Дене шынықтыру және спорт туралы
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 2 желтоқсандағы N 490 Заңы
МАЗМҰНЫ
Осы Заң дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, бұқаралық дене шынықтыру, әуесқойлық және кәсiпқойлық спорт қызметiн қамтамасыз етудiң және оларды дамытудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) Арнайы олимпиада - мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдар қатарындағы спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
2) әуесқойлық спорт - азаматтардың дене тәрбиесiнiң жалпы жүйесiндегi өзiнiң спорт шеберлiгiн жетiлдiруге және спорттың әр түрiнде жоғары нәтижелерге жетуге мүмкiндiк беретiн сан қырлы бұқаралық спорт қозғалысы;
3) бас жаттықтырушы - Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасына басшылық жасауға, спорт түрi бойынша әлем чемпионаттарында, Азия және Олимпиада ойындарында және басқа да халықаралық жарыстарда оның даярлығына, қалыптасуы мен сайысқа түсуiне жауап беретiн жаттықтырушы;
4) бұқаралық спорт - дене жаттығуларымен айналысуға тарту және спорттың әр түрiндегi талантты спортшыларды анықтау мақсатында халық арасында дене шынықтыруды дамытуға ықпал ететiн бұқаралық спорт қозғалысын бiлдiретiн дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
5) бұқаралық спорт iс-шараларының күнтiзбесi - дене шынықтыру-спорт ұйымдарының оқу-жаттығу жұмысын күнтiзбелiк жылға жоспарлауы мен өткiзуiн регламенттейтiн ресми құжат;
6) дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерi - дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды медициналық қамтамасыз етуге, дәрiгерлiк бақылауға, емдiк дене шынықтыруға және оңалтуға арналған медициналық ұйым;
7) дене тәрбиесi - денi сау, дене бiтiмi және рухани жағынан жетiлген, моральдық жағынан табанды жеткiншек ұрпақты қалыптастыруға, адамның денсаулығын нығайтуға, жұмыс қабiлетiн арттыруға, шығармашылық ғұмырлылығы мен өмiрiн ұзартуға бағытталған педагогикалық процесс;
8) дене тәрбиесiнiң құралдары - дене шынықтыру жаттығулары, табиғаттың сауықтыру күштерi және гигиеналық факторлар;
9) дене шынықтыру - мәдениеттiң ажырамас бөлiгi, адамның дене бiтiмiн дамыту, оның денсаулығын нығайту мақсатында қоғам жасайтын және пайдаланатын, адамның үйлесiмдi дамуына ықпал ететiн рухани және материалдық құндылықтар жиынтығы болып табылатын әлеуметтiк қызмет саласы;
10) дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы - халықтың дене шынықтыру деңгейiн арттыруға, жеке және заңды тұлғалардың дене шынықтыру мен спортты дамыту жөнiндегi нысаналы қызметiне жәрдемдесетiн әлеуметтiк қозғалыс нысаны;
11) дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган - дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
12) дене шынықтыру және спорт жүйесi - халықтың дене тәрбиесi мен спортты дамыту мақсатындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелердiң және өзге де заңды тұлғалардың жиынтығы;
13) дене шынықтыру және спорт саласындағы аккредиттеу - дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi органның спорт түрi бойынша республикалық қоғамдық бiрлестiктiң тиiстi халықаралық ұйымдарда Қазақстан Республикасын бiлдiретiн құқықтық өкiлеттiгiн ресми тануы;
14) дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық ғимараттары - азаматтардың дене шынықтыру жаттығуларымен, спортпен айналысуына және спорттық ойын-сауық iс-шараларын өткiзуге арналған объектiлер;
15) дене шынықтыру-спорт қоғамы (спорт клубы) - қызметi азаматтардың дене шынықтыру және спорт құралдарымен сауығуына бағытталған дене шынықтыру-спорт ұйымының құрамдас бөлiгi;
16) дене шынықтыру-спорт ұйымы - дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
17) жаттықтырушы - кәсiби бiлiмi бар және оқу-жаттығу процесi барысында спортшының даярлығын және спорттық нәтижелерге қол жеткiзу үшiн оның жарыс әрекетiне басшылықты жүзеге асыратын жеке тұлға;
18) жоғары дәрежедегi спортшы - Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының мүшесi болып табылатын, спорттық атағы бар және жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткiзу мақсатында спорт жарыстарында өнер көрсететiн спортшы;
19) жоғары жетiстiктер спорты - жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткiзудi, рекордтар жасауды қамтамасыз ететiн спорт саласы;
20) кәсiпқойлық спорт - спорттық ойын-сауық iс-шараларының экономикалық тиiмдiлiгiн және жоғары ақпараттық-көңiл көтеру құндылығын көздейтiн спорттық-кәсiпкерлiк қызмет;
21) кешендi ғылыми топ - ғылыми-әдiстемелiк және медициналық-биологиялық зерттеулер жүргiзу, спортшының функционалдық жай-күйiн және даярлығының техникалық деңгейiн айқындау үшiн құрылатын бiлiктi мамандар тобы;
22) мемлекеттiк жаттықтырушы - Қазақстан Республикасында спорт түрiне жалпы басшылық жасау және оның дамуы үшiн жауап беретiн жаттықтырушы;
23) оқу-жаттығу базасы - құрама командалардың оқу-жаттығу процесiн тамақтану және сонда тұруымен қоса қамтамасыз етуге арналған спорт ғимараты;
24) олимпиадалық даярлау орталығы - республикалық деңгейде құрылып, Қазақстан Республикасының жастар мен жасөспiрiмдер құрама командаларының спортшыларын халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу, спорттық-әдiстемелiк қызметтi жүзеге асыратын дене шынықтыру-спорт ұйымы;
25) олимпиадалық резерв даярлау орталығы - жергiлiктi деңгейде құрылып, өңiрдiң жастар мен жасөспiрiмдер құрама командаларының спортшыларын республикалық және халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу, спорттық-әдiстемелiк қызметтi жүзеге асыратын дене шынықтыру-спорт ұйымы;
26) Параолимпиадалық ойындар - тiрек-қозғалу аппараты және көру органдары зақымданған мүгедек-спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
27) президенттiк тестiлер - бақылау нормативтерi арқылы халықтың дене шынықтыру дайындығының жалпы деңгейiн айқындайтын жаттығулардың (сынақтардың) жиынтығы;
28) салалық көтермелеу жүйесi - дене шынықтыру және спорт қызметкерлерiн саланы дамытуға қосқан үлесi үшiн ынталандыру нысаны;
29) спорт - жарыс әрекетiнiң, спортшыларды жарыстарға қатысуға даярлаудың ерекше нысаны болып табылатын дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
30) спорт төрешiсi - арнайы даярлықтан өткен және тиiстi бiлiктiлiк санатын алған, спорт түрiнiң және спорттық iс-шараның ережелерiн сақтауды қамтамасыз етуге спорттық iс-шараларды ұйымдастырушы уәкiлеттiк берген жеке тұлға;
31) спорт түрi - бiлiктiлiк деңгейi, жаттығу ортасы, пайдаланылатын құрал-сайман мен жабдық, жарыс ережесi айрықша белгiлерi болып табылатын дене шынықтырудың құрамдас бөлiгi;
32) спорт түрi бойынша қоғамдық бiрлестiк - мақсаты бiр немесе бiрнеше спорт түрлерiн дамыту, спорт жарыстарын және басқа да спорт iс-шараларын ұйымдастыру мен өткiзу болып табылатын, азаматтардың ерiктi негiзде құрылған бiрлестiгi;
33) спорттық индустрия - дене шынықтыру-спорт мақсатындағы қызмет көрсетудi, өнiмдер өндiрудi жүзеге асыратын шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жиынтығы;
34) спорт қызметi туралы келiсiмшарт - жоғары дәрежедегi спортшы немесе жаттықтырушы мен заңды тұлға арасында жасалатын шарт;
35) спорт медицинасы және оңалту орталығы - спортшыны қалпына келтiру, алдын алу және оңалту iс-шараларын, медициналық-биологиялық препараттарды қолдану қауiпсiздiгiн және олардың тиiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн медициналық ұйым;
36) спорттық сыныптама - жекелеген спорт түрлерiнде шеберлiк деңгейiн, сондай-ақ жаттықтырушылардың, спортшылардың, нұсқаушылардың, әдiскерлердiң және төрешiлердiң бiлiктiлiк деңгейiн айқындайтын спорттық атақтардың, разрядтардың және санаттардың жүйесi;
37) спорттың техникалық және қолданбалы түрлерi - спортшының техникалық құралдарды қолдана отырып жарыстарға арнайы даярлығын талап ететiн дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
38) спортшы - спорт түрiмен (түрлерiмен) үнемi айналысатын және спорт жарыстарында өнер көрсететiн жеке тұлға;
39) Сурдолимпиадалық ойындар - есту органдарына зақым келген мүгедек-спортшылар арасында өткiзiлетiн халықаралық қысқы және жазғы жарыстар;
40) Универсиада - спорттың әр түрi бойынша өткiзiлетiн дүниежүзiлiк студенттiк қысқы және жазғы спорт жарыстары;
41) ұлттық спорт түрлерi - жарыс әрекетi нысанында тарихи қалыптасқан және өзiне тән дене шынықтыру жаттығуларын және дене шынықтыру белсендiлiгiн ұйымдастырудың өзiндiк ережелерi мен тәсiлдерi бар халық ойындарын бiлдiретiн дене шынықтырудың бiр бөлiгi;
42) халықаралық спорт жарыстары - кемiнде бес мемлекеттiң өкiлдерi қатысатын спортшылар (командалар) арасында спорт түрiнен өтетiн сайыс.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
2-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы
мемлекеттiк саясат принциптерi
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттiк саясат халықтың салауатты тұрмыс салтын қамтамасыз ету, дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында жүргiзiледi және:
1) барлық азаматтар үшiн дене шынықтырумен және спортпен айналысу теңдiгi мен жалпыға қолайлылығы;
2) халықтың әртүрлi жас топтарының дене тәрбиесiнiң толассыздығы мен сабақтастығы;
3) дене шынықтырумен және спортпен айналысудың ерiктiлiгi;
4) дене шынықтыру-спорт шараларының сауықтыру бағыты;
5) дене шынықтыру мен спортты ұйымдастырудың мемлекеттiк, қоғамдық және жеке нысандарын тану;
6) дене шынықтырумен жаппай айналысуға, әуесқойлық және кәсiпқойлық спортқа тең құрмет көрсету;
7) халықаралық жарыстарда Қазақстан Республикасының намысын қорғайтын жоғары жетiстiктi спорттың басымдығы;
8) дене шынықтыру мен спортты мемлекеттiк қолдау және демеушiлiк, қайырымдылық қызмет пен меценаттықты көтермелеу;
9) дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық ғимараттар мен басқа да объектiлердiң меншiк нысандары өзгерiп жатқан жағдайда оларды азаматтардың дене шынықтырумен және спортпен айналысуы үшiн сақтау;
10) халық ойындары мен спорттың ұлттық түрлерiн дамыту;
11) дене шынықтыру-спорт қозғалысы, жоғары жетiстiктер спорты және спортшыларға медициналық қызмет көрсету проблемаларын зерттеу үшiн ғылыми базаны дамыту;
12) спорттың техникалық және қолданбалы түрлерiн дамыту принциптерiне сәйкес жүзеге асырылады.
3-бап. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру
және спорт саласындағы заңдары
Дене шынықтыру және спорт саласындағы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың нормаларына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4-бап. Дене шынықтыру мен спортты дамытуды
мемлекеттiк қолдау
1. Мемлекет дене шынықтыру мен спорт саласындағы қатынастарды мемлекеттiк саясатты қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты дамытуды тиiсiнше қаржылық, материалдық-техникалық, кадрлар, ғылыми-әдiстемелiк, медициналық, ақпараттық, нормативтiк-құқықтық жағынан қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру-спорт қозғалысының өзiндiк мәртебесiн тану жолымен реттейдi.
2. Мемлекет барлық үлгiдегi және тұрпаттағы балалар-жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнiң, азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша спорт және балалар клубтарының, балалар мен жастарға арналған сауықтыру лагерьлерiнiң, мамандандырылған топтардың және мүгедектерге арналған мектептердiң, дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерлерiнiң санын көбейту, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшiн жағдайлар жасайды.
3. Мемлекет дене шынықтыру-спорт ұйымдары сыртқы байланыстарының дамытылуына, Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру қозғалысының өрлеуiне жәрдемдесетiн халықаралық спорт ұйымдары мен мекемелерiне интеграциялауға қолдау көрсетедi.
4. Мемлекет халықаралық стандарттарға сай келетiн спорт ғимараттарын, спорт мақсатындағы тауарлар мен жабдықтар, спортшыларға арналған жоғары сапалы өнiмдер шығару жөнiндегi кәсiпорындарды жобалау мен салуға өз қаражатын жұмсайтын отандық және шетелдiк инвесторларға қолайлы инвестициялық ахуал жасайды.
5-бап. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен
спортты дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы
1. Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын Yкiмет әзiрлеп, Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
2. Мемлекеттiк бағдарламада халықтың денсаулығын нығайтуды ұйымдастыру жөнiндегi шаралар, дене тәрбиесi жөнiндегi оқу бағдарламаларына, бағдарламалық-бағалау нормативтерi жүйесiне қойылатын талаптар және түрлi топтардың дене бiтiмiн дамыту жөнiндегi талаптар, жоғары жетiстiктер спортын дамытудың негiзгi бағыттары, сондай-ақ ұйымдық, материалдық-техникалық, кадрлар, ақпараттық және құқықтық жағынан қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi көзделедi.
6-бап. Азаматтардың дене шынықтыру мен спорт
саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы қоғамдық бiрлестiктерге кiруге;
спорт бағытындағы дене шынықтырумен және спортпен, оның iшiнде кәсiби қызмет ретiнде де айналысуға;
дене шынықтыру мен спортты басқаруға қатысуға;
мемлекеттiк, коммуналдық және жеке спорттық ғимараттарды және қызметтердi тегiн не ақылы негiзде пайдалануға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының спортпен айналысатын азаматтары:
салауатты өмiр салтын насихаттауға;
жергiлiктi, республикалық және халықаралық жарыстарда дене шынықтыру-спорт ұйымы мен мемлекеттен лайықты өкiл болуға;
гигиена негiздерiн зерделеуге және сақтауға мiндеттi.
3. Ата-аналар, қамқоршылар, қорғаншылар немесе олардың орнындағы адамдар отбасындағы кәмелетке толмаған балалардың дене бiтiмiн дамытуға және денсаулығын нығайтуға, оларға дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшiн қажеттi жағдайлар жасауға қамқорлық көрсетуге мiндеттi.
7-бап. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт бағытындағы
қоғамдық бiрлестiктер
Ескерту. 7-бап алынып тасталды - ҚР 2003.07.04 N 471 Заңымен.
8-бап. Дене шынықтыру мен спортты насихаттау
1. Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган, спорт түрлерi бойынша қоғамдық бiрлестiктер, денсаулық сақтау мекемелерi бұқаралық ақпарат құралдарымен бiрлесе отырып, дене шынықтыру және спорт саласындағы бiлiм мен жетiстiктердi, салауатты өмiр салтының принциптерiн насихаттауды жүзеге асырады.
2. Спортта қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа табынуды, адамның қадiр-қасиетiн қорлауды, тыйым салынған қоздырғыштар мен препараттарды, алкогольдi iшiмдiктер мен темекi бұйымдарын насихаттауға жол берiлмейдi.
3. Журналистердiң және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өкiлдерiнiң спорт жарыстарын және басқа да спорт шараларын телерадиохабар арналары бойынша таратуы, сондай-ақ жазып алуы, оның iшiнде спорт жарыстарын және басқа да спорт шараларын дыбыс-бейне жазу техникасы, кино-және суретке түсiру құралдарын пайдалана отырып, жазып алуы Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Спорт жарыстарын және басқа да спорт шараларын өткiзу кезеңiнде тауарларды, жұмыстар мен қызмет көрсетулердi жарнамалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды ұйымдастырушылар мен жарнама қызметi субъектiлерiнiң арасындағы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
Ескерту. 8-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2003.07.04 N 471, 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптанқараңыз) Заңдарымен.
2-тарау. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру және спорт жүйесi
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 2009.07.10 N 181-IV(қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
8-1-бап. Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру
(дене шынықтыру-спорт) қозғалысының субъектiлерi
Қазақстан Республикасындағы дене шынықтыру (дене шынықтыру-спорт) қозғалысы:
1) олимпиадалық даярлау орталықтарын;
2) олимпиадалық резерв даярлау орталықтарын;
3) жоғары спорт шеберлiгi мектептерiн;
4) спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттарды;
5) олимпиадалық резервтiң спорт мектептерiн;
6) олимпиадалық резервтiң мамандандырылған балалар-жасөспiрiмдер мектептерiн;
7) балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерiн;
8) дене шынықтыру-спорт қоғамдарын (спорт клубтарын);
9) балалар-жасөспiрiмдер дене шынықтыру даярлығы клубтарын;
10) балалар мен жеткiншектер клубтарын;
11) спорт медицинасы және оңалту орталықтарын;
12) дәрiгерлiк-дене шынықтыру диспансерлерiн;
13) допингке қарсы комиссияларды;
14) кешендi ғылыми топтарды;
15) оқу-жаттығу базаларын;
16) қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, оқушылар мен студенттердiң дене тәрбиесi мен спорттық даярлығына бағытталған жеке және заңды тұлғаларды қамтиды.
Ескерту. 8-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
9-бап. Мектепке дейiнгi балалар мекемелерiндегi,
жалпы бiлiм беретiн мектептердегi және басқа
оқу орындарындағы дене тәрбиесi
1. Мектеп жасына дейiнгi балалардың, жалпы бiлiм беретiн және кәсiптiк мектептер, колледждер, лицейлер оқушыларының, жоғары оқу орындары студенттерiнiң дене тәрбиесi оқу және ұзартылған күн режимiнде, оқу жоспарларына, дене тәрбиесiнiң кешендi мемлекеттiк бағдарламаларына, санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерге сәйкес сабақтан тыс уақытта және дербес жүзеге асырылады.
Мiндеттi дене тәрбиесi сабақтары бүкiл оқу кезеңi бойына аптасына мектепке дейiнгi мекемелерде - кемiнде 8 сағат, жалпы бiлiм беретiн мектепте - кемiнде 3 сағат, кәсiптiк-техникалық мектептерде, колледждерде, лицейлер мен жоғары оқу орындарында кемiнде 4 сағат жүргiзiледi.
Денсаулығы нашар оқушылар мен студенттер арнаулы медициналық топтар мен емдiк дене шынықтыру топтарында шұғылданады.
1-1. Мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерi, жалпы бiлiм беретiн мектептер және басқа да оқу орындары оқушыларға дене тәрбиесiн беру мақсатында: дене шынықтыру машықтарын қалыптастырады, спортпен айналысуға тартады, дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шаралар өткiзедi және қоғамдық бiрлестiктер мен басқа да заңды тұлғалардың мектеп жасына дейiнгi балалардың, оқушылар мен студенттердiң қатысуымен спорттық iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзуiне жәрдемдеседi.
2. Сабақтан тыс уақытта дене шынықтыру жаттығуларымен шұғылдану үшiн спорт клубтары мен мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдары құрылады, олардың құрамына балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептерi, балалар-жасөспiрiмдер дене шынықтыру клубтары, тұрғылықты жерi бойынша балалар мен жасөспiрiмдер клубтары және қызметi мектеп жасына дейiнгi балалардың, оқушылар мен студенттердiң дене тәрбиесi мен спорттық даярлығына бағытталған басқа да заңды тұлғалар кiредi.
3. Мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде, мектептен тыс дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында және оқу орындарында дене тәрбиесi үшiн қажеттi жағдайлар жасау облыстардың, қалалар мен аудандардың жергiлiктi атқарушы органдарына, сондай-ақ құрылтайшыларға жүктеледi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
10-бап. Еңбек ұжымдарындағы дене шынықтыру мен спорт
1. Кәсiпорындар, ұйымдар жұмыс iстеушiлердi сауықтыру жөнiндегi дене шынықтыруды дамыту үшiн қаражат көздеуге және азаматтардың дене шынықтырумен, спортпен шұғылдану құқықтарын iске асыруына жағдай жасауға мiндеттi.
Мемлекеттiк кәсiпорындар және мемлекеттiң қатысу үлесi бар заңды тұлғалар дене шынықтыру-спорт қоғамдарының (спорт клубтарының) қызметiне қатысуға мiндеттi.
2. Қызметкерлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң жеке және ұжымдық дене шынықтыру-спорт сабақтарын ұйымдастыру үшiн материалдық база жасау, оны пайдалану, қаржыландыру, мамандармен қамтамасыз ету ұжымдық шарттармен және дене шынықтыру мен спортты дамыту бағдарламаларымен айқындалады.
Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 181-IV(қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
11-бап. Тұрғылықты жердегi және халықтың жаппай демалыс
орындарындағы дене шынықтыру мен спорт
1. Тұрғылықты жерде және халықтың жаппай демалатын орындарында дене шынықтыруды және спортты дамыту:
1) спорттық клубтар мен секциялар жұмысын ұйымдастыруды;
2) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық iс-шараларды ұйымдастыру мен өткiзудi;
3) дене шынықтыру-спорт ұйымдарына жаппай демалатын орындарда халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуына арналған қажеттi үй-жайлар бөлуге және спорттық ғимараттар беруге жәрдемдесудi қамтиды.
2. Санаторий-курорт ұйымдарында, пансионаттарда, демалыс үйлерiнде, туристiк базаларда және қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагерьлерiнде жеке, топтық және отбасылық дене шынықтыру-сауықтыру сабақтарын өткiзуге жағдайлар жасалады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
12-бап. Мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi
адамдарға арналған дене шынықтыру мен спорт
1. Дене шынықтыру мен спорт мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдарды дене бiтiмi және әлеуметтiк жағынан оңалту құралдары болып табылады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдар үшiн арнайы дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын, сондай-ақ жалпы пайдаланудағы ғимараттарда дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану үшiн жағдайлар жасауды қамтамасыз етедi.
3. Мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдарды үздiксiз оңалту жүйесiндегi дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануды ұйымдастыру, кадрлар даярлау, әдiстемелiк, медициналық жағынан қамтамасыз ету, мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдардың дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына дәрiгерлiк бақылау жасау, бiлiм беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтiк қорғау, дене шынықтыру және спорт органдарына жүктеледi.
4. Дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдардың дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерiмен бiрлесе отырып, республикалық жарыстар өткiзудi, мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдар арасындағы спорт түрлерi бойынша ұлттық құрама командаларының халықаралық жарыстарға, оның iшiнде Параолимпиадалық, Сурдолимпиадалық ойындарға және Арнайы олимпиадаға дайындалуы мен қатысуын ұйымдастырады.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары мүгедектер мен ақыл-есiнiң мүмкiндiгi шектеулi адамдардың дене шынықтыру-спорт бiрлестiктерiмен бiрлесе отырып, облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) деңгейiндегi спорттық iс-шаралар өткiзудi, сондай-ақ олардың республикалық жарыстарға дайындалуы мен қатысуын ұйымдастырады.
Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
13-бап. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары
адам құрамының дене шынықтыру даярлығы
1. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене шынықтыру даярлығы қызметтiк-қолданбалы бағытта болады және олардың әскери борыш пен қызмет мiндеттерiн орындауын қамтамасыз етедi.
2. Әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене шынықтыру даярлығы жөнiндегi жұмыстың мазмұнын, оны ұйымдастырудың нысандары мен әдiстерiн тиiстi мемлекеттiк басқару органдары белгiленген тәртiппен анықтайды.
3. Әскери бөлiмшелердiң, сондай-ақ құқық қорғау органдары бөлiмшелерiнiң командирлерi мен бастықтары әскери қызметшiлер мен құқық қорғау органдары адам құрамының дене бiтiмiн жетiлдiру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi.
4. Қазақстан Республикасы құрама спорт командаларының мерзiмдi әскери қызметке шақырылған мүшелерi өздерiнiң спорттық шеберлiгiн шыңдау үшiн қажеттi жағдайлары бар бөлiмшелерге жiберiледi, оларға халықаралық, ұлттық және басқа да спорттық жарыстарға қатысуға мүмкiндiк берiледi.
14-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау органдары мен
мекемелерiнiң дене шынықтыру мен спортты
дамытуға қатысуы
Мемлекеттiк денсаулық сақтау органдары мен мекемелерi өздерiнiң құзыретi шегiнде:
дене шынықтыруды аурулардың алдын алу және оны емдеу құралы ретiнде пайдаланады;
дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарға дәрiгерлiк бақылау мен икемдi қадағалауды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларын халықаралық спорт жарыстарына даярлауды медициналық жағынан қамтамасыз етуге қатысады;
дене шынықтырумен және спортпен айналысатын адамдарды жарысқа жiберудi жүзеге асырады;
спорт медицинасы мен емдiк дене шынықтыру саласында мамандар даярлауды жүзеге асырады және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
қолданылып жүрген ережелерге сәйкес мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнде, оқу орындарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт жұмысын ұйымдастыруға белсене қатысады;
халықтың дене бiтiмiнiң даму деңгейiн анықтайды;
Халықаралық Олимпиадалық Комитеттiң сертификаты бар мамандандырылған мекемелерде допингке қарсы бақылауды қамтамасыз етедi.
Ескерту. 14-бапқа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), орыс тiлiндегi мәтiнiне өзгерту енгiзiлдi, қазақ тiлiндегi мәтiнi өзгермейдi - 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
15-бап. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорт
жарыстары мен бұқаралық спорт шараларын өткiзу
кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын сақтау,
азаматтардың денсаулығын қорғау
1. Дене шынықтыру және спорт қызметкерлерi дене шынықтыру мен спорт сабақтарын өткiзу кезiнде дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган әзiрлеп, бекiтетiн қауiпсiздiк нормалары мен қағидаларының сақталуын қамтамасыз етедi.
2. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары ұйымдарының әкiмшiлiгi сабақтар мен жарыстар өткiзiлетiн орындарды қауiпсiздiк техникасының қағидаларына, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге сәйкес техникамен тиiсiнше жабдықтауды қамтамасыз етедi және азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3. Дене шынықтыру мен спорт сабақтарын, спорт жарыстары мен спорттық-бұқаралық iс-шараларды өткiзуге арналған объектiлер мен ғимараттар санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерге, сондай-ақ спорт ғимараттарын пайдалану және өрт қауiпсiздiгi қағидаларына сай болуға тиiс.
4. Дене шынықтыру мен спорт қызметкерлерi дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың денсаулығына келтiрiлген зиян үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
5. Азаматтар мен қатысушылардың қауiпсiздiк жағдайын қамтамасыз етудi күрделендiретiн спорт ғимараттарын пайдалану және өрт қауiпсiздiгi қағидалары талаптарының бұзылуы анықталған жағдайда, оның iшiнде мiнбенiң тiреуiш конструкцияларының ескiруi, мiнбе астындағы үй-жайларда жанар-жағармай заттары мен материалдарының болуы, авариялық жарықтандыру мен эвакуациялау жолдарының болмауы, өртке қарсы қорғану құралдарының болмауы немесе ақаулары, сондай-ақ өрттiң туындауына әкеп соғуы мүмкiн электр жабдығын монтаждау және пайдалану қағидаларын бұзу бөлiгiнде төтенше жағдайлар жөнiндегi органдар енгiзетiн ұсыным бойынша өз бетiнше не iшкi iстер органдарының бастамасы бойынша жергiлiктi атқарушы органдар қауiпсiздiк жағдайларының анықталған бұзушылықтары жойылғанға дейiн спорттық-бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салады.
6. Спорттық-бұқаралық iс-шараларды ұйымдастырушылар iс-шараны өткiзгенге дейiн он күннен кешiктiрмей көрермендердiң болжамды саны туралы, бiр күн бұрын - сатылған билеттердiң, берiлген рұқсаттардың, оның iшiнде автокөлiкке берiлген рұқсаттардың саны, сондай-ақ iшкi iстер, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау органдарының арнаулы техникасына арналған тұрақ орындары туралы жергiлiктi атқарушы органдарды хабардар етуге мiндеттi.
Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.
15-1-бап. Дене шынықтыру және спорт саласындағы
мемлекеттiк мекемелер
Дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелер өздерiнiң негiзгi қызметiне жатпайтын қызметтер көрсетуге құқылы, оларға төленетiн ақы мiндеттi сипатта болмайды, жеке және заңды тұлғалармен келiсiм бойынша айқындалады.
Ескерту. 14-баппен толықтырылды - ҚР 2006.07.05 N 165 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3-тарау. Спортты ұйымдастыру және дамыту
16-бап. Жоғары дәрежедегi спортшылар әзiрлеу
1. Жоғары дәрежедегi спортшылар даярлауды дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган бекiткен спорт түрлерi жөнiндегi бағдарламаларға сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы отандық және шетелдiк мамандар, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт саласында қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғалар жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының жоғары дәрежедегi спортшыларын даярлау келiсiм-шарт негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
Спорт қызметi туралы келiсiм-шартта спортшының құқықтары мен мiндеттерi, оның әлеуметтiк-медициналық сақтандырылуы, мұндай келiсiм-шартты жасасу мен бұзу талаптары болуға тиiс. Спорт қызметi туралы келiсiм-шартта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да талаптар мен мiндеттер болуы мүмкiн.
Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2004.12.20 N 13 (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.10 N 181-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
17-бап. Спорт мектептерi мен мектеп-интернаттары
1. Қосымша бiлiм беру мекемелерi ретiнде спорт мектептерi, сондай-ақ спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес құрылады.
2. Мемлекет спорт мектептерi мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттардың қолда бар материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңа базасын жасау үшiн жағдай туғызады.
18-бап. Спорт түрлерi бойынша Қазақстан Республикасының
құрама командалары
1. Қазақстан Республикасының құрама командалары - спортшылардың, жаттықтырушылардың, отандық және шетелдiк мамандардың, дене шынықтыру-спорт және медицина ұйымдарының басқа да қызметкерлерiнiң ұжымдары спорттың түрлерi бойынша қоғамдық бiрлестiктердiң құрамдас бөлiгi болып табылады, халықаралық жарыстарға даярлық және оларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк туы астында қатысу мақсатында құрылады.
2. Спорттың әр түрi бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын дене шынықтыру-спорт ұйымдарының ұсыныстарын ескере отырып, спорт түрлерi бойынша тиiстi қоғамдық бiрлестiктер конкурстық негiзде құрады. Спорт принциптерiн сақтай отырып, алдын ала белгiленген және жарияланған арнаулы нормативтердi орындаған спортшылар Қазақстан Республикасы құрама командаларының негiзгi және жастар (резервтiк) құрамына енгiзiледi. Қазақстан Республикасы құрама командаларының белгiленген нормативтердi орындамаған, өз мiндеттерiн үнемi бұзатын мүшелерi Қазақстан Республикасы құрама командаларынан шығарылуы мүмкiн. Қазақстан Республикасы құрама командаларының құрамдарын спорт түрлерi бойынша қоғамдық бiрлестiктердiң ұсынуымен дене шынықтыру және спорт жөнiндегi уәкiлеттi орган жыл сайын бекiтiп отырады.
Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР-ның 2009.07.10. N 181-IV(қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз) Заңымен.
19-бап. Кәсiпқойлық спортпен айналысу құқығы
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының келiсiм-шарт негiзiнде Қазақстан Республикасында да, басқа елдерде де ақы төленетiн кәсiпқойлық спорт қызметiмен айналысуға құқығы бар.
2. Кәсiпқой бiрлестiктер құру тәртiбi және олардың жұмыс iстеу жағдайлары, кәсiпқойлық спорт сабақтарын ұйымдастыру, келiсiм-шарттар жасасу тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Спортшылардың, төрешiлердiң, жаттықтырушылардың және басқа мамандардың спорт жарыстарына дайындалу мен қатысуға байланысты және олардың табыс көзi болып табылатын кәсiпқойлық қызметi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
20-бап. Спорт қызметiн ғылыми-әдiстемелiк жағынан
Достарыңызбен бөлісу: |