Жамбыл атындағы республикалық
жасөспірімдер кітапханасы
Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
(Библиографиялық көрсеткіші)
Б - З
Алматы, 2011ж.
Құрастырушыдан
Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Қазақстан
ақын -жазушылары ХХ ғасырда»» атты биобиблиографиялық көрсеткішті шығаруға кірісті. Жиналған материалдың ауқымдылығына байланысты, бірінші шығарылым қазақ және Қазақстан ақын- жазушыларының аты- жөнінің алфавиті бойынша Б әрпінен И әрпіне дейінгі аралықты қамтиды.
Анықтамалық оқушыларға, арнаулы орта және жоғары оқу орындары-
ның студенттеріне, мұғалімдерге, сонымен қатар жалпы оқырман қауымға арналады. Әдебиет қайраткерлерінің шығармашылығы туралы нақты әрі қысқа берілген ақпарат, жазушының әдеби бағыты және шығармаларының қысқаша мазмұнымен танысуға мүмкіндік береді. Ақын – жазушылардың шығармашылығымен толықтай танысу үшін, көрсеткіште автордың шығар-
маларының тізімдері мен ол туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген сыни материалдар беріліп отыр.
Ақын- жазушылар туралы материалдар аты- жөндерінің алфавиті бойынша топтастырылып, шығармаларының библиографиясы берілген.
Көрсеткіште кітаптар мен соңғы 5 жылда ( 2006- 2011) жарық көрген газет және журнал мақалалары қамтылған.
Әдебиеттерді жинақтау 2011 жылдың 30 тамызында аяқталды.
Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы ұсынылған материалдары үшін С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасына алғысын білдіреді.
Берденников Владлен
(1935)
Владлен Константинович Берденников 1935 жылы Горький қаласында туған.
Еңбек жолын 1952 жылы Қарағанды қаласының шахтасында қатардағы жұмысшы болып бастады. Осы қалада педагогикалық институтты бітірді.
Елуінші жылдардың бас кезінде В.Берденниковтың алғашқы өлеңдері «Социалистическая индустрия» газетінде жарияланды. Журналистік қызметке В.Берденников өзінің он жеті жылын арнады.Ол журналист ретінде газет, теледидарда бірнеше жыл қызмет істеді.Ұзақ жылдар бойы В.Берденников республикалық «Простор» журналында істеді.
Оның шығармашылығында алпысыншы жылдары әдебиетке келіп қосылған өкілдерге тән тақырып соғыс жылдары, соғыстан кейінгі сталиндік сұрапыл ызғарлықты бастан кешкен «өмір мектебі» болды.
Алпысыншы жылдардың басқа да жазушылары сияқты ол да өкініші мен үміті қатар араласып жүрген « халық пен партия біртұтас» болған ұранның заманында В.Берденников өз шығармашылығына адал, елінің намысын сақтап қалған азаматы болып қала алды.Жазушының кейіпкері уақыт пен жеке тұлғаны жалғастыратын ащы шындық жолында жүрген замандас. «Свидетельствую...» повесі осыған дәлел. Жазушы нақты фактілер мен құжаттарды тиянақты жинап көптеген адамдардың қилы тағдырын көз алдыңа әкеледі.
В.Берденников шығармашылығында өзінің саяси адасуы, үміті, қателіктері жайлы ашық жаза отырып, ақиқатты көрсетуге ұмтылады, айқын бәрінен де қымбат болған ақиқаттың түбіне жетуді көздейді. Оның шығармашылығының идеялық қазығы да осы. Жазушының «Время к вечеру» (1975), «Место под солнцем»( 1978), «Татарников», «Газеты за шкафом»повестері мен «Теплая зима» (1981), «Корни» (1983), «День съезда воскресенье» ( 1990) романдары оқырман қауымның бірнеше ұрпақтарының ілтипатына ие болған дүниелер.
Кейін « Время к вечеру», «Теплая земля» кітаптары «Жазушы» баспасынан қайта басылып шықты.
В. Берденников аударма саласында да біраз тер төккен жазушы. Ол Машқар Гумеровтың «Любит- не любит», «Қаламқас», Дулат Исабековтың «Полынь трава», « Молчун», «Гаухар тас», Ахат Жақсыбаевтың «Поединок» шығармаларын орыс тіліне аударды.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Қазақстан жазушылары .ХХ ғасыр: Анықтамалық.-Алматы: Ана тілі,2004.
Қазақстан жазушылары: Анықтамалық..- Алматы: Ан Арыс,2009.
Советтік Қазақстан жазушылары: Биобиблиографиялық анықтамалық.- Жазушы,1987.
Бердияров Тоқаш
(1925-1988)
Поэзия әлемінде өзгеше қанық бояуымен, сыршылдығымен, парасаттылығымен дараланып өрнекті өлеңдері, өміршең балладалары, кең тынысты поэмалары арқылы жыр сүйер қауымның жүрегіне жол тапқан ақын Тоқаш Бердияровтың сом тұлғасы бүгінде санаулы таланттар қатарынан көрінеді.
Тоқаш Бердияров Оңтүстік Қазақстан облысы Келес ауданының «Ұшқын» колхозында туған. Ол 8 жылдай Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген.1938 жылы Келеске қайта оралып, «Коммунизм» жеті жылдық мектебінде оқиды. 1942 жылы әскери борышын өтеуге алынып, Отан соғысының аяғына дейін қатысқан. Соғыс аяқталғаннан соң да әскери бөлімшелерде қызметте, Балтық флотына жіберіліп, сүңгуір қайықта матрос болған.1950 жылы әскери қызметтен босап, Алматыға оралған. Алматыдағы суретшілер училищесінде оқыған.Сол кезден бастап «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде қызмет істеп, шығармашылыққа біржола бет бұрған.
Елуінші жылдары «Шалқы теңіз», «Мен өмір сүремін» атты алғашқы шығармаларымен- ақ оқырмандарын елең еткізсе, араға уақыт сала «Бей-
бітшілік көшесі» (1960), «Тораңғыл» (1965), «Оқ пен гүл» (1967) лирикалық өлең- жырлар жинағында терең мазмұнды, өрелі ой өріледі. Азаматтық толғаулары «Күндер, күндер, күндерім» (1976), «Ескі паровоздан» Ұлы Отан соғысындағы отты жорық жылдарын оқысақ «Жан дала» (1979), «Сөнбейтін оттардан» ( 1980) өзгерген өлке, түлеген туған жеріміздің көрінісін көреміз.
Тоқаш Бердияровтың өлеңдеріне тағдыр қасіретін қаршадайынан қайыспай арқалаған жанның өмір жолы, туған жері мен атажұртына деген ыстық ықыласы, бейбітшілік тақырыбы арқау болды.
Академик Ғабит Мүсірепов кезінде Т.Бердияровтың бір өлеңдер жинағын талдап, оның соғыс туралы поэмасындағы «Қарды басып бара жатқан танк-
тердің ізін нотаға ұқсатқанына ерекше тоқталып, баға берген еді.Бұл қазақ поэзиясында бұрын соңды болмаған теңеу және соғысты көзімен көрген, қан майданның ішінде болып шыққан адамның көзімен жазылған «шынайы туынды» деп бағалаған.
Тоқаш Бердияровтың әдебиетімізде жарты ғасырға жуық шаршамай, тал-
май қалам тербегені аян. Оның прозалық шығармаларын айтпағанның өзінде, балалар әдебиетіне қосқан үлесі мол.
«Менің інім», «Бес пен екі», «Айбек» т.б. өлеңдері балалар ұғымына жеңіл тілмен жазылған.
«Көгілдір планета»(1982), « Есіктің алды көк терек» (1983) жинақтарында бейбіт өмірді, тыныштықты көркем оймен өрнектеген.
1985 жылы жарық көрген «Шынар» атты жыр жинағы шоқтығы биік жырлар мен дастандардан тұрады. Ақын соғыс алапатының болмауын жырлап дастандар мен поэмаларын жазды. 1987 жылы «Жазушы» бас-
пасынан шыққан «Жебе мен ракета» кітабының өзегі- бейбітшілікті қорғау, туған жердің әсем көрінісін, адамдардың тыныштық тірлік күйін, батыс мемлекеттердің сәт сайын, қауіп төнген аянышты халін қарама- қайшы-
лықта суреттейді.
Замана тынысын аңғартатын биік парасат, достық және еңбек туралы сыр шертетін өлеңдер Т.Бердияровтың творчествосынан да тыс қалмаған. «Ана тілі» деген өлеңінде ақын:
«Сөз бұзардың не керек
Қашанда ардақталар Ана тілі
Бақ- дәулет,
Махаббат,
Достық,
Арман тілек
Әманда орындалар сол арқылы!,- деп оқырманына ана тілінің қадірін танытады.
Шындықты жырлаған ақын Тоқаш Бердияров қазақ әдебиетінде ұлттық рухқа толы ұмытылмастай жыр қалдырды, жемісті еңбек етіп, поэзия көгін-
дегі жарық жұлдыздармен қатар тұрған қарымды қаламгер болды. Өкінішке орай, оның бұл дүниеден өткеннен кейін, шығармалары жарық көрген жоқ, әрі күні бүгінге дейін соңғы еңбектері сыншылар тарапынан шынайы бағасын ала алмады.
Ақиық ақын Тоқаш Бердияров 1988 жылы қайтыс болды.
Шығармалары:
Бердияров Т. Шалқы теңіз: Өлеңдер.- Алматы:ҚМКӘБ,1952.
Бердияров Т. Мен өмір сүремін: Поэма, өлеңдер.- Алматы: ҚМКӘБ,1956.
Бердияров Т. Бейбітшілік көшесі: Поэма, өлеңдер.- Алматы: ҚМКӘБ,1960.
Бердияров Т.Фарида: Әңгімелер.- Алматы: ҚМКӘБ,1962.
Бердияров Т. Тораңғыл: Поэма, өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1965.
Бердияров Т. Оқ және гүл : Поэма мен өлеңдер.- Алматы : Жазушы, 1967.
Бердияров Т. Солдат сыры: Повесть, әңгімелер.- Алматы: Жазушы, 1970.
Бердияров Т. Дауылдан кейін тыныштық: Поэма, өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1970.
Бердияров Т. Көгілдір ымырт: Поэма, өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1972.
Бердияров Т.Бозторғай: Өлеңдер.- Алматы : Жазушы, 1973.
Бердияров Т. Күндер, күндер, күндерім: Таңдамалы.- Алматы: Жазушы, 1974.
Бердияров Т. Ескі паровоз: Поэмалар, өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1976.
Бердияров Т. Жан дала: Поэма, өлеңдер.- Алматы: Жазушы, 1979.
Бердияров Т. Сөнбейтін Оттар: Поэма, өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1980.
Бердияров Т.Жебе мен ракета: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1987.
х х х
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Бердияров Тоқаш // Советтік Қазақстан жазушылары: Биобиблиогра-
фиялық анықтамалық.- Алматы,1987.
Заманның жырлап тынысын: ( Ақын Тоқаш Бердияровтың шығарма-
шылығы) // Раев Қ. Ұлағат.- Алматы: Білім,,2001.
Сәрсекеев Қ. Портреттер: Әңгіме, эсселер.- Алматы : «САҚ» АҚ,1999.
х х х
Сымаилова А. Тоқаш Бердияров поэмаларының ерекшеліктері // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 2006.-№ 2.
Бердіқұлов Сейдахмет
(1933-1944)
Сейдахмет Бердіқұлов 1933 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданын-
дағы Қарақыстақ аулында туған. ҚазМУ-дің журналистика факультетін 1956 жылы бітіргеннен кейін «Лениншіл жас»газетінде 1965 жылға дейін жұмыс істеп, қатардағы әдеби қызметкерден жауапты хатшылыққа дейін көтерілді.
С.Бердіқұлов 1965 жылы республикалық балалар газеті « Қазақстан пионерінің» редакторы, 1970 жылдан 1986 жылға дейін « Лениншіл жас» газетінің редакторы болды. Жастар газетінді жұмыс істей жүріп Сейдахмет Бердіқұлов он шақты кітап жазды. Ол қазақ әдебиетіне спорт тақырыбын өз алдына дербес жанр ғып әкеп, оны көркемдік биікке көтерді. Жақсы жазушы, жақсы журналист болу шарт екенін өзінің тану әлемімен, жазу мәнерімен дәлелдеп берді. Оның бүгінгі замандастарымыздың жасампаз өмірін бейне-
лейтін, адамдар бойындағы адамгершілік парыз, азаматтық қасиет сияқты жайларды сөз ететін шығармалары қазақ оқырмандарының жылы ілтипатына бөленіп кеңінен танымал болды. С.Бердіқұловтың «Сол орамал жоғалмайды» /1965/, «Жүрек ұйықтауды білмейді» /1966/, «Нар тәуекел» /1967/, «Жұмыр жерде теңбіл доп» /1968/, «Егеулі найза» /1969/, «Аспаннан шұға жауған күн» /1975/, «Үшінші поезд» /1980/, «Пердесіз көңіл» /1983/, «Арбаған мені бір сиқыр» /1987/ т.б. кітаптары жас ұрпаққа игілі ықпал ететін шығармалар.
Желтоқсан оқиғасы кезінде жалынды публицист жүректегі запыранды уытты тілімен орысша да, қазақша да төкті.
С.Бердіқұловтың орыс тілінде «Острый клинок» атты жинағы жарық көрді. Оның бірталай кітаптары басқа халықтардың тіліне аударылды: орыс, венгр, неміс, поляк, испан, фин т.б.
Өмірінің кейінгі жылдары С.Бердіқұлов «Жалын», «Балауса» /1986-94 жж./ баспаларында директор болып істеді.
С.Бердіқұлов Ш.Айтматовтың, Э.Хемингуэйдің, А.Хейлидің шығармаларын қазақ тіліне аударған.
С.Бердіқұлов Азия және Африка елдерінің ынтымақтастық комитеті қазақ бөлімінің мүшесі болды. Мәскеуде, Хельсинкиде өткен Жастардың Бүкілдүниежүзілік фестивальдеріне қатысты.Ол Қазақстан спортын және спорт жұлдыздарының табыстарын насихаттауға көп еңбек сіңірді. Қазақстан спорт журналистері федерациясының алғашқы төрағасы.
С.Бердіқұлов- «Неделя» апталығының Бүкілодақтық конкурсының лауреаты, «Құрмет белгісі» орденімен, «Баспа үздігі» құрмет белгісімен марапатталған. Спорт тақырыбына жазып жүрген журналистердің үздік шығармаларына 1997 жылдан бастап Сейдахмет Бердіқұлов атындағы жүлде тағайындалып беріледі.
С.Бердіқұлов 1994 жылы қайтыс болды.
Шығармалары:
Бердіқұлов С. Екі томдық таңдамалы.- Алматы: Жазушы, 1991.
Бердіқұлов С. Таңдамалы: Повестер. Шағын шығармалар.- Алматы: Жалын,2003.
Бердіқұлов С.Тұйғын: Повестер.- Алматы: Атамұра,2008.
х х х
Егеулі найза: Жазушы С.Бердіқұлов жайында естеліктер.- Алматы:Ер- Дәулет,1995.
Жұмабаев Ә. Кездесулер күнделігінен: Естеліктер, мақалалар, очерктер.- Алматы: Дидар,1999.
Жұмабек С. Адам сұлулығы- суреткер протоплазмасы: (С.Бердіқұлов) //Жұмабек С. Сын әуені.- Астана,2001.
Сейдахметттің футбол әлемі: Естелік.- Алматы: Атамұра, 2000.
Әбділдаұлы О.Ерендер: ( Б.Кенжебаев пен С.Бердіқұлов туралы естелік) // Егемен Қазақстан.-2009.-11 наурыз.
Бодаубаев Болат
(1940)
Алпысыншы- жетпісінші жылдары журналистік қарымымен танылып, бұл күнде оқырман қауымның ықылас- ілтипатына бөленген қаламгерлердің бірі Болат Бодаубаев.
Болат Бодаубаев 1940 жылы 26 наурызда Алматы қаласында туған.1958 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Сол жылдардан бастап мақалалары, очерктері, әңгімелері республикалық баспасөз бетінде жариялана бастайды.1962 жылы жастар газетінің редакциясына қызметке алынады.
Бұдан кейінгі жылдарда Б.Бодаубаев – «Лениншіл жас» газетінің Қараған-
ды облысындағы меншікті тілшісі, кейіннен редактордың орынбасары болып қызмет істейді.
1974-1976 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарған.Осы жылдары ол газет беделін әдебиет пен өнер үрдісіне дем беретін тетікке айналдыра алды. Болат Бодаубаев өзінің шығармашылық жолын журналист ретінде бастап, оқырман қауымға жазушы, аудармашы ретінде де кеңінен танымал. Оның «Жас жүректер» /1977/, «Желсіз түнде жарық ай» /1980/, «Бір үйдің балалары», «Май жаңбыры» /1986/, «Ескі дәптер шерткен сыр» атты әңгімелер мен повестерден тұратын кітаптары оқырман жұртшылыққа жақсы таныс. Өмір шындығын, адам тағдырын уақыт болмысымен үндестіре жазу, сол арқылы халықтың тарихи әлеуметтік болмысын көрсету Болат Бодаубайдың суреткерлік қарымын танытады. Ал, аудармашы ретінде әйгілі жазушы Н.Носовтың «Дымбілмес пен достарының бастарынан кешкен хикаялары», «Дымбілмес күн қаласында», «Дымбіл-
местің айға саяхаты» кітаптарын, Ю.Алешковскийдің «Кіш, картофель және бір аптадағы оқиғалар», «Кіш екеуміз Қырымдамыз»атты повестерін қазақ тіліне аударып, бұл шығармалар балалардың сүйіп оқитын кітаптарына айналып кетті. Болат Бодаубаев баспасөздің ыстық- суығын көріп, шыңдал-
ған қаламгер. Ол республикалық «Жалын» баспасының директоры, мемлеке-
таралық «Заман- Қазақстан» газетінің бас редакторы болып істеген. Қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының редакциялық баспа бөлімінің меңгерушісі болып істейді.
Шығармалары:
Бодаубаев Б. Жас жүректер: Очерктер.- Алматы:Жалын,1977.
Бодаубаев Б. Желсіз түнде жарық ай: Повесть және әңгімелер.- Алматы: Жалын,1980.
Бодаубаев Б. Май жаңбыры: Повестер.- Алматы: Жалын,1986.
Бодаубаев Б.Қарт тергеушінің әңгімелері: Деректі хикаялар.- Алматы: Жалын,1991.
Аудармалары:
Носов Н.Н. Дымбілместің Айға саяхаты: Ертегі- роман.-Алматы: Жалын,1982.
Носов Н.Н. Дымбілместің Айға саяхаты: Роман-ертегі.- Алматы: Жалын, 1989.
Носов Н.Н. Дымбілмес пен достарының хикаялары; Дымбілмес Күн қаласында: Ертегі роман.- Алматы: Жалын,1989.
Алешковский Ю. Кіш, қос портфель және бір аптадағы оқиғалар: Повестер.- Алматы: Жалын, 1979.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Ибрагимов Қ. Шынайы, шымыр шырайлы: ( Болат Бодаубайдың шығар-
малары мен өмір жолы хақында) //Жаңа Сарыарқа.-2010.-№2.-12-17 б.
Юсуп К. Өмірдің өзінен келген жазушы: (Болат Бодаубаев) // Егемен Қазақстан.-2010.-26 наурыз.
Босақов Жамал
(1918-1937)
Жамал Босақов 1918 жылы 15 мамырда Алматы облысы Жаркент қала-
сында туған. 1936 жылы Жаркент педтехникумын, кейіннен ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген.
Ж.Босақов еңбек жолын1936 жылы Панфилов аудандарының мектептерінде бастап, ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеген.1951 жылдан отыз жылдай «Жазушы» баспасында ұйғыр әдебиеті редакциясының меңгерушісі болды.
Жазушының алғашқы әңгімелері 1952 жылы жарық көрген ұйғыр жазушыларының « Достық» атты жинағына енді. Ж.Босақовтың әңгімелері басқа да жинақтарда басылған. 1957 жылы ұйғыр тілінде «Халық жаршысы», «Таңғы самал», «Жалын» повестері, содан кейін әңгімелер жинағы /1960 /шықты/. 1964 жылы «Дүрбелең» романының І- кітабы, ал 1966 жылы осы романның 2- кітабы жарияланды.Бұл соғыстан кейінгі ұйғыр әдебиетінің дамуына елеулі үлес болды. Көлемді сюжеттік оқиғаларды баяндау шеберлігі, шығарманың тілі шұрайлы болуына ұқыпты қарауы Жамал Босақовты талантты прозашы ретінде танытып, беделді жазушылар қатарына көтерді. Жазушының жеке шығармалары орыс, қазақ, өзбек, башқұрт тілдеріне аударылған. 1961 жылы «Халық жаршысы» повесі қазақ тілінде, ал 1966 жылы «Дүрбелең» кітабының І- кітабы орыс тілінде жарық көрді. Оның «Қайнам», «Назугум» пьесалары республикалық ұйғыр комедия театры сахнасында қойылып келеді.
Ж.Босақов аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ол ұйғыр тіліне орыс жазушыларының бірнеше шығармаларын аударған. Бұлардың ішінде М. Бубенновтың «Ақ қайың», Т.Семушкиннің «Аласталған Алитет», И.Шемякиннің «Терең ағын», А.Кадирийдің «Өткен күндер» және Ю.Германның «Дзержинский туралы әңгімелер» т.б. шығармалар бар.
Шығармалары:
Босақов Ж. Халық жаршысы.- Алматы: ҚМКӘБ, 1957.
Босақов Ж. Дүрбелең: Роман.- Алматы: Жазушы,1964.
Босақов Ж. Таңғы самал: Повесть.- Алматы: Жазушы,1969.
Босақов Ж.Жалын: Повесть.- Алматы: Жазушы,1971.
Босақов Ж. Мұғалімдер: Роман.- Алматы: Жазушы,1973.
Босақов Ж. Қайнам: Роман.-Алматы: Жазушы,1980.
Босақов Ж. Біздің Сулхи: Повесть.- Алматы: Жазушы,1982.
БосақовЖ.Дүрбелең: Роман-дилогия /қазақ тілінде/- Алматы: Жазушы,1982.
Босақов Ж. Көч-көч: Роман.- Алмута: Жазушы,1982.
Босақов Ж. Дастанлар: Ұйғур хәлиқ дастанлари.- Алмута: Жазушы.-1982.
Босақов Ж. Хәлиқ Һапизи: Повесть.- Алматы: Жазушы,2008.
Бөдешұлы Жаркен
(1945)
Қазақ поэзиясына айшықты жырларымен үлес- қосып келе жатқан ой- толғамы терең, ақжарма ақындардың бірі- Жәркен Бөдешұлы.
Жәркен Бөдешұлы 1945 жылы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Толы ауданының Төлеңгіт аулында туған.Жәркен Бөдешұлы Халықаралық «Алаш» сыйлығының және Халықаралық Түркі Тілдері елдері поэзиясының ІІ фестивалінің жеңімпазы.Ол Үрімшідегі Шыңжаң университетінің тіл- әдебиет факультетінде оқыған. 1974 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны 1980 жылы бітірген. Алғашқы өлеңдері «Шыңжаң газеті», «Іле газеті», «Шыңжаң әдебиет және искусствосы» газет, журналдарында жарияланған.
Жәркен Бөдешұлының айшығы ажарлы, ашық үнді, ыстық лепті өлең- толғаулары енген « Көктем тынысы», «Көкшеқұрақ»/1979/, «Қос қанат» /1982/, «Аспан дауысы» /1985/, «Нұрлы бояулар» /1989/, «Зейін» /1987/, «Жұлдызға орнын ай бермес» /1996/жыр кітаптары поэзия сүйер оқырманның жүрегіне жол тауып, әдебиетшілердің назарын аударып, жақсы бағасын алған туындылар. Ж.Бөдешұлы – Ілияс Жансүгіров атындағы поэзия сыйлығының лауреаты.
Ақынның өмір жолы соқтықпалы, күрделі болды. Ол 1969 жылы Қытай Халық Республикасынан ата жұртына оралып келді.Өз талантының арқасында қазақ өлеңінің сарбаздар сапына тез қосылып кетті.Ақын жырларында еркіндік пен сұлулыққа құштарлық, жүрек сыздауынан туған мұң мен шер табиғи түрде өз үйлесімін тапқан, туған еліне деген сағынышы бар.
«Мұқағалимен мұңдасу» атты өлеңінде Жәркен Бөдешұлы ақын ағаға былай деп мұң шағады:
Сағынып туған ауылды,
Сағынып туыс- бауырды.
Сіздің де жүрек ауырған,
Біздің де жүрек ауырды.
Шарап та, уда ішілді,
Өзекке ол өртін түсірді.
Сіздің де бауыр ісінген,
Біздің де бауыр ісінді...
Сүйреткен жырдың арбасын,
Жалғасың едім, жалғасың.
Тоса гөр, Мұқа,ажалды
Маған да құрық салмасын,-
деген жолдардан үлкен ақынға деген шынайы құрметі аңғарылады.
Оның «Аңырақай бекетіндегі ой», «От пен су» «Сорос-Қазақстан» қорының жыр мүшайрасында жүлде алған шығарма. Жәркен Бөдешұлы 1976-1984 жылдары Қазақстанның мемлекеттік кітап палатасында кітаптану бөлімінде қызмет істеді.
Жаркен елімізде Тәуелсіздік алғаннан бері болып жатқан оқиғаларға белсене араласып, көңілімен сезіп келе жатқан ақындарымыздың бірі.Оның 1996 жылы «Сөзстан» баспасынан жарық көрген «Бостандықтың басы» поэмасы еркіндікті, елдікті, бостандықты бейнелейтін шежіре іспеттес дүниелер.
Ж.Бөдешұлы бүгін де ақындық шеберлігі шыңдалып, толысқан шағында.
Шығармалары:
Бөдешұлы Ж. Орақ пен балға: Өлеңдер мен ертегі.- Алматы: Жалын,1978.
Бөдешұлы Ж. Көкшеқұрақ: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жалын,1979.
Бөдешұлы Ж. Қос қанат: Өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1982.
Бөдешұлы Ж. Аспан дауысы: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы,1985.
Бөдешұлы Ж. Зейін: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы,1987.
Бөдешұлы Ж. Нұрлы бояулар: Өлеңдер мен поэма,портреттер.- Алматы: Жалын,1998.
Бөдешұлы Ж.Жұлдызға орнын ай бермес: Жыр жинағы.- Алматы: Сөзстан,1996.
Бөдешұлы Б. Емендер түнде бүрлейді: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Ана тілі,2002.
Бөдешұлы Ж. Бөрінің асығы: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы,2004.
Бөдешұлы Ж. Бұрылыс: Жыр жинағы.- Алматы : Сөздік- Словарь, 2007.
Бөдешұлы Ж. Құбылыс: шипалы жыр кітабы.- Алматы: Глобус, 2009.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Бояуы қанық па, бедері айқын ба?: (Ж.Бөдешов) //Қайырбеков Ғ. Саға.- Астана,2002.
Жылқыбек Б. Даралық пен даналық: (Ақын Жәркен Бөдешұлы) //Әде-
биет айдыны.-2007.- 13 желтоқсан.
Құрманғали Қ.Жыр жүрек: Ақын Жәркен Бөдештің шығармашылығы туралы) //Егемен Қазақстан.-2011.-2 ақпан.
Медетбек Т. Ақын және Атажұрт: ( Ж.Бөдешұлының шығармаларына әдеби сын) //Жас Алаш.- 2009.-5 қараша.
Нұғыман С. Шеңберді бұзып шексіздікке ұмтылған: (Ақын Жәркен Бөдешұлы шығармашылығы туралы) // Әдебиет айдыны.-2006.-30 қараша.
Рамазанова Ш. Жаркен Бөдешұлының махаббат лирикасы //Қазақ тілі мен әдебиеті.-2010.- №5.
Бөкеев Оралхан
(1943-1993)
Қазақстан комсомолының және Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, белгілі жазушы, драматург, журналист Оралхан Бөкеев 1943 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катон- Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында дүниеге келген.1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген. Төрт жылдай аға пионер вожатый, Алтай совхозында тракторист болып ауылдық жерде жұмыс істеген.
Қазақтың С.М.Киров атындағы (қазіргі Әл-Фараби) Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға 1961 жылы түседі де, оны 1969 жылы тәмамдайды.
Журналистік талантымен ерте танылған Оралхан Бөкеев 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер болған. Ол осы уақыттың ішінде өзінің ойлы да көркем очерктерімен, әңгімелерімен республика жұртшылығының назарын аударған. 1968 жылы «Лениншіл жас» газетіне шақырылып Алматыға келеді де, газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімдерін басқарады. 1974-1983 жылдарда «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі, әрі редакция алқасының мүшесі болған. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып істеген.
Жазушы Оралхан Бөкеевтің творчестволық жолы алпысыншы жылдардың аяқ шенінен басталады. Ә дегенде «Бура» әңгімесімен әдеби әлеуметті өзіне жалт қаратқан ол 1970 жылы «Қаламгер» атты тұңғыш жинағымен-ақ қалыптасқан жазушылар қатарына қосылды.Оның осыдан кейін бірінің ізін бірі ала шыққан « Қайдасың, қасқа құлыным» (1973), «Үркер» (1971), «Мұзтау» (1975), «Ән салады шағырлар» (1978), «Үркер ауып барады» (1981), «Біздің жақта қыс ұзақ» (1984) және тағы да басқа повестер мен әңгімелер жинақтары, «Өз отыңды өшірме» романы әдебиет сүйер қауымның қолдан- қолға тигізбес шығармаларына, ал өзі олардың сүйікті жазушысына айналады.Ол Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың, «Молодая гвардия», «Жалын баспалары сыйлықтарының да лауреаты.
Орыс тілінен аударылып ТМД оқырмандарының жүрегіне жол тапқан Оралхан Бөкеев шығармалары бүгінде ағылшын, неміс, чех, болгар, венгр, араб, жапон, сондай-ақ, туысқан халықтар тілдерінде еркін сөйлейді.
Драматург О.Бөкеев дебюті «Құлыным менің» атты екі актылы драмасы қазақтың М.Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық драма театрында 1974 жылдан бері қойылып келеді. Бұл саладағы еңбегінің жемістілігіне «Текетірес» (1976), «Қар қызы» (1982), «Зымырайды поездар»(1984) атты сахнадан түспей келе жатқан шығармалары дәлел.
Оралхан Бөкеев «Құрмет белгісі» орденімен, Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Құрмет Грамотасымен наградталған.
1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» атты повестер жинағы үшін О.Бөкеев-
ке Қазақ ССР Мемлекеттік Абай атындағы сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |