Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы


Тілдік білімнің морфологиядағы концептуалдануы



бет6/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   85
Жұбаева монография

Тілдік білімнің морфологиядағы концептуалдануы

Бүгінгі таңда когнитивті тіл білімінің дамуына байланысты тіл мен ойдың арақатынасы жаңа қарқынмен зерттеле бастады. Когнитивті тұрғыдан алғанда, тіл мен ойлау адамның танымдық қызметінің нәтижесі болып табылады. Бұл бағыттағы зерттеулер адамның болмысты қалай концептуалдандыратыны туралы мәселеге жаңа қырынан үңілуге жол ашып, концептуалдау теориясының дамуына негіз болды. Концептуалдау когнитивті тіл біліміндегі негізгі іргелі ұғымдардың бірі болып табылады. Ол адамның негізгі когнитивті қабілеттерімен байланысты, сонымен қатар адамның ес, жады, назар сияқты танымдық әрекеттеріне тікелей қатысты. Сол себепті концептуалдау тіл білімінің ғана емес, психолингвистика, когнитивті психологияның да зерттеу нысаны болып табылады. Концептуалдау мәселесі тіл мен ойдың арақатынасы, тілдік қолданыстағы ойлау әрекетінің маңызымен байланысты. Бұл мәселе тіл білімінде түрлі қырынан сөз болды. Тіл ойдың көрінісі ретінде сипатталып, тіл категориясы – ойлау категориясының көрінісі ретінде айқындалды. Сол арқылы грамматикалық және логикалық категориялар теңестірілді. Психолингвистикалық зерттеулерде концептуалдаудың жекелеген аспектілері ғана сөз болып, қабылдау, категориялау, репрезентациялау бірлігі ретіндегі сипаты назардан тыс қалған.


Концептуалдау тілде көрініс тапқан әлемнің ұйымдасу және қабылдану тәсілі, белгілі бір тілге тән әлемді жіктеу тәсілі, сөйлеушінің белгілі бір сөйленімде жүзеге асыратын адамзат тәжірибесін жалпылау тәсілі болып табылады. Концептуалдау – адам санасында сыртқы әлемнің көрініс табуы ғана емес, сонымен қатар адамның ішкі әлемін, түрлі әлемдерді қабылдау тәсілі. Концептуалдау ақпарат ағымын жіктеп, зерделей отырып, жаңа мағыналар түзеді, ол адамзат тәжірибесін мазмұндық тұрғыдан сипаттауды мақсат етеді. Концептуалдау арқылы адам болмыс құбылыстары мен адамның ішкі әлемін таниды, соның нәтижесінде адам ғалам туралы білімін қалыптастырып, белгілі бір жүйеге түсіреді, олар тілде көрініс табады. Концептуалдау – екі жақты құбылыс: бір жағынан, ол адамның ішкі және сыртқы ғаламындағы мәнділіктердің зерделеп, түйсінуге жол ашса, екінші жағынан, зерделенген мәнділіктер мен құбылыстар туралы концепт қалыптастырып, білімді құрылымдайды. Сол себепті концептуалдау үдеріс ретінде және адамның ақпаратты когнитивті өңдеуінің нәтижесі ретінде динамикалы сипатта болады. Сонымен қатар концептуалдаудың онтологиялық сипаты бар. Заттың онтологиялық ерекшелігі арқылы концептуалдау тәсілдері түзіледі, сол арқылы олар тілде кодталады.
Қазіргі кезде концепт мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. «Концепт» ұғымы тіл біліміне философия мен психологиядан келді. «Когнитивті терминдердің қысқаша сөздігінде» концепт сөзіне «жадының, ментальді лексиканың оперативті мазмұнды бірлігі» деген анықтама берілген [29, 90-б.]. Тіл білімінде концепт мәселесі С.А.Аскольдов [30], Д.С. Лихачев [31], В.В.Колесов [32], В.Н.Телия [33], Ә.Қайдар [34], М.М.Копыленко[35], З.Қ.Ахметжанова [36], Н.Уәли [7], Ж.Манкеева [24], Қ.Жаманбаева [37], А.Ислам [27], Қ.Рысберген [38] т.с.с. ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. Концептіге берілген анықтамалардың бәрі де қазіргі тіл білімі үшін тіл, сана және мәдениетті кешенді түрде зерттеу қажеттігін көрсетеді. Зерттеушілер «концепт» ұғымын адам санасында қалыптасқан ментальді құбылыс ретінде сипаттайды. Бұл орайда концептілердің негізгі ерекшеліктері ретінде эмоционалды компоненті, семиотикалық жағы (синонимдермен, мақал-мақал, нақыл сөздермен берілуі), тұрпат межесі (концептінің балама парадигмалық және анықтамалық және синтагмалық байланыстарға түсуі) көрсетіледі. Қазақ тіл білімінде концептілер жүйесі когнитивтік лингвистика тұрғысынан, лингвомәдениеттану, этнолингвистика тұрғысынан қарастырылып келеді. Этнолингвистикалық зерттеулерде концептілік ұғымдарды қарастырған ғалымдардың қатарында Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, З.Қ.Ахметжанова, Ж.Манкеева, Н.Уәли, Г.Смағұлова [39], Р.Шойбеков [40], А.К.Ахметов [41], Қ.Жаманбаева, Э.Оразалиева [42], А.Ислам, А. Сейілхан [43], С.Жапақов [44] т.б. еңбектерін атауға болады. Соңғы жылдары нақты бір концептіге арналған еңбектер қатары көбеюде [45, 46, 47, 48, 49, 50]. Мұндай еңбектер белгілі бір концептінің мазмұнын жан-жақты, кешенді түрде сипаттауға мүмкіндік береді.
Когнитивті семантиканың негізгі мақсаты – концепт құрылымын сипаттау, концептідегі лексикалық жүйенің ерекшелігін айқындау. Концепт жай ғана тілдік таңба емес. Сол себепті концепт сөздікке негізделіп, сөздік арқылы айқындала бермейді. Ол тілдің бүкіл қолданысында (фразеологиялық бірлік, паремиология, ертегі, көркем әдебиет, күнделікті қолданыста, коммуникативті ұстанымдарда) көрініс табады. Концепт түрлі қырынан – лингвокогнитивті, мәдениеттанымдық – сипатталып келеді. Бұл бағыттардың бәрінде де тіл мен мәдениеттің байланысы көрінеді. Концептінің негізгі белгісі – ол әлемді қабылдаудың өзіндік ерекшеліктеріне ие. Лингвокогнитивтік тұрғыдан алғанда, концепт адам санасындағы концептуалды деңгейдің (концептуалды жүйенің) немесе ғаламның концептуалды бейнесінің оперативті мазмұнды бірлігі немесе құрылымдалған білімнің кванты болып табылады. Концептуалды деңгей түрлі жолдармен алынған ақпаратты жандандырса, концептіде адамның танымдық қызметі арқылы идеалды және абстрактілі бірлік түрінде алынған нәтиже, білім мазмұны көрінеді.
Концепт индивидтің ғалам нысандары туралы ойы, түсінігі, білімі болып табылады. Сол себепті концепт ғалам туралы білімді сақтап, концептуалды жүйе құрайды. Ол адамның ойланып, түрлі концептілерді талдап, өзара салыстыруына мүмкіндік береді, сол арқылы жаңа концептілер қалыптасады. Концепт лексикалық (грамматикалық, фразеологиялық т.с.с.) тұрғыда репрезентациялануы мүмкін. Сол себепті вербалды/бейвербалды концепт пен вербалды негізгі концепт және нақты деңгейдің тілдік құралдары арқылы репрезентацияланған концептілерді өзара ажыратып алу қажет. Концептілер негізінен бейвербалды түзілім болып табылады. Оларға сенсорлық және моторлы репрезентациялар негіз болады.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінде адамның сезім мүшелері түгел қамтылған: «Зат тегінде екі түрлі: біреулері – көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар, екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иіс келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар. Сол деректі һәм дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім дейміз» [52, 199-200-б.]. А.Байтұрсынұлы, Н.Уәли, Қ.Рысберген еңбектеріндегі адамның сенсорлық қабылдауына қатысты жіктеулерін оқулық авторлары ескеріп, деректі және дерексіз зат есімдерді топтастыруда сезім мүшелері түгел қамтылуы керек деп ойлаймыз.
Концепті мазмұны тілдің көмегімен ғана анықталады. Дегенмен концепт тілге толық тәуелді емес. Бұл ойлаудың бейвербалды сипатымен де айқындалады, олардың кей бөлігі ғана тілдік тұрғыдан сипатталады. Концепт тілде сипатталған кезде оның жекелеген қырлары ғана назарға алынады, сол себепті тұтас концепт емес, оның бөліктері ғана вербалданады. Концептінің бірқатар бөлігі сөздік анықтама, мәнмәтіндер арқылы берілсе, енді бірқатары фразеология түрінде, бірқатары грамматикалық (сөз тіркесі, сөйлем, грамматикалық категориялар мен көрсеткіштер) жолмен не тұтас мәтіндер арқылы берілуі мүмкін. Алайда бірнеше тілдік құрал қатысқанмен, концепт толыққанды сипатталмайды. Себебі ой үнемі тілдік сипатқа ие бола бермейді. Концептілердің бәрі бірдей тілдік тұрғыда объективтене бермейді. Вербалданған концепт жиі қолданылу арқылы түрлі өзгеріске түсіп, абстрактілік деңгейге ие болады. Бұл ерекшеліктер концепт мазмұнын құрап, түрлі деңгейдегі тілдік құралдар арқылы репрезентацияланады.
Тіл адамның болмыстың нақты жағдаяттарын концептуалдау үдерісін бейнелейді. Яғни концептуалды жүйеде алынған ақпараттарды өңдеу, сөйлеу-ойлау әрекеттерінде адам тұтынған көптеген концептілер мен білімнің басқа да құрылымдарын қамтиды. Сол себепті онда табиғи нысан концептілері де, нақты тілдік концептілер де енеді. Тілдегі концептуалдау үдерісінің әрбір тілдік деңгейдегі өзіндік ерекшеліктері болады. Б.Момынова тілдің когнитивті қызметі туралы айта келіп: «Когнитивтік лингвистикада тіл адамның когнитивтік іс-әрекетінің бір түрі, когницияның құралы саналады. Адам тілдің көмегімен тілдік бірліктер арқылы жинақталған информацияларды кодтайды немесе бейкодтайды (декодирует). Өйткені ойлау құрылымдары өзімен өзі томаға тұйық өмір сүрмейді, белгілі бір формасы бар таңбалар ретінде болмысқа айналады, болмыстанады (материализацияланады). Тілдің осындай екі жақтылығы оны адамның өзге когнитивтік іс-әрекетінен айрықшаландырып тұрады», – дейді [53, 125-126-б.].
Концептуалды жүйеде түрлі концептілер көрініс табады, сол арқылы адам қабылдаған ақпаратын өңдеп, сараптай алады. Тілді меңгермей тұрып, адам белгілі бір деңгейде ғаламмен танысады, сезім мүшелері арқылы болмыстағы құбылыстардың сырын түсіне отырып, ол туралы ақпарат жинақтайды, заттардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анықтайды. Бұрынғы мәліметтер жаңадан алынған ақпараттар жүйесімен толыға отырып, адамның ғалам туралы ақпараттар жүйесі, яғни концептуалды жүйе түзіледі. Концептуалды жүйе индивидтің танымдық қызметін бейнелейтін ғалам туралы ақпараттар жүйесі болып табылады. Р.И.Павиленис концептуалды жүйенің бірнеше кезеңін көрсетеді [54]. Бірінші кезең – тілді меңгергенге дейінгі концептуалды жүйе. Бұл кезеңде адам тікелей көріп, сезім мүшелері арқылы тануы арқылы ғаламды түйсінеді. Ғалым тілге дейінгі кезеңде адам логикалық пайымдауларға иек артатынын айтады. Р.И.Павиленис концептуалды жүйе түзілуі үшін алдымен алғашқы концептілер қалыптасатынын, кейін олар жаңа концептілерді меңгеруде анализатор, интерпретатор қызметін атқаратынын ескертеді. Тіл туралы ақпараттар концептуалды жүйеде бұрыннан бар ақпараттар негізінде құрылып, меңгеріледі. Сол себепті тіл туралы ақпарат кейін қалыптасады. Тіл туралы ақпаратты меңгеру тілдегі заңдылықтарды сипаттайтын құрал ретінде грамматиканы меңгеру арқылы жүзеге асады.
Концептуалды жүйе интерпретация ұстанымын негізге алады. Концептуалды жүйе үздіксіз сипатта болуына байланысты концептілер бірізділікпен енгізіліп отырады: концептілер жүйесіндегі бұрынғы ақпарат жүйеге жаңа ақпараттардың енуіне жағдай жасайды [55]. Концептуалды жүйеде бірізділік болған жағдайда ғана жаңа ақпарат концептуалды жүйеге ене алады. Сондықтан концептуалды жүйенің негізгі ерекшелігі – үздіксіздік болып табылады. Сол арқылы концептуалды жүйедегі бұрынғы концептілер жаңа мағыналық құрылымдармен толығып, жүйе кеңейіп, байып отырады. Мұнда тілдің қызметі ерекше болады. Тіл жүйедегі концептілердің коды болып табылады, сол арқылы концептуалды жүйедегі концептілер таңбаланып отырады. Бұл тіл туралы, тілдің физикалық және грамматикалық құрылысы туралы білімнің жинақталуына негіз болады. Яғни мұндай концепт физикалық және лингвистикалық құндылық ретінде көрінеді. Концептуалды жүйе мен вербалды көрсеткіштер сәйкес келе бермеуі де мүмкін.
Концептілер бір-біріне ықпал етіп отырады. Концептуалды интеграция негізінде концептілерді нақтылап, жетілдіріп отыруға болады. Сондай-ақ ол концептуалды белгілері бойынша да байланысты болуы мүмкін. Яғни концепт екі түрлі сипатта: концепт – білімнің бірлігі және тілде көрініс тапқан білімнің құрылымы болып табылады. Әмбебап заттық код бірлігі онтогенезде концептінің сезімдік қабылдануы ретінде көрініп, концептіні кодтау құралына айналады. А.Ислам концептіні былайша сипаттайды: «Концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың ұрпақтан ұрпаққа берілетін ықшам әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым» [27,15-б.].
Концепт динамикалы сипатта болады, сол себепті ол үнемі дамып, өзгеріп отырады. Білім қоры қоғамдағы өзгерістерге байланысты өзгеріп, толығып отырады, концепт мазмұны уақыт, өте келе мазмұндық жағынан толығып, жаңа концептуалды сипаттамалар арқылы көлемі ұлғайып отырады. Олар осы концептіні білдіретін тілдік бірліктердің мәндері, сөздіктегі түсініктемелері арқылы айқындалады. Концепт бейне ретінде түзілгенмен, абстракциялануға бейім болады. Концептінің абстрактілік деңгейі артқан сайын концепт сезімдік бейнеден ой бірлігіне айналады. Концепт динамикалы сипатта болуына байланысты ол дерексіздене береді. Концепт құрылымы:
- нақты бейнелі сипаттан құралады: ол ғаламды сезімдік тұрғыдан қабылдау, күнделікті таным қызметінің нәтижесі болып табылады;
- абстрактілі сипатты болады: заттардың нақты белгілері туралы білімнің нәтижесінде түзіліп, ғылыми таным нәтижесі болып табылады.
Концепт құрылымындағы нақты және абстрактілі сипаттар бірізділікке негізделмеген, сол себепті әр адамда бөлек болады. Концепт табиғатының динамикалық сипаты оның құрылымынан ғана емес, мазмұнынан да байқалады. Ол тұрақты емес. Ол адамның білімімен де байланысты, себебі адам іздену нәтижесінде білімін жетілдіріп отырады. Концепт мазмұнын нақтылау мүмкін емес. Ол адамның ойлау, елестету, білімін толықтыруы нәтижесінде түзіліп, түрлі заттарды, олардың ерекшелігін білдіруі мүмкін. Сондықтан әртүрлі концептілер түрліше сипатталады.
Тілдік бірліктердің семантикасы концептіні толық сипаттап бере алмайды. Оны шартты түрде жалпыұлттық және топтық деп деп жіктеуге болады. Алайда концепт мазмұнын шектеуге болмайды. Концептілердің негізгі ерекшеліктерінің бірі – олар категориялар мен топтардың түзілуіне негіз болады. Категориялау үдерісіне қатыса отырып, концептілер болмыстағы түрлі заттар мен құбылыстарды белгілі бір топтарға жіктейді. Сонымен қатар концепт жаңа нәрсені танып-түсініп, категориялау үшін де негіз болады. Жаңа нәрсе концептімен салыстырылу арқылы белгілі бір категорияларға телінеді.
Белгілі бір тілдік құралдардың көмегімен берілген концепт адам санасында негізгі концептінің сипаттарының негізде қалыптасып, құрылымға енеді. Сол арқылы концептуалды жүйе үздіксіз сипат алып, бұрыннан бар концептілер жүйесінің көмегімен жаңа мағыналық құрылымдар түзіледі. Концептуалдаудың әр деңгейінде концептуалды мазмұнның тілдік бірліктері адамның ғаламды қалай зерделейтінін, ғаламның қандай сипаттары тілдік формаларда көрініс табатынын айқындайды. Яғни түрлі деңгейдегі тілдік құралдар ғаламның тілдегі концептуалдану жолдарын көрсетеді.
Тіл адамның сезу арқылы жинақтаған білімін ғана көрсетпейді. Таным үдерістері затты сол күйінде ғана бейнелеп қоймай, оның мәнін сипаттайды. Концептуалды жүйенің ерекшеліктерін нақты көрсетіп беру мүмкін емес екенін айта келіп, Е.С. Кубрякова былай дейді: «Она (концептуальная система – О.Ж.) представляет собой некие смыслы, которыми оперирует и манипулирует человек в процессах речемыслительной деятельности как некими отдельными идеальными сущностями (концептами)» [43, 320-б.]. Ғалым тілдің семантикалық жүйесімен салыстырғанда, концептуалды жүйенің әлдеқайда бай да күрделі болатынын айтады. Е.С. Кубрякова концептуалды жүйеге «пікір, білім, бағалау, таным мақсатын түсіну, оның түрлі әдістері, ғалам туралы нақты мәліметтерді алу мүмкіндіктері, қалау, қажеттілікке қатысты концептілерді» жатқызады [43]. Ғалым концептуалды жүйені жады, ес, ментальды лексикон, ақпаратты тезаурус сияқты ұғымдармен шатастырмау керектігін ескертеді.
Функционалды-семасиологиялық тұрғыдан алғанда, концептуалды деңгей категориалды мағыналар деңгейі болып табылады. Себебі онда түрлі ақпарат жинақталып қана қоймай, тілді құрылымдап, жүйе ретінде қызмет етуіне негіз болады. Концептуалды деңгей жүйелілікті қамтамасыз етеді, белгілі бір ойды жеткізіп, мәтінді түсіну үшін тілдік таңбаларды реттейді. Түрлі деңгейдегі концептілер мен білімнің түрлі форматтарын, білімнің ұйымдасу тәсілдерін түсіну арқылы ғана адам тілдің қолданысын толыққанды түсіне алады. Концептуалды мазмұнды талдамайынша, тілдік формалардың қолданыс ерекшеліктерін сипаттау мүмкін емес. Тілдің қолданысын сипаттау үшін тілдік бірліктердің қызметін ескеру қажет. Сол себепті тілдік формалардың мағынасы когницияға, тілдік мағынаның концептуалды сипатына байланысты болады. Тілдік мағынаның ерекшелігін түсіну үшін концептуалды жүйені интерпретациялау қажет.
Концептуалды жүйе сөйлеуші санасында сақталатын, ақпараттарды өңдейтін, оларды қалыптастырып, өзара байланыстыратын, тілде қолданысқа түсіретін бірқатар механизмдерден құралған концептілер жүйесі болып табылады. Яғни концептуалды жүйе – адамның ғалам туралы түсініктер жүйесі. Адамның болмысты түсінуі таным әрекетінің маңызды үдерістерінің бірі – концептуалдаумен тығыз байланысты. Ол адамның ақпаратты қабылдап, тәжірибесіндегі ең кіші бірліктерді айқындауға байланысты болады. Концептуалдау ақпаратты игеру, заттар мен құбылыстарды концепт түрінде жіктеумен байланысты болады. Бұл концептілердің негізгі бөлігі тілде сөз мағынасы арқылы бекиді, сол арқылы білім сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырады. Концептуалды жүйенің басты ерекшелігі – ол әркелкі сипатта болады. Құрылымы ортақ болғанмен, олардың бөліктері әртүрлі мәнде болады. Соған сәйкес концептуалды жүйенің бірқатар бөліктері басқалармен салыстырғанда, маңыздырақ болады.
Концептуалды категорияларда болмыс эмпирикалық және вербалды түрде категорияланып, категориалды мағыналар қалыптасады. Таңбаның категориалды мағынасы концептуалды категориялардан көрінеді. Концептуалды категориялардың негізгі ерекшелігі – олар заттардың онтологиялық сипаты мен сөздердің грамматикалық белгілерін қамтиды, яғни «бастапқы» және «кейінгі» категорияларды бірлікте алып, болмыстағы заттар мен олардың сөйлесімдегі зерделенуі арасында концептуалды байланыс орнатады. Концептуалды категориялар жүйесі тілдік және тілдік емес білімдер негізінде құрылып, оларды тілдің түрлі деңгейлерінде репрезентациялайды. Сөздің лексикалық және грамматикалық мағыналары адамның ғалам туралы түсініктерімен, концептуалды жүйемен тығыз байланысты болады. Грамматикалық категорияларға (морфологиялық категорияларға да) жекелеген концептілер емес, категориалды мағыналар негіз болады.
Әр тілдің грамматикалық және концептуалды жүйесінің ерекшеліктері, басқа тілде кездеспейтін, морфологиялық жолмен берілетін концептілер жиынтығы болады, онда бір тілден екінші тілге ауысып отыратын морфологиялық категориялар да болады. Жекелеген сөздер ғана бір тілден екінші тілге ауысып отырмайды, сонымен қатар грамматикалық құрылымдар да ауысады. Б.Жұбатова йек бе йек – бірге-бір (один к одному, один на один), ру бе ру – бетпе-бет (лицом к лицу), даст бе даст – қолма-қол (из рук в руки, рука в руку) сияқты құрылымдардың араб-парсы тілдерінің грамматикалық ерекшеліктерін сақтап енгенін айта келіп, олардың жазбаша түрде калькаланғанын ескертеді [57]. Мұндай ерекшеліктер морфологиядағы концептуалдану деңгейлеріне байланысты. Себебі білім түрліше құрылымдалады.
Концептуалды категориялар жүйесі мен олардың арасындағы байланыс үнемі өзгеріп отырады. Сол себепті концептуалды категориялардың нақты шегі болмайды, олар көпқырлы категориалды континуум түзеді. Концептуалды категорияларда өзін құрайтын белгілер де, сол белгіні мүлде жоққа шығаратын белгілер де қамтыла береді. Сол себепті концептуалды категориялар әркелкі сипатта болады. Олар бір орталыққа негізделген. Концептуалдау адамның танымдық қызметіне негізделеді, ол адамның түрлі арна бойынша (тіл арқылы да) алған ақпаратын зерделеп, әрі қарай жүйелейді. Ол жаңа мәндер түзіліп, адамның концептуалды жүйесі мен білімнің мазмұнды оперативті бірліктері ретінде концептілердің қалыптасуына жол ашады.
Концептуалды және семантикалық деңгейлер бірнеше фактілерге байланысты болады. Тілде концептуалдау үдерісінің нәтижесі бейнеленеді, сондықтан концептуалды мазмұн тілде көрініс табады. Тіл ғалам туралы білімнің қалыптасып, жинақталуында, құрылымдалуына (яғни концептуалдау үдерісіне) және концептуалды жүйенің түзіліп, кеңеюіне әсер етеді. Бұл семантиканың екі жақты ерекшелігіне байланысты, яғни семантика концептуалды жүйеге де, тілдік жүйеге де қатысты. Сол себепті семантика тілдік жүйе мен концептуалды жүйені байланыстырушы дәнекер іспетті болады.
Концептуалды жүйеден морфологияның концептуалды кеңістігін құрайтын бөлігін айқындауға болады. Алайда ол концептуалды жүйенің басқа бөліктерінен тыс, дербес бола алмайды. Себебі концепті мазмұны біркелкі сипатта емес, оның түрлі бөліктерін объективтендіру үшін тілдің бірнеше деңгейі қатысады. Когнитивті лингвистикада дәстүрлі лингвистикада сараланған лексика, морфология, синтаксис, семантика сияқты салалар өзара бірлікте қарастырылып, тілдік формаларда көрініс тапқан, адамзаттың ойлау жүйесіне тән жалпы ұстанымдар айқындалады. Әрбір тілдік бірлік терең когнитивті үдерістерді айқындап, мағынаның құрылымдалу тәсілін айқындайтын механизм іспетті. Когнитивті грамматика да, когнитивті семантика да – мағынаның қалыптасу негізі ретінде таным нәтижелерін когнитивті тұрғыдан үлгілеу тәсілі болып табылады.
Лексика санада көрініс тапқан заттар мен құбылыстардың ерекшелігін зерделеп, белгілі бір тілде сөйлейтін, нақты тілдік ұжым танып, игерген ғалам бейнесін репрезентациялайды. Ғалам бейнесі жекелеген құрауыштарын (заттар мен құбылыстарды) ғана емес, сонымен қатар олардың арасындағы байланысты да түйсінуді қажет етеді. Синтаксис ғаламның бөлшектенетін құрауыштарының байланыстарын тексереді. К.Садирова тілді когнитивтік тұрғыдан зерттеуде коммуникацияға қатысушылардың тілдік білімдерін қалай пайдаланатыны ғана емес, сонымен қатар олардың әлем туралы білімдері, әлеуметтік мәнмәтіндегі айтылым, жадта сақталуы ақпаратты ала білу, дискурсты жоспарлау және басқару ерекшеліктері де көрінетінін айтады [58]. Морфология – тілдік білімді объективтендіретін, ғалам туралы білімді құрайтын сала болып табылады. Онда морфологиялық категориялар мен тұлғалардың тілде қалай концептуалданатыны туралы білім қоры жинақталып, адамның концептуалды жүйесін құруда маңызды орын алатын, ғалам бейнесін қалыптастыратын «уақыт», «сан-мөлшер», «персоналдылық», «модальділік» т.с.с. негізгі концептілердің тіл туралы білімді құраудағы орны сипатталады.
Тілдік білім морфологияның концептуалды кеңістігінде сақталып, репрезентацияланады. Онда тілдік мағына, категориялар мен тұлғалар туралы білімдер сақталып, ғаламның тілде қалай концептуалданатыны көрінеді. Тілдік емес бірліктермен қатар болмыс нысандарының бірі ретінде тіл де концептуалданады. Тілдік білімнің концептуалдану жолдарының бірі – морфология. Морфология деңгейіндегі концептуалдау ерекшелігі – ол білімді құрылымдай отырып, лексикалық жолмен берілген концептуалды материал үшін қабат, тор түзіп, белгілі бір деңгейде лексиканың қажетін өтейді.
Когнитивті тұрғыдан алғанда, морфологияның негізгі бірлігі – морфологиялық категория болып табылады, ол сөз тұлғаларында көрініс тауып, парадигмаға бірігеді. Морфологияны морфема деңгейіне қатысты ғана емес, сөздердің түрлі топтарын репрезентациялайтын тұтас морфологиялық құрылымдар деңгейінде қарастыру қажет. Морфологиялық категориялар мен тұлғалар концептуалды деңгейде, негізгі танымдық үдерістер қатарында сипатталады. Морфологияның ғалам туралы білімді тіркеп, жіктеуі, категорияларға бөлуі осыған байланысты болады. Морфологияның категориялау үдерістерімен байланысы морфологияның ғалам туралы білімді қалай объективтендіріп, топтастыратынын да көрсете алады. Морфологиялық бірліктердің когнитивті қызметі ойлау үдерісімен, адамның интеллектуалды және ментальді қызметімен, ақпаратты өңдеу, сақтау, жіктеуімен байланысты болады. Морфологияда концептуалды жүйенің маңызды бөліктері категорияланады. Сол себепті морфологиялық категориялар мен тұлғалар категориалды мағынаның ерекше деңгейінің жалпылану, репрезентациялану жолы болып табылады. Концептуалды жүйенің категориалды бөлігі морфологиялық жолмен берілетін концептілер түрінде көрініс тауып, морфологияның концептуалды кеңістігін құрайды, морфологиялық репрезентацияның тілдегі когнитивті негізін түзеді.
Морфологиялық репрезентация – жіктелген білімдер жүйесіне енетін, тілдік (вербалды) репрезентациялардың бір түрі. Ол конвенционалды сипатта болатындықтан, тілдегі концептуалды мазмұнның берілу жолдарының бірі болып табылады. Морфологиялық репрезентация дегеніміз – морфологиялық категориялар мен көрсеткіштердің көмегімен концептуалды мазмұн құрылымының категориалдану тәсілі. Ол тілдік білімге негізделеді. Морфологиялық репрезентация – өте күрделі үдеріс. Онда тілдік және концептуалды деңгейлер қатысады. Сөйлеушінің тілдік санасында ақиқат болмыстағы нақты құбылыстар туралы түсінікпен қатар тілдің құрылымындағы грамматикалық құбылыстар туралы да жалпыланған түсініктер болады. Болмыстағы категориялар, олардың өзара байланыстары сөз таптары ретінде жүйеленген. Нақты құбылыстар тілдік санада заттың атауы, күйі, қалпы, сапасы түрінде көрініс табады. Яғни грамматикалық ұғымдар концептосфера түзіп, оның ерекше деңгейін құрайды. Сана элементі ретінде грамматика концептілер жүйесін түзеді, ол сөйлесімде, мәтіндерде көрінеді.
Морфологиялық репрезентацияда морфологиялық көрсеткіштер арқылы мағынаның негізгі, басты бөліктері кодталады. Морфологиялық репрезентация концептуалды мазмұнның дерексізденуі, жалпылануы, саралануына негізделіп, морфологиялық категориялар мен тұлғалар арқылы көрініс табады. Дерексіздену барысында негізгі концепт («уақыт», «сан-мөлшер», «қатынас» т.с.с.) мазмұны, жекелеген мәндер жалпылық сипат алып, өзара байланысқа түседі, маңызды белгілері айқындалады. Жалпылану нәтижесінде тіл үшін маңызды болатын сипаттар кодталып, «шақ», «жекелік-көптік», «септік» т.с.с. морфологиялық жолмен берілетін концептілердің қалыптасуына негіз болады. Морфологиялық репрезентация шартты түрде бірнеше кезеңнен тұрады [59]. Негізгі концепт (мысалы, уақыт, қатынас) мазмұнының бірінші кезеңінде қажетті морфологиялық категориялардың көмегімен нақты сипаттамалар жалпыланады. Жалпылау когнитивті тәсілдерінің нәтижесінде тіл үшін маңызды болатын сипаттар кодталып, морфологиялық концептілердің қалыптасуына негіз болады (шақ, етіс, септік). Осылайша, грамматикалық концептілер энциклопедиялық білімдер кодталатын тілдік мағынаға айналады. Яғни грамматикалық концептілер тілде бейнелеу мақсатымен білімді жалпылап, нақты тілдегі тілдік білімдерді көрсетеді.
Морфологиялық репрезентацияның тілдік механизмдері ретінде әмбебап сипаттағы негізгі концептілер негізінде морфологиялық категорияға бірігетін морфологиялық тұлғалар қолданылады. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер морфологиялық репрезентацияның тілдегі когнитивті негізін құрайды. Морфологиялық категориялар арасындағы өзгешеліктер концептіге негіз болған айырмашылықтарға, морфологияда концептуалдаудың түрлі деңгейлерінің қолданылуына байланысты болады.
Тілдің грамматикалық құрылымы туралы концептіні меңгеріп, түсіну арқылы вербалды символдарды түсініп, жүйедегі концептілерді қолдануға болады. Сол арқылы концептуалды жүйеде жаңа концептуалды құрылымдар түзуге болады. Жаңадан түзілген концептуалды құрылымдар басқа концептілер мен құрылымдар арқылы адамның танымдық тәжірибесін бейнелейтін концептілермен сәйкес келуі де мүмкін. Осылайша, тілдің көмегімен түзілген концептілердің жаңа, ерекше түрі пайда болады. Яғни тілдік және концептуалды жүйелердің байланысы тілдің концептуалдау нәтижесін бейнелеу қызметімен ғана байланысты емес. Тілдің ғалам туралы білімді қалыптастырып, белгілі бір құрылымға түсірудегі орны ерекше. Яғни тіл концептуалды жүйе құрауда маңызды қызмет атқарады.
Сонымен, тілге дейін пайда болған концептуалды құрылымдар болмыстағы құбылыстарды тікелей қабылдау, әсерлену нәтижесінде түзіледі;

  • бастапқы концептілер концептуалды жүйе құрауда маңызды орын алып, жаңа концептілерді меңгеруде анализатор, интерпретатор қызметін атқарады;

  • тілдің көмегімен түзілген концептуалды құрылымдар концептуалды жүйеге тілдің көмегінсіз енгізуге болмайтын ақпараттар жүйесін құрайды.

Қазіргі кезде тіл білімі тілдің лексикалық, грамматикалық жүйесінде әлемнің концептуалдану ерекшелігін, яғни тілдің әлемді қалай жіктейтінін, оны қалай көрсететінін, бейнелейтінін зерттеп, табиғи тілдің метатілге айналу үрдісін тексеруді мақсат етіп отыр. Бұл орайда әсіресе грамматикалық категорияға, яғни сөз таптарына семантикалық интерпретация жасау, семантикалық тұрғыдан сипаттау ерекше маңызды болады. Сөз таптарының когнитивті сипаты «әлем – адам – таным – тіл – адам – әлем» үлгісі бойынша үнемі өзгеріп отыратын тілдің мәнін түсінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ әлемді тануда когнитивті құбылыс ретіндегі таным ерекшелігін, тілдің қызметін айқындауға жол ашады.
Әмбебап сипаттағы негізгі концепт – мазмұн және тұрпат межесі бар тілдің грамматикалық жүйесінің екі жақты бірлігі. Мазмұн межесі сөйленістегі сөздердің түрлі коммуникативті қызметімен, сондай-ақ тілдік ойлаудың түрлі формаларына байланысты болады, ал тұрпат межесі – грамматикалық көрсеткіштермен берілуі. Грамматикалық концепт семиотикалық түзілім болып табылады, оның мазмұны логикалық, антропоөзектік, коммуникативті және мәдени аспектілерде айқындалады. Л.В. Яцкевич «грамматикалық концепт» терминін енгізе отырып, оны «грамматика тұлғасы» «адамның болмысты тану логикасына және коммуникация барысында хабарды жеткізуші тілішілік концептуализация нәтижесі ретінде сипаттайды [59].
Ғалам туралы, оның құрылымы туралы жалпы түсінік тілдік бірліктердің лексикалық және грамматикалық категорияларында көрінеді. Тілдік тұрғыдан ерекше маңызды болатын мағыналар грамматикада айқын көрініс табады. Адам психикасы үшін ерекше маңызды болатын концептілер грамматикада бейнеленген [60]. Сол себепті грамматикалық категоризация концептуалды қабат түзуін лексикалық бірліктер арқылы көрініс тапқан концептуалды материалды айқындауға мүмкіндік береді. Грамматика концептуалды жүйенің ең маңызды бөліктерін көрсетеді, грамматикалық категориялар категориалды мәндердің ерекше деңгейлерінің репрезентациялану, объективтену құралы болып табылады. Грамматикалық категорияны зерттеуде тілдік мәндер мен категорияларды қалыптастыратын ортақ когнитивті механизмдерді зерттеудің маңызды ерекше. Ол объективті әлемі бейнесін репрезентациялап, адамның қоршаған әлемді тану ерекшеліктерін бейнелейді. Сол себепті С.Исаев: «Айналадағы заттар мен құбылыстардың біздің санамызда бейнелеуінің нәтижесінде пайда болатын ұғым сөздің ішкі мазмұны яғни мағынасы болып табылады. Сөздің осындай әуелдегі (о бастағы) негізгі тура мағынасы лексикалық мағына деп аталады. Сөздің лексикалық мағынасы ол сөздің жеке тұрғандағы қалпынан да (яғни сөйлем ішінде емес) көрініс отырады. Өйткені сөздің бұл (лексикалық) мағынасы талай рет қолданылудың нәтижесінде санамызда әбден қалыптасқан, сол тілдің сөздік құрамына еніп, семантикалық ауқымы анықталған. Сондықтан да ешбір контекссіз-ақ ол (сөз) сөздіктерде (мысалы, түсіндірме сөздік, екі тілді сөздік т.б.) реестр сөз ретінде жеке беріліп, мағынасы көрсетіледі», – дейді [25, 12-б.].
Тілде когнитивті, лексикалық және құралдар өзара бірлікке болады. Зерттеушілер адамның ментальді санасындағы ұқсас құбылыстар туралы сөз ете келіп, түрлі атауларды қолданады: грамматикалық түрде көрінетін концептілер, грамматикалық концептілер т.с.с. Л. Талми, Н.Н. Болдырев [61], Н.А.Беседина [59] еңбектерінде грамматикалық концептілер түрінде көрініс тапқан концептілер ақиқат болмыстағы маңызды ұғымды бейнелеу үшін қолданылатын айтады. Грамматика когнитивті жүйе ретінде тілдің концептуалды құрылымын айқындайтын фактор (мәнбір) болып табылады. Категориалды мағыналар сөз мағынасына негіз болып, тұрпат межесінде көрініс табады. Яғни концептуалды категориялар грамматикалық категорияларды түзеді. Морфологиялық категориялар морфологиялық көрсеткіш ретінде өзіндік мағынаға ие болып, грамматикалық категория құрайды.
Концептуалды және семантикалық деңгейлердің өзара байланысы нәтижесінде концептуалды жүйеде тілдік бірліктер қолданылады. Концептуалды ақпараттың маңызды бөлігі, тіл үшін маңызды болатын мағыналар тілдің грамматикасында, әсіресе морфологиясында көрініс табады. Бұл табиғи, логикалық сұрыптау негізінде жүзеге асады. Алайда алдымен барлық мағыналар лексика деңгейінде көрініс тауып, кейін олардың ішіндегі ең маңыздылары ғана морфология, грамматика деңгейіне өтеді. А.Вежбицкая грамматиканы ерекшеленген мағыналар саласы деп атайды [62]. Морфология концептуалды жүйенің ең негізгі концептілерін, яғни концептуалды кеңістік құрайтын концептілерді репрезентациялайды, сол себепті олар әмбебап сипатта болады.
Грамматикалық концепт – ең жоғарғы деңгейдегі жалпылау нәтижесі болып табылады. Тілдің лексикалық жүйесінде грамматикалық топтар, яғни сөз таптары, лексика-грамматикалық топтар, жіктер түзіледі. Грамматикада көрініс тапқан категориялар міндетті болатындықтан, морфологияны когнитивті тұрғыдан зерттеуде белгілі бір тіл үшін маңызды болатынын, сөйлеуші назарынан тыс қала алмайтынын, адамзат тәжірибесінің қай бөлшектері ғаламның тілдік бейнесінде көрініс тауып, жіктелгенін анықтауға болады. Осыған байланысты Қ.Айдарбек: «Ғаламның тілдік бейнесінің әр этноста әртүрлі болуы, сол халықтың тәжірибесімен, білімімен байланысты, өйткені тілдік таңбаның таңбалау қызметі экстралингвистикалық факторлардың тікелей байланысында емес, адамның көрген-білгені, ойға түйгені білімінің негізі болып табылады. Әр ұлттың, халықтың өмірлік тәжірибесі әртүрлі болғандықтан, ғаламның тілдік бейнесі де, сол қоғамда өмір сүрген адамдардың тәжірибесі де әртүрлі болады. Сондықтан тілдік тұлға ретінде олардың когнитивтік санасындағы ғаламның тілдік бейнесінде айырмашылықтар болады», – деп жазады [63, 263-б.].
Грамматикалық концептіде ұғымдық, когнитивті, мәдени, коммуникативті және грамматиканың тұрпаттық параметрлері түйіседі. Грамматикалық абстракциялар адамның бейсаналы сезімінде жүзеге асады, сол себепті грамматикалық мағына актуалды санаға тән емес, оны сипаттау үшін арнайы әдіснамалық негіз қажет. Грамматикалық ұғымдар бейсаналы сезімде болатындықтан, жаңа сөз, лексема тілдің заңдары бойынша түзіледі. Грамматикалық ұғымдар лексикалық концептосфераға үстеледі. Сол себепті қандай да бір сөз табына қатысты болмайтын сөз жоқ. Әр сөз не зат есім, не сын есім, не етістік ретінде танылады. Ендеше, тілдің грамматикалық құрамының концептосферасы адамның тілдік санасының ажырамас бөлшегі болып табылады. Әр тілдің жүйесі грамматикалық ойлаудың ерекше түрімен сәйкес келеді, ол грамматикалық концептілерге байланысты болады.
Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер адамның тілге бағытталған ментальді санасына жатады. Бұл – морфологияның ең негізгі ұғымдарын қамтыған сөйлеу-ойлау категориясы болып табылады. Морфологиялық категориялар морфологиялық бірліктер, сөздердің морфологиялық топтары көрініс тапқан ментальді мәнділік болып табылады. Бейсаналы сезімде орын ала отырып, морфологиялық концептілер сөйлеу әрекетін айқындайды, оларды белгілі бір құрылымға келтіріп, коммуникация үдерісінде грамматикалық тұлғалар ретінде көрініс табады. Морфологиялық концептілерінің ерекшеліктері – олар тілдің лексикалық жүйесі мен грамматикалық құрылымында айқындалады.
Әмбебап сипаттағы негізгі концептілерде категориалды мағыналар ғана көрініс табады, олар морфологиялық категориялардың мазмұнын танытады. Яғни әмбебап сипаттағы негізгі концептілер концептуалды жүйенің (ғаламның концептуалды бейнесінің) тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Адам білімі үнемі жаңа түсініктермен толығып, өзгеріп, байып отыратындықтан, ол тұрақты бола бермейді. Грамматикалық негізгі концептілердің тұрақтылығы не өзгеруге бейімділігі морфологиялық тұлғалардың мазмұнындағы өзгерістерге байланысты болады. Ол дискурс талаптары мен тілдің дамуы нәтижесінде пайда болуы мүмкін.
Бүгінде лексикалық мағынасы түсініксіз, көнерген сөздерге этимологиялық талдау жасауда грамматикалық концептосфера тұрғысынан морфологиялық концептілер жүйесі арқылы сөз мағынасын айқындауға болады: сөздің қай тұлғада, қандай сөз табы ретінде қолданылуына байланысты морфологиялық концептілер де, лексикалық бірліктер сияқты, сөз мағынасын айқындауда маңызды қызмет атқарады. Мәселен, бүгінде еңгезердей, дардай, мұнтаздай, жұрдай т.с.с. сөздердің құрамындағы жеке тұрғандағы мағынасы түсініксіз еңгезер, дар, мұнтаз, жұр сөздерінің зат есім екенін, -дай/-дей жұрнағы жалғану арқылы салыстыру мәні туып тұрғанын аңғаруға болады. Бұл – -дай/-дей жұрнағының консервациялау қызметіне байланысты. Сонымен қатар қосымша аффикс арқылы сөздің түп-төркінін, көнелігін анықтауға да болады. Алматы атауының жазылуы туралы сөз ете келіп, жұрнақтың -ты түрінде жалғану себебін А.Байтұрсынұлы былайша түсіндіреді: «...Образование имени прилагательного из имени существительного через прибавление к окончанию последнего твердой частички «ты» вместо современной «лы», «ды» свойственно тюркским языкам, в частности казахскому. При окончании «ты» в казахском языке является более древним, чем другие формы этого рода. Оно «ты» означает обилие или присутствие чего-нибудь, главным образом воды и растительности, животных и предметов потребления. Поэтому окончание «ты» чаще всего встречается в древних названиях урочищ. Примерами чего могут служит названия совр. урочищ и рек: «Чыдыр-ты» (вместо современного Чидер-лы), «Өлеңті (вместо современного Өлең-ды)», Калдыгай-ты (вместо современного Калдагай-лы)», Бұлдыр-ты (вместо бұлдыр-лы), Мойын-ты (вместо Мойын-ды) и т.д.
Подобные окончания урочищ сохранились во всех губерниях Казахстана, они особенно часто встречаются в Джетысуйской губернии, например, «Тобылгы-ты», «Бугыты» (название урочищ в Жаркентском уезде); «Соге-ты» (в Алма-Атинском уезде) «Ырғай-ты» и «Раут-ты» (в Талды-Курганском уезде)» [64, 32-б.].
Тіл мен сөйлесім әрекетін толық түсіну үшін лексикалық және грамматикалық концептілер бірлікте сипатталуы керек. Морфологиялық концептілер ментальді түзілім ретінде тіл құрылымында грамматикалық құралдар арқылы көрінеді. Бұл концептілер ментальдік концептілерде сипатталады. Қырғыз тілі мен орыс тілінің (соған сәйкес славян тілдері мен түркі тілдері) материалдары бойынша ұлттық ділдің тілдегі көрінісін сипаттауға арналған мақаласында профессор З.К. Дербишева қырғыз тілінде қимылдың өту сипаты аналитикалық тәсілмен сипаттама жолмен берілетінін айта келіп, вид категориясының орыс тіліндегі ерекшелігін былайша түсіндіреді: «Глагольная сущность всех славянских языков, в том числе и русского языка, прежде всего связана со специфической категорией вида, которая призвана характеризовать действие глагола с точки зрения его определенности или неопределенности. Эта грамматическая семантика делит все глаголы на два ряда противопоставленных друг другу форм: совершенного и несовершенного вида... Полагаем, что возникновение такой категории в славянских языках мотивировано необычайным семантическим разнообразием глагольной лексики. Это свойство в значительной степени связано с префиксами, которые способны выразить тончайшие оттенки движения всего сущего... В современной терминологии огромный массив приставочных глаголов объединяется в так называемые способы глагольного действия. С их помощью можно выразить «живописную палитру» проявления действия, связанную с пространственной ориентированностью со всеми видами направления движения; временной лимитацией действия с точки зрения его кратковременности, непродолжительности, длительности, бесконечности, фазовой детерминации действия (начало, конец); кратности, повторяемости, периодичности проявления действия, распределенности действия во времени и в пространстве, меры проявления действия (малая степень его проявления) или интенсивного проявления... И именно вид оказался той систематизирующей категорией, которая внесла упорядоченность в громадный глагольный «хаос», распределив их на основании определенности и неопределенности по видам» [65]. Ғалым тілдің грамматикалық құрылымы халықтың діліне ықпал ететінін айтады.
Тіл білімінде лексикалық концептілерге ерекше мән беріледі. Сөздер арқылы объективтенетін «лексикаларды топтастыруда сөйлеушілер үшін маңызды болатын концепт белгілері негізге (түрі, түсі, сапалық деңгейі) алынады. Концептілерді топтастыруға негіз болатын белгілер когнитивті жіктеуші деп аталады. Лексикалық концептілерге қарағанда, синтаксистік концептілер дерексіздігімен ерекшеленеді. Концептінің басқа түрлерімен салыстырғанда грамматикалық (морфологиялық, синтаксистік) концептілер аз зерттелген.
Қарым-қатынас жасау барысында, ойлау нәтижесінде адамдар санада қалыптасқан схемалар арқылы коммуникативті актіні жүзеге асырады. Дайын схемалар адамдардың коммуникативті құзыретін құрап, тұлғаны қалыптастыратын, сөйленіс әрекетін жүзеге асыратын маңызды фактор болып табылады. Қ.Есенова коммуникация сәтті болу үшін ақпараттың релеванттығы, тілдік норманың сақталуы, адресаттың қабылдау мүмкіндіктері, ақпараттың түсініктілігі мен жүйелілігі маңызды болатынын айтады [66, 12-б.]. Когнитивті схемалар дискурста белсенді түрде қолданылады. Сөйлесушілердің тілдік (коммуникативті) санасында сөйленіс коммуникациясының психикалық когнитивті схемалары негізінде түзілетін ая (сфера) болады. Коммуникация концепті – сананың ментальды және психикалық қорының мазмұнды бірлігі болып табылады, сол арқылы коммуникация түсінікті болып, тұлғаның сөйлеу дағдылары, білім-тәжірибесі көрінеді.
Синтаксистік концептілер жай сөйлемдердің құрылымдық схемаларында көрініс табады. Олар адамды қоршаған ортада жиі қолданылатын типті пропозициялық белгілері болып табылады.
Жалпы тіл білімінде Л.Талми, Н.Н. Болдырев, Н.А. Беседина еңбектерінде концептілердің морфологиялық құралдар арқылы берілу ерекшеліктері сөз болды. Л.Талми концептілердің грамматикалық тәсілдермен берілетінін сөз ете келіп, тілдің лексикалық және грамматикалық жүйесін өзара салыстырады. Ғалым әр жүйенің өзіндік қызметі болатынын айта келіп, тілді лексикалық құралдармен ғана беру мүмкін емес екенін ескертеді. «Когнитивті репрезентация» деген ұғымды енгізе отырып, ғалым сөйлеушінің сөзін тыңдаушы санасына әсер етуге бағытталған сөйлем түрінде көрініс тапқан, әрекет ретінде сипаттайды [67, 91-92-б.]. Тілдің лексикалық және грамматикалық жүйелері когнитивті репрезентацияны түрлі қырынан айқындайтынын ескертеді. Грамматикалық құралдар сөйлемде «лексикалық құралдар арқылы көрініс тапқан концептуалды материалдың концептуалды шеңберін, скелетін құрайды» [2].
Н.Н.Болдырев пен Н.А.Беседина [68] еңбектерінде морфологиялық репрезентацияның когнитивті ерекшеліктері тілдегі концептуалды мазмұнның берілу жолы ретінде сипатталады. Е.С.Кубрякова морфологияның таным үдерісімен тікелей байланысты болатынын ескертеді [69]. Ғалым тұжырымдарын негізге ала отырып, Н.Н.Болдырев пен Н.А.Беседина концептуалды мазмұнның морфологиялық категориялар арқылы құрылымдалатынын айтады [68, 4-б.]. Зерттеушілер іргелі концептілер бүкіл концептуалды жүйені құруда ерекше маңызды болатынын айтады. Түрлі тіл деректерінен жинақталған грамматикада көрініс тапқан концептілер тілдің когнитивті жүйесінде концептілердің схемалық негізін құрайды.
Ғалымдар морфологиялық жолмен берілетін концепт деген терминді енгізе отырып, оларды білім бірлігі және білім құрылымы ретінде сипаттайды. Н.Н.Болдырев пен Н.А.Беседина морфологиялық жолмен берілетін концептілерге былайша анықтама береді: морфологиялық тұлғалармен берілетін тілдегі әлемнің көрінісі туралы білім бірлігі, яғни энциклопедиялық білімнің тілдегі көрінісі, тілдік білім бірлігі [68, 5-б.]. Яғни концептуалды мазмұндағы (оның ішінде морфологиялық) тілдік құралдар адамның әлемді қалай, қандай жолмен танитынын, сондай-ақ болмыстық тілдің белгілі бір тұлғаларында қалай көрініс табатынын айқындайды. Ғалымдар морфологиядағы концептуализация деңгейін, «яғни морфологияда көрініс тапқан білімдердің түрліше құрылымдану тәсілдерін» сипаттайды [68, 6-б.].
С.А.Кошарная грамматикалық категорияның мәдени ақпараты болатынын айта келіп, грамматиканы ерекше лингвомәдени концепт ретінде саралайды [70]. Л.Талми, Н.Н.Болдырев, Н.А.Беседина, С.А.Кошарная еңбектерінде грамматикалық құрылымдармен берілетін концепт ұғымы функционалды-семантикалық бағытта сипатталған. Ғалымдар концептілерді саралауда олардың грамматикалық құралдармен берілу жолдарын негізге алады. Яғни болмыстың морфологиялық категорияларда көрініс тапқан мазмұндық жағы ескеріледі.
Морфологиялық категориялардың мәндері жалпы болады. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер белгілі бір тілдегі концептуалды мазмұн мен оның репрезентациялайтын көрсеткіштердің бірлігі ретінде морфологиялық категорияларға негіз болады. Бір концепт бірнеше морфологиялық категориямен репрезентациялануы мүмкін. Бұл тілдегі когнитивті құрылымдардың алуан түрлілігіне байланысты. Мысалы, «уақыт» концепті шақ және сыпат сияқты морфологиялық категорияларда репрезентацияланады.
Грамматикалық концептілер тіл туралы, ғалам туралы білімді сақтап, тілдегі қолданысын сипаттаумен қатар тілдік мағына қалыптастыруда да маңызды қызмет атқарады. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер тілмен етене байланысты болады, сол себепті олар вербалды концепт болып табылады.
Тілдік жүйе үшін маңызды болатын, ғаламның концептуалды бейнесін репрезентациялайтын концептілер морфологияда көрініс табады. Сондықтан негізгі сипаттамалар морфологиялық тұлғалар арқылы, басқа қосымша құралдардың көмегінсіз-ақ көрініс табады. Ал негізгі емес сипаттамалар тілдік репрезентацияның басқа деңгейлерін де қажет етеді. Морфологиялық категориялар мен әмбебап сипаттағы негізгі концептілер арасындағы қатынастар грамматикалық мағына мен тұлғалардың алуан түрлі болуына, сондай-ақ категориалды мағыналар үстеліп, күрделі грамматикалық тұлғалардың қалыптасуына ықпал етеді.
Тіл жүйесіне бағытталып, ғалам туралы білімдердің тілде көріну тәсілдерін бейнелейтін грамматикалық концептілер лексикалық жолмен берілетін концептілерге қарағанда, біршама тұрақты болып келеді. Сол себепті грамматикалық концептілер жалпыұлттық деңгейде стандарттауға бейім болады. Грамматикалық концептілердің тұрақтылығы олардың ғаламның концептуалды бейнесінің категориалды бөлігімен байланысты болуымен де сипатталады. Морфологиялық категориялардың бұл ерекшелігін Қ.Жұбанов та атап көрсетеді: «Тіл өзгереді, бірақ барлық саласы бір қалыпта өзгермейді. Грамматика құрылысы өте шабан өзгереді. Тоқтамай калейдоскоп сияқты өзгерсе, грамматика да болмас еді. Демек, грамматика дегеніміз – тілдің бір қалпының белгілі уақыт ішінде тұрақтауы, орнығуы. Осы арқылы ол дыбыс құрылысының өзгеруіне де кедергі болады. Сондықтан сөздер ұзақ замандар бойы дыбыс құрылысы жағынан бір-бірінен алыстап кетпейді. Бұдан олардың ұластығы байқалады» [2, 258-б.].
Категориалды мағына ғаламның концептуалды бейнесінің тұрақты компоненті болып табылады. Яғни әмбебап сипаттағы негізгі концептілердің мазмұны тұрақты мағыналардан құралады. Алайда категориалды мағыналардың бәрі морфологиялық жолмен беріле бермейді. Морфология жеке мағынаны білдірмейді, ол конструкция мүшесі ретінде оны қалыптастырып, белгілі бір концептуалды саламен байланыстырады.
Лексика мен грамматикалық жүйе өзара байланысты. Грамматика тілдегі құбылысты бейнелейді, ал лексикаға атауыштық, бейнелеуіштік қызмет тән. Бала бастапқыда нақты болмыс категориялармен таныса отырып, тілдік категориямен танысады. Грамматика болмыспен тікелей байланысты болмайды, сан, шақ грамматиканың категориялары нақты категориялармен сәйкес келмейді, грамматика тілдің ішкі құрылымына қатысты болады, ол реляциялық сипатта. Осыған байланысты С.Исаев былай дейді: «Ең алдымен, грамматикалық мағына – лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда, грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақстына қарай оған әртүрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әртүрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанмен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория ұғымына қатысты, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады» [25, 18-б.].
Морфологияда морфологиялық категориялар мен тұлғаларда көрініс алған концептуалдау тәсілдері мен жолдары айқындалады. Морфологиялық концептуалдау жолдары мен тәсілдері тілдің онтологиясына байланысты болады. Себебі морфология тілдік репрезентация заңдылықтарының концептуалдану құралы болып табылады, ол синтаксиспен бірлікте тілдің ішкі мәні мен қолданыс ерекшеліктерін айқындайды. Яғни морфологиялық тұлға синтаксистік құрылымның элементі ретінде мағына түзуге қатысады.
Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер жалпыұлттық деңгейде қалыпқа түседі. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілердің мазмұны барынша жалпылық сипатқа ие. Ол морфологиялық және лексика-грамматикалық мағыналарға негіз болып, семантика мен синтаксистің байланысын айқындауда маңызды қызмет атқарады. Сөйлесім әрекетінде нақты мағыналарды қалыптастыру үшін морфологияның мәні зор. Концептінің екі жақты сипатына байланысты грамматикалық концептілерді былайша сипаттауға болады: ол – бір жағынан, морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер арқылы берілетін концептуалды деңгейдегі категориалды бірліктер (уақыт, сан т.с.с.) болса, екінші жағынан, морфологиялық категориялардың қалыптасуына негіз болып, нақты грамматикалық мағыналар (грамматикалық шақ, көптік жалғау, рай т.с.с.) түзетін концептілер.
Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер әр тілде түрліше көрініс табуы мүмкін. Лексикалық, фразеологиялық жолмен берілетін концептілермен салыстырғанда, грамматикалық концептілер тілдің ғаламды қалай бейнелейтінін көрсетіп, тілдің ішкі құрылымына қатысты болады. Ендеше, әр тілдің грамматикалық жүйесі мен концептуалды жүйесі әмбебап сипаттағы негізгі концептілер жиынтығында көрініс табады.
Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер жіктеушілік сипатта болуы мүмкін, ол тілдің көмегімен санада түзіледі. Грамматикалық концептілер морфологияның концептуалды кеңістігін құрап, ғаламның концептуалды бейнесінің маңызды жақтарын көрсетеді. Онсыз ғалам туралы ойлап, ғалам бейнесін түзу мүмкін емес. Бір жағынан, олар морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер арқылы берілетін концептуалды деңгейдегі категориалды бірліктер болса, екінші жағынан, нақты морфологиялық категорияларының қалыптасуына негіз болған және нақты грамматикалық мағына түрінде сипаттайтын концептілер болып табылады. Біріншісі – морфологиялық құралдармен берілетін мәдени концептіге қатысты болса, екіншісі – морфология саласындағы концептілер, яғни морфологиялық ұғымдарға негіз болған түсініктер. Мұндай (екіншілік деңгейдегі) концептілер санамен тікелей байланысты болады және олар тіл жүйесіне бағытталған, тіл арқылы санада қалыптасқан классификациялаушы (жіктеуші) концептілер болып табылады. Түрлі тілдердегі грамматикалық концептілер түрліше болуы мүмкін. Әмбебап сипатты негізгі концептілер белгілі бір тілдің концептуалды мазмұн мен тұрпат межелерінің бірлігінен құралып, морфологиялық категориялардың қалыптасуына негіз болады.
Грамматикалық концептілердің мазмұны өте жалпы (абстрактілі) болады. Тілде морфологиялық тұлғалар арқылы берілетін грамматикалық мағыналар дерексіз сипатта болады. Грамматикалық мағынаның өзіндік сипаты туралы К.Аханов былай дейді: «Грамматика сөздердің бір-бірімен қатынасын білдіреді. Ол қатынас (отношение) – белгілі бір сөздердің нақтылы қатынасы емес, ешбір нақтылығы жоқ грамматикалық қатынас. Бірақ грамматика қатынасқа қана сүйеніп қоймайды, сонымен бірге мағынаға да сүйенеді. Бұл арада лексика мен грамматиканың арасында мынадай айырмашылық бар: лексикада мағына категориясы (категория значения) ең басты орынға, қатынас категориясы (категория отношения) кейінгі орынға ие болса, грамматикада ең алдымен қатынас категориясы, содан кейін ғана барып мағына категориясы мәлім болады. Бұған қоса, лексикадағы мағына категориясы грамматикадағы мағына категориясымен сәйкеспейді. Грамматикалық мағынаның лексикалық мағынадан басты айырмашылығының бірі сол, грамматикалық мағына логикалық ұғыммен ұштасады да, шындық өмірдегі заттармен тікелей ұштаспайды. Ал лексикалық мағына логикалық ұғыммен де, шындық өмірдегі заттармен де арақатыста болып, екеуімен де ұштасады. Грамматикалық жалпылау (обобщение) логикалық категориялармен өзара қарым-қатынаста болатын белгілі бір грамматикалық категорияларға негізделеді. Ал грамматикалық категориялардың өзі де – абстракцияның жемісі» [71, 25-б.].
Грамматикалық концептілердің мазмұнын құрайтын мейлінше жалпыланған, дерексіз концептуалды сипаттары әрі қарай нақтылауды, талдауды қажет етеді. Сол себепті грамматикалық концептілерге гештальттік сипат тән. Әмбебап сипаттағы негізгі концептілердің мазмұны морфологиялық репрезентацияда басқа факторлармен байланыста айқындалады.
Әмбебап сипаттағы негізгі концептілер морфологиялық категориялардың қалыптасуына негіз болып, морфологиялық көрсеткіштердің мағынасын нақтылайды, оларды белгілі бір категорияларға жіктейді. Грамматикалық концептілер – ғаламның тілде бейнеленуін білдіретін морфологиялық көрсеткіш арқылы берілген білімдер бірлігі, яғни энциклопедиялық білімнің тілдегі көрінісін сипаттайтын тілдік білімнің бірлігі. Н.Уәли ғалам бейнесі (дүниенің бейнесі – Н.Уәли) кеңістік: жоғары-төмен, оң-сол, алдыңғы жақ-артқы жақ (маңдай тұс-арқа тұс), алыс-жақын, оңтүстік-солтүстік, шығыс-батыс, оңтүстік шығыс-солтүстік шығыс, солтүстік батыс-оңтүстік батыс; уақыт: күн-түн, жаз-қыс, көктем-күз т.б.; сандық, сапалық өлшемдер, мөлшерлер т.б. арқылы берілетінін айтады [7, 51-б.].
Морфологиядағы концептуалдау бірнеше деңгейде жүзеге асады. Морфологиядағы концептуалдау – морфологияда көрініс тапқан білімнің құрылымдалу жолы. Олар алдымен сентенционалды деңгейде, сөздердің лексика-грамматикалық топтарында айқындалады. Ол іштей әркелкі сипаттағы сөздердің лексика-грамматикалық топтары мен морфологиялық категорияларға негізделеді.
Грамматикалық зерттеулер когнитивті үдерістерді ескеруді қажет етеді, грамматика дербес, оқшау жүйе ретінде сипатталмайды. Морфология лексика мен синтаксиспен өзара бірлікте болады. Морфологияның ерекшелігі – тілдік білімді репрезентациялауына байланысты, оның тіл жүйесіндегі қызметі – семантика мен синтаксисті байланыстыру. Сол себепті морфологиялық категориялар синтаксис деңгейінде айқындалады. Е.С.Кубрякова еңбектері арқылы морфологияның когнитивті аспектілерін зерттеудің негізгі бағыттары қалыптасты [72]. Ғалым морфология «синтаксис үшін қызмет ететінін» айта келіп, грамматикаға когнитивті сипат тән екенін ескертеді. Яғни грамматика таным үдерісімен тығыз байланысты.
Әмбебап сипаттағы негізгі концепт термині екі түрлі мәнде қолданылады: біріншіден, ол тілдің морфологиялық құрылымды білдіретін ментальді сананың бірлігі болса, екінші жағынан, морфологиялық концептілер сипатталатын ғылымның ұғымдары.
Әмбебап сипаттағы негізгі (ядролық) концептілер морфологиялық репрезентацияның когнитивті негізін құрайды. Тілдік деңгейде морфологиялық категориялар мен тұлғалар қатысып, тілдік білімдер мен тілдің ғаламды қалай бейнелейтіні туралы білімдерге негізделген білімдердің құрылымдарын репрезентациялайды. Грамматикалық концепт дегеніміз – қауымдастық санасында қалыптасқан, морфологиялық құралдар арқылы берілетін қарапайым түсінік, ментальді мән. Грамматикалық концептілер – мазмұн және тұрпат межесі бар грамматикалық жүйе бірлігі болып табылады. Мазмұн межесі ойлаудың түрлі формаларына, концептуалдауға, сондай-ақ сөйленістегі сөздердің түрлі коммуникативті қызметіне байланысты болады, ал тұрпат межесі грамматикалық категориялар, көрсеткіштер арқылы көрініс табады. Морфологиялық категориялар мен көрсеткіштер концептуалды мазмұнның құрылымдалу тәсілі болып табылады. Морфологиялық репрезентация концепт қалыптастыратын тұрақты элементтерді, маңызды бөлшектерді айқындауға мүмкіндік береді. Грамматикалық концептілер концептуалды мазмұн мен репрезентацияланатын тұлғалардың бірлігінен құралады. Грамматикалық концептілер жеке, дербес қолданылмайды, ол дайындықсыз сезімде орналасқан, санада ғана жалпыланады. Грамматикалық концептілер тілдің грамматикалық құрылымында объективтеніп, осы тілдегі шығармаларда көрінеді.
Терминдердің ала-құлағын тудырмау мақсатымен морфологиялық концепт және метаконцепт атауын қолданамыз. Морфологиялық концепт – тілдің морфологиялық құрылымын айқындайтын ментальді сананың бірлігі, екіншіден, бұл – морфологияны ғылым ретінде сипаттайтын ұғым. Яғни морфологиялық концептілер метатілдік морфологиялық концепт ретінде грамматикалық терминологияға енеді. А.Байтұрсынұлы сөз таптарына берген анықтамасында морфологиялық концептінің метатілін пайдаланған: «Демеу дегеніміз – екі сөздің арасын, яки екі сөйлемнің арасын жалғастыруға демеу болатын сөздер немесе кей сөздер жалғау орнына жүреді һәм жалғаулар сияқты басқа сөздердің шылауында тұрмаса, өз алдына мағына шықпайды. Сондай сөздерді жалғаулық дейміз» [52, 54-б.]. Яғни ғалым сөз таптарын логикалық тұрғыдан ғана сипаттамай, грамматикалық талдауларға иек артқан.
Тіл білімінде тіл-нысан мен метатілдің арақатынасы үнемі талас тудырып келеді. Тіл-нысан – нақты адамзат тіліне қатысты болса, метатіл – «екінші деңгейдегі» тіл болып табылады, онда нақты тіл лингвистикалық зерттеу нысаны болып табылады. Яғни сипатталатын тіл – тіл-нысан, ал сипаттайтын тіл – метатіл. Тіл-нысан және метатіл морфологиялық және метатілдік морфологиялық концептілермен сәйкес келеді. Тіл-нысан мен метатілдің арақатынасы өте күрделі, сонымен қатар жалпы тіл ұғымы да бар. Тілмен салыстырғанда, тіл-нысан ұғымы өте күрделі. Нысан ретінде тіл адамның оны қалай қабылдағанына қарай сараланады. Тіл зерттеу барысында нысан-тілге айналады: ол талдауға түсіп, метатілдік бірлік ретінде көрініс табады. Тіл құрылымында объективтенген морфологиялық концептілер метатілдік концептілер арқылы айқындалып, сипатталады. Нақты морфологиялық концептілер мен метаконцептілердің арақатынасын айқындау – өте күрделі мәселе. Метатілдік концептілер морфологиялық концептілердің тасымалдаушысы (интерпретанты) болып табылады. Олар тілде объективтеніп, лингвистикалық концептосферасының элементтеріне айналады. Сондықтан белгілі бір морфологиялық концептіні айқындау, бір жағынан, морфологиялық концептілерді ментальді мәнділік ретінде тануға бағытталса, екінші жағынан, зерттеушінің грамматикалық концепциясына байланысты болады. Біріншісі терминнің объективті жағын құраса, екіншісі концептуалды жағын құрайды.
Тіл құрылымында айқындалып, объективтенген морфологиялық концептілер метатілдік концептілер лингвистикалық ұғымдар арқылы сипатталады. Ол грамматикалық теориялардың даму барысында қалыптасып, ғылыми зерттеулерде, грамматикаларда қолданылады. Морфологиялық концептілер сөйлесім әрекетін реттеп, тілде көрініс табады, ал метатілдік концептілер лингвистикалық зерттеулерде тілдік құрылымдағы морфологиялық концепт ретінде сипаттайды. Метатілдік морфологиялық концептілер грамматикалық теориялардың дамуы барысында қалыптасып, терминологияда бекіп, ғылыми зерттеулерде, грамматикаларда қолданылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет