292
Сүлеймен қарақшы
неменiң ақыры құлайтынын бiлдi ме, оның артында отырғандар
орындарынан тұра-тұра сап, шетке ысырылды. Үшiншi рет
ұрғанда, дәу орыс бос қалған вагонның қабырғасына соғылып,
кесiлген теректей еденге сылқ еттi. Өзiнен шығып, жынданған
Сүлеймен оның
өлi-тiрiсiнде жұмысы болмай, қасына жетiп
барып, сақалынан ұстай алды да, басын вагон еденiне төрт-
бес мәрте оңбай соққылады. Тек анау талып қалған кезде ғана
сақалынан
қолын босатып, берi айналды. Ол айналғанда,
бағанағы таяқтан ендi ғана ес жиған басқалары: “Болды, болды,
биз женилдик”, — деп бәрi бiр ортаға жиналып, қолдарын көтере
жүрелей отырысты. Әлi де ашуы басылмаған Сүлеймен:
— Шетiнен буындырып өлтiрейiн бе? — деп тiстенiп келе
берiп едi:
— Жетер, Сүке, жетер. Ендi бұлар бiздiң айтқанымызды
iстейтiн болады, — деп Төрекелдi жолына кесе-көлденең тұрды.
Төрекелдi Сүлеймендi тоқтатқанда, жан-жақтағы қазақтар:
“Нәлетiлер пiрiн танымай жүрген екен”, “Е, айналайын, арысым,
бар екенсiң ғой”, “Е, бәсе, бұларға қарсы тұрар, қазақта ер тумап
па?!”, “Кәпiрлердi бiз де бiраз сабап алайық”, —
деп өре тұра
келдi де, қолдарын көтерiп, жүрелей отырғандарға жабыла кеттi.
Ұрғандары былай тұрсын, үстерiндегi шекпендерiн де шешiп
алып, жалаңаш қалдырды. Бұлай ете берсе, оларды өлтiрiп қояр
дедi ме:
— Тоқтатыңдар дереу! Асау өгiзге бiр-екi рет дүре тисе, жуасып
қалатынын бiлмеушi ме едiңдер? Жеңiлгендерiн мойындап, қол
көтерiп отыр емес пе. Болды, жетер. Тоқтат деймiн сендерге! —
деп Төрекелдi айқайлап бердi.
Қазақтар ұруын сап тиып, өз орындарына отырды. Оңбай таяқ
жеген дәу жайлап көтерiлдi де, бет-аузының қанын да сүртуге
шамасы болмай, басын ауырсына қысып бiраз отырды. Сөйттi де
еңбектеген күйi өз серiктерiне жақындады. Серiктерi оның қанын
сүртiсiп, киiмiн жөндеп, көмектесуге қазақтардан қаймықты ма,
ешқайсысы жақындамады.
— Хайуанның қанын судай шашып жiбергенiмде болар ма едi,
Төрекелдi.
— Онсыз-ақ әбден сазайын тартты ғой.