VIII.Ағылшын тілінде жазуға үйрету.
1.Жазу — сөз әрекетінің түрі:
2.Жазу техникасын меңгеруде—орфографиялық дағдыларды меңгеру.
Жазу және жазба сөз оқытудың құралы ретінде оқытудың әр сатысында әр түрлі қызмет атқарады. Оқытудың алғашқы сатысындағы басты міндет, — жазуға үйрету. Бұл сатыда каллиграфиялық іскерліктер мен дыбыс-әріп қатынастарын меңгеруге байланысты іскерліктер, солар арқылы оқу және жазба сөз дағдылары қалыптасады. Оқытудың ортаңғы сатысында жетекші орынға орфографияны меңгеру шығады, ауызша сөз іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру құралы ретінде жазба сөз де дамытылады. Ал оқытудың жоғарғы сатысында бұрын қалыптастырылған жазба сөз іскерліктері одан әрі жетілдіріледі. Мұнда жаңа тіл материалымен байланысты орфографиялық жұмыстар да белгілі орын алады. Оның үстіне жазба сөз тағы да бір маңызды рөл атқарады — ол оқушылардың өз бетінше жұмыс істеуінің құралына айналады, сөйтіп оқушылар оқып шыққан мәтіндерге жазбаша түрде аннотация және жоспар кұрады.
Жазу мен жазба сөздің оқу кұралы ретіндегі рөлін анықтау үшін жазудың психофизиологиялық сипаттамасын қарастыру керек. Енді біз соған көшеміз.
Психологтардың айтуы бойынша, ақпаратты жазбаша түрде беру өте күрделі іс-әрекеттердің қатарына жатады. Ойды жазбаша түрде жеткізу барысында сөз тудыру екі сатыдан тұрады: а) ойды ауызша жеткізу үшін дыбыстық хабарды қалыптастыруға қажетті элементтер және ә) дыбыстық кодты графикалық кодқа айналдыру. Бұл аталған екі сатының алғашқысы күрделі әрекет болып табылады: айтылымның грамматикалық-семантикалық жағын бағдарламалау, айтылымды грамматикалық тұрғыдан жүзеге асыру, сөздерді іріктеп алу, айтылымның сыңарларын (синтагмаларды) моторлық жағын бағдарламалау, дыбыстарды іріктеп алу, ең соңында сөзді сыртқа шығарып айту. Бұл аталғандар – ауызша сөзде тудырудың жолы. Ал енді сол ойды жазбаша жеткізу барысында жоғарыда атлаған іс-әрекетке қосымша дыбыстық хабарды белгілі графемалармен ұштастыру, хабарды ішкі сөзде айту, қолдың қимылы қосылады. Ал жазбаша түрде берілген мәтінді көшіріп жазғанда немесе естігенді жазғанда (диктант) бірінші элемент өз ойын кодтау емес, көру немесе тыңдау арқылы қабылдатан сөз туындысының кодын ашу болып табылады.
Жазба сөзді қалыптастырудың екі сатысы (кодтау немесе кодты ашу және графикалық канал бойынша кодтау) және жазба сөзді алдын-ала ауызша қалыптастыру жазудың ауызша сөзбен және оқумен тығыз байланыстығына әкеліп соғады, сөйтіп жазу тілге үйретудің маңызды кұралына айналады.
Өз ойын жазбаша түрде жеткізудің алғашқы сатысы ауызша сөзді қалыптастырумен бірдей болғандықтан, сөйлеу мен жазба сөз, сөз әрекетінің репродуктивтік түріне жатады. Олай болса, жазба сөзді дамытуға арналған жаттығулар ауызша сөзді дамытуға да өз үлесін қосады. Ауызша және жазба сөздің арасындағы айырмашылық мынада: ауызша сөзде сөз қалыптастыру процесі сөзді дыбыстық түрде қалыптастырумен аяқталады, ал жазба сөз үшін бұл тек бірінші саты ғана, жазу барысында кейбір өзгерістер, қосымшалар енгізілуі мүмкін. Сөйтіп, жазба сөз ауызша сөзді дамытудың маңызды құралы болып табылады.
Жазудың оқумен байланысы да өте тығыз, тек бұл байланыстың бағыты оның ауызша сөзбен байланысынан басқаша. Жазба сөз де, оқу да коммуникациялық байланыстың бір каналы (графикалық канал) арқылы жүзеге асырылады. Дыбыс-әріптік қарым-қатынасты білудің маңызы оқу үшін де, жазу үшін де өте зор. Екеуінде де адамның іс-әрекеті сөзді айтумен байланысты, тек бұл айту жазуда іс-әрекеттің басы болса, оқуда ол соңғы құбылыс. Екеуінің арасындағы айырмашылық қимыл сипатының өзгешелігінде жазуда бұл кодтау болса, оқуда - кодты ашу. Сонымен оқу мен жазудың байланысы – оқу іскерліктері мен дағдыларын дамытуға көмектесетін құрал.
Жазу техникасын үйретудің негізгі мақсаты — оқушылардың графикалық, каллиграфиялық және орфографиялық дағдыларын дамыту. Графика және каллиграфия дағдыларын дамыту негізі төменгі кластарда жүзеге асырылады да, оқытудың ортаңғы және жоғары сатысында тек жетілдіру үшін жаттығуларды талап етеді. Ал орфография дағдыларын дамыту бүкіл оқу курсында, жаңа лексикалық материал жиналған сайын жүріп отырады.
Графиканы үйрету екі мәселеге байланысты: дыбыс әріп қатынасын меңгеру және әр әріптің түрлі функционалдық варианттары арасында байланысты қалыптастыру. Мұның алғашқысы оқу техиикасын үйретумен тығыз байланысты, өйткені оқу техникасының да, жазу техникасының да негізінде графикалық рәміздерді сөз дыбыстарымен байланыстыру механизмі жатыр. Айырмашылық тек іс-әрекеттің бағытында ғана. Оқу техникасын меңгергенде іс-әрекет графикалық таңбаларды белгілі дыбыстармен ұштастыруға бағытталса, жазу техникасын меңгергенде — байланыс бағыты қарама-қарсы. Олай болса, оқу және жазу техникасын бір-бірімен байланыстырып, қатар үйрету екі дағдының да қалыптасуына игі әсерін тигізеді.
Жазу техникасын меңгеруде ең қиыны — орфографиялық дағдыларды меңгеру. Оқушылардың орфографиялық дағдыларын қалыптастыру — орта мектепте жазуға үйретудің басты міндеті.. Орфография ережелерін қолдана отырып жүргізілетін жаттығулардың екі тобы бар. Бірінші топқа ережеге сай келетін сөздерді тану жатады: көпше түрдегі зат есімдерді көшіріп жазу, зат есімнің септік жалғауларын қосып жазу т. б. Екінші топқа сөздерді өз бетімен колдануға арналған жаттығулар жатады, сөйлемдегі сөздерді көпше түрде жазу, етістіктерді белгілі шақ формасында жазу, белгілі орфографияларға қарап, сөздерді тотпастыру т. б. Жазу техникасы мен орфографиялық дағдыларды жетілдіру үшін қолданылатын жаттығулардың бірі — мәтінді көшіріп жазу. Бұл жаттығуды орындау барысында барлық анализаторлар қатысады: көру, сөйлеу, қол қозғалысы. Сондықтан мұндай жаттығулар сөздердің орфографиясын есте сақтауға көп ықпалын тигізеді. Мәтінді ойланбастан көшірмес үшін оқушыларға қосымша тапсырма беріледі: белгілі орфограммалардың астын сызу. Сөйтіп, оқушылардың назары жазылуы қиын сөздерге арнайы аударылады.
Жазу техникасы мен орфографиялық дағдыларды жетілдіру үшін әр түрлі диктанттар пайдаланылады. Диктанттардың мынадай түрлерін атауға болады:
а) көру арқылы қабылдаған сөйлемдерді жазу. Мұғалім әуелі сөйлемді тақтаға жазады, оқушылар оны оқиды. Сосын мұғалім оны өшіреді де, ауызша айтады, оқушылар жазады;
ә) творчестволық диктант: мұғалім сөйлемдерді жекеше түрде оқиды, оқушылар көпше түрде жазады; мұғалім осы шақта оқиды, оқушылар өткен шақта жазады т. б.;
б) жат жазу: оқушылар үйде жаттаған тақпақты немесе прозалық үзіндіні класта жатқа жазады;
в) бақылау диктанты.
Өз ойын жазба түрде жеткізуде орта мектептегі түпкі мақсат — шетелдік достарына хат жаза білу. Бұл іскерлікке жету жолында оқушылар көптеген жаттығулар жасауға тиіс:
а) суреттерге жазбаша түрде сұрақтар кою;
ә) сұрақтарға (сурет, мәтін бойынша) жазбаша жауап беру;
б) әңгімеге жоспар құру, мәтіннің мазмұнын қысқаша жазып беру;
в) суретті (суреттер сериясын) жазбаша түрде бейнелеп беру;
г) тақырыпқа байланысты шығарма жазу;
г) белгілі тақырыпқа баяндама тезистерін жазу;
д) мәтінге аннотация, реферат жазу;
е) шетелдік досына хат жазу.
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
«Сырдария» университеті
Достарыңызбен бөлісу: |