Жұбан ауылдық кітапханасы



Дата08.07.2016
өлшемі68.72 Kb.
#185714
Жұбан ауылдық кітапханасы

Құрайлысай ауыл әкімшілік округінің орталығы.

Аудан орталығы Чапаев ауылынан шығысқа қарай 67 шақырым қашықтықта, Жайық пен Өлеңті өзендерінің аралығында Құрайлысай ауылы орналасқан.

Солтүстік және шығысында Теректі ауданымен Оңтүстікте Қаратөбе, батыста Есенсай округімен шектеседі.

Округке қарасты Құрайлысай, Әтібек, Сайкұдық ауылдық кітапханалары, мәдениет үйі, екі орта, бастауыш мектеп, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік пункт бар.



Жұбан ауылдық кітапханасы мәдениет үйі ғимаратының 40 кв.м көлеміне орналасқан.

Бүгінде Ақжайық ауданы, Жұбан Молдағалиев атындағы ауылда мәдениеттің бірден-бір көзі, ошағы, ақпараттың ордасы болып отырған Жұбан ауылдық кітапханасы бар. Жұбан Молдағалиев (қазіргі) сол кездегі Киров колхозында 1959 жылы алғашқы «қызыл бұрыш» ашылады. Қызыл бұрышта 500 дана кітап қоры болған. Алғашқы мәдени ошақта Адайбаева Насиха 1961 жылға дейін жұмыс істеген.

1961 жылы Киров колхозы біріктіріліп Өлеңті совхозы құрылған. Сол жылы орталық клуб салынып, оның жанына кітапхана ғимараты орналасты. 1961 жылы наурыз айында Н.Адайбаевадан Қанымзия Мамбешова қабылдап алып, кітапхана жұмысын жандандырған. Көптеген үйірмелер ашып, көпшілік шараларды өз деңгейінде өткізіп отырған. Бұған дәлел Қ.Мамбешованың өткізген шаралары, көпшілік ортада болғандығы халықтың жадында сақталады.

1962 жыл. (Фото суретте) Қ.Мамбешованың құрбыларымен үгіт бригадасына бет алған сәті.

1964 жылы Қ.Мамбешованың басқа жаққа көшуіне байланысты кітапхананы ауыл тұрғыны жоғары білімді маман Дәулетова Мағия алады. Ауыл тұрғындарына кино қою, насихат жұмыстарын ұйымдастырумен қатар, мәдени демалыс ұйымдастыра білетін М.Дәулетова істеген сәттерден-ақ кітапхана жұмысын одан да жандандыра түсті. Ол ауыл тұрғындарына алдымен әншілігімен ұнады. Сонымен қатар ол ауыл жастарын сахнаға пьеса шығаруға ұйымдастырды. Ол өз жұмысын атқара білген, әр ісіне талап қоя білген бірден-бір адам. 1966 жылы Д.Мағия Калмыково селосына кетеді. Ол сол жерде кітапханада істеп, зейнеткерлікке шықты.

Даму қарқындап келе жатқан аулымыздың кішкене мәдениет ошағын 1968 жылдан бастап клубтың көркемдік жетекшісі әуесқой композитор сазгер Жасталап Қуанғалиев (суретте) басқарды. (клуб меңгерушісі) Ол «Бозторғай» сынды әндердің авторы. Мәдени шараларды ұйымдастыру барысында қоғамдық істерге белсене үлес қосты. Көп уақыт шәкірттер тәрбиелеуде ұстаздық қызметін атқарып, бүгінгі таңда зейнеткерлік демалыста.

Осы жылдары жұмыс істеген адамдардың бәрі де өз деңгейінде қызмет атқарған, ауылымыздың көркеюіне саналы ұрпағымыздың өсуіне өз еңбектерін сіңірген жандар. Кітапхана жұмысына қызыға кірісіп, ол кездің бітпейтін науқандық жұмыстары, жауынгерлік беттер жастық жігерін жани түсті. Ол заманның өзіндік қатты талабы да болатын. Соның сынына шыдап, көңілдерінен шығып отырды. Жұмысқа орналасқан алғашқы сәтте кітапханада ауыл парткомы Жұмабай Қожахметов кезекті жұмыс жөніндегі отырысын өткізді.

Осы жылдар аралығында М.Қуанғалиева, А.Нығмалова кітапханада қызмет істеп өз үлестерін қосты.

1972 жылы жұмысқа кіріскен Таня Жапашева кітапхана жұмысын ала жүре 1975 жылы Ақтөбе мәдени ағарту училищесінің кітапханашы мамандығы бойынша бітіріп арнаулы орта білімі бар маман болып қызметін жалғастырды.

Сол кезде кітапхананың 4900 дана кітап қоры болып,

І.Есенберлиннің «Алмас қылышы», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», С.Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» қолдан-қолға өтуші еді. Осы шығармаларға кітапханада оқырман конференциясын, пікір алмасулар көптеп өткізілді.

Бертін келе Мұхтар Шахановтың шығармалары оқырмандарды бір серпілтті. Оның «Танакөз» романы талай жастың сезімін оятты. Онымен қатарлас Мұқағали Мақатаевтың жырлары жастар санасынан орын алды.

Василевскийдің «Дело всей жизнь» мемуары, Истеменконың «Бас штаб соғыс жылдарында» романдары да өзіндік оқырманы бар шығармалар болды.

Құрайлысай ауылдық кітапханасында да еліміздегі барша кітапхана саласында саясатты, халық ахуалын т.б заман ағымына қарай кітапханалық шаралар арқылы тұрғын халыққа, оқырмандарға үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.

1978 жылы Құрайлысай ауылында мәдениет үйі салынып, ішінде кітапхана бөлмесімен 9 мамыр күні ашылу салтанаты болды.

Бүгінгі таңда кітапханадағы кітап қоры балаларға арналған әдеби кітаптар, батырлар жыры,Ұлы тұлғалар туралы әдебиеттермен толығып келеді.

Т.Жапашева өз жұмысымен қатар қоғамдық жұмыстарды да қатар алып жүреді. «Қазақ тілі қоғамының төрайымы», «кітап құмарлар қоғамының төрайымы», «әйелдер кеңесінің төрайымы» сынды жұмыстардың үнемі басында болды. 1989 жылдан 1991 жылға дейін аудандық «Ленин жолы» газетінде штаттан тыс тілші болды. «Ақжайық» газетінің Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арнап ұйымдастырған шығармашылық жарысына қатынасып «Қайран біздің әжелер арды ойлаған» атты әңгіме бойынша жүлделі ІІ орынды иемденіп, марапаттауға ілікті. (суретте)

Аудандық «Ленин жолы» газетінің 1990 жылғы 5 маусымдағы санында газеттерге берген мақалаларындағы шығармашылық еңбегін мадақтаған «Қаламымен үлес қосып» атты мақала шықты. (суретте)


1991 жылы совхоздың құрылғанына 30 жыл толуына байланысты үлкен шара өтті. Осы шараны аудандық «Ленин жолы» газетіне «Жастары бар өнерпаз» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Осы мерекеге байланысты ауылдың көптеген азаматтары Ауданның құрмет грамотасымен марапатталды.

1991 жылы кітапхана ісінде атқарған жұмыстары көзге түсіп «Құрайлысай селолық кітапханасының іс-тәжірибесінен» (суретте) және «Жақсы іс баршаға» атты әдістемелік кітапша шығарылып таратылды.

/Даумов С. Қаламымен үлес қосып.- /Т.Жапашева туралы //Жайық таңы.-1991.-12 маусым.-б.3

Ғазизқызы Ж. Ауылдағы аяулы ана.- /Т.Жапашева туралы//Жайық таңы.-2001.- 6 казан.-б.2/

2003 жылы «Орал өңірі » газетінде апайдың өмір бейнесін, еңбегін зерделеген «Ауылдағы аяулы ана» атты мақала (суретте) шықты. Мақала авторы Ж.Ғазизқызы.

2004 жылы Құрайлысай ауылдық кітапханасында «Кітапхананы жарнамалау» тақырыбында аудандық зерделі кеңес өтті. Кеңестің осы ауылдық кітапханада өтуі де кітапханашының кітапхана саласындағы елеулі еңбегі ауыл тұрғындары арасында ғана еленіп қоймай, аудан аумағындағы кітапханалардың ішіндегі озығы және кітапхана ісіндегі жаңашылдықты енгізуде өз үлесін қосып келе жатқан кәсіби маман.

2005 жылы облыстық Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастырған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ауыл кітапханалары арасында өткізілген «Ауыл энциклопедиясы-Шағын Отан» тақырыбындағы сайысқа қатынасып жүлделі екінші орынға ие болды.

2006 жылы кітапханашылар күніне орай кітапханашының еленіп жүрген еңбегін дәріптеуде, кітапхананың көне көз маманы ретінде құрметтеліп марапатталды.

Т.Жапашева «Әр кітап өз оқырманын табуға тиіс» деген ұранмен жұмыс істейді. Осы бағытта кітаптардың ұсынба тізімін жасап оқырмандарға таратып отырды.

«Өзіңді өзің тани біл», «Тарихыңды тани біл», «Жас маманға», «Жаңа кітаптар» деген ұсынба тізім әр маманға ұсынылуы дәстүрге айналған.

Кітапханада «Жерлестер жырлайды» кітап көрмелері ұйымдастырылды. Кітапхананың бүгінде көптеген тұрақты оқырмандары тарихшы Т.Жауынбаев, зейнеткер Ш.Жапаров, жас оқырман Дидар Гайсин. Олар кітапханамен үнемі байланыста болады. Жоғарыда аталған оқырмандар кітапхананың ұйымдастырған «Үздік оқырман» оқырман бенефисінің 2007 жылғы «Көп оқитын басшы», «Білгір тарихшы», «Ең жас оқырман» т.б номинацияларының иегерлері.

Осы орайда Тәуелсіз еліміздің болашағы - білімді жастар қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту, экономика және экология, денсаулық және спорт жаңалықтарымен танысуда. Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа әлемдегі Жаңа Қазақстан» атты жолдауын талдап, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға өз үлестерін қоспақшы. Кітапхана алда да іс-шараларды жоспарлап, елбасының халыққа жолдауын қуаттай осы бағыттарды жүзеге асыруда жұмыстануда.

Кітапханада қонақта
Сан түрлі ақын-жазушылар тоқтаған бұл кітапхананың сырлы шежіресі тереңнен тамыр тартқан. Әр жылдары кітапханаға көптеген ақын-жазушылар аялдады. Солардың ішінде Берқайыр Аманшин, Б.Соқпақпаев, Сұлтан Қалиев, А.Бақтыгереева, Қ.Мырза Әлі, Әкім Тарази, С.Жиенбаев, Ы.Боранбаев, С.Еркебаев олармен қатар жерлес ақындарымыз Ж.Молдағалиев, С.Сейітовтар (суретте) туған жерге жиі оралып, кітапханада өткізілген шараларға қатысып мән беріп отырған.

Сағынғали Сейітов Құрайлысай ауылында дүниеге келген. Ақын, әдебиетші филология ғылымының кандидаты. Ұлы Отан соғысына қатынасып, «Қызыл жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Орта мектепке арналған оқулық авторларының бірі. Бірнеше өлең жинақтары бар. Сағынғали аға туған жерге үнемі жүрегі бұрып тұратын азамат еді. Ол туған ауылында бірнеше болып олармен сұхбаттасып, «Елге келсем, бір баламын» деп жүретін.



Туған жер- тәрбелейін, тебіренейін,

Шығайын шыңдарыңа, өрмелейін,

Халқымның құдіретіне құлдық ұрып.

Басымды жеткізейін жерге дейін –деп халқының алдында кішілік танытып жүруші еді.

Сағынғали ағаға арналған әдеби кештер көптеп өткізілді. Рухына табынып, шабытына шабыт қосып, ақындығын пір тұтып, өлеңдерін жаттап өскен ауылымыздың жастары, кітапхананың тұрақты оқырмандары былай деп жырға қосты:



Тербеткен дүниені жырыменен

Талантымен өргізген сиқырлы өлең

Жұбан аға,қазақтың біртуары

Жас дарындар өзіне пір ғып жүрген.

Тыңдашы мені! Жұбан аға!

Талдашы балғын жырымды ұға

Дем беріп қолдап рухыңмен биік,

Жетеле мәңгі ұрпақты алға!
Тәтібай Сұлтанғалиев – Жұбан ауылының көркеюіне еңбек сіңіріп, мәдениет саласының гүлденуіне де үнемі үлкен колдау көрсеткен ауылдың ардақты азаматы. Кішіпейіл, қарапайымдылығымен ауылдастар арасында сыйлы болған ол, жерлес ақын Жұбан Молдағалиевтің Біздерміз,Тәке,Тәтібай!» өлеңінің кейіпкері. Кейін Тәтібай Сұлтанғалиевтің құрметіне ауылымызда көше аты берілді.
1990 жылы Жұбан Молдағалиевтың зайыбы София апай ұлдарымен, ақын С.Сейітовпен Жұбан ағаның туған топырағына келіп ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ауыл тұрғындарымен еске алу кешін өткізді. Сол кезде С.Сейітов «Жетпісіне жеткізе алмай Жұбанды, Көзіме жас шыланды.

Қандығымда туса деймін, Жұбандай ұланды»-деп туған халқына арнау айтқан.



Қазіргі таңда 12824 кітап қоры, 804 оқырманға қызмет көрсетуде. (2012 жылдың қорытынды көрсеткіші бойынша).




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет