ІІ. ЖАҢАДАН АШЫЛҒАН МӘН-ЖАЙЛАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ПРОКУРАТУРАНЫҢ СОТТА МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІН БІЛДІРУІ
2.1. Прокуратура органдарының сотта мемлекет мүддесін білдіру түсінігі, маңызы және міндеттері
ҚР Конституциясы біздің елімізде сот төрелігін жүзеге асырудың негізгі қағидаттарын бекіткен. Сот-құқықтық жүйесі әлемдік тәжірибеге сәйкес жаңадан қабылданған Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері, ҚР АК, ҚР АІЖК, ҚР Жоғарғы Соты Пленумының "Сот билігі туралы заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы" 14.05.98 ж. №1, "Соттарда қылмыстық жаза тағайындау кезінде заңдардың сақталуы туралы" 30.04.99 ж. №1 қаулылары және т.б. қолданысқа енгізілгеннен кейін одан әрі дамытылды және жетілдірілді. Бұл нормативтік актілер әлеуметтік әділет қағидаттарын өмірде жүйелі түрде жүргізуге, әділ сот талқылауларын қамтамасыз ету және қылмыстық заңды дұрыс қолдану мақсаттарында соттарда әр қылмыстық істі қылмыстық процестің міндеттері мен қағидаттарына сәйкес шешуге назар аудартады.
Сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдардың дәл сақталуын маңызды кепілі прокурорлық қадағалау болып табылады. Сотта мемлекет мүддесін білдіру прокурорлық қадағалаудың жеке саласы, прокуратура органдары жұмысының маңызды құрамды бөлігі болып табылады. Бұл қадағалауды прокурорлар аудандық (қалалық) соттардан бастап ҚР Жоғарғы Сотына дейінгі барлық сот сатыларында жүзеге асырады. Прокурорлар заңдардың орындалуын қадағалау өкілеттері бойынша қылмыстық істі тыңдауға дайындау кезеңінен бастап, қылмыстық істердің қадағалау тәртібіндегі өндірісіне дейінгі талқылаудың барлық сатыларына қатысады.
Сот төрелігіндегі прокурорлық қадағалаудың рөлі мен маңызы 1995 жылғы 21 желтоқсандағы "Прокуратура туралы" ҚР Заңының қабылдануына байланысты едәуір жоғарлады. Аталған заңның 30-бабында сот талқылауындағы прокурордың құзыры қарастырылған:
Қылмыстық, азаматтық немесе өзге сот ісін жүргізу барысында сотта мемлекет мүддесін білдіре отырып, прокурор осы Заңға, сондай-ақ Республиканың қылмыстық істер жүргізу, азаматтық істер жүргізу және өзге де заңдарға сәйкес апелляциялық (кассациялық) және қадағалау тәртібінде өз өкілеттігін жүзеге асырады.
Соттың (судьяның) іс бойынша шығарған шешімімен, үкімімен немесе өзге қаулысымен оның заңға сәйкессіздігі немесе негізсіздігі бойынша келіспеген жағдайда, прокурор істі қайта қарау немесе құқықтық актінің күшін жою, не өзгерту туралы жоғары тұрған сотқа наразылық беруге құқылы.
Прокурорлардың қадағалауы соттардың істерді жан-жақты, толық және объектавті талқылау туралы заң талаптарының мүлтіксіз орындауларына, заң мен сот алдында азаматгардың теңдігін сақтауға, әр қылмыстық іс бойынша негізді және әділ үкімдердің, ұйғарымдар мен қаулылардың қабылдануын бақылауға бағытталған. Прокурор сотта мемлекет мүддесін білдіруді жүзеге асыра отырып, заң, азамат, заңды тұлға және мемлекет аттарынан шығып, қылмыстық істер бойынша айыпты қолдайды және әділ сот саласына тартылған азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің мемлекеттік кепілі болып табылады.
Соттарда істер талқылауына қатысушы прокурорлардың алдында тек іс жүргізу ғана емес, сондай-ақ сот төрелігін жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың маңызды кепілі ретінде, соттарда заңдардың орындалуының әлеуметтік маңызын қадағалау міндеті тұрады. Прокурор өзінің сот талқылауына қатысуымен сотта дәлелдемелерді толық жан-жақты және объективті зерттелуіне, сотталушы ретінде жауапқа тартылған адамның кінәсін анықтауға, оның жасаған қылмысына дұрыс баға беруге, сотталушыға заңмен негізделген әділ жаза тағайындауға, заңды шешім шығаруға көмектеседі. Прокурор сот процесіне қатысып және мемлекет мүддесін білдіре отырып, сот трибунасын қылмыс жасаған адамды жалпыға бірдей сотталуына, сот талқылауының үнемі тәрбиелік рөлді орындауына, түрлі сот процестерінен тиесілі қорытындылар шығаруға пайдалануы керек.
Прокурордың қылмыстық іс жүргізуді қадағалауы, жариялық және демократия қағидаттарын одан әрі жетілдіруді қамтамасыз ететін сот-құқықтық реформасын іске асырудың басты негіздерінің бірі болып табылады. Мемлекетте заңдардың дәл және біркелкі орындалуын қадағалау органы бола отырып, прокуратура азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сот процестерінің мәдениетін қорғайды; қазіргі кезде оның тәрбиелік рөлі де жоғарлады. Республика соттарында заңдылық біршама нығайтылды.
Соттарда қылмыстық істерді қарау кезінде заңдылықтың орындалуын қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурорлар ҚР Конституциясының, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексін, "Қазақстан Республикасының прокуратура туралы" Заңының, сондай-ақ ҚР Бас прокурорының бұйрықтары мен нұсқауларының талаптарын басшылыққа алады. Прокурорлар сондай-ақ, қылмыстық істерді қарау барысында туындайтын мәселелер бойынша заңдарды қолдану туралы ҚР Жоғарғы Соты Пленумының түсіндірмелерін де басшылықка алуға міндетті.
ҚР процессуалдың заңы, прокуратура туралы Заңы прокурорлардың сотта мемлекет мүддесін білдіру кезіндегі өкілеттігін, сондай-ақ заң бұзушылықтарды жоюға бағытталған прокурорлық шара қолдану жолдарын да анықтайды. Қылмыстық, азаматтық және өзге де сот өндірісін жүргізу кезінде сотта мемлекет мүддесін білдіре отырып, прокурорлар өз құзыреті шегінде:
1) істі басты сот талқылауына дайындау кезінде судья шешімінің заңдылығы мен негізділігін тексереді;
2) мемлекеттік айыптаушы ретінде шығады;
3) басты сот талқылауы барысында туындаған мәселелер бойынша қорытындылар береді;
4) мемлекеттік және қоғамдық мүдделерін, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау талап етілсе, талаптар қояды, оларды сотта қолдайды;
5) сотгың заңсыз және негізсіз үкімдеріне, ұйғарымдар мен қаулыларына наразылық келтіреді;
6) наразылықтар және шағымдар бойынша қаралатын қылмыстық істерге кассациялық және қадағалау сатыларында қорытындылар береді;
7) соттың үкімдерін, ұйғарымдары мен қаулыларының уақытылы орындалулары мен заңдылығын тексереді:
8) соттың үкімдерін, ұйғарымдары мен қаулыларының уақытылы орындалуларын қадағалауды жүзеге асырады;
9) соттың үкімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қайта қарау немесе жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қылмыстық істерді жаңғыртуға заңмен қарастырылған жағдайларда шаралар қолданады.
Соттардың барлық сатыларында нақты істерді қарау кезінде жіберілген заң бұзушылықтар мен бұзылған процесс нормаларын прокурорлар мынадай түрлі тәсілдермен анықтаулары мүмкін: сотта прокурордың қатысуынсыз қаралған істер бойынша үкімдердің заңдылығы мен негізділігін тексеру; прокурорлардың соттардағы кассациялық және қадағадау сатыдарына қатысулары; өтініштің уақытылығын және дұрыстығын тексеру; үкімді орындалуға келтіру; белгілі бір кезеңдегі істер бойынша немесе қылмыстық істердің жеке санаттары бойынша сот тәжірибесін қорытындылау. Соттарда нақты істерді қарау кезінде жіберілген заң бұзушылықтарды жоюға мүмкіндік тудыратын құқықтық актілер қатарына мыналар жатады: арыз, өтініш, қорытыңды, прокурордың наразылығы және ұсынысы. Қылмыстық істерді қарау кезінде заңдылыктың сақталуын қадағалаудың мәнін құрайтын аталған заң бұзушылықты анықтаушы құықтық құралдар мен анықталған заң бұзушылықтарға прокурордың шара қолдану құралдары бір-бірімен табиғи байланысты, олар қылмыстық сот өндірісінің демократиялық қағидаттармен және онда мазмұндалатын заң қағидаттарымен толық сәйкестікте болады.
Қылмыстық, азаматтық, шаруашылық, әкімшілік істерді сот төрелігіне жіберу жөніндегі соттың қызметінде үлкен тәрбиелік ықпал бар.
Жеке тәжірибелер сотта прокурорлық қадағалау шектерін негізсіз азайта отырып, оны сот органдарымен шығарылған үкімдердің, ұйғарымдардың және қаулылардың заңдылығы мен негізділігін қадағалауға әкеп соқтырады. Прокурор істерді сотта қарау кезінде заңдардың орындалуын қадағалауды жүзеге асырмайды, тек сот актілерінің заңдылығы мен негізділігін қадағалайды деген қорытынды ҚР Конституциясына және өзге заңдарға сәйкес келмейді, Аталған нормативтік актілердің мазмұнына үңілетін болсақ, ол прокурор өкілеттігінің көлемді шеңберінен тұрады, оның қатарына сотқа қатысу, мемлекеттік айыпты қолдау, заңсыз және негізсіз үкімдерге, шешімдерге наразылықтар келтіру және олардың орындалуын қадағалау да жатады. Қорытындылай келгенде, сотта прокурордың барлық өкілеттігінің бір-ақ мақсаты бар - қылмыстық іс бойынша шындықты анықтау, қылмыстық істер бойынша заңдылық пен әділдікті орнату. Сондықтан, прокурордың өкілеттігін кемітіп, оны тек айыпты қолдайды және үкімдерге, ұйғарымдар мен сот қаулыларына наразылық келтіріп қана қояды деп, сот процестерінде прокурордың іс жүргізу өкілеттігін талдау дұрыс емес.
Сотта прокурорлық қадағалаудың мәні тек сотпен шығарылған шешімдердің заңдылығы ғана емес, сондай-ақ сот құрамының, оның ішінде сотталушының, оның қорғаушысының, жәбірленушінің, азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкердің, сарапшыны мен куәлардың материалдық және құқықтық іс жүргізу нормаларын дәл және біркелкі орындау болып табылады.
Прокурор құқық қорғау міндетін жүзеге асыра отырып және біртұтас орталықтандырылған органның өкілі ретінде шыға отырып, өз міндеттерін тек заң шегінде, ҚР Бас прокурорының заңдары мен нұсқаулары негізінде ғана орындайды. Прокуратура туралы Заңның 3-бабында прокуратура органдары өз қызметін басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардан, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіз, тек ҚР Бас прокурорына ғана бағынумен жүзеге асырады делінген. Бұл ереже сотта қылмыстық істерді қадағалауды жүзеге асырушы прокурорға қылмыстық істер өндірісіне байланысты кез келген мәселелер бойынша, өз бетінше іс жүргізу шешімін қабылдауға жағдай тудырады. Екінші жағынан, жоғары тұрған прокурор егер заңға сәйкес келмесе немесе заңға қайшы келетін болса, онда төмен тұрған прокурордың шешімін бұзуға немесе өзгертуге құқылы. Заңдардың орындалу мақсатына негізделіп шығарылған Бас прокурордың бұйрықтары, нұсқаулары барлық прокуратура органдары үшін міндетті. Прокуратура органдарының қатаң бағыныштылығын және барлық сот сатыларында прокурордың іс жүргізу тәуелсіздігін дұрыс үйлестіру, прокурордың заң талаптарына жауап беретін шешім шығаруының міндетті шарты болып табылады. Прокурордың іс жүргізу жағдайы заңды сақтаушы ретінде, мемлекеттік айыпты қолдау кезінде сот талқылаушының толықтығы, жан-жақтылығы және объективтілігі туралы заң талаптарын сақтауды, барлық іс жүргізу кепілдіктерін қамтамасыз етуді, сотталушының әрекеттігі мен әрекетсіздігін дәрежелеуді, ал жаза оның жасаған қылмысының ауырлығына, айыпталушының жеке басы туралы деректерді ескерумен, тек заңға сәйкес жаза тағайындалуын бақылауды міндеттейді.
Осы қадағалауды жүзеге асырушы органдардың алдында басқа да мынадай маңызды міндеттер тұрады: материалдық және іс жүргізу нормаларының бұзылуын анықтау және жою; қылмыс жасауға мүмкіндік тудыратын себептер мен жағдайларды жою және оларды жою бойынша шаралар қолдану; қылмыстылықпен күресті күшейту; соған байланысты соттың қылмыстарды қысқартуға және жоюға ықпал етуі; процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
2.2. Соттағы прокурордың іс жүргізу жағдайы
Кез келген дәрежедегі прокурор мемлекеттік айыптаушы ретінде шыға отырып, ҚР Бас прокурорының өкілі болып табылады, ол - қылмыстық азаматтық және өзге процестерде заңдылықты сақтаушы. Мемлекеттік айыпты қолдау кезінде ол қылмыстың істерді сотта қарау заңдылығын қадағалау міндетінен босатылмайды.
ҚР Бас прокуроры прокурордың сотта қолдайтын мемлекеттік айыпты қылмыстылықпен күрестің әрекетті құралының бірі ғана емес, қылмыстық істерді соттарда қарау кезінде заңдылықтың орындалуын жүзеге асырушы нысанының бірі ретінде қарайды.
Прокурор қадағалауды іс бойынша сот үкім, ұйғарым немесе қаулы қабылдағанда ғана емес, сондай-ақ ол іс бойынша әлі ешқандай шешім шығарылмағанда да жүзеге асырады. Егер сот сотталушыға сот талқылауында оның құқықтарын түсіндірмесе, прокурор бұл заң бұзушылықтарға дереу шаралар қолдануға тиіс, бірақ мұндай заң бұзушылықтарға байланысты ешқандай арнайы ұйғарым ұйғармайды, сондықтан наразылық келтіруге негіздер болмайды. Осыған байланысты прокурор бұл заңсыз және негізсіз ұйғарымға кейін наразылық келтіретін болғандықтақ бұл заң бұзушылықтарға заңсыз үкім шығарылғанға дейін шаралар қолдануға құқылы емес.
Қылмыстық іс жүргізу заңы прокурорларға сотқа басқа қатысушылардың алдында дәлелдемелерді ұсыну, оларды зерттеуге қатысу, өтініш беру бойынша ешқандай ерекшелік қарастырмайды (ҚІЖК 317-бабы). Бірақ басқа сот талқылауына қатысушылардың құқықтық жағдайынан ерекшеленетін іс жүргізу жағдайына қояды. Бұл прокурордың артықшылығы емес, оған жүктелген міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға қажетті жағдай тудыру. Жәбірленуші өз атынан, ал қорғаушы - сотталушының және тергеуші мен соттың тағайындаулары бойынша шыға отырып, сот мәжілісінде жіберілген заң бұзушылықтарға шара қолдана алады, бірақ олар оны қолданбаулары да мүмкін. Заң оларға мұны істеуді міндеттемейді. Прокурор, заңның, мемлекеттін атынан шыға отырып, заң бұзушылықтарды кім жібергеніне қарамастан, оларды жоюға шаралар қолдануға құқылы ғана емес, әрі міндетті. Бұл жерде судьялардың, қорғаушылардың, жәбірленушілердің, азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкердің бірыңғай құрамы жайлы сөз болуда. Өзінің қатысуымен прокурор, жәбірленушінің, азаматтық талапкер мен жауапкердің және өзге де қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзылмауларына мүмкіндік тудырады.
Прокурорлар тек мемлекеттік айыптаушы ғана емес, сондай-ақ соттарда қылмыстық істерді қарау кезінде заңдардың орындалуын қадағалау органдары ретінде де шығады.
Апелляциялық сатыда заңдылықты қадағалау органы өкілінің міндетін атқара отырып, прокурор айыптау үкімін немесе жазаның жеңілдігіне берілген ұсынысты ғана қолдамайды, сондай-ақ заңда көрсетілген негіздер бойынша істі өндірістен қысқарту туралы ұсыныстар енгізеді (айыптау үкімін негізсіз деп есептеп); бірінші сатыдағы сотпен тағайындалған жазаны жеңілдету туралы (үкімді тым қатаң деп есептеп); қылмыстық жазаның жеңілдірек түрін көздейтін заңды қолдану туралы (ең ауыр жаза туралы заңды қолдануға қарсы болумен) және т.б. Аталған әрекеттер прокурор түсінігін айыптаушы тек айыптаушы ретінде түсінік берілмейді.
Прокурордың іс жүргізу жай-күйлерінің апелляциялық сатыдағы ерекшеліктері, ең алдымен сотпен шығарылған шешімнің (үкімнің) заңды мен негізді болуынан тұрады. Басқа ерекшелігі, бұл кезеңдегі қадағалауды жүзеге асыру бұрын бірінші сатыдағы сотта істерді қарау кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалауға ешқандай қатысы болмаған жоғары тұрған прокуратураларға берілетіндігі. Бұл осы прокурорлардың объективтілігі мен іс жүргізу тәуелсіздігін қамтамасыз етудің бірден бір шарты болып табылады.
Прокуратура органдарының орталықтандыру қағидаттары, төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға бағыныштылығы заңда негізделінген және ол бұлжымастық болып табылады. Бірақ, істерді сотта қарау кезінде заңдылықты қадағалау мәселелері бойынша аталған қағидат өз күшін толық сақтай отырып, осы міндеттерді тікелей орындайтын прокурорлардың іс жүргізу тәуелсіздігімен ұштастырады. Жоғары тұрған прокурор бағынышты прокурорға айыпты қолдау туралы нұсқау беріп қана қоюға құқылы емес, өзінің ішкі сенімі бойынша қылмыстық істің апелляциялық талқылауына қатысушы прокурорға ол келіспеуіне байланысты қорытынды беруге міндеттей алмайды. ҚР Бас прокуроры, прокуратура органдарының орталықтандыру қағидаттарын қатаң сақтай отырып, өзінің бұйрықтарымен нұсқауларымен қылмыстық істерді сотта қараудың заңдылығын сақталуын қадағалауды жүзеге асырушы прокурордың процессуалдық тәуелсіздігін нығайтады. Аталған "Қылмыстық істерді сотта қараудың заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы" 23.02.2001 ж. № 24 бұйрығында Бас прокурор мынаны ұсынады: "Тараптардың бәсекелестік және теңдік қағидаттары негізінде сотқа қатысуы заңды және негізді сот қаулысын шығаруға мүмкіндік тудыруы керек. Айыпты қолдау кезінде өз көзқарасын сотта зерттелген дәлелдемелердің негізінде анықтасын".
Апелляциялық сатыда прокурордың іс жүргізу жай-күйі сотталушының, қорғаушының, жабірленушінің, басқа да сот процесіне қатысушылардың іс жүргізу жай-күйлерінен ерекше. Заң қылмыстық процеске қатысушылардың барлығына белгіленген мерзімде апелляциялық тәртіпте соттың үкімін, ұйғарымын және қаулысын даулауға құқылы дейді. Сотталушы, қорғаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер бұл құқықты апелляциялық шағымда нақты іске асырады, ондай шағым бар болған жағдайда, сот үкімінің, каулысының және ұйғарымының заңдылығын және негізділігін тексеруге жоғары тұрған сотты міндеттейді. Сонымен қатар, қорғаушыға, жәбірленушіге, азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкерге олардың пікірі бойынша кез келген әділетсіз үкімге шағымдануларына бөгет болмайды. Прокурор басқа шектелерге қойылған. Заң талаптары бойынша прокурор әр негізсіз және заңсыз үкімдерге апелляциялық тәртіпте наразылық келтіруге міндетті. Прокурордың заңсыз және негізсіз үкімдерге наразылық келтірмеуі, өзінің қызметтік парызын өтемеуі болып табылады. Басқа қылмыстық процеске қатысушылардың шағымдарымен салыстырғанда прокурордың наразылығы істі апелляциялық тәртіпте немесе қадағалау тәртіпте қайта қараудың сылтауы ретінде заңға және қылмыстық іс материалдарына жауап беруі керек. Аталған процеске қатысушылардың шағымдарына мұндай талаптар қойылмайды. Наразылық келтіру мәселелері бойынша прокурордың рөлі аса маңызды, себебі прокурордың қатысуынсыз кез келген үкімді бұзу немесе өзгерту, прокурордың өз міндеттерін тиісті орындамауын куәландырады.
Сот органдарының үкімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын қадағалау тәртібінде қайта қарау кезінде де, прокурордың рөлі өткен сот талқылауы кезеңдеріндегі сияқты болып қала береді. Процестің бұл кезеңінде заң сақтаушы ретінде прокурордың іс жүргізу жай-күйі соттардың қадағалау сатыларында қылмыстық істерді қарауда прокурордың қатысуын міндетті шарты ретінде анықталуымен де ерекшеленеді. Қадағалау наразылығы бойынша істі қарау кезінде сотталушының, ақталғанның немесе олардың қорғаушыларының, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысушылардың басқаларының істі қадағалау тәртібінде қарауға қатысулары, соттың қарауы бойынша анықталады.
Сондықтан, соттардың қадағалау сатыларында қылмыстық істерді қарауға прокурордың қатысуы - осы соттардың заңды және негізді сот шешімдерін шығаруын қамтамасыз ететін шарттардың бірі болып табылады.
ҚР қылмыстық іс жүргізу заңының ережелері едәуір бағдарламалы болып табылады.
ҚІЖК бойынша наразылық келтіру құқығы тек прокурорға тән және мұны прокурордың кассациялық (апелляциялық) наразылық келтіруді қамтамасыз етудегі едәуір жетістігі деп есептеу керек. 2000 жылы республика бойынша барлық бұзылған және өзгертілген үкімдердің ішінен прокурорлардың наразылықтары бойынша 3516 адамға қатысты үкімдер бұзылған және өзгертілген. Бұдан басқа, жартылай айыптау істерінен басқа барлық істер бойынша прокурордың қатысуын қамтамасыз ету де заңның үдемелі қадамы болып табылады.
Қадағалау сатысында прокурордың іс жүргізу жай-күйінің ерекшелігі, бұл сатыда заңды күшіне енген үкімнің заңдылығы мен негізділігі мәселесі болып табылады. Осыған байланысты, қадағалау міндетін жүзеге асыру жоғары тұрған прокурорларға ауысады. Қадағалау сатысында қорытындымен шығатын және қызметтік жайы заңмен анықталған прокурор мемлекеттік айыптың өкілі болып табылмайды. Ол осы іс бойынша апепляцнялық сатыларға қатысқан мемлекеттік айыптаушы мен прокурорлардың көзқарастарына қарамастан, корытынды береді.
Прокурорлық қадағалаудың іс жүргізушілік маңызын бір сатыда басқа сатылардың алдында жоғары бағалауға болмайды. Қылмыстық істерді сотта қараудың заңдылығын прокурорлық қадағалау бірінші сатыдағы сотта қалай маңызды болса, қылмыстық істерді кассациялық апелляднялық тексеруде де, сондай-ақ қылмыстық істерді қадағалау тәртібінде қарау кезінде де солай маңызды. Жариялық шартында өтіп жатқан сот процесі оған қатысушылардан әсіресе заң және мемлекет атынан айыпты қолдаушы прокурордан сабырлықты, сот алдына келген адамдардың әрбіреумен сыпайы және дұрыс қатынаста болуды талап етеді.
Сот процесін жариялық түрде өткізу, оған қатысушыларға терең әсер қалдыру және тәрбиелік ықпал ету үшін барлық іс жүргізу ритуалын қатаң сақтауды талап етеді. Түрлі асығушылықтар, шапшаң сөздер, ойластырылмаған іс жүргізу әрекеттері және прокурордың орынсыз пікірлері жойылуға тиіс.
2.3. Қылмыстық істердің соттарда қаралуына прокурордың қатысуы
және оның рөлі
Заң тергелген қылмыстық іс бойынша (ҚР ҚІЖК 299-бабы) басты сот талқылауын тағайындау жайында қабылданған қаулының заңдылығы мен негізділігінің барлық жауапкершілігін судьяға, және тек қана оған жүктейді. ҚІЖК 299-бабында көзделген шешімдер (басты сот талқылауын тағайындау, істі қосымша тергеуге қайтару, істі қысқарту және т.б.) қабылданғанға дейін судья прокурордың және тараптардың міндетті қатысуларымен істі алдын ала тыңдай алады (ҚІЖК 301-бабы). Судья ҚІЖК нормаларының елеулі түрде бұзылуын анықтаса, істі қосымша тергеуге қайтару, айыпты өзгерту, істі қысқарту, сараптама тағайындау туралы өтініштер, сондай-ақ дәлелдемелерге жол бермеу туралы өтініштер бар болған жағдайда алдын ала тыңдауды міндетті түрде өткізеді.
Қылмыстық істі қарауға қандай да бір кедергілер жоқ деген қорытындыға келген судья, сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады. Сонымен қатар, судья айыптау қорытындысының жеке тармақтарын алып тастауға немесе ауырырақ қылмыс туралы қылмыстық заңды қолдануға құқылы, бірақ жаңадан тағылған айып, өзінің нақты мән-жайы бойынша айыптау қорытындысындағы айыптан ерекшеленбеуге тиіс.
Сот тәжірибесін қорытындылау 2000 жылы республика бойынша қосымша тергеуге 3742 адамға қатысты 2421 қылмыстық іс қайтарылғандығын, оның ішінде прокурордың заңсыз қайтару туралы наразылықтары бойынша кассациялық саты 1190 адамға қатыстысын бұзғандығын көрсетеді. Тергеу органдарымен жіберілетін заң бұзушылықтар мен кемшіліктердің анықталуына байланысты, соттар істерді көбіне қосымша тергеуге дұрыс қайтарады. Сондай-ақ, прокурорлардың наразылықтары бойынша бұзылатын, яғни жеткіліксіз негіздер бойынша шығарылған сот қаулылары да аз емес. Кейде соттар істердің мәнін тыңдап, олар бойынша заңды, негізді және әділ үкім шығаруға болатын істерді қосымша тергеуге жолдайды. Ал кейбір кезде соттар айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің жауаптарындағы маңыздары аз қарама-қайшылықтарды жою үшін қылмыстық істерді қайтарады. Мұндай жағдайларда, прокурордың наразылығы мен судьяның қаулысы сот қатесін түзетудің жалғыз іс жүргізу құралы болып табылады, себебі негізсіз қаулы тек прокурордың наразылығы бойынша ғана бұзылады. Прокурордың сотқа қатысуы соттың заңды және негізді үкім қабылдауының кепілі ғана болып қоймайды, сондай-ақ қылмысты алдын-алу және құқықты насихаттау жөніндегі жұмыс нысандарының бірі болып табылады. Қылмыстық істер бойынша сотта мемлекеттік айыпты қолдау, мемлекетте заңдардың дәл және біркелкі орындалуын қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі прокурорлық қызметтің басымды бағыттарының бірі болып табылады.
Алдын ала тергеу кезеңінде қадағалауды жүзеге асыру, айыптау қорытындысың бекіту және айыпталушыны сотқа беру, прокурорға мемлекеттік айыпты қолдауға және оны объективті. әрі әділ етіп жасауға кедергі келтірмеуге тиіс. Қылмыстық іс жүргізу заңы прокурордан істің барлық мән-жайлары бойынша жиналған дәлелдемелер жиынтығын жан-жақты, толық және объективті қарауға және өзінің ішкі нанымы бойынша бағалауын талап етеді. Сот тергеуі кезеңінде дәлелдемелер жеке дара зерттеледі, сондықтан сот үшін де, прокурор үшін де оларда алдын ала анықталған күш жоқ. Егер сот талқылауы нәтижесінде прокурор сот тергеуінің мәліметтері тағылған айыпты дәлелдемеді деген қорытындыға келсе, ол айыптаудан бас тартуға немесс бас тартуының себептерін көрсетуге міндетті. Бұл оның жеке қарауы емес, мемлекеттік айыптаушы өкілінің заң бұзушылықтарды жою жөніндегі мікдеті. Бұл ереже заңда бекітілген (ҚІЖК 317-бабының 6 бөл.), және ол прокурорға сотта тәуелсіз және объективті болуын қамтамасыз етеді.
Заңда анықталған апелляциялық тәртіпте қылмыстық істерді тексеру тәртібі соттардың қателіктерін олар заңды күшіне енгенге дейін түзетілетін жағдайды қамтамасыз етеді. ҚІЖК 458, 460-баптарына және Бас прокурор нұсқауларына сәйкес, прокурорларға әрбір заңсыз және негізсіз үкімдерге кассациялық тәртіпте наразылық келтіру міндеті жүктелген. Қадағалау өндірісі сатысындағы прокурорлардың қызметі егер олар әдеттегідей, кассациялық тәртіпте түзетілмесе, соттарда қылмыстық істер бойынша жіберілген қателіктерді жоюға мүмкіндік тудырады.
Сот трибунасы - бұл трибунаның ерекше түрі, оған прокурорлық қызметкерлердің әрбіреуі қол жеткізе бермейді. Прокурор сотта мемлекеттік айыпты қолдауға теориялық қана емес, кәсіби дайындығы да болуы керек.
Қазіргі кезде прокурор жұмысының тәжірибесі, оның кәсіби дайындығы, қылмыстық іс құжаттарын білуі аса маңызды болуда. Жартылай айыптау туралы істерден басқа қылмыстық істердің барлығына прокурордың міндетті қатысуы туралы ҚР ҚІЖК 4-бабының талаптарын қолданысқа енгізуге байланысты, прокуратура органдарына 2000 жылы көптеген жас мамандар қабылданған.
Олардың біліктіліктерін жоғарлату үшін кәсіби дағдыларға, қызметтік этикаға үйрету жөніндегі жұмыстар жүргізуде. Осы мақсатта, оқу-әдістемелік семинарлары өткізілуде, жеке оқытулар ұйымдастырылды, жергілікті жерлерге шығуға тәжірибелік көмектер көрсетілді. Жыл сайын мемлекеттік айыптауды қолдау бойынша байқау-конкурстар өткізіледі. Конкурс нәтижелері бойынша ең жақсы мемлекеттік айыптаушылар анықталады, олардың сот жарыссөзіндегі баяндамалары оңтайлы тәжірибе ретінде прокуратура қызметкерлеріне таратылады. Прокуратура органдары жаңа қылмыстарды алдын алу, сондай-ақ өз жұмысын насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыста болады.
Еңбекші қазақ аудандық сотының 15.03.2000 жылғы үкімі бойынша азаматша Б. ҚР ҚК 176-бабының 2-бөлімінің "б,в" тармақшаларымен, яғни қызмет жағдайын пайдаланып, жалпы сомасы 102 мың 670 теңге тұратын сеніп тапсырылған мүлікті ұрлағаны үшін кінәлі деп танылған осы бап бойынша 3 жылға дейін материалдық-жауапты лауазымды атқару құқығынан айырумен 2 жыл бас бостандығынан айыруға, жазасын ТК жалпы режимінде өтеу белгіленген.
Бұл үкімге сотталушының қорғаушысы үкімнің қатаңдығына кассациялық шағым берген.
Істі кассациялық сатыда қарау кезінде іске қатысушы прокурор оның лауазымды адам болмауына байланысты, сотталушының әрекетін ҚР ҚК 176 баб. 2 бөл. "б,в" тармақтарынан ҚР ҚК 176 баб. 1 бөліміне ауыстыруды сұраған және оған ҚР ҚК 63 бабы бойынша шартты жаза қолдануды сұраған.
Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2000 жылғы 25 сәуірдегі қаулысымен Еңбекші қазақ аудандық сотының үкімі өзгертілген оның әрекеті ҚР ҚК 176 баб. 1 бөліміне ауыстырылған және оған ҚР ҚК 63-бабы қолданылумен сол мерзімге шартты жаза тағайындалған (шартты түрде соттау).
Басқа мысал Қарасай аудандық сотының 3.02.2000 жылғы қаулысымен ҚР ҚК 257 баб.3 бөлімімен, яғни атыс қаруын, газ қаруын, пышақты, кастеттерді және өзге де суық қаруды, не денсаулыққа зиян келтіру үшін арнайы бейімделген басқа да заттарды қолданып немесе қолдану әрекеті арқылы жасалған бұзақылық үшін айыпталған іс қосымша тергеуге жолданған.
Қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтара отырып, жәбірленушіге қатысты сот-дәрігерлік сараптама тағайындау және жәбірленушінің ауруханада қанша күн өткізгендігі туралы анықтама сұрату қажеттілігін көрсеткен.
Соттың бұл үкіміне аудан прокуроры аталған қаулының негізсіздігіне наразылық келтірген, себебі ҚР ҚІЖК 303-бабында істі қосымша тергеуге қайтарудың толық негіздемелерінің тізімі келтірілген, ал қаулының уәждері осы баптың талаптарына қайшы келген.
2000 жылғы 26 наурызында Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы іс бойынша қажетті құжаттар мен дәлелдемелер жиналған деп есептеп, Қарасай аудандық сотының қаулысын бұзған және қылмыстық істі сол сотқа мәні бойынша қарауға жолдаған; прокурордың наразылығы қанағаттандырылған.
Алматы облысы Қарасай аудандық сотының 07.04.1999 жылғы қаулысымен ҚР ҚК 259 баб. 1 бөл. яғни есірткі заттарды сату мақсатынсыз көп мөлшерде заңсыз иемденгені, тасымалдағаны және сақтағаны үшін айыпталған Р.С.Эминовке қатысты қылмыстық іс мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты өндірістен қысқартылған.
Анықтау органдарымен Р.С.Эминов 03.03.99 ж. Қаскелен қаласында тергеумен анықталмаған азиат ұлтының адамынан 200 теңгеге есірткі заттарын - салмағы 0,5 грамм тұратын апиынды заңсыз алғаны және оны өзінің күртесінің қалтасында сақтағаны үшін кінәлі деп танылған; сол күні ол Қарасай АІІБ полиция қызметкерлерімен ұсталған.
Сот талқылауы барысында ҚР ҚІЖК 317-бабы бойынша Р.С.Эминовтың әрекетінде ҚР ҚК 259 баб. 1-бөлімінде көзделген қылмыс құрамының болмауына байланысты, прокурор айыптаудан бас тартқан, себебі "Заңсыз сақтау немесе айналымға салуда табылған есірткі заттар мен жүйкеге әсер ететін заттарды аса ірі емес, ірі және өте ірі мөлшерге жатқызу туралы салыстыру кестесіне" сәйкес 0,5 грамнан асатын есірткі заттары есірткі заттарының ірі мөлшері болып табылады. Р.С.Эминовте 0,5 грамм апиан табылған және алынған ал ол әкімшілік жауапкершілікке тартуға жатады.
Дауларды шешу кезінде соттардың алдында тұрған міндеттердің ауырлығы азаматтық іс жүргізу саласында прокурорлық қадағалауды күшейтуді, мемлекеттің, кәсіпорындардың, ұйымдардың және азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтарын қамтамасыз етуді қажет етеді. Азаматтық іс жүргізуде заңдардың дәл және біркелкі орындалуын прокурорлық қадағалау соттардың барлық сатыларында заңды және негізді шешімдердің, ұйғарымдар мен қаулылардың қабылдануларының маңызды кепілі болып табылады.
Прокурорлық қадағалаудың міндеттері және азаматтық іс жүргізудегі прокурорлық қызметтің басты бағыттары ҚР Конституциясында, АІЖК, Прокуратура туралы заңда. ҚР Бас прокурорының бұйрықтары мен нұсқауларында және өзге нормативтік құқықтық актілерде мазмұндалған.
Прокурор азаматтық іс жүргізудің барлық кезеңдерінде кез келген заң бұзушылықтарды жоюға заңмен көзделген шараларды уақытылы қолдануға міндетті. Көрсетілген нормативтік актілерден шығатын талаптарға сәйкес. ҚР Бас прокуроры және оған бағынышты прокурорлар азаматтық істерді соттарда қарау кезінде мына талаптарды орындау үшін заңдардың орындалуын қадағалауды жүзеге асырады:
- барлық сот сатыларында істерді жан-жақты, толық, объективті және уақытылы талқылау туралы заң талаптарын орындау;
- әр іс бойынша заңды және негізді шешімдер, ұйғарымдар мен қаулылар шығару;
- шешімдерді, ұйғарымдарды және қаулыларды заң талаптарына сәйкес уақытылы орындау.
Прокурорлар сот төрелігінің мақсаттарын және сот алдында тұрған міндеттерді орыдауды судьялар тәуелсіздігі қағидаттарын сақтаумен және тек заңға ғана бағынумен жүзеге асыруға мүмкіндіктер тудырады.
Азаматтық іс жүргізуде заңдардың орындалуын қадағалауды ҚР Бас Прокуроры, облыс, қала, аудан прокурорлары жүзеге асырады. Прокуратура органдары қызметінде қадағалаудың осы саласын шұғыл басқару мақсатында, ҚР Бас прокуратурасында азаматтық және шаруашылық істер бойынша сот қаулылары мен атқару өндірісінің заңдылығын қадағалау Департаменті, облыс және оларға теңестірілген прокуратураларда азаматтық істердің соттарда қаралуын қадағалау бөлімдері құрылған. Аудандарда және қалаларда бұл міндеттерді аудан және қала прокурорларының орынбасарлары немесе көмекшілері орындайды. Бұл жұмысты осы прокуратуралардың басшылары басқарады.
Прокурорлардың алдында тұрған міндеттерді ойдағыдай орындау мақсатында прокурорға заң бойынша оған қажетті өкілеттіктер берілген. Олар топталған түрде прокуратура туралы Заңның 30-бабында, ҚІЖК және "Азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын прокурорлық қадағалау туралы" Бас прокурордың 2000 ж. 28 тамыздағы №45 бұйрығында, "Атқару өндірісі туралы заңдардың қолданылуын прокурорлық қадағалау туралы" 2000 ж. 10 сәуірдегі №18 бұйрығында, "Әкімшілік істер бойынша сот қаулыларының заңдылығын прокурорлық қадағалау туралы" 2000 ж. 30 мамырдағы № 26 бұйрықтарында баяндалған.
Азаматтық істерді сотта қарау кезінде заңдардың орындалуын қадағалауды жүзеге асыра отырып прокурор өз құзыреті шегінде:
1) кассациялық және қадағалау тәртібінде бірінші сатыдағы соттың істерді талқылауына қатысады; істі қарау кезінде туындаған мәселелер бойынша қорытындылар береді; сотқа талап арыздар жолдайды; жалпы азаматтық істер бойынша істің мәніне қарай қорытындылар береді; заңда қарастырылған басқа да іс жүргізу әрекеттерін жасайды;
2) заңсыз және негізсіз шешімдерге, ұйғарымдарға және сот қаулыларына, судьялардың қаулыларына наразылық келтіреді;
3) шешімдерді, ұйғарымдарды және сот қаулыларын орындатудың заңдылығын тексереді, сот орындаушысының заңсыз әрекеттеріне наразылық келтіреді;
4) азаматтық істер бойынша қабылданған сот шешімдерін, ұйғарымдарын және сот қаулыларың қайта қарау заңмен қарастырылған жағдайда, оған шаралар қолданады.
Заңмен берілген өкілеттіктерді жүзеге асыра отырып, прокурор азаматтық іс жүргізудегі қадағалауды азаматтық істерді сотта жан-жақты, толық, объективті және уақытылы талқылау туралы заңдылықты өмірде өткізуге мүмкіндік тудыратындай және әр іс бойынша заңды және негізді шешімдер қабылдайтындай етіп ұйымдастыруы керек.
Қадағалаудың мәні тек соттың шешімдері, ұйғарымдары және қаулылары ғана емес, сондай-ақ азаматтық талапты сотқа дейін қарауда да, сот қарауында да орындалатын іс жүргізу әрекеттері. Прокурор өзінің ешбір жеке мүддесі үшін емес, тек жалпы мемлекеттік мүдделер үшін сот төрелігіне жолдауға үлес қосатын сот құрамының, сондай-ақ іске қатысушы тұлғалардың - тараптардың, үшінші жақтардың, куәлардың, сарапшылардың, мемлекеттік басқарма органдары өкілдерінің азаматтық және азаматтық іс жүргізу заңдарының талаптарын сақталуын бақылайды.
Достарыңызбен бөлісу: |