«ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДЫҚ МӘСЕЛЕСІН ЗЕРТТЕУ ЖӘНЕ ОНЫ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ»
Аннотация: жұмыссыздық, жұмыссыз жастар, жұмыссыздық деңгейі, халық, мемлекет, мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамтылу.
Аннотация: безработица, безработная молодежь, уровень безработицы, население, государство, государственные программы, занятость.
Abstract: unemployment, unemployed youth, unemployment rate, population, state, state programs, employment.
«Мемлекет халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсаса да, егер әрбір қазақстандық өз тағдырының еңбексүйгіш қожайынына айналмаса, елдегі бар жақсылардың бәрін қадірлеп, оларды одан әрі еселемесе, ол артпайды»
Н.Ә.Назарбаев
Ғылыми тәжірибелік баяндаманың өзектілігі: Жастар арасындағы жұмыссыздық экономикаға әсер етуші өткір мәселе болып табылады. Жұмысқа қабілеті бар азаматтардың екі қолға бір күрексіз жосып жүруі бәрімізді қатты қынжылтады. Жұмыссыз халықтың күнкөріске қаражаты жетпегендіктен әр түрлі физикалық және психологиялық залалдары пайда болады. Жұмыссыздық қылмысқа себеп те, қылмыстың салдары да болып табылады. Жұмыссыздық мәселесінің шешілуі ел экономикасына айтарлықтай жақсы әсер етеді, кедейшілік азайып, халықтың тұрмысы түзеледі.
Ғылыми баяндаманың мақсаты мен міндеттері:
Қазақстандағы жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесінің себептерін зерттеу, анықтау
Озық мемлекеттердің тәжірибелерімен салыстыру
Жұмыссыздар санын азайту жолдарын қарастыру
1. Жұмыссыздық – қоғам өміріне тән құбылыс. Әлем елдерінің қайсысын алып қарасаңыз да, тіпті өркениетті елдердің өзінде жұмыс таппай, сеңделіп жүрген жастар саны аз емес. Жастар арасындағы (15–28 жас) жұмыссыздық біздің елдің ғана емес, дүние жүзі елдерінде қобалжулық туғызып отыр.
Қазақстан Республикасының статистика комитетінің дерегіне сәйкес 2019 жылы III тоқсанда жұмыссыздар саны (табысты жұмысы болмаған, оны үздіксіз іздеген және оған кірісуге дайын болған 15 және одан жоғары жастағы адамдар) 442,1 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,8% (2018 жылғы III тоқсанда – 4,8%) құрады. Жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,4%-ға артқан. Бұл – 84,7 мың адамға тең. 2019 жылдың 3-тоқсаны бойынша қалалық аймақтағы 15 пен 28 жас аралығындағы еңбекке мұқтаж қыз-жігіттер саны 4,3%-ға жетіпті. Ал ауылдық жерде керісінше азайып, 3,2%-ды құраған. Жұмыссыз жастар есебі аймақтарға бөлгенде: Алматы 16,8 мың, Алматы облысы – 8,9 мың, Түркістан облысы – 7,3 мың, Шығыс Қазақстан облысы – 7,1 мың және Нұр-Сұлтан қаласы – 6 мың. Ал жалпы ел көлемінде еңбек етіп жүрген жастар 2,1 млн адам деп көрсетіліп тұр.
Қазіргі нарық заманында жұмыссыз жүру әрбір адамға оңайға тимесі белгілі. Күнделікті жұмысыңмен айналысатын, бар күш-жігеріңді жұмсайтын тұрақты жұмысың болғаны жақсы емес пе?! Жаңа заманның жастары жұмысты жиі ауыстыратыны да белгілі. Олар тұрақсыз келеді ма, көбінесе бір жерде ұзақ уақыт жұмыс істей бермейді. Жиі болмаса да белгілі бір мерзімнен соң жұмыс орнын ауыстыруды ешкім теріс санамайды қазіргі уақытта. Сонымен қатар әсіресе үлкен қалаларда бір жұмыспен, аз жалақымен күн көру де қиын. Біздің еліміздегі жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі бойынша жоғары көрсеткішке ие болып отыр.
Жастардың жұмысқа орналасуы оңайға шаруа емес, себебі жоғары оқу орнын бітірген жастардың көп бөлігі жұмысқа орналасып кетуі өте қиын. Қолында жоғары білімді дипломы болғанымен, тәжірибенің жоқтығы оларға үлкен кедергі келтіруде. Сондай-ақ түрлі кәсіпорындардың жұмыс орнының қысқаруына байланысты да жұмыссыз жастар саны көбеюде.
«Қазақстаннан кетемін, шаршадым» дейтін жастарда бар. Қаншамасы шетелде оқып жүріп сонда қалып жатыр, қаншамасы жалақы аз, өсуге, мансап құруға мүмкіншілік жоқ деп елден де кетті. Керісінше бір қызығы Қазақстанға келіп жұмыс істегісі келетін шетелдіктер де көп. Олар елімізді зерттеп, жерімізді игергісі келеді, себебі біздің мемлекетімізді үлкен мүмкіндіктер елі деп санайды.
Зерттеу жұмысы барысында анықтағаным біздің жастар көтерме және бөлшек сауда, автокөлік мен мотоцикл жөндеу салаларына қызығушылығы басым екен. Аталған салаларда елімізде жұмыс істейтін жастар 16,5% құрайды. Жастар арасында танымалдыққа ауыл, орман және балық шаруашылығы да ие. Бұл салаларда 276 мың жас жұмыс істейді. Білім саласында еңбек етіп жүрген жастардың саны 229 мың адамды құраса, өнеркәсіпте 221 жас тер төгуде. Сонымен қатар құрылыс саласында да жұмыс істейтін жастардың қарасы қалың. Бұл салада 149 мың жас еңбек етіп жүр.
Тағы да бір ескеретін жағдай жұмыссыздардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар туралы білмейді екен. Арнайы мемлекеттік бағдарламалар БАҚ-да жарияланып отырады. Сонда да халықтың біраз бөлігінің бұл жайлы білмеуі адамдардың жұмысқа ізденісінің жоқтығынан болып табылады. Мемлекеттегі “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша жастарды көбінесе ауылға баруға ұсыныс жасайды. Ал жастар ауылдық елді мекендердегі тұрмыс жағдайына байланысты бұл ұсыныстардан көпшілік жағдайларда бас тартып жатады. Жалақы көлемінің салыстырмалы түрде төмендігі де өтірік емес, бұл аймақтың экономикасына байланысты. Қалыптасқан менталитетке байланысты көпшілік ата-аналар балаларының мамандығы беделді болуы керек деп есептейді. Олар үшін балаларының таңдауы екінші орында, сол себептен де түлектер өзі қалаған мамандық бойынша оқымағандықтан селқостық танытады. Оқыған “беделді” мамандықтары бойынша жұмыс табылмағандықтан басқа жұмыс орындарына бару үшін кәсіби біліктілік жетіспейді. Жұмысы жоқ халық амалсыздан жалдамалы жұмысқа баруға мәжбүр болады, ал мұндай жағдайда жұмысшының жағдайына мән берілмейді және жұмысшы талаптары орындалмайды. Сондай-ақ, жұмыссыздық, күнкөрістің қиындығы кейбіреулерді қылмыс жасауға итермелейді, соның салдарынан қылмыс жасаған тұлғалар абақтыдан жазалау мерзімін өтеп шыққан күннің өзінде оларды қылмыстық ісі үшін жұмысқа да алмайды, ал бұл жұмысыздар санын еселей түседі.
Зерттеу барысында жұмыссыздықтың мынадай өзара байланысты себептерін анықтадым:
жұмысыздардың көпшілігі мемлекеттік бағдарламалар туралы білмеуі;
адамдардың бойындағы енжарлық пен мемлекеттің қолдауына сенбеушілік;
мемлекеттік бағдарламалар бойынша ұсынып отырған жұмысқа барғылары келмейді;
жалақы мөлшерінің төмендігі;
ата-ананың бағыттауының дұрыс еместігі;
жұмыс берушілер талап ететін жұмыс іздеп жүрген азаматтардың біліктілік деңгейі мен жұмыс өтілінің болмауы;
жарияланған бос орындар көбінесе жұмыссыздардың еңбек жағдайлары мен төлеміне, әлеуметтік кепілдіктердің болмауы;
қылмыс салдарынан.
2. Озық мемлекеттердің тәжірибелерімен салыстыру үшін 2019-2020 жылдар аралығындағы дүние жүзі елдерінің жұмыссыздық көрсеткіштерін қарастырдым. Ондағы жұмыссыз адамдар аз Катар, Камбоджа, Беларусь, Мъянма, Таиланд сияқты мемлекеттердің экономикаларын зерттедім. Белгілі болғандай бұл мемлекеттердің кейбірінің экономикасы айтарлықтай жоғары деңгейде емес: біреуінде адамдар жұмыспен толықтай қамтылса да, орташа жалақы мөлшері өте төмен. Ал кейбірінде сырттан келген мигранттар есебінен халық жұмысқа орналастырылған деп есептеледі, ал шын мәнінде елдің өз азаматтары жұмыссыз. Кейбір мемлекеттердің жұмыссыздар туралы ақпараттары шындыққа сай келмейді.
Дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарлы АҚШ, Жапония сияқты мемлекеттердің өздерінде жұмыссыздық көрсеткіші аз емес. Жапония мемлекетінен өмір бойына жалдау формасы сияқты өзгешелік байқадым. Бұл жұмыс орнының тұрақтылығына септігін тигізеді.
3. Мемлекетіміз жұмыссыздықты жою үшін түрлі бағдарламалар мен түрлі әлеуметтік көмектер арқылы халыққа көмектесуде. 2019 жылғы I-тоқсан қорытындысы бойынша 15 және 28 жас аралығындағы экономикалық тұрғыдан белсенді жастардың үлесі 2 168,9 мыңды, оның ішінде жұмыс күші құрамына жатпайтын 2 085 мың адам жұмыспен қамтылған. Жұмыспен қамтылған жастардың арасында 1 592,6 мың адам немесе 76,4% жалдамалы жұмыскерлер, 492,4 мың адам немесе 23,6% өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Экономиканың салалары бөлісінде, жұмыспен қамтылғандардың қатарынан ең көбі – 401,7 мың адам (19,3%) сауда мен қызмет көрсету саласында, 240,5 мың адам (11,5%) – білім саласында, 233,6 мың адам (11,2%) – ауыл шаруашылық саласында жұмыспен қамтылған. Ал өндірісте 231,5 мың адам (11,1%) жұмыс жасайды.
Еңбек нарығын дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша қосымша шараларды қабылдау мақсатында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. «Атамекен» ҰКП колледждерінде және оқу орталықтарында қысқа мерзімді курстарда қосымша біліктілік пен біліктілікті алуға 7,7 мың адам оқытылды. «Бастау-Бизнес» жобасында бизнестің негіздеріне оқытуға 4,8 мың адам қамтылды 505 адам микрокредит алды, 328 адам грант алды. Елдің өңірлерінде жұмыс күші тапшы өңірлерді толтыру үшін, 2019 жылдың 6 айы ішінде 95 еңбекке қабілетті отбасы мүшелері қоныс аударды, олардың 73-і жұмысқа орналастырылды.
Барлығы 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларымен жастар арасынан 95 мыңнан астам адам қамтылды, олардың 82 мыңнан астамы немесе 86% жұмысқа орналасты.
Яғни мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес бар, бірақ оны жастарымыздың көбі ізденбейді, білмейді, не болмаса толық түсініп, оның нәтижесін түсіне бермейді екен.
Әрбір жас маман мемлекет ұсынған келесі бағдарламалар мүмкіншіліктерін анықтап, зерттеп өз пайдасына қолдана алса, менің ойымша жұмыссыздар саны сәл болса да азаяр еді, олар:
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы
Техникалық және кәсіптік білім беру және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды қамтамасыз ету;
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту;
Жұмыспен қамту және еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамыту.
Қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқыту курстары
«Атамекен» ҰКП «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша микрокредиттеу және кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаппай кәсіпкерлікті дамыту
«Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» («Серпін») жобасы
Достарыңызбен бөлісу: |