Канцер, обыр, карцинома, бұның қайсысы рак ?
Ж.Б. Ахметов
Қазақ Ұлттық Медициналық Университеті
Қатерлі ісіктерді әр кезеңде әртүрлі атап келген. Ең алғашқы атауы канкро – (канцеро-; лат.сancer,саnceri немесе canceri) ол қатерлі ісіктердің сыртқы көрінісіне (шаянға ұқсатып) қарап берілген атау болатын . Осы атаудан канцероген , канцерогенез терминдері туындаған.
Карцин- (карцино-;грек.karkinos немесе karkinoma (карцинома)- жара, оның ішінде іріп- шіріп жатқан жараға байланысты айтылған.). Бертін келе карцинома деп эпителиден өсетін қатерлі ісіктерді ғана атаған.
Ресей тарихында қатерлі ісіктерді рак деп атау қалыптасқан. Бұл атаудың шығу тарихы канцердің екінші атауы «шаянмен» байланысты.
С.И. Ожегов (1987) сөздігінде рак атауының екі мағынасын береді.
1. Рак-су шаян; 2. Рак-қатерлі ісіктің бір түрі. Мысалы: асқазан рагы.
Сонымен «рак» термині КСРО кезеңінен бастап кең қолданып келе жатқан термин. Бірақ Ресей ғалымдарының арасында да осы терминге қарсылық көрсетілуде. М.А. Пальцев, Н.Н. Аничковтің «Патологическая анатомия » оқулығында (2000ж) бірінші рет рак атауы тырнақша ішінде («рак») берілген болатын және оның себебі де көрсетілген.
Ғалымдардың ойынша «канцер» термині жалпы қатерлі ісіктерді білдіреді, ал «карцинома » бұл эпителийден өсетін қатерлі ісік соған қарамастан екі термин де орысшаға «рак» деп аударылған, бұл дұрыс емес.
А.И. Струков , В.В. Серовтың « Патологическая анатомия» оқулығының 6- басылымында да (2013) рак термині тырнақшаға алынған («рак»).
«Энциклопедический словарь медицинских терминов» (2001) сөздігінде сarcinoma, сancer синоним сөздер деп қате көрсетілген.
Қысқасы Ресей ғалымдары да, оның ішінде жоғарыда көрсетілген патологиялық анатомия ғылымының көрнекті қайраткерлері (академиктер) де «рак» сөзінің терминдік мағынасына сенімсіздік білдіруде, себебі қатерлі ісік «шаян» емес қой.
Енді Қазақстандық ғалымдарға келетін болсақ көпшілік сол «рак» терминін әлі де кең қолдануда. Сонымен қатар қатерлі ісіктерге берілген қазақи атауларда бар.Мысалы : «бейдауа» (Қ. Бектаев.2001), «обыр» (Т.Момынов. А. Рақышев,2003. М.Ахметов,2005). «Бейдауа» атауы қазақта тек ісікке ғана байланысты айтылған,емі жоқ аурудың бәрі қазақ үшін – бейдауа. «Обыр» сөзі қазақи ұғымда мешкейлікті білдіреді және «обыр» атауының қатерлі ісікті көрсететін ешбір мағынасы көрініп тұрған жоқ. Қ. Бектаев сөздігінде «обыр» деген сөз атымен жоқ,тек «обырлық » сөзі ғана көрсетілген.
Жалпы халық солай атайды деп барлық қатерлі ісіктерді «рак» атау дұрыс емес. Ол атауды халыққа тықпалып жүрген өзіміз, Ресейде қалай аталса Қазақстанда да солай аталуы керек деп жүрген өзіміздің ғалымдар.
Енді тығырықтан шығудың қандай жолы бар.
2012 жылы Прага қаласында Европа елдерінің патология бойынша үлкен Конгрессі болып өтті (24th European Congress of Patholody). Маған осы Конгреске қатынасу бақыты бұйырған болатын. Бұл ғылыми жиынға тек Европа патологтары ғана емес бүкіл Дүние жүзінің патологоанатомдары: Жапония, Қытай, Индия ғалымдарынан бастап, сонау Америка, Бразилия ғалымдарына шейін қатынасты.Конгрестің негізгі тақырыбы Онкология мәселелері болатын. Конгресте шығып сөйлеген ғалымдардың бәрі де, соның ішінде Ресей ғалымдары да эпителийдің қатерлі ісігін сarcinoma (карцинома) деп атайтындығына куә болдық. Енді біз де осы Халықаралық терминді «рак» орнына қолдансақ дұрыс болар еді.
Өте бір көңіл көншітпейтін тағы бір мәселе, қатерлі ісіктер жөнінде сөз болғанда олардың екі түрі болатыны еш айтылмайды. Ол жөнінде онколог ғалымдар үндемейді, ал терминшілердің ол жөнінде хабары болмауы да мүмкін. Біз талқылап жүрген «рак» тек эпителийден өсетін қатерлі ісік, жалпы қатерлі ісіктердің 85-86 пайызын құрайды. Қалған 14-15 пайыз қатерлі ісіктер мезенхима тіндерінен, орталық жүйке жүйесіне өседі – бұлар «рак» емес «саркома» деп аталады. Саркома ( халық үшін айтып қояйын) рактан да қатерлі, сондықтан тек «рактың» айналасында ғана сөз болмау керек. Енді қазақ ғалымдары ұсынып жүрген «обыр», «бейдауа» атаулары қайсы қатерлі ісікті көрсетеді: карциноманы ма, саркоманы ма? Халықты шатастыру оңай бірақ оның көзін ашу үшін алдымен ғалымдардың өзі мәселені түбегейлі шешіп алуы қажет.
Қорытындылай айтқанда біріншіден :Ресей Ғалымдары бұл атауды қашан жояды деп күтпестен «рак» атауын Қазақстан Ғылым саласынан шеттету керек.
Екіншіден : «рак» атауының орнына бүкіл әлем ғалымдары қолданып жүрген «карцинома » терминин қабылдау керек.
Үшіншіден – қатерлі ісіктердің бәрін «рак» деп атамастан екі түрі бар екен: «карцинома» -бұл эпителийдің қатерлі ісігі, «саркома» - эпителий емес тілдерді қатерлі ісігі екенін көрсету қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер
Энциклопедический словарь медицинских терминов М: Медицина, 2001
Ожегов С.И. Словарь русского языка М., 1987-750стр
Ахметов М. Медицина терминдерінің сөздігі. Орысша- қазақша. Алматы: «Сөздік- Словарь», 2005-640 бет
Бектаев. Қ. Үлкен қазақша- орысша сөздік. Алматы: « Алтын Қазына» 2001.-704 бет.
Момынов Т., Рақышев А. Орысша- қазақша медициналық сөздік. Алматы,2003
Пальцев М.А ., Аничков Н.Н. Патологическая анатомия М.: Медицина, 2000, том1,стр.263
Струков А.И., Серов В.В Патологическая анатомия М., «ГЭОТАР- Медиа», 2013
Virchows Archive. Volume 461. Supplement 1.Septemter 2012
Достарыңызбен бөлісу: |