ДӘРІСТЕРДІҢ ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫ
ДӘРІС – 1. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері
Жоспар
1. Кіріспе Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері
2 Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері
3. Тәрбие процесін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 01 маусымдағы № 348 бұйрығымен бекітілген Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері
Кіріспе Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде қазақстандық қоғамдағы заманауи әлеуметтік мәдени трансформация ескеріле отырып әзірленді.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар, адам өмірі мен денсаулығы, тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбексүйгіштікті, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында, отбасылық тәрбие құндылықтары, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кірігуі негізінде білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиені кіріктіруге, тәрбие әдіснамасын, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағдарланған.
Тұжырымдамалық негіздер Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде тәрбиенің даму перспективасын, басым бағыттарын, тәрбие мақсаттарын, міндеттерін, бағалау өлшемдерін және тетіктерін анықтайды. Тұжырымдамалық негіздер жаһандану дәуірінде қазіргі адамда қоршаған әлемге технократтық және тұтынушылық көзқарас үстем болатын заманауи қоғам дамуының ерекшеліктерін ескереді. Осыған байланысты адамзатты ұлттың тұрақты дамуының, рухани әлеуетінің артуына кепіл болатын прогрестің рухани-адамгершілік құндылықтарына, ана тілі мен ұлттық менталитеттің маңыздылығын нығайтуға қайта бағдарлау қажет. Ұлттың ерекшеліктерін, психологиясын, менталитетін ескермеу, ұлттықмәдени құндылықтар бастауынан алыстау немесе оларды космополитизм мен жалған мәдениет түрлерімен алмастыру – адамның моральдық азуына, қоршаған әлемге агрессиясының артуына, рухани-адамгершілік әлеуетінің құлдырауына әкеліп соқтырады. Жалпыәлемдік тәрбие жүйесін зерттеу және талдау елімізде біртұтас кешенді тәрбие жүйесін, оның мақсаты мен мазмұнын ұлттық мақсаттар, мәдени құндылықтар мен дәстүрлер, діл ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік озық тәжірибе, заманауи прогрессивті ағымдар, инновациялар үйлесімінде құрудың маңыздылығын көрсетіп отыр. 5 Туған жерін, халқын сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кең пейілділік, бауырмалдық, ашықтық, қонақжайлылық, толеранттылық – қазақ халқының діл ерекшелігі болып табылады.
Мұғалімдердің кәсіби қызметінде жастардың функционалдық сауаттылығы, көпмәдениетті тәрбие, үштілді білім беру, ақпараттық технологияларды пайдалану процесі артып отырғаны байқалады. Республикадағы балалар мен оқушы жастарға қосымша білім беру жүйесі, үкіметтік емес және басқа да қоғамдық ұйымдар үлкен мүмкіндіктерге ие болып отыр. Сонымен бірге, балалар мен жастардың бойында ұлттық тәрбие қажеттілігін сезіну мен азаматтық ұстаным, патриоттық сезім, ұлттық намысты қалыптастыру деңгейі арасында қарама-қайшылық байқалады.
Жастардың бір бөлігінде әлеуметтік-оң бастамашылық мүлдем жойылып, оның орнын мақсатсыз уақыт өткізу алмастырып отыр. Өмірлік жетістікке, жоғары әлеуметтік мәртебеге қол жеткізу табанды және нәтижелі еңбек етумен, қойылған мақсатқа дәйекті түрде жету білігімен байланыстырылмайды. Тәрбие жұмысында жастардың бос уақытын ұйымдастыру көңіл көтеру сипатындағы бір реттік шоу-шараларға ұқсас.
Тәрбие жүйесінде жаһандану процесіндегі шиеленіспен байланысты бірқатар проблемалар байқалады:
- балалар мен оқушы жастардың бұқаралық мәдениет құндылықтарына, сапасы төмен бұқаралық ақпарат құралдары ақпаратына және интернет-сайттарға бағдарлануы;
- қатыгездікті насихаттау, балалар мен жасөспірімдердің темекі шегуге, алкоголь және есірткі қолдануға әуестенуі, оқушылар арасындағы жезөкшелік;
- еңбек тәрбиесі рөлінің төмендеуі; - отбасылық құндылықтар мен отбасылық тәрбие дәстүрлері рөлінің төмендеуі;
- әлеуметтік жетімдік, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид, нашақорлық, бүлдіргіш секталарға қатысу және т.б.
ЮНИСЕФ және ДДҰ 2012 және 2013 жылдардағы деректері бойынша Қазақстан суицид себебінен болған өлім-жітім көрсеткіші жағынан жасөспірімдер арасында екінші орында, ал қыздар арасында бірінші орында. Қазақстан 10-14 жасар жасөспірімдер мен қыздар арасындағы өлім коэффициентінің деңгейі бойынша бірінші орында тұр. Балаларға қосымша білім беру жағдайы жақсартуды қажет етеді. Көптеген 7 қызмет түрлері ақылы болғандықтан балалардың барлығына бірдей қолжетімді емес. Мұндай жағдайдың бірден бір себебі тәрбиені әлеуметтік құбылыс және мақсатты процесс ретінде жете бағаламаушылық болып табылады.
Тәрбие жастардың тұлға ретінде қалыптасуына негіз болатын рухани-адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді қалайды. Сонымен, қазіргі жағдайда тәрбиенің үйреншікті үлгісі тиімсіз болып қалды және жалпыадамзаттық әрі ұлттық құндылықтарға тәрбиеленген Қазақстан азаматын қалыптастырудың жаңа жағдайлары мен талаптарына жауап беретін Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін дайындаудың объективті алғышарттары қалыптасты
Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері
Мақсаты: Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жанжақты және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу.
Міндеттері:
1. Жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азамат пен патриоттың қалыптасуына; тұлғаның саяси, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға; балалар мен жастардың құқықтық санасының өсуіне, оның балалар мен жастар ортасындағы қатыгездік пен зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы тұруға дайын болуына ықпал ету.
2. Тұлғаның рухани-адамгершілік және этикалық принциптерін, оның қазақстандық қоғам өмірінің нормалары және дәстүрлерімен келісілген моральдық қасиеттері мен мақсаттарын қалыптастыруға ықпал ету.
3. Тұлғаның жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға бағдарлануына, ана тілі мен қазақ халқының, Қазақстан Республикасында тұратын этностар мен этникалық топтардың мәдениетін құрметтеуіне ықпал ету.
4. Бала тұлғасын қалыптастыруда ата-аналардың ағарту жұмысын, психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін күшейтуге, бала тәрбиесі үшін олардың жауапкершілігін арттыруға ықпал ету.
5. Тұлғаның еңбек дағдыларын, экономикалық ойлауы мен кәсіби қалыптасуы мен өзін-өзі іске асыруына саналы қарым-қатынас қалыптастыру, экологиялық мәдениетін дамыту, сондай-ақ коэволюция идеяларын қабылдау қабілетіне және оны күнделікті өмірде басщылыққа алуына ықпал ету.
6. Әрбір тұлғаның зияткерлік мүмкіндіктерін, көшбасшылық қасиеттерін және дарындылығын дамытуды қамтамасыз ететін уәждемелік кеңістік қалыптастыру, оның ақпараттық мәдениетін қалыптастыруға ықпал ету.
7. Білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта құруға ықпал ету, жалпымәдени мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру, тұлғаның өнерде және болмыста эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау әзірлігін дамыту.
8. Салауатты өмір салты дағдыларын тиімді меңгеру, дене дамуы мен психологиялық денсаулықты сақтау, денсаулыққа зиян келтіретін факторларды анықтау біліктілігін ойдағыдай қалыптастыру үшін кеңістік орнату.
Тәрбие процесін ұйымдастырудың әдіснамалық негіздері
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері келесі әдіснамалық негіздерге сүйенеді: Құндылықты (аксиологиялық) көзқарас – адамзаттың түсінігімен және рухани-адамгершілік мазмұнымен анықталатын адамның әлемге, өзге адамдарға, өз-өзіне және т.б. қатынасы, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың диалектикалық бірлігіне сүйену.
Антропологиялық көзқарас – тәрбие тақырыбы ретінде адам туралы білімнің барлық деректерін және олардың есебін біртұтас педагогикалық процесті құруда және іске асыруда жүйелі қолдану.
Тұлғалық-бағдарлы көзқарас – өзара байланысты түсініктер, іс-әрекет идеялары мен тәсілдер жүйесіне сүйену, тұлғаның өзін-өзі тану, өзін-өзі жетілдіру және өзін-өзі жүзеге асыру процесін қолдау, оның дербестігін дамыту.
Қызметтік көзқарас – педагог өз тәрбиеленушілерін мақсат қою және іс-әрекетін жоспарлау, оны ұйымдастыру және реттеу, бақылау, өзіндік талдау және іс-әрекет нәтижелерін бағалауға үйретуі үшін қажет баланың іс-әрекетін қалыптастыру, таным, еңбек және қарым-қатынас субъектісі позициясына ауыстыру бойынша арнайы жұмысты талап етеді.
Құзыреттілік көзқарас – тәрбие мақсаттарын анықтаудың, тәрбие процесін ұйымдастыру мен оның нәтижелерін бағалаудың, оқушыларда құзыреттіліктерді қалыптастыру мен олардың табысты әлеуметтенуін қамтамасыз ететін ортақ ұстанымдар жиынтығын ескеру.
Әлеуметтік көзқарас – тұлғаның мақсаты мен міндеттеріне әлеуметтік шынайылықтың ықпалын ескеру, осы ықпалдың адам және қоғамға тигізер педагогикалық салдарлары.
Жүйелілікті көзқарас – нысанды оны құрайтын бөліктердің жиынтығына қосылмайтын және иерархиялық құрылымы бар күрделі құрылыс ретінде қарастыруды көздейді. Жүйелі қарастыру құрылымдық компоненттерді, олардың қызметін бөліп көрсетуді, қызметтік-иерархиялық байланыстар орнатуды, жүйеқұраушы факторларды анықтауды, сыртқы байланыстар талдауын қажет етеді.
Тұтастық көзқарас – білім алушы тұлғасының зияткерлік және рухани-адамгершілік дамуының бірлігін анықтайтын педагогикалық процестің мәнін көрсетеді.
Синергетикалық көзқарас тәрбиені тура себеп-салдарлы байланыстарға негізделмеген, белгілі бір деңгейде өздігімен ұйымдастырылатын процесс ретінде емес, керісінше бір мағыналы емес, заңды және кездейсоқ, болжанған және стихиялы, ретті және ретсіз сияқты көптеген ішкі және сыртқы ықпалдармен келісілген процесс ретінде қарауға мүмкіндік береді. Тұжырымдамалық негіздер тәрбие процесінің келесі принциптерін іске асыруды жорамалдайды:
Гуманистік бағыт принципі – педагогтің тәрбиеленушіге өз дамуына жауапты және дербес субъект ретінде бірізді қарым-қатынасы, оның тәрбие процесінде тұлғамен және ұжыммен ізгілікті қарым-қатынас негізінде өзара әрекет стратегиясы.
Жалпыадамзаттық құндылықтар принципі тәрбие рухани-адамгершілік дәстүрлер мен ұлттық және әлемдік мәдениет нормаларына негізделуі қажет деп сендіреді.
Мәденисәйкестілік принципі – тәрбие мәдениеттің жалпыадамзаттық құндылықтарына негізделуі және ұлттық мәдениеттердің жалпыадамзаттық 12 құндылықтары мен нормаларына сәйкес құрылуы тиіс.
Үздіксіздік принципі – тұлғаны тіршілік әрекетінің барлық кезеңінде жан-жақты дамыту, оның күші мен қабілетін, кәсіби және жалпымәдени өсуін барынша толық жүзеге асыруда шығармашылық әлеуеті мен мүмкіндіктерін байыту.
Табиғисәйкестілік принципі – табиғат дамуының ортақ заңдарының басымдығы; табиғи және әлеуметтік процестердің өзара байланысы; тәрбие жұмысында білім алушылардың жынысы мен жас ерекшеліктерін ескеру.
Тұтастық принципі оқу және оқудан тыс қызметтердің кіріктірілуімен қамтамасыз етіледі: оқу қызметі когнитивті құрамдасты қалыптастырады; сабақтан тыс қызметте эмоционалды-құндылықты мінез-құлық компоненті дамиды.
Этникалық принцип – тәрбиені ұлттық сана қалыптастыруға бағытталған ұлттық мазмұнмен толтыру, барлық азаматтар үшін ана тілінде білім алу және қарым-қатынас жасау үшін, дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, рәсімдерді зерттеуге жағдай жасау.
Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар тұтас педагогикалық процестің өзегі бола отыра, тәрбие жұмысының барлық бағыттары арқылы өтеді.
1.Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие
2. Рухани-адамгершілік тәрбие
3. Ұлттық тәрбие
4. Отбасы тәрбиесі
5. Еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие
6. Көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие
7. Зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі
8. Дене тәрбиесі, салауатты өмір салты Тәрбиенің мақсаттары мен тәрбие жұмысының міндеттері білім беру процесінде, сабақтан тыс және бос уақытта іске асырылады.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін іске асыруда күтілетін нәтижелер
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері:
– Қазақстанда жеке тұлға іс-әрекетінің дұрыс уәждемелік-құндылықты аясын;
– білім алушы жастарда қазақстандық патриотизмды, азаматтық өзіндік санасын, құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, толеранттылық және рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудың артып отырған деңгейін;
– жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар арқылы мәдениет негіздерін, ана тілі мен мемлекеттік тілге және этномәдениетке құрметті;
– рухани дамыған және жоғары адамгершілікті тұлға қалыптастыруда білім беру мазмұнының тәрбиелік әлеуетін күшейтуді;
– бала тұлғасын қалыптастыруда ата-аналардың психологиялық-педагогикалық құзыреттіліктерін арттыруды, қамқоршылық кеңестерінің рөлін көтеруді;
– білім беру ұйымдарында көпмәдениетті орта құру, тұлғаның өнердегі және болмыстағы эстетикалық нысандарды қабылдау, меңгеру және бағалау 20 әзірлігін дамытуын;
– тұлғаның дамыған экономикалық ойын және кәсіби қалыптасуға саналы қарым-қатынасын қалыптастыруды; табиғатты сақтауда белсенді азаматтық ұстанымын; экологиялық сауаттылығы мен мәдениетінің жоғары деңгейін;
– табысты әлеуметтенуді, өздігімен білім алу мен өзін-өзі жүзеге асыруды, отбасы институтының өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі тәрбиелеуін нығайтуға саналы түрде қатысуын қамтамасыз етуі тиіс.
Сонымен, Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінің жалпы векторы үйлесімді, жан-жақты дамыған, рухани-адамгершілік қасиеттері бар, таңдау жасау жағдайында өздігімен шешім қабылдауға даяр, ынтымақтастыққа және мәдениетаралық қарым-қатынасқа қабілетті, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар, «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты − Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істерге белсенді қатысатын адам қалыптастыруға бағытталған
Достарыңызбен бөлісу: |