ӘОЖ 94(574)«1991/2009»:502 Қолжазба құқығында
Әшімова ГҮЛНАЗ БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экологиялық
даму тарихы (1991-2009 жж.)
07.00.02 - Отан тарихы
(Қазақстан Республикасының тарихы)
тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған
АВТОРЕФЕРАТ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2010
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпарат бөлімінде орындалды.
Ғылыми жетекшілері:
|
тарих ғылымдарының докторы,
|
|
профессор Мажитов С.Ф.
|
|
|
|
тарих ғылымдарының кандидаты,
|
|
доцент Нурбетова Г.О.
|
|
|
Ресми оппоненттер:
|
тарих ғылымдарының докторы,
|
|
профессор Алтаев А.Ш.
|
|
|
|
тарих ғылымдарының кандидаты
|
|
Джангирова Г.С.
|
|
|
Жетекші ұйым:
|
М.Х. Дулати атындағы Тараз
|
|
мемлекеттік университеті
|
Қорғау 2010 жылы « 8 » шілде күні сағат 14.00-де Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым Комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты жанындағы тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 53.33.01 Диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Мекен жайы: 050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28.
Диссертациямен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолжазбалар қорында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2010 жылы « 7 » маусымда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы А.Т. Қапаева
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында тарихи аспектіде ғасырдың соңғы ширегіндегі Қазақстан Республикасының әлеуметтік экологиялық даму тарихы қарастырылған. Автор қазіргі таңдағы экологиялық және әлеуметтік мәселелердің пайда болу, қалыптасу және дамуының объективті жағдайлары мен субъективті факторларын зерттеген. Сонымен қатар жұмыста егеменді Қазақстанның әлеуметтік-экологиялық хал-ахуалы, оның даму жолдары мен бағыттары қарастырылған. Сондай-ақ, республиканың кейбір аймақтарындағы радиоэкологиялық жағдайы талдау түрінде беріледі. Қазақстанның жергілікті халқының өмірі мен денсаулығына өз әсерін тигізген ядролық сынақтардың, Арал және Каспий теңіздерінің су мөлшері азаюының, ірі қалалардағы автокөлік және өндірістік қалдықтардың ауаны ластауының салдарлары көрсетілген.
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазіргі кездегі маңызды, өмірлік мәні бар адамзат алдындағы мәселелердің бірі - экология, табиғатты қорғау болып табылады. Экологиялық жағдай табиғи және әлеуметтік стихиялық тоғысуынан туындап зерттеу объектісіне айналуда. Ядролық қару мен химиялық өндіріске толы қазіргі дүниеде бірде-бір мемлекет өз саясатын әлемдік дамудың мүдделерінен тысқары белгілей алмайды. XXI ғасырда әлемдік даму жолын адамзаттың құндылықтарға бағынуы тиіс екендігі айқын болып отыр. Жалпы әлемдегі адамзаттық құндылықтардың ортақ мақсаты адамның тіршілігі болса, қазіргі таңда адамның тіршілік орны - табиғи ортадағы өзгерістер тек қана биосфералық мәселе болып қоймай, әлеуметтік мәселеге айналуы белең алып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2003 жылы жарық көрген «Сындарлы он жыл» атты кітабында былай деп жазады: «Қазақстан - әлемдік қоғамдастықтың өзіне артқан үмітін бәрінен көп ақтаған ел... Сенім саясатының нақты көрінісі әрі қауіпсіздіктің жаңа үлгісінің символы - Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы және Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құру процесі» [1].
Егеменді Қазақстанда қазақ халқының болмысына, мәдениетіне және тарихына деген ізденістер қарқындауда, оның тарихи және этномәдени кезеңдеріне, әлеуметтік және ынтымақтасу тәжірибесінің көріністеріне деген қызығушылық түрлі мамандарды қамтуда. Отандық тарих ғылымында Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экологиялық даму тарихы бұрын соңды іргелі зерттелу деңгейінде толық зерттелмеген мәселелердің бірі.
Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Қазақстанда жаңа реформалар, әлеуметтік-қоғамдық өзгерістер болды. Кеңестік тәжірибеге сүйене отырып, жаңа экономикалық жағдайда Қазақстанда әлеуметтік-экологиялық жағдайдың қалыптасу тарихы, еліміздің әлеуметтік жағдайы мен ахуалы, халықаралық ынтымақтастықтың маңызы мен мәні, «Жаңа экологиялық саясаттағы» ақтаңдақтар мен қателіктердің алдын алу мәселелері қарастырылды.
Соңғы жылдары, әсіресе 30 жыл бойы бұл мәселелер күн тәртібінен түскен емес. Табиғатты адам баласының жанашырлықсыз пайдалануының соңында қандай қауіп пен қатер тұрғанын адамзат біраз уақытқа дейін елеген жоқ. Ал білген кезде ең алдымен экономикасы өркендеген өркениетті елдер дабыл қақты. Соның нәтижесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 1972 жылы 5 маусымда Стокгольмде Дүниежүзілік мемлекеттер басшыларының конференциясы ұйымдастырылды. Бұл конференцияда қоршаған ортаны қорғау мәселесі күн тәртібіне енді. Сол жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 5 маусымда «Бүкілдүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні» деп жариялады. Бүгінде Қазақстан Республикасы 5 маусым күнін «Қоршаған ортаны қорғау күні» деп белгіленді [2].
Қазіргі ғылым мен техниканың жетістіктері адам баласына табиғи ортаны сақтау мен оның ластануына жол бермеуге, қамқорлық танытуға мүмкіндік береді. Мұндай мүмкіндіктердің бірнешеуі төмендегідей: табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін, аз қалдықты немесе қалдықсыз технологияны жаппай өндіріске ендіру және қошаған ортаның ластануын барынша азайту; су шығынын едәуір азайтуға мүмкіндік беретін өндірісті сумен жабдықтаудың қайтымдық және тұйық айналымдарын кең қолдану; топырақтағы ылғалдың жиналуын және атмосфералық ауадағы газдардың тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік беретін орман алқаптарының сақталуы және қалпына келтірілуі; жылу мен энергияның дәстүрлі көздерінің атмосферадағы көмір қышқыл газының жиналуы мен климаттық өзгеруінің алдын-алуға мүмкіндік беретін табиғи көздерімен алмастырылуы болып табылады.
Табиғи ортаның шектен тыс ластануы айрықша белең алып келеді. Көп елдерде қоршаған ортаның табиғи үйлесімдігінің өзгеруінен ондағы жағдайдың нашарлағаны соншалық адамдардың денсаулығы бұзыла бастады. Экология ғылымының бүгінгі таңдағы өзекті мәселеге айналуы осында [3].
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экологиялық даму тарихы: өткені, бүгіні және болашағы тұрғысынан қарастырылады. Ғылыми жұмыста Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экологиялық даму тарихы аясындағы экологиялық мәселелердің тарихи аспектісі, әлеуметтік-экологиялық мәселелер - қоршаған ортаны қорғау ісі бойынша мемлекет қызметінің негізі, еліміздің әлеуметтік жағдайы мен ахуалы, әлеуметтік-экологиялық саясаты: даму жолдары мен бағыттары, экологиялық мәселелерді шешуде Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықтағы алатын орны, мазмұны және мәні, «жаңа экологиялық саясаттағы» ақтаңдақтар мен қателіктердің алдын алу шаралары, қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралардың ұлттық жоспары кеңінен қарастырылады.
Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазақстанда әлеуметтік-экологиялық саясаттың қалыптасу және даму тарихы мәселелері кеңестік кезеңде біржақтама қарастырылған.
Мемлекетімізді ұлттық тұрғыда өркениетті және салауатты өмір деңгейіне жетілдіру, демократиялық қоғамымыздың жан-жақты дамуын қатар қарқындату, оны халқымыздың әлеуметтік-мәдени кеңістігінде тарату - еліміздің бүгінгі таңдағы ілгерілеуінің өзіндік жолы. Тәуелсіздіктің туын биікке көтерген Қазақстан Республикасы халқының түп-тамырына деген тарихи сұраныс әрдайым жаңаруда. Халықты әлеуметтік-экологиялық және сауықтыру мәселелерінің мәні мен орнын анықтау - теориялық жағынан маңызды мәселе, тарихи тың бетбұрыс және практикалық өзекті де әрі өткір мәселе. Қоршаған ортамызды қорғап және оның табиғи сұлулығын сақтап қалу еліміздің әрбір азаматының парызы.
Қазақстандағы әлеуметтік-экологиялық даму тарихы мәселелері қазақстандық ғалымдардың еңбектерінде біршама қарастырылған. Мысалы, 1970-1990 жылдардағы Қазақстанның әлеуметтік-экологиялық саясатына қатысты тарихи аспектілер Ю.П. Полянский, Ж.Ж. Жатқанбаев, М.Н. Исмагиловтың [4] зерттеулерінде кездеседі.
Егемендік алған жылдардың ішінде Қазақстан Республикасында Отан тарихына арналған еңбектер тереңдей түсті. Бірқатар ғалымдар, атап айтқанда Ж.М. Әділов, Ә.С. Бейсенова, Ж.Б. Шілдебаев, Г.К. Сағымбаев, С.С. Төребаев, [5] т.б. Отан тарихының әртүрлі кезеңдеріне байланысты өз еңбектерін жарыққа шығарды.
Мәселенің зерттелу тарихын тұжырымдай келе, біз тарихнамада, соның ішінде тәуелсіз Қазақстанның ғылымында әлеуметтік-экологиялық саясаттың қалыптасу және даму тарихы, қоршаған ортаны қорғау ісі бойынша мемлекет қызметінің негізі ретінде қарастырылатын мәселелері шынайы көзқараспен айтарлықтай көрсетілмегендігін байқаймыз.
Қазақстандағы әлеуметтік-экологиялық саясат мәселелері бірқатар ресейлік ғалымдардың, атап айтқанда В.Н. Экзарьян, Н.Н. Моисеев, Н.Ф. Реймерс, В.П. Казначеев, В.И. Вернадский, Э.И. Колчинский [6] және т.б. ғылыми еңбектерінде қарастырылған.
Өкінішке орай, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы Қазақстан мен Ресейдің әлеуметтік-экологиялық дамуының тарихи тәжірибесін зерттеуге байланысты еңбектер өте аз.
Жалпы алғанда, диссертацияның тарихнамасын келесі топтарға бөлуге болады. Ресей мемлекетінің позициясымен саяси-әлеуметтік және экологиялық даму мәселелерін қарастырған В.И. Данилов-Данильян, К.С. Лосев, Л.Н. Самойлов, Т.А. Акимова, В.В. Хаскин, Г. Бейтсон, С. Гроф [7] және т.б. сияқты орыс ғалымдарының еңбектерін бірінші топқа жатқызуға болады.
Қарастырылып отырған мәселені зерттеген қазақстандық ғалымдардың еңбектерін екінші топқа енгізуге болады. Біріншіден бұлар - М. Пик, В.И. Фурсов, Т. Ергалиева, Ж.Б. Шілдебаев, А.Б. Бигалиев, Е.Ж. Жамалбеков, Т.К. Сұлтанбеков, Н.Қ. Сейдақұлова, Б.Э. Төлеубаев, Р. Атраубаева, А. Есеналиев, А. Нұрғызыранов, Қ. Шапшаңов, Ә.Т. Қанаев, З. Қанаева, Г.О. Нурбетова [8] сияқты қоғамтанушы-ғалымдар.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынында», «Бейбітшілік кіндігі» атты еңбектеріне ізденушілер тарапынан қызығушылық танылуда.
Қазақстандық ғалымдар М.Х. Асылбеков және В.В. Козина «Народонаселение Казахстана в условиях суверенитета» атты өздерінің еңбегінде егеменді Қазақстанның жергілікті халқының ұлттық, жыныстық құрылымын, әлеуметтік құрамын, еңбек ресурстарын және адамдардың жұмыспен қамтылуы, сондай-ақ миграциялық процестерді және т.б. мәселелерді қарастырған. Бұл ғылыми еңбекте «1999 жылы қан айналымы жүйесіне қатысты аурулар 199,0 мыңды, 2003 жылы - 261,5 мыңды, 2007 жылдың 1 қаңтарына - 417,5 мыңды құрады. Бұл кезеңде гипертониялық аурулар, стенокардия, жүректің ишемиялық аурулары сияқты күрделі аурулар көбейе түсті. Ал, 1990 жылдан 1999 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда тіркелген 410 жағдайда онкологиялық ауруларға шалдыққандардың саны 188,5 құрады. Егер 1999 жылы 61,2 мың онокологиялық аурумен ауыратындар тіркелген болса, онда 2003 жылы - 77,4 мың, ал 2007-жылдың 1 қаңтарына - 80,4 мың ауруларды құрады» [9].
Тәуелсіз Қазақстанның тарих ғылымы саласындағы ең іргелі еңбектердің бірі «Қазақстан тарихы (ежелгі заманнан күні бүгінге дейін)» экологиялық проблемалардың шиеленісуі, халықтың өмір сүру деңгейі жөніндегі мәселелерді және т.б. қарастырған. Бұл еңбекте Арал теңізінің апатты жағдайына қатысты мәселелері зерттелген. «КСРО-ның Мелиорация және су шаруашылығы министрлігінің тікелей қатысуының арқасында Арал аймағы өлі далаға айналды. Арал теңізінің деңгейі 14 м төмендеді, акваторияның көлемі 40%-ға, су мөлшері - 65 %-ға қысқарды. Егер 1950-жылдары бұл жерде балықтың 24 түрі болса, олардың ішінен өндірістік құндылығы бар 12 түрі болатын, ал балық аулау жылына 500 мың т құрады, ал 1980-жылдардың соңына қарай балықтың 20 түрі түгелдей жойылды, сондықтан теңіз өзінің балық шаруашылықтық маңызын жоғалтты. Кеуіп қалған теңіз түбі тұздардың жиналған үлкен ошағына айналды және тұзды шаң борандарының пайда болуына себеп болды» [10].
Егеменді Қазақстан Республикасының 90-шы жылдарынан бастап күні бүгінге дейінгі әлеуметтік-экологиялық даму тарихы мәселелеріне, оның кезеңдеріне және тарихи тәжірибесіне талдау жасайды. Қоғамның демократиялық, әлеуметтік, қоғамдық және экологиялық даму теориясының мәселелеріне қызығушылық танытқан бұл еңбектердің ғылыми жағынан маңызы зор. Семей ядролық полигоны және Арал маңында тұратын жергілікті тұрғындардың денсаулығының хал-ахуалы және басқа да экологиялық мәселелер Б.И. Гусевтің, Н.Ж. Чайжунусованың, М.Ж. Еспембетованың, Г.К. Расованың, М.М. Унисьянованың, С.Ф. Мажитовтың, Т.А. Алимбаевтың, А.Ш. Алтаевтың, Л.Н. Нұрсұлтанованың докторлық диссертацияларында және Н.С. Ибраевтың, Т.Т. Тохтарованың, К.К. Жылқышбаеваның, А.Д. Оразбақовтың, Г.М. Серғазинаның, Г.С. Жәңгірованың кандидаттық диссертацияларында зерттелген.
Кеңестік және егемендік жылдарындағы мемлекет пен қоғамның әлеуметтік-экологиялық дамуының әрқилы мәселелеріне арналған ғылыми ізденістер өте аз. Қазақстанда өтпелі кезеңдегі әлеуметтік-экологиялық модернизациялаудың теориялық және практикалық мәселелері нақтылы деңгейінде қарастырылмаған.
Зерттеліп отырған мәселенің негізгі жақтарын қарастыратын ғылыми еңбектердің жоқтығы диссертацияның тақырыбы бойынша жарияланған еңбектердің баршылығына қарамастан бұл зерттеу жұмысының қажеттілігін айқындайды.
Зерттеу жұмысының негізгі нысаны. Диссертациялық жұмыстың негізгі нысаны ретінде тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экологиялық даму тарихына қатысты мәселелерді және олардың ауыр зардаптары мен салдарларын талдау алынды.
Зерттеу жұмысының пәні. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экологиялық ахуалы мен жағдайының даму жолдары мен негізгі бағыттарының ерекшеліктерін зерттеу барысындағы құқықтық және ұйымдастырушылық шаралары диссертациялық жұмыстың пәні болып табылады.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері - 1991-2009 жылдар аралығын қамтиды. Диссертациялық жұмыста экологиялық, әлеуметтік ахуалдың қалыптасу және даму тарихын, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін нарықтық жағдайға өту кезеңінен бастап қазіргі күнге дейін қарастырамыз.
Диссертациялық жұмыстың мақсаты - 1991-2009 жылдардағы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экологиялық даму тарихын қоршаған ортаны қорғау бойынша жалпы әлемдік мәселелерді шешудің әлеуметтік әдісі ретінде зерттеу.
Диссертациялық жұмыстың негізгі міндеттері:
- кеңестік кезеңдегі экологиялық апаттардың ауыр салдары мен зардаптарын қарастыру және экологиялық мәселелердің тарихи аспектілеріне талдау жасау;
- әлеуметтік-экологиялық саясатты - қоршаған ортаны қорғау ісі бойынша мемлекет қызметінің негізі ретінде қарастыру;
- қазіргі таңдағы Қазақстанның әлеуметтік жағдайы мен ахуалын зерттеу;
- экологиялық мәселелерді шешуде Қазақстанның халықаралық ынтымақтастықтағы алатын орны, мазмұны және мәніне талдау жасау;
- «Жаңа экологиялық саясаттың» қазіргі моделіне өтудің мазмұны және ерекшеліктерін зерттеу;
- қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралардың ұлттық жоспарына талдау жасау.
Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы:
- Қазақстанның әлеуметтік-экологиялық дамуы тарихи аспектілері тұрғысынан алғаш рет зерттеліп отыр.
- қоршаған ортаны қорғау мәселелерінің қалыптасу және дамуының негізгі кезеңдері анықталды;
- егеменді Қазақстанның әлеуметтік қорғау мәселелерінің негізгі бағыттары зерттелді;
- әлеуметтік және экологиялық мәселелердің аясында Қазақстанның Орта Азия республикаларымен қарым-қатынасы қарастырылды;
- тәуелсіз Қазақстанның экологиялық саясатының мазмұны және бағыттарына талдау жасалды;
- тарихи-әлеуметтік процестердің мазмұны мен формаларын, өтпелі қоғамның әлеуметтік жүйесінің ерекшеліктерін терең айқындайтын тұжырымдар қалыптасты.
Сонымен қатар, Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан аумағының мұрағат қорларынан бұрын қолданылмаған жаңа құжаттар ғылыми айналымға енгізілді.
Диссертациялық зерттеудің методологиялық және теориялық негізі ретінде отандық және ресейлік ғалымдардың іргелі теориялық пікірлері қолданыс тапты. Ғылыми зерттеудегі жалпы тарихи-салыстырмалы, тарихи-жүйелеу әдістері пайдаланылды. Теориялық-методологиялық негіз ретінде, сондай-ақ тарих, география мен әлеуметтанудың іргелі тұжырымдары басшылыққа алынды. Тарихи оқиғаларды баяндау кезінде әлеуметтік және логикалық бірліктің айқындамасына сүйеніп, қоғамдық, саяси-тарихи және әлеуметтік процестерді қарастыруда зерттеу жұмысында сыннан өткен диалектикалық амал қолданылды.
Диссертацияның деректік негізі. Диссертацияда қоршаған ортаны және әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты нормативті-құқықтық актілер пайдаланылды. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының құжаттары мен нормативтік актілері, декларация мен келісім-шарттар негізгі деректерді құрайды. Осы фактілер мен материалдар зерттеліп отырған кезеңде Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экологиялық үдерістер жүйесінің, саяси ілімдердің, әлеуметтік дамудың негізін қалады.
Көрсетілген кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік-экологиялық жүйесінің негізгі бағыттарының дамуын анықтайтын салыстырмалы статистикалық мәліметтері көрсетілген анықтамалық басылымдар, статистикалық жинақтар, ақпараттық бюллетендер де құжаттық дерек болып табылады.
Автор Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың талдап отырған мәселеге қатысты еңбектерінен құнды мәліметтер алып, пайдаланды.
Қарастырылып отырған мәселенің жеке аспектілерін қарастыруда мұрағаттық материалдар пайдаланылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы президентінің мұрағатының құжаттары пайдаланылды (Қор - №5-H - Қазақстан Республикасының Президенті, №7 - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Президенті); Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұрағаты (Қор - №2258 - Табиғатты қорғау бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік комитеті, Табиғатты пайдалану және экология бойынша Қазақ КСР Мемлекеттік комитеті, Қазақстан Республикасының экология және биоресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасының экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігі, №2259 - Қазақстан Республикасы экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, Қазақстан Республикасы Биоресурстар министрлігінің «Казглавживохрана» жануарлар әлемін қорғау бойынша Басқарма), Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік мұрағаты (Қор - №86, №771, №161). Жоғарыда аталған мұрағаттардың қорларынан Қазақ КСР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың баяндамалары мен жолдаулары, Семей полигоны және Арал аймағының экологиялық жағдайына қатысты анықтамалар, ұсыныстар мен ақпараттар пайдаланылды.
Ресейлік және қазақстандық басылымдардың негізінде ауқымды материалдар қоры жинақталған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарының, шетелдік және отандық, ресми және тәуелсіз басылымдардың жарияланымдары, сонымен қатар интернет материалдары пайдаланылды.
Диссертацияның қолданыстық маңызы. Осы еңбек қазіргі таңда қайта қаралып жатқан тарихи мәселелерге өз ықпалын тигізеді деп ойлаймыз. Біздің зерттеуіміз 1991-2009 жылдарда Қазақстандағы әлеуметтік-экологиялық даму тарихымен таныстыра отырып, қазіргі кезеңде жүргізіліп отырған экологиялық саясаттың мәні мен Отан тарихындағы орнын көрсетеді. Зерттеу жұмысының мазмұны, тұжырымдары Отан тарихына байланысты ғылыми еңбектер жазуында, Қазақстанның қазіргі заман тарихына арналған мемлекет тіліндегі оқулық пен оқу құралдарын дайындауда қолданыс таба алады. Сонымен бірге жоғары оқу орындарында, колледждерде Отан тарихы, әлеуметтану салалары бойынша дәрістер оқуда, арнайы курстар мен семинар дәрістерін жүргізу барысында қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- жаңа экономикалық жағдайда еліміздің әлеуметтік-экологиялық даму тарихын зерттеу барысында кеңестік жүйе кезеңінде қалыптасқан экологиялық апаттардың салдары мен зардаптарын тәжірибе ретінде зерттеу тәсілдері, концептуалды-әдістемелік тұжырымдары мен қазіргі кезеңде оларды шешу жолдары мен тенденцияларын анықтау - ғылыми зерттеуді қажет ететін өзекті мәселелер;
- нарықтық жағдайда әлеуметтік-экологиялық саясатты және қоршаған ортаны қорғау мәселесін шешудің тиімді жолдары - экологиялық қауіпсіздікті сақтау заңының, экологиялық кодекстің және т.б. құқықтық заңдардың мемлекет тарапынан қабылдануы;
- қазіргі кезеңдегі Қазақстанның әлеуметтік жағдайы мен ахуалына қатысты мәселелер қатарына жататын халықты әлеуметтік қорғау заңдары және басқа да құқықтық заңнамалар зерттелген;
- Қазақстандағы экологиялық мәселелерді халықаралық қауымдастықта іске асырудың жолдарын айқындауға мемлекетіміздің ішкі саясаты себепкер болды;
- қоршаған ортаны қорғау саласындағы органдары мен ұйымдары экологиялық мәселелерді қазіргі деңгейде жоғары әрі сапалы шешуді көздеп отыр;
- Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралардың ұлттық жоспары және экологиялық мәселелерді тиімді шешуде жаңа зерттеу жобасын дайындау әдістері мен жолдары анықталды. Олар: адам экологиясын, экологиялық сақтандыру, экологиялық қауіпсіздік мәселелерін және т.б. қарастыру.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертацияның материалдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазіргі заман тарихы және ғылыми ақпараттар» бөлімінің мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның жеке тұжырымдары мен қағидалары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің талаптарына сәйкес автордың 4 ғылыми мақалаларында және Халықаралық ғылыми-практикалық, республикалық конференцияларда жасаған 4 баяндамада оқылып, материалдарының жинақтарында жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
«Қазақстан Республикасының экологиялық, әлеуметтік жағдайының даму тарихы» атты бірінші бөлімде экологиялық мәселелердің тарихи аспектісі, әлеуметтік-экологиялық саясат, қоршаған ортаны қорғау ісі мәселелері Қазақстан Республикасының әлеуметтік жағдайы мен ахуалы қарастырылады.
«Экологиялық мәселелердің тарихи аспектісі» атты бірінші бөлімшеде экологиялық мәселелердің даму тарихы, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың ауыр зардаптары мен салдары, Арал мен Каспий теңіздерінің апатты жағдайы, өндірістік және автокөліктерден шығатын қалдықтардың ауаны ластауы жайында және т.б. мәселелер қарастырылады.
Қазіргі кезде адам мен қоғамның қоршаған ортамен қарым-қатынасы ерекше күрделене түсті. Жер шарындағы халық санының жедел өсуі және көптеген елдердің өндіріс орындарының күрт дамуы, (ІІ-дүниежүзілік соғыстан кейін) ғылыми-техникалық прогрестің нәтижесінде табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануы және адамның табиғатқа ықпалы еселеп ұлғаюда.
Атмосфераның ластануы, литосфераның пішінінің өзгеруі, биосферадағы тіршіліктің жұтаңдауы т.б. осы сияқты күрделі өзгерістер адам баласының болашағына, тіршілігіне, денсаулығына кері әсерін тигізуде. Бұл аса қатерлі мәселеге орай, экология ғылымының негізін - «адам экологиясы» бағытында құру. Бірақ экология - ұзақ уақытты қамтитын ғылым [11].
Бүгінгі таңда жер шарымыздағы табиғи экологиялық апаттар саны еселеніп өсіп отыр. Сондай үлкен апаттың біріне ұшырап отырған - Арал теңізі. «Мақта тәуелсіздігі» желеуімен мақта егістіктерін кеңейтіп, көптеген су қоймаларын, суару каналдарын салып, оларды толтыру үшін Аралға келіп құятын өзендер - Әмудария мен Сырдария суын ысырапты пайдаланғанның нәтижесінде теңіз суы тартылып, көлемі кішірейді.
Қазіргі таңда Арал теңізінің апатты жағдайын түзету мақсатында экологиялық мәселе ретінде әлемдік қауымдастықта шараларды қарастырыуымыз қажет. Оның зиянды әсерін қазіргі кезеңде көптеген мемлекеттер басынан кешіруде. Сол себептен Германия, АҚШ, Жапония және басқалары Аралды құтқаруға байланысты шараларға қатысуға келісімін берді.
1992 жылы 18 қаңтарда тәуелсіз Қазақстан елінің Жоғарғы Кеңесі «Арал аймағы тұрғындарының тұрмыстық жағдайларын түбегейлі жақсартудың бірінші кезектегі шаралары туралы» жарлық шығарса, сол жылдың 11 сәуірінде Ресей Федерациясының президенті Б. Ельцин «Биологиялық қару жөніндегі халықаралық келісімді орындауды қамтамасыз ету туралы» № 390-жарлыққа қол қойды. Ажал аралына айналған Возрождение әскери сынақ нысаны осыдан кейін барып қана жабылған еді. Бірақ, әскери нысанды жапқанмен, басты қауіп әлі алда болатын: ол - аралдың мүлде қараусыз қалып, ондағы бактериялар мен вирустардың ауа арқылы жан-жаққа таралу қатерінің зор екендігі байқалатын. ...Өзбекстан жағы американдық мамандарды шақырып, 1995 жылы олар Возрождение аралына жасырын келіп, әлгі жерасты моласындағы антракс ұнтағын алып, соған тәжірибе жасаған. Сөйтсе, антракс споралары жер астында 10 жыл көміліп жатқанына қарамастан, өз күшін әлі жоймаған болып шығыпты. АҚШ бактериологтары сол өзбек жағының шақыруымен аралға тағы да екі рет (1997, 1999 жылдары) келіп, әлгі антракс спораларына американ вакциналары төтеп бере ала ма, жоқ па, соны тексеріп, тәжірибе оң нәтиже бергеннен кейін ғана барып кемелденсе керек» [12].
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзінде әлемдік қоғамдастықтың назарын Семей ядролық полигонының салдары проблемасына аударды. Ол «бұл өңірді сауықтыру, адамдарды емдеу, жаңа туған балаларды қауіпсіздендіру үшін өте көп қаржы қажеттігін» атады және Біріккен Ұлттар Ұйымының мүше мемлекеттерін Қазақстанға халықаралық көмек беруге шақырады [13].
1993 жылдың наурызында Президент Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Қызылорда қаласында Арал проблемаларына арналған алғашқы Халықаралық конференция өтті. Жаңадан тәуелсіздік алған Орта Азия мемлекеттері - Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасының мемлекет басшыларының шешімімен мемлекетаралық координациялық су шаруашылығы комиссиясы құрылды [14].
Конференцияда Халықаралық Аралды сақтап қалу қоры құрылып, оны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Орта Азия мемлекеттерінде жаһандық экологиялық қордың Арал теңізі бассейнінде су ресурстары және қоршаған ортаны басқару ұлттық топтары жұмыс істей бастады.
Арал теңізінің деңгейі түскеннен кейін оның кепкен табанының көлемі 23 мың шаршы шақырымға жетті. Бұл кеңістікте жиі болатын дауыл 150-500 шақырымға дейін 15-75 мың тонна тұзды шаңды дүние жүзіне таратып жатыр [14, б. 167].
Осы шешімін табуға тиісті мәселелер Арал теңізіне де тән нәрсе. «Мақта тәуелсіздігі» желеуімен мақта егістіктері кеңейтілді, көптеген терең емес су қоймалары мен суару каналдары салынды, соларды толтыру Аралға келіп құйылатын өзендердің су көлемінің шұғыл қысқаруына және түптеп келгенде оның жойылуына алып келді. Қазір теңіз деңгейі мүлде құрғауға айналды, өсімдік пен жануарлар дүниелері құрып, жүздеген мың адам жұмыссыз және күн көріссіз қалды, Арал теңізі апаты туралы, теңізді құтқарудың жолдары айтыла бастады, теңізді құтқарып қалудың тиімсіз шаралары қарастырылуда. Мақта егістіктерін қысқарту, суды көп буландыруға жағдай жасайтын ұсақ, таяз сулы орындарды жою арқылы Арал теңізіне өзендер суын көбірек жіберу көзделуде [15].
Кеңес Одағы мақтаны шет елдерден тәуелсіз етеміз деген саяси лақаппен, Орта Азия және Қазақстанның өңіріндегі жерлерді игеру жұмыстары жүргізіліп, Сырдария, Амудария өзендерінің 70-80 % су қорын сол үшін пайдаланды. Бұл тек Одақ үшін экономикалық пайда келтіруді көздеген, оған қоса айтылған шаралардың «терең байланыстырмаған сыңар жақты саясаты» болатын. Осындай саясаттың нәтижесінде бір уақыттарда көп халыққа пана болып, өмірдің көзі болған Арал теңізі тартылып, бұл күнде өлі теңізге, ал оның маңайы шөл далаға айналып отыр. Осы алқапты игеруді бастамай тұрып, академик Герасимов бастаған бір топ оқымыстылар КПСС Орталық Комитетіне хат жазып, мақта саясатының түбі үлкен экологиялық апатқа әкеп соғатынын жан-жақты дәлелдеген болатын. Өкінішке орай оқымысты-мамандардың пікірімен санасудың орнына, оларға партияның саясатын бұрмалап, түсінбеушілік жасап отыр деп айып тақты [16].
Әрине, мұндай мүмкіндіктер болған, алайда ол кезде теңіздің болашағы, қоршаған ортаға келтіретін зияны, осы аймақта тұрып жатқан халықтың тағдыры туралы ескерілмеді. Енді дабыл қағылуда, бірақ уақыт өтіп кетті. Аралды қалпына келтіру үшін көп миллиард қаржы қосу керек, алайда ол не Қазақстанда, не Өзбекстанда жоқ. Ал осында өсірілген мақтаны ақысыз-пұлсыз алып кеткен кешегі Одақ өзін Аралды құтқаруға міндетті деп санамайды. Арал теңізінің апаты жайында өткізілген мемлекетаралық конференциялар мен қабылданған шешімдердің күні бүгінге дейін нәтижесі жоқтың қасы.
Халықаралық Аралды қорғау қорының президенті Алмабек Нұрышев өзінің сұхбатында: «Осы уақытқа дейін теңізді қайта тірілту бағытында біраз жұмыстар жасалды. Әрине, Арал таяу арада бұрынғыдай бола қоймас. Алайда, Солтүстік Аралды әлі де сақтап қалу мүмкіндігі бар. 1994 жылы Аралмен шектесетін 5 ел президенттерінің келісімімен Солтүстік Аралды сақтап қалу туралы шешім қабылданды. Содан бері барлық жұмыс пен қаржы да осы мақсатқа жұмсалып келеді. 1996-1997 жылдары біздің қордың бастамасымен Сырдарияның Арал теңізіне құятын Солтүстік бөлігіне бөгет салынды. Бұл бөгетті салу үшін Қазақстан 60 млн. теңге бөлді. Қалған қаржыны Дүниежүзілік банк берді. Бөгеттің салынуымен Солтүстік Арал біршама жанданып қалды. Қазір де бұл іс-шаралар өз жалғасын табуда. Жақында Дүниежүзілік банктен 1,5 млрд. доллар алдық. Бұл қаржы Арал теңізін Арал қаласына дейін жеткізуге жұмсалмақ» - деді [17].
Арал мен Каспийдің аянышты тағдыры біздің бәріміз үшін табиғатқа жәй көзбен қарауға болмайтынын, қоршаған ортамен қарым-қатынас кезінде әрбір жан жасаған іс-әрекетінің нәтижелері жайлы жиі ойлау керектігін үйрететін маңызды сабақ, қатал ескерту болып табылады. Бүгінде Қазақстан ядролық сынақтардың салдарын жою мәселесін негізінен дербес шешуде. Іс жүзінде полигонға байланысты өз мәселелерімізбен бетпе-бет қалып отырмыз.
Семейдегі сынақ полигонында болған ядролық сынақты екі кезеңге бөлеміз. Біріншісі атмосферада жүргізілген сынақ 1949-1962 жж. Екіншісі - жерасты ядролық сынағы 1963-1989 жж. Полигондағы ядролық сынақтарды үш ортада - ауада, суда және құрғақта жүргізуге тыйым салу туралы шартқа қол қоюмен байланысты болды. Осыдан кейін ядролық қаруды жер астында сынайтын болды.
Ядролық жарылыстардың залалдары туралы Қазақстан үкіметі басшылары білді, бірақ Орталық Үкіметтің «темір қалпағының» астында отырғанда өз пікіріңді айтуға болмайтын. Себебі, бәрі де «Отан қорғау мүддесі, бейбітшілік сақтау үшін жүргізіліп жатқан шаралар» деген түсінік қазақ халқының шығынын есепке алдырмай, ақиқатты тұншықтырып отырды. Кейін ядролық сынақтарға қарсы қуатты қоғамдық қозғалысқа қару пайда болды.
Қозғалысты ақын және публицист Олжас Омарұлы Сүлейменов бастады. Алғашқы күннен бастап-ақ «Невада-Семей» қозғалысының мақсаты - жер бетіндегі ядролық жарылыстарды тоқтату болатын. Қозғалыс басқа да халықаралық ұйымдардың, оның ішінде «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» деп аталатын халықаралық қозғалысқа ұласты.
Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының әлеуметтік экологиялық даму мәселелерін тарихи аспекті ретінде қарастыруымыздың себебі - кеңестік кезеңнен болашақ ұрпаққа қалған Семей полигонының ауыр зардаптары және Аралдың ауыр жағдайын қарастырып қана қоймай, Каспий теңізі және Балхаш көлінің экологиялық жағдайы, ірі қалалардағы өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың зиянды әсерінен атмосфералық ауаның ластануы мәселелерін зерттеуіміз қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |