Дәріс. Психикалық ауру адамдармен әлеуметтік жұмыс Психиатриялық профильдегі клиенттермен әлеуметтік-медициналық жұмыс
Психикалық денсаулық мәселесі бүгінгі таңда ерекше мәнге ие. Жүйкелік-психикалық аурулар әлеуметтiк, медициналық және экономикалық мәселелердiң бірі болып табылады. Мамандардың ойынша, осы мәселелерді айқындаушы фактор ретінде қоршаған әлеуметтік ортаны айтуға болады. Әлеуметтік жұмыс теориясында «психикалық денсаулық» термині бiрнеше мағынада қолданылады:
1. психикалық денсаулық индивидтің психикалық немесе эмоционалды тұрақтылығын білдіреді;
2. адамның психикалық бұзылуларын;
3. адам психикасының қалыпты немесе патологиялық күйін сипаттау үшiн;
4. клиенттің ақыл-ойының кемдігімен байланысты емес мәселелерін белгілеу үшін;
5. психикалық немесе эмоционалдық күйзелістегі аса қауіпті тұлғаларды анықтау үшін.
Психикалық денсаулық қызметтерін денсаулық сақтау секторының бір бөлігі ретінде, сонымен қатар тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсету, әлеуметтік қолдау көрсету мекемелері жүйесінің бөлігі ретінде де қарастыруға болады.
Әлеуметтік жұмыскерлердің міндеттері әр түрлі және кең ауқымды. Оған клиенттермен жұмыс, психотерапияның мүмкіндіктері туралы кеңес беру және тағы басқа клиникалық қызмет көрсету түрлерін жатқызамыз. Әлеуметтік жұмыскерлер ұйымды жалпы басқару, емдеу процесін жүзеге асыру және бағыттау, ауру адамдарға жеке күтім көрсету және оларды бақылау, клиенттің қызығушылықтарын қорғау сияқты мәселелермен де айналысады. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыскерлер психиатриялық профильдегі ауруларға көмек көрсетудің әлеуметтік бағдарламасын ұйымдастыру мен жоспарлауға, әлеуметтік қызметтерді басқаруға, кеңес беру қызметтеріне де атсалысады.
РЕКЛАМА
Яндекс.Директ
Психикалық аурулардың себептері әр түрлi болып келеді: тұқым қуалаушылық факторлары; қолайсыз сыртқы факторлар (инфекциялар, жарақаттар, интоксикациялар, жүйкеге зақым келтіретін жағдайлар); тұқымның құрсақ iшiндегi бұзылуы; ата-аналардың маскүнемдігі мен нашақорлығы; нәтижесі психозға алып келетін асқынған ауру түрлері (энцефалиттер, ми сифилисі, бруцеллез, токсоплазмоз, тұмаудың кейбiр түрлері); тұқым қуалаушылыққа алып келетін және невроздар мен реактивті психоздарға себеп болатын психикалық жарақаттар; жыныс пен жасы (психикалық бұзылулар әйелдерге қарағанда еркектерде жиiрек кездеседi; еркектерде маскүнемдiк және зақымдық психоздар жиiрек байқалады, ал әйелдерде күйзелістер, күйзеліс психозы көбінесе көрініс табады).
Психикалық аурулардың негiзгi белгілері: елес, сандырақ, аффективті бұзылулар, ақыл-ес пен сананың бұзылуы.
Психиатриялық көмек көрсетуде азаматтардың құқығын қорғау өте қиынға түседі, өйткенi көп жағдайда адамдардың психикалық ауруы бар адамдарға деген көзқарасы негативті болып келеді. Мұндай аурулары бар адамдар олардың аурулары туралы жұмыс орнындағы әріптестері біліп қояды-ау деген қорқынышпен өмір сүреді. Сонымен қатар, психикалық ауруы бар адамдардың құқықтары дәстүрлі түрде әрқашан шектеліп отырды және ол бұрыннан бері дәл осы психиатрия саласынан көрініс табуда.
Осыған байланысты психикалық аурулары бар мүгедек жандарды әлеуметтік реабилитациялау, олардың еңбекке жарамдылығын қайта қалпына келтіру, оларды қоғам өміріне қайта қосу қажеттіліктері пайда болды. Осы мақсатта әлеуметтiк жұмыскерлер психиатриялық аурухана (жындыхана) штатына кіреді.
Ауруханадан тыс және стационарлы психиатриялық көмек көрсететiн мекемелерге: психоневрологиялық диспансерлер, психиатриялық аурухана (жындыхана), психоневрологиялық аурулары бар жандарға арналған интернат-үйлері, арнайы балалар бақшасы, санаторийлер жатады.
Психиатриялық көмек көрсететiн мекемелер келесiдей қызметтерді атқарады:
· шұғыл психиатриялық көмек көрсетеді;
· ауруханадан тыс және стационарлы жағдайларда кеңестік-диагностикалық, емдiк, психопрофилактикалық, әлеуметтiк-психологиялық, реабилитациялық көмек түрлерін жүзеге асырады;
· психиатриялық сараптаманың барлық түрлерiн жүргізеді, соның iшiнде уақытша еңбекке жарамсыздықты да анықтайды;
· психикалық аурудан зардап шегушi тұлғалардың жұмысқа орналасуларына жәрдемдесіп, әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсетеді;
· аталған тұлғаларды қамқорлыққа алу мәселелерін шешуге қатысады;
· құқықтық мәселелерге байланысты сұрақтар бойынша кеңес береді;
· психикалық аурудан зардап шегушi мүгедектер мен қарт адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық орналасуын жүзеге асырады;
· психикалық аурудан зардап шегушi мүгедектер мен кәмелетке толмағандарға білім беруді ұйымдастырады;
· төтенше жағдайлар мен апаттар кезінде психиатриялық көмек көрсетедi.
Психиатриялық көмек көрсететін негізгі мекеме – психоневрологиялық диспансер. Оның міндеттері келесідей:
· тұрғындар арасынан жүйкелік-психикалық бұзылулары бар ауру адамдарды анықтап, есепке алып, оларды бақылау және емдеу;
· әлеуметтiк-медициналық патронаж;
· ауруларға әлеуметтік көмек;
· еңбекке жарамдылығына қарай еңбекке тарту және жұмысқа орналастыру (әлеуметтік қорғау орындарымен бірге);
· сараптаманың (экспертизаның) сот-психиатриялық, еңбектік, әскери және т.б. түрлері;
· алдын алу (профилактикалық) жұмыстары; жалпы емдік-профилактикалық желі дәрігерлеріне кеңестік көмек көрсету.
Психиатриялық аурухана (жындыхана) психикалық аурудан зардап шегушi тұлғаларды стационарлық (ауруханада) тексеруден өткізу, емдеу және әлеуметтік-реабилитациялау жұмыстарын жүзеге асырушы емдік-профилактикалық мекеме болып табылады.
Психиатриялық больницаның (жындыхана) негізгі қызметтері мен міндеттері:
1) психикалық аурудан зардап шегушi тұлғаларға стационарлық (ауруханада) жағдайда жоғары білікті емдік-диагностикалық және әлеуметтік-қайта қалпына келтіру көмектерін көрсету;
2) психикалық аурудан зардап шегушi тұлғаларға стационарлық сот-психиатриялық, әскери-дәрігерлік, дәрігерлік-еңбектік және т.б. сараптама түрлерін жүргізу;
3) сот шешімі бойынша қоғамға қауіпті әрекеттерге барған психикалық ауруы бар адамдарды күштеп емдеуді жүзеге асырады;
4) психикалық ауруы бар адамдарды емдеу және қайта қалпына келтіруде мекемелер мен психоневрологиялық диспансерлердің сабақтастығын қамтамасыз ету;
5) тәжірибеге жаңа ұйымдастырушылық формаларды, психикалық ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи құралдары мен әдістерін, сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемелерінде ғылым және техника жетістіктері негізінде психикалық аурулары бар адамдарды әлеуметтік-еңбектік қайта қалпына келтіруді ендіріп, меңгеру;
Ауру адамдарды толыққанды тексеруден өткізу, емдеу және қайта қалпына келтіру үшін психиатриялық аурухана (жындыхана) ішінде емдік, емдік-диагностикалық, эксперттік, емдік-қайта қалпына келтіру сияқты бөлімдер мен бөлімшелер ұйымдастырылды.
Стационарлық көмектен басқа ауруханадан тыс көмек түрлері де ұйымдастырылады. Оған қалалық және облыстық психоневрологиялық диспансерлермен ұйымдастырылатын шұғыл көмек көрсетуді жатқызамыз. Шағын қалалар мен ауылдық жерлерде бұл көмек түрін аудандық психоневрологиялық диспансерлер мен жалпысоматикалық желілердің емдеу мекемелері көрсетеді.
Шұғыл көмек түрін психомоторлық қозу күйіндегі және өзін-өзі өлтіру жолында өлім аузынан қалған тұлғалар қажет етеді. Психомоторлық қозу күйіндегі науқастар әдетте агрессивті, ашулы, бір нәрсеге алаңдаулы болады, ұйықтамайды, аяқ асты іс-әрекеттерге барады, бір жаққа қашып кеткілері келіп тұрады, терезеден секіруге дейін барып, өз-өздеріне зақым келтіріп те жатады. Психомоторлық қозу елес-сандырақ күйінде, сонымен қатар мания және күйзеліс кезінде пайда болуы мүмкін.
Эпилептикалық қозу күйі аса үлкен назар аударуды қажет етеді. Ол көбінесе ашу-ыза күйзелісімен және агрессиялық-бұзушылық әрекеттерімен қатар жүреді. Психикалық ауруға душар болған (психопат) адамдардың қозуы мақсатты түрде бағытталған деп түсіндіріледі. Олар ашуланшақ, дөрекі, бұрын араласып көрмеген адамдарға деген қатынасы агрессиялы болып келеді, қоршаған ортаның тыныштығын өздері ғана бұзып қоймай, басқаларды да соған итермелейді.
Асқынған психомоторлы қозу күйіндегі аурулар дереу психиатриялық ауруханаға (жындыханаға) жатқызылуы керек.
Практикалық әлеуметтік жұмыс клиенттердің психотропты медициналық дәрі-дәрмектерді қолдану мәселелерімен тікелей байланысты. Мамандардың пайымдауынша, психотропты медициналық дәрі-дәрмектердің 3 категориясы бар:
1) мазасыздықты басатын, сонымен қатар, тынышталдыратын және ұйықтататын дәрілер (мысалы, седуксен);
2) адамның депрессиялық күйінің асқынған кезінде қолданылатын тынышталдыратын дәрілер;
3) ауыр психикалық ауру түрлерінде қолданылатын дәрілер.
Тәжірибеге сүйенетін болсақ, әлеуметтік қызметтердің негізгі клиенттері бірінші және екінші категориядағы дәрі-дәрмектерді қолданатын ауру адамдар екен.
Психикалық ауруы бар адамдармен тікелей жұмыс жасайтын әлеуметтік жұмыскерлер емдеу барысында қандай да бір дәрі-дәрмекті қолдану кезінде осы дәрі-дәрмектер негізінде қосымша қауіпті аурудың пайда болу деңгейін анықтай алады. Сонымен қатар, клиенттің тек физикалық жағдайын ғана емес, оның әлеуметтік тіршілік әрекетіндегі өзгерістерін де нақты айтып бере алады.
Әлеуметтік жұмыскерлер психотропты дәрі-дәрмектерді пайдаланудың клиент пен оның отбасына тизізетін әлеуметтік, физикалық және психикалық салдарларын да атап бере алады. Мұндай дәрі-дәрмектерді кейбір клиенттер жасаған іс-әрекеттері үшін жауапкершіліктен қашу мақсатында пайдаланады. Ал басқаларға бұл дәрі-дәрмектер шын негізінде көмек түрі болып табылады. Бірақ кейбір клиенттер өздерін кеміс немесе жарымжан тұлға ретінде санай бастайды.
Ең маңызды нәрсе, психотропты дәрі-дәрмектердің психологиялық әсерін түсіну болып табылады. Әлеуметтік жұмыскер кейбір клиенттерге дәрі-дәрмектерді ары қарай пайдалануын жалғастыруға кеңес берсе, ал басқаларына оларды қабылдауын тоқтатып, емдеу процесіне кейбір өзгерістер енгізуге кеңес беруі мүмкін. Клиенттерге кез-келген дәрі – барлық аурудың емі емес екендігін түсіндіру керек. Сонымен қоса, клиенттер дәрілердің әсері көбінесе осы дәрілерден мүмкін болатын қосымша ауру түрлерін бақылау және оларды пайдалану ережелерін ұстануға байланысты екендігін білулері қажет.
Әлеуметтік жұмыстағы тәжірибе бұл дәрі-дәрмектердің психикалық ауруы бар адамдардың жағдайын сәл де болса жақсартқанымен, олар ауруды емдеп, адамның толыққанды жұмыс істеу, өздерін қамтамасыз ету, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндіктерін беретіндей дәрежеде денсаулықтарын қайта қалпына келтіре алмайды. Егер клиенттердің дәрілерді қабылдауымен қатар белгілі бір психоәлеуметтік терапия жүргізіліп, нақтырақ айтатын болсақ, клиенттерді отбасы мүшелерімен, көршілерімен қарым-қатынасқа түсу сияқты әр түрлі дағдыларға үйреткен жағдайда ғана ең жақсы нәтиже алынуы мүмкін.
Әлеуметтік жұмыскерлерді психиатриялық профильдегі клиенттермен әлеуметтік-медициналық жұмыс саласына тартудың негізгі себебі – мұндай ауру адамдар айналасындағы адамдардың әсеріне өте сезімтал болып келуінде. Психиатриялық профильдегі клиенттердің оларды қоршаған әлемге икемділігін арттыру психотропты медициналық дәрі-дәрмектер көмегімен нәтижелі емдеуге мүмкіндік береді.
Айта кететін бір жайт, мамандандырылған психиатриялық бригадалар тәжірибесінде аурудың туысқандарының науқасты ауруханаға жатқызудан бас тартып жататын жағдайлары да кездеседі. Науқастың туысқандарының ауруханадан бас тартуы медициналық көмектің нәтижелілігіне сенімнің жоқтығымен түсіндіріледі. Мұндай жағдайларда науқасты туысқандарының рұқсатынсыз ауруханаға жатқызуға тура келеді.
Науқастардың жұмысбастылығының терапевтік әсері көп жағдайда клиникалық емес, әлеуметтік сипатқа ие. Басқаша айтатын болсақ, психоневрологиялық интернаттар жағдайында жұмысбастылық арқылы терапия жүргізу жоғалған еңбектік және коммуникативті дағдыларды қайта қалпына келтіруге (немесе жаңа дағдыларды қалыптастыруға), белсенді өмір сүру салтын қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан, өз-өзіне қызмет көрсету мен ресми емес қарым-қатынастарды ынталандырушы шаруашылық-тұрмыстық еңбек кеңінен қолданылады.
Психоневрологиялық интернаттарда негізінен эндогенді және тағы басқа сипаттардағы ұзақ уақытқа созылатын созылмалы ауруы бар науқастар тұрады. Оның ішінде олигофрениямен (ақыл-естің кемдігі) ауыратын адамдар тобы басым. Саны бойынша екінші орынды шизофрениямен, ал үшінші орынды тамырлы деменциямен (ақыл-ойдың кемтарлығы) ауыратын науқастар тобы құрайды.
Жазылмайтын психикалық ауруға душар болған науқастарға күтім көрсету мәселесі өткір шешімдерді қажет етеді. Мұндай жұмысқа психологиялық тұрғыда дайындығы бар қызметкерлерді ғана қолдану керек. Олардың бойында мейірімділік, қайырымдылық, шыдамдылық және әдептілік сияқты қасиеттердің болуы маңызды. Қызметкердің бойында осы аталған қасиеттер болмаған жағдайда ол кәсіби жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Сонымен, психикалық ауытқулары бар пациенттердің негізгі әлеуметтік-медициналық мәселелері келесідей:
• науқастың қандай психикалық ауру түрімен ауыратынын анықтай алмау;
• психикалық аурулары бар науқастарды емдеуге қажетті медициналық технологиялардың жетілмеуі;
• тұрғындар арасында психикалық ауытқулардың кеңінен етек жаюы;
• психикалық аурулардың мүгедектікке әкелуінің жоғары деңгейі;
• тұрғындардың көп бөлігінің әлеуметтік бейімсіздігі (дезадаптация);
• науқастың тұлғалық мәселелері (тұлғаның аурудың емделмейтіндігі туралы ақпаратқа реакциясы);
• тұлғааралық (отбасы мәселелері, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы);
• макроәлеуметтік (абыройлы жұмысынан айрылуы, мамандығының өзгеруі, жұмысқа қабілеттілігінің жойылуы және т.б.).
Қала тұрғындарына психоневрологиялық көмек көрсету аймақтық-учаскелік қағида бойынша құрылады. Ол диспансердің басқа емдік-профилактикалық мекемелермен тұрақты байланыс орнатып тұруына мүмкіндік береді. Ауылдық жерлерде жүйке-психикалық аурулары бар адамдарды аудандық психоневрологтың қадағалауымен ауылдық учаскелік дәрігер бақылайды. Облыстық психоневрологиялық диспансерде әр психиатрге кеңестік көмек көрсетулері үшін белгілі бір аудандар бекітілген.
Тексеруден өтіп жүрген адам психикалық аурудан шынымен зардап шегуде ме, психиатриялық көмекке мұқтаж ба, сонымен қатар көрсетілетін көмек түрі сияқты мәселелерді шешу үшін психиатриялық айғақтау, дәлелдеу жұмыстары жүргізіледі. Дәлелдеу және профилактикалық тексеру қаралып жүрген науқастың (баланың ата-анасымен немесе заңды өкілімен) өтінішімен немесе рұқсатымен жүргізіледі.
Тексеріліп жүрген адам оның психикалық бұзылулары бар деуге негіз болатын іс-әрекеттерге барған жағдайда тұлғаны психиатриялық дәлелдеу тұлғаның немесе оның заңды өкілінің рұқсатынсыз жүргізіледі. Ол келесідей көрініс табуы мүмкін:
• науқастың өзіне және айналасындағыларға деген қауіптілігі;
• оның көмексіздігі, яғни өз бетінше негізгі өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы;
• тұлға психиатриялық көмексіз қалған жағдайда оның психикалық жағдайының қиындап кетуі нәтижесінің денсаулыққа тигізетін зияны;
Адамға психикалық ауру адам немесе психикалық ауруы бар деген диагнозды тек дәрігер-психиатр ғана қояды. Басқа дәрігерлердің ойы тек бастапқы болып саналады. Науқасты дәрігер-психиатрден кеңес алуға кез-келген дәрігер жібере алады.
Диспансерлік бақылау қажеттілігін арнайы денсаулық сақтау ұйымдары мен мамандандырылған емханалық мекемелер (емханалар, диспансерлер) тағайындаған дәрігер-психиатрлердің комиссиясы шешеді. Ұзақ уақытқа созылған және созылмалы психикалық ауытқулары бар тұлғаларға диспансерлік бақылау орнатылады. Диспансерлік бақылау бақылаудағы адамның денсаулығы жақсарып, психикалық жағдайы тұрақталған кезде тоқтатылады. Диспансерлік бақылау тоқтатылғаннан кейін емханадағы психиатриялық көмек емдік-кеңес беру түрінде көрсетіледі. Диспансерлік бақылау дәрігер-психиатрлер комиссиясының шешімімен жаңартылуы мүмкін.
Адамда психиатриялық ауытқу мен дәрігер-психиатрдің стационарлы жағдайда ем алғандығы туралы шешімі болған жағайда, психиатриялық сараптамадан өткізу қажеттілігі туралы сот қаулысы негізінде науқас психиатриялық емханаға (жындыханаға) жатқызылады. Емханаға жатқызу туралы келісім науқас пен оның өкілінің медициналық құжатқа қол қоюы арқылы рәсімделеді (емделуші 15 жасқа толмаған және ойлауға қабілетсіз болған жағдайда оның ата-аналары немесе заңды өкілдері қол қояды).
Стационарлық көмек науқастың минималды шектеулі жағдайында және қызметкердің науқастың құқықтары мен қызығушылықтарын сақтаған жағдайда көрсетіледі. Физикалық қысым көрсету мен изоляция (шеттету) шаралары (төсекке байлап тастау, қозғалыс-қимылын шектеу) психиатрдың ойынша науқас өзіне, қызметкерлерге және қоршаған ортасына қауіп тудыратындай іс-әрекетке барған кезде ғана қолданылады. Қысым көрсету түрлері мен оларды қолдану негіздері туралы медициналық құжатта жазылуы керек.
Емделіп жүрген пациенттерді олардың өтініші (заңды өкілінің өтініші) негізінде өз еркімен немесе науқастың сауығып, жатып емделуді қажет етпейтіндігі туралы емдеуші дәрігерінің шешімі негізінде емханадан шығарады. Пациент психиатриялық стационарға өз еркімен келіп жатқан күнде де дәрігер-психиатрлердің науқасты емханаға жатқызу туралы шешім қабылдаған жағдайда науқастың емханадан шығарылуы туралы өтініші қабылданбауы мүмкін.
Қылмыстық кодекспен белгіленген тәртіпке сәйкес қоғамға қауіпті іс-әрекеттерге барған және психикалық ауытқулары бар тұлғаларға сот шешімі бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
Емханаға еріксіз жатқызылған науқастың (науқастың және оның өкілінің келісімінсіз) емханаға жатқызылу себептерін негіздеу мәселесі бойынша 48 сағат ішінде психиатрлар комиссиясы айғақтау, дәлелдеу шараларын міндетті түрде өткізулері керек. Науқастың емханаға жатқызылуына себеп болмаған кезде және науқастың емханада қалуға ниеті болмаған жағдайда ол психиатриялық емханадан тез арада шығарылуы тиіс.
Емханаға жатқызу себептері жеткілікті болған жағдайда психиатрлер комиссиясының шешімі 24 сағат ішінде психиатриялық емхананың орналасқан жеріне байланысты сотқа жіберіледі. Сот істі өтінішті қабылдаған күннен бастап 5 күннің ішінде қарауға міндетті (сот ғимаратында немесе пациенттің денсаулық жағдайына қарай емханада). Пациентті емханада қалдыру туралы сот шешіміне 10 күн ішінде тұлғаның өзі немесе оның өкілі шағым арыз берулеріне мүмкіндіктері бар.
Тұлғаларды әлеуметтік қамтамасыз ету үшін психоневрологиялық мекемелерге орналастыруға психикалық ауытқуы бар тұлғаның жеке арыз беруі және дәрігер-психиатрдың қатысуымен дәрігерлік комиссияның шешімі негіз болады.
Психоневрологиялық мекеме әкімшілігі әлеуметтік қамтамасыздандыру және арнайы оқыту үшін жылына кем дегенде осы психоневрологиялық мекемеде тұратын тұлғаларды дәрігерлік комиссияның шешімімен науқастардың осы мекемеде ары қарайғы қалуы немесе олардың ақыл-ойының қабілетсіздігі туралы шешімін қайта қарау мәселелері бойынша психиатриялық айғақтау, дәлелдеу жұмыстары жүргізіледі.
Енді психиатриялық профильдегі клиенттермен профилактикалық (алдын алу) және патогенетикалық бағыттағы әлеуметтік-медициналық жұмыстың мазмұнына тоқталайық.
1. Профилактикалық бағыттағы әлеуметтік-медициналық жұмыс:
► тұрғындардың психикалық денсаулығын нығайту және психикалық мәдениетін қалыптастыру;
► қоғамда психологиялық көмек институтын дамыту (тұрғындардың әр түрлі топтарында қарым-қатынас тренингтерін өткізу, коммуникативті дағдыларды қалыптастыру, өмірлік қиын жағдайлардан шығу жолдарын бірігіп іздестіру және т.б.).
► балалар мен жасөспірімдердің, ересек адамдардың еңбек және демалыс уақыттарын ұйымдастыру мен қалыптастыруына жәрдемдесу ;
► ересек адамдар мен олардың бала-шағаларының психоневрологиялық ауытқуларына басты себеп болатын маскүнемдік және нашақорлықпен күресу іс-шаралары;
2. Патогенетикалық бағыттағы әлеуметтік-медициналық жұмыс:
1. проблеманы талдау (клиенттің басты проблемасын анықтау);
2. клиент проблемасын шешуге психолог пен психиатр мамандарын тарту, олардың мәселелерін шешу жолдарын бірігіп іздестіру;
3. медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізуге көмек көрсету;
4. емдеу курстарынан кейін науқастың әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету;
5. әлеуметтік-медициналық патронаж;
6. клиент пен оның жақын туыстарына психологиялық және құқықтық кеңес беру;
7. клиентті ашық және жабық типті арнайы мекемелерге орналастыруға жәрдемдесу;
8. клиентке психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыру.
1. «Әлеуметтік-медициналық жұмыс» пен «әлеуметтік-медициналық көмек» ұғымдары нені білдіреді?
2. Әлеуметтік-медициналық патронаж ұғымына не кіреді және ол қалай жүзеге асады?
3. Әлеуметтік-медициналық жұмыстың қалыптасу тарихы мен дамуы туралы не білесіз?
4. Әлеуметтік жұмыскердің денсаулық сақтау ұйымдары жүйесіндегі қызметтері қандай?
5. Профилактика ұғымы және оның мәні.
6. Профилактикалық бағыттағы әлеуметтік-медициналық жұмыстың қызметтері.
7. Қандай отбасыларды қауіп-қатер тобындағы отбасыларға жатқызамыз?
8. Қарт адамдар мен егде жастағы адамдарға әлеуметтік-медициналық көмекті ұйымдастыру қалай жүзеге асырылады?
9. Онкологиялық ауруға шалдыққан аурулармен профилактикалық бағыттағы әлеуметтік-медициналық жұмыстың мазмұны қандай?
10. Паллиативті көмек дегеніміз не? Хоспистер мен оның паллиативті көмекпен байланысы қандай?
11. ЖҚТБ-мен инфекцияланған адамдар санының өсуінің алдын алу шаралары туралы не білесіз?
12. Наркологиялық аурулар дегеніміз не? Оларға қандай ауруларды жатқызамыз?
13. Маскүнемдіктің медициналық, әлеуметтік, әлеуметтік-экономикалық салдары қандай?
14. Медициналық-әлеуметтік экспертиза дегеніміз не?
15. «Реабилитациялаудың жеке бағдарламасы» нені білдіреді?
16. Психоневрологиялық көмек қандай принциптер бойынша көрсетіледі?
17. Қандай жағдайларда пациенттерді күштеп емдеу қолданылады?
18. Шет елдерде тұрғындарға әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруда қандай негізгі амалдар қолданылады?
Достарыңызбен бөлісу: |