ЖЕҢіс сарбазы



Дата26.02.2016
өлшемі460 Kb.
#27619
ЖЕҢІС САРБАЗЫ

Соғыс басталғанда небәрі 17 жаста едім. Мектепте оқып жүрген кезім. Бұл зұлмат күн барлық шаңырақты шарпып жатты. Біздің отбасымызға да оңай соқпады. Се­бебі, қан майданға алдымен Мәлік ағам аттанды. Онан кейін мен кеттім. Бірақ барлық жанға қасірет әкелген соғысқа өзім сұрандым. Өйткені, менің санамда елімді, жерімді жаудан аман алып қалу ғана тұрды. Отбасымды жасы келген әкем мен ағама табыстап осылайша кете бардым, – деп Әбдірауық ата әңгімесін әріден бастады. Әбдірауық Сатыбалдиев 1925 жылы Қармақшы ауданының, Бозарқаш ауылында шаруа отбасында дүниеге келеді. Мектеп есігін Бидайкөл ауылында ашып, ағасының қолында оқиды. 1938 жылы 6-8 сыныптарды Бозарқаш ұжымшарында оқып, 9 сыныпты 20 шақырым жердегі Бестам мектебінен бітіреді. Сол уақыт 17-ден 18 жасқа қараған шағы болатын. Нағыз асыр-салып жүретін бозбалалық кезең еді. Бірақ ойын-сауыққа мойын бұрғызбады. Себебі, соғыс деген ұлы сұрапыл елге жетіп, жау жағадан ала бастаған болатын. 1942 жылдың аяғында 4 рет әскер қатарына шақырылып, 9 сыныптық білімі бар уыздай жас 1943 жылы қаңтар айында Совет армиясының қатарына қабылданады.

Әскер қатарына алынған Ә.Са­ты­­балдиев алдымен Сара­тов қала­сына келіп, ол жерде коман­дирлер даярлайтын жеделдетілген 3 айлық курста оқиды. Онда қару-жарақтар жайлы, оның ішінде зеңбіректі қалай ату керек, қалай команда беру керектігі турасында үйреніп шығады. Курсты тәмамдаған оған сержант атағы беріледі. Өзінің жү­ріп өткен жолын, жан беріп, жан алысқан, нағыз майданға араласқан тұсын соғыс ардагері былай еске алды.

– Волга өзенінен Саратов қала­сына келгенде қар қалың болды. Алдымызда 12 қатар эшелон тұр. Бұл Қиыр Шығыстан соғысқа бара жатқан солдаттар екен. Ең алдымен жолды ашу үшін сол жердің қарын күредік. Ал эшелондар соғысқа аттанып кетті. Бізді осы жерде іріктей бастады. Мен 3 айлық курсқа кетіп, оны бітірісімен қайтадан эшелонға мініп, Ленинград қаласына келдім. Онда 76-артиллерияның бір бөлімшесіне командир болып, Ленинградты қорғадым. Бұл менің қан майданға алғаш араласуым еді. Бірақ сол жерде жараланып, бастан соққы алдым. Соққыны қатты алғандықтан басымның 3 жеріне операция жасады. Бір жарым айдай емделіп, 1944 жылы ұрыс даласына қайта келдім. Ол жерде 358-дивизия құрамында болып үлкен шабуылдарға қатыстым.

Ауыр күндерді күрсіне айтқан қария бұл шабуылда Острогонск, Воронеж, одан әрі Балтық бойы, Латвия, Эстония, Литва, Молда­вия жерін жаудан босатуға атса­лы­сады. Бұл кезде атты әскер кава­ле­риясының құрамында болған ол осы жерде аға сержант шенін ием­денеді. Мұнан соң 1945 жылы Воронеж облысы Острогожен қала­сына келеді. Мұнда судан атпен өту, қару-жарақты пайдалану тәсілде­рін меңгереді. Жеңіс туының жел­бірегенін Ригада жүргенде естіпті.

«Соғыс аяқталғанымен мен елге бірден қайтпадым. Өйткені шілде айында 25 мыңдай солдатты қару-жарақ, аттарымызбен бірге қызыл вагонға мінгізіп, жан-жағымызға қаратпастан суыт алып кетті. Қайда бара жатырмыз, не істейміз, ешкім ешнәрсе айтпады. Мен бір вагондағы солдаттардың командирі едім. Араға бірер ай салған соң эшаелонымыз Жосалы теміржол стан­циясына келіп тоқтады. Мұн­да азық-түлік, аттарымызға жем-шөп алып қайта кете бардық. Бір­неше күн жүріп, Алматы, одан Се­мей, Новосібірден тесік таулар-ту­нельдер арқылы Монғолияның Қы­зылқұмына өттік. Моңғолияда Хайлар деген қала бар, соны босату біздің міндетіміз екен. Сол жердегі генералдар, маршалдар азаматтық киіммен жүрді. Тамыз айында Қиыр Шығыстың армиясы ар жағынан, бер жағынан біздің дивизия Жапон самурайларын қоршауға алып, 9-10 күнде оларды қолға түсіріп соғысты аяқтадық».

Өз елін жаудан азат етіп, одан соң Моңғолияны қорғаған қа­рия мұнан кейін Ташкентте 1 жыл болады. 1947 жылдың шіл­де ай­ында, Түркіменстан Республи­ка­­сы­ның Кушка, Термез, тамыз ай­ында орталық қаласы Ашхабадқа орналасады. 1948 жылы бұл жерде үлкен жер сілкінісі орын алады. Түннің бір уағында болған оқиға кезінде жердің солқылынан казарма құлайды. Әбдірауық ата үйінді астынан әупірімдеп шығады. Жан-жаққа бытырап қашқан адамдар, құлаған үйлер ақсақал үшін соғыс­тан да қатты әсер етеді. Себебі, 1932 жылғы ашаршылық, онан кей­ін 1936-1937 жылы қуғын-сүргін се­кілді нәубетті жылдардың куәсі болған ол үшінші мәрте адам басына түскен тағы бір зауалды бастан кешті. Яғни, сол күнгі жер сілкінісі кезінде Ашхабад қаласында бәрі тегіс құлап, 160 мың адам тамның астында қалған екен. Бұл күндерді қария адам баласының басына тілемейді.

«Мұндай қияметті ешкімнің ба­сы­на бермесін. Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама жанды жылатты, қан­шама жанды әкеден, бауырынан айырды. Мен де ағамнан көз жа­зып қалдым. Ауылдан соғысқа аттан­ғанда 37 адам кетіп едік. Олардың ешқайсысы да қайтпады. Мен ғана елге 1949 жылы 7 жыл дегенде аман-есен оралдым. Қазір шүкір, еліміз егемендік алып, кейінгі жас­тар бейбіт заманда өмір сүруде. Әр­дайым бейбітшілігіміз баянды болғай. Аталарының көрген нәубет күндерін ұрпақтарым көрмесе екен», – деп күрсінді ардагер.

Соғыстан кейінгі уақыт тұралап қалған ел үшін ең ауыр жылдардың бірі болды. Жоқтан бар жасап күн кешкен халықтың тұрмысы да нашар болғаны белгілі. Елге келісімен Ә.Са­тыбалдиев жұмыс жасап, ел әлеуетін көтеруге атсалысты. Ау­дан орталығында жүргенде әуелі ау­дан­дық атқару комитетінеде бо­лып, комитет төрағасының қол­дауы­­мен депутаттыққа өтеді, жұ­мы­сы да жауапты еді. Мәскеу мен Алматыдан келген қаулы­лар­ды тіркеп, оның жүзеге асуын ба­қылайтын. Жұмысын тыңғы­лықты істеген оған 1950 жылы аудан­дық партия комитетінің бі­рін­ші хатшысы Сейділда Оспанов хабар­ласып, колхоздарды ірілендіру жұ­мы­сына көмектесуін сұрайды. Қария еш бас тартпастан бел шешіп кіріседі. Сөйтіп жүріп кешкі жас­тар мектебіне түсіп, аттестат ала­ды. Мектепті бітірісімен 4 айлық курста оқыды. Әбдірауық ата мұ­ны­мен тоқталып қалмай Мәс­кеу университетінің статистика факуль­тетіне сырттай түсіп, экономист мамандығын алады. 37 жыл аудан­дық статистика басқармасын бас­қарды.

– Аудандық статистика басқар­масын басқарған 37 жыл ішінде небір қиындықтар болды. Тұрақты отыратын ғимараттың болмауынан көшіп қонып та жүрдік. Сонда да жұмысымда қалыс қалу болмады. Бензин таситын машиналардың үсті­не мініп жүріп, ауылдарға тексеруге баратынбыз. 1960 жылдары елде жағ­дай түзеле бастады. Көлік те, ғимарт та болды. Тіпті 1982 жылы мем­лекеттік статистика органы қайта құрылып, көзбояушылыққа жол бермейтіндей құқыққа ие болдық. Дегенмен, қандай жағдай болса да кез келген санның турасын көрсетіп отырдым. Өйткені, жалған есеп адамды орға жығады. Менің айтарым, қандай жағдайда да өз ісіңе адал бола білуің керек. Сонда ғана сен жақсы жетістікке жетесің, – дейді Әбдірауық ата.

Соғыс кезіндегі де, бейбіт өмір­дегі де еңбегі елеусіз қалмады. Май­данда көрсеткен ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының І, ІІ дәрежелі орденімен, сонымен бірге 22 ме­дальмен марапатталды. Мұнан өзге екі мәрте «ССРО статистика үздігі» белгісін, көптеген дипломдар және төсбелгілерді иленді. Жуырда соғыс ардагеріне Қармақшы ауда­ны­ның «Құрметті азаматы» атағы берілді.

40 жыл бойы коммунистік партияның мүшесі болып, барлық ғұмырын елінің, туған жерінің өркендеуі мен дамуына арнаған зейнеткер бүгінде 90 деген торқалы жасқа қадам басты. Түрлі кезеңді бастан өткерсе де Әбдірауық атаның қимылы да, жүрісі де ширақ. Үш баладан он шақты немере мен шөбере сүйіп отыр. Мереке қарсаңында жүздесіп, қариямен тілдескен біз атаның бүгінгі болмысына тәнті болдық. Аталы сөзін айтып, бүгінгі ұрпақтың болашағына алаңдаған қарт көңіл кейінгі ұрпаққа тек жақсылық тілейді. Аласапыран заман қайталанбаса екен дейді.



Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет