Әже
Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса... Нені көрем?
М. Мақатаев
Әйел егде тартқан сайын, кимешегі де қарапайымдала берген. Кимешек көшпелі өмірге бейімделіп тігілгендіктен, көшіп-қонған заманда әйелдің денесін таза, жылы ұстау үшін киілген. Кимешектің үстінен жаулық тартқан. «Ақ жаулықты әже» тіркесі осыдан шықса керек. Жаулықтың маңдайына қатты қағаз салып орау әжелердің мәртебесін, салтанатын көрсеткен.
Ерекшелігіне қарай бас киім ауыстырыларда қазақы жолмен кішігірім той жасалған. Мәселен, қыз өз үйінен ұзатыларда шешесі қызының басындағы үкілі тақиясын алып сәукелені өз қолымен кигізіп, ақ батасын беріп аттандырған. Өзге шаңыраққа келін болып түсерде арнайы беташар жасалып, бөртпе немесе жібек жаулық салған. Ал перзент сүйіп ана атанғаннан бастап жасына қарай әртүрлі кимешек кие бастаған, онда да шағын той жасалып, жақсы тілектер айтылған.
Жар іздеген жігіттер қыздардың басына қарап сөз салуға болатын-болмайтынын аңғарған. Мәселен, тақия, бөрік кисе басы бос екенін сезген, ұнатып жатса жаушы жіберіп, үлкендер арқылы құдалық мәселесін сөйлескен. Кейде азаматтар шешесі, жеңгесі тігіп берген үкілі тақия немесе сырға, білезіктер арқылы сүйгеніне көңілін білдірген. Қыздар қарымта ретінде кестелі бет орамал сыйлаған. Осының бәрі халқымыздың бас киімге деген ерекше құрметін бейнелейді. Қыздарын қылықты етіп тәрбиелеп, бас киімін басты құндылығы ретінде ұлықтаған ұлтымыздың ұлы мұра, асыл қазынасы ғасырдан-ғасырға құнын жоймай, жаңғырып жете бермек.
Достарыңызбен бөлісу: |