2.2. Фразеологиялық анафора мен эпифораның қайталама
түрде жасалуы
Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілімізге өткірлік сипат, ұлттық ажар, эмоционалдық-экспрессивтік бояу беретін стильдік мәні айрықша құрал болып саналады. Тұрақты сөз тіркестері аз сөзбен көп мағынаны білдіреді, тілдің стильдік сапасын арттырады.
Фразеологизмдерді зерттеу барысында тұрақты тіркестерді тар және кең мағынада түсіну деген ғылыми ұғым қалыптасқан. Фразеологизмдерді тар мағынада түсінуді жақтайтындар макал-мәтелдерді, нақыл сөздерді фразеологизмдер (І.Кеңесбаев, Т.Байрамов, З.Ураксин) қатарына енгізбейді. Ал кең мағынада түсінуді негізге алатын зерттеушілер (С.Мұратов, Г.Ахунзянов т.б.) терминдерді, күрделі сөздерді, қос сөздерді, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді фразеологизмдерге жатқызады.
Қазіргі қазақ тілі фразеологиясы мен лексикологиясында мақал-мәтелдерді фразеологизм аясында қарастыру керек пе, жоқ па деген мәселе әлі де нақты шешімін тапқан жоқ. Академик І.Кеңесбаев: "мақал-мәтелдерді фразеологизм аясында қарастыруды қоштамайтынын" — ашық айта отырып, "құрылымы жағынан мәтелдің мақалдан гөрі фразеологазмге жақын" екендігін де жоққа шығармайды.[25,219] Профессор Г.Смағұлова:"Мақал-мәтелдердің фразеологаялық тұлғалардан елеулі айырмашылықтарын ескере отырып, фразеолргиялық түсінікке қатысты етіп қарастыру жөн болар", - дейді.[26,69]
Қазіргі кезде фразеологизмдерді кең ұғымда түсінуді жақтаушылар фразеологаяның зерттеу аясын кеңітуді ұсынды. Бұған дейін де фразеолог-ғалымдар тіл білімінде фразеологияның жеке пән ретінде орнығуына үлкен еңбек сіңірді. Орыс тіл білімінде фразеологая туралы ілімнің негізін салған - академик В.В.Виноградов. Бұл ғалым фразеологизмді жан-жақты зерттеумен қатар, оның көркем туындыдағы атқаратын қызметін, қолданылу мүмкіншілігін қарастыру керектігін айтты. Сондай-ак А.И.Молотковтың редакциясымен жарияланған төрт мыңнан астам сөздік мақала бар "Фразеологический словарь русского языка", Н.Н.Амосованың "Основы английской фразеологии" атты кітаптарын да атаған жөн.
Қазақ ғалымдары І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, К.Аханов, Х.Қожахметова, Г.Смағұлова және т.б. еңбектерінде фразеология жайлы пікірлер айтылып, нақты тұжырымдар ұсынылды. Ұлттық ғылым академиясының академигі І.Кеңесбаевтың "Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі" (1977) - қазақ тіл білімінің үлкен табысының бірі.
Тілдегі фразеологиялық құрам - қазақ тілінің ең бай, құнарлы көзі. Фразеологизмдердің жаңа ұғым, түсініктермен көбейе калыптасуы біздің ұлт тіліміздің даму ерекшеліктерін және ұлт мәдениетінің танымдылық қасиетін көрсетеді.
Фразеологизмдердің қай-қайсысы болмасын (фраза, идиома, мақал-мәтел) бәрі де халықтың сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай келеді. Фразеологизмдер алдымен адамның өмірді түсініп-тануын, көзқарасын, қарым-қатынасын, ақыл-парасатын, ой-санасын, жан күйзелісін білдіреді. Сондықтан суреткер тіліндегі фразеологизмдерді талдағанда, оны жалпыхалықтық тілмен байланыстыра қарастыруымыз қажет.
Фразеологизмдер - тіл мәдениетін арттырып, сөз құдіретін жасайтын, өлең тілін өрнектейтін асыл байлығымыз. Поэзияда қолданылатын фразеологизмдердің лексика-семантикалық мәні, морфологиялық құрылымы, стильдік қызметі мәтін ішінде айқын көрінеді.
Фразеологизмдер өлеңнің дыбыс үйлесіміне, ырғаққа және ұйқасқа да тікелей қатысты. Өлеңді сөйлем болғандықтан үйлесімділіктің мәні ерекше көрініп тұрады. Мұқағали өлеңдерінде фразеологизмдердің ұшқырлықпен жұмсалғанын және авторлық өңдеумен өзгертіліп те қолданғанын байқаймыз.
"Фразеологизм дүниесі — тілдің байлығын да, образдылығын да танытатын ерекше элементтер", - дейді академик Р.Сыздық. [2,15]
Бейнелілік — тұрақты сөз тіркестеріне тән қасиет. Сондықтан ақын бейнелі сөз орамдарының орнын тауып, нақтылы, дәл қолданған. Мұқағали тұрақты сөз тіркестерін бір өлеңде бірнеше рет қайталап, фразеологаялық анафора мен эпифора үлгілерін жасап, өлеңнің эмоциональдық-экспрессивтік бояуын арттырады. Фразеологизмдерді өзгертіп қолдану, фразеологаялық қайталама жасау суреткердің шеберлігін, даралығын танытады.
Мұқағали халық тілінің бар байлығын, сөз маржандарын өз жырларында шығармашылық тұрғыда қолдана отырып, өзіне тән стиль құрайды. Тұрақты сөз тіркестерінің стилъдік бояуы жеке сөзбен салыстырғанда әлдеқайда күшті, экспрессивті мүмкіншіліктері анағұрлым мол. Осы қасиеттеріне орай фразеологизмдер белгілі бір оқиғаны баяндауға, сөйлеген сөзге ерекше өң береді.
Фразеологазмдердің мағынасы кеңейіп, экспрессивтік бояуы айқындала түседі. Мысалы:
Есінде ме түндерің көз ілмеген?
Кезуде ойың өмірді, кезуде өлең.
...Өлең керек ұрпаққа, өзің, мейлі,
Көлеңкеде қалсаң қал көзге ілікпей!
/Өлең керек/
немесе:Қыс жетіпті,
Сол баяғы кезіндей,
Қуырып жүр дүниені көз ілмей.
/Қыс келген күні/
Бұл жерде "көз ілмеу" фразеологаялық бірлігі "ұйықтамау, ұйқыны қандырмау, ұйқысыздық" деген мағынаны аңғартады. Фразеологиялық бірлік мағына бірлігіне негізделеді. Мұнда "көз" және "ілмеу" сыңарлары өздігінен бейнелі мағынаға ие бола алмайды. Мұндай мағынаға бұл сөздер тіркескен күйінде, яғни бір бүтін тұрақты сөз тіркесі күйінде ғана ие болады. Бұл бұрын қарапайым болған тұрақты сөз тіркесі кеңею арқылы әлеуметгік мәнде қолданылады.
Сонымен бірге "көз ілмеу" фразеологазмінен жасалған эпифоралық қайталама өлеңдердің үзінділерін ажарландырып, ерекшелентіп тұрады.
Фразеологиялық тіркестердің құрылымына назар аударатын болсақ, олардың өзіндік ерекшелігі байқалады және құрылысы жағынан түрліше болып келетінін аңғаруға болады. Фразеологизмдер құрылымы жағынан есім мағыналы, етістік мағыналы, үстеу мағыналы болып бөлінеді.
Мұқағали өлеңдеріндегі әр түрлі заттардың, нәрселердің аттарын білдіретін, құбылыстардың ұғымдарын сипаттайтын зат есім мағыналы фразеологиялық қайталамалар кездесіп отырады. Мысалы, төмендегі өленде "еркекшора" деген зат есім мағыналы фразеологизм қайталанады.
Шынымен еркекшора Ырысжан ба?!
Бауыр ма, батыр ма сол, туысқан ба?!
Достарыңызбен бөлісу: |