Кіріспе Метрологиялық лексика (нумеративтер мен халықтық өлшем атауларының) тіл білімінде зерттелуі және қалыптасу жолдары



бет3/11
Дата09.06.2016
өлшемі1.25 Mb.
#124295
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

1.2. Номинативтік лексика
Қазақтың белгілі тарихшысы, ақыны М-Ж.Көпеевтің қазақ әдеби тілінің дамуына қосқан үлесі зор. Ғұлама ғалым, ойшыл, философ, тарихшы, шежірешінің халқымыздың тарихын, ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеу нәтижесінде құнды да бай мұралары қалып, күні бүгінге дейін өзінің мән-маңызының ерекшелігімен оқырмандарын тәнті ету үстінде. Медицина, философия, лингвистика, этнография, әдебиет, тарих, өнертану, археология салаларына сіңірген еңбектерінің мәні зор. Тілдің лексикалық қабаттарын қамти отырып, зерделі ақын өзі өмір сүрген кездегі әлеуметтік жағдайдың сырын жайып салған. Ішкі мұң-шерін өлеңмен шерте отырып, жуандардың кемшіліктерін бетке басқан, халқын өнер-білімге үндей отырып, болашаққа қам жасаған, көпті көрген абзал жан өткен-кеткен өмір жолына барлау жасайды. Прогресшіл бағыттағы ақын әдебиетті, мәдениетті өркендетуге зор үлес қосып, халықтың ой-арманын, мақсат-мүддесін шынайылықпен бейнелеген. М-Ж.Көпеев заманының бұқарашыл, алдыңғы қатарлы, биік мақсат қоя білген ақыны болды. Өлеңдерінің дені философиялық ой-тұжырымдарға құрылған. Өз заманының озық ойлы күрескер қаламгері ретінде көкейтесті мәселелерді өз шығармаларына арқау еткен. Ол қазақ әдебиетін де, ислам діни әдебиетін де өте жақсы білген және насихаттаған. Барша жұртшылықты жақсы қасиеттерге үндеп, жамандықтан аулақ болуға үндейді.

Тіліміздің байлығы сөз санымен ғана емес, оның сапасымен, мағына тереңдігімен, ауқымдылығымен де өлшенеді. Сөздік қордың, ана тіліміздегі сөздік құрамның толыға түсуіне де М-Ж.Көпеевтің сіңірген еңбегі орасан. Халықтық метрологияның ақын еңбектерінде қалай көрініс тапқандығы жайындағы ойымызды тереңдету мақсатында нумеративтердің ақын-жыраулар шығармашылығында, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев еңбектерінде қалай қолданыс тапқандығына назар аударғанда, өлшемдік мәндегі сөздер, нумеративтер жиі кездесетіндігін байқауға болады. А.Құнанбаев пен М-Ж. Көпеев шығармаларының үндестігі жайлы М-Ж.Көпеевтің немересі Мәшһүр-Жүсіп Қуандық Пазылұлының мына пікіріне назар аударсақ: «Расында да Абай мен Мәшһүр-Жүсіп туындыларын зерттегенде, екі ақында тақырып орайластығы, идея айтудағы төркіндестікпен қатар бейнелеу құралдарын жетілдірудегі сарындастықты, т.б. көреміз» [64, 73] – деп, қос қаламгердің мұраларындағы үндестікті паш етеді. А.Құнанбаевтың екі томдығынан метрологиялық лексиканың келесі көрсеткіштерін аңғаруға болады: намазшам, жаздыгүн, жазғытұрым, күндіз, түнде, бүгін, ертең, ерте, ала жаздай, ала қыстай, күні-түні, қыс, жаз, бес күндік, сәске, ертең ерте, жаздыгүн, тал түсте, бесінде, үйірімен, биттей, аршопке ( аршын), кесек, кез, құлаш, бір табақ ас, бір аяқ қымыз, бір ауыз сөз, бір тамшы жас, бір уыс топырақ, биттей, титтей, қос уыс ділдә, кесек, есепсіз, қадам (А.Құнанбайұлы шығармаларының екі томдық толық жинағы).

Шәкәрім Құдайбердиевтің еңбектерін қарау барысында да нумеративтік қолданыстардың молдығына көзіміз жетті. Атап өтер болсақ: қасықтай, тобықтай, бір-ақ уыс, бір жапырақ, жалғыз тиын, бір асам май, шымшым тұз, секунд, минут, сағат, есепсіз, мысқалдай гауһар тас, мысқалдық денем, тырнақтай ғылым, биттей, бір қолтық шөп, бір тұтам гүл, бір тамшыдай су, жұдырығы, ертең, биыл, күні-түні, таңертең, кешке, екіндіде, ымырт, сәске, күндік, түстік жер, адым жер, жалғыз күндік, мың жылдай, күнбатыс, бүрсігүні, Жетіқарақшы, Үркер, Таразы, Қосбозат, қадам, батпаннан, құлаштап, жазға салым, т.б. Өлшем мәнді лексемалардың барлығы таза метрологиялық мәнде ғана жұмсалған десек қателесеміз, осы единицалар негізінде контекске назар аудару барысында әр қилы мағынаны аңғаруға болады. Сөздің лексикалық қабатынан ауқымды орын алатын өлшемдік мәндегі сөздеріміз қай ғасырда жазылған еңбектерден болсын мол кездеседі, қазіргі қаламгерлердің шығармашылығында да жиі ұшырасады, бірақ оның барлығын осы еңбектің аясына сыйғызу мүмкін емес.

Әр тілдік жүйенің қалыптасқан номинациялық құрылымдары сан алуан, біртекті емес. Номинацияны тілдің әмбебап құбылысы ретінде қарастыруға болады. Номинация мәселесі тіл ғылымында жан-жақты қарастырылуда. Осы мәселеге қатысты Қ.Жұбановтың, К.Ахановтың еңбектерінде өзекті мәселелер арқау болған. Орыс тіл білімінде номинация тіпті кең ауқымда қарастырылғаны Н.В.Телияның, А.А.Уфимцеваның, Н.Д.Арутюнованың, Л.К.Жаналинаның еңбектерінен байқалады. Номинация ең алдымен тілдік бірліктердің түзілуіне, яғни номинативтік қызметтің жандануына түрткі болады. Айналамызды қоршаған дүние, түрлі құбылыс, күнделікті орын алып жататын іс-әрекеттердің атауы, түрлі формалық белгісі ретінде қызмет аясы ауқымды жүйе. Атаумен байланысты лингвистикалық мәселелердің қай-қайсысы болмасын номинациямен тығыз байланыста, бірлікте.



Тілдің орныққан жүйелік ерекшеліктері, қосалқы белгілері оның құрамына қомақты үлес дарытады. Қазіргі ғылымда тіл қызметінің өзара байланысты екі жағы бар, оның бірі «номинативті» атауыш (лат. nominatio – «называние») және коммуникативті (лат. communicotio – «қарым-қатынас». «Номинация включает в себя и процесс (называние), и результат (название, имя) [65, 11]. Номинативті мағынадағы сөздердің қолданыс аясы кең, алуан түрлі сөздермен байланысқа, тіркеске түсе алады. Номинативті мағынадағы сөздердің басқа тілдік единицалармен қарым-қатынасқа түсу мүмкіндігінің мол болуына және емін-еркін тіркесе алу қабілетінің зор болуына қатысты К.Аханов «Тіл білімінің негздері» еңбегінде оларды еркін мағына деп те атайды. Бұл ерекшеліктер өзіміз нысан етіп отырған өлшем мәнді сөздерге де тән. Ұзындыққа, салмаққа, азық-түлікке, дене мүшелеріне қатысты түрлерінің қай түрін алсақ та, олардың басқа сөздермен тіркесу, байланысу қабілеті жоғары деңгейде екендігіне жұмысты жазу барысында көзіміз жетті. Қадам сөзінің өзі М-Ж.Көпеев шығармашылығында бір қадам, бес қадам, қырық қадам, жүз жетпіс қадам, жалғыз қадам, әр қадамыңызға, қадам бастым, қадам ұрмас, қадам қойды, басты қадам тәрізді бірнеше тіркес құруға арқау болады. Жалпы, ақын шығармашылығында өлшем мәнді сөздер жиі қолданылған, ақын тура мағынасында және кейбір тұстарда ауыс мағынада да қолданып отырған. Бұл да ақынның ой құрудағы шеберлік қырынан хабардар ете бермек. Адамның ішкі және сыртқы тәжірибелерінен туындайтын «элементтік номинацияларымыз» тура немесе жанама түрде, бір не бірнеше сөзбен, жай немесе күрделі номинациямен сипат алады. Тілдік номинация проблемасы жөнінде күні бүгінге дейін бірізді пікір жоқ. Сол үшін тілшілер ғана емес, этнографтар, әлеуметтанушылар, психологтар, биологтар, археологтар қоршаған әлемнің тілде қалай көрініс табатындығын қарастыруда. Белгілі бір ахуалға қатысты туындайтын «оқиғалық» номинациялар тілдік бірліктермен, ой-тұжырымдарымен, мәлімдемелермен жүзеге асады. Тілдің коммуникативті қызметі лингвистиканың когнитивті лингвистика, функционалды лингвистика және прагматикалық лингвистика салаларында қарастырылады. Адамдардың танымдық және түрлі іс-әрекеттерінің нәтижелері өз көрінісін номинацияда байқатады, лексикалық бірліктер номенклатурасында атауыш белгілермен жарыққа шығады. «Номинация в языкознании – процесс наименования, при котором языковые элементы соотносятся с обозначаемыми объектами. Объектом номинации могут быть отдельное понятие, предмет, признак, предмет с его признаками, целое событие, в связи с этим различаются лексические и пропозитивные номинации» [66, 23]. Сөздерді семантикасына қарай ажырату, тілдік құрылымдық ерекшеліктеріне қарай тағайындау және қызмет белгілеріне байланысты қарастыру ғылымда сөздік бірліктерді үлкен екі разрядқа жіктеуге ұласты, ғалымдар тарапынан түрлі атаулармен берілуде. Біреулері: атауыш сөздер және көмекші сөздер десе, біреулері толық мәнді және толық мәнді емес сөздер деп қарастырады. Сөз – белгілер, сөз-көрсеткіштер, әмбебап белгілер, орныққан сөздер атауларымен жалғасын тапты. Атауыш сөздер адамның танымдық-жіктелімдік іс-әрекетін қамтамасыз етіп, әлемнің көріністерінің абстрактылы-жинақтық амалдарын қалыптастыруға негізделеді. Сонымен қоса өз семантикасында денотативті және сигнификативті аспектілерді иелене отырып, заттар мен құбылыстардың, әмбебап белгілерінің және түсініктерінің атауы ретінде қызмет етеді. Қарым-қатынас барысында бұл атауыш сөздерді қолдануда оларды біріктіріп, мән-мағынасына қарай байланыстырып, сөйлемде белгілі қалпын сақтай отырып, күрделі категорияларға ұластырады. Тіл күрделі семиотикалық жүйе ретінде өзінің басты рөлін иелену үшін, абстрактылы ойлау мен коммуникативтік қарым-қатынастың талаптарынан шығу үшін сөздік қорда номинативтік белгілердің мол болуы аса қажет, бірақ ол аздық етеді. Тілден тілдесуге көшуде көптеген белгілердің микрожүйесі көмегі қажет, логикалық, прагматикалық тұрғыдан ыңғайын келтіруші көрсеткіштер, белгілер қоса жүруі шарт. «Сөздің, заттар мен құбылыстардың және олардың белгілерінің бейнесімен тікелей байланысты лексикалық мағынасы тура мағына немесе номинативті мағына деп аталады» [67, 99]. Номинативті бірліктердің туындауында тілдік және тілден тыс байланыс орнықтырылып, ақиқат, шындық, болмыс өзінің тілдік көрінісін иеленеді, шынайы бейне тілдік образдылықтың алғышарты болып саналады. Номинативтік бірліктердің құрылуы адамдардың шығармашылық әрекеттерінің көрінісі, нысандарды өзіне лайықты атаулармен беруде, ғылыми терминологияда қолданбалы мәнге ие болмақ.

«Номинативті бірліктерді жасаудың негізгі құралы сөзжасамдық уәждеме болса, екіншіден, ол туынды сөздермен лексикалық қабаттың толығуына өз үлесін қосады, сөйтіп, аталым мен сөзжасам заңдылықтарын айқындау – тілдік бірліктердің жасалу жүйесін кешенді тұтастықта алып қарастыру және оның шындық болмысқа қатысын анықтаудың мәні зор» [68, 59]. Заттар мен құбылыстардың атауы – тек белгіленім ғана емес, танымдық үрдіс. Кез келген нәрсені меңгеру арқылы ғана оған лайықты атау беруге болады. Номинация принципі таза тілдік құбылыс емес, тілден тыс факторлармен де ұштасады, нысан етіп алынған нәрсенің қасиеті мен түрлі белгілері өлшем болмақ. Тілдік номинацияның құралдары тілдің номинативті күрделі жүйесін құрайды, оған сөздік қордағы барлық сөздер, сөз тіркестері, фразеологиялық тіркестеріміз енеді. Лайықты белгілеріне, өлшемдік мағыналарына қатысты метрологиялық лексикадағы сөздердің де түрлі принципке негізделетіндігі бірден аңғарылады. Көлемдік, салмақтық, ұзындық, қашықтық, мезгіл, тәулік, мөлшерлік мағыналарды нысан етуіне қарай номинациялық принциптерінің аясы кеңейе түскен. Біз қарастырып отырған метрологиялық лексиканың барлық атаулары номинативті қызмет атқарады, сөздік құрамның толығуына қомақты үлес қосады. Жеке атау ретінде әр сөз түрлі семантикалық белгілерге ие. Әр ұғым атауыш қызмет атқарып, тілдің номинативті құралдарының қатарына енген.

«Чтобы быть единицей номинации, эта единица должна удовлетворить одно требование – обозначать, служить названием, выделять именуемое как отдельную сущность и величину, осуществлять номинативную функцию. Акт номинации предполагает установление соответствия имени данной вещи, однако его функциональная значимость именно в нахождении имени, названия» [69, 84]. Бұл пікірден де номинативтердің атауыштық қызметін жіті аңғаруға болады.

«Могут быть выделены четыре позиции, влияющие на выбор номинации предмета: 1)экзистенциальная или интродуктивная, т.е. позиция имени в бытийном предложении или его эквиваленте, 2) идентифицирующая – позиция субъекта и других актантов, относящихся к определенным (конкретным) предметом; 3) позиция предиката и позиция обращения (4) [70, 304]. Номинативті мағынасында сөздің көптеген сөздік қордың басқа да сөздерімен қарым-қатынасқа түсуінің белсенді болуынан және олармен тіркесу қабілетін ескеріп, номинативті мағынаны К.Аханов еркін мағына деп те атайды. Тілдік бірліктердің түзілуінің жалпы заңдылықтарын негіз еткен номинативтік лексиканың аясы кең, сөздік қордың сапалық, сандық тұрғыда жетіле беруіне үлесі қомақты. Ғалым Б.Қасым: «Тілдік аталымда атаудың екі түрі бары белгілі: бірі – тура аталымдар (прямая номинация), екіншісі – келтірінді аталым (косвенная номинация)»[71,15] – деп, әр түрінің жеке ерекшеліктерін ажыратып көрсетеді.

Ойымызды түйіндейтін болсақ, номинациялық атаулар – күрделі құрылымдық жүйе, түрлі принциптік қағидаларға негізделеді. Номинация заттар мен құбылыстардың атауы ғана емес, ішкі әлеміміздің де сөз бен тілдегі шынайы көрінісі. Затты тануға себеп болған ішкі және сыртқы факторлар заттың айрықша қызметін өзгелерден ерекшелендіреді. Затты тануға себеп болған белгілер уәж деп аталады. Ойымызды Қ.Жұбанов сөзімен тұжырымдасақ: «Тілдің өзіндік өзгешелігі – затқа ат қою, ол заттарды бір-бірінен айыру. Мысалы: жылқы – түйе емес, қой –сиыр емес, сиыр –жылқы емес. Атауларды осылайша айыруды сигнификация дейміз. Әр нәрсенің өзін жеке көрсету, даралап айту қасиетіне ие болған сөз – зат, сипат, құбылыс аттары болып қалыптасқан. Бұл аталғандар – тілдің негізгі өзгешелігі. Тілдегі осы айтылған ат қою мүмкіншілігін номинация дейміз. Номинация – атау, номинат – ат, номинатив – атаушылық. Номинатив функциясы – стабил (тұрақтылық) деп сигнификация, коммуникация терминдерінің ара салмағын ашып көрсетеді [72, 98]. Бүгінгі таңда номинативті тілдік единицаларымыз, тіл табиғатына тән болған түсініктер мен тұжырымдар тек лингвистика аясында ғана түсіндіріліп қана қоймайды, философия, психология, мәдениеттану, әлеуметтану сияқты ғылымның салаларымен тығыз бірлікте қарастырылады. Заттар мен құбылыстардың және олардың түрлі белгілерінің атаулары болып саналатын атауыш, яғни номинатив сөздер кез келген тілдің сөздік қорының толығуына ықпал ететін басты фактор.

1.3. Қазақ халқының метрологиялық лексикасы
Өлшемдік атауларға деген қажеттілік сауда-саттықтың, алмастыру әрекеттерінің дамуымен, мемлекеттің өркендеуімен туындай түсті. Әлемдік кеңістікте орын алып жататын түрлі харекет түрлері, атап айтқанда, үй салу, қару-жарақ әзірлеу, киім-кешек тігу сияқты жұмыстардың бірде-бірі «өлшем үлгісінсіз» іске асқан емес. Дәстүрлі метрологиялық жүйе әр халықта бар екендігін айтып өттік, сол сияқты қазақ халқында да бұл метрологиялық лексиканы жүйелі құрылым ретінде қарастырудың реті әбден келген сияқты.

«Метрология» (грек «метрон» - өлшем және «логос» - сөз, ой, түсінік) деген сөздерінен алынған. Өлшемдер жөніндегі ғылым – метрология: өлшеулер дәлдігін шексіз арттыра беруге тырысады. Метрологияның «екінші шексіздігі» дегеніміз дәл өлшеулер маңызының адамдар үшін барған сайын арта түсуі болып табылады. «Өлшем – қазақтар үшін тұрмыс-тіршілігіндегі нысандардың арақатынасындағы реттілік пен меже-шаманы, көлем мен мөлшерді айқындаудағы ментальдық негізгі ұғым» [73, 60]. Қазақ тілінің рухани мәдениет лексикасының қомақты саласын халық метрологиясына қатысты өлшем ұғымдары құрайды. Қазіргі тарихи, этнолингвистикалық зерттеулерге, деректерге қарағанда ата-бабаларымыздың тіршілік ортасын, айналасын қалай межелегенін, нендей өлшемдерге сүйеніп есепке алғанын аңғаруға болады. Ең көне түрік күнтізбесі М.Қашқари еңбегінде көрініс тапты. Көне түрік күнтізбесінің негізін салған десек те қателеспейміз. Ескіше жыл аттары Қашқариде былайша көрсетіледі: «Сычған жылы – тышқан жылы, уд йылы – сиыр жылы, барыс йылы – барыс жылы, тауышған йылы – қоян жылы, нәк йылы – ұлу жылы, йылан йылы – жылан жылы, йунд йылы – жылқы жылы, қой йылы – қой жылы, бічін йылы - мешін жылы, тақағу йылы – тауық жылы, ит йылы – ит жылы, тоңуз йылы – доңыз жылы. «Түркілер осы жылдардың әрқайсысында қасиет бар деп есептеген. Сиыр жылы ұрыс-жанжал көп болады. Себебі, сиыр – бір-бірімен көп сүзісетін мал. Тауық жылы кірсе, азық-түлік көбейеді. Өйткені, тауықтың жемі – дән. Ұлу жылы кірісімен жауын-шашын көбейіп, астық бітік өседі. Себебі, ұлу суда өмір сүреді. Доңыз жылы кірсе, қар қалың жауып, суық қатты болады. Өсек-аяң көбейеді. Осы сияқты әрбір жылда түркілер бір нышан бар деп есептейді» [74, 30].

Тарихи құжаттарда Қытайда өлшем мен оның бірліктері император Ши Хуанг Ти тарапынан қолдау тапты, ол билік басына б.э.д. 221 жылы келген. Салмақтың негізгі бірлігі ретінде ши немесе таң қолданылды. Көп сатылы талдаулар нәтижесінде тарихшылар бұл 60 килограмға тең салмақ деп түйіндеген. Ши салмақ бірлігі ретінде Қытайда 71,68 килограмм ретінде XX ғасырға шейін қолданылған. Арақашықтық шамасы ли атауымен қолданылып, жарты километрге жуық деген мағынаны аңғартқан. Корей халқының лиі қытайлық өлшемнен анағұрлым жоғары көлемді байқатады және қазіргі уақытқа дейін 3,93 километрге тең. Қытайдың байырғы өлшемдік ұғымдарына жататын атаулар чи және чань. Чи - 27,9-дан 40 сантиметрге дейінгі арақашықтық. Чань - 10 сантиметрге тең. Жапонияда өлшем бірліктері қытай жүйесіне жақын. Атап өтерлігі, көптеген ежелгі вавилондық, грек, римдік өлшемдер мен ұғымдар тәжірибелік ыңғайда өте қолайлы болып саналды. Еуропада орта ғасырда, тіпті қазір де қолданылуда. Өлшем тақырыбын терең қарастырып энциклопедиялық еңбек құрастырған ғалым М.И.Грамм сөзімен тұжырымдасақ: «С развитием цивилизации повышение точности измерений играло в жизни людей все большую роль. Факты неизменно подтверждают: технологический лидер всегда оказывался точнее в применении мер и единиц . Именно страна – лидер имела самую эффективную на данный момент систему мер и единиц» [75, 65].

Өз ғылымының жетістіктерімен арабтар Еуропаға үлкен үлес қосқан. Грек ғалымы Евклидтің геометриясын арабтар алгебрамен байланыстыра білді. Осының негізінде ең алғаш рет жаңа өлшемдер туындап, туынды метрологиялық жүйелер қалыптасты. Араб астрономиясы сонымен қоса әуе жолдарына қатысты көп мәселеге үлес қосты. 1248 жылы испан королі Альфонс арабтың астрономиялық байқауларына сүйеніп планета жүрісінің таблицасын құрады, осы арқылы моряктар теңізде ешбір қателіксіз бағдар алды. Өлшем бірліктеріне қойылатын басты талаптар ертеден ескерілген. Олардың күнделікті талапқа сай келуі басты назарда болған. Өлшемдік атаулар мен бірліктер өз шамасына қарай тұтынатын затына жақын болуы қадағаланады. Тағы бір ескерілген талап – өлшем бірліктерінің қарапайымдылығы, ыңғайлылығы. Аталарымыз Жетіқарақшы мен Темірқазыққа қарап түннің нақты қай уағы болғанын ажыратса, Ай мен Жұлдыздың өзгерісіне қатысты ауа райын нақтылап отырған. Бұл біртіндеп дәлдік, нақтылық ұғымдарымен ұштастырылды. Ғасырлар бойы табиғат сырын зерттеп, зердеге тоқыған халқымыз әр жылға атау қойып, оларды негізгі күнкөріс көздері малдар атауымен, хайуанаттармен байланыстырған. Әр жылдан мейірім, береке, молшылық күтіп, үкілі үміттерінен бір сәт те айнымаған. Халықтық өлшемді білдіретін байырғы өлшемдерді былайша топтастыруға болады: апта аттары, ай аттары, азық-түлікке қатысты өлшемдер, тәулік мезгілдерінің атаулары, жыл аттары, мүшел жас, жыл мезгілдерінің атаулары, астың пісуіне байланысты уақыт өлшемдері, күннің орта мезгілі атаулары, күн еңкейген мезгіл атаулары, күн ұясына бата бастаған, түн мезгілі атаулары, жақын, өте алыс деген мағынада айтылатын қашықтық өлшемдері, тереңдік өлшемдері, адам бойына байланысты өлшемдер, мал тұрқымен байланысты тереңдік өлшемдері, ауырлық өлшемдері, саусақпен өлшенетін сыйымдылық өлшемдері, бұйымдарға байланысты ұзындық өлшемдері, қашықтық өлшемдері, саусақпен өлшенетін ұзындық өлшемдері, қолмен өлшенетін ұзындық өлшемдері, аяқпен өлшенетін ұзындық өлшемдері, аудан, көлем, шөпке-пішенге қатысты көлем өлшемдері. Ә.Болғанбаев метрологияны: уақыт-мерзім өлшемдері, – деп жіктей отырып, ислам дінінің қазақ даласына таралуына байланысты намаз оқу, ораза ұстау мерзімдері уақыт мөлшеріне айналды, – деген ойын былайша сабақтай түседі: «Көлем мөлшері, төгіліп-шашылып немесе топталған заттардың өлшемдері, малдың сүті мен етінен істелген тағамдарға қатысты, шай жеміне қатысты, ыдыстық бұйым өлшемдері, бір сан есімнің көмегі арқылы жасалған өлшемдері, қазының арық-семіздігіне байланысты мөлшер, кеңістікті білдіретін өлшем, тереңдікті кісі бойымен салыстырып өлшеу – қазақ халқының күнделікті тұрмысында, кәсібінде жиі кездеседі. Мысалы: судың тереңдігін бақайдан, қызыл асықтан, тізеден, белуардан, кіндіктен, иықтан, төбеден, кісі бойы, - деп бейнелеген. Су тереңдігін ат бойымен өлшеген. Мәселен: аттың шашасынан, үзеңгіден, қабырғалықтан, ат кекілінен, ат құлағынан, ат бойынан асады, келеді, - деп мөлшерлеген [76, 28].



Қазақ халқы төңкеріске дейін ұзақ уақыт көшпенділік дәуірді басынан өткізгендігі белгілі. Олар жаз жайлауда, қыс – қыстауда, күз – күзекте бірден-бірге көшіп-қонып жүргенде уақыт мерзімін, ұзындық пен көлемді қалай өлшеп білген деген заңды сұрақ туады. Сол заманда біздің халқымыз уақытты сағатпен, көлем мен салмақты таразымен, ұзындық пен кеңістікті метрмен өлшеуге әлі онша дағдыланбаған, үйренбеген кезі еді. Бәлкім, сол кезде бұл өлшемдердің көшпенділік тұрмысқа соншалықты қажеті де болмаған шығар. Қалай дегенмен сол заманның тұрмыс-тіршілігіне лайық өз өлшемдері болғандығын тілдегі өлшемдік ұғымды білдіретін қыруар сөздер мен тұрақты сөз тіркестері арқылы танып білуге болады. Сол заманның өзінде қазақтар сағатты нақтылап өлшемегенімен, секунд, минут, сағат деген уақыт өлшемдерін шамамен дәл болжай білген. Мәселен, секунд деген ұғымды қас-қағым, кірпік қаққанша, көзді ашып-жұмғанша, табан аузында деп дене мүшелерінің қимыл-қозғалысы арқылы білдірген. Минут пен сағатты бие сауым, сүт пісірім, шай қайнатым, ет асым сияқты нақтылы мөлшерлі уақытпен білдірген. Осы ойды ғалым М.А.Жақсыбаеваның мына пікірімен ұштастарсақ: «Наиболее многочисленна группа фразеосочетаний главной функцией является определение отрезков времени. Среди них по частности употребления в речи современных носителей языка выделяются фразеосочетания, служащие для обозначения мгновений. Короткие отрезки времени, секунды, мгновение обычно определялись тем временем, которое затрачивается на движение глаз, бровей, ресниц «көзді ашып-жұмғанша, кірпік қаққанша, қас пен көздің арасында, дем арасында. Небольшой отрезок времени, равный нескольким минутам, обозначался фразеосочетаниями типа бір шай қайнатым, бір сүт пісірім, бие сауым [77, 81] – деген ойдың куәсі боламыз. Сол тәрізді уақыт-мерзім өлшемдері, көлем өлшемдері, ұзындық, қалыңдық, тереңдік өлшемдері деп бірнеше топтарға жіктеуге болады. Нумеративтер түркі тілдерінде ежелгі уақыттан қолданылған. Түркі тілдеріндегі нумеративтер туралы пікір білдірген ғалымдар қатарына А.Н.Кононовты, А.М.Щербакты, В.В.Решетовты, Н.А.Баскаковты қосамыз. Кеңістік ұғымдарын білдіретін тіркестер М.Қашқари сөздігінде де кездеседі. Ғұлама ғалым тіл білімі саласын да негізгі нысан ете отырып, маңызды көп жайттардың бетін ашқан. Сөздік туралы ғалым С.Исаев өз пікірінде: «Дивани-лұғат-ат-түрк» көне түркі тілдері жайындағы салыстырмалы-филологиялық еңбек. Бұл еңбегінде ғалым жеке сөздердің мағыналық ерекшеліктерінен басқа, түркі тілдерінің грамматикалық құрылысы, фонетикалық жүйесі, түркі тайпаларының бір-бірінен тілдік айырмашылықтары туралы көп мағлұмат берілген. Түркі халықтарының тарихы, географиясы және түркі тайпаларының этнографиясы туралы да көптеген деректер келтіреді» [78, 88] – деп, еңбектің құндылығын, түркі халықтарының тарихынан терең деректер ұсынатын энциклопедиялық жинақ екендігін атап өтеді. Енді осы сөздіктен халықтық өлшемдерге тікелей қатысты мысалдар келтірер болсақ, бір қарыс мағынасын білдіретін «бір қарыш» тіркесі бар.

Бір өкүм мүнбір өбім сорпа – бір ұрттам сорпа.



Бір ағым иер – бір адым жер – бір аттап үстіне шығуға болатын жер. Үгір – үйір, убуш – уақ, майда, ызұқ – ұзын, бір орұм от – бір орым шөп, үгүм – уыс, егін – ені бір жарым қарыс, ұзындығы төрт аршынға тең бөз, ідзріг – ірі, үлкен, ашам – ақшам, бір оқтам иер – бір оқ атым жер, ікінді – екінді, намазшам, үгүрлүг ер – үйір-үйір малы бар адам, шөп – шөкім, буда, кес – кесек, бөлік, кесім, бір кес етмек – бір кесім нан, бір тілім нан, шөкүт – бәкене, қысқа бойлы, бір сүрүк қой – бір топ қой, бір пішім қағұн – бір тілім қауын, тұрұм – бойлам, құшам – құшақ, бішін – мешін, тұншұ – бір шөкім, былдұр – былтыр, қалбұз – жұтым, бір жұтым, күндүз – күндіз, иүк – жүк, бір артым, бір арқа, иаршым – шаптырым, бір иаршым иер – бір шаптырым жер, бір иүгрүм иер – бір жүгірім жер, кеч – кеш, түш – түс, йай – көктем , тыдзын – уақытты білдіретін сөз, кібе – сәт, қысқа мерзім, кече – кешқұрым, кеш, қары – бөз өлшейтін өлшем, кез, маңығ – адым, иалңұс – жалғыз, үгүм – буда, уыс, иұдрұқ- жұдырық, бір ақым сув- бір ағым су, батман – батпан, бұрхан – пұт, бір қарыш – бір қарыс, былдұр – былтыр (өткен жыл),.т.б. Сахараның ұлы ғалымы, біртуар ойшылы, тіл зергері Махмұт Қашқари «Түрік тілдерінің жинағын» барлық түрік текті ұлыс, тайпаларды жинап, зерттеп, талдап барып жазған. Күллі түрік тілдерінің әдебиеті мен тілін салыстырмалы түрде зерделеп түзіп шыққан алғашқы энциклопедиялық кітаптан келтіріп отырған жоғарыдағы мысалдарымыз тіл ғылымындағы сабақтастықты паш ететіндей.

«Бабырнама» - Орта Азия халықтарының орта ғасырдағы тіршілігінен жан-жақты мәлімет береді. Өлшемдік мәндегі сөздер мол кездеседі, жинақтан нақты мысалдар келтіретін болсақ, өте жиі кездесетін атау – йиғаш - шамамен 6 км қашықтықты мезгейтін өлшем. Қари – жетпіс сантиметрге жуық ұзындық өлшемі (аршын), шери – екі километрге жуық қашықтық өлшемі [79, 14]. Түрлі өлшемдік мәнді аңғартатын сөздердің жинақта жиі кездесетін түрлері: құтпан намазы, рамазан айында, бесін намазда, жарты күндік жол, Тараз жұлдызы, ертең, он мың алты жүз қадам, екі құрықтай жер, қари, жеті йиғаш жол, Раджаба айы, қалыңдығы төрт елі, қас қағым сәтте, мұхаррама айы, таңертең, намаздыгер мен намазшам арасында, ат төбеліндей топ, ақшам намаз кезі, садақ атым таянғанда, жебе тартым жер, жеті-сегіз аттам, табан астында, сүт қайнатым уақыт, көз көрім жер, раби айы, садақ тартым жер, саусақтың жуандығындай үйеңкі шыбығы, шөміш жұлдызы, күн найза бойы көтерілгенде, бес елі, т.б.

«Метрология – өлшеу туралы, өлшеудің бірлігі мен қажетті дәлдікке жету тәсілдері туралы ғылым. С.И.Ожегов сөздігінде: «Метрология, и, ж. Наука о мерах и весах» [80, 309]. Метрологияның негізгі мәселелеріне: өлшеудің жалпы теориясы, физикалық шамалардың және оның жүйелерінің бірліктерін ұйымдастыру, өлшеудің әдістері мен құралдары, өлшеудің дәлдігін анықтау әдістері, өлшеу бірлігін және өлшеу құралдарының метрологиялық жарамдылығын қамтамасыз ету, эталондар мен өлшеу құралдарының үлгілерін жасау, эталонды бірлік өлшемдерін тарату әдістері жатады» [81, 495].

Л.А.Молчанова: «У славянских и неславянских народов широко известны две меры, связанные с пальцем: одна определяется шириной пальца руки, чаще всего большого при его основании, другая длиной. Узнать, о какой именно мере идет речь, можно только по контексту или общему содержанию разговора, так как у восточнославянских народов обе меры называются одним термином – «палец» или «перст». Длина пальца чаще всего употребляется в метофорических сравнениях» [82, 18], - деп пікір білдірсе, осы мәселеге қатысты Н.К.Дмитриев былайша ой өрбіткен: «Где зависимое имя существительное определяет стержневое слово, характеризует его количественно, а не качественно. Такие существительные в тюркологической литературе называются нумеративными словами» [83, 92].

Осы орайда мынадай түйін жасауға болады: ата-бабаларымыз өз тіршілік-тұрмысында ертеден кәсіптік ерекшеліктеріне, атқаратын әрекеттерінің түрлеріне сай өлшемдік ұғымдағы сөздерді, тіркестерді мол қолданған. Бастапқыда қарадүрсін, тым қарапайым көріністе сипат алғанмен, біртіндеп өз арнасын кеңейтіп, күрделене түскен, сөздік қорды молайтуға септігін тигізетін өлшемдік жүйелердің енуіне түрткі болған. Заттардың, құбылыстардың сыр-сипатын, түрлі ерекшеліктерін бір-бірімен салыстыра қарастыруда да бұндай мағыналы сөздердің септігі ерекше болды.

«Между числительным количественным и именем существительным могут вставляться специальные пояснительные слова (нумератив) [84, 90]. Нумеративтерге қатысты тағы бір пікірге ден қойсақ: «Бір санымен тіркесіп келетін заттың, нәрсенің мөлшерінің, арасының аз, жақын екенін білдіретін тіркестер қазақ тілінде бірталай. Мысалы: бір аттам, бір жапырақ, бір киер, бір буда, бір қауым, бір тал, бір аяқ ас, бір тай мата, бір тұтам, бір соғым, бір үзім, бір шөкім, т.б. Бұлардың көпшілігі аз, кішкентай мағынасында жұмсалғанымен, олар синонимдік қатар құра алмайды» [85]. Ә.Байбатша қазақтарда аспан денелерін бақылап, жұлдыз жорамалдарын жасау білімі сақ тайпалары заманынан бері келе жатқандығын, осы білімнің негізінде қазірге дейін қолданып келе жатқан уақыт өлшемдеу, жыл санау қалыптасқандығын тілге тиек етеді [86, 117]. Астрономиялық байырғы түсініктері бойынша көшпелілер бір жыл екіге бөлінеді, деп есептеген. Алты ай жаз бен алты ай қыс – бір жылды осылайша екіге бөлу дүниежүзі халықтарының көпшілігінде сақталған. Есепшілер Үркер төмен түсіп, Таразы туғанға дейінгі аралықты жаз айларына, ал Сүмбіле туып, Үркер көкке көтерілген шақты қыс айларына жатқызады [87, 53]. Бабаларымыз көбінесе «Шолпан» мен «Есекқырған» жұлдыздарының көк әлеміне жарқырап шығуына қарап уақытты дәл нақтылаған.

Ойымызды жинақтайтын болсақ, метрологиялық лексика – әр этностың бағалы рухани қазынасы, өлшеу жүйесі. Халықтық өлшемдерге назар аудара отырып, ата-бабаларымыздың ой ұшқырлығына, озық ойларына қайран қалмасқа шара жоқ. Жұлдызшылардың жыл мезгілдерін, мал төлдету, бие байлау, күзем алу, жайлау, күзеуге, қыстауға көшу мезгілдерін жариялап отыруы да әр іске тиянақтылықпен назар аударғандықтарын аңғартады. Күні бүгінге дейін жұлдыз-жорамалшыларымыз өз қызметтері арқылы халық игілігіне қызмет жасауда, әсіресе ауа райын болжау мен алдын-ала апаттарды ескертуде болжамдары көпшілік көңілінен шығып жүрген жұлдызшы Қожамсейітті, жұлдыздармен сырлас Глобаларды осы топқа енгізуге болады. Табиғаттың сыры терең, құпиясы шексіз. Адам баласы соның небір тылсымдарына бойлап, ғажайыптарына үңілуден бір сәт те айныған емес.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет