарсы қорғау бойынша жүргізілетін шаралар, жұқпалы ауруларды анықтау, оңашалау және тасымалдау ерекшеліктері
Эпидемияға қарсы шаралар жұқпалы аурумен ауырған науқастарды ерте анықтаудан басталады. Егер науқас ерте анықталса, ертерек оңашаланады, яғни өзін қоршаған адамдарды зақымдау мүмкіншілігі аз болады.

Егер әскери бөлімде жоғары сырқаттанушылықтың немесе эпидемиялық өршу болса, онда науқастар мен тасымалдаушыларды анықтау ерте жүргізілуі керек. Бұл кезде науқас өзі дәрігерге келгенін күтпей, бөлімдегі медициналық қызметкерлер күнделікті науқаспен қатынаста болғандардың денсаулығын сұрастырып, дене қызуын өлшеп және зертханалық тексеру жүргізіп отыру керек.

Анықталған жұқпалы науқастар тез арада оңашалау бөлмесіне орналастырылады. Оңашалауға тек аурудың клиникалық көріністері бар науқастар ғана емес, жұқпалы ауруға күдік туғызатын науқастар да, тасымалдаушылар да орналастырылады. Клиникалық диагнозы анықталған науқастарды тез арада бөлімшеден жұқпалы аурулар госпиталіне тасымалдау керек. Бір госпитальден екінші госпитальге жұқпалы аурулармен ауырған науқастарды тасымалдау тек аға медициналық бастықтың рұқсатымен жүргізіледі. Бұл жағдайда анықталған жұқпалы ауруларға күдік туған науқастар тез арада оңашалау бөлмесіне жіберіледі. Бұл шара міндетті түрде орындалу керек және ол әскери ұжымның ішінде жұқпа көзін анықтаумен байланысты. Жұқпалы ауруларды госпитальге тасымалдау арнайы санитарлық көлікпен жүргізіледі. Науқасты тасымалдаған кезде фельдшер бірге бару керек, оның тез арада жедел көмек көрсетуге арналған медикаменттері, дәрет ыдысы, науқастың бөліністерін жинап және залалсыздандыратын шелек, дезинфекциялық заттары болуы керек.

Науқас ауруханаға жатқызылғаннан кейін эпидемиялық ошақта қорытынды дезинфекция, қажет болса дезинсекция және дератизация міндетті түрде жүргізілуі керек.

Сонымен бірге, науқаспен ауруханаға жатқызғанға дейінгі уақытта қатынаста болған барлық адамдарды анықтап, оларды есепке алу керек. Науқаспен қатынаста болғандар және аса қауіпті науқастарға күдік тудырған адамдар сол жұқпалы аурудың максимальді инкубациялық мерзімі кезінде тез арада оңашаланады. Жұқпалы аурумен ауырған науқаспен қатынаста болған басқа адамдарға медициналық бақылау қойылады. Бұл адамдардың күнделікті дене қызуын өлшеп, денсаулық жағдайын сұрастырып отырады. Жұқпалы ауруларға күдік туғызған науқастар анықталса, олар тез арада оңашаланады.Есепке алғандарға жедел профилактика немесе вакцинопрофилактика заттары қолданылады. Әскери бөлімде жұқпалы аурумен ауырған науқастар саны көбейіп, эпидемиялық өршу пайда болса, бөлімге обсервация немесе карантин енгізіледі.
4.2 Әскер санын қосымша жауынгерлермен толықтыру кезінде жұқпалы аурудың енуінің алдын алу шаралары
Әскер санын толықтыру кезінде әскери бөлімде қабылдау күндері көптеген дайындық шаралары жүргізіледі. Жаңадан келгендерге санитарлық өңдеу жүргізу үшін қабылдау бөлмесі, оңашалау бөлмесі, дәретхана, жуынатын бөлме болу керек. Бұл бөлмелердің санитарлы-гигиеналық жағдайы қанағаттанарлық болу керек. Алдын ала монша, дезинфекциялық қондырғыларды дайындау керек, дезинфекциялық камералардың жұмысын тексеріп дайындау керек, таза ауыстырылатын киім-кешек, сабын, жөкелер және шаш алатын машинкалар болу керек.

Карантин жүргізуге арналған бөлмелерді дайындауға көп көңіл бөлінеді. Бұл бөлмелерде адамдар тығыз орналаспау керек. Бөлімнің медициналық қызметінің бастығы медициналық қызметкерлердің көмегімен эшелонның санитарлық-эпидемиялық жағдайын жол бойында жұқпалы аурулар кездесті ме, жоқ па, педикулез бар жоғын анықтайды. Әскери бөлімге келіп түскендер қабылдау бөлмесіне орналастырылып, дәрігер педикулезді анықтауға медициналық тексеру жүргізеді. Жұқпалы ауруларға күдіктілерді, терілік, паразиттік аурумен ауырғандарды анықтайды, егер болса оларды жеке бөлмелерге оңашалайды.

Қабылдау бөлмесінен жаңадан қабылданғандар санитарлық өңдеуге жіберіледі. Егер жұқпалы аурулар анықталмаса, карантин 2 аптаға созылады. Осы мерзім ішінде толық медициналық бақылау, кеуде қуысының рентгеноскопиясы, алдын ала егулер жүргізіледі.

Сүзек, паразиттік аурулармен, дизентериямен бұрын-соңды ауырғандарды бактериотасымалдаушылыққа зерттеу мақсатында есепке алады. Инкубациялық кезеңнің мерзімі өткеннен кейін жаңадан қабылданғандарды әскери бөлімнің бөлімшелеріне орналастырады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет