Қазақтар және османдық ТҮріктер: Өзара байланыстары тарихынан



Дата10.06.2016
өлшемі157 Kb.
#126997
ӘОЖ 325:8:950

РҮСТЕМОВ С.К.

Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент



ҚАЗАҚТАР ЖӘНЕ ОСМАНДЫҚ ТҮРІКТЕР: ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫ ТАРИХЫНАН ( ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ – ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІ)

Аннотация

Мақалада ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы өзара байланыстарының ерекшеліктері қарастырылады. Бұл мәселе мұрағат құжаттары мен жарияланған еңбектердің мәліметтері негізінде талданады. Автор патшалық Ресейдің үстемдігі жағдайында қазақтардың арасында османдық түріктермен байланыс орнатуға деген талпынысына отарлық билік тарапынан жасалған тосқауылдарды барынша ашып көрсетуге барынша мән береді.



Түйін сөздер: қазақтар, түріктер, османдықтар, түрікшілдік, мұсылманшылдық, жәдидшілдік, отарлық саясат, азаттық күрес.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған сәтте оны әлемдік қауымдастықтағы елдер ішінен алғаш болып Түркияның мойындағаны белгілі. Содан бергі кезеңде екі елдің арасындағы қарым-қатынастың қарқынды түрде дамып келе жатқанына баршамыз куә болып отырмыз. Бүгінгі таңда осы байланыстардың өткен дәуірлердегі ерекшелігіне де назар аударғанымыз абзал. Мұндай бағыттағы зерттеу жұмысы тарихи жадымыздың жаңғыруына серпін беріп, қазіргі кездегі түрік тілдес халықтардың арасындағы байланыстардың астарын аңғаруға және оны дұрыс бағамдауға деген мүмкіндікті арттыра түседі.

Тарихшылар тарапынан әлі күнге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей келе жатқан мәселелердің бірі Қазақстан аумағына патшалық Ресейдің үстемдігі толық орныққан кезде отарлық тәуелділікте болған қазақ халқының османдық түріктермен өзара байланысы мәселесі болып табылады. Мұны бұл мәселеге арналған іргелі зерттеу жұмысының осы уақытқа дейін қолға алына қоймағандығынан да аңғаруға болады.

Патшалық Ресей 1853-1856 жылдардағы Қырым соғысында жеңіліс тапқанына қарамастан, осыдан кейінгі он жылдай мерзім ішінде Орталық Азияда өз үстемдігін орнатып, бұл өңірде өзінің отарлық басқару жүйесін құруды жүзеге асырды. Ендігі жерде Орталық Азия халықтарының өзге елдердегі халықтармен байланысының қалайша жүру керектігін шешу толығымен патша өкіметінің қолына көшті. Ресейдің протекторатына айналған Бұқар әмірлігі мен Хиуа хандығындағы жағдай да осы тәріздес болды.

Орталық Азиядағы жергілікті халықтың басқа елдердегі діндес, тілдес халықтармен байланыс жасауына мүлдем тыйым салу наразылық туғызбай қоймайтындығын патша өкіметі жақсы түсінді. Осыған орай патша өкіметі белгілі дәрежеде османдық түріктердің Орталық Азия аумағына енуіне және жергілікті халық өкілдерінің Осман империясы жеріне баруына мүмкіндік беру жайлы, сондай-ақ Ресей империясы аумағына заңды тәртіпке сәйкес келіп, саудамен немесе басқа шаруашылық істермен шұғылданатын османдық түріктер мен өзге де шетелдіктердің әрекеттері зиянды болмаса, ондайларды тек үкіметтің ұйғарымымен ғана елден шығару жөніндегі ережелерді бекітті. Дегенмен осындай ережелерге қарамастан, 1870 жылы отарлық билік орындары османдық түріктердің қазақ даласында тұруы зиянды, олар жергілікті халықты билікке қарсы айдап салуы мүмкін деп сезіктеніп, Осман империясынан келген адамдарды қазақтар арасында тұрғызбау керек деген пікірде болды [1, 1-4 п.]. Мұндай күдіктің болуына патша өкіметінің 1867-1868 жылдары жүргізген саяси-әкімшілік реформаларына байланысты қазақтар арасында туындаған көтеріліс өз әсерін тигізген еді. Өйткені, осы көтеріліс барысында белсенділік танытқандардың арасында Осман империясы аумағына өтіп кетушілер де болған-ды.

Отарлық билік орындары Орталық Азиядағы жергілікті халық өкілдерінің Осман империясы аумағына рұқсатсыз өтіп кетіп, түрік азаматтығын қабылдауына жол бермеуге тырысты. Бұған 1864 жылы өз бетінше Ыстамбұлға барып, түрік азаматтығын алған Ішкі Ордадағы ахунның бұрынғы көмекшісі және сондағы қазақ мектебінде Ислам дінінің негіздері бойынша дәріс берген Әбсаттар Жәбіровтың 1871 жылы шілдеде туыстарымен көрісу үшін келген кезде патша өкіметі тарапынан тұтқындалуын мысал ретінде келтіруге болады. Бірақ та патша өкіметі Ә. Жәбіровты қатаң жауапкершілікке тарту жергілікті мұсылмандардың наразылығын туғызуы мүмкін деп сезіктенді. Осыған орай Ішкі істер министрлігі Ә. Жәбіровтің халық арасында ешқандай үгіт-насихат пен діни уағыз жүргізбегенін ескеріп, оны 1872 жылы қаңтарда абақтыдан босатты. Сондай-ақ Ә. Жәбіровтің Ресей империясы аумағына қайта келуіне тыйым салып, оны Осман империясы иелігіне өткізіп жіберуді қажет деп тапты [2, 1-5 п.].

Осман империясында сол тұста орын алған ішкі қайшылықтарға қарамастан, Ресей империясындағы мұсылман жұртшылығы арасында, сондай-ақ Орталық Азияның жергілікті халқының ішінде де түрік сұлтанына құрметпен қараушылық белең алды. Мұсылмандардың қажылыққа түрік жері арқылы баруы және бірқатар имамдардың түрік сұлтанын халиф ретінде іштей мойындауы османдық түріктерге деген ілтипатты арттыра түсті. Соның негізінде түркістандық мешіттердің күмбезіне османдық түріктердің мешіттеріндегідей жарты ай белгісі қойыла бастады [3, с.136]. Мұны белгілі шығыстанушы В.В. Бартольдтың «мешіттердің күмбезіне алтын түстес жарты ай белгісін исламның символы ретінде қою османдық түріктерге ғана тән, Орта Азияны орыстар жаулағанға дейін түркістандық мешіттерде ондай белгі болмаған» деген тұжырымы нақтылай түссе керек [4, с.490].

Түрік сұлтанына деген ілтипат Ресей мұсылмандары арасында ғана емес, сол кезде Шығыс Түркістанда бой көтерген Жетішар мемлекетінде де орын алды [5, 94-100 b.]. Жетісу өңіріндегі қазақтар мен қырғыздар тарапынан қолдаушылыққа ие болған Жетішар мемлекетінің билеушісі Жақыпбек Бадаулет өзін түрік сұлтанына бас иетіндігін және мемлекеттің болашақ мұрагерін белгілеу де соған тиесілі екенін мәлімдеген-ді. Сондай-ақ Жетішар мемлекетінің әскерлері арасында ерікті түрде келген түрік азаматтары да болды. Жақыпбектің артиллеристері де түрік әскерінің киім үлгісінде киінді. Жауынгерлерді әскери тәртіпке, зеңбірек атуға үйретуге Әли есімді түрік жетекшілік жасаған [6, 132 п.].

Ресей империясындағы мұсылмандардың түрік сұлтанына деген іштартушылығынан патша өкіметі 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысы кезінде қатты секем алды. Өйткені, соғыстың басталу қарсаңында түрік армиясының басшылығы Кавказдағы мұсылман дін басылары арасында қызу жұмыстар жүргізіп, кавказдық мұсылмандарды «бүлік» жасауға итермелей бастаған-ды [7, с.60]. 1876 жылы шілдеде Ішкі істер министрлігі жергілікті билік орындарына арнайы мәлімдеме таратып, Ыстамбұлдағы дін басылардың Ресей мұсылмандарымен байланыс орнату арқылы олардың «діни фанатизмін» оятпақ ниетте екенін, сөйтіп, толқулар туғызуды көздеп отырғанын, соған орай елге түрік тыңшыларының еніп кетуінен сақтану керектігін ескерткен болатын. Мұндай нұсқаудан кейін отарлық билік орындары шұғыл түрде мұсылман елдімекендеріне қадағалауды күшейтіп, тез арада Орынбор қаласынан, Торғай облысының Елек уезінен және Уфа губерниясының Мензелинск уезінен үш түрікті, сондай-ақ Түркістан генерал-губернаторлығынан екі түрік азаматын қолға түсіріп, тұтқынға алды [8, 3 п.]. Түрік эмиссарларының елдегі мұсылмандар арасына енуіне тосқауыл қою бағытындағы осындай «нәтижелі әрекет» император ІІ Александр тарапынан қолдау тауып, оның нұсқауымен губернаторларға «қатаң бақылауды жалғастыра түсу керек» деген ресми тапсырма да берілді [9, 9 п.].

Жергілікті отарлық билік орындары түрік эмиссарларын әшкерелеу барысында Орталық Азия аумағына бұдан бірнеше жыл бұрын келіп, белгіленген тәртіпке сәйкес тіркеуден өтіп, түрлі кәсіппен айналысып жүрген османдық түріктерді елдің аумағынан ығыстыруды қолға алды. Мәселен, саудамен шұғылданып жүрген Шейх-Әли деген османдық түрік Дәуіт есімді ұлымен бірге Ішкі Ордада ұсталып, еліне қайтарылды [10, 9-10 п.]. Ақтөбе өңіріне Астраханнан кітап тасымалдап, бұл кітаптарды қазақтар арасында сатумен айналысқан Қапез Хұсейін деген османдық түріктің әрекетінен сезіктенген билік орындары оған іздеу салып, оны еліне қайтаруға талпынды. Осы мақсатта Қапез Хұсейінмен тығыз байланыста болған Ақтөбе болыстығында тұратын хазірет Нұрпейіс Байғарин тергеуге алынған-ды [9, 1 п.].

Патша өкіметі Түркиямен соғыс бастала қалған жағдайда Орталық Азияның жергілікті тұрғындары бүлік шығаруы ықтимал деп сезіктенді. Мұндай күдіктің орыс-түрік соғысы басталғаннан кейін одан сайын күшейгені соншалықты, билік орындары әрбір болыстықтағы қазақтардың көңіл-күйін қадағалауға алды. Сол себепті уез бастықтары өз қарамағындағы болыс басқарушыларына мынандай мазмұндағы нұсқау берді: «Түркиямен болып жатқан соғысқа байланысты өзіңізге сеніп тапсырылған болыстықтағы қазақтардың көңіл күйі мен рухы жөнінде және олардың арасында бізге қастандық жасауға итермелеп жатқан түрік азаматтарының бар-жоғы туралы тез арада мәлімет жинастырып, оны уездік басқармаға жөнелтіңіз» [8, 42 п.].

Орыс-түрік соғысы жүріп жатқан шақта Орталық Азия аумағында патша үкіметі күткендей бүлік орын ала қойған жоқ. Мұндай бүлік Ресей империясында тек Солтүстік Кавказ халықтары арасында ғана бой көрсетті [11, с. 79]. Билік орындары соғыс тұсында Орталық Азия халықтарын патша өкіметіне ізгіниеттілік танытуға шақырды. Соғыс барысында жарақат алған орыс жауынгерлеріне жәрдем көрсету үшін халықтан қаражат жинастыратын Қызыл крестің бөлімшелерін империяның түпкір-түпкірінде, тіпті, сол кезде орыс билігі орнаған Құлжа өңірінде ашуды да қолға алды [12, 1-3 п.].Бірақ мұндай әрекет айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Дегенмен осы жерде соғыс кезінде орыс армиясы қатарында Ресйдегі мұсылман халықтарының өкілдері де болғанын айта кеткен жөн. Мәселен, бұрынғы Бөкей ордасының билеушісі Жәңгір ханның ұлы – Ғұбайдолла Жәңгіров осы соғысқа қатысып, генерал-майор шеніне қол жеткізген еді [13, с. 103]. Сондай-ақ қазақтар арасында соғыс қимылы жүріп жатқан жердегі орыс әскерлеріне көмек көрсетуге ниет танытқандар да болды. Бұған Жетісу өңіріндегі қазақтардан Балқанда соғыс қимылдарын жүргізіп жатқан генерал М.Д. Скоблевтің әскеріне деп 3 мың жылқыны үкімет қаржысына сатып алуға атсалысқаны үшін Талғар болыстығының басқарушысы Алпысбай Тасболатовтың патшаның атынан алғыс алғаны мысал бола алады [14, 25 п.].

Түрік армиясы орыс-түрік соғысында жеңіліс тапқаннан кейінгі кезеңде османдық түріктер мен Орталық Азияның жергілікті халқы арасындағы байланыс доғарылып қалмады. Сол кезде Ресей империясында христиан емес халықтарды орыстандыру, шоқындыру әрекеттерінің қарқын алуы мұсылмандардың Осман империясына эмиграцияға кетуге деген талпынысын туындатқан еді [15, с.288]. Мұндай талпыныс Кавказ өңіріндегі мұсылмандар арасында қарқынды сипат алды. Кейбір зерттеушілердің келтірген мәліметтеріне қарағанда, осы үрдіс кезінде тек черкес халқының 2 миллионға жуық өкілі Осман империясына қоныс аударған [16, с.50]. Бұл қозғалыстың өріс алуы барысында патша өкіметінің Сыртқы істер министрлігі 1890 жылы Еділ-Жайық өңіріндегі мұсылмандарға діни себептерге байланысты шетелге кетуіне рұқсат беретін арнайы қаулы да шығарды. 1892 жылы түрік сұлтаны ІІ Абдулхамид Ресей империясы аумағынан қоныс аударуға ниет танытқан бірнеше мың мұсылманды қабылдауға өз келісімін де берді. Осыдан соң, 1893 жылға дейін Еділ-Жайық өңірінен 3 мыңға жуық татар халқының өкілдері түріктер жеріне барып, ол жақта сұлтанның қамқорлық танытуымен үйлі-жайлы болуға қол жеткізді [17, с.159]. Осман империясы аумағына сол тұста қоныс аударған Бекнияз Нұрманов секілді қазақтар да болды. Орал облысындағы Қайыңды болыстығының №1 ауылында тұрған Б. Нұрманов түріктер иелігіне өзінің отбасымен 1895 жылы көшкен еді [18, 13 п.].

ХІХ ғасырдың соңына қарай Орталық Азия аумағында діни уағыздар жүргізген османдық дін басылардың бой көрсетуі жилей түсті. Ондай дін басылары Бұқар әмірлігі мен Хиуа хандығы аумағында да, сондай-ақ Түркістан өлкесі мен далалық облыстарда да байқалды. Мәселен, 1891 жылы Семей облысының Зайсан уезінде діни уағыз жүргізумен Мұстафа Сейітата есімді түрік діндары белсенділік танытты. Ол Қара Ертіс болыстығының молдасы Жақып Битімовпен және Қалжыр болыстығының молдасы Болат Шынжырбаевпен жақын қарым-қатынас орнатып, олармен бірге Қытай иелігіндегі қазақтар арасында да болып қайтқан еді. Мұстафа Сейітатаны қазақтар хазірет деп қадірлеп, оның діни уағыздарына ден қоюынан Зайсан уезінің бастығы секем алып, оны облыс аумағынан аластау мақсатында әскери губернаторға шағым түсірді. Осы шағымның негізінде, қазақтарға зиянды ықпал жасауда, оларды үкіметтік тәртіпке қарсы қоймақшы деген желеумен билік орындарының қыспағына алынған Мұстафа Сейітата 1892 жылдың соңына қарай Семей облысынан кетуге мәжбүр болды [19, 1-6 п.].

Семей облысы аумағында болған османдық түріктердің тағы бірі дәрігер Махмет-садық Ахмет Тевфикоғлы еді. Ол Семей қаласына 29 жасында, 1887 жылы келіп, онда 10 жылдан астам уақыт тұрып, жергілікті тұрғындарды емдеумен айналысып, отарлық билік орындарының талаптарына мойынсұна қоймады. Тіпті, ол 1892 жылы казак атаманының көмекшісі Егор Гареевтің халыққа жасаған қоқан-лоққысына қарсылық көрсетіп, оған қол жұмсағаны үшін Омбы әскери округы қолбасшысының ұйғарымымен бір ай мерзімге абақтыға отырып та шықты [20, 14 п.]. Сондай-ақ ол 1888 жылы Өскеменге барған кезінде төлқұжатын қалалық полицмейстердің тартып алмақшы болған әрекетіне тегеурінді тойтарыс та берген болатын [21, 1-11 п.].

Махмет-Садық Ахмет Тевфикоғлы өзіне Семей облыстық басқармасының халықты емдеуге тиым салғанына қарамастан, дәрігерлік қызметін жалғастыра түсіп, Семей қаласы мен оның төңірегіндегі мұсылман тұрғындарының ықыласына бөленді. Ол 1897 жылдың қыркүйек айында Ақмолаға бірнеше күнге келген кезінде қаладағы мешітке күнделікті барып, ондағы мұсылман жамиғатын өзінің қызықты әңгімелерімен баурап та алған-ды. Махмет-Садық Ахмет Тевфикоғлының халық арасында бұлайша беделінің артуынан күдіктенген жергілікті билік орындары оны Семей және Ақмола облыстарының аумағынан кетіруге тырысып бақты [20, 12 п.]. Осы себепті, отарлық билік орындары түрік азаматтарына қатысты жергілікті халық атынан жалған шағымдар түсіруді де ұйымдастырды. Сондай шағымдардың бірі Семей уезінің Белағаш болыстығының тұрғындары атынан түсірілді. Бұл шағымда түрік азаматтарының халық арасында садақа жинаумен айналысып, халықты мазалап жатқандығы айтылған болатын [22, 4-5 п.]. Оның үстіне 1896 жылдың 23 желтоқсан күні Полиция департаменті губернаторларға құпия мәлімдеме жолдап, түрік сұлтаны барлық мұсылмандарға, соның ішінде Орталық Азиядағы мұсылман тұрғындарға да «халифатқа» қаржылай қолдау көрсету жөнінде үндеу тастағанын хабарлап, мұсылман тұрғындарға ерекше сақтықпен қарауды ескерткен еді [20, 12 п.]. Полиция департаментінің мәліметінше, 1897 жылы Махмет Әмин есімді түрік азаматы Джидда қаласынан шығып, Самарқан қаласы арқылы Қызылқұмға өтіп, жергілікті тұрғындардан түрік сұлтанына деп қаражат жинастырып, мұсылмандарды біріктіру бағытындағы үгіт-насихат жұмысын жүргізген [23, 7 п.]. Қалыптасқан мұндай ахуал жағдайында Махмет-Садық Ахмет Тевфикоғлы өзіне қысым көрсету өрши түсуіне байланысты 1897 жылдың соңына қарай өз еліне қайтуға ұйғарым жасады.

Орталық Азия аумағынан түрік азаматтарын қуғындау 1898 жылғы Әндіжан көтерілісінен соң екпін ала түсті. Патша өкіметінің мұндай әрекетке баруына Әндіжан көтерілісі жетекшілерінің бірінен саналған Дукчи ишанның түрік сұлтаны ІІ Абдулхамидке хат жолдап, астыртын байланыс жасауынан көтеріліс ұйымдастырылды деп күдіктенуі әсер етті. Бірақ Әндіжан көтерілісінен соң Түркістан әскери округы штабының бастығы Н. Белявский Дукчи ишанның түрік сұлтанымен астыртын байланыс жасауы және оның нұсқауымен «бүлік» ұйымдастыруы мүмкін емес екеніне көз жеткізген де болатын [24, 389-390 б.]. Осыған қарамастан жергілікті отарлық әкімшілік Әндіжан көтерілісіне түріктердің қатысы бар деген пікірінен тая қоймады. Өйткені, Әндіжан көтерілісінің жаңғырықтары Орталық Азияның көптеген өңірлерінде бой көрсетіп жатқан тұста патша өкіметінің Бұқар әмірлігіндегі Саяси агенттігі түрік армиясының Бас штабы Түркістан өлкесіне өзінің сегіз офицерін тыңшы ретінде енгізгені жөнінде арнайы мәлімдеме таратқан болатын [25, 7 п.]. Осындай мәлімдемеден соң Түркістан өлкесінде ғана емес, Орынбор және Дала генерал-губернаторлықтары аумақтарында да түрік офицерлерін тез арада қолға түсіру бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылып, бұл іске болыстық деңгейге дейінгі жергілікті әкімшілік орындары тартылуы қажеттігі ескертілді [25, 3 п.].

Түрік «тыңшыларын» іздестіруге белсене кіріскен отарлық билік орындары нақтылы нәтижеге қол жеткізе қоймағанына қарамастан, Орталық Азияның өңірлерінде шетелдіктерге қойылатын талаптарға сәйкес түрлі кәсіппен айналысып жүрген түрік азаматтарын тұтқындауды, оларды шұғыл түрде еліне қайтаруды жүзеге асыра бастады. Мәселен, Қарқаралы уезінің бастығы Семей облысының әскери губернаторына қазақ ауылдарында дәрі-дәрмек сатумен айналысып жүрген Керім Тамасукоғлы және Элин Мехметқажы Бекероғлы есімді түрік азаматтарын тез арада елден қуу жөнінде мәлімдеме түсірді. Сонымен қоса бұл түрік азаматтарының Ресейдің Ыстамбұлдағы консулдығынан ресми тіркеуден өткеніне қарамастан, Қарқаралы уездік соты оларды Ішкі істер министрлігінің рұқсатынсыз империя аумағына енді деп айыптап, әрқайсысын бір жарым айдан абақтыға жабу жөнінде шешім қабылдады. Бірақ уездік соттың шешімін округтық сот заңға қайшы келеді деп тауып, бұл жөнінде арнайы үкім де шығарған болатын. Соның өзінде Полиция департаментінің тікелей нұсқауымен әлгі түрік азаматтарының Ресей аумағында болуына тыйым салынды [26, 1-6 б.].

Жергілікті халық арасынан түрік азаматтарын ығыстыру мақсатында отарлық билік орындары оларды нақақ айыптауға дейін барды. Тіпті, оларды императордың атына тіл тигізді деп айыптау да орын алды. Мұны Атбасар қаласындағы жәрмеңкеге барған үш түрік азаматының бірі императордың атына былапыт сөз айтты деп айыпталып, абақтыға жабылуынан да байқауға болады [27, 2 п.]. 1900 жылы Көкшетау уезінің өзінде ғана жергілікті халықты дүрліктірді және императордың атына тіл тигізді деген желеумен алты түрік азаматы айыпталып, Омбыдағы абақтыға отырғызылды [28, 6-9 п.]. Бұл түрік азаматтарының барлығы да кейіннен Дала генерал-губернаторының нұсқауы бойынша империя аумағынан шығарылды [29, 14-15 п.].

Әндіжан көтерілісінен соң Орталық Азиядағы отарлық билік орындары Меккеге қажылыққа барып қайтқан жергілікті халық өкілдері түріктердің тыңшысы қызметін атқаруы мүмкін деп күдіктенді. Соған орай олардың іс-әрекеттерін астыртын қадағалауға алды. Тіпті, кейбір өңірлердегі уездік басшылықтар қажылыққа барып қайтқандар жөнінде өтірік шағымдар түсіріп, оларды әбігерлікке салуды да жүзеге асырды. Мәселен, ондай шағымдардың бірі Жетісу облысының Қапал уезінде тұратын Маман Қалқабаевтың қажылыққа барып қайтуына байланысты түсірілген еді. Бұл шағымда М. Қалқабаев қажылық сапары кезінде түрік сұлтанына Қапал уезіндегі төрт болыстықта тұратын қазақтарды қамқорлығына алу жайлы өтініш білдірді деп көрсетілген-ді. Бірақ арнайы тексеру барысында мұндай мазмұндағы шағымның негізсіз екені айқындалып та жатты [30, 8-п.].

Түріктердің Орталық Азия аумағына ықпал етуін барынша болдырмауға күш салғандардың арасында Түркістан генерал-губернаторы С.М. Духовский дараланған-ды. Ол 1899 жылы императорға жолдаған «Түркістандағы ислам» атты баянхатында Түркияда жарық көрген басылымдардың түркістандықтарға түрлі жолмен жетіп, қазақтардың арасында «мұсылмандық фанатизмнің» таралуына ықпал етіп жатқанын және мұндай ахуалдың өлкеде «тыныштықты» сақтауға зиянын тигізетінін мәлімдеген еді [31, 7-8 п.]. Мұнымен қатар С.М. Духовский 1899-1900 жылдары Қытайда Ихэтуань қоғамы ұйымдастырған көтерілістің Түркістан өлкесіне де ықпал етуі мүмкін екені жайлы орталыққа жолдаған мәлімдемесінде де түрік факторына алаңдаушылық танытты. Ол бұл мәлімдемесінде түріктердің «Заман» газеті отарлық тәуелділіктегі мұсылмандарды еуропалық қаруды сәтсіздікке ұшыратқан қытайлықтардың үлгісімен жүруді үгіттеуде деп дабыл қаққан болатын [32, 9 п.]. Сонымен қатар отарлық билік орындары Осман империясы азаматтарының Орталық Азия аумағына енуі зиянды, олардың арасында жергілікті халықты арандатушы тыңшылар болуы ықтимал деген пікірлерін негіздеуге күш салды [ 33, с.149].

Бірінші орыс революциясы жылдары Ресейдегі мұсылман халықтарының мүддесін қорғау мақсатында ұлттық саяси элита өкілдерінің бүкілресейлік мұсылман съездерінің өткізіп, «Ресей мұсылмандары одағы» атты саяси ұйым құру жолында әрекеттенуіне Полиция департаменті Түркияның әсері болуы мүмкін деп күдіктенді. Мұндай күдік Түркияда жас түріктер революциясынан кейін арта түсті. Патша өкіметі Түркиядағы «Иттихад ве теракки», «Түрік ошақтары» секілді т.б. ұйымдар тарапынан түрікшілдік идеяларының Ресей мұсылмандары арасында насихатталуына жол бермеуге әрекеттенді. Осындай шараларды қолға алынып жатқан тұста Орталық Азия мен өзге де өңірлердегі мұсылман халықтары арасында Түркияға барып білім алуға деген талпыныс арта түскен еді. Зерттеуші Ғ. Ахмедовтің жинаған деректеріне қарағанда, ХХ ғасыр басында Ыстамбұлдағы жоғары оқу орындарында Ә. Ғайсин, С. Шанов, Д. Көлбаев, М. Тұрғанбаев сияқты бірқатар қазақ жастары білім алған [34, 127-136 б.].

Ыстамбұл қаласында оқитын Бұқар әмірлігінің жастары Орталық Азия аумағынан келген жастарға көмек көрсету және ағартушылық жұмыстарын жүргізу мақсатында 1909 жылы «Білім тарату жөніндегі Бұқара қайрымдылық қоғамы» атты ұйым құруды жүзеге асырған-ды [32, 153 п.]. Аталмыш ұйым өзінің ағартушылық жұмысын Түркістан өлкесінде де жүргізуді қолға алды. Соған орай Түркістан аудандық күзет бөлімі бұл ұйым мүшелері жас түріктердің нұсқауымен жұмыс істеуі мүмкін деп күдіктенді [35, 14 п.].

Осман империясы аумағында эмиграцияда жүрген Ә. Ибрагимов, А. Агаев, К. Қарабеков, А. Тажетдин секілді татар және әзірбайжан халықтарының өкілдері жас түріктер революциясынан соң мерзімді басылымдар шығарып, бұл басылымдар арқылы Ресей империясындағы түрік тілдес мұсылман халықтары арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізуге тырысты [36, с.18]. Мәселен, бірінші орыс революциясы тұсында Бакуде «Иршад» және «Тәраки» атты газеттер шығаруды жүзеге асырған А. Агаев Ыстамбұлға келгенен кейін 1910 жылдың сәуір айынан «Хикмет» (Даналық) деген газет шығара бастады [32, 151 п.]. Ал 1905-1907 жылдары Петербордағы татар тіліндегі «Үлфәт» (Достық) газетінің редакторы болған және оның «Серке» атты қазақ тіліндегі қосымша газетін шығарған Ә. Ибрагимов 1910 жылдан Ыстамбұлда татар тілінде «Тараф-ул-муслимин» (Мұсылмандарды өзара таныстыру) деген журналды шығаруды қолға алды [32, 321-322 п.]. Ә. Ибрагимов Ыстамбұлда «Тараф-ул-муслимин» журналынан бөлек «Сират-ул-мустақим»(Тура жол) атты журналды да шығаруды жолға қойып, оны Ресей империясы аумағына жасырын түрде жеткеріп тұруды қамтамасыз етті. Осы журналдардың беттерінде Ресей мұсылмандарын езгіден құтылу үшін бірлікке үндеген мақалалардың жариялануы патша өкіметін сескендіре түсті [37, 43 п.].

Патша өкіметі Ресей мұсылмандары арасында «панисламизмді» таратуды көздейді деп бағалаған «Тараф-ул-муслимин» және «Сират-ул-мустақим» журналдары отарлық езгідегі мұсылмандардың өзге халықтармен тең құқықта болуын насихаттауға баса мән берді. «Сират-ул-мустақим» журналының 1911 жылғы қаңтар айындағы санында Самизаде Сурейя деген автордың «Мұсылман әлеміндегі ояну» деген атпен жарық көрген мақаласында мұсылмандардың қай жерде тұрғанына қарамастан өзге халықтармен тең құқықта болуы керектігі, еуропалықтар секілді өндіріс орындары мен білім ошақтарына иеленуі тиістігі және ХХ ғасырда отарлық бұғаудағы мұсылмандардың бостандыққа қол жеткізіп, өркениетті халықтар қатарына қосылуы қажеттігі айтылған болатын [38, 118 п.]. «Тараф-ул-муслимин» журналының алғашқы санында да осы мазмұндас пікір білдіріле отырып, отарлық тәуелділіктегі Түркістан халықтарының ахуалы жайлы былай делінген еді: «Түркістан бұрын Исламның қасиетті орны еді. Қазір ондағы мұсылман тұрғындар қорлыққа түсіп, қысымшылық көруде. Олардың бойынан исламдық қасиет біртіндеп жоғалып барады. Бұл діндестеріміздің жағдайын айтқанда, біздің жүрегіміз қысылып, көзімізге жас келеді» [32, 325 п.].

Қалыптасқан осындай ахуал жағдайында Ресей мұсылмандарының саяси оянуына Түркияның тікелей ықпалы болуы мүмкін деген күдік патша өкіметінің шенеуніктері арасында белең ала түскен еді. Ресейдегі түркі халықтарының күнделікті өмірінде ағартушылық қозғалыс пен саяси мәнге ие іс-шаралардың қарқын алуы көп жағдайда жас түріктердің әрекетімен байланыстырылды. Билік орындары жас түріктердің Түркиядағы талпынысы ресейлік мұсылмандарға да өнегеге айналуы ықтимал деп сезіктенді [ 39, 1 п.]. Түркияның ресейлік мұсылмандарға әсер ету жайы 1910 жылы Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Мұсылмандық мәселе жөніндегі кеңестің» күн тәртібіне де қойылған болатын. Осы кеңестің жұмысына қатысушылар арасында «исламдық ұранды көтерушілер» Ресейдегі мұсылмандарды бөліп әкетіп, оларды Түркияның ығына жығып бермекші деген пікір орын алды [40, с.146]. Мұндай пікірлердің күш алуына орай полиция департаменті империя аумағындағы жандарм басқармаларының басшыларына: «Соңғы жылдары империяның мұсылман тұрғындары арсында, сондай-ақ шетелдеде панисламизм деп аталатын идеядан туындаған ашық толқулар көрініс беруде. Ресейде мұндай фанаттық қозғалыс жас түріктер комитеті тарапынан жан-жақты қолдау табуда. Бұл панисламшылдық қозғалыстың негізгі мақсаты бүкіл мұсылман әлемін саяси және экономикалық жағынан Түркияның қол астына біріктіріп, болашақта бүкілтүріктік республика құру. Түріктер мен орыс мұсылмандарының әйгілі публицистері соңғы уақытта өздерінің түбі бір екенін дәлелдеуге тырысуда. Олар мұсылмандардың Ресейге өшпенділігін қоздырмақшы. Сондықтан панисламизмді мұсылмандық қозғалыс ретінде империяның бүгінгі мемлекеттік құрылысына қарсы бағытталған құбылыс деп тұжырымдауға болады», - деген мазмұндағы нұсқау хаттар жолдай отырып, «панисламистердің» қастандық әрекеттерін әшкерелейтін және олардың революциялық ұйымдары жайлы тыңшылар арқылы мәліметтер жинаудың шараларын қарастыру, мұсылмандық оқу орындарындағы мұғалімдердің және мұсылман дін басыларының қызметтеріне бақылау орнату, «панисламшылдық» рухтағы басылымдардың таралуына жол бермеуді қатаң тапсырды [ 41, 196 п.].

Билік орындарының Түркияның ықпалына қарсы ұйымдастырған тосқауылдарына қарамастан Ресейдегі мұсылман халықтары, соның ішінде қазақтар да 1911 жылғы Триполитан және 1912-1913 жылдардағы Балқан соғыстары кезінде Түркияны қолдауға ниет танытты. Мұны патша өкіметі империя аумағына Ыстамбұлдағы ресейлік мұсылман эмигранттардың шығарып жатқан мерзімді басылымдарының таралуымен және жас түріктердің үгіт-насихатының нәтижесімен байланыстыруын жалғастыра берді. Сол кезде Шет діндер департаментінің директоры Ішкі істер министріне жас түріктердің көсемдері Ресейге өздерінің ең білімді әрі белсенді деген тыңшыларын көпестер түрінде жіберуде және оларға тыңшылық қызметті Меккеге қажылық сапарға барып қайтқан мұсылмандар да атқаруда деген мазмұндағы мәлімдеме түсіріп, Еділ-Жайық, Кавказ, Қырым өңірлері мен Түркістан өлкесінде жас түріктердің тыңшыларының болуы империяның тұтастығына нұқсан келтіреді деп билік орындарын мұндай жағдайға жол бермеуге шақырған еді [42, 109 п.].

Полиция департаментіне келіп түскен мәліметтерге қарағанда, Түркістан генерал-губернаторлығының Ферғана, Жетісу және Сырдария облыстарындағы жергілікті халық өкілдері түріктердің Балқан мемлекеттерімен соғысындағы сәтсіздіктерді Ресейдің балқандық славяндарға көмек жасауынан туындауда деп қабылдап, отарлық билікке деген нарзылықтарын күшейте түскен. Оның үстіне аталған облыстардың біріндегі қазақтар арасында мұсылмандардың ынтымақтастығын және патшалық Ресейдің жүргізіп отырған саясатына қарсылық танытуды насихаттау қарқын алған. Осындай ахуал жағдайында Түркістан өлкесі мұсылмандары арасында соғыс қимылдары кезінде жарақат алған түрік жауынгерлерінің пайдасына деп қаражат жинауға шақырған үнпарақтар тарту орын алды. Бұл үнпарақтарда жаралы түрік жауынгерлеріне көмек көрсетушілердің аты-жөні және осы мақсатқа деп бөлген қаражатының көлемі мұсылмандық басылымдардың бірінде жарияланатындығы да мәлімделініп жатты [43, 22 п.].

Балқан соғысы басталысымен Ресейдегі мұсылман халықтарын бұл соғыстың барысы жайынан хабардар етуді Орынборда шығып тұрған татар тіліндегі «Вакыт» газеті өз мойнына алып, түрік жеріне өзінің тілшісі ретінде Фатих Каримовты аттандырған еді. Түріктер жерінде 1912 жылдың 9 қарашасынан 1913 жылдың 18 наурызына дейінгі аралықта болған Ф. Каримов «Вакыт» газеті редакциясына соғыс қимылының барысы және түріктердің ахуалы туралы көптеген материалдар жолдады. Бұл материалдар газеттің бетінде үзбей жарияланып тұрды [43, 3 п.]. Сол кезде Балқан соғысы жайлы мәліметтермен мұсылман халықтары Түркиядан келетін «Танин» және «Икбал» газеттері арқылы да танысатын. Бұл газеттерді негізінен Қазан университетінде білім алып жатқан татар, башқұрт және қазақ студент жастары алдырып оқитын [44, 113 п.]. Мұндай жағдай Ресейдегі жоғары оқу орындарында оқитын мұсылман студент жастарының Түркияны қолдаған қозғалысына түрткі болды. Петерборда оқитын қазақ, өзбек, татар студенттерінің осындай қозғалысы 1912 жылдың күзінде-ақ бой көрсетті. Осы қозғалыстың қалай өрбігенін сол тұста Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде студент болған М. Шоқайдың естелігіндегі мына жолдардан да аңғаруға болады: «Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербург университетінде оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешшімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз. Балқан соғысы Петербург студенттері қозғалысын қыздыра түсті. Осы кезде Ресей бейтарап болатын. Алайда ол бейтараптығына қарамастан Түркияға қарсы тұрып, Балқан славяндарына ашықтыан-ашық жәрдем беретін. Петербург көшелерінде «Аясофия үстіне крест» қоюды талап еткен ереуілдер өтіп жатқан. Міне, осылардың бәрі бізді, студенттерді, қатты толқытты. Орыс курстастарымыздың төңкерісшілдіктеріне қарамастан, біз олармен ылғи да бірге шыға алмайтынбыз. Дегенмен біз – орыс және орыс емес студенттер – бірлікте университет ауласында Балқан славяндарына жәрдем жинаушыларға кедергі жасайтынбыз. ... Бұларға қосымша тағы бірдемелер істеуді ойластырдық. Ол үшін біз – әзери, татар және түркістандық студенттер, орыстардан бөлініп, өзімізше әрекет жасамақ болдық» [45,367 б.].

Сол тұста Санкт-Петербургтегі Әскери-медициналық академияда білім алған С. Аспандияров та өз естелігінде: «Менің есімде, 1912 жылдың күзінде, бірінші Балқан соғысы кезінде Петербургте қазақ, татар, өзбек студенттері арасында Түркияны қолдаған үлкен қозғалыс болды. Болгар студенттері бізбен жұдырықтасу алдында тұрды» деп көрсетеді [46, 239 п.].

Түріктер Балқан славяндарымен соғыс жүргізіп жатқан шақта Ресейдің түркі халықтары, сондай-ақ қазақтар да түріктерге көмек көрсетуге талпынысын арттыра түсті. Орынбор жандармериясы басқармасының мәліметінше, Ф. Каримов Түркияға аттанардан алдын Орынбор өңірінде тұратын мұсылмандардан 50 мың сом жинап, кейіннен бұл қаражатты түрік армиясына көмек ретінде тапсырған [47, 6 п.]. Балқан соғысы барысында жарақат алған түрік жауынгерлеріне және әлсіздік танытқан түрік флотына көмекке деп қаражат жинастыру Ресейдегі Орынбор өңірі мұсылмандары арасында ғана емес, өзге де өңірлерде етек алған еді. Мәселен, Ялта мұсылмандары 20 мың сом, Кавказ мұсылмандары 150 мың сом [48, 149 б.], Қоқан қаласының тұрғындары 23 мың сом [49, с. 81] қаражатты Түркияға жіберсе, Мәскеуде тұратын мұсылмандар 400 мың сом жинап жіберуді көздеген [50, 51 п.]. Сырдария облысына қарасты Созақтағы қазақтар Түркия үшін деп 40 мың сом жинаған [50, 1 п.]. Верный қаласы мен оның төңірегіндегі мұсылмандар атынан Түркияға көмекке делініп10 мың сом жіберілген [51, 39 п.].

Патша өкіметі Ресейдегі мұсылмандардың түріктерге көмек көрсетуге деген әрекетіне тосқауыл қою жөнінде және ондай шараны ұйымдастырып жүрген түрік тыңшыларын қолға түсіру жайлы жергілікті билік орындарына арнайы тапсырма берді [52, 8 п.]. Осындай тапсырмадан соң жандармерия халық арасында Түркияға көмеке деп қаражат жинастырушылар түрік азаматтары болуы мүмкін деп, оларды қолға түсіру шараларын жүзеге асыра бастады. Мұндай шараның іске асырылуы барысында Созақтағы қазақтар арасынан Махмед Салих, Камалатдин Ибраһим және Хасан Яхияоғлы деген түрік азаматтарын қолға түсіріліп, тергеуге алынды [53, 79 п.].

Ресейдегі мұсылман халықтары Балқан соғысы тұсында түріктерге тек қаражат жинау арқылы ғана жәрдем көрсетумен шектеліп қалған жоқ. Түркияда білім алып жатқан ресейлік мұсылман халықтарының өкілдері, соның ішінде қазақ студенттері де түрік армиясының госпитальдарында жаралаларға көмек көрсетті. Бұған Ф. Каримовтың Ыстамбұлда болған кезінде түрік армиясы госпитальдарының бірінде ерікті түрде жұмыс істеп жүрген екі қазақ студентімен жолығып, олармен бірге суретке түскені дәлел бола алады [48, 149 б.].

Орталық Азия аумағындағы отарлық билік орындары жергілікті халықтың османдық түріктерге деген іштартушылығына қарсы әрекеттер жасауды ұйғарып, осы бағыттағы тыңшылық жұмыстарға баса мән берді. Осындай тыңшылық жұмыстың нәтижесінде Жетісудағы жергілікті халқы арасында Түркиямен астыртын байланыс жасауға талпынғандар бар екенін де айқындады [54, 270 б.]. Сонымен бірге билік орындары қазақтардың және өзге түркістандық халықтардың өз мүдделерін қорғау әрекетінен Түркияның ықпалын айқындауға баса мән берді. Осыған орай «Айқап» журналы төңірегінде топтасқан, Б. Қаратаев пен М. Сералин бастаған қазақ зиялылары қырғыздарға хат жолдап, оларды түрік сұлтанымен байланыс орнатуға, сөйтіп, түрік сұлтанының нұсқауымен жұмыс істеуге үгіттеп отыр деп негізсіз дабыл да көтерді [55, 75 п.].

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталысымен патша өкіметі империя аумағында түрік азаматтарының тұруына тыйым салды. Министрлер кеңесінің шешіміне сәйкес үкіметтік және қоғамдық ұйымдарда, сондай-ақ жекеменшік мекемелерде Ресеймен әрі оның одақтастарымен соғысушы мемлекеттердің азаматтарына жұмыс істеуге жол берілмейтін болды [56, 3 п.]. Мұсылман халықтары арасында бұрынғыдай Түркияға деп қаражат жинастырушылар байқала қалса, ондайларды дереу тұтқындауға тапсырма берілді. Ресеймен жауласқан елдердің азаматтары қуылғанда олардың мүліктерін мемлекеттің пайдасына ешқандай төлемақысыз қалдыру көзделді. Осындай нұсқаудың негізінде Әулиеата уезінде ұсталған Мәулет Байрамоғлы және Шевки Мегушоғлы деген түрік азаматтарының астына мініп жүрген аттары тартылып алынып, өздері шұғыл түрде Түркияға қайтарылды [57, 1-6 п.].

Отарлық билік орындары түріктердің өкілдері Орталық Азияға Шығыс Түркістан арқылы еніп кетуі мүмкін деп қауіптеніп, бұл жөнінде сондағы консулдыққа арнайы тапсырма да бергізді. Өз кезегінде консулдық бұл өңірге келген әрбір түрік азаматын қатаң бақылауға алды. Бұл жөнінде билік орындарына арнайы мәлімдемелер жолдап отырды. Консулдықтың сондай мәлімдемелерінің бірінде 5 түрік азаматының Кучарға келгені, олардың бұрын шекарадан заңсыз өтпек болғаны үшін орыс өкіметі тарапынан тұтқындалған жерінен, яғни Самарқаннан қашып шыққан түріктер екенін, олардың екеуін (Сали бей және Әмірулла есімді түріктерді) анықтағаны жайлы да хабарлаған болатын [58, 42 п.].

Патша өкіметі соғыс кезінде Орталық Азия аумағына еніп кеткен түріктер жергілікті халық арасында бүлік ұйымдастырады деп сезіктеніп, оларға қарсы түрлі тосқауылдар ұйымдастырды. Бірақ мұндай кедергілерге қарамастан жас түріктер өзінің ықпалын Орталық Азия аумағында жүргізу иетінен тая қоймады.

Осылайша, отарлық жағдайдағы қазақтар арасында түріктерге деген іштартушылық орын алғанына қарамастан екі халықтың өзара байланыстарына Осман империясы мен Ресей империясының арақатынасында орын алған оқиғалар өзіндік ықпалын тигізді. Сондай-ақ патшалық Ресейдің отарлық саясатына деген қазақтар арасындағы наразылық Түркияға қолдаушылық таныту түрінде де көрініс тапты.



Әдебиеттер

1 Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚРОММ). 25-қ., 1-т., 2192-іс.

2 Ресей Федерациясының мемлекеттік мұрағаты (РФММ). 109-қ., 212-т., 186-іс.

3 Загидуллин И.К. Исламские институты в Российской империи: мечети в европейской части России и Сибири. – Казань: Татар. кн. изд-во., 2007. – 416 с.

4 Бартольд В.В. К вопросу о полумесяце как символе ислама // Сочинения. – Т. VІ. –М.: Наука,1966. – 780 с.

5 Belgelerle Osmanlı – Türkistan ilişkileri (ХVІ-ХХ. Yüzyıllar). – Ankara. – Başbakanlık Basımevı, 2004. – 271 b.

6 Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты (ӨРОММ). И-715-қ., 1-т., 62-іс.

7 Русско-турецкая война 1877-1878 гг. / Под ред. И.И. Ростунова. – М.: Воениздат, 1977. – 263 с.

8 ҚРОММ. 769-қ., 1-т., 2-іс.

9 ҚРОММ. 25-қ., 1-т., 2251-іс.

10 ҚРОММ. 78-қ., 1-т., 168-іс.

11 Авакян А. Черкеский фактор в Османской империи и Турции (вторая половина ХІХ – первая четверть ХХ вв.). – Ереван: «Гитутюн», 2001. – 421 с.

12 ҚРОММ. 21-қ., 1-т., 377-іс.

13 Императорская Россия и мусульманский мир (конец ХVІІІ – начало ХХ вв.). Сборник материалов. – М.: Наталис, 2006. – 480 с.

14 ҚРОММ. 44-қ., 1-т., 7330-іс.

15 Мазин К.А. Религиозная эмиграция из дореволюционной России // Исторические записки. – Вып. 6 (124). – М.: Наука, 2003. – 290 с.

16 Бадерхан Ф. Северокавказская диаспора в Турции, Сирии и Иордании (вторая половина ХІХ – первая половина ХХ века). – М.: Институт востоковедения РАН, 2001. – 120 с.

17 Гайнетдинов Р.Б. Тюрко-татарская политическая эмиграция: начало ХХ века – 30-е годы. – Набережные Челны: Камский издательский дом, 1997. – 159 с.

18 ҚРОММ. 40-қ., 1-т., 599-іс.

19 ҚРОММ. 15-қ., 2-т., 250-іс.

20 ҚРОММ. 15-қ., 2-т., 310-іс.

21 ҚРОММ. 64-қ., 1-т., 417-іс.

22 ҚРОММ. 15-қ., 2-т., 150-іс.

23 ҚРОММ. 154-қ., 1-т., 20 (а)-іс.

24 Зиёев Х. Туркистонда Россия тажовузи ва хукмронлигига қарши кураш (ХVІІІ – ХХ аср бошлари). – Тошкент: «Шарқ», 1998. – 478 б.

25 ҚРОММ. 369-қ., 1-т., 753-іс.

26 ҚРОММ. 64-қ., 1-т., 922-іс.

27 ҚРОММ. 64-қ., 1-т., 2199-іс.

28 ҚРОММ. 369-қ., 1-т., 793 (а)-іс.

29 ҚРОММ. 369-қ., 1-т., 797-іс.

30 ҚРОММ. 64-қ., 1-т., 811-іс.

31 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1260-іс.

32 Ресей империясының сыртқы саясат мұрағаты (РИССМ). 147-қ., 485-т., 1256 -іс.

33 Ряполов В.В. Германо-турецкая агентура в Средней Азии и Афганистане в начале ХХ века // Вопросы истории. – 2007. - №3. – С.147-152.

34 Ахмедов Ғ. Алаш «Алаш» болғанда: Естеліктер мен тарихи деректер. – Алматы: Жалын, 1996. – 224 б.

35 РФММ. 102-қ., 241-т., 74. Ч. 84-іс.

36 Насыров Т. Татарская эмигрантская пресса // Гасырлар авазы – Эхо веков. – 2004. – №2. С. 117 – 128.

37 РФММ. 102-қ., 240-т., 74. Т. 3(1)-іс.

38 РФММ. 102-қ., 240-т., 74. Т. 3(2)-іс.

39 РФММ. 892-қ., 1-т., 38-іс.

40 Кэмпбелл Е.И. Мусульманский вопрос в России: история обсуждения проблемы // Историчесие записки. - №4. М.: Наука, 2001. – 415 с.

41 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 2(а)-іс.

42 РИСМ. 147-қ., 485-т., 1258-іс.

43 ҚРОММ. 25-қ., 1-т., 372-іс, 22-п.

44 Татарстан Республикасының ұлттық мұрағаты (ТРҰМ). 199-қ., 1-т., 906-іс.

45 Шоқай М. Таңдамалы. – Т.1. – Алматы: Қайнар, 1998. – 512 б.

46 Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты (ҚРПМ). 811-қ., 20-т., 686-іс.

47 РФММ. 102-қ., 242-т., 74. Ч.53-іс.

48 Карими Ф. Истамбул мактублари. – Оренбург: Вакыт, 1913. – 216 б.

49 Абдуллаев Р.М. Интеграционные процессы в мусульманском мире и туркестанские джадиды // Жадидчилик: ислохот, янгиланиш, мустақиллиқ ва тараққиёт учун кураш. – Тошкент: «Университет», 1999. – 218 б.

50 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1174-іс.

51 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1026-іс.

52 ҚРОММ. 726-қ., 1-т., 8-іс.

53 ҚРОММ. 145-қ., 1-т., 884-іс.

54 Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі). – Алматы: «Ценные бумаги», 2007. – 357 с.

55 ӨРОММ. И-461-қ., 1-т., 1172-іс.

56 ҚРОММ. 25-қ., 1-т., 388-іс.

57 ҚРОММ. 146-қ., 1-т., 2-іс.

58 ҚРОММ. 44-қ., 1-т., 38239-іс.
Referenees
1 Qazaqstan Respwbli''kasi'ni'ng ortali'q memlekettіk muraghati' (QROMM). 25-q., 1-t., 2192-іs.

2 Resey Federaci''yasi'ni'ng memlekettіk muraghati' (RFMM). 109-q., 212-t., 186-іs.

3 Zagi''dwlli''n I''.K. I''slamski''e i''nsti''twti' v Rossi''yskoy i''mperi''i'': mecheti'' v evropeyskoy chasti'' Rossi''i'' i'' Si''bi''ri''. – Kazan#: Tatar. kn. i''zd-vo., 2007. – 416 s.

4 Bartol#d V.V. K voprosw o polwmesyace kak si''mvole i''slama // Sochi''neni''ya. – T. VІ. –M.: Nawka,1966. – 780 s.

5 Belgelerle Osmanlı – Türkistan ilişkileri (HVІ-HH. Yüzyıllar). – Ankara. – Başbakanlık Basımevı, 2004. – 271 b.

6 O'zbekstan Respwbli''kasi'ni'ng ortali'q memlekettіk muraghati' (O'ROMM). I''-715-q., 1-t., 62-іs.

7 Rwssko-twreckaya voyna 1877-1878 gg. / Pod red. I''.I''. Rostwnova. – M.: Voeni''zdat, 1977. – 263 s.

8 QROMM. 769-q., 1-t., 2-іs.

9 QROMM. 25-q., 1-t., 2251-іs.

10 QROMM. 78-q., 1-t., 168-іs.

11 Avakyan A. Cherkeski''y faktor v Osmanskoy i''mperi''i'' i'' Twrci''i'' (vtoraya polovi''na HІH – pervaya chetvert# HH vv.). – Erevan: «Gi''twtyun», 2001. – 421 s.

12 QROMM. 21-q., 1-t., 377-іs.

13 I''mperatorskaya Rossi''ya i'' mwswl#manski''y mi''r (konec HVІІІ – nachalo HH vv.). Sborni''k materi''alov. – M.: Natali''s, 2006. – 480 s.

14 QROMM. 44-q., 1-t., 7330-іs.

15 Mazi''n K.A. Reli''gi''oznaya e'mi''graci''ya i''z dorevolyuci''onnoy Rossi''i'' // I''stori''cheski''e zapi''ski''. – Vi'p. 6 (124). – M.: Nawka, 2003. – 290 s.

16 Baderhan F. Severokavkazskaya di''aspora v Twrci''i'', Si''ri''i'' i'' I''ordani''i'' (vtoraya polovi''na HІH – pervaya polovi''na HH veka). – M.: I''nsti''twt vostokovedeni''ya RAN, 2001. – 120 s.

17 Gaynetdi''nov R.B. Tyurko-tatarskaya poli''ti''cheskaya e'mi''graci''ya: nachalo HH veka – 30-e godi'. – Naberejni'e Chelni': Kamski''y i''zdatel#ski''y dom, 1997. – 159 s.

18 QROMM. 40-q., 1-t., 599-іs.

19 QROMM. 15-q., 2-t., 250-іs.

20 QROMM. 15-q., 2-t., 310-іs.

21 QROMM. 64-q., 1-t., 417-іs.

22 QROMM. 15-q., 2-t., 150-іs.

23 QROMM. 154-q., 1-t., 20 (a)-іs.

24 Zi''ёev H. Twrki''stonda Rossi''ya tajovwzi'' va hwkmronli''gi''ga qarshi'' kwrash (HVІІІ – HH asr boshlari''). – Toshkent: «Sharq», 1998. – 478 b.

25 QROMM. 369-q., 1-t., 753-іs.

26 QROMM. 64-q., 1-t., 922-іs.

27 QROMM. 64-q., 1-t., 2199-іs.

28 QROMM. 369-q., 1-t., 793 (a)-іs.

29 QROMM. 369-q., 1-t., 797-іs.

30 QROMM. 64-q., 1-t., 811-іs.

31 O'ROMM. I''-461-q., 1-t., 1260-іs.

32 Resey i''mperi''yasi'ni'ng si'rtqi' sayasat muraghati' (RI''SSM). 147-q., 485-t., 1256 -іs.

33 Ryapolov V.V. Germano-twreckaya agentwra v Sredney Azi''i'' i'' Afgani''stane v nachale HH veka // Voprosi' i''stori''i''. – 2007. - №3. – S.147-152.

34 Ahmedov Gh. Alash «Alash» bolghanda: Estelіkter men tari''hi'' derekter. – Almati': Jali'n, 1996. – 224 b.

35 RFMM. 102-q., 241-t., 74. Ch. 84-іs.

36 Nasi'rov T. Tatarskaya e'mi''grantskaya pressa // Gasi'rlar avazi' – E'ho vekov. – 2004. – №2. S. 117 – 128.

37 RFMM. 102-q., 240-t., 74. T. 3(1)-іs.

38 RFMM. 102-q., 240-t., 74. T. 3(2)-іs.

39 RFMM. 892-q., 1-t., 38-іs.

40 Ke'mpbell E.I''. Mwswl#manski''y vopros v Rossi''i'': i''stori''ya obswjdeni''ya problemi' // I''stori''chesi''e zapi''ski''. - №4. M.: Nawka, 2001. – 415 s.

41 O'ROMM. I''-461-q., 1-t., 2(a)-іs.

42 RI''SM. 147-q., 485-t., 1258-іs.

43 QROMM. 25-q., 1-t., 372-іs, 22-p.

44 Tatarstan Respwbli''kasi'ni'ng ultti'q muraghati' (TRUM). 199-q., 1-t., 906-іs.

45 Shoqay M. Tangdamali'. – T.1. – Almati': Qaynar, 1998. – 512 b.

46 Qazaqstan Respwbli''kasi' Prezi''dentіnіng muraghati' (QRPM). 811-q., 20-t., 686-іs.

47 RFMM. 102-q., 242-t., 74. Ch.53-іs.

48 Kari''mi'' F. I''stambwl maktwblari''. – Orenbwrg: Vaki't, 1913. – 216 b.

49 Abdwllaev R.M. I''ntegraci''onni'e processi' v mwswl#manskom mi''re i'' twrkestanski''e djadi''di' // Jadi''dchi''li''k: i''slohot, yangi''lani''sh, mwstaqi''lli''q va taraqqi''ёt wchwn kwrash. – Toshkent: «Wni''versi''tet», 1999. – 218 b.

50 O'ROMM. I''-461-q., 1-t., 1174-іs.

51 O'ROMM. I''-461-q., 1-t., 1026-іs.

52 QROMM. 726-q., 1-t., 8-іs.

53 QROMM. 145-q., 1-t., 884-іs.

54 Mahaeva A.Sh. Qazaq-qi'rghi'z sayasi'' baylani'stari'ni'ng tari''hi' (HVІІІ ghasi'rdi'ng ekіnshі jarti'si' – HH ghasi'rdi'ng bas kezі). – Almati': «Cenni'e bwmagi''», 2007. – 357 s.

55 O'ROMM. I''-461-q., 1-t., 1172-іs.

56 QROMM. 25-q., 1-t., 388-іs.

57 QROMM. 146-q., 1-t., 2-іs.

58 QROMM. 44-q., 1-t., 38239-іs.



РУСТЕМОВ С.К.

ВНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, к.и.н.


КАЗАХИ И ОСМАНСКИЕ ТУРКИ: ИЗ ИСТОРИИ ВЗАИМОСВЯЗЕЙ (конец ХІХ – начало ХХ века)


Резюме

В данной статье рассматривается пребывание османских тюрков на казахской земле в XIX - начале XX вв. Статья написана на основе материалов Центрального Государственного архива РК и Центрального Государственного архива РУз.



RUSTEMOV S. K.

Senior research scientist in History and ethnology institute named after Valikhanov, candidate of history sciences


KAZAKHS AND OTTOMAN TURKS: FROM INTERRELATION HISTORY BEGINNING OF XIX CENTURY END OF XX CENTURY

Summary

In this article the author considers the presence of Ottoman Turks in Kazakh land (XIX – early XX centuries). The article is based on materials of Central State Archive of the Republic of Kazakhstan and Central State Archive of the Republic of Uzbekistan.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет