Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі


-бап. Тексерулердi тағайындау туралы акт



бет15/29
Дата14.06.2016
өлшемі1.9 Mb.
#135950
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   29

248-бап. Тексерулердi тағайындау туралы акт

1. Тексеру мемлекеттiк органның тексерудi тағайындау туралы актiсi негiзiнде жүргiзiледi.

2. Тексерудi тағайындау туралы актiде:

1) актiнiң нөмiрi мен күнi;

2) мемлекеттiк органның атауы;

3) тексеру жүргiзуге уәкiлеттi адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда) және лауазымы;

4) тексерулер жүргiзу үшiн тартылатын мамандар, консультанттар және сарапшылар туралы мәлiметтер;

5) тексерiлетiн субъектiнiң атауы немесе өзiне қатысты тексеру тағайындалған жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болғанда), оның орналасқан жерi, сәйкестендiру нөмiрi, аумағының учаскесi көрсетiледi.

Заңды тұлғаның филиалын және (немесе) өкiлдiгiн тексерген жағдайда тексерудi тағайындау туралы актiде оның атауы және орналасқан жерi көрсетiледi.

6) тағайындалған тексерудiң нысанасы;

7) тексеру жүргiзудiң мерзiмi;

8) тексеру жүргiзудiң құқықтық негiздерi, оның iшiнде мiндеттi талаптары тексеруге жататын нормативтiк құқықтық актiлер;

9) тексерiлетiн кезең;

10) осы Кодекстің 258-бабында көзделген тексерiлетiн субъектiнiң құқықтары мен мiндеттерi;

11) актiге қол қоюға уәкiлеттi адамның қолы және мемлекеттiк органның мөрi көрсетiледi.
249-бап. Тексерудi тағайындау туралы актiнi тiркеу

1. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда мемлекеттік инспекцияның еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы талаптарды сқтауын жоспардан тыс тексерулерді, салық қызметi органдары Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес жүзеге асыратын қарсы тексерулердi қоспағанда, тексерудi тағайындау туралы акт құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органында мiндеттi түрде тiркеледi.

Тексерулердi тағайындау туралы актiнi тiркеу есепке алу сипатында болады және қатерлерді басқарудың ведомстволық жүйесін қалыптастыру және жетілдіру үшін пайдаланылады.

Тексерудi тағайындау туралы актiнiң тiркелуi осындай тексерудiң заңдылығына дәлел болып табылмайды.

Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда мемлекеттік инспекцияның еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы талаптарды сақтауын жоспардан тыс тексерулерді, салық қызметi органдары жеке кәсіпкерлік субъектілері шегінде жүзеге асыратын қарсы тексерулерді тағайындау туралы актілер жөніндегі жалпы мәліметтер тоқсан сайын құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органға берiліп отырады.

2. Бақылау және қадағалау органының тексерудi тағайындау туралы актiсi тексерулер басталғанға дейiн құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда, оны тексерiлетiн субъектiнiң орналасқан жерi бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне ұсыну, оның iшiнде электронды форматта ұсыну арқылы тiркеледi.

Тексерудiң тағайындалғаны туралы актiлердi, тексерудi тоқтата тұру, қайта бастау, оның мерзiмдерiн ұзарту туралы, қатысушылар құрамын өзгерту және тексеру мен оның нәтижелерi туралы ақпараттық есептiк құжаттарды ұсыну туралы хабарламаларды тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындайды.

3. Тексерудi жүргiзу қажеттiгi қоғамдық тәртiпке, халықтың денсаулығына және Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiне төнген қауiптi дереу жоюды талап ететiн қалыптасқан әлеуметтiк-экономикалық ахуалға байланысты туындаған жағдайда, сондай-ақ тексерулердi жұмыстан тыс уақытта (түнгi уақытта, демалыс немесе мереке күндерi) жүргiзген кезде бұзушылықтарды жасау кезiнде тiкелей олардың жолын кесу қажеттiгiне қарай және айғақтарды бекiту үшiн кейiнге қалдыруға болмайтын iс-қимылдар жасау үшiн тексерулер тағайындау туралы актiнi тiркеу құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тексерулер басталғаннан кейiнгi келесi жұмыс күнi iшiнде жүргiзiледi.


250-бап. Тексерудi жүргiзу тәртiбi

1. Бақылау және қадағалау органы тексеру жүргiзудiң мерзiмдерi мен нысанасын көрсете отырып, тексерудiң өзi басталғанға дейiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күн бұрын жоспарлы тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы тексерiлетiн субъектiнi жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.

Жоспардан тыс тексеру жүргiзу кезiнде, осы Кодекстің 247-бабы 5-тармағының 2), 7), 9) және 10) тармақшаларында, 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк орган тексеру жүргiзу нысанасын көрсете отырып, тексерудiң өзi басталғанға дейiн кемiнде бiр тәулiк бұрын жоспардан тыс тексеру жүргiзудiң басталатыны туралы тексерiлетiн субъектiге хабарлауға мiндеттi.

1-1. Жоспарлы, іріктемелі, жоспардан тыс тексерулер, сондай-ақ тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің айрықша тәртібі бойынша тексерулер, егер осы тармақтың екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, ішкі еңбек тәртібінің қағидаларында белгіленген тексерілетін субъектінің жұмыс уақытында жүзеге асырылады.

Жоспардан тыс тексеру бұзушылықтардың тікелей оларды жасау кезінде жолын кесу қажеттілігі болған жағдайларда жұмыстан тыс уақытта (түнде, демалыс немесе мереке күндері) жүргізілуі мүмкін.

2. Объектiге тексеру үшiн келген мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары:

1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркелгенi туралы белгi қойылған тексерудi тағайындау туралы актiнi;

2) қызметтiк куәлiгiн;

3) қажет болған кезде режимдi объектiлерге баруға арналған құзыреттi органның рұқсатын;

4) денсаулық сақтау саласындағы уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен берiлген, объектiлерге бару үшiн қажет болатын медициналық рұқсаттаманы;

5) жоспарлы тексеру кезiнде тексеру парағын көрсетуге мiндеттi.

Тексерудi тағайындау туралы актiнi тексерiлетiн субъектiге берген күннен бастап тексеру жүргiзу басталған болып есептеледi.

3. Тексерудi тағайындау туралы актiнi қабылдаудан бас тартқан немесе тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органдары лауазымды адамының тексеру жүргiзуге қажеттi материалдарға қол жеткiзуiне кедергi келтiрiлген жағдайда хаттама жасалады. Хаттамаға тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы және тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы қол қояды.

Тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамы бас тарту себебi туралы жазбаша түсiнiктеме берiп, хаттамаға қол қоюдан бас тартуға құқылы. Тексерудi тағайындау туралы актiнi алудан бас тарту тексерудi жүргiзбеу үшiн негiз болып табылмайды.

4. Тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген лауазымды адам (адамдар) ғана тексеру жүргiзе алады. Бұл ретте тексеру жүргiзушi лауазымды адамдардың құрамы бақылау және қадағалау органының шешiмi бойынша өзгеруi мүмкiн, бұл туралы тексерiлетiн субъект және құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi орган тексеру тағайындау туралы актiде көрсетiлмеген адамдардың тексеруге қатысуы басталғанға дейiн, ауыстыру себебi көрсетiле отырып, хабардар етiледi.

5. Тексерілетін субъектіні (объектіні) бір уақытта бірнеше бақылау және қадағалау органдарының тексеру жүргізуі қажет болған кезде, осы органдардың әрқайсысы тексеруді тағайындау актісін ресімдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркеуге міндетті.

Бір бақылау және қадағалау органының бір ғана мәселелер шеңбері бойынша бірнеше тексерілетін субъектілерге бір мезгілде тексеру жүргізуі қажет болған кезде мынадай:

1) салық органдарында тіркеу есебіне қою;

2) бақылау-кассалық машиналардың болуы;

3) акциздік және есептік-бақылау маркаларының болуы және түпнұсқалылығы;

4) алкоголь өніміне, мұнай өнімдеріне және биоотынға ілеспе жүкқұжаттарының болуы және олардың түпнұсқалығы;

5) лицензияның болуы;

6) этил спиртін босатуға рұқсаттың болуы;

7) патенттің болуы;

8) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 574-бабында көрсетілген тіркеу карточкасының болуы;

9) төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді жүзеге асыруға арналған жабдықтың (құрылғының) болуы мәселелерi бойынша жүргiзiлетiн салықтық тексерулердi қоспағанда, осы орган тексерiлетiн әрбiр субъектiге тексерудi тағайындау туралы актiнi ресiмдеуге және оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркеуге мiндеттi.»;


251-бап. Тексеру жүргiзу мерзiмi

Тексеру жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, сондай-ақ қойылған міндеттер ескеріле отырып белгіленеді және ол Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексеруді, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы, құрылыс объектілерінде Қазақстан Республикасының еңбек туралы, қауіпсіздік және еңбекті қорғау заңнамасын сақтау саласында жүргізілетін тексерулерді жүргізу кезіндегі жекелеген жағдайларды қоспағанда, микрокәсіпкерлік субъектілері үшін - бес жұмыс күнінен, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері және жеке кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын субъектілер үшін отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс, олар үшін салалық ерекшеліктері ескеріле отырып, тексерулер жүргізудің мынадай:

1) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы тексерулер – он бес жұмыс күніне дейін және он бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын;

2) ветеринария, карантин және өсімдіктерді қорғау, тұқым шаруашылығы, астық және мақта нарығы саласында – бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын мерзімдері белгіленген;

3) салынып жатқан объектілерде олардың техникалық киындығына қарай Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнаманы сақтау саласында:

техникалық қиын объектілерге жататындарға – бес жұмыс күнінен аспайтын және бес жұмыс күніне дейін ұзартылатын мерзімдері;

техникалық қиын объектілерге жатпайтындарға - жұмыс күнінің бес сағатынан аспайтын және жұмыс күнінінің он екі сағатына дейін ұзартылатын мерзімдері белгіленген.

Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген салықтық тексерулердi жүргiзу кезiндегi жекелеген жағдайларды және осы тармақта көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болғанда, сондай-ақ тексеру көлемiнiң ауқымды болуына байланысты бақылау және қадағалау органының басшысы (не оның орнындағы адам) тексеру жүргiзудiң мерзiмiн отыз жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмге бiр рет қана ұзарта алады.

Тексеру мерзiмдерi ұзартылған жағдайда мемлекеттiк орган мiндеттi түрде құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органда тiркей отырып, тексерудi ұзарту туралы қосымша актiнi ресiмдейдi, онда тексерудi тағайындау туралы алдыңғы актiнiң нөмiрi мен тiркелген күнi және ұзартудың себебi көрсетiледi.

Тексеру бiр айдан аспайтын мерзiмге бiр рет тоқтатыла тұруы мүмкiн.

Тексеру жүргiзу аясында шет мемлекеттерден елеулi мәнi бар мәлiметтер және құжаттар алу, отыз жұмыс күнiнен асатын мерзiмде арнайы зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргiзу қажет болған жағдайларда тексеру жүргiзу мерзiмi оларды алғанға не орындағанға дейiн тоқтатыла тұрады.

Тексерiлетiн субъектiнi тексерудi тоқтата тұру не қайта бастау туралы хабардар ету құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi уәкiлеттi органды хабардар ете отырып, тексерудi тоқтата тұруға не қайта бастауға дейiн бiр күн бұрын жүргiзiледi.

Тексерудi тоқтата тұру немесе қайта бастау кезiнде тексерудi тоқтата тұру не қайта бастау туралы акт шығарылады.

Тоқтатыла тұрған тексерудi жүргiзу мерзiмiн есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.

Тоқтатыла тұрған және осы бапта белгiленген мерзiмдерде қайта басталмаған тексеру бойынша тексерiлетiн субъектiнi тексерудi қайта жүргiзуге жол берiлмейдi.

Салық қызметi органдары жүзеге асыратын тексерулердi жүргiзудiң, ұзартудың және тоқтата тұрудың тәртiбi мен мерзiмдерiнiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде айқындалады.


252-бап. Сараптау (талдау, сынақтан өткiзу) үшiн өнiмдердiң

үлгiлерiн iрiктеу тәртiбi

1. Бақылау және қадағалау жүргiзу үшiн өнiм үлгiлерiн iрiктеу, оның iшiнде iрiктеп алынатын үлгiлердiң саны нормативтiк құқықтық актiлердiң және Қазақстан Республикасының нормативтiк құжаттарының өнiмге және өнiмдердi сынақтан өткiзу әдiстерiне қойылатын талаптарға сәйкес айқындалады.

2. Өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеудi бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы тексерiлетiн субъект басшысының немесе өкiлiнiң және тексерiлетiн субъектiнiң уәкiлеттi адамының қатысуымен жүргiзедi және өнiмнiң үлгiлерiн iрiктеу актiсiмен расталады.

Өнiмдердiң iрiктеп алынған үлгiлерi жинақталған, буып-түйiлген және пломбыланған (мөр басылған) болуға тиiс.

3. Өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеу актiсi үш данада жасалады. Актiнiң барлық даналарына өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеп алған лауазымды адам және тексерiлетiн субъектiнiң басшысы не өкiлi қол қояды.

Iрiктеу актiсiнiң бiр данасы жолдамамен және тиiстi түрде iрiктеп алынған өнiмнiң үлгiлерiмен бiрге сараптау (талдау, сынақтан өткiзу) үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен уәкiлеттiк берiлген ұйымға жiберiледi.

Өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеу актiсiнiң екiншi данасы тексерiлетiн субъектiде қалады.

Өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеу актiсiнiң үшiншi данасы өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеудi жүзеге асырған бақылау және қадағалау органының лауазымды адамында сақталады.

4. Iрiктеп алынған өнiмдердiң үлгiлерiн сақтау және тасымалдау осы үлгiлердi сараптау (талдау, сынақтан өткiзу) жүргiзiлетiн өлшемдердi өзгертуге тиiс емес.

Сараптау (талдау, сынақтан өткiзу) үшiн өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеп алатын бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы, олардың сақталуын және сараптаманы (талдауды, сынақты) жүзеге асыру орнына уақтылы жеткiзiлуiн қамтамасыз етедi.

5. Өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеумен байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.

6. Сараптама нәтижелерiмен тексерiлетiн субъектiнiң осы Кодекстің 234-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген мiндеттi талаптарды бұзу фактiсi расталған жағдайда, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сараптама жүргiзу жөнiндегi шығыстарды өтеуге мiндеттi.

7. Тексерiлетiн субъектi өз бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сараптама (талдау, сынақ) жүргiзуге уәкiлеттi ұйымда өзiнде қалған үлгiге сараптама (талдау, сынақ) жүргiзе алады.

Бақылау және қадағалау органы және тексерiлетiн субъект жүргiзген сараптамалар нәтижелерiнiң алшақтықтары туралы дау сот тәртiбiмен шешiледi.


253-бап. Өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеу актiсi

Өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеу актiсiнде:

1) жасалу орны және күнi;

2) соның негiзiнде өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеу жүзеге асырылатын бақылау және қадағалау органы басшысы шешiмiнiң нөмiрi және күнi;

3) өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеудi жүзеге асыратын лауазымды адамның лауазымы, тегi, аты және әкесiнiң аты;

4) өнiмдердiң үлгiлерiн iрiктеу жүргiзiлетiн тексерiлетiн субъектiнiң атауы және орналасқан жерi;

5) тексерiлетiн субъект уәкiлеттi адамының лауазымы және тегi, аты, әкесiнiң аты;

6) өндiрушiнi, өндiру күнiн, партияның сериясын (нөмiрiн), үлгiлердiң жалпы құнын көрсете отырып, iрiктеп алынған өнiмдер үлгiлерiнiң тiзбесi және саны;

7) буып-түю түрi және мөрдiң (пломбының) нөмiрi көрсетiледi.
254-бап. Тексеру жүргiзу кезiндегi шектеулер

Тексеру жүргiзу кезiнде бақылау және қадағалау органы лауазымды адамдарының:

1) егер мұндай талаптар мемлекеттiк органның атынан әрекет ететiн лауазымды адамдардың құзыретiне жатпаса, осы Кодекстің 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптардың орындалуын тексеруге;

2) егер құжаттар, ақпарат, өнiм үлгiлерi, қоршаған орта объектiлерiн және өндiрiстiк орта объектiлерiн зерттеу сынамалары тексеру объектiлерi болып табылмаса немесе тексеру нысанасына жатпаса, оларды ұсынуды талап етуге;

3) өнiм үлгiлерiне, қоршаған орта объектiлерiн және өндiрiстiк орта объектiлерiн зерттеу сынамаларына зерттеу, сынау, өлшеу жүргiзу үшiн көрсетiлген үлгiлердiң, сынамалардың белгiленген нысан бойынша және (немесе) ұлттық стандарттарда, үлгiлердi, сынамаларды iрiктеп алу қағидаларында және олардың зерттеу, сынау, өлшеу әдiстерiнде, техникалық регламенттерде немесе олар күшiне енетiн күнге дейiн қолданыста болатын өзге де нормативтiк техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидаларында және әдiстерiнде белгiленген нормадан асатын санда iрiктеп алынуы туралы хаттамаларды ресiмдемей, оларды iрiктеп алуға;

4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргiзу нәтижесiнде алынған және коммерциялық, салықтық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты жария етуге және (немесе) таратуға;

5) тексеру жүргiзудiң белгiленген мерзiмдерiнен асып кетуге;

6) осы Кодекстің 247-бабы 5-тармағының 2), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, белгiлi бiр мәселе бойынша, белгiлi бiр кезең iшiнде бұрын тексеру жүргiзiлген тексерiлетiн субъектiге қатысты көрiнеу қайта тексеру жүргiзуге;

7) мемлекеттiк бақылау мақсатында тексерiлетiн субъектiлердiң есебiнен шығынды сипаттағы iс-шараларды жүргiзуге құқығы жоқ.
255-бап. Тексерулердi ресiмдеу тәртiбi

1. Тексерудiң нәтижелерi бойынша бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы екi данада тексеру нәтижелерi туралы актi жасайды.

Тексеру нәтижелерi туралы актiде:

1) актiнiң жасалған күнi, уақыты және орны;

2) бақылау және қадағалау органының атауы;

3) оның негiзiнде тексеру жүргiзiлген, тексерудi тағайындау туралы актi жасалған күнi мен оның нөмiрi;

4) тексеру жүргiзген адамның (адамдардың) тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған жағдайда) және лауазымы;

5) тексерiлетiн субъектiнiң атауы немесе тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған жағдайда), тексерудi жүргiзу кезiнде сол жерде болған жеке немесе заңды тұлға өкiлiнiң лауазымы;

6) тексерудiң жүргiзiлген күнi, орны және кезеңi;

7) тексерудiң нәтижелерi туралы, оның iшiнде анықталған бұзушылықтар туралы, олардың сипаты туралы мәлiметтер;

8) тексерiлетiн субъектi өкiлiнiң, сондай-ақ тексерудi жүргiзу кезiнде қатысқан адамның актiмен танысуы туралы немесе танысудан бас тартуы туралы мәлiметтер, олардың қолы немесе қол қоюдан бас тартуы;

9) тексерудi жүргiзген лауазымды адамның (адамдардың) қолы көрсетiледi.

Тексерудiң нәтижелерi туралы актiге олар болған жағдайда өнiмдердiң үлгiлерiн (сынамаларын) iрiктеу, қоршаған орта объектiлерiн зерттеу туралы актiлер, жүргiзiлген зерттеулердiң (сынақтардың) және сараптамалардың хаттамалары (қорытындылары) және тексеру нәтижелерiмен байланысты басқа да құжаттар немесе олардың көшiрмелерi қоса берiледi.

2. Тексерудiң нәтижелерi бойынша ескертулер және (немесе) қарсылықтар болған жағдайда, заңды тұлғаның басшысы немесе жеке тұлға не олардың өкiлдерi оларды жазбаша түрде баяндайды.

Ескертулер және (немесе) қарсылықтар тексеру жүргiзудiң нәтижелерi туралы актiге қоса берiледi, ол туралы тиiстi белгi жасалады.

3. Тексерiлетiн субъектiде түпнұсқа ретiнде болатын құжаттардың көшiрмелерiн қоспағанда, қосымшаларының көшiрмелерi бар тексерудiң нәтижелерi туралы актiнiң бiр данасы танысу және анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде шаралар қабылдау және басқа да iс-қимылдар үшiн заңды тұлғаның басшысына немесе жеке тұлғаға не олардың өкiлдерiне тапсырылады.

4. Тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтар бойынша тексерiлген субъектi үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей, қарсылықтар болмағанда тексерудi жүргiзген мемлекеттiк органның басшысымен келiсiлген мерзiмдердi көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнiнде қабылданатын шаралар туралы ақпарат беруге мiндеттi.

5. Тексерiлетiн субъектiлердiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабын жүргiзуге құқығы бар. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары тексерiлетiн субъектiлердiң келушiлер мен тексерулердi есепке алу кiтабында тегiн, лауазымдарын және актiде баяндалған деректердi көрсете отырып, жүргiзiлген iс-әрекет туралы жазба жасауға мiндеттi.

6. Түпнұсқалық бухгалтерлiк және өзге де құжаттарды алып қоюға және алуға тыйым салынады.

Түпнұсқалық құжаттарды алып қою және алу Қазақстан Республикасы Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң нормаларына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiнде көзделген жағдайларда жүргiзiледi.

7. Тексеру жүргiзiлген кезде осы Кодекстің 234-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылық болмаған жағдайда тексеру нәтижелерi жөнiндегi актiге тиiстi жазба жасалады.

8. Тексерiлетiн субъектiге тексерудi тағайындау туралы актiде көрсетiлген тексерудi аяқтау мерзiмiнен кешiктiрiлмей тексеру нәтижелерi туралы актiнiң тапсырылған күнi тексеру мерзiмiнiң аяқталуы деп есептеледi.


256-бап. Бақылау және қадағалау органдарының лауазымды

адамдарының тексерулер жүргiзу кезiнде анықталған

бұзушылықтар фактiлерi бойынша қабылдайтын

шаралары

Егер тексеру жүргiзу нәтижесiнде тексерiлетiн субъектiнiң осы Кодекстің 234-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылықтардың фактiсi анықталған болса, бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы (адамдары) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өкiлеттiктер шегiнде анықталған бұзушылықтарды жою, олардың алдын алу, адамның өмiрiне, денсаулығына және қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделерiне ықтимал зиян келтiрудi болдырмау жөнiнде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қабылдауға, сондай-ақ бұзушылыққа жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа тарту жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.

Тексерiлетiн субъектiге қатысты тыйым салу-шектеу сипатындағы шаралар қабылдаған кезде бақылау және қадағалау органы Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған жағдайларда және тәртiппен прокурорды хабардар етедi.
257-бап. Мемлекеттiк органдар лауазымды адамдарының

бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезiндегi

құқықтары мен мiндеттерi

1. Тексерiлетiн субъектiлерге бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының:

1) осы Кодекстің 257-бабының 3-тармағында көрсетiлген құжаттарды көрсеткен кезде тексерiлетiн объектiнiң аумағына және үй-жайларына кедергiсiз кiруге;

2) қағаз және электронды жеткiзгiштердегi құжаттарды (мәлiметтердi) не олардың көшiрмелерiн тексеру нәтижелерi туралы актiге қосу үшiн алуға, сондай-ақ тексерудiң мiндеттерi мен нысанасына сәйкес автоматтандырылған деректер қорына (ақпараттық жүйелерге) қол жеткiзуге;

3) мемлекеттiк органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандарын, консультанттарын және сарапшыларын тартуға құқығы бар.

2. Тексерудi жүзеге асыратын бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына тексеру нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтiнiш жасауға тыйым салынады.

3. Бақылауды және қадағалауды жүргiзу кезiнде бақылау мен қадағалау органдарының лауазымды адамдары:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, тексерiлетiн субъектiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн сақтауға;

2) тексерудi осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiзде және тәртiппен қатаң сәйкестiкте жүргiзуге;

3) тексеру жүргiзу кезеңiнде тексерiлетiн субъектiлердiң белгiленген жұмыс режимiне кедергi жасамауға;

4) осы Кодекстің 5-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарды бұзушылықтың алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген өкiлеттiктердi уақтылы және толық көлемде орындауға;

5) тексеру жүргiзу кезiнде тексерiлетiн субъектiнiң қатысуына кедергi келтiрмеуге, тексеру нысанасына жатқызылған мәселелер бойынша түсiнiктер беруге;

6) тексеру жүргiзу кезiнде тексерiлетiн субъектiге тексерудiң мәнiне қатысты қажеттi ақпарат беруге;

7) тексеру аяқталған күнi не «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде тексерiлетiн субъектiге жүргiзiлген тексерудiң нәтижелерi туралы актiнi беруге;

8) алынған құжаттардың және тексеру жүргiзу нәтижесiнде алынған мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет