Ерденбекова Жұлдыз
Ө.А.Жолдасбеков атындағы
экономика және құқық академиясы
студенті
Айгүл Қалысбаева
Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясы
студенті
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...
«Елім-ай» әнінен
Тарих бетіндегі деректерге жүгінсек, қазақ халқы ХХ ғасырдың басында екі рет 1921-1922 және 1930-1933 жылдары ашаршылыққа ұшыраған. Осы кезде Кеңес үкіметі «Шаш ал десе, бас алған» дегендей асыра сілтеу саясатын жүзеге асыра бастаған. Қысқа мерзім ішінде көшпелі қазақ халқын отырықшылыққа көшіру қолға алынды. Ауылдар ұжымшарларға (артель) біріктіріле бастады. Осы әлеуметтік эксперимент қазақтың тарихында болмаған апатқа әкеп соқты.
Жаппай ұжымдастыру менің анамның туып өскен жері Екпінді ауылына да ауыр тиді...
Бұл ауыл басқа да ауылдар сияқты мал шаруашылығымен, оның ішінде астық дайындаумен айналысып, өз күнін кешіп жатқан сүттей ұйыған ауыл еді. Аяқ астынан зорлықпен іске асырыла бастаған мал, астық салығы және елден тартып алынған малдың арнайы бүлінген орында бірнеше тәулік бойы қамауда тұрып, жаппай қырыла бастағаны ауыл тұрғындарының қабырғасын мүлдем қайыстырып жіберді.
Елді жайлаған аштық пен зорлық-зомбылыққа көнгісі келмеген Екпінді ауылының бірнеше отбасы артельде біраз уақыт жұмыс істеген соң, бір-ақ түннің ішінде көршілес жерлерге, Қытайға қашып кеткен екен. Бірақ «Бәлен жерде алтын бар, барсам - алтын түгіл бақыр да жоқ» демекші, ол жерде де жақсылық аз екен. Құжаттары дұрыс емес немесе кейбіреуінде құжат мүлдем жоқ болғандықтан Үрімшіден асып кете алмаған.
Нағашы апамның айтуы бойынша, барар жері жоқ ауыл тұрғындары бар жиған-терген малын артельге тапсырған соң бала-шағасын асырау үшін Қоғалы жақтан бидай, картоп масағын, ал көктемде таудағы шуындық гүлінің тамырын қазып жеп, зорман деген аңды аулап, кекілік атып күн көреді.
Менің анам Рахымова Басар 1932 жылы туған. Ол дүниеге келгенде әкесі артельге бермей қойған тайын қалжаға сойыпты. Кейіндері «басқа балаларым қой жегенде, менің тай жеген батыр қызым» деп еркелетеді екен.
Нағашы апамның құдасы Нұрсағи бірде Шымыр мен Талдықорғанның ортасында орналасқан Нұра ауылына таяу бір үйге бет бұрып дем алмақшы болып, ат басын тірейді. Дәлізден үйге кіре бере адамның сирағын көріп, «Бұл не болды екен?» деп әрі қарай кірсе, екі ер Адам: «Е, жолаушы, жақсы келдің, кел, ауыз ти», деп оны тамаққа шақыра бастайды. Аштықтан бірінің етін бірі жеген адамдар екенін сезген Нұрсағи құда бұл үйден тұра қашады.
Біздің ауылдың тұрғындары да аштық кезінде пайда болған жұқпалы аурудан көз жұмған. Сонда жотадағы қабырстан басына апарып жерлеуге шамалары жетпеген туған-туыстары мәйіттерді өздері отырған жақын маңға жерлей берген екен.
1930-1933 жылдардағы «қызыл қырғынға» ұшырап, Қытайға күн көріс іздеп кезіп кеткен ауыл азаматтарының тірі қалғандары 1955 жылы қайтып ауылға оралады. Голощекиннің қазақ халқына алып келген шығыны, 1932 мешін жылы болған зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына қарсы жасалған ең өрескел қылмыстардың бірі болып саналады.
Ал ашаршылық жылдарына куә болған ауылдың көнекөз қариялары бұл күні шейіт болған жерлестеріне Құран бағыштап, ас беріп жатады деп естимін.
Достарыңызбен бөлісу: |