Дістемелік кешені


Жазушы Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы» (2003) атты шығармасы – роман-диалог



бет33/73
Дата05.12.2022
өлшемі0.63 Mb.
#466476
түріБілім беру бағдарламасы
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   73
tzha keshen-2022-2023

2. Жазушы Талаптан Ахметжанның «Ақиқат жолы» (2003) атты шығармасы – роман-диалог
Романның идеялық-композициялық желісінде XX ғасырдың 30–90-жылдары арасындағы қазақ тарихының кезеңдік оқиғалары (азамат соғысының дүрбелеңі), ауылдардың колхоздарға ұжымдасуы, Ұлы Отан соғысы жылдары, соғыстан кейінғі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңі, 1986 жылғы Желтоқсан ұлттық-азаттық көтерілісінің тарихи тағылымы, саяси-идеологиялық қудалау зардаптары, Кеңес заманының «Қайта құру» дәуірінің зобалаңдары, т.б.) автор мен романның басты кейіпкері арасындағы сұхбат аркылы өрістеген.
Романның эпикалық сипатын танытатын басты ерекшелігі – XX ғасырдың 30–90-жылдары арасындағы қазақ халқы тарихына катысты оқиғалардың мол қамтылатыны. Тіпті, басты кейіпкердің толғанысты баяндауларының әуелгі бөліктерінде қазақ тарихының бұрынғы ғасырларындағы ата-бабалар, ата-тек тармақтары, олардың кейінгі ұрпақтарға жалғасқан әулеттік жүйесі кең көлемде қамтылған. Әдетте, көркем шығармалардың мазмұны мен пішініндегі поэтикалық мәселелерді саралағанда олардың уақыт пен кеңістікке негізделетінін ауызға аламыз.
Жазушы Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы» романдарындағы уақыт пен кеңістік ұғымдарының тарихи-эпикалық кең құлашты сипатпен өрілгенін танимыз: «Художественное время представляет собой сложнейшее сочетание и переплетение трех временных планов – персонажей, автора и читателя (слушателя). Время персонажа (или индивидуальное, частное, личное) включает в себя не только субьективное восприятие времени героем произведения, но и его самоориентацию во временном потоке, его биографическое время, время его деятельности» [166, 7 б].
«Акиқат жолы» романындағы басты кейіпкердің ғұмырбаяндық өмір жолы, қызмет кезеңдері осы айтылған поэтикалық заңдылықтарға сәйкес жүйелене берілген.
Басты кейіпкердің Автор-кейіпкермен сұхбаты барысында ғұмырбаян, оқу-білім алу, мемлекеттік қызмет кезеңдері уақыт шындығы деректерімен баяндалған. Кейіпкердің әкесі Сауранбайдың қырғыз батыры Жаманқұлдың қарындасы Сейілбүбіні атастырылғаннан кейін балиғатқа жеткізіп барып қосылғаны, старшын болып әділ, жаны да, тәні де таза әйелге де еркекке де мейірімді және өте қайратты, батыр болғаны автордың эпикалық баяндауларымен қамтылған. Колхоз болып ұйымдасқанда «Ортаға қосылған малдың 70–80 пайызы Сауранбайдың жеке өз малы», «Қорасына мал біткен, басына бақ дарыған адамның» [100, 21 б] баласы романның бас кейіпкері Ермектің диалогындағы мақтанышы – қазақы ділдің көрінісі: «Әкейдің абыройы маған осы күнге дейін азық. Жақсы ісі жаныма азық. Рухымның жасымауына, еңсемнің биік болуына сүйеу. Ел алдында бетім жарық. Ешуақытта ауыр сөйлемеген, асылық айтпаған жан екен. Ауылды алыс, жақын деп бөлмеген, елдің бірлігін сақтауға ұмтылған. ...ақ сәлдесін басына тартып, қолына тәспиғын алып, бойын да, ойын да таза ұстап, бес уақыт намазын қаза қылмай, дін жолына түпкілікті бет бұрады» [100, 21-22 бб].
Кейіпкердің анасы Сейілбүбі де адалдық, мәрттік, адамгершілік-имандылық касиеттерімен даралана мінезделген. Сейілбүбінің күрделі мінезді сипатын құрайтын қасиеті кейіпкердің диалогтарындағы ой өрімдерімен жүйеленген. Нактылап айтқанда, перзентін жауыздықтан қорғаушы батырлығы (Ермегін қорғап, қатыгез парторгтің қамшысына өзін тосқаны, жауыз парторгті өлтіруге оқталған баласын тоқтатқан имандылығы психологиялық болмысымен, кейіпкердің тебіреніс-толғаныстарымен дәйектеле берілген. Кейіпкердің анасының мінез-кұлық касиеттерін («Шешем жарықтық жаман сөз айтуды, кісіні балағаттау дегенді білмеуші еді. Қатты ашуланғанда айтатын сөзі «Күнәң күйгір» болатын»), өзіне айтатын акылының мұсылмандық төзімділікті, кекшілдіктен аулақ болуды уағыздау екендігін окырмандарға ұсынған:
«– Балам, ешуақытта ешкімнің қанын мойныңа жүктеме! – деді. – Ең ауыр күнә – сол. Оны Құдай да, адам да кешірмейді. Сені ұрса ұрсын, соқса соқсын, жаның аман қалса болды. Бірақ ... кек тұтпа. Қару көтерме. Қан жүктеме мойныңа. Біреуді соғып, кегіңді қайтарып, өзгенің өштігін одан сайын қоздырып ойда жүргенше, таяқ жеп қырда жүр, балам, – деп солқылдап жылап жіберді» [100, 43 б].
Сейілбүбі ананың осы көзқарас ұстанымы нақты ісімен де дәледенеді. 1944 жылы соғыстан қашып жасырынып жүрген көршісі Кісібайды іздеп жүргендердің Ермектің пионерлік «қырағылығымен» қашқындарды (дезертирлерді) ұстау керектігін айтқандарына елігіп ұстап бергені үшін баласы Ермекті Сейілбүбі ана жазалайды. Көршіге қастық жасағаны үшін баласының қол-аяғын сол қашқын Кісібайдың балаларына байлатады, төбедегі сырғауылға аяқ-қолын арқанмен шалып іліп қойып астына құрғақ шөп үйіп от қойдыртады. Исламдағы имандылық тазалығы үшін өз баласы Әбу-Шаһыманы дүре соққызып жазалап өлтірткен Омар сахаба секілді Сейілбүбі ана да баласының соғыстан қашып жүрген көршісі Кісібайды ұстатып жібергені үшін аяусыз жазалау арқылы өз көзқарасына мойынұсындырғысы келеді.
Астына тасталған шөпке от қойылып жана бастағанда шешесінің:
«– Енді бұлай жасамаймын деп айт! Сонда отты өшіртемін!» – [100, 47 б] деген ызбарлы үніне баласы да тіл қатпайды. «Өзімді кінәлі сезініп тұрған жоқпын. Шындықты айтқаныма жазықтымын ба? Өйтіп жұрттың көзінше бейшара болғанша өртеніп өлейін дедім. Өстіп қасарысып тұрғанда көйлегімнің шетіне от тиді де, лапылдап жана бастады. Арқамды жалын шарпып барады. Бірақ тістеніп үн шығарған жоқпын. Шешем де сыр берер емес» [100, 47 б]. Бұл – кейіпкерлердің психологиялық болмысын романтикалық-реалистік көркемдік әдіспен бейнелеудің көрінісі.
Романның «Соққан дауыл сияқты немесе Желтоқсанның ызғары» атты екінші бөліміндегі шиеленісті оқиғалар қақтығыстарында туа біткен қайсарлығымен, рухани шыңдалған күрескерлігімен өзінің адамгершілік ар биіктігін аласартпаған кейіпкер тұлғасы дараланған. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Жамбыл облысы Мерке ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіндегі Ермек Сауранбаевтың және қазақтың талай марқасқа қайраткер азаматтарының «Кіші – 37» тектес саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны мәлім. Жалған жалалар жабылып, қызметінен босату, отбасындағы зайыбының, балаларының қызметтеріне кедергілер, қастандықтар жасау, т.б. іс-әрекеттердің барлығы да кейіпкерді мойытпайды. Әкесі Сауранбайдың, шешесі Сейілбүбінің ұстанып өткен адамгершілік-имандылық қасиеттерімен рухтанған кейіпкердің ой-толғаныстары нағыз қазақы ділдің, мұсылмандықтың шынайы көрінісі.
Академик 3. Ахметов «Көркемдік уақыт» атты еңбегінде былай дейді: «...әдебиет шығармасында уақыттың жылжуы уақиғаның суреттелуіне байланысты бірде жедел, бірде баяу болып, кейде тіпті үзіліп кетіп отыруы ықтимал. Ал тағы бірде уақиға аяғынан басталып баяндалса, жазушы уақытты кейін қарай жылжытып көрсетуі мүмкін. Сонымен әдебиет шығармасында автордың кейіпкерлер мен оқушылардың уақытты қабылдау ерекшеліктері ескеріледі [74, 18 б]. Бұл – сөз арқауындағы Т. Ахметжанның «Ақиқат жолы» романындағы эпикалық баяндау мен психологиялық өрілім аясында қамтылатын көркемдік уақыт кеңістігін аңғартатын пікір.
Роман композициясындағы тарихи тұлғалар Ермек Сауранбаев та жазушы Талаптан Ахметжан да байырғы түркі өркениетінің, ислам дінінің, қазақ хандарының, билерінің, тарихи қайраткерлердің, халкымыздың және бүкіл адамзат құндылықтарының өнегесін кең камтып сұхбаттаскан. Автор-кейіпкердің қазақ халқының өткені мен бүгінін, болашағын сабақтастыра толғанатын тұстары романдағы лирикалық-психологиялық желі болып тартылған.
Көркемдік уақыт пен кеңістік аясында адамдардың өзара қарым-қатынастары, Жаратушы аллаға мінәжаты, туған жердің тарихына, табиғат сұлулығына құштарлығы, әділетсіздіктен азап шексе де тіршіліктің осындай қарама-қайшылықтары болуы Жаратушының кұдіреті екендігін мойындауы, тәубе айтуы эпикалық шығармадағы психологиялық сипаттың нақты көрінісі. Қасиетті Қағбаны жеті рет айналып, әкесінің, анасының лайықты перзенті бола білгенін, ағалы-інілі, апалы-қарындасты болғанына, сұлу табиғаты бар жерде өскеніне, адал жарға үйленіп алтын асықтай балаларын, немерелерін сүйгеніне зор қанағатпен шүкіршілік еткен кейіпкер толғанысы – осындай типтес адамдар жан-дүниесінің жинақталған болмысын танытады:
«Бір адамға жетерлік бақ емес пе осының өзі. Тәуба! Тәуба! Тәуба! Ешкімге өкпем жок. Жүрегім таза. Елімді, жерімді сүйемін. Ұрпағыма да осыны өсиет етемін! Мың өліп мың тірілген Қазақ елінің болашағы жарқын болса екен деп тілеймін Құдайдан ...» [100, 25 б].
Қорыта айтқанда, қазіргі қазақ романының эпикалық және психологиялық ерекшеліктері тарихи шындық пен көркемдік шешім арқылы шығармашылық шеберлікпен жүзеге асырылуда. Бұл – қазақ әдебиетіндегі классикалық үрдістердің жетіле жалғасуының көрінісі.
Қазіргі қазақ прозасындағы роман жазу үрдісінде әлем әдебиетіндегі класссикалық үлгілерді дамыта жалғастыру байқалады. ХVIII–ХІХ ғасырларда Еуропа әдебиеттерінде негізі қаланған психологиялық роман үрдісі жалғаса, дами келе әлемдік шығармашылық кеңістікте әр алуан жаңа туындылар арқылы молая түсті. Роман жанрындағы шығармалардың психологиялық сипатпен жазылуында басты кейіпкерлердің ішкі жан – дүниесіндегі жағымды және жағымсыз ойларының толассыз қайшыласқан толғаныстарымен, қоршаған қоғамдық-әлеуметтік орта мен жеке адамдар арасындағы үйлесіммен, сәйкессіздікпен берілуі ерекше байқалады.
Роман кейіпкерлері мінез - құлық қасиеттері қақтығыстарының шынайы-лығы, жеке отбасылары мен әлеуметтік ортадағы адамдар жандүниелеріндегі сырт көзге байқала қоймайтын, бірақ үздіксіз қозғалыстағы буырқаныстар, толғаныстар әлемі психологиялық сипаттылығымен ерекшеленеді. Ғалым А. С. Ісімақова әлем әдебиеттері тарихында психологиялық романдар жазу тәжірибесінің алғашқы үлгісі Стерннің (Англия, XVIII ғасыр) «Тристам Шендидің өмірі мен пікірлері» атты романынан басталатынын, бұл үрдістің XIX ғасырда Еуропа прозасында дамуында Л. Н. Толстойдың («Анна Каренина»), Ф. Достоевскийдің романдары арқылы жалғасқанын баяндай келе, олардың шығармаларындағы адам психологиясын бейнелеудегі суреткерлік-шеберлік болмысына баға береді [74, 171 б].
Кейіпкерлердің ішкі жан-дүние болмысы арқылы шынайы өмір қозғалысының қайшылықтары, жақсылық пен жамандықтың жағаласқан қақтығыстары айқындалатыны, адамның ішкі жанжүйесінен ғарыштық-ғаламдық қозғалыстардың бағзы заманғысы, қазіргі болмысы, келешек келбеті жалғасатыны суреткерлер романдарында эпикалық кеңістікте қамтылатыны белгілі. Осы бағдарлы пайымдаулар аясындағы зерттеушінің қазақ романистикасындағы көрнекті романдарға берілген бағалаулары ғылыми дәйекті:
«Қазақ әдебиетіндегі тырнақалды психологиялық роман - Ж. Аймауытовтың «Ақбілегі». «Ақбілектен» психологиялық роман табиғатына хас негізгі сипатты – шығарманың сюжеттік-композициялық концепциясының кейіпкердің ішкі әлемін талдау мақсатына тәуелділігін бажайлауға болады. Төл прозамыздағы психологиялық романнның озық үлгісі – Т. Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» диалогиясы. Соғыс және әйел тақырыбын зерделей отырып, жазушы әйел жанының терең қалтарыстарына үңіледі, әйел сезімінің ешқандай қоғам идеологиясына, жағдайға мойынсұнбайтын құпия қүдіреттерін паш етеді.
Адамның жандүниесін бейнелеу, психологизм, әрине бір ғана жанрдың, психологиялық романның шеңберімен шектелмейді. Кейбір шығармаларды бөліп, осы жанрлық түрге жатқызудың өзі де шартты түрде жасалған жіктеу деп санаған жөн. Кең мағынадағы психологизм көптеген шығармалардан табылады» [74, 172 б]. Зерттеуші осы пікірінің желісінде М. Ю. Лермонтовтың «Біздің заманның батырындағы» Печорин бейнесінің сомдалуын психологизмнің үздік үлгісі ретінде бағалайды, «Абай жолының» тарихи роман, «Қан мен тердің» әлеуметтік роман екендігін атайды да, бірақ сол шығармалардағы кейіпкерлердің жан-дүние болмысының да психологиялық сипатпен бейнеленетіндігін атап көрсетеді.
Шынында да қазіргі қазақ романдарының ең көрнекті үлгілері тарихи-әлеуметтік сипатпен жазыла отырып, кейіпкердің психологиялық бейнеленуі айрықша байқалады. З. Шүкіровтің «Сыр бойы», Қ. Шабданұлының «Қылмыс», Д. Досжановтың «Алаң», «Алыптың азабы», «Абақты», «Ақ орда», Р. Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы», М. Мағауиннің «Мен», Б. Тілегеновтің «Тұйық өмірдің кұпиясы», С. Елубаевтың «Ақ боз үй» және т.б. романдарда сөз арқауындағы классикалық көркемдік психологиялық тәсілді шығармашылық тұрғыда бейнелеудің басым қолданылатыны байқалады.



  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет