Қызылорда облысы Байқоңыр қаласы К. Э. Циолковский атындағы №2 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ойнарова Жанар Жақсылыққызы Тақырыбы



Дата29.06.2016
өлшемі55.72 Kb.
#166651
Қызылорда облысы Байқоңыр қаласы

К. Э. Циолковский атындағы №2 орта мектептің

бастауыш сынып мұғалімі

Ойнарова Жанар Жақсылыққызы
Тақырыбы: «Ақ бүршік жарған, қош келдің, Көктем!»

Мақсаты: балалардың табиғат құбылысындағы өзгерістерге деген қызығушылығын арттыру, көктем мезгілі кезіндегі өлі және тірі табиғатта болатын белгілерді ауызша айтқызу арқылы білімдерін жетілдіру; сөздік қорларын көбейту, тіл байлығын жетілдіру;

табиғаттың әдемі көрінісін сезе білуге, қорғай білуге тәрбиелеу; үлкендердің еңбегін бағалап құрметтеуге тәрбиелеу.



Көрнекілігі: көктем көрінісі бейнеленген суреттер, слайд «Көктем».

Барысы: І Кіріспе

Келіпті көктем,

Көрікті неткен.

Тал бүрлеп өскен

Күн нұрын төккен,

Келіпті көктем.

Құрметті ұстаздар, ата-аналар, балалар!

Қары еріп даланың,

Аулаларда су ақты.

Ақ жүзіндей ананың

Күндер келді шуақты—дей келе



«Ақ бүршік жарған, қош келдің, Көктем!» атты сабағымызға қош келдіңіздер!

1- оқушы

Көрік беріп бар маңға

Көктем келіп қалған ба?

Сырғалары сыңғырлап

Ырғалады талдар да.


2- оқушы

Күн жылынып, қар еріп,

Шықты қырға мал өріп.

Жыл құстары әндетіп,

Гүлдеп кетті бар өрік.

3- оқушы

Ағаштарды сілкілеп

Жел өтеді дүркіреп.

Ауық-ауық аспан да

Қояды бір күркіреп.

4- оқушы

Айналаның бәрі гүл

Келді көктем тағы бір.

Жамиғаттың жұмағы

Табиғаттың сәні бұл.



ІІ Негізгі бөлім

Балалар, жер бетін жасыл кілемге орайтын, өзіміз асыға күткен көктем мезгілі барша тіршілік иесін қуанышқа бөлеп отыр. Көктемнің басын ауа райын зерттеушілер 1-наурыздан басталады десе, аспан әлемін зерттеушілер күн мен түн теңелгенде, өсімдік танушылар үйеңкі ағашының бойынан шырын жүре бастағанда басталады дейді. Сондықтан да көктем мезгілі 3 кезеңге бөлінеді. Ол қандай кезеңдер?

5- оқушы

Көктемнің 1-кезеңі—ерте көктем. Бұл кезең наурыз айынан басталып, сәуір айына дейін созылады. Бұл кезеңде қар еріп-суға айналып, су топыраққа сіңіп, топырақ жұмсарып, жер бетін жасыл шөп басады. Күн жылынып, аспандағы қою бұлттар сирей бастайды.

6- оқушы

Көктемнің 2-кезеңі—ортаңғы көктем. Бұл кезең мамыр айына дейін созылады. Бұл кезеңде қара мойыл ағашы гүлдеп, жәндіктер тіріле бастайды. Жәндіктерге көбелек, бал арасы, құмырсқа, қанқызы, шыбын жатады. Сондай-ақ бүршік жарған ағаштардың жапырағы жайқалып өсе бастайды.

7-оқушы


Көктемнің 3-кезеңі—жай көктем. Бұл көктем маусым айына дейін созылады. Бұл кезеңде жеміс-жидек ағаштары гүлдеп, табиғат тамашасын көркейте түседі.

Көктемде табиғат құлпыра түседі. Қалай санасақ та наурыз—көктем мезгілінің алғашқы айы. Сіздер көктем мезгіліндегі өлі табиғат құбылыстарындағы өзгерістерді байқап жүрсіздер. Осы өлі табиғатқа нелер жатады?

8-оқушы

Өлі табиғатқа қар, мұз, жаңбыр, тас, құм, жатады.

Дұрыс, осы өлі табиғаттағы көктем мезгіліндегі өзгерістер жайында не білеміз?

9-оқушы


Наурыз айында күн мен түн теңеледі. Сәуір айында күн ұзара бастайды. Күн шуағы молайып, жер қызып, қар еріп, өзен-көлдің бетіндегі мұз еріп,су молаяды.

Жақсы, көктем мезгілі тірі табиғатқа да үлкен әсер етеді. Тірі табиғатқа нелер жатады?

10-оқушы

Тірі табиғатқа өсімдіктер, жануарлар, жәндіктер, құстар жатады.

Жақсы, балалар, көктем басталысымен жер бетіне қылтиып, бой көтеріп гүлдер өседі. Бұл көктемнің алғашқы гүлдері деп аталады. Олардың аттары қандай?

11-оқушы

Бәйшешек, қызғалдақ, жауқазын—көктемнің алғашқы гүлдері.

Рахмет, сондай-ақ бау-бақша, орман-тоғайда құстардың әсем әуені естіле бастайды. Ауыл мен қалаға ең алғаш қандай жыл құсы ұшып келеді?

12-оқушы

Ең алғаш көктемде қараторғай ұшып келеді. Содан кейін бозторғай, қызғыш, аққу, қаз, тырна, қарлығаш ұшып келеді.

Елін сағынып келген қанатты достарымызды кең байтақ Қазақстан даласында ешкім мылтық атып қарсы алмайды. Себебі көктемде құс атуға тыйым салынған. Бұл сәтте адамдардың құстарға деген ерекше қамқорлығы қажет. Сонымен құстарды қалай қарсы алуымыз керек?

Көрермендер: (ұя жасау, жем шашу)


Дұрыс, балалар, көктемде қыс бойы ұйқыда жатқан қандай аңдар еді?

Көрермендер: (аю, борсық,сарышұнақ,суыр)

Бұл аңдар жайлы не білеміз?

13-оқушы

Қысқы ұйқыда жатқан аюлар оянып, орман кезіп, тіршілігін жалғастырады. Борсық, суыр, сарышұнақтар тоңған денесін күншуаққа қыздыруға шығады, ойнайды.

Иә, жыл маусымдарының да, тіршіліктің де қайнар көзі—көктем. Ақын-жазушыларымыз осы көктем мезгілін жан-жақты суреттеген. Олай болса сөз кезегін оқушыларға берейік.

14-оқушы

Көктем деген немене?

Көктем деген көп жаңбыр.

Әнге салып әуеде

Қарлығаш ол тұрған бір.

15-оқушы

Көктем деген балалар,

Құлыншақ қой зулаған

Еркелеген далаға

Құрық салсаң тулаған.

16-оқушы

Көктем деген ашылған

Бұлақтардың көзі ғой.

Ақ тұманның басында

Жаңа туған қозы ғой.

17-оқушы

Көктем деген қыстағы

Әніміз ғой айтатын.

Көктем деген құстар ғой

Туған жерге қайтатын.

Ал, балалар, осы көктем мезгілінде болатын мерекелерді білесіңдер ме?

Көрермендер: (Аналар мейрамы, Наурыз, Ғарышкерлер күні...)


Рахмет, балалар, осы аптада 8-Наурыз Аналар мен қыздар мерекесін тойлаймыз.

15-оқушы



«Ана, ана, Анажан»

Өтепберген Ақыпбеков

Тілі шыққан жаңадан

Құйттай інім Мамажан:

«Ана! Ана! Анажан!»-

Деп сөйлеп жүр манадан.

Осы сөзді көбіне,

Қайталауы тегін бе?!

Тілім алғаш «Ана!» - деп

Шыққан шығар менің де.

-Міне, балалар дүниеге келген жас нәресте ең алғаш сөзді, ең алғаш әнді анасынан естиді, анасынан үйренеді. Сондықтан болар ең алғашқы олардың сөзі – «Мама!». Дүниеде анасыз адам болмайды. Мына отырған сендер де, сендердің ата-аналарың да, мен де анадан туып, ананың көкірегінен нәр алған жандармыз. Әр ана, әр әке баласының жақсы оқығанын, өмірінің жақсы, еш мұқтажсыз болуын тілейді және сол үшін еңбек етіп күреседі.

16-оқушы

Әлпештеген баласын,

Ана – бақыт, ана – күн,

Әркім сүйіп, өзінің,

Мақтан етер анасын.

Ұстаз-аналардың құрметіне «Апатайым, анашым» әні. Қабыл алыңыздар!

ІІІ Қорытынды

Рахмет, балалар, көктем мезгілі басталысымен адамдар да қауырт еңбекке араласады. Осы көктемгі еңбек түрлерін атап айтайықшы.
Көрермендер: (егін егу, малды жайылымға шығару...)

Осы еңбекке байланысты мақал-мәтел білесіңдер ме?


Көрермендер: (Еңбек түбі—... . Еңбек етсең—...)
Жарқырап тұр күніміз,

Жайқалсын жас гүліміз.

Бақта бұлбұл сайрасын.

Сәнді көктем нұрымен

Көңіл гүлдей жайнасын!—дей келе бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз.

Көріп тамашалағандарыңызға рахмет!



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет