Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет72/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Дуваң – теңіз аты.
127
Хазар – Каспий теңізі.


503
Көкейге түйіп небір ойын кенен,
Дананы тыңдады Шах зейінменен.
Адақтап жеті теңіз аймағын ол,
Мұхитқа бет бұруға байлады бел.
Жасытып алмас жүзді ер сенімін,
Кей-кейде көтертпейді еңсені мұң.
Қаншалық зәрең ұшып, құтың қашсын,
Ажал кеп құрық салса, құтылмассың.
Ескендірдің жеті теңізді жүзіп өтіп, он екі мың аралдағы қалаларды 
алғаны, теңіз суының бетін шырайналдыра сызып, шексіз айдында 
жүзгені және одан әрі мұхиттың төріне қарай бет алғаны, осы жорықта 
оның ағаш аты жел керген желкеннің күшімен құс қанатындай серпіле 
зымырағаны; ал судың шексіз айдынының бейне аспандай төңкеріліп 
жатуы; осы бетінде оның қыруар қиындыққа тап болғаны, осы жолда 
талай үлгілі істерге душарласқаны. Ақыры Ескендірдің мұхит ортасына 
жеткен соң әрі қарай су арбасының күшімен жүзіп өтіп, Ескендрияға 
қайтып оралуы.
Ақын да ой маржанын жиған сөзден,
Аумайды мұхиттағы жиһанкезден.
Теңіздің нақтап айтып әрбір жерін,
Сократ баяндады бар білгенін.
Салса да асау толқын мың әлегін,
Бекінді шарлауға Шах су әлемін.
Данышпан дем алған соң сәл отырып,
Ескендір қолқа салды және өтініп:
«Әулием, қараң екен сенсіз күнім,
Сапардың бердім саған мен тізгінін.
Еркіңде кемешілер, қайықшылар,
Бір жан жоқ билігіңнен тайып шығар.
Алдыңда басын иген білімділер,
Теңіздің сұңғыласың тілін білер.
Жүрмесек жетегіңе бойға құт па,
Мақұлмыз бастасаң да қай бағытқа!»


504
Қайтарса Шах тілегін болмас тағы,
Сократ соныменен жол бастады.
Бағынды айтқанына барлық кісі,
Жалпыға бірдей түсіп жарлық күші.
Сапардың туын биік желбіретті,
Ғайыптан Ілияс қолдап жолды үдетті.
Кемелер ұшқан құстай зуылдады,
Көңілге желік берді су ырғағы.
Әуелі таяу тұсқа пейіл бұрды,
Үрімнің теңізінде сейіл құрды.
Сыртына шығармайтын әсте сырын,
Қалалар аралдағы ашты есігін.
Қанатын көркем әлем кеңге жайып,
Төккендей алтын өрнек таңғажайып.
Аралдан арал өтіп жағалады,
Қызықтап қалаларды жағадағы.
Жарыса арнаулы топ кемеменен,
Жылжыды жиектегі кенеремен.
Бастаушы білгір болса ел жүдемес,
Сократ жалықпастан берді кеңес.
Қиялы көкке өрледі толқын атып,
Қиырын көкжиектің жарқыратып.
Жағамен жүргендер де тоқтамады,
Қапысыз орындалды Шах талабы.
Соқпақ жол бұлаңдаған алға ұласты,
Қақ жарып жыныстарды, тауды да асты.
Тіркесіп бір-біріне арқанменен,
Сырғыды кемелер де шалқарменен.
Қиырға тізілгенде желі тартып,
Теңіздің жадырады төрі шалқып.


505
Кей-кезде суға тастап зілман тасты,
Жағада аял жасап, думандасты.
Ескендір алдыменен көпті ойлады,
Жандарға ойнап-күлген шек қоймады.
Қисыны келгенде жұрт тойлап алмақ,
Байлауда тұрған кеме қайда бармақ?
Қаперсіз жата берсін жолда қалай,
Кемелер тартты тағы алға қарай.
Жиған соң тежегішті судан алып,
Жөнелді жеңілденіп зулап ағып.
Теңіздің толқындатып тыныш жерін,
Үдетті барған сайын жүрістерін.
Көп тоқтап бұрылмады алғашқыдай,
Сілтеді бағыт-бағдар жолбасшы ұдай.
Ұмтылып ұлан-асыр кең ғаламға,
Қарқындап ескекшілер сермеді алға.
Түгендеп әр түкпірін қиырдағы,
Осылай теңіз бетін шиырлады.
Ғалымдар арқан тартып жер-өмірге,
Теңіздің есептеді көлемін де.
Боларын қандай жағдай кім біліпті,
Әр іске дайындалды тыңғылықты.
Сүзіліп жағалаудың барша маңы,
Бағыттың айқындалды әр тарабы.
Аралап аралдарды Шах шыққанша,
Жасады ғұламалар сақтық қанша!
Қарады жұлдыздарға бәрі алаңдап,
Ілгері шығар күнді жорамалдап.
Дем берер көрген қызық күш-қуатқа,
Саяхат хикаясы түсті хатқа.


506
Жіберді хатты туған аймағына,
Көгершін аяғына байлады да.
Сапардың түйіп алып сырын хатқа,
Самғады қос көгершін Үрім жаққа.
Шаттықтан толқындары жағаласып,
Сұстанды жеті теңіз аран ашып. 
Бауыры жүзген сайын көсілгендей,
Зулады кемелер де есіп желдей.
Шарлады қиырларды беймағұлым,
Бәрі де жөнге келді ойдағының.
Аралды тұтас көрді он екі мың,
Мақсатқа жетпей, алсын неге тыным?
Кездескен қатерді де елемеді,
Қоздырды шексіз әлем делебені.
Асырып мәртебесін ел-жұртына,
Сонымен жеті теңіз көнді ырқына.
Сапарға бір шыққан соң ерге сын көп,
Алдында мұхит жатты көл-көсір боп.
Тағы да көгершіндер жаңаланып,
Ел жаққа ұшып жатты хабар алып.
Жылыстап одан әрі Фаран жаққа,
Тоқтады бір аралға дем алмаққа.
Қараса өткен күннің тізбегіне,
Болыпты он екі жыл жүзгеніне.
Қуанды қажыған жұрт бұл сапардан,
Бел шешіп тыныстауға мұрсат алған.
Ұзақ жол тамамдалса сабылдырған,
Қауышпақ Отанымен сағындырған.
Тапсырды Сократқа жөнге жастап,
Қайтуға бір кемені елге бастап.


507
Теңіздің жазып-сызған жай-жапсырын,
Қынжылды қағаздардың ойлап қамын.
Арнаулы бір кемеде сақталатын,
Бақылап қарайтындар сақ болатын.
Қапталған қара сырмен су кірмейтін,
Жататын сандықтарда бүлдірмейтін.
Байқаса бұл сапарда көргені аз ба,
Барлығы тізулі еді сол қағазда.
Талайлар дүние жинап бос қаңғыған,
Қазына болмақ емес асқан бұдан.
Сандықтан шығартқызды барлығын да,
Түрі бар су тимейтін мәңгі мұнда.
Сонан соң данаға айтты: «Санап бәрін,
Тізімге алыңдар деп, - парақтарын!»
Көп болып көтерісер ауыр түссе,
Жұмылды есепшілер қауырт іске.
Бітірді алмастан бір тыныс-тыным,
Сократ тексерді оның дұрыстығын.
Есеппен шыққаннан соң таныстырып,
Қарады Шахтың өзі салыстырып.
Дана қарт айналмады бұл іске көп,
Шаруаны толып жатқан кім істемек?
Бойлық пен ендік бойын өлшеді де,
Мұхиттың көз жеткізді мөлшеріне.
Дәл шығып шамалауы бағына орай,
Қиналмай шешкен еді бәрін оңай.
Мұхиттың қиял жетпес көлеміне,
Кетердей әлем сыйып тереңіне.
Ұқсайды қауызға бір ғаламаттай,
Қасында көрінеді жер алаптай.


508
Жер жайнап, су бетінде нұр шағылып,
Ғажап қой мына дүние тұрса күліп!
Жер-судың жаратушы иесі бар,
Бұл сөздің Хадисте де жүйесі бар.
Тұрса егер, тәңірі қолдап оңнан желі,
Әркімнің тиесілі болмақ жері.
Табылса Шахқа лайық бір мекен-жай,
Келіспес алтын сарай ірге салмай.
Жұлдызы биік тартып көкке өрлеген,
Қалмады ешбір теңіз Шах көрмеген.
Мұхиттың сырыменен танысуға,
Тоғыз жыл жеті ай жүзбек әлі суда.
Хабарын саяхаттың білді жер-көк,
Ішіне шексіз судың кірді дендеп.
Зерттетіп, есептетіп шартарабын,
Жасады адаспаудың барша қамын.
Мұхиттың тура кесіп өтіп ішін,
Төріне үш жыл керек жету үшін.
Осыны еткен еді арман көптен,
Қайтпауға бекінді Шах алған беттен.
Тұрғандай дүниенің шеті мұнда-ақ
Шындаса барып қалар екі жылда-ақ.
Қайтарда тынбай жүзсе жеделдетіп,
Оп-оңай екі жылда келер жетіп.
Тағы да беріп көкпе жарлық қатты.
Сапарға кемелерді жабдықтатты.
Сонан соң былай деді жамағатқа:
« Мен бәлкім қалармын да жаман атқа.
Бет қойдым тәукелге бұлдыр тұман,
Кім білсін не боларын күн бұртынан.


509
Ұмтылсаң жақсылыққа тағдыр жебер,
Үмітің сәуле төгіп, жан гүлденер.
Көремін не тұрса да күтіп алда,
Бұйрықтан пенде, сірә, құтылар ма?
Қалыппын обалына сонша көптің,
Дамылсыз сабылдырып сарсаң еттім.
Түңіліп одан сайын ел қажымақ,
Аялдап ес жимаса енді азырақ.
Көңілдің шамы жанбас жабыққанда,
Сапардың мәні болмас жалыққанда.
Алар ма пенде тыным барда демі,
Мақсатым жетелеп тұр алға мені.
Үмітім өрге күнде құлаш ұрып,
Аңсадым мұхит төрін шын асығып.
Шарладым теңіздерді бір әлемдей,
Қызыққа батқан бар ма, сірә, мендей!
Сонда да сездірместен мыңға сырын,
Ой жаттты көкейімде бір жасырын.
Айтарсың маған алғыс ұлысым мың,
Ортасын тапсам егер ұлы судың.
Ырысқа хақ қолдаса кенелеміз,
Жүземіз төрт жыл әлі кемеде біз.
Кетеді екі жылдан ары-бері,
Шыдаймыз болса-дағы әбігері.
Тәңірім адастырмас жол бастаған,
Шықпасам дегенімнен болмас маған.
Сапардың білем оңай соқпасын да,
Бірақта жүйрік көңіл тоқтасын ба!
Жауабын берсін әркім ойланып кең,
Өкінер күдік байлап, айла бүккен.


510
Салмағын салады өмір тік басқанға,
Өлімнен қорқатындар шықпас жолға. 
Оралсын шаршағандар от басына,
Ереді ержүректер тек қасыма!»
Тынғанда сөзін айтып осылай Шах,
Жамрыай жұрт шуласты тосын ой сап:
«Уа, тақсыр, саған кінә артамыз ба,
Тұрмыз ғой құлдық ұрып баршамыз да!
Жаралған өзің үшін пендең едік,
Тәңірі не қылсаң да берген ерік.
Көңілің жасып, қайғы неге шекті,
Сенімен бір көреміз көрешекті.
Болса да ажал төніп жаналасы,
Тәніміз дидарыңның садағасы.
Не жаздық осыншалық шет қағардай,
Мұратқа жеткен кім бар көпке нанбай?!
Өзіңсіз қайда барып оңаламыз,
Тұтқындай азып-тозып жоғаламыз.
Шалдығып, шаршасақ та біразымыз,
Себіміз тисе саған разымыз.
Не опа табар сені ел жоғалтып,
Одан да соңыңа еріп өлген артық!»
Біткендей мына сөзден Шахқа қанат,
Жайланып, жадырады топқа қарап.
Серпіліп алдағы іске тұрды даяр,
Қолдаса көп тілегі кім мұңаяр.
Арылып күдікті ойдан құртқан мысын,
Жаудырды мейірленіп жұртқа алғысын:
«Айналдым қадіріңнен, қайран елім!
Әдейі сынайын деп қайрап едім.


511
Қиын ғой арамызды мұнар басса,
Қайғының қара бұлты құлар басқа.
Пиғылын көріп адал пенделердің,
Шаттықтың шуағына мен кенелдім.
Сендерсіз қай ұшпаққа шыға аламын,
Неғайбыл тәукелге шыдамағым.
Ардақты әлеуметім, шын берілген,
Өлгенше өздеріңмен біргемін мен!»
Тәнті боп патшасына пәк жүректі,
Халайық басын иіп, тағзым етті.
Еркінде шығарса да енді ұшпаққа,
Реттеп ерген жұртын – бөлді үш топқа.
Шығарды алдыменен айырымдап,
Екі мың кемені елге қайырылмақ.
Тиеліп ауыр жүктер болғанда әзір,
Мінгізді кәрілерді жолдан қажыр.
Оларды кері қарай аттандырып,
Бөледі қуанышқа шаттандырып.
Сонда айтты: «Жеткізіңдер сәлем дұғай,
Аман- сау шарлап жүр де әлемді бай!
Теңізге жеті бірдей қадам басты,
Сайрандап он екі мың аралды ашты.
Бәрін де дегейсіңдер алды күшпен,
Сілтесіп қылыш-қанжар, қанды ұрыспен.
Жарандар, жамандыққа жорымасаң,
Мұхитқа шағын қолмен жорық ашам.
Кезбесең қиырларға жете ме аяқ,
Қалғанын бағындырам оп-оңай-ақ.
Оралам берсе тағдыр есе маған,
Күн жақсы көріскенше есен-аман!»


512
Кемені жеті жүздей бөліп тағы,
Жабдығын керек-жарық толықтады. 
Оларға деді: «Осында қаласыңдар,
Жолымды қайтқанымша бағасыңдар!
Тұлданып мұнартса да бұлдыр аспан,
Тосыңдар төрт жыл бойы жылжымастан.
Ел жақпен отырыңдар үзбей хабар,
Кім білсін күн туар ма іздей қалар?
Жетерміз жер түбінен бүтін болсақ,
Алдырып дәрі-дәрмек, күтіңдер сақ.
Орнынан жылжымаса жер мен аспан,
Мезгілде оралармын уағдаласқан.
Апаттан болса тәңір аулақ қылмақ,
Жүздесіп, тынығармыз аунап-қунап.
Тұра ма қыс айналмай, жаз сырғымай,
Үрімде сайрандауға жазсын құдай!
Өлмесем өткізермін бастан бәрін,
Шегінбен төндірсе де аспан кәрін. 
Мұхитты көрмей қайтсам жан жасымақ,
Аттанам, толқын мені жалмасын-ақ.
Ажалым жетсе қалай құтылармын,
Көп болса аждаһаға жұтылармын.
Кешіксек – мәңгі-бақи келмегенім,
Қайғымды жеткізіңдер елге менің.
Тағдырға болмас онда тағар кінә,
Арнаңдар кешу айтып, маған дұға».
Сайланды үш жүз кеме суға бойлай,
Қайқиып үш жүз жаңа туған айдай.
Мұндайда бұра тартып кім бөлінбек,
Жиналды ғалымдар да бірге жүрмек.


513
Ойласа алғы жолды жан мұңаяр,
Жабдығы кемелердің болды даяр.
Ескеріп талай қиын күн кешерін,
Ержүрек теңізші алды бірнеше мың.
Көрсетті мен мұндалап кемелер бой,
Толқынды қақ айырып жөнелердей.
Қозғалды кемелер де ақырындап,
Шақырып шалқар теңіз жатыр ымдап.
Жұлқыды желкендерді жанама жел,
Жыласып қала берді жағадағы ел.
Салмасын Шахқа тәңір қайғы мүскін,
Сызғылап кете барды айдын үстін.
Көсіліп алда жатты бір телегей,
Тоқтайтын түрлері жоқ діңкелемей.
Ұмытты күлкіні де, ұйқыны да,
Мұхиттың дуаланып сиқырына.
Жер шеті көрінбейді қылаң еткен,
Жүзсе де қанша тынбай мына бетпен.
Шексіз су көкжиекке сіңіп кеткен,
Аумайды аунап түскен тұнық көктен.
Екі аспан ортасында қабаттасқан,
Кемелер қалқығандай қанаттасқан.
Әлемнің өрлеген күн шебін барлай,
Кеш батса тұңғиыққа шомылғандай.
Таратып шұғыласын нұр жалатқан,
Секілді судан шығып, суға батқан.
Сүңгісе теңіз түбін жарқыратып,
Көк торғын үлбірейді жалқын атып.
Аяңдап Мағрыбқа батар барып,
Су беті жалт-жұлт етіп жатар жанып.


514
Қонғанда ұясына күн дамылдап,
Сөнеді судағы ұшқын тұрған ымдап.
Маздаған кең әлемге төгіп шуақ,
Күн жоқта қалғандай бір сөніп шырақ.
Шығыстан қайта шығып арайласа,
Ынтығып бар дүние қарайды аса.
Айығып көкірегін басқан шері,
Төгеді мейірімін аспан төрі.
Кеш түсіп, жұлдыз жанса самаладай,
Толассыз су бетіне төгеді арай.
Толқынмен шағылысқан түнгі мұнар,
Қараңдап, қозғалақтап мың құбылар.
Әшекей тоқылғандай нұрдан аппақ,
Жүргендей жануарлар суда қаптап.
Судағы сансыз сәуле жарқыл қаққан,
Солардың жанарындай самсып жатқан.
Тап беріп тұс-тұс жақтан бірі қалмай,
Кенеттен кемелерге ұрынардай.
Көздері маздай түсіп жақса шырақ,
Жатқандай ұшқын атып, шоқ шашырап.
Кемеге ыршып түссе бір шоқ қызып,
Қолма-қол өртейтіндей бұрқ еткізіп.
Салғанмен көңілге алаң көп арбасу,
Бірақта жол бермейді оларға су.
Жақыннан қараңдаса құбыжықтар,
Онсыз да үрейлі жұрт қыбыжықтар.
Сасады не екенін ұға алмастан,
Тер басып, үндерін де шығармастан.
Қалбаңдап түнгі толқын тебінер бос,
Қорыққанға қараңғыда көрінер қос.


515
Түк болмай бұған дейін көрген бейнет,
Шошынар жүз мың апат төнгендей боп.
«Қатерден сақтай гөр деп бір құдірет» - 
Тәңірге жалбарынар жүз мың рет.
Таң атып, көтерілді күн артынан,
Сейілді қымтап тұрған мұнар-тұман.
Самсаған жұлдыздар да болды ғайып,
Теңізден сәулесі өшті сәл мұңайып.
Арқасын қоздырғандай құйын ұрып,
Шиырықты асау толқын үйіріліп.
Иірім жұтынады сырты күле,
Жүсіптей күнді әкеткен су түбіне.
Толқындар көтерілсе тұрқы заңғар,
Ортасы секілденер сусыз аңғар.
Тәңірім бұл ойранға кез қылмасын,
Не пайда төккенменен көздің жасын?
Аспанға шапшып толқын мұнарасы,
Жарқылдар теңіз бенен Күн арасы.
Салтанат сап түзеген былай қалып,
Кемелер жаңқадайын шырайналып,
Арпалыс айғай-сүрең тұнған құлақ,
Мөңкиді ырық бермей су қарғылап.
Біреулер түсті мүлде сергелдеңге,
Жем болып жұтылардай сел мен желге.
Теңізді сапырады жел басынып,
Арасын су мен көктің болмас ұғып.
Шыдамы тұңғиықтың таусылғандай,
Толқыннан асқар-асқар тау тұрғандай.
Тауларды дауыл шайқап сілкігедей,
Шашылып кететеіндей су түгелдей.


516
Аждаһа қылғытардай күрт оянған,
Секілді қияметтік күн таянған.
Дауылға аспан есік айқара ашып,
Екі әлем жұлқысқандай тайталасып.
Тереңнен шықты акула, кит-дағы,
Тасбақа тонын шешпес иықтағы.
Сұрапыл сұмдық дауыл шуыл қаққан,
Сияқты көкті сумен жуып жатқан.
Кемелер толқынменен ұшты аспанға,
Діңгегі ұқсап көкпен ұштасқанға.
Құлдырап қайта төмен құлағанда,
Түсердей түпсіз-терең бір аранға.
Балықтар су түбінен өрге беттеп,
Дүрлікті шайқатылып, сенделектеп.
Алапат әлемде жоқ болды ерекше,
Киттер көкке атылды әңгелекше.
Қалыпты адамдардың сүлдері құр,
Қуарған шүберектей түрлері бір.
Байқады қатал тағдыр қатты сынап,
Шах қана сабыр сақтап, бақты шыдап.
Құтылып басқа төнген бір апаттан,
Түзеді кемелерін бұра тартқан.
Көрсе де әуре-сарсаң бір танбады,
Мұхитты шарлады ағаш тұлпарлары.
Өткізді арпалыспен көп күндерін,
Сырғыды бәсеңдетпей екпіндерін.
Батырар зарыққанды теңіз ойға,
Шыққалы толды бір жыл сегіз айға.
Бір дауыс аян берді Шахқа көктен:
«Армысың, ей, адамзат, баққа жеткен!


517
Осы жер әуел бастан аңсағаның,
Маңдай тос, сіміре жұт, бал самалын!»
Шақыртып Сократ пен Ілиясты,
Ескендір көңілдегі сырын ашты.
Оларға айтты аян бергендігін,
Мұхиттың ортасына келгендігін.
Жайғандай жер-жаһанға еркін құшақ,
Майсайрап, көңілденіп желпінді Шах. 
Тосыннан сыйлаған соң тәңір бақыт,
Тоқтатты кемелерін дамылдатып.
Елге айтты: «Ғажайып көп мен көрмеген,
Әзірге қоштаспақпын сендерменен.
Мақсатым еді әуелгі бір діттеген,
Түбіне тұңғиықтың сүңгіп көрем.
Жаратқан жәрдем етсе, беріп шыдам,
Еркімше судың астын шолып шығам».
Оқиға аңыз болып мұнда жеткен,
Анығын ер Хирасу жырлап өткен.
Айта алар Шахқа «Мұның қалай?» деп кім,
Ескендір кірді ішіне шар әйнектің.
Су кірмес сандық-шарға ешкім ашпай,
Байлатты ұзын арқан көш құлаштай.
Әлекке патша түссе жұрт сабылар, 
Бір ұшын ұстап тұрмақ сырттағылар.
Шах шындап байлаған соң тосынға бел,
Әйнекті суға салды шошынған ел.
Жалықпай су астында көлбеді айлап,
Тұңғиық тамашасын көрді абайлап.
Кемеге белгі берді талыққанда,
Шығарып алды қайта халық сонда.


518
Із өшіп, өмір көшіп болған елес,
Аңыздың түп-төркіні жалған емес.
Шындыққа көз жеткізер мұны еске алған,
Тірліктің мәні қалмас түгессе арман.
Өрледі кемеңгердің күні төрге,
Ол көрді көрмегенді тірі пенде.
Кім тұрар дүниеде жасап мәңгі,
Жетті де мұратына масаттанды.
Азабын ұмытты да серпілді бір,
Кеңейтіп жан тынысын еркін ғұмыр.
Жалғанның қызығына тояттады,
Осымен саяхатын аяқтады.
Бөленіп салтанатқа бар ғұмыры,
Көзінде даналықтың жанды нұры.
Жаһанда жан болмады озар бұдан,
Өткерді кереметті көз алдынан.
Құтқарып қасіреттен сан бейбақты,
Сиқырын сырлы әлемнің қолда ойнатты.
Ақтарды небір тылсым жым-жыласты,
Ашты оған құпиясын судың асты.
Байқасаң адамзаттың алуаны бар,
Әр түрлі құрлықтағы жан-жануар.
Сол тектес су серісі небір балық,
Айнадан көрінгендей көрінді анық.
Қарайды анадайдан көзі алайып,
Беймәлім мақұлықтар не ғажайып.
Жолықпас жер бетінен хайуан мұндай,
Көргенді қоймас, сірә, қайран қылмай.
Болғанмен балық тектес таудай алып,
Жеткізбес қанша қусаң заулай ағып.


519
Қаптап жүр акулалар өңмеңдеген,
Сияқты өмірінде жем көрмеген.
Жұтқанның жұмырына ас батады,
Қылғиды шаянды да тасбақаны.
Бір әлем ашылғандай алдан нұрлы,
Су түбі Ескендірді таң қалдырды.
Бас иді бүкіл әлем бір мықтыға,
Биледі мұхитты да, құрлықты да.
Жұлдызы жарқырады мәңгі оңынан,
Тәубамен нысап қылды ол да бұған.
Ой салып адамзатқа өтті-кетті,
Жеткізіп дегеніне көп тілекті.
Жорыды халық оны пайғамбарға,
Ғұмыры қысқа болды қайран бар ма?
Өкініш өтіп кетсе жолда ғұмыр,
Қуанды кемешілер болған ығыр.
Көк аспан төңкерілді төгіп арай,
Кемелер желдей есті кері қарай.
Толқынның кедергісін келді бұзып,
Бір жылда екі жылдық жолды жүзіп.
Аяқтан тұрғызғандай жалғанды тік,
Қарсы алды қалың қауым қалған күтіп.
Сағынып асқар тауын, кең даласын,
Асықты көргенше енді ел қарасын.
Аз ғана тыныс алып тартты ілгері,
Ішінде жатты тынып дерттің лебі.
Теңізді шексіз-шетсіз өтті кесіп,
Жағаға аман-есен жетті көшіп.
Жым-жырт боп асау теңіз жуасыды,
Жаққандай қолайына күн ашығы.


520
Қамықты жаны жасып, болғанға пәс,
Тарылып, түршіктірді жалған – қапас.
Дегендей жау басынып, тебінбесін,
Бекітті әскері мен ел іргесін.
Биліктен түсіп ерте ырқыменен,
Жас патша қош айтысты жұртыменен.
Көрінер өткен өмір бүгінге ескі,
Дәстүрі жеті ғасыр ғұмыр кешті.
Ел іші бүлінбеді күнде айқасып,
Шалқыды мәртебесі судай тасып.
Болған соң арты алаңсыз енді асықты,
Аттанып күншығысқа, жолға шықты.
Ұзады жорғасымен еркін озып,
Меңдетті жүрген сайын дерті қозып.
Қуырып құмның ыстық өрт-аптабы,
Нөкелер ілесе алмай жортақтады.
Тамыздың жалынынан лапылдаған,
Секілді сулар қайнап сақырлаған.
Ауаның лебі шарпып оттай жанып,
Жер беті қоздағандай шоққа айналып. 
Құтылмас қияметтен адам қашып,
Тұра алмас тікесінен табан басып.
Қайран ер қалжырады нар тұлғалы,
Қуарып солған гүлдей сарқылды әлі.
Қайтеді қайрат бітті, қалмады үміт,
Атынан түсті жерге аударылып.
Күн көзі күйдіргендей құмды қақтап,
Жан сая таптырмады сұмдық аптап.
Тәрік қып іштегі арман бар мақсатты,
Мерезі айтпай келген зар қақсатты.


521
Әйтеуір шықпаған жан бақты шыдап,
Сауытын төсенді де жатты сұлап.
Жатқанда қозғала алмай сол қалпынан,
Біреуі нөкерінің келді артынан.
Амал не, тіге қояр күрке де жоқ,
Қалқанмен Шахты жапты бүркемелеп.
Ажалға тізе бүгіп Шах- құдірет,
Екі ауыз тілге келді ақтық рет:
«Темірге айналады басқан жерің,
Апталып алтынменен аспан-көгің».
Үстінде алтын қалқан – ақ шатыры,
Темірдей ыстық жерде жатты ақыры.
Жылады ағыл-тегіл көлдетіп жас,
Жарасын жаспен жуар пенде тумас.
* * *
Ей, сахи, құй шарапты бұйырғанда,
Жалғанда қоштасудан қиын бар ма!
Бермесе отты шарап жігер-жалын,
Құлазып, күңіреніп жүдер жаным.
Уа, әнші, басшы кәне зарлы мұңға,
Қоштасу жыры айтылмақ бар ғұмырда.
Қайтесің қызық-думан өзге әсерді,
Асырып Науаидан да қозға шерді.
Ей, Науаи! Бата берме ойға қатты,
Қасыңа ал, шарап құяр айқабақты!
Мас бол да ұмыт бәрін, түк ойлама,
Ұқсайсың патшаға да, құдайға да!


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет