ӘОЖ 377.5: 37.02 Қолжазба құқында
АТЕМКУЛОВА НАЗИРА ОМАРҚЫЗЫ
Сабақтан тыс тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығын қалыптастыру
(Педагогика колледждеріндегі музыка-педагогика
мамандығы материалдары негізінде)
13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы,
этнопедагогика
Педагогика ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы Қарағанды, 2008
Жұмыс Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде орындалды
Ғылыми жетекшілері: педагогика ғылымдарының
докторы, профессор І.Р. Халитова
педагогика ғылымдарының
докторы, профессор Ә.Ә. Усманов
Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының
докторы, профессор
А.А. Бейсенбаева
педагогика ғылымдарының
кандидаты С.Б. Оспанова
Жетекші ұйым: І. Жансүгіров атындағы Жетісу
мемлекеттік университеті
Диссертация 2008 жылы « » сағат Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 14.50.05 біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, №1 кеңейтілген дәрісхана)
Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2008 жылғы « » таратылды.
Біріккен диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы Н.Ә. Мыңжанов
К і р і с п е
Зерттеудің көкейкестілігі. Өткен ғасырдың соңында көптеген елдерде, соның ішінде дамыған білім жүйесі бар мемлекеттерде де сол кездегі білім сапасына болған қанағаттанбаушылық туындады. Бұл жағдай кеңес одағы ыдыраған соң құрылған егемен елдерде тіпті күшті сезілді. Әсіресе жалпы білім беретін мектептердегі білім деңгейінің төмендігі, тәрбиелік көрсеткіштердің нашарлап кетуі, мектеп бітірушілердің салғырттығы, сауатсыздығы туралы көптеп айтылып, жазылып жатты. Одан кейінгі кезде білім саласын қайта құру басталып кетті. Осыған орай Қазақстанда да келелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте кейінгі кездерде қабылданған ҚР «Білім туралы» Заңдар (1992, 1999, 2007), ҚР «Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы», ҚР «Жоғары педагогикалық білім Тұжырымдамасы», Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың жыл сайынғы жолдамасында педагог кадрларды даярлауды жетілдіру мәселесі үнемі айтылып келеді. Атап айтсақ 2008 жылдың наурыз айындағы Жолдауында «Білім беруді әлемдік стандартқа жақындату» мәселесі көтеріліп оны жүзеге асыру жолдары да қарастырылған.
Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу мәселесін ұлттық тәрбиемен қабыстыруға қатысты пікірлер сонау Ы. Алтынсарин, Абай Құнанбаев, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Т. Тәжібаев сынды басқа да ғалымдардың еңбектеріне арқау болған.
Жалпы білім беру мәселесі көптеген ғылыми зерттеулер мен арнайы монографиялардың, жекелеген мақалалардың арқауы болып келеді. Осыған орай Қ. Жарықбаев, К. Құнантаева, С. Қалиев, Н.Д. Хмель, Т.С. Сабыров, Б.Р. Айтмамбетова, І.Р. Халитова, А.Е. Әбілқасымова т.б еңбектерін айтуға болады. Тұлғаның педагогикалық бағыттылығын қалыптастырудың жалпы теориялық мәселелерін С.Л. Рубинштейн «динамикалық тенденция», А.Н. Леонтьев «ойлау мотивтерін қалыптастыру», Б.Г. Ананьев «негізгі өмірлік бағыттылығы», А.С. Прангишвили «адамдық қуаттарын динамикалық ұйымдастыру», Л.И.Божович «мотивтер жүйесі», Е.А. Климов әр түрлі кәсіптерге бағыттылық сипаттамасын т.б. зерделеген. Болашақ педагогтың кәсіптік дайындығы М.С. Мәлібекова студенттердің кәсіптік-ақпараттық бағыттылығы, Ш.А. Абдраман жоғары оқу орны студенттерінің кәсіптік-техникалық бағыттылығы, Э.А. Байдалинова жастардың педагогикалық бағыттылығын қалыптастыру мәселесі, Ә.Ә. Усманов мамандарды тәрбие жұмысына жұмылдырудағы коммуникативтік басқаруды жетілдіру, К.С. Тюребаева музыка пәні мұғалімдерінің педагогикалық бағыттылығы, Д.Е. Есельбаева болашақ мұғалімдердің кәсіптік-педагогикалық бағыттылығы, К.К. Досанова болашақ музыка пәні мұғалімін шығармашылыққа бағыттау, М.П. Черныш музыка мұғалімінің педагогикалық бағыттылығын басқару, А.А. Момбек болашақ музыка пәні мұғалімінің педагогикалық бағыттылығын аспаптық дайындық арқылы қалыптастыру, А.И. Балабаева педагогикалық практикада студенттердің педагогикалық бағыттылығын қалыптастыру, А.Ю. Тимакова студенттердің педагогикалық шығармашылық бағыттылығы, Н.В. Малахов арнайы пәндерді оқытудағы педагогикалық бағыттылық, А.Г. Мордюкович математика мұғалімдерінің педагогикалық бағыттылығы, О.П. Радимова фортепианоға оқытудың педагогикалық бағыттылығы, А.П. Черных педагогикалық институт студенттерінің педагогикалық бағыттылығын қалыптастыру секілді т.б. басқада көптеген авторлардың еңбектерін кездестіруге болады. Көріп отырғанымыздай бұл еңбектердің көпшілігі жоғары оқу орындарына қатысты. Бұларда орта педагогикалық оқу орындарындағы колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығы қарастырылмаған.
Осы және басқа да еңбектерде мектеп бітірушілердің көпшілігінің білім сапасының жеткіліксіздігі мен тәрбиелік деңгейлерінің де нашарлығы, бір жақтан, замана ерекшеліктерінің ықпалы ретінде қарастырылса, тағы бір жақтан, педагогтардың мектептегі қызметіне құлшынысы төмендігімен байланыстыра қарастырады. Осыған орай мерзімді басылым беттерін зерделесек, мектеп және орта кәсіптік оқу орындарын бітірушілердің ішінен педагог мамандығын саналы таңдап алмағандары, не болмаса оған тұтқиылдан келгендері, амалсыздан оқып жүргендердің бар екені туралы материалдар кездеседі.
Педагог мамандар даярлайтын орта және жоғары оқу орындары студенттерінің кейбіреулері оқу-тәрбие жұмыстары педагогикалық практика кезінде және басқа да көптеген факторлардың ықпалымен педагог мамандығын түпкілікті таңдап алатыны да байқалады. Сол себепті осы мамандыққа даярлауда аса дарынды педагог А.С. Макаренконың “...әрине кейбіреулерде педагогикалық дарын болады...Бірақ ондай дарыны болмаса да жақсы педагог болуды армандаған кез-келген адам педагог бола алады...”-деген тұжырымын ескерсек педагог мамандығын таңдап алған кез келген ынталы адамнан жақсы педагог маман қалыптастыруға болады- деген пікірге саяды. Макаренко А.С. мұны құдіретті тәрбиенің қуатына сүйеніп айтқаны белгілі. Алайда, педагогикалық білім негізі қаланатын оқу үрдісінен басқа болашақ педагог маман бүгінгі колледж оқушысының бойында осыған орай сапалар мен қасиеттер, қабілеттерін дамытып қалыптастыруға ықпал ететін тәрбие үрдісінің маңызы толыққанды пайдаланылмай, ескерілмей келеді. Педагогикалық бағыттылыққа қатысты ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерттеу және талдау барысында оларда көбінесе “кәсіптік бағыттылық” туралы айта келіп “кәсіп” және “мамандық” ұғымдарының ара жігінің ажыратылып, мән мағынасының нақтыланбағанын анықтадық.
Болашақ педагог мамандарды тәрбиелеу-дегенде көпшілік орта оқу орындарындағы “бір жолғы” тәрбиелік іс-шараларды айтуға болады. Олар әрине белгілі бір дәрежеде оқушы тұлғасының кейбір тұстарына ықпал еткенімен олардың өзін педагог маман ретінде сезінуіне әсері жоқтың қасы. Сол себепті педагог мамандығын беретін орта және жоғары оқу орындарындағы барлық тәрбиелік іс-шаралар колледж оқушыларының бойында болашақ мамандығына тән қабілет, қасиет, сапаларды дамытып, қалыптастыруға жүйелі түрде бағытталуы тиіс. Сонда ғана кез-келген тәрбиелік іс-шара, көздеген мақсатына жетеді деген ойдамыз. Біз зерттеуге алып отырған мәселенің тағы бір көкейкесті тұсы, оқушылардың бүгінгі күн күрделігі, әп-сәттегі тұрмыс қиындықтарымен өмір сүрген жағдайда, болашақты болжауының әлсіздігі немесе қазіргі ахуал мен болашақ арасындағы қайшылықтарды жеңуге құлшынысының жеткіліксіздігі. Ал, педагог маман бүгінгі күнде өмір сүріп болашақты болжауы тиіс.
Бұлардан басқа бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде педагогикалық бағыттағы басылымдарда осы күнгі кейбір жекелеген мұғалімдер арасындағы жауапкерсіздік, салғырттық, білім ауқымының тарлығы мен таяздығы, тәрбиесі мен білім, білігінің жеткіліксіздігі, оқушылармен қарым-қатынасының күрделілігі, ата-аналармен жұмыс ұйымдастыру белсенділігінің әлсіздігі секілді басқа да кемшіліктер жайлы айтылып келеді.
Педагогикалық колледждегі оқу-тәрбие үрдісіне тікелей араласу және оны зерттеу, осыған орай ғылыми-педагогикалық әдебиеттер мен қажетті құжаттарды зерделеу барысында мынадай қарама-қайшылықтардың бар екені белгілі болды: тәрбие жұмысының оқу үрдісінде алған нақты теориялық білімдерін толықтыру мүмкіндігі мен оны практикада қолдану қабілеттерінің төмендігі арасында; оқушы тұлғасының болашақ кәсібінің ерекшеліктерін жете түсінбеуі мен таңдап алған мамандығын меңгеруге тәрбие жұмыстарының тигізетін ықпалы арасында; оқушылардың оқу үрдісіндегі құлшынысы мен педагог мамандығын меңгеруге қажетті мотивтерінің қалыптаспағаны арасында.
Бұл қарама-қайшылықтар оқу-тәрбие мекемесінде алған білім, білік, дағдыларын әр түрлі педагогикалық мәселелерді шешуде қолдануына шарт түзетін педагогикалық үрдісті қамтамасыз ету және онда мамандықты меңгеруге болған мотивтерін қалыптастыру қажет екенін көрсеткен зерттеу проблемасын айқындап,зерттеу жұмысымыздың тақырыбын «Сабақтан тыс тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығын қалыптастыру (Педагогика колледждеріндегі музыка-педагогика мамандығы материалдары негізінде)» деп белгілеуге негіз болды.
Зерттеудің мақсаты: тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларының педагог мамандығына бағыттылығын қалыптастырудың мазмұны мен әдістерін қарастыру:
Зерттеудің нысаны: педагогика колледждеріндегі тұтас педагогикалық процесс.
Зерттеу пәні: педагогикалық колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығы.
Зерттеудің болжамы: егер колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастыруға арналған тәрбие жұмыстарының жүйесі мен мазмұны, әдістері анықталатын болса, онда колледж оқушылары өздерін педагог ретінде сезінуіне ықпал етеді де және өз кезегінде жұмыс практикасын дұрыс ұйымдастыруына мүмкіндік туғызады. Өйткені мұнда колледж оқушылары теориялық білім және дәйекті практикалық біліктіліктерді жете меңгеру қажеттілігін түйсінеді, қазіргі кезде күнде өзгеріп отыратын мектеп оқушымен жұмыс ұйымдастыруға қажетті білім, біліктерді меңгеруге ұмтылады.
Зерттеудің міндеттері:
1) колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы тәрбие жұмыстарының маңызы мен мәнін ашып көрсету;
-
педагогикалық бағыттылық қалыптастыру үрдісіне педагогикалық және психологиялық сипаттама беру;
-
колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастырудың теориялық аспектілерін айқындау;
-
сабақтан тыс тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастырудың мазмұны мен әдістемесін эксперимент арқылы дәлелдеп, қорытындылау және ұсыныстар беру.
Зерттеудің жетекші идеясы: колледж оқушыларында кез-келген педагогикалық мәселені шешуге білім, білігі, өзін талдауы негізінде қол жеткізуге, болжамға сай нәтижеге ұмтылысы, жоғары деңгейдегі педагог маман болу бағыттылығын қалыптастыру.
Зерттеудің әдіснамалық негізі: жеке тұлғаның даму заңдылықтары мен оны жүзеге асырудың ұстанымдары, іс-әрекет мотивтері және бағыттылық туралы педагогикалық, психологиялық тұжырымдар; жоғары және орта оқу орындарында білім берудің философиялық негізі мен оның тұжырымдамалары; педагогикалық және кәсіптік бағыттылық туралы педагогикалық, психологиялық, философиялық, әлеуметтік-педагогикалық еңбектер болып табылады.
Зерттеудің көздері: Қазақстан Республикасының Конституциясы, сол негізде қабылданған «Білім туралы» Заңы, орта және жоғары білім беру тұжырымдамалары мен педагогикалық білім туралы тұжырымдамалар; педагогикалық бағыттылық негіздеріне арналған педагогикалық, психологиялық еңбектер.
Зерттеу әдістері: педагогикалық бағыттылық, орта және жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмыстарына, жалпы педагогикалық үрдіске қатысты, тұлға және оның қалыптасуына арналған философиялық, педагогикалық, психологиялық, т.б. еңбектерді талдау, жіктеу, сараптау, тәжірибелік-эксперимент жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу; алынған нәтижелерді топтастыру, салыстырмалау және сұрыптау, қорытындылау.
Зерттеу кезеңдері:
- зерттеудің бірінші кезеңінде (2001-2002 жж.) тақырыпқа байланысты зерттеудің теориялық базасы анықталды, ғылыми аппарат түзіліп, негізгі ұғымдар мен олардың мәні айқындалды; зерттеу болжамы мен педагогикалық бағыттылық қалыптастырудың құрамы түзілді;колледж оқушыларымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының ауқымы, оны жүзеге асыру әдістері мен тәсілдері белгіленіп, бағдарламасы түзілді; тақырыпқа қатысты педагогикалық, психологиялық, философиялық т.б. материалдар жинақталды;
- зерттеудің екінші кезеңінде (2003-2006 жж.) колледж оқушыларында тәрбие жұмыстары арқылы педагогикалық бағыттылық қалыптастырудың теориясы мен практикасына байланысты жинақталған материалдар сарапталды; сол негізде педагогикалық бағыттылық қалыптастырудың құрамы, өлшемдері мен көрсеткіштері белгіленді; педагогикалық бағыттылықтың мазмұны нақтыланды; Осыған орай ғылыми-педагогикалық, психологиялық ғылыми- әдістемелік әдебиеттер мен практикалық материалдар талданып «Педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы тәрбие жұмыстарының маңызы» тақырыбында арнайы курс пен 1,2,3-курстарға арналған тәрбие жұмыстарының бағдарламасы түзіліп, ол практикаға ендірілді;
- зерттеудің үшінші кезеңінде (2007-2008 жж.) жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижелері қорытындыланып,бір жүйеге келтірілді. Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық колледжі, №1 Алматы қазақ педагогикалық колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі, музыка-педагогика мамандығы бөлімдері 1,2,3, курс оқушылары арасындағы тәрбие жұмыстары;осы оқу орындарында «Педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы тәрбие жұмыстарының маңызы» тақырыбында арнайы курс өткізіліп, тәрбие жұмыстары жалғасты. Осы кезеңде жинақталған теориялық және практикалық материалдар рәсімделіп, ғылыми жұмыс ретінде өңделді.
Зерттеудің базасы: Ғ. Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық колледжі, №1 Алматы қазақ педагогикалық колледжі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы мен теориялық маңыздылығы:
- колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы тәрбие жұмыстарының мәні педагогика мен психологияның теориясы тұрғысынан ашып көрсетілді;
- колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы тәрбие жұмысының жүйесі жасалып, оны жүзеге асырудың әдістері мен тәсілдеріне сипаттама берілді;
- педагогикалық бағыттылықтың құрамы мен мазмұны анықталып, педагогикалық теориялық тұрғыда дәлелденді.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы:
а) «Педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы тәрбие жұмыстарының маңызы» тақырыбында арнайы курстың бағдарламасы түзілді;
б) педагогикалық бағыттылық қалыптастыруға арналған тәрбие жұмыстарының мазмұны, жүзеге асыру әдістері тексеруден өтіп, ұсынылды;
в) тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығын қалыптастырудың әдістері мен тәсілдері бойынша ғылыми-әдістемелік нұсқаулар берілді.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
- колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы тәрбие жұмыстарының мәні мен маңызының педагогикалық, психологиялық теориялық сипаттамасы;
- педагогикалық бағыттылық қалыптастыруға арналған тәрбие жұмыстар жүйесі мен әдістемесі;
- колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылықтың қалыптасуына қозғау салатын мотивтер жүйесі;
- зерттеу нәтижелерін колледждердің тәрбие жұмыстарына ендіру бойынша ұсыныстар мен арнайы курс бағдарламасы.
Зерттеудің нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі қорытындылардың педагогикалық, психологиялық, әдістемелік-технологиялық негізділігімен; қойылған мақсат, міндеттерге сай белгіленген болжамның жүзеге асуымен; орта педагогикалық оқу орындарының іс-тәжірибесіне ендірілуімен қамтамасыз етілді.
Зерттеудің негізгі нәтижелерін енгізу, сынақтан өткізу ғылыми зерттеу жұмысының мазмұны мен нәтижелері халықаралық (Алматы, 2005, 2006, 2007; Қызылорда, 2007), республикалық (Алматы, 2006) аймақтық (Алматы, 2007) ғылыми-практикалық конференцияларда, «Қазақстан жоғары мектебі», (2007); «Ізденіс», (2005,2007); «Ұлт тағылымы», (2004,2005, 2007); «Қазақстан мектебі», (2007) журналдарында жарияланған мақалаларда баяндалды.
Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен қолданылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Кіріспеде зерттеудің өзектілігі, нысаны, пәні, мақсаты, міндеттері, болжамы, әдіснамалық негіздері, жетекші пікір, зерттеу әдістері мен кезеңдері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық мәні анықталып, зерттеу нәтижелерінің сынақтан өтуі көрсетілген.
«Тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларында педагогикалық бағыттылық қалыптастыру мәселесі» деп аталатын бірінші тарауында педагог, психолог ғалымдардың еңбектері мен қазіргі орта және жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысының маңызы мен қоса оның педагогикалық бағыттылық қалыптастырудағы мәні ашып көрсетілді. Сонымен қатар осы тарауда колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығын қалыптастырудың педагогикалық және психологиялық тұстарын осы ғылым тұрғысынан қарастыруға ұмтылып, «кәсіп», «маман» деген ұғымдардың мағынасын ашып көрсетуге ұмтылдық. Сонымен бірге мұнда колледж оқушыларында қалыптастыратын педагогикалық бағыттылықтың теориялық тұстарын, құрамын, мазмұнын, оның қалыптасу деңгейлерін анықтайтын тетіктері қарастырылды.
«Тәрбие жұмыстары арқылы педагогикалық бағыттылық қалыптастырудың мазмұны, формалары мен әдістері» деп аталатын екінші тарауында колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығының қалыптасу дәрежесі анықталып, осыған орай жасалған тұжырым негізінде оны ары қарай қалыптастырудың бағдарламасы, тәрбиелік жұмыс жоспары берілді. Сонымен қатар осы тарауда тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығын қалыптастырудың әдістері, тәсілдері, жүзеге асыру жолдары практикада тексерілді. Осы жұмыстар нәтижесінде колледж оқушыларының бойында педагогикалық бағыттылықтың қалыптасу дейгейлері анықталды.
Қорытындыда ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері негізінде қорытындылар шығарылып, ұсыныстар әзірленіп, осы мәселені болашақта зерттеудің басымдықтары көрсетілді.
Негізгі бөлім
Тәрбие жұмысы, сабақ үстінде меңгерген білім, біліктері мен дағдыларын сабақтан тыс жұмыстар арқылы тереңдету, дамыту және қалыптастыру, оларды колледж оқушыларының таңдап алған мамандығына арнайы бағыттап, ретке келтіру қажеттігі бар екені зерттеу барысында белгілі болды. Демек, арнайы педагогикалық білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмыстары да белгілі бір мамандық не кәсіпке баулитындай болуы керек деген пікір туындайды. Нақтылап айтсақ, тәрбие жұмыстары колледж оқушыларының сабақ үстінде алған білімін, білігін практикада пайдаланып, өз мүмкіндігін байқап көруге, жеткіліксіз тұстарын анықтап оны жетілдіруге шарт түзуі тиіс.
Ұзақ жылдардан бері қарай сабақтан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру проблемасы педагогика оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарында қарастырылып оның мақсатын, міндеттерін, атқаратын қызметін көрсеткен. Олардың жалпы мәні- тәрбеленушілерде арнайы мінез-құлық пен көзқарас, педагогикалық тапқырлық, педагогикалық сезім мен эмоция қалыптастыруды нандыру, сендіру соңынан ертіп, еліктету, оқушылардың өмірлік тәжірибесіне тәрбиелік сипат беру арқылы ықпал ете алатын қабілеттер мен қасиеттерін дамытып, қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүйесі-деп тұжырымдауға болады. Біздің пікірімізше бұл мәселенің кейбір тұстарын тәрбиені білім қалыптастыру үрдісімен ұштастыру, тұлғаның мотивтері мен наным, сенімін, іс-әрекетін мамандыққа бағыттау жұмыстарымен байланыстыру арқылы біршама шешуге болады.
Педагогикалық бағыттылықты зерттеген ғалымдар оны ұстаздық іс-әрекетінің құрылымы мен мазмұнына қарай педагогикалық бағыттылық, педагогикалық құзіреттілік, ақыл қызметінің икемділігі- интеллектуалды, мінез-құлық, эмоционалды икемділіктерден тұрады деп көрсетеді.Алайда педагогикалық бағыттылық туралы біркелкі анықтама әлі қалыптаса қоймаған. Бұл туралы Н.В. Кузмина, Я.А. Коломинский, Г.А. Томилова, С.А. Зимичева және басқалар оқытушы мамандығына және осы іс- әрекет түріне болған эмоционалды –құндылық қатынас десе, Ф.Н. Гоноболин, А.И. Щербаков, В.А. Сластенин, В.Г. Леонтьев, А.А. Бодалев т.б. бұл- тұлғаның педагогикалық маңызды сапалар жиынтығы немесе педагогикалық қабілеттер жиынтығы дейді, ал Ю.Н. Кулюткин, Г.С. Сухобская, С.Г. Вершиловский, И.В. Фастовец, Л.М. Митина және басқалар мұны студенттердің дамуын рефлексиялы басқару деген пікірде. Бірақ бұлар біз көздеген педагогикалық бағыттылыққа толық сәйкес келмейді. Өйткені педагогикалық бағыттылықтың құрамды бөлігінде сөзсіз сезім мен рухани- адамгершілікке қатысты тетігі болуы керек деп санаймыз.Колледж оқушыларын тәрбиелеу- оның тұлғалық сапалары мен қасиеттерін, қабілеттерін дамыту оқу мекемесінің басты міндеті болуы керек. Өйткені жастар туралы және тәрбиелеу туралы қабылданған заңдарда оларды оқу мекемелерінде тәрбиелеу басты талаптардың бірі ретінде қарастырылған.
Дәл осы тұста анықталмай қалған тағы бір ұғым - тұлғаның педагог мамандығына деген жеке бағыттылығы. Бұл ішкі жағынан психологиялық бағыттылықпен астарласып жатады. Тәрбие жұмыстары сабақ үстінде алған білімінің мазмұнын тереңдетіп, таңдаған мамандық бойынша болашақта алатын білімімен байланыстырады және оны тереңдетуге септігін тигізеді; сонымен бірге тәрбие жұмыстары педагог мамандығының ерекшеліктерін теориялық жақтан меңгеруге, алған білімін практика да тексеріп көруге мүмкіндік туындатумен қоса, өзінің педагог маман болуға іштей дайындығын пайымдау мен іс жүзінде оған болған мәмілесін тексеріп көруіне жағдай туындатады; педагогикалық бағыттылықты зерттеген психолог және педагог ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, тәрбие жұмыстары арқылы таңдап алған мамандығына сәйкес мотивтер жүйесін қалыптастыру мүмкіндігінің бар екенін теориялық тұрғыда осы пәреде пайымдадық.
Педагогикалық колледждер орта білім беруі себепті, оны тәмамдаған түлектердің көпшілігі өз білімін жоғары оқу орындарында жалғастыруға бейімделеді. Алайда педагогикалық колледждің педагог мамандығы бөліміндегі 1-курс оқушыларымен сұхбаттасқанымызда олардың көпшілігінің болашақта педагог мамандығын таңдамайтыны, әсіресе ер балалар бұл мамандыққа мүлде қызықпайтынын байқатты. Сол себепті колледж оқушыларының педагог мамандығына бағыттылығын осы оқу мекемесінде қалыптастыруға ерекше күш жұмсау керек деп санаймыз.
Жалпы бағыттылықты қалыптастырумен қатар- тұлғаның жасампаздық белсенділігін дамытатын басты бағыттылықтар маңызды сипатта бола тұрып, ол педагогикалық бағыттылықтың қалыптасуына ықпал етеді. Соның ішінде жалпы педагогикалық, педагогикалық-кәсіптік (белгілі бір пәнді оқытуды кәсіп еткен) бағыттылықтарды атауға болады. Осылардың ішінде көптеген зерттеушілердің назарын аударған педагогикалық бағыттылық және оның келіп шығу тегі мен мамандық таңдауға түрткі болған мотивтер болды (В.А. Сластенин, П.А. Шавир, Р.М. Фатихова). Олар педагогикалық бағыттылық мотивтерін төмендегіше көрсетті.
Педагогикалық бағыттылық әр түрлі кәсіптік-педагогикалық іс-әрекетте байқалып, оның сипаты сол іс-әрекет түріне байланысты көрініс табады. Басқаша айтқанда, тұлғаның бағыттылығы дегеніміз - сыртқы ықпалдар, мысалы, қоғамдық-әлеуметтік ахуал, жеке өмір салты, білім жүйесі мен тәрбие т.б. мен ішкі шарттардың- тұлғаның қасиеті, өмір тәжірибесі, саналығы, психикалық ахуалының тұтастығы- деп тұжырым жасауға болады. Бұл әдіснамалық қағидалар біздің зерттеуіміз үшін аса маңызды. Педагогикалық бағыттылық - тұлғаның педагогикалық іс-әрекетке бейімділігін сипаттайтын қабілет, қасиеттерін дамытып, тәрбиелеу.Диссертацияда бірқатар ғалымдардың пайымдауларына негіздей келе, көптеген сапалардың ішінен тұлғаның педагог мамандығына бейімделуіне мүмкіндік беретін аса маңызды дегендерін анықтадық. Педагог мамандардың кәсіби жетілуін анықтаған Отандық және ресейлік ғалымдардың еңбектеріне негіздей отырып, оны мынадай сипатта айқындауға болады:
- арнайы құзіреттілік - мамандығына қатысты білім, білігі мен дағдыларының жоғары деңгейде меңгергендігі, өзінің кәсіптік дамуын жобалауға қабілеттілігі;
- әлеуметтік құзіреттілігі - кәсіптік іс - әрекетті қызметтестік негізінде бірлесе жүргізу біліктілігі; сонымен бірге таңдап алған мамандығының ерекшеліктеріне байланысты қарым - қатынас орнату, өз іс - әрекетінің нәтижесіне жауапкершілігін сезінуі;
-
жеке құзіреттілігі - таңдап алған мамандығына байланысты өзін дамыту, кәсіптік өсуге ынтасы мен оған даярлығының болуы, өзін-өзі ұйымдастыруы мен қатардан қалмауға құлшынысы;
- тұлғалық құзіреттілігі - таңдап алған мамандығы бойынша қызмет барысында туындайтын әр түрлі ауытқулар мен теріс әрекеттерге табандылық танытуы, оған берілмеуі, ондай ауытқуларды болдырмауға ұмтылысы мен оларды жоюдағы біліктілігі мен білімділігі, әдісқойлығы;
Педагогикалық іс-әрекеттің өзгешелігі, педагог мамандардың тар кәсіби деңгейде қалуына болмайтыны, мүмкіндігінше кәсіптік білім, білігі, дағдыларының кең ауқымды болуы, олардың құзіреттілігінің көрсеткіші болып саналады. Біз педагог маман деген ұғымға байланысты- кәсіптік құзіреттілігі, жалпы құзіреттілігі мен қоса адамгершілік сапалары мен сезімдерінің тоғысқан сипатта болуы керек деп ұйғардық.
Осыған орай зерттеулерге негіздей отырып, біз колледж оқушыларын педагог мамандығына бағыттау үшін олардың мотивтерін тәрбие үрдісінде қалыптастыру керек деген пікірге келдік. Сондықтан дайын мотивтер мен қызығу немесе қажеттенулер емес, педагог мамандығына қажетті мотивтерді қалыптастыру керек болды. Демек, оқу-тәрбие мекемелерінде педагог мамандығына бағдарлауды педагогикалық пәндерді оқытумен қоса осыған орай тәрбиелік жұмыстарды ұтымды да ұрымтал ұйымдастыру керек екені белгілі болды. Сондықтан оқу - тәрбие мекемесінде колледж оқушыларының педагог мамандығына бағыттылығын қалыптастыруға ықпал ететін бірқатар педагогикалық шарттарды да анықтадық және олардың ықпалы белгіленді.
Бұлар өз кезегінде педагог маман тұлғасының құрылымын анықтап алу үшін қажет. Жоғарыда айтылғандарға негіздей отырып біз педагог маман тұлғасының құрылымын төмендегіше анықтауға мүмкіндік алдық:
-
таңдап алған мамандығына бағытталған бірқатар сипаттамаларының болуы;
-
педагог маман ретінде өз міндетін атқаруына қажетті тұлғалық сапалары мен қабілеттерінің болуы;
-
жеке өзіндік ерекшеліктерінің болуы;
Бұл тұлғалық құрылымдар педагог мамандығына бағыт беру мақсатындағы оқу-тәрбие барысында дамытуды керек ететінін қаперде тұту маңызды. Осы келтірілген ой-тұжырымдар тәрбие жұмыстары арқылы колледж оқушыларының педагог мамандығына бағыттылығын қалыптастырудың біз анықтаған құрамының дұрыстығын дәлелдейді. Атап айтсақ, педагогикалық тапқырлығы, педагогикалық сезімі (интуициясы), сөз байлығы мен ділмарлығы, оқушыларды еліктетіп соңынан ертіп әкететін іс-қимылының ұрымталдығы, олардың өмір тәжірибесіне тәрбиелік бағыт бере алатын білім, білігін дамытып қалыптастырудың маңыздылығын көрсетті. Осыған орай А.И. Власенков, орта оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісінде болашақ мамандардың тек кәсіптік мүмкіндіктерін емес сонымен қатар маманға тән қасиеттері мен қабілеттерін де дамыту керек-деген пікірі біздің ізденістеріміздің дұрыс екенін байқатты. Педагогикалық колледж оқушыларының болашақ мамандығына - қызығуы мен білуге құмарлығы күшті, мінез-құлқы мен қабілеттері әр алуан адам немесе өсіп келе жатқан жас ұрпақпен жұмыс істеуге бағытталғаны себепті олардың білімі тек мамандығына ғана байланысты емес, жан-жақты, ғылым, мәдениет, әдебиет, тарих, техника т.б. салалардан кең мағлұматты болуы талабы қойылады. Бұдан басқа аса маңызды мәселе тікелей атқаратын қызметіне байланысты мынадай қабілет және қасиеттерінің ерекше жетілген түрде болуы қажет деген пікірдеміз: педагогикалық тапқырлығы, педагогикалық сезімі (интуициясы), сөйлеу мәдениеті мен ділмарлығы, оқушыларды еліктетіп соңынан ертіп әкететін іс-қимылының ұрымталдығы, олардың өмір тәжірибесіне тәрбиелік бағыт бере алатын білім, білігінің болуы аса маңызды. Педагогикалық бағыттылық оның ішінде жеке тұлға бағыттылығы туралы пікірлерін қазіргі психология ілімі тұрғысынан қайта қарастырған Л. Левин болды. Біздің зерттеуіміздің мақсатына және ерекшелігіне байланысты аталмыш ғалымның төмендегі пікірлерін негізге алдық. Ол педагогикалық бағыттылық пен тұлға бағыттылығына қатысты зерттеулерді талдай келе былай дейді: пісіп жетілген тұлға өз мінез-құлқын ішкі мотивтерінің бірнеше түрлерінің ықпалымен жүзеге асырады. К. Левин осылардың барлығын жинақтай келе ең алдымен мотивтер қалыптастыру керек деген пікірді айтып оның мынадай үш түрін көрсетеді: ізгілікті мотивтер, тұлғалық мотивтер және іскерлік мотивтер болуы керектігін дәлелдеген.
Мұнда тұлға алдымен іс-әрекет мақсатын айқындап алады да одан соң арнайы ұйымдастырылған мотивациялық ауқымда өз мінез-құлқының нашар жақтарын, қаншалықты күшті болса да, басып тастау арқылы реттеп қажетті қалыпқа келтіре алады-дейді. Осы пікірді негізге ала отырып ол мотивтер құрылымын ізгілікті, іскерлік және тұлғалық мотивтер топтары құрайды деп, оны былайша таратады: ізгілікті мотивтер – бала кезінен қалыптасатын қасиеттерімен байланысты; тұлғалық мотивтер оқу-тәрбие үрдісінде қалыптасып өзімшілдік пен қоса өз қабілеттерін іс жүзінде тексеру, пайдалану, өзін жетілдіру, дамыту, және басқалардың мүддесіне мән беру секілді басқа да көптеген бағыттылықтармен сипатталады; іскерлік мотивтер - тұлғаның іс-әрекетінде көрініс береді - деп жіктейді. Біздің пайымдауымыз бойынша солардың ішінде аса маңыздысы тұлғаның мамандыққа бағытталуы болып, ол жасөспірім (бозбала, бойжеткен) кезінде байқалады. Өмірдің бұл кезеңінде тұлға ішкі және сыртқы сипаттары жағынан қайта жаңғырады. Ғалымның осы пікірі және басқа да ғалымдардың зерттеулеріне негіздей отырып, біз өз жұмысымыздағы педагогикалық бағыттылық құрамын анықтадық. Оның біріншісі, тұлғаның ізгілікті мотивтері болуы керек дей отырып оның мазмұны – бала кезінен қалыптасып, тәрбиеленетін адамгершілік қасиеттер;өлшемі- сезімталдығы мен эмоциясын басқаруы, ал көрсеткіштері: сезімін басқаруы; қай кезде қандай әдіс, тәсілдер арқылы ықпал етуге болатынын сезінуі; кез келген мәселені оқушының бас пайдасына шешуі; өзінің психикалық ахуалы, көңіл күйіне берілмеуі; оқушылармен сыйластық қарым-қатынас орната білуі; екіншісі, тұлғалық мотивтер - өзін танып-білуі; өз қабілеттерін іс жүзінде байқап көруі; басқалардың мүддесі үшін өзін дамытуы; өлшемдері: өмір тәжірибелері мен өмірлік тәжірибелерін талдау мен педагогикалық тапқырлығын дамыту; ал көрсеткіштері: өмірлік тәжірибесінің дұрыс, бұрысын ажырата білуі; жақсысын қуаттап, нашарынан бас тартуы; оның орнына жаңа, пайдалы сипаттағы түрлерін қалыптастыруы; оқушының бойына сіңіп қалған нашар әдет, дағды тәжірибелерін ажырата білуі; жалпы өмір тәжірибесі мен өмірлік тәжірибе жайлы ұғымының қалыптасқаны; кез келген педагогикалық ахуалда табан астында жол табуы; үшіншісі - педагогикалық мотивтерін қалыптастыруға және өзін дамытуға бағытталған тәрбиелік іс- шараларға белсенді араласуы; Соңынан ертіп еліктетуге ынталандыру; ділмарлығы мен педагогикалық сөйлеуін дамыту; ділмарлығы- оқушыларға сөзін тыңдата білуі, сөздерді орынды қолдана білуі; сөзінің мағыналығы мен мәнділігі; сөзінің қысқа да нұсқа болуы; Педагогикалық үрдіске тікелей араласу арқылы оқушылармен диалогтік қарым-қатынас орната білуі; оқушыларды кез келген іске жұмылдыра білуі; 1-кестеде педагогикалық бағыттылықтың құрамы мен өлшемдері көрсетілді. Ал, 2-кестеде педагогикалық бағыттылықтың қалыптасу деңгейлері берілді.
Осылардың барлығын қарастыра келіп, біз өз тұсымыздан бүгінгі колледж оқушысы, ертеңгі мектеп мұғалімінің педагогикалық бағыттылығын оның мотивтерін сабақтан тыс тәрбие жұмыстары арқылы қалыптастыруды көздедік. Осыған орай олардың негізі етіп жоғарыда келтірілген еңбектерде қарастырылмай қалған, бірақ педагог мамандардың мотивтерін қалыптастыру іс-әрекетінде аса маңызды деген кейбір тұстарын іріктеп алдық. Олар мыналар:
1. Педагогикалық мәселелерді шешудегі тапқырылығын дамыту;
2. Педагогикалық сезімталдығын (интуиция мен эмоциясы) басқаруға тәрбиелеу;
3. Педагогикалық ділмарлығы мен айтқанын істету, иландыру, нандыру; педагогикалық мақсатты жүзеге асырудағы педагогикалық сөйлеуін дамыту;
4. Еліктетіп соңынан ерту секілді іскерлігін дамыту;
5. Өзінің өмір тәжірибесі және өмірлік тәжірибелерді талдау арқылы оқушылардың өмірлік тәжірибесіне тәрбиелік бағыт бере алатын білім, біліктер қалыптастыру керек - деп белгіледік. Бұларды жүзеге асырудың тетіктері мотивацияларын қалыптастыру - деп ұйғардық. Бұны арнайы ұйымдастырылған эксперимент жұмыстарында тексеріп көрдік.
Эксперименттің мақсаты – тәрбие жұмысының біз белгілеген құрамы арқылы колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығын қалыптастырудың мүмкіндіктерін тәжірибе жұмыстары арқылы дәлелдеу. Эксперимент жұмысы мынадай кезеңдермен өткізілді: алғашқы кезеңде колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығының сипатын анықтау; екінші кезеңде тәрбиелік жұмыстарды арнайы ұйымдастыру арқылы колледж оқушыларының педагогикалық бағыттылығын қалыптастыруды жүзеге асыру;
Кесте 1 - Тәрбие жұмыстарының педагогикалық бағыттылығының өлшемдері
Педагогикалық бағыттылық құрамы
|
Педагогикалық бағыттылықтың сипаты
|
Өлшемдері
|
Көрсеткіштері
|
Ізгілікті мотивтер
|
Бала кезінен қалыптасып, тәрбиеленетін, ұстаздық қызметте аса маңызды адамгершілік қасиеттерінің жүйесі;
|
Сезімталдығы мен эмоционалдылығы;
|
сезімін басқаруы; қай кезде қандай әдіс, тәсілдер арқылы ықпал етуге болатынын сезінуі; кез келген мәселені оқушының бас пайдасына шешуі; өзінің психикалық ахуалы, көңіл күйіне берілмеуі; оқушылармен сыйластық қарым-қатынас орната білуі;
|
Тұлғалық мотивтер
|
өзін танып-білуге бейілді; өз қабілеттерін іс жүзінде байқап көруге ынталы; басқалардың мүддесі үшін өзін дамытудағы саналылығы(жақсы оқыту, дұрыс тәрбиелеу үшін);
|
Өмір тәжірибелері мен өмірлік тәжірибелерін талдау мен педагогикалық тапқырлығын дамытуға ынтасы;
|
өмірлік тәжірибесінің дұрыс, бұрысын ажырата білуі; жақсысын қуаттап, нашарынан бас тартуы; оның орнына жаңа, пайдалы сипаттағы түрлерін қалыптастыруы; оқушының бойына сіңіп қалған нашар әдет, дағды тәжірибелерін ажырата білуі; жалпы өмір тәжірибесі мен өмірлік тәжірибе жайлы ұғымының қалыптасқаны; кез келген педагогикалық ахуалда табан астында жол табуы;
|
Іскерлік мотивтер
|
педагогикалық мотивтерін қалыптастыру және өзін дамыту үшін тәрбиелік іс- шараларға араласу белсенділігі;
|
Соңынан ертіп еліктетуге ұмтылысы; ділмарлығы мен педагогикалық сөйлеуін дамытуы;
|
ділмарлығы- оқушыларға сөзін тыңдата білуі, сөздерді орынды қолдана білуі; сөзінің мағыналығы мен мәнділігі; сөзінің қысқа да, нұсқа болуы; Педагогикалық үрдіске тікелей араласу арқылы
оқушылармен диалогтік қарым-қатынас орната білуі;
оқушыларды кез келген іске жұмылдыра білуі;
|
Достарыңызбен бөлісу: |