І тарау. Жастармен әлеуметтік жұмысты зерттеудің теориялық-Әдістемелік негіздері 7


ІІ ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫНЫҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ



бет3/9
Дата03.07.2016
өлшемі0.66 Mb.
#174411
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ІІ ТАРАУ. ҚАЗАҚСТАН ЖАСТАРЫНЫҢ БҮГІНІ МЕН БОЛАШАҒЫ

2.1. Қазақстандағы жастардың бүгінгі жай-күйі

Тарихтың «тар жол, тайғақ кешу» жолдарында ұлттың өзін-өзі сақтауының бірден-бір жолы - осы ұлттың рухани потенциалы мен жалпы тұтастық идеясының сақталуы екендігінде дау жоқ. Біздің жас егеменді мемлекетіміздің стратегиялық дамуының негізгі факторы халықтың рухани байлығы, оның әскери күші, адамгершілік құндылықтары, білімі, патриотизмі, елдің тұтастығы болып табылады. Ал енді бұл құндылықтарды жастардың санасына орнықтыру мәселесін қарастырмастан бұрын, алдымызда тұрған бірқатар сұрақтарға жауап табуымыз қажет сияқты. Атап айтқанда, қазіргі Қазақстан жастарының дәл бүгінгі саяси, құқықтық, әлеуметтік-демографиялық, экономикалық және рухани жай-күйі қандай? Себебі, бұл сұрақтардың шешімін таппай, жастардың патриоттық тәрбиесі туралы айту ерте. Әрине, бұл сұрақтарға нақты, әрі толық жауап табу үшін еліміздің мамандары жүргізген зерттеулер нәтижелеріне жүгінуіміз заңды.

Саяси тұрғыдан алғанда, Қазақстан жастарының бүгінгі демографиялық жағдайы олардың саяси аренада ықпалды субъект болу мүмкіндігін арттырады. Мәселен, сайлау науқаны сияқты саяси процестерде жастар категориясы жалпы халық арасындағы көпшілікті құрағандықтан тұрақты электорат болып табылады. Бұл өз кезегінде оларға деген билік өкілдерінің ерекше назарын тудыруы орынды.

Жалпы, әлеуметтік-саяси ахуалды талдау көбінесе билік субъектілерінің бағалы пайымдаулар детерминантымен анықталады. Реформалар бағамын қолдау немесе оған қарсыласу деңгейінің басым бөлігі саяси билік элитасының қолдау дәрежесімен немесе бағасымен түйіндес.

Мұндай жағдайда жастар мен билік арасындағы қарым-қатынастың дұрыс немесе бұрыс арнада дамуы жастардың билікке жақындау, яки олардың биліктен алшақтау тенденциясына алғышарт болады. Демек, жастардың ресми мемлекеттік идеологияны қолдауы да, қолдамауы да биліктің қолында екені анық. Ал бұл болса жас түлектер арасындағы патриоттық сезімнің қалыптасуына тікелей әсері бар “сенім” феноменін туғызуда терең мәнге ие құбылыс болса керек.

Мәселен, зерттеулер көрсеткендей қазіргі кезде Қазақстан жастары үшін Президенттен басқа, жас ұрпақ өкілдерінің толық сенімін туғызатын ешқандай мемлекеттік, әлеуметтік, экономикалық немесе саяси институт жоқ. Ал сенім болмаған жерде қандай патриотизм туралы айтуға болады.

Жастар мен билік арасындағы қарым-қатынас деңгейін анықтайтын факторлардың келесі бір түрі - жастардың саяси шешімдерді қабылдау процесіне қатысуы екендігін атап өткен жөн.

Жастардың саяси мәртебесі олардың саяси күш ретінде қалыптасу, өзара әрекет немесе келісімпаздық шараларын құра білу, саяси билікке қол жеткізу мәселесі бойынша өзінің алдына мақсат қою және оның іске асыру мүмкіндіктерімен анықталады. Демек, демократиялық қоғам дамуының көрсеткіші ретінде тек қоғамдағы жастар санасының сол қоғамда орын алған саяси шындыққа әсері ғана емес, сонымен қатар, оның саяси өміріне тікелей қатысуы мен белсенділігін де жатқызамыз.

Қазіргі еліміздегі тәжірибе көрсетіп отырғандай, бүгінгі таңда жастар қауымының еліміздің ішкі саясатындағы алатын мардымсыз үлесі олардың мемлекетті басқару процесінен алшақ екендігін көрсетіп отыр. Олай дейтініміз, білімді, әрі белсенді жастардың жоғарғы мемлекеттік билік орындарындағы басқарушы лауазымдарға тартылмауда, тіпті жастар ісімен айналысатын мемлекеттік органдарды басқарып отырған көптеген лауазым иелерінің жасы аталмыш категория қатарынан әлдеқашан шығып кеткенін байқаймыз.

Бұған қарамастан еліміздегі жастар демократиялық қоғам принциптерін қолдана отырып, осы қоғамды басқаруға қатысу үшін өз құқықтарын іске асыруға тырысуда. Мәселен еліміздің азаматы ретінде жастар сайлау процесіне қатысып өз кандидатураларын ұсына алады. Сол арқылы жастар проблемаларын жоғарғы мемлекеттік органдарда көтеріп өз құқықтары мен міндеттерін қорғауға жол ашады.

Айталық, 1999 жылы Қазақстан Республикасының Президентін сайлау кезіндегі жастардың электоральді белсенділігі олардың айбынды күш екендігін байқатты. Кең көлемде өткен “Біз кімді сайлау керектігін білеміз” акциясы жастардың электоральді белсенділігін айтарлықтай дәрежеде жұмылдыра түсті. Мұндай іс-шаралар жастардың электоральдық мінез-құлықын тәрбиелеуде маңызды құрал болып табылады. Мұнда азаматтық позицияны және саяси мінез-құлық желісін қалыптастыруды сипаттайтын басқа үрдіс қарастырылады.

Алайда, осы 2004 жылғы күзде өткен парламенттік сайлауда жастар едәуір төмен электоральдық белсенділік көрсетті. Осы сайлаудан кейінгі социологиялық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жастардың 26,1% ғана өз азаматтық борышын орындап, сайлауға қатысқан.

Өкілеттік билік органдарының сайлауына деген қызығушылықтың жоғалуы көбінесе өкілеттік билік органдарының саяси өмірдегі кейбір рөлінің төмендеуімен, яғни, жастар тарапынан оларға деген сенімнің азаюымен байланысты. Демек, Қазақстанның саяси өміріндегі Парламент өкілдігінің төмендеуі, жастардың осы өкімет органына қатынасын біршама салқындатқандай.

Оның үстіне депутаттықа үміткер кандидаттардың бағдарламалары да айтарлықтай жастардың көңілін тарта алған жоқ. Шын мәнінде, олардың жастарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қолдау туралы жалпы дәйектері, әлеуметтік қорғау жөніндегі шаралары, концептуалдық тұрғыдан негізсіз тұғырнамалары жас ұрпақты қызықтыра алмады. Демек, саяси процестерге қатысу тәжірибесіне қарамастан, жастардың басым көпшілігі өкілеттік өкімет органдарын сайлау үрдісін елемеуді қалаған сияқты.

Жалпы, саяси жүйені трансформациялау, азаматтық, демократиялық қоғам белгілерінің бірі болып табылатын көп партиялықты қалыптастыру, өз позициясын орнықтыру, өзін қандайда болмасын саяси күшке қатыстыру, онымен сәйкестендіру желісі бойынша қарастырылады. Айталық, кейбір зерттеушілердің жүргізген социологиялық сауалнамасының нәтижесіне қарасақ Қазақстан жастарының 56% саяси партия мен ұйымдардың жұмысына араласуға оншалықты асықпайтындығын көрсеткен.

Осындай жағдайда жас ұрпақтың негізгі бөлігі еліміздегі саясатқа қатысу мүмкіндігінен, нақтырақ айтқанда, саяси ұйымдарға мүше болып, олардың жұмысына белсенді түрде қатысудан гөрі, уақыт өткізудің басқа түрлерін артық санайтын сияқты. Мұндай тенденция, біздің көзқарасымыз бойынша, саяси мәдениеттің тек жастар арасында ғана емес, жалпы мемлекеттік деңгейде жеткілікті дәрежеде қолға алынбай отыруымен байланысты.

Алайда, елімізде болып жатқан процестер мен оқиғаларға жастардың бағасы бір қалыпты, әрі жайбарақат. Ал олардың керісінше саяси позициясы барынша кемелденген және тиімді болуы жастардың өз құқықтарын, бостандықтарын және міндеттерін елдегі реформаларды дамытуда маңызды құрал екендігін сезінген сәтте ғана туындайды.

Мысалы, социологиялық сауалнамалардың нәтижелері көрсеткендей, Қазақстандағы жас азаматтардың құқығын қорғау жастардың көңілінен шыққан. Олардың көбі отандық заңнамада қандайда болмасын құқықтық қайшылықтар мен проблемаларды шешетін, өркениетті елдерге тән позитивті құралдардың болуын қолдайтын сияқты. Демек, қоғамда орын алатын саяси процестерде жастар өз құқықтарын сақтаудың бірден-бір жолы ретінде – бейбіт митинг, шеру, ереуілдерге қатысуды қолдайтындығын жасырмайды /7/.

Бұл қалыптасқан жағдайда жастардың басым бөлігі барынша ынтымақты және тұрақты. Сондай-ақ, жастар өздерінің мақсатына жетудің бірден-бір жүйелі тәсілі деп сотқа шағымдану, келіссөздер мен өзара келісімдерге келуді, конструктивті ұсыныстармен өкімет органдарына бару, сайлау мен референдумдарға қатысу сияқты жолдарды санайды.

Жастардың жаппай саяси шеруге шығу акциясы экономикалық, еңбек қатынастары, әлеуметтік аясының тарылуы, азаматтық құқығының аяқ астына тапталып, қысымшылығы асқынған кезде болуы мүмкін. Олардың үлес салмағының көбеюі жастардың мәртебелік позициясының нашарлауымен немесе азаматтық өз құқықтарының аяқ асты болуы мүмкін.

Сонымен, социологиялық зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, Қазақстан жастарының саяси құндылықтары жалпылай алғанда бірегейлігімен ерекшеленеді. Яғни, жастардың санасында батыс елдеріне тән жекелік, дарашылдық сияқты мінез-құлық байқалады. Басқа сөзбен айтқанда, әдеттегі өз басынан қоғамдық мүддені жоғары қоятын идеологияның орнына жастардың санасына біртіндеп либерализм принциптерінің орнығуы байқалады. Айталық, қазіргі республика жастарының құндылықты бағдарында осы кездегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен сабақтасқан прагматизм мен практицизмнің өсу үрдісі орнығып келеді. Мұндай тенденция жастардың патриоттық тәрбиесі мәселесін шешуде бұрынғы тәсілдерге сүйенудің тиімсіз екендігін көрсетеді және жаңа талаптарға сай тәрбие жүйесін іздестіруді көздейді.

Сонымен жоғарыда келтірілген зерттеулерді қорытындылай келе, Қазақстан жастарының көпшілігі қоғамдағы демократиялық процестерді қолдап, мемлекетіміздің өркендеуіне ат салысуға даяр екендігін атап өткен жөн. Осы социологиялық зерттеулердің мәліметінше қуантатын тағы бір жай - жастардың басым бөлігі (74,3 %) өз отаным деп «Қазақстанды» көрсетіп, әрбір екінші жасөспірім өзін патриот деп санаған.

Алайда, бұл мәселенің толық шешімі табылды деген сөз емес. Өйткені, жоғарыда атап өтілген «жағымсыз» факторлар желісі бүкіл жастарымыздың жартысына жуығын потенциалды «коcмополит», яғни рухани құлазуға дайын объект ретінде көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды - мемлекетімізде жастардың патриоттық сезімін дұрыс арнада реттейтін, отансүйгіштік, патриоттық рухты көтеретін толыққанды жалпы ұлттық идеологияның әлі де жетіспейтіндігі.

Сонымен бірге, жастарымыздың құқықтық сана-сезімінің төмендігі өздерінің құқықтарын барынша пайдалана алмауы олардың кей жағдайда қылмыстық топтардың құрығына түсуіне жағдай туғызуда. Осындай жағдайда мемлекеттің негізгі міндеті - жастарға конституциялық құқық пен еркін азамат ретінде кепіл болу. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы Республикамыздың азаматарының, соның ішінде жастардың да құқықтары мен міндеттерін айқындап берді.

Жастарды құқықтық тұрғыда қорғау мәселесі де бірқатар шешілген тәрізді. Қазақстан Республикасының Президентінің №73 жарлығымен 1999 жылдың 28-ші тамызында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты» туралы концепциясы бекітіліп бүгінгі күнге дейін жастар мәселесін шешетін негізгі құжат болып келеді. Қазақстан Республикасының Үкіметінің қолдауымен осы концепцияны жүзеге асыруда 2001-2002 жылдарға «Қазақстан жастары» атты нақты бағдарлама қабылданды. Басым бағыттарға ең бірінші азаматтылық пен патриотизмді дамытуға, жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін жоғарылатуға көп орын берілген.

2001 жылдың қыркүйек айында Ақтау қаласында Қазақстан жастарының І Конгресі болып өтті. Бұл Конгреске жастар ұйымдарынан 700–ге тарта өкілдер, ТМД және шет елдерден қонақтар келіп қатысты. Алғашқы отырысқа Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, өз баяндамасында жаңа буын өкілдеріне азаматтық және патриоттық тәрибие беру өзекті де өткір мәселе болып отырғандығын басып айтты. Сөз жоқ, еліміздің болашағы бүгінгі жастарымыздың білікті де білімді қолдарында екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Осы бағытта Қазақстан Республикасының үкіметінің N 155 жарлығымен 2003 жылғы 13 ақпанында 2003-2004 жылдарға жастар саясаты бағдарламасы бекітілді. Бұл құжаттың негізгі мақсаты - жастардың әлеуметтену прецесіндегі ұйымдастырушылық, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық құрылымдарын құру мен патриоттық тәрбие беру, өзінің отанына, еліне деген махаббат сезімін арттыруға жұмыс істеу. Бағдарламының міндеттері – кешенді мерекелік патриоттық кештер мен басқа да іс-шаралар ұйымдастыру арқылы жастарды әлеуметтік тұрғыдан қорғауға ат салысып, олардың қоғамдағы маңызын көрсету, жас азаматтарды кәсіпкерлікке және нарықтық ойлауға машықтандыру, жастар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, өңірлердегі мемлекеттік жастар саясатын іске асырудағы ұйымдастырушылық және құқықтық механизмдерін жасау және жастардың қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік құрылымдармен қарым-қатынасын дамыту.

Бүгінде қоғам әлеуметтік поляризацияны, саралау процесін басынан кешіруде. Әлеуметтік құрылымда кәсіпкерлер мен банкирлердің, ұсақ саудагерлер және өзге де жаңа экономикалық топтардың пайда болуы айқын көрінуде. Қазақстандық қоғамның маргинализация процесі бөлігінде кіріс тереңіндегі айырмашылықтары, экономикалық және саяси қызығушылықтар белгіленді, әлеуметтік ортада жаңа үрдістер туындады.

Жастар әртүрлі қауымдастықтың әлеуметтік белгілеріне ие бола отырып, өмірдің стилі мен көркем бейнесінің материалдық жағдайларына, құнды бағдарларына қарай ерекшеленеді. Мұндай әртүрлі жастар тобының әлеуметтік жағдайы, олардың саяси түрде өз тағдырын өзі шешуі арқылы алдын-ала анықталынады.

Қоғамдағы бастапқы процестер жастар қозғалысы мен жастар ұйымының басқаруымен болмай, мемлекет пен қоғамның басқаруында болатын жастар механизмін талап етеді. Қазіргі жағдайдағы жастар ұйымы мемлекеттік жастар саясаты есебінен жастардың толық қажеттіліктерімен, сондай-ақ түрлі әлеуметтік қажеттіліктерін тиімді өткеруге жететіндей бағытта болуы шарт.

Жастардың құқығының сақталуы мен әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз етуіне кім кепіл берсе, жастар соған ілеседі. Мәселен, Комсомолда олар: сол кездегі мемлекеттік биліктің барлық органдарынан, жастардың қызығушылықтары мен күнделікті мәселелерін шешуді талап ететін тұлғалар болған.

Әрқилы тарихи кезеңдерде, кез келген мемлекетте қоғамды «нарықтық» үлгіде түрлендіруде және оған сәйкес жеке тұлғаларды қалыптастырумен бірге жастардың патриоттық тәрбиесі мәселесі қиындықтар туғызған. Оның ерекше келбеті- тәуекелге дайын болу, өз ісіне жауапкершілікпен қарау, экономикалық канъюнктураны, яғни қазіргі кезеңдегі өмірге бейім ұрпақтарды тәрбиелеп, қалыптастыру үшін, олардың қажетті ақпаратты жедел қабылдай алуында екендігі белгілі.

Еліміздегі жастар өз мәселелерін басқалардан көбірек білетіндіктен, оны мемлекеттің көмегімен шешуге мүмкіндік беру қажет. Олардың мемлекетіміздегі реформалар көшінен қалмай, стратегиялық даму бағыттарымызға еріп жүруі, оларың нарықтық қатынастардан туындаған өмірлік жоспарлары мен мақсат-мүдделеріне қайшы келмегені дұрыс.

Сонымен қатар, жастардан «патриот бол», «өз еліңді сүй» деп талап ете беру дұрыс емес. Тәуелсіз Қазақстан жастарының патриоттық тәрбиесін көтеріп, рухын шыңдау ең бірінші кезекте сол жастарымыздың лайықты, тұрақты жұмыс орындары мен тұрғылықты үй-жайы болғанда іске аспақ. Мәселен, социологиялық зерттеулер нәтижелеріне сүйенсек сол жастардың пікірінше жұмысқа орналасу үшін ең біріншіден жоғары білім мен материалдық мүмкіндіктің болуы шарт. Еңбек және әлеуметтік қорғау министірлігінің мәліметінше 2004 жылдың үшінші тоқсанында жұмыс іздеп жүрген жастармыздың саны 61,3 мың адамға жетіп, соның 20,2 мың адам ғана жұмысқа орналасқан екен. Мәселен, ауылдық жерлерде жұмысқа орналасқан жастар саны 2002 жылы 6,7 мың адамды құраса, 2004 жылы 6,9 мың адамға өскен.

Соңғы соцологиялық зерттеулерге қарағанда қалалық жастардың саны біршама өскен, оның өсу себебі ауылдық жерлердегі жұмыссыздықтың ішкі миграцияға түрткі болуы. Жалпы Қазақстан жастарының урбанизация процесінің негізгі факторы болуын олардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етуге деген құлшынысы ретінде қарау керек.

Ауыл жастарының қалалық жерлерге қоныс аудару тенденциясы әлі күнге дейін сақталып отыр. Статистикалық мәліметтерге қарасақ 2003-2004 жылдар аралығында жастардың ауылдан қалаға көшу саны біршама төмендегенін байқаймыз. Яғни урбандалу процесі қазіргі таңда 41,1%-дан 37,1%-ға түскен. Жағдайдың былайша күрт өзгеруіне үкімет тарапынан қабылданған «Ауыл жылдары» бағдарламасының іске асырылуы себеп болса керек /8/.

Бірақ, бұл еліміздің ішкі миграцияның біржола тұрақтануы деген сөз емес. Әлеуметтік-экономикалық жағдайдың, ақпараттық-мәдени деңгейдің қарқынды өзгеру барысы әлі де болса жастардың ауылдан қалаға көшуін тоқтатпақ емес. Осындай үрдіске түрткі болып отырған ең бірінші себеп - ауылдық жерлердегі жұмыссыздық салдарынан жастардың қалалық жерде білім алуы немесе жұмыс іздеуі. Сондықтан ауылдық және қалалық жерлерде болсын жастардың ең алдымен өзіне қызықты, әрі қоғамға пайдалы іспен айналысуын қамтамасыз етудің мәні зор. Әрине, бүгінгі әлеуметтік-экономикалық шындық бұл мәселенің іс жүзінде жүзеге асуын қиындатады, ал кейбір жағдайда тіпті мүмкін етпейді. Алайда, атам қазақ «өзім дегенде, елу өгіздік күшім бар» демекші, бұл шаралардың барлығы да жеке мүдделілік пен бірлікті талап етеді.

Қалай десек те, дәл қазір жастарды жұмыспен қамтудың негізгі жолы мерзімді және қоғамдық жұмыстар болып отырғандығы белгілі. Мысалы, Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министірлігінің мәліметі бойынша 2002 жылдың үшінші тоқсанында қоғамдық жұмыстарға 112,4 мың жұмыссыз адам тартылса, соның ішінде жастар саны 8,5 мыңға жетіпті. Ал 2004 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш бір жарым есеге өскен.

Халықты жұмыспен қамту бағытында жергілікті әкімшіліктің қасында жастарға арнайы мамандық беретін курстар ашылып, бірқатар жас біліктілігін арттырған. Осындай мәліметтерден жастарымыздың жұмыссыздар санының биік көрсеткіште екендігін көруге болады. Соның ішінде жастарымыздың тәжірбиесінің жоқтығы мен арнайы дайындықтан өтпеуінен жұмыс берушілерді қанағаттандырмаған жастардың жас мөлшері 16-дан 24 жас аралықта болып отыр. Сонымен қатар еңбек нарығына алғаш шығып отырған жоғарғы оқу орындарының түлектерінің тәжірбиесінің жоқтығы осы проблемаға белгілі мөлшерде әсерін тигізуде. Жұмыс іздеген жастардың көпшілігінің арнайы жоғары кәсіби мамандығы болғанына қарамастан ешқандай еңбек тәжірбиесінің жоқтығын байқау қиын емес.

Нарықтық қатынастарға көшкен еліміздің экономикасында айтарлықтай болған өзгерістер жұмысқа орналасу мен еңбек ету тәртібіне де өз әсерін тигізді. Соның ішінде жаңа ғана оқу бітірген жас мамандардың жұмысқа орналасуы қиындықтар туғызуда. Себебі кез-келген кәсіпорын, мекеме басшылығы үшін жастардан гөрі білімі, тәжірибесі мол маманды алған әлде қайда тиімді.

Дегенмен де демократиялық құндылықтарды алдыға қойып азаматтық қоғам құруда жастардың мамандық таңдауы да айтарлықтай өзгерген. Олар көбінесе юрист, банкир, экономист, қаржыгер сияқты мамандық иелерін таңдайды. Өйткені қазіргі қоғамда тасы өрге домалап, ауқатты өмір сүретіндер осы маман иелері болуы оларға түрткі болуда. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы, техника мен технология, орта кәсіп мамандары жетіспей жатқан жерлері бар.

Жастар арасында көбінесе демократиялық бағдар бой көтерген. Жастардың едәуір бөлігі азаматтардың жоғары жоғары әлеуметтік қорғалуы, еркін бостандықтағы кәсіпкерлік пен жеке меншіктілікке қол жеткізген капиталистік елдердің жолын жалғастыру идеясын қолдайды. Осындай үлеске жуық жастар бөлігі мемлекеттік реттілік пен нарықтың үйлесімдік байланыстарын қолдауға даяр екен.

Мысалы, түрлі зертеулердің нәтижелеріне қарасақ, жастар еліміздегі реформаларды біршама қолдайтын көрінеді және де олар нарықтық экономикалық қатынастарға сай мамандықтарды жедел түрде меңгеріп алуға құлшынады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек экономика саласында жарты миллион ер балалар мен қыздарымыз жұмыс істеуде. Осының өзі болашақта экономикамыздың өрлеуіне өз кезегінде кесірін тигізу мүмкін. Бұл мәселе жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа жолдауында ерекше тоқталып Ғылым және білім министірлігіне осы мамандыққа үлкен тапсырыс беру қажеттілігіне тоқталған болатын.

Осындай жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуда, жаңа жұмыс орындарын ашуда кәсіпкерлікті дамытудың ролі зор болмақ. Бүгінгі күні кәсіпкерлікті мамандық етудің біршама қыйындықтары да жоқ емес. Ол үшін жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік беретін құқықтық нормаларды қабылдап, жеңіл түрдегі кредитті алуына жағдай жасау қажет сияқты.

Қазақстан Республикасының өмір сүру деңгейі халықтың кірісімен, орташа айлық жалақысымен айқындалады. Жалпы халықтың кірісі тікелей түрде жастардың өмір сүру жағдайына ықпалын тигізіп әлеуметтік көңіл-күйі мен материалдық жағдайына әсерін тигізеді. Демократиялық қоғамдағы нарықтық қатынастардың обьективті қиыншылықтарына қарамастан жастар материалдық мүмкіншілігін көтеруге тырысып мемлекет қолдауына қарамай қолдан келгеннің бәрін істеуде. Алайда күнделікті өмір көрсетіп отырғандай, жас азаматтарымыз нарықтық заманың талабын түсініп, біраз бейімделіп қалған жағдайы бар. Ауыл жастары да өз қолдарынан келгенше бірігіп фермерлік іс пен айналысып, мал санын көбейтіп, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосуда. Дегенмен кейінгі үш жылды «Ауыл жылдары» деп атап, осы салаға үлкен басымдылық бергенімен көптеген ауылды жерлер әлі де мемлекеттің қолдауын сезінбей отырғаны рас.

Тағы бір қуантарлық жай - жастарымыздың еліміздің басқару органдарында қызмет етуге талпынысы. Бұл аспект олардың өздерінше мемлекеттік маңызы бар өткір мәселелерді талқылап, талдау жасап, өз ұсыныстарын қалыптастыруы жастардың саяси сауатының артуының көрсеткіші деп айтуға да болады.

Дегенмен, бүгінгі күнге дейін кейбір ауылдық жерлерде мәдени орталықтардың жоқтығы, жұмыссыздық және тағы да басқа мәселелер әлі де толықтай шешілген жоқ. Жағдайдың былайша етек жаюы өз кезегінде жергілікті жерлердегі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың артуына, нашақорлықтың етек алуына әкелуде. Себебі жұмыссыз жүрген жасөспірім кез-келген әрекетке барып, өмірінде үлкен қателіктерге ұрынып, болашағына балта шабуы әбден мүмкін.

Оның үстіне, кейінгі уақытта қазақи менталитетке сай емес, өткен тарихында болмаған тастанды балалар үйі күннен күнге көбейе түсуде. Осындай келеңсіз жайттардың болмауы үшін Қазақстан жастарын отансүйгіштікке, патриоттық рухын көтеру отбасы-ошақ қасынан басталып, бастауыш сыныптарда жалғасын тапқанда ғана аталған мәселелер өз шешімін табары анық. Сонымен бірге жоғары оқу орындарының да жастардың отансүйгіштігін, біртұтас ұлтжандылығын, өз елінің патриоты сезінуіне, ана тілін қастерлеуде алатын орны ерекше екендігін атап өткен жөн.

Келесі мәселе – бүгінгі жастарымыздың рухани көңіл-күйіне тікелей әсері бар денсаулық мәселесі. Шын мәнінде, қазіргі жастарымыздың денсаулығы көңіл көншітерлік деп айта алмаймыз. Олай дейтініміз, соғы кезедері көптеген жас азаматтарымыздың өз денсаулығына деген немқұрайлылығынан туындаған ауру-сырқау түрлерінің көбейіп кетуі. Солардың ішінде дәл қазір саны жағынан да, өзектілігі жағынан да алдыңғы орында тұрған ауру түрлеріне жастар арасында кең атараған туберкулез, тыныс алу мүшелері, онкологиялық, нашақорлық, жыныстық қатынаспен берілетін әртүрлі ауру түрлерін жатқызуға болады. СПИД ауруын жұқтырған жастар саны да алаңдатуда..

Әңгімені алыстан бастар болсақ, кейінгі уақытта жастар арасында некеге тұрып отбасын құру коэффиценті өскенімен, айырылысу тенденциясы да азаяр емес. Оған себеп көптеген жастардың тұрақты тұрғылықты мекен-жайы мен жұмысының жоқтығы, материалдық қажеттіліктерінің қанағаттанбауының салдарынан болып отырған отбасындағы келіспеушілік фактілерінің көбеюі болса керек. Оның үстіне кейбір жастардың некелік-отбасылық қатынастарға деген дәстүрлі көзқарасының өзгеріп, заңды түрде тіркелмеген азаматтық некелердің көбейуі белең алуда. Бұл тенденция әсіресе қалалық жерлерде көбейіп, осыдан барып заңсыз некеден жасанды түсік тастау, тастанды балалар саны күрт өсуде.

Қазіргі таңда қоғамымызға дендеп енген ғасыр дерті адамзаттың сорына айналып, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсуімізге елеулі кесірін тигізуде. Әсіресе, есірткіге еліктеушілік жастар арасында белең алып бүгінгі күннің өткір мәселесіне айналуда. Осы маңызды мәселені шешуде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2000 жылдың 16 мамырында «Қазақстан Республикасы нашақорлыққа, есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылдарға арналған стратегиясы туралы» Жарлыққа қол қоюы осы мәселені аясында табанды қызмет істеп, жүзеге асыруда жаңа талпыныс бергендей. Мәселен, кейінгі уақытта есірткі, нашақорлыққа қарсы жастардың акциялары, мерекелік кештері жергілікті әкімшіліктердің, құқық қорғау органдарының қолдауымен көптеп өтуде.

Сонымен бірге, жастардың толыққанды дамуына әлі де салауатты өмір салты мен жалпы спортқа деген көзқарасты қалыптастыру мүмкін болмай отыр. Әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі, экологиялық жағдайдың нашарлауы, жастардың денсаулығына әсер етіп түрлі аурулардың туындауы болашық буын өкілдерінің тағдырына алаңдаушылық туғызуда. Республикалық санитарлық-эпидемиялық орталықтың мәліметінше 2002 жылдың басында, өткен жылмен салыстырғанда жастар арасында туберкулезбен, педикулезбен, өткір инфекциялық ауруға шалдыққандар қатары артқан. Жастар арасында кең етек ала бастаған жыныстық ауруларда көбейюде.

Естеріңізде болса, Қазақстанда есірткі заттарын пайдалану салдарынан СПИД-ті жұқтырған ең алғашқы адам 1987 жылы тіркелген. Ал қазіргі таңда олардың ресми тіркелген саны –2250, болса соның 68 % жастар екен. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек тіркелмегендер саны екі-үш есеге жетеді. Қарап отырсаңыз, небәрі 15-16 жыл ішінде бұл індеттің динамикалық өсімі шошытарлық деңгейге жеткен. Бұл не, заманымыздың тозғаны ма, әлде адами рухымыздың дағдарысы ма?

Жалпы жастардың денсаулығының нашарлауына ең бірінші экологиялық жағдай, сондай-ақ психологиялық ауыртпалық, тағам құнарлығының кемуі, еңбек етудің ауыр жағдайы және күтпеген оқыс оқиғалар сияқты себептерді келтіруге болады. Бұл бүгінгі заман құбылысы. Осы күннің салдарынан болашақта ұрпақтың денсаулығы әлеуметтік-экономикалық факторлардан әсерінен туындайтын гендік ауытқуларға әкеп соғуы мүмкін. Міне, бұл болса адамның тозуына әкелетін құбылыс. Сондықтан осындай күрделі мәселенің алдын алу үшін жастардың спортқа, салауатты өмір салтын қалыптастыруға деген құлшынысын арттырған жөн.

Бүгінгі жастарымыздың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырған ғаламдық проблеманың бірі экология екендігі белгілі. Жоғарыда атап өткендей, егер жастарымыздың ауылдан қалаға көшуі үдей түссе, онда қалалық жердегі өндіріс орындарынан, автомобильдерден шығатын зиянды түтін-қалдықтар экологияға әсер етіп белгілі мөлшерде сол жастарымыздың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Сонымен бірге медециналық сауықтыру орталықтары мен емханалардың қызметінің ақылы жүйеге көшуі көптеген сәттерде жастардың уақытылы емделуіне кедергі болып, ауруының асқынып қайғылы қазаға әкелу фактілері де аз емес. Демек, келешек ұрпағымызды сауықтырып, еліміздің прогрессивті дамуы үшін бүкіл қоғам бір жұдырықтай жұмылып, ғасыр індеттері мен дерттеріне қарсы тұруы шарт.

Жалпы бүгінгі таңда қоғамымызды алаңдатып отырған мәселелер жеткілікті, соның ішінде әсіресе жасөспірімдер арасындағы қылмыстың азаймай отыруы алаңдатады. Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша қылмыстық іске кәмелеттік жасқа толмағандар саны динамикалық түрде өсуде. Қылмысқа бару көбінесе нашақорлық, таксикомания, алкоголизмнің кең қанат жайюымен байланысты болып отыр. Мұндай заттарды дәл бүгінгі күні еш қыйындықсыз табуға болады. Айталық, алкогольді ішімдіктерді тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендер мен дүңгіршектерден ешбір қиындықсыз алуға, ал есірткі заттарын кез-келген түнгі ойын-сауық орталықтарынан табуға болатыны бәрімізге мәлім.

Жалпы наркоманияның етек жаюы барша адамзатқа, оның денсаулығына, сайып келгенде еліміздің экономикалық-саяси дамуы мен тұрақтылығына әсер етпей қоймайды. ТМД мемлекеттері арасында көшбасыға айналған еліміздің экономикалық өрлеуіне қарамастан, халқымыздың саны мен есірткіге тәуелді болған жастар арасындағы пропорцияның өте жоғары болуы көңіл қынжылтары анық. Бұл жастардың тек патриоттық тәрбиесіне ғана емес, бүкіл еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне, яғни жастарымыздың да болашағына әсер ететін фактор.

Демек, мемлекетіміздің жас буын өкілдерінің физикалық және интеллектуалды потенциалы, стратегиялық ресурс болғандықтан көп ретте еліміздегі реформалар, осы жастардың тікелей араласуымен жүзеге асуы тиіс сияқты. Осындай бағытта жасалып жатқан реформалардың демократиялық қоғамдағы жастардың қоғамдық-саяси белсенділігін көтерері хақ. Демек барша қазақстандық жастардың саяси сана-сезімі, мәдениеті мен қоса патриоттық рухын көтеру өз кезегінде жемісті нәтижелерін беретін шараларды талап етеді.

Еліміздің ірі қалаларында әртүрлі демалыс орындары, түнгі клубтар, интернет залдары мен компьютерлік ойындар орталығы көбейіп жасөспірімдердің уақыты мен санасын өзіне тәуелді қылуда. Жастарымыз осындай мән-мағынасыз жолдармен кете берсе ертеңгі шынтуайт өмірді ұмытып, виртуалдық дүниеге алданып, психикалық ауруға, депресияға ұшырауы әбден мүмкін. Бұндай ауруға ұшыраған жас өспірім қоршаған ортаны ұмытып, білім алу, кітап оқу дегендерді теріс көріп, тәулік бойы компьютердің алдында телміріп отырудан ләззат алатын болады. Ал бұл өз кезегінде оның нағыз азамат болып қалыптасуына кері әсерін тигізері анық. Сондықтан осындай мәселелерге жол бермеу үшін мемлекет тарапынан жас буын өкілдерінің санасына кері әсерін тигізетін орталықтардың жұмысын реттеп, тәртіпке келтіретін заңдық нормалар қабылдауын талап етеді.

Мәселен, осындай проблемаларды шешу үшін заңдық нормалармен анықталған, мемлекеттің қаржылық қолдауымен «Қазақстан жастарының патриоттық тәрбиесі» атты бағдарлама қабылданып, осы сарында тиімді жұмыс атқарудың маңызы зор. Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты жалпы Қазақстандық жастарға Отанына деген патриоттық тәрбиесін жетілдіру болуы тиіс.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет